Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, құрамында Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак,

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ә.Ғ. Рақышеваның,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет министрі М.Б. Бекетаевтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Г.В. Кимнің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н. Жаилғанованың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Ш. Қожаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары М.М. Ахметжановтың,

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі –Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Ю. Василенконың,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Ж.Б. Ермағамбетованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Р.Ж. Мұқашевтың хабарламасын, отырысқа қатысушылардың, сарапшылар – Е.Б. Әбдірәсіловтің және М.М. Дәуленовтың сөйлеген сөздерін тыңдап, конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Өтініште мынадай сұрақтар қойылған:

      "1) "Қазақстан Республикасының Президенті болып..., ...Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын... Республика азаматы сайлана алады." деген сөздер бөлігінде мына норманы қалай түсінуге болады?;

      2) Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде және Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарда жұмысы кезеңінде азаматтың елден тыс жерде тұрған уақыты көрсетілген мерзімге есептеледі ме?".

      Негізгі Заңның қаралып отырған нормасын өтініш нысанасына қатысты түсіндірген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.

      1. Азаматтардың тікелей еркін сайлау арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығының тиісінше жүзеге асырылуына ықпал ететін түрлі шаралар Конституцияның және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормаларымен белгіленген. Олардың қатарында Республика Президентінің, Парламент және жергілікті өкілді органдар депутаттарының сайланбалы лауазымдарына кандидаттарға қойылатын талаптар бар.

      Конституциялық Кеңес бәсең және белсенді сайлау құқығының әртүрлі аспектілеріне бірнеше рет ресми түсіндірме берген.

      Конституциялық Кеңестің бірқатар шешімдерінде сайлаушылардың қалған көпшілігіне қарағанда, бәсең сайлау құқығын жүзеге асыратын ел азаматтарына Конституцияның қоятын талаптары анағұрлым жоғары екендігі атап өтілген, өйткені оларға заң шығарушылық пен мемлекеттік шешімдердің жүгін арқалауға тура келеді. Бұл талаптар конституциялық құндылықтарды қорғауға бағытталған, осы мүдделерді көздей отырып Негізгі Заң азаматтардың құқықтарын шектеуге рұқсат береді және ол орынды (2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысы, 2004 жылғы 25 тамыздағы № 9 қосымша қаулысы және басқалар).

      2. Республика Президенттігіне кандидаттар үшін Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгіленген Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұру талабы Мемлекет басшысының 40-бапта бекітілген жауапты миссиясы және функцияларымен, сондай-ақ 44-бапта және Негізгі Заңның өзге де ережелерінде көзделген өкілеттіктерімен шартталған.

      Республика Президенті Қазақстан халқының бірден-бір дербестендірілген ең жоғары өкілі. Мемлекеттің басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы бола отырып, Республика Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Жалпы халық сайлаған Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді (40-бап).

      Республика Президентінің шешімдері мен іс-әрекеті... Конституцияның Кіріспесінде және "Жалпы ережелер" деп аталатын І бөлімінде, сондай-ақ өзге де ережелері мен нормаларында тұжырымдалған мақсаттар мен құндылықтарға қол жеткізуге және оларды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс (Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы).

      Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттің ұлттық ерекшелігі, жүргізілген реформалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі білу жоғары лауазымды тұлға үшін аса маңызды болып табылады. Оларды ескере отырып, болашақ Мемлекет басшысы қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының стратегиялық және тактикалық бағдарламаларының бағыттарын айқындауы тиіс. Бұл мақсатта "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен 41-баптың 2-тармағындағы "кемінде он бес жыл" деген сөздер "соңғы он бес жыл" деген сөздермен ауыстырылды және осылайша отырықшылық цензі күшейтілді.

      Аталған мән-жайларға байланысты Конституциялық Кеңес Президенттікке кандидаттың Қазақстан аумағында сайлау алдындағы ұзақ кезең ішінде тұрақты негізде тұруы туралы талап объективті қажеттілік және өте маңызды деп санайды. Осыған ұқсас талап көптеген шет елдердің конституцияларында белгіленген.

      3. Тұру мерзімін анықтау адамның тұрғылықты жері ұғымымен тығыз байланысты. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 16-бабының 1-тармағына сәйкес азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп танылады. Әдетте, бұл факт азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен расталады ("Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабы 2-тармағының 1) тармақшасы).

      Өтініш субъектісі қойған сұрақтарға қатысты Конституциялық Кеңес он бес жылдық тұру мерзіміне бірінші кезекте, нақты әкімшілік-аумақтық бірлікке және тұрғылықты жерін ауыстыру жиілігіне қарамастан, адамның ел аумағында тұрақты тұру уақыты кіреді деп есептейді. Мұндай тұжырым сондай-ақ Конституцияның 21-бабының 1-тармағынан туындайды, оған сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адамның, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.

      Конституциялық Кеңес Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімге Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналына жататын және оларға теңестірілген адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға мемлекетке бекітіліп берілген квоталарға сәйкес тағайындалған азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұру кезеңдері де есептеледі деп пайымдайды.

      Еліміздің дипломатиялық қызметінің қызметкерлері мен жұмыскерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады және өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін Қазақстанның сыртқы саясатын, халықаралық қатынастар саласында Конституцияның ережелері мен нормаларын іске асыру мақсатында жүзеге асырады. Жүктелген міндеттерді тиісінше шешу бұл қызметшілердің Республикада жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен іске асырылу жай-күйін білуін болжайды.

      Халықаралық қоғамдастықтың жалпыға бірдей танылған құндылықтарын бөлісетін тең құқылы мүшесі ретінде Қазақстан ерікті шарттық негізде халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының қызметіне қатысады. Өз азаматтарын халықаралық ұйымдарға жұмысқа жібере отырып, Қазақстан Республикасы сондай-ақ Негізгі Заңның 8-бабында бекітілген өз міндеттемелерін іске асырады.

      Осындай мемлекеттік мүдде халықаралық ұйымдарда өзге негіздерде басшылық лауазымдар атқаратын Республика азаматтарының кейбір басқа санаттарының қызметіне де қатысты. Олардың халықаралық миссиясының алдындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік және дипломатиялық қызметінің ұзақ тәжірибесін, жоғары кәсіби қасиеттері мен мемлекет алдындағы сіңірген еңбегін ескере отырып, бұл лауазымды адамдар еліміздің шет мемлекеттегі мекемелерінің персоналына теңестіріледі, ал халықаралық ұйымдардағы жұмыс кезеңі қызметкерлердің дипломатиялық дәрежелерде болу мерзімдеріне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі ("Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 2-тармағының 5) тармақшасы, 32-1-бабы және басқалар).

      4. Осы негіздер бойынша елден шығу қазақстандық азаматтықты тоқтатуға және тұрақты тұратын жерін өзгертуге әкелмейді. Аталған жағдайларда Республикадан тыс жерлерде болған азамат (егер оның өзге елге тұрақты тұрғылықты түрде шыққаны, басқа мемлекеттің азаматтығын, саяси немесе өзге де баспана алғандығы немесе сондай өтініштер бергендігі туралы мәліметтер болмаса) тиісті мемлекетте уақытша тұратын болып есептеледі. Осындай жағдай тұлғаның азаматтық институтынан туындайтын Қазақстанмен тұрақты саяси-құқықтық байланысы деңгейінің қандай да бір төмендеуін білдірмейді. Ел аумағынан тыс жерлерде жүрген азамат Республиканың қорғауында және қамқорлығында болады және ол Қазақстан азаматы құқықтарының, бостандықтары мен міндеттерінің толық көлеміне ие (Конституцияның 11-бабының 2-тармағы, 12-бабының 1 және 3-тармақтары).

      Осындай ұстаным қолданыстағы заңнамада да іске асырылған.

      Қазақстан Республикасы азаматының Республикадан тыс жерлерде тұруы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды ("Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы).

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған азаматтар жатады (54-баптың 2) тармақшасы).

      Мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын жеке тұлға, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкері, Қазақстан Республикасының резиденті деп танылады ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 217-бабы 4-тармағының 1) тармақшасы).

      Қызметтік міндеттерін орындауы тұрғылықты жерінен тыс жерде ұзақ тұруымен (бір жылдан астам) байланысты адамдар (растайтын құжат болған кезде) тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығармай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларының 13-тармағы).

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес Президенттікке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұрып жатқандығы фактісін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Шешім әрбір нақты жағдайда құжатпен расталған мән-жайларды талдау негізінде қабылдануы тиіс.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 2-тармағының нормасындағы "Қазақстан Республикасының Президенті болып..., ... Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын... Республика азаматы сайлана алады." деген сөздерді Республика Президенттігіне кандидат ретінде Қазақстан Республикасының аумағында соңғы он бес жыл бойы тұрақты тұратын азамат тіркелуі мүмкін деп түсіну керек.

      2. Белгіленген он бес жылдық мерзімге Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі персоналының және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған (сайланған) азаматтардың Республикадан тыс жерлерде тұру кезеңдері де қосылуы мүмкін.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес, нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы
Қ.Ә. Мәми

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады