Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметiне арналған мерекелiк медаль туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 20 сәуірдегі N 1555 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерiнiң дамуы мен қалыптасуына елеулi үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-aқ Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығын атап өту құрметiне ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелiк медалі тағайындалсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:

      1) "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелік медалі туралы ереже;

      2) "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелік медалiнiң сипаттамасы бекiтiлсiн.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының


Президентi



      Қазақстан Республикасы

      Президентінің

      2005 жылғы 20 сәуiрдегi

      N 1555 Жарлығымен

      БЕКIТIЛГЕН

"Қазақстан Конституциясына 10 жыл"
мерекелiк медалi туралы
ЕРЕЖЕ

      1. "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелiк медалiмен (бұдан әрi - мерекелiк медаль) Қазақстанның конституциялық негiздерiнiң дамуы мен қалыптасуына елеулi үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткерлерi, заңгерлер қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары наградталады.

      2. Мерекелiк медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентiне Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының Төрағалары, Үкiметi, Конституциялық Кеңесi, министрлiктерi, өзге де орталық мемлекеттiк органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгiзедi.

      3. Мерекелiк медальдi Қазақстан Республикасының Президентi тапсырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң атынан және тапсыруы бойынша мерекелік медальдi:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы;

      2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi;

      3) басқа да лауазымды тұлғалар тапсыра алады.

      4. Мерекелiк медальдi тапсыру салтанатты жағдайда жүргiзіледi және ол марапатталушының жеке өзiне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентiнiң наградтау туралы Жарлығы жария етіледi.

      5. Әрбiр наградталған адамға мерекелiк медаль тапсырумен бiр мезгiлде тиiстi куәлiк берiледi.

      6. Мерекелiк медальдiң тапсырылғаны туралы белгiленген нысандағы хаттама толтырылады. Ол награда тапсырған адамның қойған қолымен, тапсыру жүргiзген органның мөрiмен бекiтiлiп, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жiберiледi.

      7. "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелiк медалi сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары болған жағдайда олардан кейiн орналасады.

      8. Жүргiзiлген наградтаулардың есебiн, сондай-ақ мерекелiк медальдардың тапсырылу барысы туралы есептілiктi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгі жүргiзедi.

      Қазақстан Республикасы

      Президентінің

      2005 жылғы 20 сәуiрдегi

      N 1555 Жарлығымен

      БЕКIТIЛГЕН

"Қазақстан Конституциясына 10 жыл"
мерекелiк медалiнiң
СИПАТТАМАСЫ

      "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелiк медалi латуннен жасалады, диаметрi 34 мм шеңбер нысанды.

      Медальдiң бет жағының ортасында, күн бейнесi аясында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Шеңбердi бойлай отырып, күннiң дискi мен күн сәулелерi арасында "Қазақстан Конституциясына" деген жазу орналасқан. Мемлекеттiк елтаңбаның астында Қазақстан Республикасының Конституциясын бейнелейтiн ашулы жатқан кiтап бейнеленген, онда "10 жыл" деген жазу бар.

      Медальдiң сыртқы жағының орта бөлiгiндегi жалтырақ бетке, арасы сызықпен бөлiнiп, екi жолдан тұратын "1995", "2005" жазуы берiлген.

      Медальдағы бейнелеулер мен жазулардың бәрi де бедерлi, алтын түстес. Медальдiң қырлары жақтаушамен көмкерiлген.

      "Қазақстан Конституциясына 10 жыл" мерекелiк медалі құлақша мен шығыршық арқылы, латуннен жасалған, биiктiгi 50 мм және енi 34 мм алтыбұрышты нысандағы тағанмен жалғанады. Таған тiгінен енi 4 мм, екi шетiнен 12 мм ара қашықтықта орналасқан екі ақ жолағы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы түстес қатқыл лентамен қапталған. Қатқыл лентаның ені 34 мм, биiктiгi 50 мм. Тағанның сырт жағында түйреуіш орналасқан, медаль соның көмегiмен киiмге қадалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады