Байланыс формасы

Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі N 856 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 149 Жарлығымен.

      Ескерту. Тақырыпқа, кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
      Ескерту. Тақырыптағы және мәтін бойынша "халықтары Ассамблеясының", "халықтарының Ассамблеясы", "халықтары Ассамблеясын" деген сөздер тиісінше "халқы Ассамблеясының", "халқының Ассамблеясы", "халқы Ассамблеясын" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.

      Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдағы тұрлаулылық пен келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі көтеру мақсатында қаулы етемін:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан халқы Ассамблеясының 2011 жылға дейiнгi стратегиясы ;
      2) Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы ереже бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.
       2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясын іске асыру жөнінде тиісті іс-шаралар қолдансын және бұрын қабылданған шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.
      3. "Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің  1995 жылғы 1 наурыздағы N 2066 Жарлығының және "Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы N 2066 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 қазандағы N 450 Жарлығының күші жойылсын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы    
Президентінің       
2002 жылғы 26 сәуірдегі    
N 856 Жарлығымен      
БЕКІТІЛГЕН        

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ
ОРТА МЕРЗІМДІ КЕЗЕҢГЕ АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯСЫ
(2011 жылға дейін) Астана, 2002 жыл

1. ПАСПОРТЫ

Атауы                   Қазақстан халқы Ассамблеясының орта
                        мерзiмдi кезеңге арналған стратегиясы
                        (2011 жылға дейiн)

Әзiрлеу үшiн            Мемлекет басшысының Қазақстан халқы
негiз                    Ассамблеясының VIII сессиясында айтылған
                        тапсырмалары

Негiзгi                 Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс
әзiрлеушiлер            органы, Қазақстан халқы Ассамблеясының
                        Кеңесi

Негізгi                 Қазақстан халқы Ассамблеясының
орындаушы               жұмыс органы

Iске асыру              2002-2011 жылдар
мерзiмi

Қаржыландыру            Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң
көздерi                 қаражаты, халықаралық ұйымдардың қаржы
                        ресурстары, гранттар және Қазақстан
                        Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған
                        басқа да көздер
      Ескерту. 1-бөлімге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.

2. Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың бүгiнгi таңдағы жай-күйiн талдау және ұлттық саясат саласында мемлекет назарын талап ететiн негiзгi проблемалар

      Ежелгi қазақ жерiнде халықтардың, өркениеттердiң, мәдениеттер мен алуан дiни сенiмдердiң бiр мемлекетте бейбiт қатар өмiр сүруiнiң бай да бiрегей тәжiрибесi жинақталған. Бұл тәжiрибе бiздiң бiрлiгiмiздiң түп-тамырын айқындайды және болашағымызды айқынырақ көруге жәрдемдеседi.
      Қазақстандағы iшкi саяси жағдай бүгiнгi таңда тұтас алғанда тұрлаулылығымен сипатталады. Түрлi этникалық топтар өздерi тұратын аймақтардағы ұлтаралық қатынастарды қанағаттанарлық әрi жарасымды деп бағалайды.
      Қазақстан қоғамының өзi тәрiздi елдегi ұлтаралық қатынастар да соңғы жылдары айтарлықтай өзгерiстерге ұшырады. Экономикалық және саяси реформаларды жүргiзу барысында жаңа әлеуметтiк топтар түзiлдi, қоғамда ой еркiндiгi мен төзiмдiлiк орнығу үстiнде. Қоғамды демократияландыру Қазақстан халықтарының мәдениетi мен тiлдерiнiң қайта түлеуi және дамуы үшiн жағдайды қамтамасыз еттi. Бұл даму күллi Қазақстан этностарының азаматтық бiртұтастығы негiзiнде жүрiп жатыр, мұның өзi ұлтаралық қатынастардың үйлесiмдiлігiне ықпал етедi.
      Сонымен қатар ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне керi әсер ететiн: өмiр сүру деңгейiнiң төмендегi, жұмыссыздық пен қылмыстың орын алуы, құқықтық мәдениеттiң жеткiлiксiздiгi, этникалық оқшаулану үрдiстерiнiң көрiнiстерi сияқты бiрқатар объективтi факторлар бар.
      Бүгiнгi әлемде халықтардың өзара қарым-қатынасының қайшылықты процесi жүрiп жатыр, олардың арасындағы байланыстар кеңеюде. Сонымен бiрге әлемнiң жекелеген аймақтарында өзге мәдениет және өркениет өлшемдерiн қабылдамау орын алып отыр. Жасампаз ниеттi әрi әдiлдiкке ұмтылатын бiрде бiр жан бұл жағдайды қанағат тұта алмайды.
      Соңғы кезде ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне әсер ететiн мынадай да жаңа сыртқы факторлар пайда болды, бұлар:
      этноконфессиялық белгi бойынша геосаяси жiкке бөлiну ықтималдығы, сондай-ақ бұқаралық сана төзiмдiлiгiнiң төмендеуi;
      аймақта әскери-саяси тұрлаусыздық қатерiнiң туындауы, гуманитарлық апаттардың мүмкiндiгi және босқындардың бақылаусыз ағынының пайда болуы;
      дiни идеяларды жамылған экстремистiк, террорлық және радикалдық топтардың құқыққа қайшы әрекетi;
      шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары, елдiң заңдарын сақтамайтын дiни бiрлестiктер арқылы тобырлық мәдениет пен қазақстандық дiлге жат мінез-құлықтардың таралуы;
      трансұлттық қылмыстардың өсуi;
      конфессиялар мен этнобағдарлы ұйымдардың саясаттануы.
      Аталған факторлар ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне тұрлаусыздандырушы ықпал етуi мүмкiн. Сондықтан мемлекеттiк органдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мынадай проблемаларды шешуде мақсат көздейтiн әрi алдын алу жұмысын жүргiзуi қажет:
      азаматтық бiртұтастық, қазақстандық патриотизм, рухани-мәдени өзара iс-қимыл мен ұлтаралық қатынастардың үйлесiмділігi негiзiнде қазақстандық сәйкестiктi қалыптастыру және нығайту;
      азаматтық қоғамды кезең-кезеңiмен әрi дәйектiлiкпен демократияландыру, қалыптастыру және дамыту процесiне қоғамның қалың жiгiн тарту және жандандыру;
      Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне сыртқы қатерлер мен әсерлер ықпалын жою.
      Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылған кезеңде оның алдына қойылған мiндеттер бүгiнгi таңда тұтастай алғанда орындалды. Елде күллi этностардың теңдiгi; олардың тiлдерi мен мәдениетiн қайта түлету мен дамыту қамтамасыз етiлдi. Экономикалық саладағы нарықтық реформалар негiзiнен аяқталды, саяси жүйенi демократияландыру жүргiзiлдi.
      Қазiргi уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғам мен мемлекеттегi орны мен рөлiне, бiздiң iшкi дамуымыздың, сол сияқты сыртқы факторлар әсерiнiң де нәтижесi болып табылатын мiндеттердi шешуге жаңа көзқарас қажет.
      Мемлекеттiк ауқымды әрi маңызды кез келген мәселенi шешу геосаяси даму перспективаларын алдын ала болжауды, мемлекеттiң тәуелсiз даму жолының мүддесiнде тарихи маңыздылық пен ғылыми негiздiлiктi ескере отырып, айрықша қажырлылық пен табандылықты талап етедi.
      Басым бағыттарын айқындай келе, Қазақстан халқының Ассамблеясы өзiнiң алдына мынандай жауапты мақсаттар мен мiндеттер қояды: қайта түлеген мемлекеттiлiктi нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын, халық пен мемлекет мүдделерiн қорғау, өркениеттi әлемдiк қоғамдастықтың талаптарына жауап беретiн дамудың сапалық жаңа деңгейіне өту. Осы мәселелердi шешу жүйелi және алдын ала сипатты болуға тиiс.
      Жоғарыда аталған факторларды және қоғамдағы өз рөлiнiң маңыздылығын ескере отырып Ассамблея мемлекеттiк ұлттық саясатты iске асыруға белсене қатысуға тиiс. Бұл ретте Ассамблеяның жаңа мақсаттары мен мiндеттерi мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясат саласындағы стратегиялық басымдықтарына сәйкес айқындалады және Ассамблеяның әрбiр мүшесiне зор жауапкершiлiк жүктейдi.
      Бұл қағидат мемлекеттiң азаматтық қоғамды жан-жақты нығайту және оның мүшелерiн мемлекеттiк саясат процесiне бiрте-бiрте тарту жөнiндегi жалпы стратегиясының арнасында өрбидi.

3. Стратегияның мақсаттары мен мiндеттерi

      Қазақстан халқы Ассамблеясының осы стратегиясы оның ұлтаралық қатынастар саласында таяу перспективаға арналған қызметiнiң базалық және басшы бағдарларының жүйеленген жиынтығы болып табылады және мынадай принциптерде түзілген:
      халық пен мемлекет мүдделерiнiң басымдығы;
      заңның үстемдiгi және нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге қатысына, қандай әлеуметтiк топқа жататынына қарамастан, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi;
      ұлттық мәселенi әдiл шешудiң негiзi ретiндегi қоғамдық тұрлаулылық, Қазақстан Республикасының беделiн түсiруге бейiл, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыпты жұмыс iстеуiне кедергi келтiретiн iс-әрекеттердiң, сөз айту мен пiкiрлердiң алдын алу және болдырмау;
      Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттерiн, тiлдерi мен салт-дәстүрлерiн жан-жақты дамыту;
      мемлекеттiң ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, ұлттық, рулық және дiни алауыздықты тұтандыруға, өшпендiлiк пен араздыққа бағытталған іс-әрекеттiң алдын алу;
      шет елдерде тұратын отандастарды ана тiлiн, мәдениетi мен ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау мен дамыту, олардың тарихи Отанымен байланысын нығайту мәселелерiнде қолдау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерiн одан тыс жерлерде қорғауға жәрдемдесу;
      халықаралық ұйымдармен және шет елдердiң азаматтық қоғам институттарымен интеграциялық қатынастарды кеңейту.
      Осы стратегияның мақсаты Қазақстан халқы Ассамблеясының "Қазақстан-2030" Стратегиясының мiндеттерiн іске асырудағы, қоғамдағы тұрлаулылық пен келiсiмдi нығайтудағы және Қазақстан халқын, оның қуатты мемлекеттiлiгiн, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру процесiндегi рөлiн күшейту болып табылады.
      Стратегияның мiндеттерi:
      мемлекеттiк тiл мен қазақ халқының мәдениетiнiң өзектi рөлiн арқау ете отырып, азаматтық және рухани-мәдени бiртұтастық негiзiнде Қазақстан этностарын топтастыру жолымен қазақстандық сәйкестiктi қалыптастыру;
      ұлтаралық қатынастар саласында мемлекеттiк органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиiмдi iс-қимылды қамтамасыз ету;
      Қазақстанда үйлесiмдi ұлтаралық қатынастарды қамтамасыз етуде этномәдени бiрлестiктердiң күш-жiгерiн бiрiктiру;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы келеңсiз үрдiстердiң алдын алу және ықтимал қатерлердi жою жөнiндегi сақтандыру тетiктерiнiң жүйесiн қалыптастыру, этникалық факторды саясаттандыруға жол бермеу;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк саясатты іске асыру жөнiндегi Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметiн жетiлдiру және саяси жүйенi демократияландыру, қоғамдық дамудың өзектi мәселелерiн шешуде оның рөлiн арттыру болып табылады.
      Аталған мiндеттердi шешудi Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметiнiң негiзгi бағыттарына қоғам мен мемлекеттiң дамудың жаңа кезеңiндегi қажеттiлiктерiне сәйкес түзетулер енгiзу жолымен iске асыру қажет. Бұл ретте ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру мақсатында қоғам мен мемлекеттiң ұйымдық, санаткерлiк және өзге де ресурстарын бiрiктiру қажет.
      Осыған орай, негiзгi күш-жiгер Қазақстан халқы Ассамблеясының қазiргi құрылымдарының жұмысын түбегейлi жақсартуға және жаңа құрылымдарын түзуге бағытталатын болады.

4. Мемлекеттiк ұлттық саясатты қалыптастыру мен iске асыру жөнiндегi Ассамблея қызметiнiң негiзгi бағыттары

      Мемлекеттік ұлттық саясатты қалыптастыру мен іске асыру жөніндегі Ассамблея қызметінің басым бағыттары мыналар болып айқындалды:

4.1. Қазақстандық сәйкестiктi қалыптастыру саласында

      Қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру мен жалпықазақстандық мәдениеттi одан әрі дамытуға мынадай мiндеттердi шешу арқылы жәрдемдесу:
      рухани бiрлiк, халықтар достығы, ұлтаралық келiсiм идеяларын қалыптастыру мен тарату, қазақстандық патриотизм сезiмiн уағыздау;
      Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетi туралы бiлiмдi тарату, тарихи мұраны сақтау және этникалық топтардың ұлттық ерекшелiгi мен өзара іс-қимыл дәстүрлерiн одан әрi дамыту;
      халықтың денсаулығын жақсартудың мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыруға қатысу, дәстүрлi отбасылық құндылықтарды насихаттау және отбасы институтын жан-жақты нығайту, бала туу деңгейiн көтеруге жағдай жасауға жәрдемдесу;
      мемлекеттiк қызмет пен қоғамдық-саяси қызметтiң неғұрлым маңызды салаларында жұмыс iстеуге қабiлеттi, жалпықазақстандық мемлекеттiк сана-сезiмi мен дiлi қалыптасқан ұлттық кадрлар даярлау жүйесiн әзiрлеуге қатысу;
      ұлттық саясат саласында маманданатын мемлекеттiк қызметшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;
      мемлекеттiк қызметке аз ұлттар өкiлдерiн тарту.
      Негiзгi мақсаттары:
      мемлекеттiк тiлдiң әлеуметтiк-коммуникативтiк функцияларын одан әрi кеңейту мен нығайту негiзiнде қолайлы әлеуметтiк-лингвистикалық орта құру;
      орыс тiлiнiң ресми және жалпымәдени функцияларын сақтау және этникалық топтардың тiлдерiн дамыту;
      мемлекеттiк тапсырыс тетiгiн пайдалану арқылы мемлекеттiк тiлдiк бағдарламаларды iске асыруға республикалық және аймақтық ұлттық-мәдени бiрлестiктердi тарту болып табылатын бiрыңғай мемлекеттiк тiл саясатын iске асыруға жәрдемдесу.
      Этномәдени бiлiм беру жүйесiн түзудi мынадай жолдармен қамтамасыз ету:
      орта және жоғары бiлiм жүйесi шеңберiнде этномәдени бiлiм беру бағдарламасын әзiрлеуге қатысу және оны әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      басқа халықтардың мәдениетiне, тарихына, тiлiне, әлемдiк мәдениет құндылықтарына деген құрмет сезiмiн тәрбиелеумен қатар әрбiр этникалық топтың мәдениетi мен тiлiн сақтау және дамыту құралы ретiнде жексенбiлiк мектептер мен ұлттық қайта түлеу мектептерiнiң ұйымдық нысандарын жетiлдiру;
      этникалық азшылықтардың жинақы тұратын жерлерiнде ана тiлiнде бiлiм беру мекемелерiн құруға жәрдемдесу, олардың тiлдерiндегi оқу-әдiстемелiк материалдарды алуға, мерзiмдi баспасөз бен баспа өнiмдерiн таратуға, теле- және радио хабарларын жеткiзуге көмек беру.
      Ұлтаралық өзара іс-қимыл саласында этнодiни факторларды пайдалануға жол бермеудi; этностардың конфессиялық белгi бойынша төзбеушiлiгi мен жiкке бөлiнуiн болдырмауды:
      ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың рухани және эстетикалық маңызға ие дiни құндылықтармен өзара байланысын есепке алу, дiни бiрлестiктердiң Қазақстандағы қоғамдық тұрлаулылықты нығайтудағы күш-жiгерiн қолдау;
      халықтың, әсiресе жас ұрпақтың арасында экстремистiк дiни ағымдардың таралуына қарсы iс-қимыл жөнiнде жүйелендiрiлген ағартушылық жұмыс жүргiзу;
      дiннiң бiрiктiрушi бастауларын - Қазақстанды мекендейтiн халықтардың имандылық ұмтылыстарының, рухани iзденiстерiнiң, эстетикалық нормаларының ортақтығын пайдалану және насихаттау арқылы қамтамасыз ету.
      Ұлттық сәйкестiкке және қоғамның тұрлаулылығына қатер төндіретін келеңсiз үрдiстердiң алдын алу және қарсы iс-қимыл жүйесін қалыптастыруға ықпал ету. Осыған байланысты мынадай шараларды қолға алу:
      Ассамблея жанынан ұлтаралық қатынастарды жүйелi әрі мақсатты зерттеу жөнiндегi талдау орталығын құру;
      тиiстi ақпараттық-идеологиялық жұмыс жүргiзу;
      Ассамблеяның ұлтаралық қатынастар саласындағы келеңсiз үрдiстердiң алдын алу жөнiндегi жұмыста мемлекеттiк органдармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылының бiрыңғай ұйымдық құрылымын түзу (мемлекеттiк органдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi кеңiнен қатысатын Ассамблея Кеңесi үлгiсiнде).

4.2. Қоғамды одан әрi демократияландыруға
жәрдемдесу саласында

      Ұлтаралық қатынастар саласын реттейтiн нормативтiк-құқықтық базаны дамытуға Ассамблеяның қатысуын:
      ұлтаралық қатынастар саласын реттейтiн қоғамдық мәнi бар нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына сараптама жасау үшін Ассамблея мүшелерін тарту;
      ұлтаралық қатынастарға қатысты заң жобаларын, қолданыстағы заңдарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi ұсыныстарға Үкiмет арқылы бастамашылық ету тетiктерiн пайдалану арқылы кеңейту.
      Қоғамдық бiрлестiктердi (ұлттық-мәдени бiрлестiктердi, бейүкiметтiк ұйымдарды және басқаларды) мемлекеттiк ұлттық саясаттың жекелеген бағыттарын iске асыруға ерiктi негiзде тарту практикасын жалғастыру. Бұл үшiн Ассамблея мынадай шараларды iске асыруға ниеттi:
      мемлекеттiк билiк органдары мен қоғамдық бiрлестiктер арасында сындарлы диалогты жолға қоюға ықпал ету;
      қоғамдық бiрлестiктермен бiрлесiп мемлекеттiк ұлттық саясаттың басымдықтарын ескере отырып, ұлтаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және ұлттық мәдениеттердi дамытуға бағытталған әлеуметтiк-экономикалық даму бағдарламаларын әзiрлеу және жүзеге асыру;
      қоғамдық бiрлестiктермен бiрлесiп ұлттық саясаттың негiзгi бағыттарының iске асырылуын ақпараттық қамтамасыз етудi жүзеге асыру, Қазақстанды мекендейтiн халықтардың тарихы мен мәдениетi туралы бiлiм-бiлiктi таратуға жәрдемдесу;
      этникалық негiздегi жанжалдардың алдын алу мен шешiмiн табу бағдарламаларын әзiрлеу кезiнде отандық және шетелдiк тәжiрибенi ескеру.
      Әр түрлi халықаралық ұйымдармен, басқа елдердiң мемлекеттiк және беймемлекеттiк құрылымдарымен ынтымақтастықты:
      мемлекет пен этникалық топтардың мәдени дамудағы мүдделерiн теңдестiру үшiн мемлекет пен елдiң азаматтық институттарының шет мемлекеттермен, халықаралық институттармен ұлтаралық қатынастар саласындағы өзара iс-қимыл тетiктерiн жетiлдiру мен нығайту;
      азаматтық қоғам мен халықаралық ұйымдардың билiкке деген сенiмiн нығайтуға және арттыруға бағытталған шаралар кешенiн жүзеге асыру;
      елдегi қоғамдық прогресс пен азаматтық татулыққа ықпал ететiн ғылыми-практикалық конференцияларды, семинарлар мен басқа да бiлiм беру мен мәдени iс-шараларды, акцияларды халықаралық ұйымдармен, мемлекеттiк органдармен және шетелдердiң ұқсас құрылымдарымен бiрлесiп өткiзу практикасын;
      халықаралық ұйымдардың және шет елдердiң беймемлекеттiк құрылымдарының мүмкiндiктерiн ұлтаралық, көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерiндегi жекелеген келеңсiз үрдiстердiң саясаттануын төмендету және жою үшiн пайдалану арқылы тереңдету.

4.3. Ассамблеяны ұлтаралық қатынастар саласындағы
мемлекеттiк саясат институты ретiнде жетiлдiру саласында

      Мемлекеттiк ұлттық саясатты iске асырудың маңызды органы ретiнде Ассамблеяның қызметін:
      мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимыл жүйесiн қалыптастыру және олардың ұлтаралық қатынастар мәселелерi жөнiндегi қызметiн Ассамблеяның жұмыс органының үйлестiруi;
      Ассамблеяның жұмыс органының Ассамблея сессияларында алға қойылған мiндеттердi iске асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бақылауды қамтамасыз етуi;
      ұлтаралық қатынастар саласын қозғайтын заң жобаларына қоғамдық-саяси сараптама жүргiзуге Ассамблеяның қатысу тетiгiн талдап жасау арқылы жетiлдiру.
      Мыналарды:
      ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк саясат тәжiрибесiн ғылыми жинақтап-қорытуды жүргiзу мен мемлекеттiк органдарға ұлтаралық қатынастарды одан әрi үйлестiру жөнiндегi практикалық ұсынымдарды тұжырымдау;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы келеңсiз үрдiстердiң алдын алу және күнiлгерi ауыздықтау, қатерлер мен арандатушы идеологиялық ықпалдарға ақпараттық-идеологиялық қарсы iс-қимыл тетiктерiн қалыптастыру;
      тәуелсiз сарапшылар мен азаматтық қоғам институттарын тарту арқылы ұлтаралық қатынастарға мониторинг ұйымдастыру;
      елдiң бейүкiметтiк ұйымдарын елдегi ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне тәуелсiз сараптама жасауға және этностар теңдiгiн қамтамасыз ету және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелерi жөнiнде халықаралық ұйымдар үшiн ұлттық есептердi дайындауға тарту үшiн Ассамблея қызметiн сарапшылық-талдау тұрғысынан сүйемелдеудi және Ассамблеяның талдау орталығын құру арқылы ұлтаралық қатынастарды дамытуды қамтамасыз ету.
      Ассамблеяның қызметін ақпараттық және идеологиялық сүйемелдеуді:
      ұлтаралық қатынастар мәселелерi жөнiндегi материалдарды, Ассамблеяның және этномәдени бiрлестiктердiң қызметi туралы ақпаратты, талдау және басқа да материалдарды жариялап отыратын Ассамблеяның мерзiмдi басылымын тұрақты негiзде шығаруды ұйымдастыру;
      қазiргi заманғы РR-технологияларды пайдаланудың көмегiмен жұртшылық, азаматтық қоғам институттары арасында Ассамблеяның танымалдығы мен беделiнiң артуына қол жеткiзу;
      Бүкiл әлемдiк Интернет ақпараттық желiсiнде Ассамблеяның wеb-сайтын жетiлдiру, кiшi ассамблеялардың wеb-сайттарын жасау;
      республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын мемлекеттiк ақпараттық саясатты жүргiзуге бағытталған қызметтi орындау шеңберiнде пайдалану жолымен қамтамасыз ету.
      Қазақстан халқы Ассамблеясының кiшi ассамблеялармен, орталық және жергiлiктi атқарушы билiк органдарымен жоспарлы және дәйектi жұмысын қамтамасыз ету, бұл үшiн:
      Ассамблеяның, оның жұмыс органының қоғамды демократияландыру, тiл саясаты, этномәдени бiлiм берудi дамыту, рухани-мәдени даму және т.б. салалардағы мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруға қатысуы жөнiнде ұсыныстар енгiзу;
      Мемлекет басшысын хабардар ету үшiн ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк органдардың қызметiне Ассамблеяның жұмыс органының мониторинг жүргiзуiн қамтамасыз ету;
      Ассамблея (Ассамблеяның Кеңесi, жұмыс органы және басқа) органдарының орталық атқарушы органдармен ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк саясат мәселелерi жөнiндегi iс-шараларды iске асыру саласындағы өзара iс-қимылының келiсiлген жоспарларын әзiрлеу (кiшi ассамблеялардың жергiлiктi атқарушы органдармен өзара ұқсас iс-қимылы сәйкес жоспарларын әзiрлеу);
      бiрлескен ведомствоаралық және аймақаралық жұмыс жоспарлары аясында ұлтаралық қатынастардың өзектi мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың жұмысын Ассамблеяның жұмыс органы арқылы үйлестiру;
      Ассамблея мен кiшi ассамблеялардың, олардың жұмыс органдарының жұмысының тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған шаралар кешенiн iске асыру.
      Ассамблеяның ұлтаралық өзара iс-қимылды нығайтуға бағытталған iскерлiк белсендiлiгiн күшейту әрi осы мақсатта:
      ұлтаралық қатынастар саласындағы маман-ғалымдарды, iс-тәжiрибесi бар қызметкерлердi, РR-қызметi мамандарын және т.б. жұмысқа тарту есебiнен Ассамблея мен кiшi ассамблеялардың жұмыс органдарының кадр құрамын нығайту;
      Ассамблеяның мониторинг саласындағы жекелеген ұзақ мерзiмдi жобаларын, тiл саясатына байланысты бағдарламаларын және қоғамдық маңызы бар басқа да iс-шараларын республикалық бюджет қаражаты есебiнен (мемлекеттiк тапсырысты орындау шеңберiнде) iске асыру тетiктерiн әзiрлеу;
      ұлттық-мәдени бiрлестiктердiң бiлiм беру, мәдени және қайырымдылық жобаларын iске асыру үшiн материалдық және қаржылық негiз жасауға бағытталған iскерлiк белсендiлiгiн қолдау.

5. Стратегияны iске асыру тетiгі және ресурстық
қамтамасыз ету

      Стратегияны оның қағидалары негiзiнде iске асыру мақсатында Ассамблеяның жыл сайынғы iс-қимыл жоспарлары әзiрленiп, iске асырылатын болады.
      Стратегияны iске асыру жөнiндегi нақты iс-шаралар Ассамблеяның жұмыс органы әзiрлеп, Ассамблеяның Төрағасы бекiтетiн жыл сайынғы iс-қимыл жоспарларында айқындалады. Тиiстi iс-шаралар жоспарлары кiшi ассамблеялар деңгейiнде әзiрленiп, оларды сол ассамблеялардың төрағалары бекiтедi.
      Осы стратегияны iске асыру республиканың, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының бюджет қаражаттары, ұлттық-мәдени бiрлестiктердiң қаражаттары, халықаралық ұйымдардың қаржы ресурстары, гранттар мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да қаржы көздерi есебiнен көзделген.
      Сонымен қатар осы стратегияны iске асыру аясында Ассамблеяның жекелеген жобаларын қаржыландыруға қатысатын қор құру мүмкiндiгiн қарау орынды болмақ.

6. Стратегияны іске асырудан күтiлетiн нәтижелер

      Ассамблея қызметiнiң аталған негiзгi бағыттарын iске асырудың нәтижелерi мыналар болуға тиiс:
      азаматтық татулық пен келiсiмдi, iшкi саяси тұрлаулылықты қамтамасыз ету саласында:
      ұлтаралық қатынастарды үйлестiру негiзiнде қазақстандық сәйкестiктi қалыптастыру, қазақстандық патриотизмдi, қазақстандықтардың рухани-мәдени тұтастығын нығайту, жастардың кейiнгi әрбiр буынының бойында қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеу жүйесін құру;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiң саясатын iске асыруда мемлекеттiк органдардың келiсілген жұмысын жүргiзу;
      Ассамблеяның ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттiк мүдделердi іске асыру жөнiндегi жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру;
      этномониторинг жүргiзу және Ассамблеяның талдау құрылымдары қызметiнiң негiзiнде келеңсiз үрдiстер мен қатерлерден сақтандыру мен алдын ала анықтау жүйесiн құру;
      ұлтаралық қатынастар мәселелерi, экстремизм, төзбеушiлiк пен радикализм идеяларының ықпалына қарсы пәрмендi iс-қимыл мәселелерi жөнiндегi ақпараттық-идеологиялық жұмыстың сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыру;
      ұлтаралық қатынастар саласында:
      ұлтаралық қатынастарды үйлестiру, Қазақстандағы этностар арасындағы қарым-қатынастарда төзiмдiлiк пен сенiмдi нығайту;
      Қазақстан этностарын мемлекеттiк тiл мен қазақ халқының мәдениетi айналасында топтастыратын олардың мәдениеттерi мен тiлдерiн одан әрi дамыту, қазақстандықтардың рухани-мәдени тұтастығын қалыптастыратын жағдайларды қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк тiлдi әрбiр қазақстандық этнос өкiлiнiң iшкi мәдениетiнiң ажырамас тiнiне айналдыру;
      мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдi ұлтаралық қатынас құралы ретiнде одан әрi дамытатындай нақты перспективаларына ие болатын көптiлдiлiктi қалыптастыру;
      қоғамдық-саяси жүйенi демократияландыру және азаматтық қоғамды қалыптастыру саласында:
      Қазақстан халқы Ассамблеясын қоғамды одан әрi демократияландырудың тиiмдi құралына айналдыру Ассамблеяның азаматтық қоғам институттарындағы беделi мен ықпалын өсiру, оның ұлттық-мәдени бiрлестiктермен өзара iс-қимылын нығайту;
      азаматтық қоғам институттарын ұлтаралық қатынастар саласындағы маңызды әлеуметтiк жобаларды шешуге тарту, азаматтық қоғам институттарын ұлтаралық қатынастар саласында дамыту;
      ұлтаралық қатынастар проблемаларына қатысты келiсiлген саясат жүргізу және дүниежүзілiк қоғамдастықта Қазақстанның беделiн көтеру мақсатында халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, шет мемлекеттердің ұлтаралық қатынастар мәселелерi жөнiндегi институттарымен ынтымақтастықты дамыту.
      Осы стратегияны іске асырудың түпкі нәтижесі қоғамды демократияландыру, оны топтастыру, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, ішкі саяси тұрлаулылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ "Қазақстан-2030" Стратегиясында алға қойылған міндеттерді орындау негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту болуға тиіс.

Қазақстан Республикасы     
Президентiнiң       
2002 жылғы 26 сәуiрдегi    
N 856 Жарлығымен      
БЕКIТIЛГЕН         

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі - Ассамблея) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы заңды тұлға құрмайтын мекеме болып табылады.
      Ассамблея өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына заңдарына , Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
      2. Ассамблея өз қызметiн мынадай принциптерге негiздейдi:
      халық пен мемлекет мүдделерiнiң басымдығы;
      жариялылық пен демократия, өз мүшелерiнiң тең құқылығы мен құрамындағы қызметi үшiн дербес жауапкершiлiгi;
      заңдардың үстемдiгi, адам мен азаматтың нәсіліне, ұлтына, тiлiне, дiнге қатысына, қандай әлеуметтiк топқа жататынына қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi;
      Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениеттерiн, тiлдерiн және салт-дәстүрлерiн жан-жақты дамыту;
      халықаралық ұйымдармен, Қазақстанның және шет елдердiң азаматтық қоғам институттарымен интеграциялық байланыстарды кеңейту.
      3. Ассамблея шешiмдерi Қазақстан Республикасы Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау шешімдерінен басқа ұсынымдық сипатта болады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
 

       2. Қызметiнiң мақсаттары, мiндеттерi мен
негiзгi бағыттары

      4. Ассамблеяның мақсаттары:
      ұлттық мәселенi әдiлеттi шешудiң негiзi ретiнде қоғамдық тұрлаулылықты нығайту;
      мемлекеттiк тiл мен қазақ халқы мәдениетiнiң өзектi топтастырушы рөлiн арқау ете отырып, Қазақстан этностарын қазақстандық патриотизм, азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негiзiнде шоғырландыру жолымен қазақстандық сәйкестiктi қалыптастыру;
      азаматтардың өркениеттi әрi демократиялық нормаларға сүйенетiн саяси мәдениетiн қалыптастыру;
      Қазақстан Республикасының беделiн түсiруi ықтимал іс-әрекеттердiң, сөз сөйлеу мен пiкiр айтудың алдын алу және болдырмау;
      этносаралық қатынастарды үйлестірудi қамтамасыз ету, түрлi этностар өкiлдерi арасындағы қарым-қатынастарда төзушілік пен сенiмдi нығайту болып табылады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.
        5. Ассамблея қызметi мынадай мiндеттердi шешуге бағытталған:
      рухани бiрлiк идеясын қалыптастыру және тарату, халықтар достығы мен ұлтаралық келiсiмдi нығайту және сақтау;
      Ассамблеяның мемлекеттiк органдармен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылының бiрыңғай жүйесiн жасау арқылы ұлтаралық қатынастар саласындағы келеңсiз үрдiстердің алдын алу;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы ахуалға мониторинг жүргiзу және талдау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру, олардың негiзiнде қоғамды топтастыруды қамтамасыз ететiн практикалық ұсынымдарды тұжырымдау;
      мемлекет жүргізiп отырған ұлт саясатында әр алуан ұлттық мүдделердiң ескерiлуiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
      Ассамблея мақсаттары мен мiндеттерiне қол жеткiзу үшiн ұлттық-мәдени бiрлестiктердiң күш-жiгерiн бiрiктiру.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.
       6. Ассамблея қызметiнiң негiзгi бағыттары:
      ұлтаралық қатынастар мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара iс-қимыл жасау;
      қоғамның рухани, мәдени және әлеуметтiк-экономикалық даму тұжырымдамалары мен бағдарламаларының жобаларын әзiрлеуге қатысу, оларды мемлекеттiк органдарда және жұртшылық арасында талқылауды ұйымдастыру, оларды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      ұлт саясаты мәселелерi бойынша заң жобаларына қоғамдық-саяси сараптама жасауға қатысу;
      ұлтаралық қатынастар саласындағы келiспеушiлiктер мен дауларды реттеу, жанжалды ахуалдарды шешу жөнiнде ұсынымдар тұжырымдау және практикалық шараларды iске асыруға қатысу;
      халықаралық ұйымдармен және шет елдердiң азаматтық қоғам институттарымен белсендi интеграциялық саясат жүргiзу;
      ұлттық-мәдени бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасау;
      ұлтаралық қатынастар, Қазақстан халықтарының мәдениетi мен тілдерiн дамыту және қолдау мәселелерi бойынша конференциялар мен семинарлар өткiзу;
      Қазақстан Республикасында ұлтаралық қатынастардың жай-күйiне мониторинг жасау;
      ұлтаралық келiсiм идеяларын, қағидаттарын және нормаларын насихаттау болып табылады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.

3. Жұмысын ұйымдастыру және оның тәртiбi

      7. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Ассамблеяның ғұмырлық Төрағасы болып табылады. Ассамблея Төрағасы Ассамблея қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындайды әрi бекiтедi. Ассамблея Төрағасының екi орынбасары болады.
      Ассамблея Төрағасының орынбасарлары Ассамблея Кеңесiнiң ұсынымы негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнің актiлерiмен тағайындалады.
      8. Ассамблея сессияларын Ассамблеяның Төрағасы шақырады. Ассамблея сессиясының өтетiн күнi, орны және болжалды күн тәртібi оның жұмысы басталуынан бiр ай бұрын жарияланады. Сессия жылына кемiнде бiр рет шақырылады.
      Ассамблеяның кезектен тыс сессиясын Ассамблея Төрағасы өз бастамашылығы бойынша немесе Ассамблея мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң өтiнiшi бойынша шақырады және шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде өткізіледі.
      Ассамблея сессиясы, егер оның жұмысына Ассамблея мүшелерiнiң жалпы санынан кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болып саналады. Сессия шешiмi, егер ол үшiн Ассамблеяның қатысып отырған мүшелерiнiң жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Шешiм қабылдау кезiнде дауыс беру тәсілін Ассамблея сессиясы айқындайды.
      Ассамблея сессиясы:
      Қазақстан Республикасы Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға;
      Ассамблеяның тұжырымдамалары мен бағдарламалық құжаттарын талқылауға және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзуге;
      Ассамблея мүшелерiнiң есептерiн тыңдауға;
      Қазақстан Республикасының Президентiне осы Ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар жасауға;
      Ассамблеяның құзыретiне жатқызылған өзге де мәселелердi қарап, шешуге хақылы.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
       9. Ассамблея сессияларының аралығында жұмыс жүргiзу үшiн Ассамблея Төрағасының шешiмiмен Ассамблеяның құрамына кiретiн мемлекеттiк органдар, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң қатарынан, кiшi ассамблеялар жетекшiлерiнен Ассамблея Кеңесi құрылады. Ассамблея Төрағасының шешiмiмен Ассамблея Кеңесiнiң құрамына Ассамблеяның басқа да мүшелерi кiре алады.
      Ассамблея Кеңесi Ассамблеяның мақсаттарына қол жеткiзу мен мiндеттерiн шешуге бағытталған неғұрлым маңызды мәселелердi қарайды, соның ішінде Қазақстан Республикасы Конституциясына және»"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынады. Ассамблея Кеңесiнiң шешiмi, егер ол Ассамблея Кеңесi мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қабылдағанда, заңды болып табылады.
      Ассамблея Кеңесiнiң шешiмi Ассамблеяның жұмыс органы жүргiзетiн сауалнама жолымен де қабылдануы мүмкiн. Ассамблея Кеңесiнiң отырысын қажеттiлiкке қарай Ассамблея Төрағасының келiсiмiмен Ассамблея Төрағасының орынбасарлары бiрлесiп шақырады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
       10. Ассамблея Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Ассамблеяның стратегиялық мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру барысында Ассамблеяның мемлекеттiк органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшiн Ассамблеяның Үйлестiру кеңесi құрылады, оның функциялары мен өкiлеттiгiн Ассамблея Төрағасы айқындайды.
      Ассамблеяның Үйлестiру кеңесiнiң құрамына Ассамблея Төрағасының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің басшылары мен өзге де мүшелерi, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары немесе олардың орынбасарлары енгiзiлуi мүмкiн.
      11. Ассамблеяның алдына қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн Ассамблея Төрағасы өз шешiмiмен Ассамблея жанынан басқа да кеңесшi органдар мен құрылымдар құра алады.
      12. Ассамблеяның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі болып табылады.
      Ассамблея жұмыс органының негiзгi функциялары:
      Ассамблеяның қызметiн қамтамасыз ету, Ассамблея шешiмдерiнiң орындалуын ұйымдастыру және бақылау;
      ұлтаралық қатынастарды, қоғамдағы келiсiм мен тұрақтылықты дамыту және нығайту жөнiндегi бiрлескен ведомствоаралық және аймақаралық жұмыс жоспарлары шеңберiнде мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру;
      мемлекеттiк ұлт саясатының тұжырымдамалық негiздерiн, Ассамблеяның тұжырымдамалары мен бағдарламалық құжаттарын әзiрлеуге және Қазақстан халқының тiлдерiн, мәдениетiн, тарихи салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын қайта түлету және сақтау бағдарламаларын iске асыруға қатысу;
      Ассамблея қызметiне қатысты мәселелер бойынша талдау, ақпараттық және әдiстемелiк материалдар дайындау, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, елдегi қоғамдық прогресс пен азаматтық татулыққа ықпал ететiн басқа да iс-шаралар мен акциялар өткiзу;
      мемлекеттiк органдармен және ТМД елдерi мен алыс шетелдiң ұқсас құрылымдарымен, сондай-ақ қоғамдық және ұлттық-мәдени бiрлестiктермен, халықаралық және бейүкiметтiк ұйымдармен Қазақстанның тұрлаулы дамуын қамтамасыз етуге және Ассамблеяға жүктелген мiндеттердi iске асыруға бағытталған өзара iс-қимылдар жасау;
      Ассамблея жанынан құрылған кеңесшi органдар мен құрылымдар қызметiн ұйымдастыру болып табылады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23 N 1561 , 2008.04.24 N 576 Жарлықтарымен.

4. Ассамблея құрамына қабылдау және құрамынан шығару,
кiшi ассамблеялар

      13. Ассамблеяның құрамын Ассамблея Төрағасы мемлекеттiк органдар, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерi, сондай-ақ қоғамдағы беделiн, қоғамдық-саяси белсендiлiгiн ескере отырып, өзге де адамдар қатарынан жасақтайды.
      14. Ассамблея мүшелiгiне кандидаттар ұлттық-мәдени бiрлестiктердiң ұсыныстары бойынша кiшi ассамблеялардың шешiмдерiмен ұсынылады, аймақтық және республикалық қоғамдық бiрлестiктерден олардың жоғары органдарының шешiмдерiмен ұсыным жасалады.
      Ассамблея мүшелiгiне барлық кандидатуралар Ассамблея Кеңесінің отырысында қаралып, оларды Ассамблея Төрағасының орынбасарлары Ассамблея Төрағасының бекiтуiне ұсынады. Ассамблея Төрағасы ұсынылған кандидатураларды қабылдамай тастауға және Ассамблеяның құрамына өз қарауынша басқа адамдарды енгiзуге хақылы.
      15. Ассамблея Төрағасы Ассамблея Төрағасы орынбасарларының немесе кiшi ассамблеялар төрағаларының ұсыныстарымен:
      өзiнiң лауазымы бойынша Ассамблеяның құрамына енген Ассамблея мүшесi - мемлекеттiк қызметшiнiң жұмыс орны өзгерген;
      өзiнiң лауазымы бойынша Ассамблеяның құрамына енген адам сайланбалы лауазымнан босатылған жағдайда;
      өзге де негiздер бойынша Ассамблеяның құрамынан оның кез келген мүшесiн шығара алады.
      16. Кіші ассамблеялар Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы заңды тұлға құрмайтын мекеме және Ассамблеяның өңірлердегі өкілдіктері болып табылады.
      Кiшi ассамблеялар өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын заңдары мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiн, осы Ереженi басшылыққа алады және кiшi ассамблеялардың төрағалары бекiткен ережелер негiзiнде iс-қимыл жасайды.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007 жылғы 26 шілдедегі N 370 Жарлығымен.
       17. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi лауазымдары бойынша кiшi ассамблеялардың төрағалары болып табылады.
      18. Кiшi ассамблеяның құрамы жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдардың, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi қатарынан түзiледi.
      19. Кiшi ассамблеялардың жұмыс органдары облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi аппараттарының құрамына құрылымдық бөлiмшелер ретiнде кiретін олардың хатшылықтары болып табылады.
      Кiшi ассамблея хатшылығының меңгерушiсiн кiшi ассамблеяның төрағасы Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс органымен келiсiм бойынша тағайындайды. Кiшi ассамблея хатшылығының меңгерушiсi өзiнiң мәртебесi бойынша кішi ассамблея төрағасының орынбасары болып табылады.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23 N 1561 , өзгерту енгізілді - 2008.04.24  N 576 Жарлықтарымен.

5. Ассамблея және кiшi ассамблеялар мүшелерінің
      құқықтары мен мiндеттерi

      Ескерту. 5-тараудың атауы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.

      20. Ассамблея және кішi ассамблеялар мүшелерiнiң:
      Ассамблеяның және кiшi ассамблеялардың қарауына шығарылған мәселелердi талқылауға қатысуға;
      көзқарастар мен ұстанымдар еркіндiгiне, Ассамблея және кiшi ассамблеялар шешiмдер қабылдағаннан кейiн де өз пiкiрiн бiлдiруге;
      Ассамблея және кiшi ассамблеялар құрамынан өз еркiмен шығуға құқығы бар.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.
      21. Ассамблея және кiшi ассамблеялар мүшелерi:
      елдегi ұлтаралық келiсiм мен ішкi саяси тұрақтылықты нығайтуға;
      өздерiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асыруға;
      Ассамблеяның негізгі мақсаты мен міндеттерін өмірге енгізуге белсене қатысуға, оның идеялары мен қызметiн насихаттауға;
      Ассамблея және кiшi ассамблеялардың беделi үшiн қам жеуге, Қазақстан Республикасының, Ассамблеяның және кiшi ассамблеялардың беделiне нұқсан келтiруi ықтимал iс-әрекеттердің алдын алуға және болдырмауға;
      Ассамблея және кішi ассамблеялардың тапсырмаларын адал орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.04.23. N 1561 жарлығымен.

6. Басқару құрылымы мен қаржыландыру

      22. Ассамблеяның жұмысына жалпы басшылықты Ассамблея Төрағасы жүзеге асырады.
      23. Ассамблея Төрағасының орынбасарлары оның сессияларының аралығында Ассамблея Кеңесiн басқарады, Ассамблея аппаратының жұмысына басшылық жасайды, өкiлдiк функцияларын жүзеге асырады және Ассамблея Төрағасының жекелеген тапсырмаларын орындайды.
      24. Ассамблея қызметiн қаржыландыру мемлекеттiк бюджет қаражаты, ерiктi қайырмалдықтар мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де қаржы көздерi есебiнен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады