"Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 тамыздағы N 167 Жарлығына түсініктемесі

      Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы Мемлекет басшысының "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы" атты ағымдағы жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.
      Стратегия экономикалық кеңістікті қалыптастыруды және халықты таратып орналастыруды, кластерлерді құрумен өзара ұштастыра отырып аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз етуді қоса алғанда, елдің аумақтық дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайды.
      Стратегияны іске асырудың бағыттары мыналар болып табылады:
      1) елдің өңірлік және әлемдік экономикада ұстанымдануының тиімді стратегиясын тұжырымдау мен іске асыру;
      2) елді тиімді аумақтық ұйымдастыру;
      3) өңірлерді тиімді экономикалық ұйымдастыру;
      4) аумақтардың экологиялық жай-күйін жақсарту;
      5) аумақтық дамуды институттық қамтамасыз ету.
      Стратегияда Қазақстанның әлемдік рыноктағы ұстанымдануының бағыттары мынадай болып айқындалған:
      1) Қазақстан - минералдық шикізаттың, астық өнімдері мен қайта өңдеу өнімдерінің ірі өндірушісі мен жеткізушісі.
      Осы бағыт аясында негізгі міндет сыртқы рыноктарда орныққан ұстанымдарды күшейту және өндірістің озық технологияларын енгізу мен жаңа әлемдік рыноктарға шығу есебінен сапалы минералдық шикізат, металлургия және астық өнімдерін ірі әлемдік жеткізушілер қатарына кіру болып отыр.
      2) Қазақстан - Еуропа, Азия-Тынық мұхиты және Оңтүстік Азия экономикалық жүйелерінің өзара әрекеттесуінің трансқұрлықтық экономикалық көпірі.
      Мұнда негізгі міндет Батыс пен Шығыс (Еуропа мен Азия) арасындағы кеңістікте ресурстардың ағыны үдерістерін технологияландыру болып табылады.
      Өңірлік рынокта:
      1) Қазақстан - өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуші ретінде.
      Аталған бағыт аясындағы негізгі міндеттер өңірлік рынокта бәсекеге қабілетті әлеуетке ие салаларды, оның ішінде кластерлік тәсілді қолдана отырып дамыту (тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарының өндірісі, металлургия және мәшине жасау, т.б.), технологиялық трансферт аймақтарын құру мен дамыту, "ғаламдық брендтерді", мәселен, Қазақстанда филиалдары жұмыс істеп жатқан "LG", "Knauf", "Philip Morris" сияқты компанияларды тарту, қазақстандық брендтерді ілгерілете отырып сыртқы рыноктардағы маркетинг қызметін жандандыру.
      2) Қазақстан қазіргі заманғы сервис орталығы ретінде.
      Қолда бар әлеуетті пайдалана отырып, Қазақстан өңірдің халықаралық стандарттарға жауап беретін қызмет көрсетулердің кең ауқымын ұсыну бойынша дамыған сервис орталығына айналуға тиіс.
      3) Қазақстан өңірдің инновациялық орталығы ретінде.
      Аталған бағыт шеңберіндегі негізгі міндет бұрын елден басқа жаққа кеткен ғалымдар мен әзірлеушілерді, сондай-ақ көршілес елдерден мамандарды тарта отырып, білім беру-инновациялық, бизнес-технологиялық және қолдаушы кешендерді біріктіретін өңірлік инновациялық жүйелер құру болып табылады.
      Стратегияны қабылдау елдің аумақтық кеңістігін қалыптастырудың осьтік ұстанымына көшуді жүзеге асыруды көздейді. Оның негізі қазіргі қолда бар және қалыптастыру көзделіп отырған сыртқы рыноктарға шығу мен елдің өңірлік және әлемдік экономикаға кірігуін қамтамасыз ететін көлік-коммуникациялық дәліз болып табылады.
      Дамудың аумақтық стратегиялық осьтері - қалыптасқан, сол сияқты құрылып жатқан өңірлік және өңірге қарасты құрылатын аумақтық-шаруашылық жүйелерді, сондай-ақ оқшауланған экономикалық тораптар мен олардың арасындағы аумақтарды байланыстыратын Солтүстік, Оңтүстік және Орталық осьтер болады.
      Солтүстік даму осі Каспий (Атырау, Ақтау) және Алматы (Талдықорған, Достық) аумақтық-шаруашылық жүйелеріне шығатын "Өскемен - Семей - Павлодар - Астана - Қостанай (Көкшетау, Петропавл) - Ақтөбе - Орал" бағытында және Ресей Федерациясының шекара маңындағы өңірлеріне осьтің бүкіл периметрі бойынша қалыптасады. Ось елдің солтүстігі мен батысындағы "астық белдеуі" деп аталатын өмір сүруге және шаруашылық қызметке қолайлы, дамыған сауда-экономикалық және көлік-коммуникациялық байланыстары бар толық игерілген аумақтарды Ресей Федерациясымен, еуропалық, таяушығыстық және шығысазиялық экономикалық кеңістікке негізгі шығу жолдарымен байланыстырады және солтүстікқазақстандық трансеуразиялық сауда-экономикалық дәлізін құрады.
      Оңтүстік даму осі бүкіл периметр бойынша Орта Азия мемлекеттерінің шекара маңындағы өңірлеріне шығатын "Қытай Халық Республикасының шекарасы (Достық, Қорғас) - Талдықорған - Алматы - Тараз - Шымкент - Қызылорда - Атырау, Ақтау" бағытында қалыптасады. Ось елдің оңтүстігіндегі өмір сүруге және шаруашылық қызметке қолайлы, дамыған сауда-экономикалық және көлік-коммуникациялық байланыстары бар толық игерілген аумақтарды Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстырып, Оңтүстік Қазақстан трансеуразиялық сауда-экономикалық дәлізін (жаңарған Ұлы Жібек жолын) құрады.
      Елдің экономикалық кеңістігінің тірек негізі  Орталық ось болады және ол Балқашқа, Достыққа тармақталуымен және Қытайға, Жезқазғанға шығуымен, Батыс Қазақстанның теңіз порттары бағытына шығу перспективасы бар "Астана - Қарағанды - Алматы" бағытында жатады.
      Қалыптастырылатын даму осьтерінің аса маңызды тораптары аумақтық-шаруашылық жүйелердің ірі экономикалық орталықтары болып табылатын, әлемдік, өңірлік және ұлттық еңбек бөлінісінде бәсекеге қабілетті, серпінді дамып келе жатқан көшбасшы қалалар мен тірек қалалар болады.
      Стратегияда тірек қалалардың екі деңгейі айқындалған:
      1) Жалпыұлттық деңгей. Бұл санатқа, орталығы Қостанай қаласы болатын - Солтүстік, орталығы Қарағанды қаласы болатын - Сарыарқа, орталығы Ақтөбе қаласы болатын  - Орал, орталығы Атырау қаласы болатын - Каспий, орталығы Шымкент қаласы болатын - Оңтүстік, орталығы Өскемен қаласы болатын - Ертіс, орталығы Алматы қаласы болатын - Жетісу экономикалық макроөңірлердің орталықтары бөліне отырып, барлық қалалар, облыс орталықтары және Шығыс Қазақстан облысының аса маңызды көліктік торабы ретінде Семей қаласы кіреді.
      2) Өңірлік деңгей - облыстық маңызы бар басқа да перспективалық қалалар.
      Бұдан басқа, осы құжат республикалық, өңіраралық және облыстық маңызы бар өндірістік, энергетикалық, инженерлік, көлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымдардың үйлесімді дамуына бағытталған мемлекеттік инвестициялардың (ұлттық компаниялардың қаражаттарын қоса алғанда) негізгі басымдықтарын айқындап берді.

      Қазақстан Республикасы Президенті
      Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық
      талдау бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады