Байланыс формасы

Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрайымының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы жөнінде

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Қаулысы 1999 жылғы 29 қазан N 20/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Төраға Ю.А. Ким, Кеңес мүшелері Ж.Д. Бұсырманов, А.Есенжанов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда мына өкілдердің:
      өтініш субъектісінен - Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының төрайымы Д.К. Құрманованың;
      Республика Жоғарғы Соты мен Бас прокуратурасынан - Р.Т. Түсіпбеков және С.С. Ерімбетовтің қатысуымен,
      өзінің ашық отырысында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрайымының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы өтінішін қарады.
      Қолда бар материалдарды зерделеп, баяндамашы Қ.Ә. Омархановтың хабарын, өтініш субъектісі өкілінің және отырысқа қатысуға шақырылғандардың сөздерін тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
      1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 1999 жылғы 6 қазанда Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрайымының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы келіп түсті.
      Өтініш беруге Сарыарқа аудандық сотының іс жүргізуінде жатқан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабының бірінші тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін (есірткі заттарды көп мөлшерде заңсыз сатып алу және сақтау) В.П. Колмыковқа айып тағу жөніндегі қылмыстық іс себеп болды.
      Сотта "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Z990415_ Республика Заңының ережелерін, сондай-ақ Республика Конституциясы мен "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңының кейбір нормаларын Колмыковқа қатысты қолдануға байланысты күмәндану пайда болды.
      Конституцияның 62-бабының 2-тармағына сәйкес заңдар Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Сонымен бірге, "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңның 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында заңдар егер актілердің өзінде немесе оларды күшіне енгізу туралы актілерде өзге мерзімдер көрсетілмесе, олар алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді деп көрсетілген.
      Бұл конституциялық ереже Рақымшылық жасау туралы Заңның 1999 жылғы 13 шілдеден бастап, ал "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңның 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы болса - үстіміздегі жылдың 8 тамызынан бастап заңды екендігін көзде тұтады, себебі рақымшылық жасау актісі алғаш рет "Егемен Қазақстан" газетінде 1999 жылғы 28 шілдеде жарияланған.
      Рақымшылық жасау туралы Заңның нормалары рақымшылық жасау актісі күшіне енгенге дейін жасалған және оның юрисдикциясына жататын қылмыстар туралы қылмыстық істерге қатысты қолданылады.
      Баяндалғанға байланысты, бірінші жағдайда Колмыковты қылмыстық қудалау рақымшылық жасау актісі бойынша қысқартуға жатпайды, ал екіншіде - заңмен белгіленген тәртіппен жатады, себебі айыпталушы 1999 жылғы 2 тамызда қылмыс жасаған.
      Республиканың Жоғарғы Соты мен Бас прокуратурасы үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде төмендегі соттар мен прокурорларға "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Z990415_ Заңның 13 шілдеден заңды күшке ие болатыны, ал 1999 жылғы 8 тамыздан күшіне енгізілетіні туралы өзінің хатында түсіндіру берген.
      Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңның жоғарыда аталған нормасы және Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның нұсқаулығы Конституцияның 62-бабының талаптарына қайшы келеді және Республика Конституциясының 14-бабының 1-тармағы мен 39-бабының 1-тармағында көзделген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп есептейді де, соған байланысты өзінің ұсынысында оларды конституциялық емес деп тану туралы мәселе қояды.
      2. Ұсынысты қарауға және өтініштің мәні бойынша қорытынды шешім шығаруға Республика Конституциясының кейбір нормаларын түсіндіргеннен кейін ғана мүмкіндік туылады.
      Республика Конституциясының 62-бабының 2 және 8-тармақтарында әртүрлі мағыналық салмақ арқалайтын және бірдей емес ұғымдарды білдіретін "күшіне енеді" және "күшіне енгізу" терминдері пайдаланылған.
      Мәжілісте қаралған және мақұлданған, сонан соң Республика Парламенті Сенаты қабылдаған заң жобасы Конституцияның 61-бабының 4-тармағында бекітілген тәртіппен заңға айналады. Дегенмен, бұл оған заңның толық мәртебесі берілді дегенді білдірмейді, себебі, заңға Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін ғана ол тиісті заңдық күшке ие болуы мүмкін, ол туралы Конституцияның 62-бабының 2-тармағында айтылады.
      Республика Президентінің заңға қол қоюы оның соңына дейін жеткізілген құқықтық нысанға ие болғанын, нормативтік құқықтық актілердің сатысында өз орнын алғанын және мемлекеттің құқықтық жүйесіне қосылғанын білдіреді. Заңның заңдық күшке ие болу фактісі әлі қоғамдық қатынастардың реттелуінің басталғанын білдірмейді және сондықтан күтіліп отырған құқықтық салдарды болдыра алмайды, яғни бұл әрекет етпейтін заң. Аталған кезеңде заң шығару процесінің аяқталуы туралы айтуға әлі ерте.
      Конституциялық рәсім заңдарды міндетті түрде халыққа жария етуді көзде тұтады. Бұл Мемлекет басшысының өзі қол қойған заңды халыққа жария етуге конституциялық міндетін белгілейтін Конституцияның 44-бабының 2) тармақшасынан келіп шығады. Көрсетілген кезең заң шығару процесінде аяқтаушы болып табылады, одан кейін заңды іске асырудың мүмкіндіктері туралы, яғни заңның құқықтық күшін күшіне енгізу туралы айтуға болады.
      Бұл туралы Конституцияның 4-бабының 4-тармағында да тікелей айтылған: "Барлық заңдар ... жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады".
      Әртүрлі конституциялық нормалардың ара-қатынасы мен өзара байланысы Республика Конституциясының құрылымына байланысты.
      Конституция "Жалпы ережелер" деп аталатын 1-бөлімде конституциялық құрылымның негіздері, Республика қызметін ұйымдастырудың негізгі конституциялық принциптері және өзге де түбегейлі ережелер бекітілетіндей етіп баяндалған (4-бап осы бөлімге жатады). Бұл бөлімнің нормалары басқа конституциялық нормаларға қарағанда (атап айтқанда, IV-бөлімнің ішіндегі 62-бапқа қатысты) басымдыққа ие. Бұл тек конституциялық нормалар үшін ғана емес, Республикада қолданылып жүрген бүкіл заңдар жүйесі үшін де түбегейлі принцип болып табылады.
      Жоғарыда баяндалғаннан, заңды баспасөз құралдарында жариялау арқылы халыққа жария етуден соң ғана оны қолданудың (күшіне енгізудің) мүмкіндігі келіп шығады. Бұл заңның құқықтық қатынастарды реттей бастағанын және оны күшіне енгізгеннен кейін ғана белгілі бір құқықтық салдарды туындатып отырғанын білдіреді. Ал заң актілерін күшіне енгізу тәртібі арнаулы заңмен реттеледі (Конституцияның 62-бабының 8-тармағы).
      3. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Қазақстан Республикасының Заңы Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібін реттейтін арнаулы акті болып табылады. Жоғарыда аталған заң актісінің 36-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, заңдар егер актілердің өзінде немесе оларды күшіне енгізу туралы актілерде өзге мерзімдер көрсетілмесе, олар алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енгізіледі.
      Бұл норма Республика Конституциясының талаптарына қайшы келмейді.
      4. "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Z990415_ Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 62-бабының 2-тармағына сай, оған Республика Президенті қол қойғаннан кейін 1999 жылғы 13 шілдеден күшіне енді. Бұл осы заңның барлық заң шығару рәсімдерінен өткенін және заңдық күшке ие болғанын білдіреді. Сол арқылы ол жеке тұлғалар жасаған рақымшылық жасау актісінің аясына жататын, яғни 1999 жылғы 13 шілдеге дейін жасалғандарды қоса, қылмыстарды есептеудің уақыт бойынша шекарасын анықтады.
      "Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы" Z990415_ Қазақстан Республикасының Заңын күшіне енгізу оны алғаш рет ресми жариялағаннан (1999 жылғы 8 тамыз) кейін он күнтізбелік күн өткен сәттен басталады, себебі онда басқа мерзімдер көрсетілмеген. Заңдық күшке ие болған заңды күшіне енгізудің бұл уақыттық өлшемдері осы заңды қолдануды жүзеге асырушы барлық мемлекеттік ведомстволар мен органдардың ұйымдық және құқықтық сипаттағы тиісті шараларды алуы және іске асыруы үшін қажет.
      5. Сарыарқа аудандық соты төрайымының ұсынысында нұсқаулық деп аталған Жоғарғы Сот Төрағасы және Бас прокурордың міндеттерін атқарушының 1999 жылғы 1-қыркүйектегі хаты туынды актілердің мұндай түрлеріне "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңда қойылатын талаптарға жауап бермейді, және сондықтан нормативтік құқықтық актілерге жатқызыла алмайды.
      Республика Конституциясының 72-бабының 2-тармағына және 78-бабына сәйкес, Конституциялық Кеңес аталған ведомствоаралық сипаттағы құжатты қарау оның құзыретіне кірмейді деп есептейді.
      6. Конституциялық іс жүргізу материалдарын дайындау және зерделеу барысында Республика Конституциясының қазақша мәтініндегі 62-бабының 2 және 8-тармақтарының және 4-бабының 4-тармағының орыс тіліндегі нұсқасына сәйкестігі жөнінде күмәндану пайда болды, соған байланысты ғылыми-лингвистикалық сараптама белгіленіп, оны жүргізу қазақ тілі саласында маманданып жүрген ғалымдарға жүктелді.
      Өздерінің сараптау қорытындысында тіл білімінің ғалымдары нормативтік грамматиканың ережелеріне сәйкес, сондай-ақ қазақ тілінің грамматикалық және лексикалық құралдарының заңдылықтарын ескере отырып, Конституцияның талдауға салынған нормаларының қазақ тіліндегі нұсқасы "күшіне енеді" және "күшіне енгізіледі" категорияларын заң тұрғысынан түсінудің дәлдігі мен логикасын, бүге-шігесі мен ауқымдылығын толық жеткізетінін, бұл ұғымдардың пара-пар еместігін ескеретінін атап өткен. "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Заңның сәйкес нормаларының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінде де олар қайшылықтарды байқамаған.
      Баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33 және 37-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
                               қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын күшіне енгізу бөлігіндегі "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Z980213_ Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына

сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және шағымдануға 
жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және 
Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген 
жағдайларды ескеріп, түпкілікті болып табылады.
     
     Қазақстан Республикасы 
     Конституциялық Кеңесінің 
     Төрағасы 
     
     Оқығандар:
          Қасымбеков Б.А. 
          Икебаева Ә.Ж. 
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады