Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі талдау орталығының Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы N 735 Жарлығына түсініктемесі

      2001 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілді.
      Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 1997 жылғы "Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы" атты Жолдауында жария етілген "Қазақстан 2030" ұзақ мерзімді даму стратегиясы ел дамуының алдын ала және үш онжылдық кезеңін іске асыруды көздейтіні белгілі.
      Қазақстан халқына 2000 жылы жария етілген "Еркін, тиімді де қауіпсіз қоғамға қадам басайық" Жолдауында Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткеніндей, "ұзақ мерзімді стратегия айқындаған реформалардың бірінші кезеңі аяқталды, ал алғашқы үш жылға алға қойылған міндеттер орындалды".
      2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының қабылдануы Қазақстан ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын орындауды жалғастырып, тереңдете түсетінін білдіреді.
      Стратегиялық жоспар әлемнің көптеген дамыған мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып талдап жасалған. Сонымен бірге ол ұлттық экономиканың, әлеуметтік саланың, экологияның, саяси және әкімшілік жүйенің қазіргі кезеңде қалыптасып отырған күшті және әлсіз жақтарын объективтік талдау мен ескеруге негізделген.
      Жан-жақты талдаудың негізінде Стратегиялық жоспарда экономикалық, әлеуметтік, саяси салалар мен мемлекеттік басқару саласында мемлекет пен қоғамның алдына алдағы он жылға нақты міндеттер қойылған.
      Экономикалық салада - бұл бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негіздерін жасау және ІЖӨ көлемінің кем дегенде екі есе ұлғаюына қол жеткізу, тұрақты экономикалық өсуге және ұлттық капиталдың экономиканың шешуші салаларындағы ықпалын күшейтуге бағытталған мемлекеттік шаралар жүйесін жүзеге асыру, аграрлық сектордың дамуын ынталандыру, инфляцияның төменгі деңгейін ұстап тұру, Қазақстанның қаржы жүйесінің одан әрі дамуын қамтамасыз ету.
      Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге экономиканың өнеркәсіптік, аграрлық және ғылыми-технологиялық секторларын интеграциялық дамытуды көздейтін өнеркәсіптік-технологиялық саясатты іске асыру жәрдемдесетін болады.
      Стратегиялық жоспарда экология және табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне айрықша назар аударылған. Осы мақсаттарға орай су ресурстарының тапшылығын қысқарту, сумен қамтамасыз ету деңгейін жақсарту, қолданыстағы табиғат қорғау заңнамасын жетілдіру, табиғат пайдалану жүйесін оңтайландыру, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі міндеттер алға тартылады.
      Әлеуметтік салада мынадай міндеттер қойылған. Олар - халықтың әл-ауқатын, жұмыспен қамтылуын арттыру және аз қамтамасыз етілген жіктердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мен барынша әлсіз әлеуметтік жіктерге көрсетілетін әлеуметтік көмектердің бағыттылығын күшейту, халықтың экономикалық белсенді көпшілігін зейнетақы, әлеуметтік және медициналық қамсыздандыру жүйесімен қамтуды қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсетуге, жалпы және кәсіби білімге қол жеткізуді арттыру, мемлекеттің әлеуметтік функциясын сапалы атқаруы жолымен кедейшілік деңгейін азайту.
      2001-2010 жылдарғы мемлекеттің әлеуметтік саясатының мәселелеріне арналған тарау республиканың демографиялық даму стратегиясын қамтитынын атап өткен жөн. Онда бала тууды ұлғайту, халықтың көбейтушілері денсаулығын жақсарту және сақтау, өлім деңгейін азайту, эммиграциялық процестерді тежеу, әйелдердің қоғамдағы жағдайын жақсарту белгіленген.
      Білім беру, денсаулық сақтау, халықтың жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жүйесін реформалауға көп көңіл бөлінген.
      Мемлекеттік басқару саласында жаңа экономикалық және саяси ортада әрекет етуге, өз функцияларын осы заманғы жағдайларда тиімді орындауға қабілетті, тиімді мемлекеттік аппаратты құру басты мақсат болып айқындалған.
      Стратегиялық жоспарда Үкіметтің оңтайлы құрылымын жасау, мемлекеттік қызметтің жүйесі мен басқару әдістерін, сондай-ақ кадрлық қамтамасыз етуді жетілдіру, үйлестіру мен бақылаудың тиімді тетіктерін ендіру, қоғам мен мемлекеттің өзара қатынасында жаңа жүйелік негіздерді құру секілді міндеттерді шешуге бағытталған әкімшілдік реформаның стратегиясы айқындалған.
      Стратегиялық жоспардың жеке тарауы биліктің орталық және жергілікті органдарының функциясын нақпа-нақ жіктеу жөніндегі міндеттерге арналған.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады