Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру және "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конститутциялық Кеңесінің 2009 жылғы 20 тамыздағы N 5 Нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының өкілі - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары А.С.Судьиннің,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының өкілдері - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н.Н.Турецкийдің, М.А.Айсинаның және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының басшысы Е.Н.Дошаевтың,
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтің және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі жөніндегі комитетінің төрағасы М.С.Өтебаевтың,
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Н.Бәйішевтің,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі - Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары И.Д.Меркельдің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың, Қазақстан Республикасының Парламенті 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қарау жөніндегі өтінішін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Б.Мұхамеджановтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын: "әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі" деген нормалары бөлігінде ресми түсіндіру жөніндегі өтінішін қарады.
      Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі І.Ж.Бақтыбаевтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшы - Қазақ гуманитарлық-заң университетінің Азаматтық-құқықтық зерттеулер институтының директоры, азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Т.Е.Қаудыровтың, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мамандары заң ғылымдарының докторы, профессор Е.М.Абайділдиновтің, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Д.Бұсырмановтың, заң ғылымдарының докторы, профессор Ш.В.Тлепинаның, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы Мемлекет және құқық институтының мамандары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғ.С.Сапарғалиевтің, заң ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Караевтың, заң ғылымдарының кандидаты, доцент В.В.Мамоновтың қорытындыларымен, сондай-ақ іс жүргізудің өзге де материалдарымен танысып шығып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2009 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының, Қазақстан Республикасының Парламенті 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Конституцияға сәйкестігін қарау жөніндегі өтініші, ал 2009 жылғы 17 шілдеде - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы 2-тармағын: "әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі" деген нормалары бөлігінде ресми түсіндіру жөніндегі, Қазақстан Республикасының Парламенті осы заңдарды қабылдаған кезде туындаған сұрақтарға байланысты, өтініші келіп түсті.
      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған өтініштер Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 17 шілдедегі N 6/1 қаулысымен бір конституциялық іс жүргізуге біріктірілді.
      Аталған өтініштерді қараған кезде, Конституциялық Кеңес келіп түскен заңдардың конституциялығын тексеруден бұрын Конституцияның 18-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме берілуі тиіс деп есептейді.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын және қаралып отырған өтініштің материалдарын талдаған кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл жалпы адамзат құндылықтарының басымдығы болатынын айғақтайды (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы N 18/2 және 2006 жылғы 13 шілдедегі N 4 қаулылары).
      Конституциялық Кеңестің бірқатар қаулыларында, адамның құқықтары мен бостандықтарына мемлекет Конституцияда және соған сәйкес келетін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген шектерде кепілдік береді және осы құқықтар мен бостандықтарды іске асырудың шарттары мен тәртібін айқындайтын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау кезінде олар негіз етіп алынады. Бұл аталған ереже Қазақстанда қолданылатын құқықтың тұжырымдамалық негізі болып табылады, деп атап өтілген (Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы N 6, 2003 жылғы 10 маусымдағы N 8 және 2007 жылғы 18 сәуірдегі N 4 қаулылары).
      Конституцияның 18-бабының 2-тармағында: "әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының ... құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі", деп белгіленген. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін".
      Конституцияның 39-бабының 3-тармағында баянды етілген, ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс құқықтар мен бостандықтар тізбесіне Конституцияның 18-бабымен көзделген құқықтар енгізілмеген (Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 5 тамыздағы N 5 қаулысы). Демек, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын шектеу заң шығарушының айрықша құзыреті болып табылады. Қаралып отырған өтінішке қатысты бұл, заң шығарушының басқа бір мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын шектеудің шектерін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен реттеуге өкілеттік беруге хақылы еместігін білдіреді.
      Конституцияның 18-бабы, Негізгі Заңның 6-бабы 2-тармағының және 26-бабы 4-тармағының нормаларымен жинақтала келе, меншік иесіне өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатына иелік ету, оларды пайдалану және оларға билік ету құқығын, ақшалай немесе өзге бір мүліктік сипаттағы өзіне тиесілі қаражатты орналастыру, соның ішінде, банктік салымдар мен өзге бір шоттарда, шаруашылық жүргізуші субъекттердің жарғылық капиталдарында орналастыру және кәсіпкерлік пен өзге бір шаруашылық қызметінің заңмен рұқсат етілген нысандарында пайдалану арқылы осы көрсетілген құқықтарды іске асыру құқығын береді.
      Әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына конституциялық құқығын қорғау бірқатар заңдармен, солардың ішінде, 1994 жылғы 27 желтоқсандағы N 268-ХІІІ Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексімен (Жалпы бөлім), "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы N 99-ІV Қазақстан Республикасының Кодексімен, "Жеке кәсіпкерлік туралы" 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңымен, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Қазақстан Республикасының Заңымен, "Бағалы қағаздар рыногі туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461-II Қазақстан Республикасының Заңымен қамтамасыз етіледі.
      Конституцияның және жоғарыда санамалап айтылған заңдар нормаларының мазмұнын негізге ала отырып, салымшының өзі туралы, оған тиесілі ақша немесе өзге мүлік туралы, солардың ішінде, банктік салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргізуші субъекттердің жарғылық капиталдарындағы үлестері және өзге де мүлкі, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусіз тобы үшін жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын мәліметтер жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығын құрайды. Бұл түпмәтінде, әркімнің құпиясы сақталуына конституциялық құқығы, салымшының тек өзі ғана өз қалауы бойынша оған билік ете алатынын (соның ішінде мәліметтерді біреуге беретінін) білдіреді.
      Әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына құқығын шектеудің жол берілетін шектері мен тәртібі, сондай-ақ мұндай шектеудің өлшемдері конституциялық талаптарға, солардың ішінде, Конституцияның 39-бабында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
      Конституциялық Кеңес бұдан бұрын, заң шығарушы заң қабылдау кезінде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мән-жайын бұрмаламай, конституциялық тұрғыдан айқындалған мақсатқа сай келмейтін шектеулер енгізбей отырып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шектерін негізге алуға міндетті, деп атап кеткен болатын (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы N 2 Нормативтік қаулысы).
      Жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына заңмен белгіленетін шектеулер тиісті құқықтық қатынастардың табиғатына бара бар, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мөлшерлес болуға және әділдік принциптеріне сәйкес келуге тиіс.
      Конституциялық Кеңес, Конституцияның 6-бабы 2-тармағының, 18-бабы 2-тармағының мазмұнын негізге ала отырып, Конституцияның 39-бабының 1-тармағында көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруға қажетті жағдайларда және сол тәртіппен, мемлекеттің банк, қаржы-несие институттарына, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық жүргізуші субъекттерге жеке салымдар мен жинаған қаражат құпиясын құрайтын ақпаратты заңмен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларына беру міндетін жүктеуіне жол беруге болады деп пайымдайды. Конституциялық Кеңестің қаулыларына сәйкес "мемлекет мүддесіне орай меншік құқығы заңмен шектелуі мүмкін" (1999 жылғы 3 қарашадағы N 19/2), "мүліктік құқық абсолютті болып табылмайды және азаматтық-құқықтық қатынастар саласында болсын, жария-құқықтық салада болсын заңдармен шектелуі мүмкін" (2005 жылғы 1 шілдедегі N 4, 2007 жылғы 28 мамырдағы N 5).
      Сонымен бірге, заңда осындай шектеулер қойылуына мүмкіндік беретін негіздер болып, олардың толық тізбесі айқындалуға, сондай-ақ жеке салымдар мен жинаған қаражат құпиясын құрайтын мәліметтердің заңсыз түрде жария етілмейтін жағдайларда сұралуын, алынуын және пайдаланылуын қамтамасыз ететін кепілдіктер көзделуге тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының Парламенті 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - N 1 Заң) және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - N 2 Заң) Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қараған кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      Көрсетілген заңдар заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстатумен және терроризмді қаржыландырумен байланысты құқыққа теріс әрекеттерге қарсы іс-қимылдың және олардың алдын алудың заңнамалық реттелуін жетілдіруге, қылмыстық әрекеттердің ұйымдасқан нысандарына қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған.
      Бұл заңдарды Парламент Республиканың бірқатар халықаралық міндеттемелерін, солардың ішінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2003 жылғы 31 қазандағы конвенциясын (2008 жылғы 4 мамырдағы N 31-IV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Біріккен Ұлттар Ұйымының Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы 2000 жылғы 10 қаңтардағы халықаралық конвенциясын (2002 жылғы 2 қазандағы N 347-ІІ Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы 2000 жылғы 13 желтоқсандағы конвенциясын (2008 жылғы 4 маусымдағы N 40-ІV Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылғы 15 маусымда қабылдаған, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын (2002 жылғы 18 сәуірдегі N 316-ІІ Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы күресудегі ынтымақтастығы туралы 1999 жылғы 4 маусымдағы шартты (2000 жылғы 23 қазандағы N 93-II Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған) орындау мақсатында қабылдаған.
      Осы көрсетілген халықаралық құжаттарға сәйкес, әрбір қатысушы мемлекет, ақшаны жылыстатудың барлық нысандарына жол бермеу және оларды анықтау мақсатында, банктерге және банктік емес қаржы институттарына, сондай-ақ тиісті жағдайларда - ақшаны жылыстату тұрғысынан алғанда айрықша осал органдарға реттеу және қадағалаудың толық қамтитын ішкі режимін белгілейді. Мұндай режим клиенттің жеке басын анықтауға, есеп жүргізуге және күдікті мәмілелер туралы ақпаратты беріп тұруға қатысты талаптарға негізделеді.
      Конституциялық іс жүргізудегі заңдарды Парламент Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1), 2), 6) және 11) тармақшаларына сәйкес қабылдаған. Бұл тармақшаларға сай Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне, меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға, сотта іс жүргізу мәселелеріне, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы.
      Конституцияның 61-бабы 1-тармағына сай Үкіметтің заң шығару бастамасы тәртібімен жобалары Парламент Мәжілісіне енгізілген N 1 және N 2 Заңдарды, Парламент конституциялық ережелерді (Конституцияның 61-бабының 3-5-тармақтары, 62-бабының 1, 5, 7-тармақтары) және Республиканың Негізгі Заңының 39-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып қабылдаған.
      Қаралып отырған заңдар "Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысында тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2005 жылғы 23 тамыздағы N 6 қаулысына сәйкес келеді, бұл қаулыға сай "Конституция заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның айрықша қорғалатын мүдделері мен құндылықтарына төнетін қауіп-қатерге бара бар құқықтық шаралар айқындау мүмкіншілігін береді".
      Осылайша, N 1 және N 2 Заңдардың ережелеріне Конституциялық Кеңес жүргізген талдау олардың Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес екенін көрсетті.
      3. "Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерінің конституциялығын тексеру туралы" Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы N 2 Нормативтік қаулысында "адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңдылы мінез-құлықты заңсызынан мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс", деп атап көрсетілген.
      Сонымен бірге, конституциялық іс жүргізу материалдарынан және конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың сөйлеген сөздерінен, N 1 және N 2 Заңдардың жекелеген ережелерінің қажетінше айқын тұжырымдалмағаны және әркезде де бір-бірімен келіспейтіні байқалды. Соның салдарынан оларды қолдану кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары бұзылуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
      3.1. N 1 Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес адвокаттар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларға қатысқан кездегі жағдайларда қаржы мониторингінің субъектілеріне жатады. Сол арқылы, адвокаттар үшін заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға шектеулі түрде қатысу көзделеді.
      Конституцияға сәйкес "әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы" (13-баптың 1-тармағы), "әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар" (13-баптың 3-тармағы), "ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы" (16-баптың 3-тармағы).
      "Адвокаттық қызмет туралы" 1997 жылғы 5 желтоқсандағы N 195-І Қазақстан Республикасының Заңына (1-баптың 1 және 2-тармақтары) сай, "адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сотта қорғауға және білікті заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етілген құқығын жүзеге асыруға жәрдемдесуге арналған", "адвокатура қылмыстық істер бойынша қорғау, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және басқа да істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен іске асыруға жәрдемдесу мақсатында заң көмегінің өзге де түрлерін көрсету жөніндегі адвокаттардың қызметін ұйымдастырады". Адвокатураның ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі принциптері "адвокаттық қызметті заңдарда тыйым салынбаған әдістерін және құралдармен жүзеге асыру", "кәсіби мінез-құлық нормаларын ұстану және адвокаттық құпияны сақтау" болып табылады (3-баптың 2) және 4) тармақшалары).
      Адвокаттық қызметтің бұл көрсетілген кепілдіктері 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 206-І Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде (74-бап), 1999 жылғы 13 шілдедегі N 411-І Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде (18-бап) және 2001 жылғы 30 қаңтардағы N 155-ІІ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде (23-бап) нақтыланған.
      Конституцияның 13-бабы 1 және 3-тармақтарының және 16-бабы3-тармағының нормаларын жоғарыда көрсетілген заңдардың ережелерімен жүйелей байланыстыра отырып жасалған талдау, Конституцияның жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да білікті заң көмегін көрсету жөнінде адвокаттарға, ал мемлекетке - әркімнің осындай көмек алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету жөнінде ерекше міндет жүктейтінін көрсетеді. Бұл баяндалғандар Конституциялық Кеңестің "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы" 1999 жылғы 2 шілдедегі N 12/2 қаулысында берілген, жеке және заңды тұлғаларға білікті заң көмегін көрсету жөніндегі конституциялық-құқықтық міндет негізінен адвокаттардың міндеті болып табылатындығы туралы ұйғарымдарына сай келеді.
      N 1 Заңның 3-бабы 1-тармағы 7) тармақшасының ережелері сондай-ақ Республика ратификациялаған халықаралық шарттармен түпмәтіндес қаралуға тиіс, өйткені олардың кейбірінде, атап айтқанда, БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясында адвокаттардың, нотариустардың және өзге де тұлғалардың заңсыз жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға қатысуы көзделген. "Қатысушы-мемлекеттер өз ішкі заңнамасының негізін қалаушы қағидаттарына сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топтардың тиісті заңнамалық, әкімшілік немесе басқа да шаралар қабылдау арқылы қылмыстардан түскен табыстарды пайдаланып, заңды рыноктарда іс-қимылдар жасаудың бар немесе болашақ мүмкіндіктерін қысқартуға тырысады. Сондай шаралар: ... көпшілік және тиісті жекеменшік ұйымдардың жұмысындағы адалдықты қамтамасыз етуге арналған стандарттар мен рәсімдерді, сондай-ақ тиісті кәсіптердің өкілдері үшін, атап айтқанда адвокаттардың, нотариустардың, салық салу мәселелері жөніндегі кеңесші мен бухгалтерлердің жүріп-тұру кодекстерін әзірлеуге көмек көрсетуде шоғырланулары тиіс" (Конвенцияның 31-бабы 2-тармағының b) тармақшасы).
      БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушыларға қарау жөніндегі Сегізінші конгресінде қабылданған, Заңгерлердің роліне қатысты негізгі принциптердің 22-тармағына және "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (3-бап) сәйкес адвокаттық құпияны қамтамасыз ету адвокаттық қызметтің аса маңызды принципі болып табылады.
      Клиент өзіне қандастық-туыстық немесе өзгелей бір жақындығы жоқ тұлғаға, үшінші бір тұлғаларға белгілі болмайды және өзіне зиян келтірмейді деген сеніммен өзі туралы қандай да болсын мәліметтерді хабарлаған кезде, адвокат пен азаматтың өзара қарым-қатынасында орнаған тараптардың бір-біріне деген сенімі білікті заң көмегін алу құқығының негізгі іргетасы болып табылады. N 1 Заңға сай адвокаттарға өз клиенттері туралы ақпаратты уәкілетті органдардың назарына жеткізу міндетін жүктеу адвокаттарға деген сенімнің жоғалып, білікті заң көмегін алуға өтініш жасау туралы шешім қабылдаған кезде адамның іштей шектелуіне әкеп соғуы мүмкін.
      N 1 Заңның 10-бабының, анықтау, алдын ала тергеу органдарында және соттарда заң көмегін көрсеткен кезде адвокатты қаржы мониторингі мәселелері жөніндегі мәліметтер мен ақпаратты беру міндетінен босататын 3-тармағы, құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтары осы көрсетілген қызмет аясынан тыс жерлерде бұзылуы мүмкіндігін толық жоймайды.
      Конституциялық Кеңес, әркімге Конституциямен кепілдік берілген білікті заң көмегін көрсету жөніндегі міндетті атқаруға бағытталған адвокаттық қызметтің ерекшелігіне орай, адвокаттар үшін осы Заңда адвокаттар орындайтын конституциялық маңызды миссия мен олар үшін заңмен енгізіліп отырған, өз клиентінің күмәнді қаржылық мәмілелері туралы уәкілетті органды хабарландыру міндеті арасындағы тартысты болдырмайтын қосымша құқықтық механизмдер көзделуі қажет деп пайымдайды.
      3.2. N 1 Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес заң мәселелері бойынша мамандар заңды тұлғаларды не құралымдарды құруға, олардың жұмыс істеуіне немесе оларды басқаруға және кәсіпорындарды сатып алуға-сатуға қатысты клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларға қатысқан кездегі жағдайларда қаржы мониторингінің субъектілері болып табылады. Бұл құқықтық норманың түпмәтінінен "құралым" деген терминнің нені білдіретіні түсініксіз, өйткені заң шығарушы оның мазмұнын ашпайды, ал өзге заңнамалық актілерде мұндай ұйымдық-құқықтық нысан көзделмеген.
      3.3. N 1 Заңның 11-бабының 6-тармағында қаржы мониторингі субъектілерінің уәкілетті органға мәліметтер мен құжаттарды осы Заңда көзделген мақсатта және тәртіппен ұсынуы қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны жария ету болып табылмайды деп айқындалған. Сонымен бірге, N 1 Заңның 10-бабының 2-тармағына сай, қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі субъектілері уәкілетті органға уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша айқындаған тәртіппен ұсынады. Конституциялық Кеңес бұл аталған тәртіп заңмен белгіленуге тиіс деп пайымдайды (Конституцияның 18-бабының 2-тармағы).
      3.4. N 1 Заңның 19-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы арасындағы осы қаралып отырған саладағы ынтымақтастық ақпарат сұрату және алмасу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Конституциялық Кеңестің пікірінше, шет мемлекеттің құзыретті органы сұратып отырған, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын ақпаратты беруден бас тартуға тиісті органдар хақылы болатын негіздердің толық тізбесі Заңда көрсетілуге тиіс. Конституцияға сай Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді (Конституцияның 11-бабының 2-тармағы). Демек, уәкілетті мемлекеттік органдар N 1 Заңның ережелеріне сәйкес алынған ақпаратты пайдалануға байланысты азаматтардың құқықтарын Қазақстаннан тыс жерлерде де қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекет осы қаралып отырған процестерге қатыстырылған Республика азаматтарының құқықтарын мейлінше қамтамасыз ететін пәрменді механизм жасауға тиіс. Бұл конституциялық талап шетелдік органдарға ақпарат берудің айқын тәртібін, сондай-ақ оны беруден бас тарту негіздерін заңда белгілеу қажет екенін көрсетеді.
      3.5. N 2 Заңның 1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сай, 1999 жылғы 1 шілдедегі N 409-І Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 765-бабы 7-тармақпен толықтырылады, оған сәйкес Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен банк салымын беру тоқтатыла тұруы мүмкін.
      N 2 Заңның 1-бабы 2-тармағының 2) тармақшасымен Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 830-бабына өзгерістер енгізілген, оларға сәйкес сақтандыру құпиясын құрайтын мәліметтер қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген мақсатта және тәртіппен берілуі мүмкін.
      Бұл құқықтық нормалардың мазмұнынан, банк салымын беруді шектеудің негіздері қай деңгейдегі құқықтық актімен (заңмен немесе заңға тәуелді актімен) белгіленетіндігі, сондай-ақ сақтандыру құпиясын құрайтын мәліметті уәкілетті органға берудің мақсаты мен тәртібі түсініксіз.
      3.6. N 1 Заң мен N 2 Заңның арасында нотариустың қаржы мониторингінің субъектісі ретіндегі мәртебесі туралы мәселе бойынша алшақтық бар. N 1 Заңда мұндай ретінде "ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен нотариаттық іс-қимылды жүзеге асыратын нотариустар" айқындалған (3-баптың 6) тармақшасы). N 2 Заңмен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексі "Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзу" деген мазмұндағы 168-3-баппен толықтырылған. Бұл баптың 1-тармағының екінші бөлігінде осы көрсетілген әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық субъектілері ретінде, олар іске асыратын нотариаттық іс-әрекеттер нақтыланбай, "жекеше нотариустар" айқындалған.
      Бұл келіспеушілік қызметтің бір түрін жасайтын және әртүрлі меншік нысанындағы субъектілерге құқық қолдану практикасында мемлекет тарапынан теңдей қарамаушылық туындатуы мүмкін.
      Одан тыс, адвокаттардың қызметі секілді нотариаттық қызметте көбінесе азаматтарға білікті заң көмегін көрсетумен байланысты болғандықтан, Конституциялық Кеңес бұл конституциялық маңызды міндеттің орындалуын қамтамасыз ететін қосымша құқықтық механизмдер заңда бекітілуі қажет деп есептейді.
      4. Қазақстан Республикасының Парламенті 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес екендігін Конституциялық Кеңес атап өтеді.
      Сонымен бірге, заңдардың жекелеген ережелері қажетінше айқын баяндалмағандықтан және бір-бірімен келіспегендіктен, практикада адамның және азаматтың құқықтары бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан Конституциялық Кеңес тиісті нормаларды заңнамалық түрде түзету қажет деп есептейді.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын және 3-тармағының 1) тармақшасын3132333740-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағымен кепілдік берілген, жеке салымдар мен жинаған қаражаттың құпиялылығы сақталуына құқығын, салымшының өзі туралы, оған тиесілі ақша немесе өзге мүлік, солардың ішінде, банктік салымдары, өзге де шоттары мен жинаған қаражаты туралы, шаруашылық жүргізуші субъекттердің жарғылық капиталдарындағы үлестері және өзге де мүлкі, сондай-ақ олармен жасалатын операциялар туралы салымшының заңмен қорғалатын кез келген, тұлғалардың шектеусіз тобы үшін жалпыға бірдей қолжетімді болып табылмайтын мәліметтердің жария етілмеуіне құқығы деп түсінген жөн.
      2. Конституцияның 18-бабының 2-тармағымен көзделген, әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының құпиялылығы сақталуына құқығын шектеудің шектері, Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 2-тармағы, 39-бабының 1 және 3-тармақтары ескеріле отырып, Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес заңмен айқындалуға тиіс.
      3. Қазақстан Республикасының Парламенті 2009 жылғы 17 маусымда қабылдаған, "Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметіне, көрсетілген заңдар қолданысқа енгізілгенге дейін, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы Конституциялық Кеңестің осы Нормативтік қаулысындағы құқықтық позицияларына сәйкестендіруді көздейтін заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізуге бастама жасау ұсынылсын.
      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сай Нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.
      6. Осы Нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы                                              И. Рогов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады