Iшкi iстер органдарының учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық тәртiптi сақтаудағы және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi рөлін арттыру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 24 желтоқсан N 1598

       Ескерту. Барлық мәтін бойынша "учаскелiк уәкiлi", "учаскелiк уәкiлдерiн", "учаскелік уәкiлдерiнiң", "учаскелiк уәкiлдердiң", "учаскелiк уәкiлiн" деген сөздер тиiсiнше "учаскелiк полиция инспекторы", "учаскелiк полиция инспекторларын", "учаскелік полиция инспекторларының", "учаскелiк полиция инспекторларының", "учаскелiк полиция инспекторын" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2005.08.10. N  826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан  қараңыз) қаулысымен.

      Республика аумағында қоғамдық тәртiптi одан әрi нығайту, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мен профилактикасы жөнiндегi жұмыстарды жақсарту, iшкi iстер органдарының учаскелік полиция инспекторларының мәртебесiн нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi: 
      1. <*>
       Ескерту. 1-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2005.08.10. N  826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан  қараңыз) қаулысымен.
 

      2. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi учаскелiк полиция инспекторларын оларға бекітіліп берілген әкiмшiлiк учаскелердегi олардың негiзгi қызметiмен байланысты емес мiндеттердi орындау үшiн тартуға жол бермесiн.
       Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.08.10. N  826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан  қараңыз) қаулысымен.
      3. <*>
       Ескерту. 3-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2005.08.10. N  826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан  қараңыз) қаулысымен.
 

      4. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерiне заңнамалық кесiмдерде белгiленген тәртіппен жергілiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен:
 

      1) мынадай есеппен айқындалған учаскелiк полиция инспекторларының штат санын ұстауға және материалдық-техникалық жарақтандыруға арналған шығыстарды қаржыландыруды көздеу:
      қалаларда:
      учаскелiк полиция инспекторы тұрғындар саны үш мыңнан аспайтын аумаққа бекiтiледi;
      учаскелiк полиция пунктiнiң жұмысын ұйымдастыру үшiн жауапты учаскелiк полиция инспекторы тұрғындар саны бiр мыңнан аспайтын аумаққа бекiтiледi;
      ауылдық жерде - учаскелiк полиция инспекторы тұрғындар саны екi мыңнан аспайтын аумаққа бекiтiледi;
 

      2) учаскелiк полиция инспекторларын автокөлiкпен және оларды мынадай есеппен пайдалану үшiн жағдай жасауды:
      қалаларда және аудан орталықтарында - әрбiр учаскелiк полиция пунктiн кемiнде бiр бiрлiк автокөлiкпен;
      ауылдық жерде - әрбiр учаскелiк полиция инспекторын бiр бiрлiк автокөлiкпен қамтамасыз ету ұсынылсын.
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.08.10. N  826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан  қараңыз) қаулысымен.
 

        5. "Милицияның учаскелiк инспекторларының жұмысын жетiлдiру, олардың материалдық жағдайын жақсарту жөнiндегi шаралар туралы" СССР Министрлер Советiнiң 1987 жылғы 3 ақпандағы N 136 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1987 жылғы 2 наурыздағы N 88 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi 

Қазақстан Республикасы       
Үкiметiнiң              
1996 жылғы 24 желтоқсандағы      
N 1598 қаулысына сәйкес        
БЕКIТIЛГЕН                

  Қазақстан Республикасы iшкi iстерiнiң учаскелiк
уәкiлеттi органдары туралы
ЕРЕЖЕ 

  1. Жалпы ережелер

       1. Осы Ереже iшкi iстердiң учаскелiк полиция инспекторларының (аға учаскелiк полиция инспекторларының) мiндеттерiн, жұмысын ұйымдастырудағы негiзгi бағыттарын, мiндеттерi мен құқықтарын айқындайды (бұдан әрi - учаскелiк полиция инспекторы). 
 

      2. Учаскелiк полиция инспекторы өзi қызмет көрсететiн учаскедегi аудандық, қалалық, қаладағы аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң негiзгi уәкiлi болып табылады. 
 

      3. Учаскелiк полиция инспекторының мiндеттерi мыналар болып табылады: 
      қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу; 
 

      заңмен белгiленген құзыретi шегiнде, анықтауды және әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыру; 
 

      берiлген өкiлеттiктер шегiнде қылмыстарды ашуға қатысу; 
 

      өзiне бекiтiлген әкiмшiлiк учаскелерде қоғамдық тәртiп сақтауда патрульдiк нарядқа көмек көрсету; 
 

      заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүддесiн қорғауға жәрдемдесу. 
 

      Учаскелiк полиция инспекторларын осы Ережеде көзделмеген және өздерiне бекiтiлген әкiмшiлiк учаскелерге байланысы жоқ тапсырмалар орындауға тартуға тыйым салынады. 
 

      4. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы", "Қазақ ССР-i Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары туралы кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Жарлықтары, осы Ереже, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтi актiлерi учаскелiк полиция инспекторы қызметiнiң құқықтық негiзiн құрайды. 
 

      5. Учаскелiк полиция инспекторларының қызметi басқа мемлекеттiк органдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, еңбек ұжымдарымен және халықпен заңдылық, жариялылық, өзара iс-қимыл жасау принциптерiне құрылады. 
 

      6. Учаскелiк полиция инспекторларының штаттық саны олар қызмет көрсететiн учаске тұрғындарының санын және тиiстi жылға мемлекеттiк бюджетте көрсетiлген жергiлiктi құқық қорғау органдарын ұстауға арналған шығындарды есепке ала отырып: 
 

      қалаларда - бiр учаскелiк полиция инспекторына үш мың тұрғыннан артық емес; 
 

      селолық жерлерде - екi мың тұрғыннан артық емес есеппен белгiленедi. 
 

      7. Учаскелiк полиция инспекторларының қалалардағы әрбiр үш, селолық жерде екi лауазымға аға учаскелiк полиция инспекторының лауазымы енгiзiледi, бұл тиiстi жылға мемлекеттiк бюджетте көзделген жергiлiктi құқық қорғау органдарын ұстауға арналған жалпы саны мен шығынның шегiнде болады, аға учаскелiк полиция инспекторы қызметiнде учаскелiк полиция инспекторлары тобын басқара алатын, әдетте, жоғары заң бiлiмi мен жеткiлiктi жұмыс тәжiрибесi бар адам бола алады. 
      Аға учаскелiк полиция инспекторына бiр мың адамнан артық емес тұрғыны бар учаске бекiтiледi. 
      Аға учаскелiк полиция инспекторы өзiне бекiтiлген учаскеге қызмет көрсетумен бiрге учаскелiк полиция инспекторларының жүктелген мiндеттерiн орындау жөнiнде жұмыстарын ұйымдастырады, олардың басқа құқық қорғау органдары қызметкерлерiмен өзара iс-қимылын үйлестiредi, сондай-ақ олардың өзi басқаратын учаскелiк полиция инспекторлары тобы қызмет көрсететiн аумақта кешендi жедел-iздестiру шараларын жүргiзуге қатысуын қамтамасыз етедi. 
 

      8. Учаскелiк полиция инспекторын лауазымға тағайындау және одан босату облыстық, қалалық iшкi iстер басқармасы бастығының бұйрығымен аудандық, қалалық iшкi iстер органдары басшыларының ұсынысы бойынша жүзеге асырылады. Учаскелiк полиция инспекторларының лауазымына жоғары немесе арнаулы орта заң бiлiмi бар қызметкер бола алады. 
 

      9. Учаскелiк полиция инспекторы қызмет уақытында белгiленген нысанды киiмдi киюге мiндеттi. Арнаулы тапсырмаларды орындау кезiнде ол тiкелей өз бастығының рұқсатымен, жай азаматтық киiмде жүре алады. 
 

      10. Учаскелiк полиция инспекторының жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасы IIМ органдарында қызмет өткеру туралы ережесiне сәйкес белгiленедi. Учаскелiк полиция инспекторының қызмет көрсететiн аумақтағы оперативтi жағдайға байланысты, қызмет уақытының негiзгi бөлiгiн учаскеде өткiзiп, тiкелей өзiне жүктелген мiндеттердi орындаумен шұғылдануын ескере отырып, оның жұмыс режимiн тиiстi iшкi iстер органының бастығы айқындайды. 
 

      11. Учаскелiк полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру тиiстi iшкi iстер органдарының бастығына, оның әкiмшiлiк қызмет жөнiндегi орынбасарына, учаскелiк полиция инспекторларына басшылық жасау жөнiндегi бөлiмше басшыларына жүктеледi. Учаскелiк полиция инспекторлары қызметiн ұйымдастыру-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң, Алматы қалалық iшкi iстер бас басқармасының және облыстардың Iшкi iстер басқармаларының тиiстi бөлiмшелерi жүзеге асырады. 
 

      12. Учаскелiк полиция инспекторы өзiне жүктелген мiндеттер мен өзiнiң құзыреттi шегiнде: 
 

      қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар жасауы мүмкiн адамдарды анықтауға және оларға қатысты алдын алу жұмысын жүзеге асыруға; 
 

      алдын алу ықпалына жататын адамдарға картотекалық есеп жүргiзуге; 
 

      қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу, олардың жасалу себептерi мен жағдайларын айқындауға; 
 

      iшкi iстердiң тиiстi органының және кезекшiге учаскедегi оперативтiк жағдайдың өзгеруi туралы баяндауға; қоғамдық тәртiп сақтауға қатысушы күштер мен құралдарды мейлiнше мақсатқа сай дұрыс орналастыру мен пайдалану туралы ұсыныстар енгiзуге; 
 

      заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың жасалу жағдайлары мен себептерiн жоюға бағытталған нұсқаулар мен ұсыныстар жасауға; 
 

      берiлген өкiлеттiктер шегiнде жедел-iздестiру шараларын жүзеге асыру, қылмыс жасап, тергеуден және соттан жасырынған адамдарды, сондай-ақ белгiленген тәртiппен iздестiрiлетiн басқа да адамдарды iздеуде жәрдем көрсетуге; 
 

      берiлген өкiлеттiктер шегiнде алдын ала тексерудi жүзеге асыруға; 
 

      берiлген өкiлеттiктер шегiнде әкiмшiлiк хаттамалар жасауға және әкiмшiлiк шаралар қолдануға; 
 

      азаматтардың, лауазымды адамдардың, меншiк нысанына қарамастан ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтар мен заңды мүдделерiн қорғауға көмек көрсетуге мiндеттi. 
 

      13. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар "Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдары туралы", "Қазақ ССР-i әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары туралы кодексiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi" Жарлықтарында белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес, учаскелiк полиция инспекторларына жүктелген мiндеттердi нәтижелi жүзеге асыру мақсатында оларға мынадай құқықтар берiледi: 
 

      1) азаматтар мен лауазымды адамдардан қоғамдық тәртiптi сақтауды, iшкi iстер органдарының өкiлеттiгiн жүзеге асыруға кедергi келтiретiн құқық бұзушылықтар мен iс-әрекеттердi тоқтатуды талап ету; осы талаптарды орындамаған жағдайда тиiстi мәжбүрлiк шараларын қабылдау, арнайы құралдарды және атыс қаруына дейiн қолдану; 
 

      2) құқық бұзғандығына негiзгi күдiк бар кезде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ iшкi iстер органдарының жүктелген ережелерiнiң бақылаудың сақталуына тексеру үшiн қажеттi басқа да құжаттарды тексеру; 
 

      3) құқыққа қарсы жасалған немесе дайындалып жатқан кез келген қол сұғушылық, оның iшiнде қылмыстар жөнiндегi арыздар мен хабарлауларды өзiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде қабылдау және қарау, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және оларды жасаған немесе жасауға әрекеттенген адамдарды ұстау, қоғамға қауiптi зардаптарды болдырмау шараларын қолдану; 
 

      4) қылмыс iздерiн анықтау және бекiту жөнiндегi шұғыл тергеу жұмыстарын жүргiзу; 
 

      5) iшкi iстер органдарының құзыретiне жатқызылған құқық бұзушылықтар бойынша заңдармен берiлген өкiлеттiктер шегiнде әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыру; хаттамалар жасау, әкiмшiлiк шаралар қолдану, құқық бұзушыларды iшкi iстер органдарына және өздерiнiң қызметтiк үй-жайларына жеткiзу, әкiмшiлiк ұстау жүргiзу, адамдарды, заттарды, көлiк құралдарын тексеру, заттарды алып қою, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша басқа да шараларын қолдану; 
 

      6) Қазақстан Республикасының "Жедел iздестiру қызметi туралы" Заңына сәйкес, өз құзыретiнiң шегiнде жедел iздестiру шараларын жүзеге асыру. Заңда белгiленген шектерде және тәртiпте техникалық құралдарды, фото, кино, бейне, және дыбысты жазып алу құралдарын қолдану; 
 

      7) әкiмшiлiк қадағалаудағы адамдардың үйлерiне тәулiктiң кез келген мезгiлiнде болу, оларды тiркеуге алуды жүзеге асыру, олардың белгiленген шектеудiң және басқа да әкiмшiлiк қадағалау ережелерiн орындауларын бақылау; 
 

      8) қоғамдық орындарда адамдық ар-намыс пен қоғамдық парасатты қорлап, мас күйде жүргендердi немесе қоршаған ортаға немесе өзiне зиян келтiретiндердi, ал үйiнде болып және қоғамдық тәртiп бұзушыларды - олармен бiрге тұратын азаматтардың арызы бойынша iшкi iстер органдарының арнаулы медициналық мекемелерiне немесе кезекшi бөлiмдерiне жеткiзу; 
 

      9) заңда көзделген негiздер бар кезде қылмыстардың жолын кесу, қылмыс жасаған деп күдiктелетiн адамдардың iзiне түсу мақсатында, қоғамдық тәртiпке және азаматтардың жеке басының қауiпсiздiгіне қауiп төндiретiн табиғат зiлзалалары мен басқа да төтенше жағдайларда тәулiктiң кез келген мезгiлiнде азаматтардың тұрғын үйлерiн және оларға тиесiлi үй-жайларға, жер учаскелерiне, кәсiпорындар мен ұйымдардың (дипломатиялық өкiлдiктерден басқа) аумағына және үй-жайларына кiру, оларды тексеру, сондай-ақ жүргiзiлген шаралар аяқталғанша сонда болу; 
 

      10) өздерiне бекiтiлген әкiмшiлiк учаскелерде қоғамдық тәртiп сақтауды қамтамасыз ететiн патруль нарядтарының қызмет атқаруын қадағалау; 
 

      11) құқық бұзған әскери қызметкерлердi ұстау және оларды әскери коменданттарға, әскери бөлiм командирлерiне және әскери комиссарларға тапсыру; 
 

      12) жол ережелерi қауiпсiздiгiн және құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында, қажет болғанда көлiктердi тоқтатып оны жүргiзушiлердiң көлiктi пайдалану құқығы мен жүргiзу жөнiндегi құжаттарын, жолдамалары мен жүк тасымалдау жөнiндегi құжаттарын тексеру; заңда көзделген жағдайларда көлiктерге тексеру жүргiзу; заңда көзделген жағдайларда көлiктерге тексеру жүргiзу; мас күйiнде көлiк жүргiзетiндердi, көлiктi пайдалану және жүргiзу құқығы туралы құжаттары жоқ адамдарды көлiк жүргiзуден шеттету; қажет болғанда көлiктiң және көшелер мен жолдардағы жаяу адамдардың қозғалысын уақытша шектеу немесе оған тыйым салу; заңдарға сәйкес, көлiктердi ұстау және оларды уақытша сақтау үшiн арнаулы алаңдарға жеткiзу; 
 

      13) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес iшiмдiк, есiрткi және басқа да жүйке қоздырғыш заттарды пайдаланған адамдарға куәландыру жүргiзу немесе оларды куәландыруға медициналық мекемелерге жiберу немесе жеткiзiп тапсыру; 
 

      14) жекелеген учаскелер мен аумақтарға азаматтардың кiруiн уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, қоғамдық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ жедел-iздестiру шаралары мен тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу кезiнде адамдардың белгiлi бiр орындардан кетуiн мiндеттеу; 
 

      15) ұйымдардың әкiмшiлiгiнiң қатысуымен меншiк нысанына қарамастан атыс және газды қарулар, түрлi-түстi көбейту техникасы, оқ-дәрiлер, қопарғыш, қатты әсер етушi, улы және басқа нәрселердi, заттар мен материалдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тiзбе бойынша қарау, азаматтардың рұқсат жүйесiнiң ережелерiн сақтауын тексеру мақсатында олардағы қаруды, оқ-дәрiлер мен оның сақталу орындарын қарау; 
 

      16) қолдану ережесi бойынша сынақ тапсырғаннан кейiн табельдiк және газды қаруды, кiсендердi және басқа да арнаулы құралдарды сақтау және ұстау; 
 

      17) мыналарға қол қою және оларды жiберу: 
 

      а) қылмыстық iстер мен хаттамалық нысандағы материалдар бойынша өтетiн азаматтарды тексеру, сондай-ақ алдын алу жұмыстары жүргiзiлетiн адамдарға қатысты сотталғандығы немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағандығы жөнiнде мәлiметтер алу үшiн, тексеру жүргiзу жөнiнде құқық бұзушылардың жұмыс орнынан - азаматтардың арыздарын тексеруге, кәсiпорын, мекеме, ұйымдардың сұрауларын орындауға және алдын алу жұмысын жүргiзуге қажеттi мiнездемелерiн, анықтамаларын және басқа да құжаттарын алу туралы; наркологиялық, психоневрологиялық диспансерлерi және басқа да денсаулық сақтау органдарының мекемелерiнен - құқық бұзушылар мен профилактика жүргiзiлiп жатқан адамдардың медициналық есепке тұруды, маскүнемдiк немесе нашақорлық ауруларымен ауруы, емделуi жөнiнде; травматологиялық пункттер, сот-медициналық сараптау бюросы мен басқа медициналық мекемелерiнiң жәбiрленушiге салынған дене жарақаттарының дәрежесi туралы мәлiметтердi беру жөнiнде ақпарат орталықтарына сұрау салу; 
 

      б) әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған, алимент төлеуден жалтарушы азаматтардың, әскери комиссариатқа барудан жалтарушы әскерге шақырылған азаматтардың мекен-жайы жөнiнде кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдардың iздеу салуына берiлетiн жауаптар; 
 

      в) әкiмшiлiк қадағалау мен тәрбие жұмысын жүргiзу қажеттiгi жөнiнде қадағалауда тұрған адамның жұмыс орнына мәлiмдеу; 
 

      г) профилактикалық жұмыс жүргiзiлiп жатқан адамдар және олармен тәрбие жұмысын жүргiзу жөнiнде еңбек ұжымдары мен қоғамдық бiрлестiктерге ұсыныстар. 
 

      14. Учаскелiк полиция инспекторы "Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдары туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығында көзделген құқықтық және әлеуметтiк қорғау кепiлдiктерiн пайдаланады. 

  2. Уучаскелiк полиция инспекторларының әлеуметтiк
кепiлдiктерi, қаржылай және материалдық-техникалық 
қамтамасыз етiлуi 

       15. Учаскелiк полиция инспекторы Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi белгiлеген нормалар мен тәртiпте арнаулы құралдармен және табельдi қарумен қамтамасыз етiледi. 
 

      16. Құқық тәртiбiн қорғау мiндеттерiн атқару үшiн учаскелiк полиция инспекторы жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен кейiн ұстауы мен сатып алуына байланысты шығыстарын өтеумен қызмет итi сатып алынуы мүмкiн. 
 

      17. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкiмдерi жергiлiктi бюджеттiң немесе тартылған қаражаттың есебiнен учаскелiк полиция инспекторларын автокөлiкпен, ал қажет болғанда - жүк көлiгiмен қамтамасыз етуге мiндеттi, селолық жерде жұмыс iстейтiн учаскелiк полиция инспекторларының әрқайсысына - бiр көлiктен және қалалардағы аймақтық учаскелерге кем дегенде бiр көлiк бөлiнуi тиiс. 
 

      18. Қызмет автокөлiгiн сақтау үшiн учаскелiк полиция инспекторларына қалалардың, аудандардың әкiмдерi көлiк-жай немесе жабдықталған автотұрақтан орын бөледi. Қажет болған жағдайларда оған қызметтiк жануарларды ұстайтын үй-жай бөлiнедi. 
 

      19. Автокөлiктi жөндеу тәртiбiн, учаскелiк полиция инспекторларын оның босалқы бөлшектерiмен, жанар-жағармай өнiмдерiмен, сондай-ақ қызметтiк жануарлардың азығымен, оларды күтуге қажеттi заттармен қамтамасыз етудi жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар бекiтедi. 

  3. Учаскелiк полиция инспекторлары қызметiн
бағалау өлшемдерi 

       20. Учаскелiк полиция инспекторының қызметiн бағалаудағы басты өлшем - оған жүктелген мiндеттердi толық және сапалы орындау болып табылады. 
 

      Учаскелiк полиция инспекторының қызметiнiң нәтижелерi ең алдымен мыналарға жеке үлес қосуымен бағаланады: 
 

      есепке алынатын адамдарды анықтауды және оларға профилактикалық ықпал етудi толық қамтамасыз ету; 
 

      қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, анықтау және қылмысты ашу; 
 

      азаматтардың шағымдарын дер кезiнде және сапалы қарау; 
 

      қызметтiк тәртiптi және заңды жоғары дәрежеде ұстану. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады