"Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 16 қарашадағы № 435 Жарлығына ТҮСІНІКТЕМЕ

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің түсіндірмесі

      «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 16 қарашада қабылданған Мемлекет басшысының Жарлығы мемлекеттік органдар аппараттарының жұмысын тұрақты және тиімді етуді, жауапты хатшылар институтын нығайту арқылы меритократия принципі негізінде мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
      Осы Жарлықты қабылдау кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы басымдығы шеңберінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын іске асырудың іс жүзіндегі қадамы болып табылады.
      Жарлық жауапты хатшы мен мемлекеттік орган басшысының өкілеттігін нақты межелейді. Аппараттың қызметі мен кәсіби жұмысын ұйымдастыру жауапты хатшының негізгі міндеті болады. Ол үшін оған қажетті өкілеттілік беріледі.
      Осылайша, жауапты хатшы кадр, қаржы, заңгерлік, әкімшілік, құжаттамалық, ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы құрылымдық бөлімшелер қызметіне, сондай-ақ орталық атқарушы органда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бірыңғай саясаттың іске асырылуына жетекшілік етеді.
      Мемлекеттік сатып алу саласында жауапты хатшының өкілеттіктері (мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын, конкурстық комиссияның құрамын және конкурстық құжаттаманы бекіту) сатып алуды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты болады. Жауапты хатшының өзі жүргізетін мемлекеттік сатып алу тиісті атқарушы органның қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша ғана жүзеге асырылады.
      Жарлыққа сәйкес жауапты хатшыға мемлекеттік орган басшысының міндетін, сондай-ақ жауапты хатшының міндеттерін мемлекеттік органның басшысына және оның орынбасарларына жүктеуге жол берілмейді. Жауапты хатшыға сәйкес келмейтін функциялар мен тапсырмалар беру мүмкіндігі болдырылмайды.
      Жауапты хатшы уақытша болмаған кезеңде (демалыстар, іссапарлар, сырқаттану және т.б.) тиісті бұйрықпен оның өкілеттігі өзіне қарасты департамент басшысына жүктеледі.
      2030 жылға дейінгі Стратегияны іске асыру шеңберінде орталық атқарушы органның кәсіби кадр құрамын қалыптастыру жауапты хатшының шешуші міндеті болып табылады. Осыған орай, Жарлыққа сәйкес кадр жұмысы, қызметкерлерді лауазымға тағайындау және босату толығымен жауапты хатшыға жүктелетін болады. Бұған лауазымға тағайындау және босату өкілеттігі заңдарға сәйкес мемлекеттік орган басшысына немесе басқа лауазымды тұлғаға бекітілген жағдайлар қосылмайды. Мысалы, «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Әділет министрі ведомство басшылары мен олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және босатады.
      Жауапты хатшы аппарат жұмысына, атқарушылық және еңбек тәртібін қоса алғанда, еңбек жағдайларын ұйымдастыруға, іссапарларға, демалыстарға жіберуге, аттестация өткізуге, біліктілікті арттыруға, тілдерді дамытуға, ынталандыру пакетін және іс жүзіндегі кадр резервін қалыптастыруға, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге, жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарауға, электрондық құжат айналымын енгізуге, жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың тапсырмаларын уақтылы орындауға, тәртіптік жауапкершілікке тартуға және т.б. жеке жауап беретін болады.
      Осы межелеу аппараттың тұрақтылығын арттыруға және ынталандыруға, кадрлық шешімдерді уақтылы қабылдауға жағдай туғызатын болады. Жауапты хатшыға мемлекеттік органның аппаратын жедел басқаруды жүктеу арқылы бірінші басшылардың қызметі салалық саясат пен заңнаманы қалыптастыруға және тиімді іске асыруға шоғырланатын болады.
      Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органның құрылымын негізсіз қайта құрудан қорғауға бағытталған норма Жарлықтың маңызды жаңалығы болып табылады. Атап айтқанда, мемлекеттік органның, ведомстволардың, аумақтық органдардың құрылымы мен штаттық санына өзгеріс енгізу қажеттілігі қайта құру, функциялар өзгерген, сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық акті қабылданған жағдайда ғана мүмкін бола алады.
      Жарлықта жауапты хатшының өкілеттіктерін екінші мерзімге ұзарту мүмкіндігімен 4 жылға тағайындау көзделген. Бұл орайда, жауапты хатшы Үкімет немесе орталық атқарушы органның басшысы отставкаға кеткен жағдайда өз өкілеттігін тоқтатпайды.
      Жарлыққа сәйкес жауапты хатшының жұмысын кешенді мониторингілеуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін жыл сайынғы бағалау негізінде жүргізетін болады. Сондай-ақ, жарты жылдың қорытындысы бойынша жауапты хатшының қызметі туралы есепті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсыну қажеттілігі белгіленіп отыр. Мемлекеттік органның жұмысы тиімділігінің көрсеткіштері төмендеген, сондай-ақ, жетекшілік ететін салада ахуал нашарлаған жағдайда, жауапты хатшының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата отырып, тиісті шаралар қолданылатын болады.
      Бірінші басшы тарапынан мемлекеттік органның қызметіне бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Жарлықта жауапты хатшының жұмысын бірінші басшыға қарасты ішкі аудит қызметі арқылы жедел мониторингілеу көзделген. Аудиторлық есеп негізінде атқарушы органның басшысы жауапты хатшының жұмысындағы кемшіліктер жөнінде Премьер-Министр мен Президент Әкімшілігін ақпараттандыра алады.
      Бұл орайда, осы Жарлықпен Үкіметке 2013 жылғы 1 наурызға дейін ішкі аудит қызметін құру және оның жұмысын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Осы норма Жарлыққа қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Жарлықтың өзге бөлігінде «Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енген күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазіргі уақытта аталған заңның жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қаралуда. Заң жобасының редакциясына сәйкес заң ресми жарияланған күннен бастап үш ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      Осыған байланысты, орталық атқарушы органдардың басшылары Жарлықты іске асыру шеңберінде тиісті түсіндіру және дайындық жұмысын жүргізетін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады