Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 1 және 5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 19/2 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Ю.А.Хитрин, Кеңес мүшелерi Н.I.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов және В.Д.Шопин қатысқан құрамда, мыналардың: 
      өтiнiш субъектiсiнiң өкiлдерi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнің депутаты Х.Д.Көшқалиевтің және Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi аппаратының Заң шығару және мониторинг орталығының директоры Қ.Т.Жақыпбаевтың; 
      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесi В.К.Фоостың; 
      Қазақстан Республикасы әдiлет вице-министрi А.Н.Котловтың қатысуымен, 
      өзiнің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының  K951000_  52-бабы 1 және 5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнішін қарады. 
      Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашылар - Конституциялық Кеңестің мүшелерi А. Есенжанов пен А.К.Котовты, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерiн тыңдап шығып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады: 
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне 2001 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының  K951000_  52-бабы 1 және 5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру жөнiндегi өтiнiшi келіп түстi. 
      Өтiнiш субъектiсi бұл ретте мынаны түсiндiрiп берудi сұрайды: 
      1) Конституцияның 52-бабы 1-тармағының ережесi саяси партия тiзiмiнiң негiзiнде сайланған Парламент депутаты өз өкiлеттiгiн орындауы кезiнде депутаттың позициясына ықпал ету үшiн саяси партияға кедергi болып табыла ма? Партиялық тiзiм негiзiнде сайланған депутатты оның позициясы партияның саяси бағытынан алшақ болуына байланысты партия мүшелiгiнен шығару депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға апарып соқса, Конституцияның осы нормасын бұзу ретiнде қаралуы мүмкiн бе? 
      2) Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында жазылған "Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi" деген тұжырым Конституциялық Кеңестің кеңейтiп түсiндiру құқығын және Конституцияда тiкелей жазылмаған нормаларды жасайтын түсiнiк беру мүмкiндiгiн көздей ме? 
      3) Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағында көзделген Конституциялық Кеңестің шешiмi "түпкiлiктi" дегенде ненi түсiну керек? Конституциялық Кеңес Конституцияның белгiлi бiр нормасы бойынша жаңа шешiм қабылдауы мүмкiн бе? 
      Өтiнiште атап көрсетiлгенiндей, бұл сұрақтарды түсiндiру қажеттiлiгi Конституцияның жоғарыда аталған нормалары мен Конституциялық Кеңестің қолданыстағы 1997 жылғы 16 мамырдағы N 11/2  S970011_  мен 23 мамырдағы N 12/2  S970012_  және 2001 жылғы 17 мамырдағы N 7/2  S010007_  үш қаулыларын қолданудағы қиыншылықпен анықталады. 
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 1 және 5-тармақтарын, 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын ресми түсiндiру кезiнде, Конституциялық Кеңес мыналарды ескердi: 
      1.  Ескерту. 1-тармақтың күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.
      2. Конституцияның  K951000_  72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi "Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi" деп көзделген. 
      Сол арқылы Конституция өзiнiң iшiндегi нормаларға ресми түсiндiрме беру үшiн Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне айрықша құқық бердi. 
      Конституцияның нормаларын ресми түсiндiру дегенiмiз, Конституциялық Кеңестің конституциялық нормалардың мазмұны мен мағынасын анықтауы және түсiндiруi. Ол, конституциялық нормалардың кейбiрiне дерексiздiк пен арнайы терминология тән болғандықтан, сондай-ақ Конституцияның жекелеген ережелерiн өтiнiш субъектiлерi анық қабылдай алмауына және оларды қолдану практикасында қайшылықтар туындауынан келiп шыққан. 
      Конституцияның нормаларын ресми түсiндiре отырып, Конституциялық Кеңес тәуелсiз болады және тек Конституцияға ғана бағынады. Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме беру құқығынан, Конституциялық Кеңес шешімдерінің, Конституциялық Кеңестің түсiндiру нысаны болған нормалардың заңдық күшiне тең, заңдық күшi келiп шығады. Конституциялық құқықтың нормалары, Конституцияның 4-бабының 1-тармағымен Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықтың қайнар көзi болып танылған, Конституциялық Кеңестің тиiстi қаулыларының ережелерiмен бiрге қолданылады. Конституциялық норманың тоқтата тұрылуы, жойылуы немесе өзгертiлуi Конституцияның нормасын ресми түсiндiру жөнiндегi Конституциялық Кеңестің тиiстi қаулысының тоқтата тұрылуына, жойылуына немесе өзгертiлуiне әкеп соқтырады. 
      Конституцияның нормаларын ресми түсiндiру - бұл нормативтiк түсiндiру, оны Конституциялық Кеңес Конституция нормаларының мазмұнынан үзіндi алып, анықтаудың түрлi тәсiлдерi көмегiмен Конституция нормаларының сөзбен берiлген мағынасына сәйкес бередi. Түсiндiрудің көлемiн алдын-ала белгiлеу мүмкiн емес, Конституциялық Кеңес Конституция нормаларын ресми түсiндiрудiң ғылыми заңдық әдiстерiн таңдауда тек Конституцияның өзiне ғана тәуелдi. Конституция нормаларының, оның жалпы ережелерiмен және принциптерiмен қисынды түрде байланыстылығы мен қабаттастығы назарға алынады. Конституциялық Кеңестің нормативтiк түсiндiрулерi, Конституция нормаларын тек өтiнiш субъектiлерiнің мәселелерi бойынша ғана түсiндiруге жағдай жасай отырып, бұл нормалардың мағыналық түсiндiрмесiн тiкелей конституциялық реттеу үшін толықтыра түседi. Бұл орайда Конституциялық Кеңестің, Конституцияның нормаларынан келiп шығатын, құқықтық позициясы Конституцияның өзiне сәйкес келедi. 
      Конституцияның мазмұнынан, онда жазылған нормалардан, жалпы ережелер мен принциптерден тiкелей келiп шықпайтын ұйғарымдарды Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жасамайды. Конституцияның нормаларын түсiндiре отырып, Кеңес конституциялық реттеу нысанының шегiнен шығып кетпейдi. 
      3. Конституция 74-баптың 3-тармағында Конституциялық Кеңес шешімдерінің жалпыға бiрдей заңдық күшiн баянды етіп, күшiне енуiнің кiдiрiссiз тәртiбiн белгiлейдi. 
      Конституциялық Кеңес шешімінің түпкіліктілігi оның заңдық күшінің ажыралмас қасиетi болып табылады, ол қорытынды қаулы қабылдау арқылы конституциялық iс жүргiзудiң қисынды түрде аяқталғанынан айғақ бередi. Конституциялық Кеңес шешімiнің түпкiлiктiлiгi оның сол бәз-бiр себеп бойынша өтiнiш беру субъектiсi үшiн, сондай-ақ сөзсiздiгiне меңзейдi, өйткенi Конституцияның  K951000_  74-бабы 3-тармағына сай, Конституциялық Кеңестің шешімдерi "шағымдануға жатпайды". Бұл, шешiмге шағымдануға ешкiмнің құқығы да, ондай саты да жоқ, дегендi білдiредi. Сонымен бiрге, ерекше жағдайларда конституциялық құқықтың нормаларында Конституциялық Кеңестің өзi үшін, қолданыстағы қаулыны қайта қарау немесе оны түсiндiру жөнiнде қосымша қаулы қабылдау мүмкiншiлiгi жоққа шығарылмайды. 
      Конституциялық Кеңестің қаулылары тек Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана негiзделедi және өзге нормативтiк құқықтық актiлер оларға қайшы келмеуге тиiс. Конституциялық Кеңестің қаулыларында баяндалған құқықтық позициялардың күшi, Кеңес конституциялық емес деп тапқан заңдық нормаларды қайта қабылдау арқылы еңсерiлмейдi. 
      Конституцияның нормаларын ресми түсiндiру туралы Конституциялық Кеңестің қаулылары Қазақстан Республикасының аумағында барлық мемлекеттiк өкiмет, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, лауазымды тұлғалар, азаматтар мен олардың бiрлестiктерi үшiн мiндетті. 
      Конституциялық Кеңестің шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне, Конституцияның 73-бабы 4-тармағына сай, Республика Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн. Қарсылық шешімнің мәтiнiн ол алған күннен бастап он күндiк мерзiм iшiнде білдірiледi, бұл Конституция мызғымастығының кепілі ретiнде Республика Президентiнiң тез арада шара қолдану қажеттiгiнен туындайды. Конституциялық Кеңес Президенттің қарсылығын Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсінің даусымен еңсеруге хақылы. Бұндай жағдайда Конституциялық Кеңестің қаулысы заңдық күшiн сақтайды. 
      Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы"  U952737_  конституциялық заң күшi бар Жарлығының 40-бабына сәйкес, Конституциялық Кеңес өзi қабылдаған шешiмдердi орындау тәртiбiн белгiлеуге хақылы. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалар, Конституциялық Кеңес белгiлеген мерзiм ішінде, Конституциялық Кеңестің шешiмiн орындау бойынша қабылданған шаралар туралы оған хабарлауға мiндеттi. 
      Конституциялық Кеңестің Конституцияның сол бәз бiр нормасы бойынша жаңа шешiм қабылдауы өзге мәселеге, өтiнiш субъектiсiнде басқа жағдайда белгiсiздiк туындауына, сол бәз бiр конституциялық норманың нақты нұсқауын немесе нұсқауларын қолдану немесе орындауға байланысты болуы мүмкiн. 
      Конституцияның сол бәз бiр нормасы бойынша Конституциялық Кеңестің жаңа қаулысы, осы конституциялық нормаға қатысты бұдан бұрынғы қаулыға кереғар болмауға тиiс. Бұндай қаулы Конституцияның осы нормасын ресми түсiндiру жөнiндегi Конституциялық Кеңестің бұдан бұрынғы қаулысының құқықтық позициясын толықтыруы және дамытуы мүмкiн. 
      Конституцияның  K951000_  72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы және 74-бабының 3-тармағы тиiсiнше Конституциялық Кеңестің Конституция нормаларына ресми түсiндiрме беру құқығын және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi шешімдерiнің нормативтiк сипатын баянды етедi.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.
      Баяндалғанның негiзiнде, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы"  U952737_  конституциялық заң күшi бар Жарлығының 1-бабын, 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, сондай-ақ 32, 33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді: 
      1.  Ескерту. 1-тармақ алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының  K951000_  72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы, Конституцияның нормаларын ресми түсiндiру құқығы тек Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне ғана берiлгенiн бiлдiредi. 
      Конституция нормаларының мазмұнын түсiндiре отырып, Конституциялық Кеңес, олардың сөзбен берiлуiн, Конституция нормаларының оның жалпы ережелерi мен принциптерiмен қисынды түрде байланысуын және қабаттасуын ескередi. 
      3. Конституцияның 74-бабы 3-тармағы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің шешiмдерi жалпыға бiрдей заңдық күшке ие және кідiрiссiз күшiне енедi дегендi білдiредi. 
      Конституциялық Кеңес шешімінің түпкiлiктiлiгi - бұл шешімнің заңдық күшінің ажыралмас қасиетi, ол өтiнiш келiп түскен мәселеге байланысты қорытынды қаулы қабылдау арқылы конституциялық iс жүргiзудің аяқталғанынан айғақ бередi. Өтiнiш субъектiлерiнің оған шағымдану мүмкiндiгi Конституцияда көзделмеген. 
      Конституциялық Кеңестің сол бәз бiр Конституция нормаларын түсiндiру мәселелерi жөнiндегi қаулылары бiр-бiрiне кереғар болмауға тиiс. 
      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына сәйкес, осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi және шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағында көзделген жағдайды ескерiп, түпкiлiктi болып табылады.
      5. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тiлдерiнде жариялансын. 

       Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесiнің
      Төрағасы

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады