Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қазақ КСР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 261-бабының үшінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынымы туралы

Жаңа

ҚАУЛЫ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 1998 жылғы 27 қараша N 14/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.Ким және Кеңес мүшелері Ж.Бұсырманов, О.Ықсанов, В.Мамонов, С.Темірболатов және В.Шопин қатысқан ашық отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының
1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қазақ КСР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 261-бабының үшінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы ұсынымын қарап, мынаны

                                АНЫҚТАДЫ:

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес Қазақ КСР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 261-бабының үшінші бөлігін конституциялық емес деп тану туралы Конституциялық кеңеске 1998 жылғы 25 қарашада ұсыным жасады.
      Республика Жоғарғы Сотының ұсыныммен өтінім жасауына әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 188-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған азамат Ә.М.Қажыгелдиннің әкімшілік құқық бұзушылық туралы ісінің адвокаттардың арыздары бойынша осы аталған сотта қайта қаралуы себеп болған.
      Ұсынымда заң мен сот алдында азаматтардың тең екені туралы конституциялық ережелерді бұза отырып, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 261-бабының үшінші бөлігі 52, 148, 164 және басқа да баптар бойынша жауапкершілікке тартылған адамдардың іс қаралған кезде міндетті түрде қатысуға тиістілігін, ал шақыру бойынша қатысудан жалтарған жағдайда мәжбүрлеп алып келуге ұшыратылуы мүмкіндігін көздейді деп дәлелденген.
      Жоғарғы Соттың пікірі бойынша құқық бұзушылық тек жекелеген түрлері бойынша және тек жекелеген адамдарға қатысты тиісті органға келу мәселелеріндегі міндеттілік пен мәжбүрлеу, сондай-ақ органдардың жалтаруды бұлтартпау бойынша міндеті Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтарына қайшы келеді, осы адамдардың құқығына көрінеу нұқсан келтіреді.
      Баяндамашы - Кеңес мүшесі С.Темірболатовтың хабарламасын тыңдап және Жоғарғы Соттың ұсынымы бойынша материалдарды қарай келіп, Конституциялық Кеңес сот дәлелдемелерін негізді деп табады және мынаны ескереді:
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағы заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін белгілейді. Конституцияның осы бабының 2-тармағында былай деп жазылған: "Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды".
      Осы Конституциялық нормалар кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан адамның және азаматтың заң мен сот алдында құқықтары тең екенін көрсетеді.
      Демек, адамды сот жауапкершілігіне тартқанда осы конституциялық нормалар ешқандай шектеусіз, Республика Конституциясының 39-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Сот істері бойынша іс қозғалғанда заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы конституциялық талап та сақталуға тиісті.
      Алайда, егер әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 261-бабының екінші бөлігінде істі жауапқа тартылған адамның қатысуынсыз қарау мүмкіндігі көзделсе, Кодекстің осы бабының үшінші бөлігінде осы ережеге кереғар, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің осы бөлігінде айтылған баптары бойынша жауапкершілікке тартылған адамдар олардың істері қаралған кезде қатысуға міндетті деп жазылған.
      Конституциялық Кеңес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің осы нормасында сот алдында теңсіздік белгіленген деп санайды.
      Сонымен, жоғарыда баяндалғандар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 261-бабының үшінші бөлігінде бекітілген заң нормасы адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретіндіктен Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына және 39-бабының 3-тармағына қайшы келеді деп пайымдауға мүмкіндік береді.
      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 31-33-баптарын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңес
                            ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. 1984 жылғы 22 наурызда қабылданған Қазақ КСР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 261-бабының үшінші бөлігі Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабымен баянды етілген адамның және азаматтың құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретіндіктен конституциялық емес деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 39-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқығы мен бостандығына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар конституциялық емес болып табылғандықтан өзінің заңдық күшін жояды және қолдануға жатпайды. Мұндай заңға негізделген соттардың және басқа құқық қолдану органдарының шешімдері орындалуға жатпайды.
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды есепке ала отырып, шағымдануға жатпайды.
     Конституциялық Кеңестің 
          Төрағасы 


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады