Байланыс формасы

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының жергілiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету құнын уақыт бойынша есептеудi енгiзу туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнің қаулысы 2001 жылғы 9 шілде N 11/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, құрамында Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Ж.Д.Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов және В.Д.Шопин қатысқан өзiнiң ашық отырысында,
      өтiнiш субъектiсi - Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрайымы Д.Қ.Құрманованың;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Экономикалық реформа және аймақтық даму жөнiндегi комитеттiң мүшесi Ш.Ә.Оразалиновтың;
      Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрi К.К.Масимовтың;
      Қазақстан Республикасының Әдiлет вице-министрi А.Н.Котловтың;
      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы Б.М.Имашевтың;
      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Үкiметтiк байланысты қамтамасыз ету орталығының бөлiм бастығы А.З.Зейнуллиннiң;
      "Қазақтелеком" ААҚ-ның президентi А.А.Бектасовтың;
      Қазақстан Тұтынушыларының ұлттық лигасының өкімi Б.Т.Ахметжанованың қатысуымен,
      Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының жергілiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету құнын уақыт бойынша есептеудi енгiзудi көздейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымын қарады.
      Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар - Конституциялық Кеңестің мүшелерi А.К.Котов пен В.Д.Шопиннiң хабарын, отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны
 
                         АНЫҚТАДЫ:
 
      Конституциялық Кеңеске 2001 жылғы 18 маусымда Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету құнын уақыт бойынша есептеудi енгiзудi көздейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн конституциялық емес деп тану жөнiндегi ұсынымы келiп түстi.
      Соттың Конституциялық Кеңеске ұсыным жасауына азамат Р.Ж.Жамбырбаевтың осы нормативтiк құқықтық актiлердің жекелеген ережелерi тұрғылықты жерiне байланысты ешкiмдi ешқандай кемiтуге болмайды деген Конституцияның 14-бабы 2-тармағына, сондай-ақ, әркiм өзiнiң телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң құпиялылығы сақталуына құқығы бар, ал мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi деген Конституцияның 18-бабы 2 және 3-тармақтарына қайшы келедi деп есептеген талап арызы себеп болған.
      Сот, оның ұсынымын Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қарағанда:
      Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің "Байланыс қызметінің тарифтерi туралы" 1995 жылғы 23 мамырдағы N 732 қаулысының 3-тармағының;
      Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнің 1997 жылғы 27 мамырдағы N 465 және Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 81 бiрлескен бұйрығы бекiткен Жергілiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң, телеграф және пошта байланысының қызмет көрсету ережелерi 5.2-тармағының (бұдан әрi - Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерінің, телеграф және пошта байланысының қызмет көрсету ережелерi) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi туралы мәселенi шешiп берудi өтiнедi.
      Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының ұсынымын қарау кезiнде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны ескердi.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы Республика Үкiметiнің құзыретiн белгiлей келіп, өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша ол Негiзгi Заңның 69-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығаруын көздейдi. "Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы" Конституциялық заңның 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында оның Республика заңдарының орындалуын қамтамасыз етуiн, оларды министрлiктердің, басқа орталық және жергілiктi атқарушы органдардың орындауын бақылауын белгiлеген.
      Министрлер Кабинетiнің "Байланыс қызметiнің тарифтерi туралы" 1995 жылғы 23 мамырдағы N 732 қаулысы Қазақстан Республикасының Үкiметiне 84-бабында мемлекеттiк басқару мәселелерiн шешуге құзырет берген және 86-бабында оған елдің бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар актiлер шығаруға құқық берген 1993 жылғы Конституцияның негiзiнде және оны орындау мақсатында қабылданған болатын. Сот дауласып отырған 3-тармағы бөлiгiнде бұл қаулы қолданылып жүрген Конституцияның Республика Үкiметiнiң құзыретi туралы 66-бабының нормаларына сәйкес келедi. Қаулыны ол конституциялық нормаларға сәйкес және Республика Үкiметiнiң iс жүргiзу шегiнде қабылдаған. Заң белгiлеген тәртiппен оның күшi жойылмаған және қолданылып жүрген болып табылады.
      Министрлер Кабинетiнің N 732 қаулысында "Қазақтелекомға" "байланыс кәсіпорындарының техникалық құралдармен жарақталуына қарай жергiлiктi сөйлесулер құнын уақыт бойынша есептеудi енгiзудi жүзеге асыру" жүктелген.
      Министрлер Кабинетiнiң "Байланыс қызметiнің тарифтерi туралы" қаулысының 3-тармағы Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң 1997 жылғы 27 мамырдағы N 465 және Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 81 бiрлескен бұйрығы бекiткен Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету ережелерiнiң 5.2-тармағымен үндеседi.
      Ережелердің 5.2-тармағында жергiлiктi телекоммуникациялар желiсінің операторына "төлемақыны уақыт бойынша есепке алу аппаратураларының /АПУС/ негiзгi талаптарына сәйкес келетiн, метрологиялық қамтамасыз ету нормаларына жауап беретiн және мiндеттi мемлекеттiк тексеруге жататын жергiлiктi сөйлесулер ақысын уақыт бойынша есепке алу жүйесiн енгiзу" шартты құқығы берiлген.
      Үкiметтің N 732 қаулысының осы ережелерi мен Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету ережелерiн тұрғылықты жерiне байланысты ешкiмдi кемсiтуге болмайтыны туралы бөлiгiндегi Конституцияның 14-бабы 2-тармағына, сондай-ақ әркiм өзінің телефон арқылы сөйлескен сөздерiнің құпиялылығы сақталуына құқықты екендiгi және әрбiр азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз ету туралы Конституцияның 18-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкестiгiн талдай келiп, Конституциялық Кеңес олар Конституция нормаларына қайшы келмейдi деген қорытындыға келдi.
      Үкiметтің "Байланыс қызметiнің тарифтерi туралы" N 732 қаулысының 3-тармағы тұрғылықты жерiнің айырмашылығына байланысты бiреулердің құқықтарын шектеу есебiнен немесе Конституцияның 14-бабында тыйым салынған кемсiтушiлiк белгiлерiмен бiреулерге заң жүзiнде және iс жүзiнде артықшылық беруге бағытталмаған. Үкiметтің бұл қаулысының Конституцияның 69-бабы 1-тармағына сәйкес аймақтарға, сондай-ақ Республиканың барлық аумағында мiндеттi күшi бар.
      Тұрғылықты жерiне байланысты ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайтыны туралы Конституцияның 14-бабы 2-тармағының ережесi Конституцияның 14-бабы 1-тармағындағы заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең екенi туралы ережемен тығыз байланысты, және бұл жағдайда Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жерiне қарамастан заң актiлерiнде белгiленген бiр негiздер бойынша субъектiлердiң құқықтары бiрдей және бiрдей мiндеттердi орындауға тиiстi, сондай-ақ осы құқықтары мемлекет тарапынан бiрдей қорғалады және заң мен сот алдында бiрдей жауапты болады. Сот билiгi Конституцияның 76-бабы 2-тармағына сәйкес, Конституцияның, заңдардың және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң негiзiнде, сондай-ақ Республиканың халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.
      Конституциялық Кеңестің пiкiрi бойынша, Үкiметтің N 732 қаулысының 3-тармағының жергiлiктi телефонмен сөйлесулер ақысын уақыт бойынша есептеудi енгiзу туралы ережесi, сондай-ақ Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерінің қызмет көрсету ережелерiнің 5.2-тармағы жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнің көрсеткен қызметiн пайдалануды байланыстың көрсеткен қызметiнің көлемi мен сапасына бара-бар есеп пен ақы төлеудi объективтi экономикалық өлшемге жүйелi түрде ауыстыру мiндетiн атқарады. Сонымен қатар бұл ережелер оған бiрте-бiрте көшудi және оны жүзеге асыруды техникалық жарақтандырумен шарттастырады. Жария шарттың талаптары бойынша тұтынушылардың теңдiгi мен тұтынушылардың байланыс қызметiнiң нысандары мен олардың төлемақысын таңдау құқығы бұзылмауға тиiс. Заң нормаларының және басқа нормативтiк құқықтық актiлерi дұрыстығының негiзiн құрайтын жоғары заңдық күшi және тiкелей күшi бар Негiзгi Заң болып табылатын Қазақстан Республикасының Конституциясында бұған байланысты нақтылы нұсқау жоқ. Қазақстанды әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыру және Республиканың бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық дамуы туралы Конституцияда жалпы ережелер бар, сондай-ақ монополистiк қызмет заңмен реттелетін және шектелетiнi, ал жосықсыз бәсекеге тыйым салынатыны туралы Негiзгi Заңның 26-бабы 4-тармағының нормалары бар. Олар Конституциялық Кеңестің Конституцияның 28-бабы 1-тармағы кепілдік беретiн елдегi жалақының, зейнетақының және әлеуметтiк қамсыздандырудың мөлшерлес осы объективтi экономикалық өлшемдi енгiзудi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейдi деп есептеуiне негiз болады. Негiзгi Заңның 12-бабы 1-тармағында Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік берiледi делiнген.
      Ресми жариялау және азаматтарға өзiнің құқықтарына қатысты, 1995 жылғы Конституцияның 4-бабы 4-тармағының және 18-бабы 3-тармағының мағынасымен сәйкес келетiн нормативтiк құқықтық актiлермен таныстыру мүмкiндiгiмен қамтамасыз ету туралы 1993 жылғы Конституцияның 32-бабы екiншi бөлiгiне және 33-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң "Байланыс қызметiнің тарифтерi туралы" 1995 жылғы 23 мамырдағы N 732 қаулысы "Қазақстан Республикасы Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметi актiлерi жинағының" сол жылғы N 18 ресми түрде жарияланды. Осы қаулының мәтiнiмен "Юрист" ашық анықтамалық жүйеден азаматтардың кеңiнен танысуына болады.
      "Жергiлiктi коммуникациялар желiлерінің, телеграф және пошта байланысының қызмет көрсету ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнің 1997 жылғы 27 мамырдағы N 465 және Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 81 бiрлескен бұйрығы Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде 1997 жылғы 27 маусымда N 329 болып тiркелдi. Қолданылып жүрген Конституцияның 18-бабы 3-тармағына сәйкес бұл бұйрықпен Республикалық орталықтың 1996-2001 жылдардағы "Заңдар" құқықтық ақпарат ресми анықтама жүйесiмен кеңiнен танысуға болады.
      Министрлер Кабинетiнің N 732 қаулысының ережелерi мен Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерінің қызмет көрсету ережелерiн және Конституцияның 18-бабы 2-тармағында көзделген телефон арқылы сөйлескен сөздерінің құпиялылығы сақталуына байланысты адам және азамат құқығына қысым жасау бөлiгiн конституциялық емес деп тануға негiз жоқ. Жергiлiктi телефон байланысы қызметiнiң көлемi мен сапасын есептеудің бiр жүйесiнен тиiсiнше ұйымдық, технологиялық және нормативтiк тұрғыдан қамтамасыз етiлетiн басқа жүйесiне көшу әркiмнің телефон арқылы сөйлескен сөздерiнің құпиялылығы сақталуының конституциялық құқығына ықпал жасамайды, ал телефон байланысының қызмет көрсетуiнің бұрынғы жүйесi жағдайында мұндай кепiлдiктер болмаған немесе олар бұзылған ретте осы құқыққа қысым жасалу мүмкiндiгiн жоққа шығармайды, бұл абоненттердің жеке сөйлескен сөздерi мағынасының құпиялылығына құқығын бiлдiредi.
      Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнің қызмет көрсету ережелерінің 2.5-тармағында "телефонмен сөйлескен сөздердi тыңдауға, олар туралы мағлұматтар алуға тек Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп пен негiздерде ғана жол берiледi. Операторлар телефонмен сөйлескен сөздердің құпиялылығын сақтауға мiндеттi" деп белгiленген.
      Бұл Ережелер абоненттердiң мүддесiн қорғауды көздейдi, оларға тұрмысқа қажеттi қызметтермен телефон арқылы тегiн байланыс жасауға құқық бередi, жергiлiктi телефонмен сөйлесулердiң құнын уақыт бойынша есепке алу енгiзiлген кезде абоненттің бiрiншi талабы бойынша олар туралы бағыт сiлтеушi мағлұматтар беруге операторды мiндеттейдi. Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерiнiң қызмет көрсету ережелерi тұрғылықты жерiне байланысты ешкiмдi де ешқандай кемсiту болып табылмайды. Ережелердің 2.1-тармағына сәйкес абоненттердің мүдделерiн қорғауға қатысты олардың нормалары елдiң тек жекелей алынған аймағы үшiн ғана емес, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындау үшiн мiндеттi.
      Жергiлiктi телефон байланысының қызмет көрсетуiн уақыт бойынша есепке алу енгiзiлген кездегi құқық қолдану практикасы мен техникалық жарақтандырудағы кемшiлiктердi қарау Конституциялық Кеңестің құзыретiне жатпайды.
      Сонымен, Конституциялық Кеңес Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының ұсынымында көрсетiлген жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерінің қызмет көрсету құнын уақыт бойынша есептеудi енгiзудi анықтайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiнде Конституцияға сәйкес емес деп тану үшiн формальды-заңдық негiздер жоқ деп бiледi.
      Баяндалғандардың негiзiнде, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 33, 37, 38, 40 және 41-баптары негiзiнде Конституциялық Кеңес
 
                             ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
 
      1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнің "Байланыс қызметiнiң тарифтерi туралы" 1995 жылғы 23 мамырдағы N 732 қаулысының 3-тармағы және Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнің 1997 жылғы 27 мамырдағы N 465 және Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнің 1997 жылғы 30 мамырдағы N 81 бiрлескен бұйрығы бекiткен Жергiлiктi телекоммуникациялар желiлерінің, телеграф және пошта байланысының қызмет көрсету ережелерiнiң 5.2-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы 2-тармағының және 18-бабының 2 және 3-тармақтарының нормаларына қайшы келмейдi деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгi (К.К.Масимов), Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгi (Б.М.Имашев) осы қаулы күшiне енген күннен бастап екi ай мерзiм iшiнде оны орындау үшiн қабылданған шаралар туралы хабарласын.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы

 

3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi,

шағымдануға жатпайды, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жалпыға

бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы

4-тармағында көзделген жағдайды ескеріп, түпкiлiктi болып табылады.

     4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс

тiлдерiнде жариялансын.


      Қазақстан Республикасы

     Конституциялық Кеңесінiң

           Төрағасы



     Мамандар:

       Қасымбеков Б.А.

       Икебаева Ә.Ж.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады