Тың және тыңайған жерлердi игерудiң басталуына 50 жыл толуы құрметiне арналған мерекелiк медаль туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 16 қаңтардағы N 1281 Жарлығы.


      Республикалық баспасөзде және

      "Президент пен Үкімет актілерінің"

      жинағында" жариялануға тиіс

      Республикада тың және тыңайған жерлердi игеруге және ауыл щаруашылығын дамытуға елеулi үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдiк азаматтарды көтермелеу мақсатында, сондай-ақ тың және тыңайған жерлердi игерудiң басталуына 50 жыл толуы құрметiне ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалi тағайындалсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:

      1) "Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалi туралы ереже ;

      2) "Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалiнiң сипаттамасы бекiтiлсiн.

      3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының


Президенті



  Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2004 жылғы 16 қаңтардағы
N 1281 Жарлығымен
бекiтiлген

"Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалi туралы ереже

      1. "Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалiмен (бұдан әрi - мерекелiк медаль) республикада тың және тыңайған жерлердi игеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға елеулi үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдiк азаматтар, сондай-ақ бұрын тың және тыңайған жерлердi игергенi үшiн медалiмен марапатталғандар наградталады.

      2. Мерекелiк медальмен наградтауға ұсынысты Қазақстан Республикасының Президентiне Қазақстан Республикасының Парламентi, Үкiметi, министрлiктерi, өзге де орталық мемлекеттiк органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгiзедi.

      3. Мерекелiк медальдi Қазақстан Республикасының Президентi тапсырады.

      Мерекелiк медальдi Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан және тапсырмасы бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы;

      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерi;

      3) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, сондай-ақ мемлекет басшысы осыған өкiлеттiк берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.

      4. Мерекелiк медальдi тапсыру салтанатты жағдайда және жария жүзеге асырылады. Ол наградталған адамның жеке өзiне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентiнiң наградтау туралы Жарлығы жария етiледi.

      5. Мерекелiк медальдiң тапсырылғандығы туралы белгiленген нысанда хаттама жасалады. Ол медальдi тапсырған адамның қолымен және тапсыруды жүргiзген органның мөрiмен бекітіледi және Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жолданады.

      6. Мерекелiк медаль кеуденiң сол жақ өңiрiне тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары бар болса олардан кейiн орналасады.

      7. Әрбiр наградталған адамға мерекелiк медаль тапсырумен бiр мезгiлде тиiстi куәлiк берiледi.

      8. Жүргiзiлген наградтаулардың есебiн, сондай-ақ мерекелiк медальдердi тапсыру барысы туралы есеп берудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi жүргiзедi.

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2004 жылғы 16 қаңтардағы
N 1281 Жарлығымен
бекiтiлген

"Тыңға 50 жыл"
мерекелік медалiнiң сипаттамасы

      "Тыңға 50 жыл" мерекелiк медалi жезден дайындалады және диаметрi 34 мм шеңбер пiшiндi болады. Медальдiң бет жағында көтерiлген күн мен егiн аясында астық жинап жүрген комбайндар, оң және сол жақтарында айнала бидай масақтары бейнеленген.

      Медальдiң сыртқы бетiнде ортада мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде:

      "Қазақстан Республикасы "Тыңға 50 жыл"

      "Республика Казахстан "50 лет целине" деген жазу орналасқан. Медальдiң төменгi бөлiгiнде айнала лавр бұтақтары орналасқан.

      Медальдағы барлық бейнелер, жазулар бедерлi, алтын түстi. Медаль шеттерi ернеумен жиектелген.

      Медаль құлақша мен шығыршық арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы түстес қатқыл лентамен тысталған енi 34 мм және биiктiгi 50 мм бес бұрышты тағанға жалғанады. Лентаның шеттерiн бойлай сары және жасыл түстi екi жолақ жүргiзiлген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады