Байланыс формасы

Атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды ұрлау, оларды заңсыз алып жүру, ұстау, жасау немесе өткізу, атыс қаруларын ұқыпсыз ұстау туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1995 жылғы 21 шілдедегі N 4 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "253", "251", "252", "254", "255" деген цифрлар тиісінше "289", "287", "288", "290", "291" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "қылмыстардың", "қылмыстың", "қылмыстарды", "қылмыс" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылықтардың", "қылмыстық құқық бұзушылықтың", "қылмыстық құқық бұзушылықтарды", "қылмыстық құқық бұзушылық" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару жарақты немесе жарылғыш заттарды ұрлау, оларды заңсыз алу, алып жүру, сақтау жасау немесе өткiзу, атыс қаруларын ұқыпсыз сақтау туралы iстер жөнiндегi сот тәжiрибесiн талқылап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы санаттағы iстердi негiзiнен дұрыс шешетiндiгiн атап көрсетедi.

      Осылармен қатар соттар бұл қылмыстық құқық бұзушылықтардың барынша қауiптi санатқа жататынын, қоғамдық қауiпсiздiкке, ең алдымен құқығы мен мүддесi заңмен қорғалатын азаматтардың өмiрiне, денсаулығына айтарлықтай қауiп төндiретінін, ал өмiрге қауiп төндiретiн заттарды қылмыстық мақсатта пайдалану ауыр зардаптарға әкеп соқтыратынын әр кезде тиiстi деңгейде ескере бермейдi.

      Осы санаттағы iстер бойынша бiрыңғай сот практикасын орнықтыру мақсатында Жоғарғы Соттың жалпы отырысы

      Қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      1. Атыс қаруларын, оқ-дәрiлердi, қару-жарақтарды және жарылғыш заттарды ұрлауға, оларды заңсыз алуға, алып жүруге, сақтауға және өткiзуге қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың қоғам қауiпсiздiгiне айтарлықтай қауіп төндiретінін ескере отырып, соттар қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында сот талқылауының деңгейiн көтеруi, жазалану сөзсiздігінде атылғыш қаруды және оқ-дәрiлердi, қару-жарақты және жарылғыш заттарды қолға түсiрудiң көздерiн анықтауда, оларды тиiсінше күзету мен өндiрiсте жасаудың деректерiн және осындай қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуына жағдай тудыратын басқа себептер мен жағдайларды анықтап жоюда заңда белгiленген ықпалды шараларды қолдануы тиiс.

      Соттар қызмет бабымен сенiп тапсырылған лауазымды адамдардың атыс қаруларын сақтауға немқұрайды қарауының, атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты және жарылғыш заттарды күзетсiз немесе орындардың қажеттi жабдықсыз қалдырылуының, оларды беру, тасымалдау есебi тәртiбiнiң бұзылуының, оларды дұрыс пайдаланбау мен қолданбаудың әрбiр дерегiне жеке қаулылармен принциптi түрде құлақ асып, әрбiр нақты жәйт бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың болуына әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен жағдай тудырған лауазымды адамдарды жауапқа тарту жөніндегi мәселенi талқылау қажет.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 289-бабында, 287, 288, 290, 291-баптарының тиісті бөліктерінде көрсетiлген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған адамның кiнәсi туралы мәселенi шешкен кезде кiнәлi адамнан алынған осы немесе басқа заттарды ұрлағаны, алып жүргенi, сақтағаны, алғаны, жасағаны, өткiзгенi және ұқыпсыз сақтағаны үшiн аталған баптар бойынша жауаптылық белгiленген атыс қаруына, оқ-дәрiлерге, қару-жараққа және жарылғыш заттарға жататынын анықтап алу қажет.

      Әртүрлi нысаналар мен нысандарды талқандауға, бүлдiруге немесе жойып жіберуге арналатыны, сондай-ақ оларды жасаудың, алудың, пайдаланудың және сақтаудың ерекше тәртiбi бұл заттардың айрықша белгiлерi болып табылады.

      Мұндайда атыс қаруларын, оқ-дәрінің, қару-жарақтың және жарылғыш заттардың заводта шығарылатынын да, қолдан жасалатынын да ескеру қажет.

      Аңшы мылтығынан шолақ мылтық жасап, оны көздеген мақсатқа соғыстық атыс қаруларын сапасына қарай бейiмдеп алу, сондай-ақ оларды алу, алып жүру, сақтау, өткiзу немесе ұрлау ҚК-нің 287, 288, 291-баптарының тиісті бөліктерінде көрсетiлген қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамы түзiледi.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. ҚК-нің 289-бабын, 287, 288, 290, 291-баптарының тиісті бөліктерін қолдануға жататын атылғыш қарудың түрлерiне: автоматтар, карабиндер, винтовкалар, пистолеттер, пулеметтер және тірі немесе басқа нысананы жоюға сындарлы түрде арналған басқа да құрылғылар мен заттар, сондай-ақ спорттық, оның iшінде олар іс жүзінде қандай мақсатқа қолданылатынына қарамастан, ату үшін оқ-дәрінің немесе өзге де зарядтың қуатын пайдаланатын ұсақ калибрлi, ойықты аңшы мылтықтары да жатады деп ұғынған жөн.

      Соғыс зымырандарының атылатын бөлiктерi, бомбалар, миналар, реактивтi снарядтар, артиллериялық, минометтiк және гранат лақтырғыштық оқ ату, қол және реактивтi гранаттар және олардың өртегіштерi, атылатын қару патрондары, жарылғыш пакеттер, детонаторлар, дабыл, жарық беретiн, имитациялық құралдар, басқа да бұйымдар, жарылғыш затпен оқталған және атылатын қарудан атуға арналған және жарылғыш заттармен жарақтандырылған, жинастырылған жарылғыш құралғылар оқ-дәрілер болып табылады.

      Соттардың ату үшін қолдануға арналмаған пневматикалық мылтықтардың, белгi беру, старттық, құрылыс, газ пистолеттерiнiң, ракетницалардың, жарылғыш заттар мен имитациялық-пиротехникалық қоспалардың, жарық бергiш құралдардың ҚК-нің 289-бабында, 287, 288, 290, 291-баптарының тиісті бөліктерінде көрсетiлгеніндей, оларды заңсыз сақтағаны, ұрлағаны, алғаны, жасағаны немесе өткiзгенi үшін жауапкершілік белгiленген атылғыш қаруға, оқ-дәрiге, жарылғыш заттарға жатпайтынын ескергенi жөн.

      Заңның мәнi бойынша ҚК-нің 287-бабының тиісті бөліктерінде көрсетiлгеніндей, тегiс оқпанды аңшы қаруына арналған оқ-дәрiнi алып жүру, сақтау, сатып алып, жасау немесе өткiзу қылмыстық құқық бұзушылық құрамын түзбейдi.

      Оқ-дәрiлердi, тротилдi, нитроглицериндi, пироксилиндi, аммоналды, жарылатын басқа да химиялық заттарды және жарылғыштық қасиетке ие олардың алуға және сақтауға арнайы рұқсат талап етiлетiн қоспаларын - жарылғыш заттар деп бiлген жөн.

      Қару-жараққа нысананы құртатын штатты құралдары бар, миналандыратын және минасыздандыратын және оларды тiкелей мақсатқа қолдануды қамтамасыз ететiн, жерге, теңiзге, өзенге орналастырылған соғыс техникасы жатады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 5, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Соттар ҚК-нің 287, 291-баптарының тиісті бөліктері бойынша жауапкершiлiктiң пайдалануға жарамды қаруды, оқ-дәрiнi, қару-жарақты, жарылғыш заттарды ұрлағанда, алып жүргенде, сақтағанда, алғанда немесе өткiзгенде, сондай-ақ жарамсыз немесе үйрену қаруын жарамды жағдайда жеткiзетiн мүмкiндiгi болғанда туындайтынын еске алғаны жөн.

      Егер айыпты пайдалануға жарамсыз атыс қаруларын немесе оқ-дәріні, қару-жарақты, жарылғыш заттарды ұрлап, оның сапасына орай қателесiп, жарамды деп тапса онда бұл әрекеттi осы заттарды ұрлауға әрекет жасады деп саралау қажет.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 Нормативтік қаулысымен.

      5. Атыс қаруларын немесе оқ-дәрiлердi, қару-жарақты қолға түсiру мақсатымен өз мақсатында қолданылатын атыс қаруы немесе оқ-дәрi, қару-жарақ, жарылғыш заттар үшiн жиыстырып алуға жарамды олардың құрамдас бөлiктерi мен бөлшектерi ұрланған жағдайда, әрекет ҚК-нің 291-бабының тиісті бөліктері аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық ретiнде сараланады. Мұндайда қосымша қажеттi жарақсыз және жұмыссыз-ақ атуға болатын (мысалы, шаппалы-шүрiппелi механизмi бар мылтық ұңғысы) жиынтықты бөлшектердiң жеткiлiктi комплектiсiн, ал оларды тiкелей мақсатқа пайдалануға мүмкiндiк беретiн жиынтықты оқ-дәрiлер мен жарылғыш заттардың жеткiлiктi құрамдас бөлiгi деп түсiну керек.

      Қаруды атуға жарамды етiп құрастырып алу үшiн атыс қаруларын құрамдас кейбiр бөлiктерi мен бөлшектерiн ұрлауды және жетiспейтiн басқа бөлшектерiн жасауды, бөтеннiң мүлкiн ұрлаудың және қаруды заңсыз жасаудың жиынтығы деп саралау қажет.

      Айыптының атылғыш қаруды жасауға, пайдалануға деген ниетiн айғақтайтын мәлiметтер жоқ болса, жекелеген бөлшектердi сақтауы қылмыстық құқық бұзушылық құрамын түзбейдi.

      Жарылғыш заттарды түзетiн оқ-дәрiлердің құрамдас бөлiктерi мен бөлшектерiн ұрлауды (өртегiштер, детонаторлар, жарғыштар, жарғышы жоқ гранаталар және т.б.) жарылғыш заттарды толық ұрлаған ретiнде ҚК-нің 291-бабының тиісті бөліктері бойынша саралау керек.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 нормативтік қаулысымен; орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Қылмыстық жауапкершiлiкке соқтыратын қаруды, оқ-дәрiнi, қару- жарақты немесе жарылғыш заттарды жасау деп оларды жасауды немесе талқандау қасиетiн қайта қалпына келтiрудi, сондай-ақ нәтижесiнде атыс қаруы қасиетiне ие болатын қандай да бiр затты (мысалы, ракетницаны, старт және құрылыс пистолеттерiн, тұрмыстық мақсаттағы заттарды) қайта жасауды түсiну керек.

      7. Айыптының ұрлаған, заңсыз алып жүрген, сақтаған, сатып алған немесе жасаған, өткiзген атыс қаруына, оқ-дәріге, қару-жараққа немесе жарылғыш заттары бар бұйымдарға жататындығы жөнiндегi мәселенi шешу үшiн арнайы тану керек болса, сарапшы қорытындысын алу қажет.

      8. Заңсыз қолға түсiрiп, кез-келген тәсiлмен айыптының ұрланған заттарды сiңiргiсi немесе басқа адамға бергiсi келсе, яғни өз бiлгенi бойынша иеленгiсi келсе, атыс қаруын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды ұрлау деп түсiну керек.

      Егер адам атыс қаруын ұрладым деп ұғынбай, бөтеннің мүлкін ұрласа (мысалы, атыс қаруы сақталған сейфті ұрлау), онда адам одан әрі иелену, пайдалану мақсатында қаруды өзінде қалдырған жағдайда, оның әрекеті атыс қаруын ұрлау болып сараланады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Мемлекеттiк мекемелерден немесе қоғамдық, кооперативтiк- коммерциялық ұйымдардан, сол сияқты заңды және заңсыз иеленген жеке адамдардан атыс қаруын, оқ-дәрi, қару-жарақ немесе жарылғыш заттар ұрлаған жағдайда, ҚК-нің 291-бабының тиісті бөліктері бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 Нормативтік қаулысымен.

      10. Бұрын басқа мүлiк ұрлаған болса, ҚК-тiң 291-бабының үшінші бөлігінің 2-тармағында көрсетiлгендей, бірнеше мәрте жасалу белгiсiн түзбейдi.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 5, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      11. Күзетуге сенiп тапсырылған атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды ұрлаудың саралану белгiсi ретiнде оларды қоймадан немесе сақтауда тұрған жерден тек қорғау-күзету мiндетiн атқарушының ғана емес, сондай-ақ қызмет бабымен қарауына берiлген материалдық жауапты лауазымды адамның да ұрлауын түсiну керек.

      Күзетiп тұрған объектiден өзiне күзетуге сенiп тапсырылған атыс қаруы, оқ-дәрi, қару-жарақ немесе жарылғыш заттарды, әскери қарауыл құрамындағы адамдар ұрласа, бұл адамдардың әрекетi қарауыл қызметiнiң жарғылық ережесін бұзушы, сөйтiп зиянды зардаптарға соқтырушы ретiнде ҚК-нің 290-бабының бірінші бөлігімен қоса, ҚК-нің 446-бабының бірінші бөлігі бойынша сараланады.

      Қызмет бабын пайдаланып атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты, немесе жарылғыш заттарды ұрлаудың саралану белгiсi ретiнде осы бұйымдарға бақылау, қадағалау, есебiн тексеру, сақтау, пайдалану және жұмсау билiгi өкілеттігі берiлген лауазымды адамдардың ұрлауын түсiну керек.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      12. Айыптының шабуыл жасап атылғыш қаруды, оқ-дәріні, қару-жарақты, немесе жарылғыш заттарды ұрлау әрекетiн оны қолға түсiру үшін шабуыл жасаған сәтiнен бастап аяқталды деп есептеу керек.

      13. (Ескерту. 13-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 Нормативтік қаулысымен).

      14. Заңсыз алып жүрген, сақтаған, қолда ұсталған, жасалған немесе өткiзiлген атылғыш қарудың, оқ-дәрінің, қару-жарақтың және жарылғыш заттардың дара қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайтынын ескере отырып, аталған заттарды ұрлау және оларды одан әрі алып жүру, сақтау, қолда ұстау, жасау және өткiзу ҚК-нің 287, 291-бабының тиісті бөліктерінде көрсетiлген қылмыстар жиынтығы ретiнде түзiледi.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 Нормативтік қаулысымен.

      15. Басқа қылмыстық құқық бұзушылық жасау мақсатымен атыс қаруын, оқ-дәрiнi, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды ұрлау, сондай-ақ оларды алып жүру, сақтау, алу және әзiрлеу әрекетi екiншi бiр қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға оқталу және атыс қаруын, оқ-дәрiнi, қару-жарақты аяқталған ұрлау және жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, сақтау, алу немесе әзiрлену ретiнде саралануы тиiс.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Айыптының қолындағы заңсыз атылғыш қару ұқыпсыз сақталса, егер оның өзі басқа бiреудiң пайдалануымен адам өліміне немесе ауыр зардаптарға соқтырса, ол ҚК-нің 287-бабының бірінші бөлігіне жатады және оны ҚК-нің 289-бабы бойынша қосымша саралаудың қажеті жоқ.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      17. Әрекеттiң қоғамға қауіптiлiгi дәрежесiне баға бергенде және жаза шараларын анықтағанда, айыптының әрекетiнiң мақсаты мен себептерiн, ұрланған атыс қаруы, оқ-дәрiнің, қару-жарақ пен жарылғыш заттардың алынған жерiн, қолға түсiрудiң тәсiлдерiн, түрiн, санын, атылу қасиетi мен құнын ескеру қажет.

      Атыс қаруы, оқ-дәрі, қару-жарақ немесе жарылғыш заттарды төтенше жағдай, төтенше ахуал, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрлағаны үшiн жаза тағайындағанда, соттар ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 11-тармағына сәйкес аталған жағдайларға жауапкершіліктi ауырлататын мән-жайлар деп қарауға тиiс.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5; 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      18. Бұл санаттағы iстердi қарағанда сот айыптының мүлiктердi қылмыстық жолмен тапқан қаржыға сатып алынған ба, анықтап, үкiмде оны көрсетуi керек.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 5 Нормативтік қаулысымен.

      19. Осы санаттағы істер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құралы және заттай дәлелдемелер деп танылған автомобильдер, мотоциклдер және өзге де көлік құралдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 118-бабы үшінші бөлігінің 1-тармағының талаптарына сәйкес тәркіленуге жатады немесе тиісті мекемелердегі белгілі бір адамдарға беріледі немесе жойылады.

      Заңсыз сатылып алынған, ұрланған, басқа адамдардың меншігіне берілген атыс қаруы, оқ-дәрілер, қару-жарақ пен жарылғыш заттар ҚК-нің 48-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес тәркілеуге жатады. Қалған жағдайларда олар заттай дәлелдемелер ретінде олардың жарамдылығын және құндылығын анықтау кезінде қайтадан пайдалану мәселесін шешу үшін не жою үшін ішкі істер органдарының мамандандырылған құрылымдарына беріледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      20. Осы қаулының қабылдануына байланысты СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1974-жылғы 20-қыркүйектегi "Атыс қаруларын, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды ұрлау, қаруды, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, сақтау, алу, жасау немесе өткiзу және атыс қаруын ұқыпсыз сақтау iстерi жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 7 Қаулысы, Пленумның 1991-жылғы 29-наурыздағы СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1974-жылғы 20-қыркүйектегi "Атыс қаруларын, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды ұрлау, қаруды, оқ-дәріні немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, сақтау, алу, жасау немесе өткiзу және атыс қаруын ұқыпсыз сақтау iстерi жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" N 2 Қаулысы енгiзген өзгертулермен және толықтыруларымен қоса күшiн жойды деп танылсын.

      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 21-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады