Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 желтоқсандағы N 711 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттамаға (бұдан әрі - Конвенция және хаттама) қол қойылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Бірғаным Сарықызы Әйтімоваға Конвенцияға және хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция
(Нью-Йорк, 13 желтоқсан, 2006 жыл)

      Бас Ассамблея,
      Біріккен Ұлттар Ұйымына барлық мүше және бақылаушы мемлекеттердің қатысуы үшін ашық Арнайы комитет құру туралы қаулы қабылдаған өзінің 2001 жылғы 19 желтоқсандағы 56/168 қарарына сілтеме жасай отырып, мүгедектердің құқықтары мен қадір-қасиеттерін көтермелеу және қорғау туралы жан-жақты және бірыңғай халықаралық конвенцияға қатысты ұсыныстарды әлеуметтік даму, адам құқықтары және кемсітпеу саласындағы жұмысқа кешенді көзқарас негізінде және Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Әлеуметтік даму комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып қарау үшін,
      сондай-ақ өзінің бұрынғы тиісті қарарларына, оның соңғысы 2005 жылғы 23 желтоқсандағы 60/232 қарарына, сондай-ақ Әлеуметтік даму комиссиясы мен Адам құқықтары жөніндегі комиссияның тиісті қарарларына сілтеме жасай отырып,
      Арнайы комитеттің жұмысына үкіметаралық және ұлттық құқық қорғау мекемелерінің қосқан құнды үлесін құптай отырып,
      1. Арнайы комитетке Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның жобасын және оған факультативтік хаттаманың жобасын дайындағаны үшін ризашылық білдіреді;
      2. осы қарарға қоса берілген Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны және Конвенцияға Факультативтік хаттаманы қабылдайды, олар 2007 жылғы 30 наурызда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде қол қою үшін ашық болады;
      3. мемлекеттерді Конвенция мен Факультативтік хаттамаға қол қою және ратификациялау туралы мәселені бірінші кезекте қарауға үндейді және олар жақын арада күшіне енеді деп үміттенеді;
      4. Бас хатшыдан Конвенция күшіне енгеннен кейін Конвенция мен Факультативтік хаттамаға сәйкес Қатысушы мемлекеттер конференциясы мен Комитеттің функцияларын тиімді орындау үшін, сондай-ақ Конвенция мен Факультативтік хаттама туралы ақпаратты тарату үшін қажетті қызметкерлер мен үй-жай беруін сұрайды;
      5. Сондай-ақ, Бас хатшыдан Конвенцияның тиісті ережелерін, атап айтқанда жөндеу жұмыстарын жүргізу кезіндегілерін ескере отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің объектілері мен қызмет жүйесінің қол жетімділігін көздейтін стандарттар мен басқару бағдарларын біртіндеп енгізуді де сұрайды;
      6. Конвенция мен Факультативтік хаттама туралы ақпаратты таратуға және оларды түсіндіруге жәрдемдесуге күш салуды Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі мекемелері мен ұйымдарынан сұрайды және үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарға ұсынады;
      7. Бас хатшыдан Бас Ассамблеяға оның алпыс екінші сессиясында Конвенция мен Факультативтік хаттаманың жай-күйі және осы қарардың «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция» деп аталған тармақшасы бойынша жүзеге асырылуы туралы баяндама ұсынуды сұрайды.
      76-шы жалпы отырыс,
      2006 жылғы 13 желтоқсан

I қосымша

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция

Кіріспе

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      a) Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған адам отбасының барлық мүшелеріне тән қадір-қасиеті мен құндылығы және олардың тең әрі ажырамас құқықтары бостандықтың, әділдіктің және жалпыға бірдей татулықтың негізі ретінде танылатын принциптерді еске сала отырып,
      b) Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілерде әрбір адам қандай да болмасын айырмашылықсыз оларда көрсетілген құқықтар мен бостандықтарға ие деп жариялағанын және бекіткенін тани отырып,
      c) адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарының жалпыға бірдейлігін, бөлінбестігін, өзара тәуелділігі мен өзара байланыстылығын растай отырып,
      dЭкономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактігеАзаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактігеНәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияғаӘйелдерге қатысты кемсітулердің барлық нысандарын жою туралы конвенцияғаАзаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияғаБала құқықтары туралы конвенцияға және Барлық еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау туралы халықаралық конвенцияға сілтеме жасай отырып,
      e) мүгедектік – бұл эволюцияланатын ұғым екенін, мүгедектіктің денсаулығы бұзылған адамдар мен қоғам өміріне басқалармен бірдей толық әрі тиімді қатысуына кедергі жасайтын қарым-қатынастық және ортаның барьерлері арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылатынын тани отырып,
      f) мүгедектерге қатысты дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасы мен мүгедектер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің стандартты ережелеріндегі принциптер мен басқару бағдарларының мүгедектерге тең мүмкіндіктерді әрі қарай қамтамасыз етуге арналған ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлердегі стратегияларды, жоспарларды, бағдарламалар мен іс-шараларды көтермелеуге, тұжырымдауға және бағалауға ықпал ету көзқарасы тұрғысынан маңыздылығын тани отырып,
      g) мүгедектік проблемаларын өзекті етудің тұрақты дамудың тиісті стратегиясының құрамдас бөлігі ретіндегі маңыздылығын атап көрсете отырып,
      h) сондай-ақ, кез келген адамға қатысты мүгедектік белгісі бойынша кемсіту адамның жеке басына тән қадір-қасиеті мен құндылықтарын кемсіту болып табылатынын да тани отырып,
      i) әрі қарай мүгедектердің алуан түрлілігін тани отырып,
      j) барлық мүгедектердің, оның ішінде неғұрлым белсенді қолдауға мұқтаж мүгедектердің адам құқықтарын көтермелеу мен қорғаудың қажеттігін тани отырып,
      k) осы әртүрлі құжаттар мен бастамаларға қарамастан, мүгедектердің қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу жолында кедергілерге және әлемнің барлық түкпірлерінде адам құқықтарының бұзылуына тап келіп жататынына алаңдай отырып,
      l) әрбір елде, әсіресе дамушы елдерде мүгедектер өмірінің жағдайын жақсарту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын тани отырып,
      m) мүгедектердің өздерінің жалпы әл-ауқатына және жергілікті қауымдастықтардың әр алуандығына қосып отырған қазіргі құнды және әлеуетті үлесін және мүгедектердің өздерінің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық іске асыруға, сондай-ақ мүгедектердің толыққанды қатысуына жағдай жасаудың олардың өздерінің қатысы бар екенін сезінуін нығайтуға және қоғамның адамгершілікті, әлеуметтік және экономикалық дамуы мен кедейлікті жоюда айтарлықтай табысқа жетуіне мүмкіндік беретінін мойындай отырып,
      n) мүгедектер үшін жеке дербестігі мен өз таңдауын өзі жасау еркіндігін қоса алғанда, олардың тәуелсіздігінің маңызды екенін тани отырып,
      o) мүгедектердің стратегиялар мен бағдарламаларға қатысты, соның ішінде өздеріне тікелей қатысты шешімдер қабылдау процестеріне белсенді тартылу мүмкіндіктері болуға тиіс деп есептей отырып,
      p) мүгедектердің бетпе-бет кеп жататын нәсілдік белгісі, терісінің түсі, жынысы, тілі, діні, саяси және өзге де көзқарастары, ұлттық, этностық, аборигендік немесе әлеуметтік шығу тегі, мүліктік жағдайы, тууы, жасы немесе басқа да жағдайлары бойынша көп жағдайда немесе шиеленіскен жағдайда кемсітілетін қиын жағдайларға алаңдай отырып,
      q) мүгедек әйелдер мен мүгедек қыздар үйде де, үйден тыс жерде де зорлықтың, жарақаттанудың немесе басынудың, немқұрайды немесе менсінбей қараудың, жаман қараудың немесе қанаудың үлкен қатеріне көп ұшырайтындарын мойындай отырып,
      r) мүгедек балалардың басқа балалармен тең дәрежеде толық көлемде барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын пайдалануы тиіс екенін мойындап және осыған байланысты Бала құқықтары туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерін естеріне сала отырып,
      s) мүгедектердің адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық іске асыруына жәрдемдесу жөніндегі барлық күш-жігерде гендерлік аспектіні ескеру қажеттігін атап көрсете отырып,
      t) мүгедектердің көпшілігінің жоқшылық жағдайда өмір сүруі фактісін атап көрсете отырып және осыған байланысты жоқшылықтың мүгедекке теріс ықпал ету проблемасымен айналысудың аса қажеттілігін мойындай отырып,
      u) Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жазылған мақсаттар мен принциптерді толық құрметтеуге және адам құқықтары саласында қолданылатын келісім-шарттарды сақтауға негізделген татулық пен қауіпсіздік жағдайы мүгедектерді толық қорғауға, оның ішінде қарулы қақтығыстар мен шетел басқыншылығы кезінде қорғауға арналған қажетті шарт болып табылатынын назарға ала отырып,
      v) табиғи, әлеуметтік, экономикалық және мәдени ортаның, денсаулық сақтау мен білім берудің, сондай-ақ ақпарат пен байланыстың қолжетімділігінің маңыздылығын мойындай отырып, өйткені ол мүгедектерге барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толыққанды пайдалануға мүмкіндік береді,
      w) әрбір жеке адам басқа адамдарға және өзі мүшесі болып табылатын ұжымға қатысты міндеттемеге ие бола отырып, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық биллде танылатын құқықтарды көтермелеу мен сақтауға қол жеткізуге тиіс екенін назарға ала отырып,
      x) отбасының қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылатынына және қоғам мен мемлекет тарапынан қорғалуға құқылы екеніне және мүгедектер мен олардың отбасы мүшелері қажетті қорғау мен отбасыларға мүгедектер құқықтарын толық және тең пайдалану ісіне үлес қосуға мүмкіндік беретін көмекті алуға тиіс екеніне сенімді бола отырып,
      y) мүгедектердің құқықтары мен қадір-қасиетін көтермелеу мен қорғау туралы жан-жақты және бірыңғай халықаралық конвенция мүгедектердің терең қолайсыз әлеуметтік жағдайын еңсерудегі және олардың азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірге дамыған елдерде де, дамушы елдерде де тең мүмкіндіктермен қатысуын кеңейтудегі маңызды үлесі болып табылатынына сенімді бола отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Мақсат

      Осы Конвенцияның мақсаты барша мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең дәрежеде іске асыруын көтермелеуде, қорғауда және қамтамасыз етуде, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуді көтермелеуден тұрады.
      Мүгедектерге әртүрлі кедергілермен өзара іс-қимыл кезінде оларға қоғам өміріне басқалармен тең дәрежеде толық және тиімді қатысуына кедергі жасайтын дене, психикалық, интеллектуалдық немесе сенсорлық кемістігі бар адамдар жатады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
      «қарым-қатынас» тілдерді, мәтіндерді, Брайл әліпбиін, тактильді қарым-қатынасты, ірі қаріпті, қолжетімді мультимедиалық құралдарды, баспа материалдарын, аудиоқұралдарды, кәдімгі тілді, оқып берушілерді, сондай-ақ күшейтуші және балама әдістерді, тәсілдерді және қолжетімді коммуникативтік технологияны қоса алғандағы қарым-қатынас форматтарын пайдалануды қамтиды;
      «тіл» сөйлесу және ымдау тілдерін, сөйлемейтін тілдердің басқа да нысандарын қамтиды;
      «мүгедектік белгісі бойынша кемсіту» мақсаты немесе нәтижесі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, азаматтық немесе кез келген өзге саладағы барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде тануды, жүзеге асыруды немесе іске асыруды төмендету немесе теріске шығару болып табылатын мүгедектігі бойынша кез келген бөлектеуді, есепке алмауды немесе шектеуді білдіреді. Ол кемсітудің барлық нысандарын, соның ішінде ақылға қонымды бейімдеуден бас тартуды қамтиды;
      «ақылға қонымды бейімделу» нақты жағдайда қажет болғанда барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқалармен тең дәрежеде жүзеге асыруды қамтамасыз ету немесе іске асыру мақсатында мөлшерлес емес немесе ақталмаған салмақ болмайтындай қажетті және сәйкес келетін модификациялар мен түзетулерді енгізуді білдіреді;
      «әмбебап дизайн» барлық адамдар үшін бейімделудің немесе арнайы дизайнның қажеттілігінсіз пайдалануға барынша мүмкін дәрежеде жарамды етуге арналған заттардың, жағдайлардың, бағдарламалардың және көрсетілетін қызметтердің дизайнын білдіреді. «Әмбебап дизайн» қажет болған жерде мүгедектердің нақты тобына арналған ассистивті құрылғыны жоққа шығармайды.

3-бап
Жалпы принциптер

      Осы Конвенцияның принциптері:
      a) адамға тән қадір-қасиетті, оның өз таңдауын жасау еркіндігін қоса алғандағы жеке дербестігін және тәуелсіздігін құрметтеу;
      b) кемсітпеу;
      c) қоғамға толық және тиімді тарту және қосу;
      d) мүгедектердің ерекшеліктерін құрметтеу және оларды адами алуан түрліліктің компоненті және адамзаттың бір бөлшегі ретінде қабылдау;
      e) мүмкіндіктер теңдігі;
      f) қолжетімділік;
      g) ерлер мен әйелдердің теңдігі;
      h) мүгедек балалардың даму қабілеттерін құрметтеу және мүгедек балалардың өз жеке қасиетін сақтау құқықтарын құрметтеу болып табылады.

4-бап
Жалпы міндеттемелер

      1. Қатысушы мемлекеттер барша мүгедектердің барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын мүгедектік белгісі бойынша ешқандай да кемсітусіз толық жүзеге асыруын қамтамасыз етуге және көтермелеуге міндеттенеді. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер:
      a) осы Конвенцияда танылатын құқықтарды іске асыру үшін барлық тиісті заңнамалық, әкімшілік және өзге де шараларды қабылдауға;
      b) мүгедектерге қатысты кемсітуші болып табылатын қолданылып жүрген заңдарды, қаулыларды, дәстүрлер мен ұстанымдарды өзгерту немесе жою үшін барлық тиісті, оның ішінде заңнамалық шешімдерді қабылдауға;
      c) барлық стратегиялар мен бағдарламаларда мүгедектердің адам құқықтарының қорғалуы мен көтермеленуін ескеруге;
      d) осы Конвенцияға сәйкес келмейтін кез келген іс-әрекеттен және әдістерден қалыс қалуға және мемлекеттік органдар мен мекемелердің осы Конвенцияға сәйкес іс-қимыл жасауын қамтамасыз етуге;
      e) кез келген адам, ұйым немесе жеке кәсіпорын тарапынан болатын мүгедектік белгісі бойынша кемсітуді жою үшін барлық тиісті шараларын қабылдауға;
      f) мүгедектің нақты қажеттілігіне ыңғайластыру барынша аз бейімделу мен шығынды талап ететіндей тауарлардың, қызмет көрсетулердің, құрал-жабдықтар мен әмбебап дизайн объектілерінің (осы Конвенцияның 2-бабында анықталатын) зерттеу және конструкторлық әзірлемелерін жүргізуге немесе көтермелеуге, олардың қолда болуына және пайдаланылуына жағдай жасау, сондай-ақ стандарттар мен басқару бағдарларын жасау кезіндегі әмбебап дизайн идеясын ілгерілетуге;
      g) зерттеу және конструкторлық әзірлемелер жүргізуге немесе көтермелеуге, сондай-ақ қымбат емес технологияларға бірінші кезекте көңіл бөле отырып ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ұтқырлықты жеңілдететін құралдарды, мүгедектерге лайықты құрылғылар мен ассистивті технологияларды қоса алғанда, жаңа технологиялардың болуына және пайдаланылуына жағдай жасауға;
      h) мүгедектердің ұтқырлығын жеңілдететін құралдар, құрылғылар мен ассистивті технологиялар, оның ішінде жаңа технологиялар, сондай-ақ көмектің басқа түрлері, қосалқы қызметтер және объектілер туралы қол жетімді ақпарат беруге;
      i) мамандарға және мүгедектермен жұмыс істейтін адамдарға осы Конвенцияда танылған құқықтарды оқытуды, осы құқықтар кепілдік берген көмек және қызмет көрсетулерді жетілдіру үшін көтермелеуге міндеттенеді.
      2. Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарға қатысты әрбір қатысушы мемлекет өзінде бар ресурстарды барынша іске қоса отырып, ал қажет болған жағдайда халықаралық ынтымақтастықты пайдалана отырып, осы Конвенциядағы тұжырымдалған халықаралық құқықтарға сәйкес тікелей қолданылатын міндеттемелерге нұқсан келтірмей, осы құқықтарды толық жүзеге асыруға біртіндеп қол жеткізуге арналған шараларды қабылдауға міндеттенеді.
      3. Осы Конвенцияны іске асыруға бағытталған заңнаманы және стратегияны әзірлеу әрі пайдалану кезінде және мүгедектерге қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың басқа процестері шеңберінде қатысушы мемлекеттер мүгедектермен, мүгедек балалармен тығыз консультация жасайды және олардың өкілді ұйымдары арқылы оларды белсенді түрде тартады.
      4. Осы Конвенциядағы ештеңе де мүгедектердің құқықтарын жүзеге асыруға көп дәрежеде жағдай жасайтын және қатысушы мемлекеттің заңдарындағы немесе осы мемлекеттегі қолданылатын халықаралық құқық нормаларындағы қандай да бір ережеге әсер етпейді. Осы Конвенцияға қандай да бір қатысушы мемлекетте танылатын немесе қолданылатын қандай да бір адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын заңның, конвенцияның, ережелердің немесе әдет-ғұрыптардың күшімен, осы Конвенцияда мұндай құқықтар немесе бостандықтар танылмайды немесе мұнда олар аз дәрежеде танылады деген сылтаумен ешқандай шектеуге немесе төмендетуге жол берілмейді.
      5. Осы Конвенцияның ережелері федеративтік мемлекеттердің барлық бөліктерінде қандай да бір шектеусіз және алып тастаусыз қолданылады.

5-бап
Теңдік және кемсітпеу

      1. Қатысушы мемлекеттер барлық адамдар заң алдында және заң бойынша тең екенін, заңның тең қорғауына және оны ешқандай кемсітусіз тең қолдануға құқылы екенін таниды.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектік белгісі бойынша кез келген кемсітуге тыйым салады және мүгедектерді кез келген негіздегі кемсітуден тең және тиімді құқықтық қорғауға кепілдік береді.
      3. Қатысушы мемлекеттер теңдікті көтермелеу және кемсітуді жою үшін ақылға қонымды бейімделуді қамтамасыз етуге арналған барлық тиісті қадамдарды жасайды.
      4. Мүгедектердің іс жүзіндегі теңдігін жеделдету немесе қол жеткізу үшін қажет нақты шаралар осы Конвенцияның мағынасы бойынша кемсіту болып саналмайды.

6-бап
Мүгедек әйелдер

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедек әйелдердің және мүгедек қыздардың көптеген кемсітуге ұшырайтынын мойындайды және осыған байланысты олардың барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық және тең іске асыруын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер әйелдердің жан-жақты дамуын, жағдайының жақсаруын және құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз ету үшін, олардың осы Конвенцияда бекітілген адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын іске асыруына немесе жүзеге асыруына кепілдік беру үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.

7-бап
Мүгедек балалар

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың барлық адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын басқа балалармен тең дәрежеде толық іске асыруы үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      2. Мүгедек балаларға қатысты барлық іс-қимылдарда бірінші кезекте баланың жоғарғы мүдделеріне көңіл бөлінеді.
      3. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың оларды қозғайтын барлық мәселелер бойынша өздерінің басқа балалармен тең дәрежеде олардың жастары мен кәмелеттілігіне сәйкес келетін тиісті салмаққа ие болатын көзқарастарын еркін білдіру және осы құқықты жүзеге асыруға мүгедектігі мен жасына сәйкес келетін көмекті алуға құқығы болуын қамтамасыз етеді.

8-бап
Ағарту-тәрбие жұмысы

      1. Қатысушы мемлекеттер:
      a) жалпы қоғамның, оның ішінде отбасы деңгейіндегі мүгедектік мәселелеріндегі ағартушылықты арттыруға және мүгедектердің құқықтары мен қадір-қасиеттерін құрметтеу сезімін нығайтуға;
      b) қоғам өмірінің барлық салаларындағы мүгедектерге қатысты, оның ішінде жынысы мен жасы негізіндегі стереотиптермен, ырымдармен және зиянды ғұрыптармен күрес жүргізуге;
      c) мүгедектердің әлеуеті мен үлесін насихаттау үшін тез арада, тиімді және тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді.
      2. Осы мақсатта қабылданатын шаралар мыналарды қамтиды:
      a) тиімді қоғамдық-ағарту науқанын өрістету және жүргізу, ол мыналарға арналуға тиіс:
      i) мүгедектердің құқықтарына түсіністікпен қарауға тәрбиелеу;
      ii) мүгедектер туралы оң түсініктерді және оларды қоғамның неғұрлым терең түсінуін көтермелеу;
      iii) мүгедектердің дағдыларын, қадір-қасиеттері мен қабілетін, сондай-ақ олардың жұмыс орны мен еңбек нарығындағы үлесін тануға жәрдемдесу;
      b) білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде, соның ішінде ерте жастан бастап барлық балаларды мүгедектер құқықтарына құрметпен қарауға тәрбиелеу;
      c) барлық бұқаралық ақпарат органдарын мүгедектерді осы Конвенцияның мақсатына сәйкес келетіндей етіп бейнелеуге шақыру;
      d) мүгедектер мен олардың құқықтарына арналған тәрбиелік-танымдық бағдарламаларды ілгерілету.

9-бап
Қол жетімділік

      1. Мүгедектерге тәуелсіз өмір салтын жүргізу және өмірдің барлық аспектілеріне жан-жақты қатысу мүмкіндігін беру үшін қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде табиғи айналасына, көлікке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғандағы ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ қалалық және ауылдық аудандарда халық үшін ашық немесе көрсетілетін басқа да объектілер қызметін көрсетулерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдайды. Бұл шаралар қол жеткізуге кедергі жасайтын тосқауылдар мен кедергілерді анықтау және жоюды қамтиды, ішінара алғанда:
      a) мектептерді, тұрғын үйлерді, медициналық мекемелер мен жұмыс орындарын қоса алғандағы ғимараттарға, жолдарға, көлік пен басқа да ішкі және сыртқы объектілерге;
      b) ақпараттық, коммуникациялық және электрондық қызметтер мен шұғыл қызметтерді қоса алғандағы басқа да қызметтерге қатысты.
      2. Қатысушы мемлекеттер:
      a) халық үшін ашық немесе көрсетілетін объектілер мен қызмет көрсетулердің қол жетімділігін көздейтін ең төменгі стандарттары мен басқару бағдарларын әзірлеу, оларды қолданысқа енгізу және олардың сақталуын бақылау;
      b) халық үшін ашық немесе көрсетілетін объектілер мен қызмет көрсетулерді ұсынатын жеке кәсіпорындардың мүгедектер үшін қол жетімді болуының барлық аспектілерін ескеруін қамтамасыз ету;
      c) барлық тартылған жақтар үшін мүгедектер ұшырасатын қол жетімділік проблемалары жөнінде нұсқаулық ұйымдастыру;
      d) халық үшін ашық ғимараттар мен басқа да объектілерді Брайль әліпбиімен жазылған және жеңіл әрі түсінікті түрдегі таңбалармен жабдықтау;
      e) халық үшін ашық ғимараттар мен басқа да объектілерге қол жеткізуді жеңілдету үшін көмекшілер мен делдалдардың, оның ішінде жол серіктердің, оқып берушілердің және кәсіби сурдоаудармашылардың әртүрлі қызмет көрсету түрлерін ұсыну;
      f) мүгедектерге олардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ететін көмек пен қолдау көрсетудің басқа да тиісті нысандарын дамыту;
      g) мүгедектердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерге, соның ішінде Интернетке қол жеткізуін көтермелеу;
      h) бастапқыдан қол жетімді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді жобалауды, әзірлеуді, өндіруді және таратуды осы технологиялар мен жүйелердің қол жетімділігіне ең аз шығынмен қол жеткізілетіндей етіп көтермелеу үшін тиісті шараларды қабылдайды.

10-бап
Өмір сүру құқығы

      Қатысушы мемлекеттер әрбір адамның ажырамас өмір сүру құқығын тағы да растайды және мүгедектердің оны басқалармен тең дәрежеде тиімді іске асыруы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды.

11-бап
Қатерлі жағдайлар мен төтенше гуманитарлық жағдайлар

      Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқық бойынша, оның ішінде халықаралық гуманитарлық құқық пен адам құқықтарының халықаралық құқығы бойынша өз міндеттемелеріне сәйкес мүгедектерді қатерлі жағдайларда, оның ішінде қарулы қақтығыстарда, төтенше гуманитарлық және табиғи апат жағдайларында қорғау әрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдайды.

12-бап
Заң алдындағы теңдік

      1. Қатысушы мемлекеттер әрбір мүгедектер қай жерде болмасын теңдей құқықтық қорғауға құқылы екенін растайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің өмірдің барлық аспектілерінде басқалармен теңдей құқықтық тұрғыдан қабілетті деп таниды.
      3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге өздерінің құқықтық қабілеттерін жүзеге асыруы кезінде талап етілуі мүмкін қолдауға қол жеткізуді ұсыну үшін тиісті шараларды қабылдайды.
      4. Қатысушы мемлекеттер құқық қабілетін жүзеге асырумен байланысты барлық шаралардың адам құқықтарының халықаралық құқығына сәйкес теріс пайдалануды болдырмаудың тиісті және тиімді кепілдіктерін көздеуін қамтамасыз етеді. Мұндай кепілдіктер құқық қабілетін жүзеге асырумен байланысты шаралардың адамның құқықтарын, ерік-жігерін және қалауын құрметтеуге бағытталуын, мүдделер қақтығысынан және қолайсыз ықпал етуден еркін болуын, осы адамның жағдайларымен мөлшерлес болуын және соған бейімделуін, барынша аз мерзім ішінде қолданылуын және білікті, тәуелсіз әрі алаламайтын органның немесе сот инстанциясының жүйелі тексеру жүргізуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл кепілдіктер мұндай шаралардың осы адамның құқықтары мен мүдделерін қозғайтын дәрежесіне мөлшерлес болуға тиіс.
      5. Осы баптың ережелерін ескере отырып қатысушы мемлекеттер мүгедектердің мүлікке ие болу және мұраға алу, өз қаржы істерін басқару, сондай-ақ банк ссудаларына, ипотекалық несиелерге және несиелендірудің басқа да нысандарына бірдей қол жеткізуге теңдей құқығын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті және тиімді шараларды қабылдайды және мүгедектердің өз мүліктерінен өз еркімен ажырап қалмауын қамтамасыз етеді.

13-бап
Сот төрелігіне қол жеткізу

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің сот төрелігіне басқалармен тең дәрежеде, соның ішінде олардың тергеу кезеңі мен алдын ала іс жүргізудің басқа кезеңдерін қоса алғандағы заңгерлік процестің барлық кезеңдерінде өздерінің тиімді тікелей және жанама қатысушылар, соның ішінде куәгерлер рөлін атқаруын жеңілдететін процессуалдық және жасына сәйкес келетін түзетулерді көздей отырып тиімді қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
      2. Мүгедектердің сот төрелігіне тиімді қол жеткізуін қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қатысушы мемлекеттер сот төрелігін жүргізетін салада, соның ішінде полицияда және пенитенциарлық жүйеде жұмыс істейтін адамдарды оқытуға тиісті дәрежеде жағдай жасайды.

14-бап
Еркіндік және жеке басына қол сұқпаушылық

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде:
      a) еркіндік және жеке басына қол сұқпаушылық құқығын пайдалануын;
      b) еркіндігінен заңсыз немесе ерікті түрде ажырамауын және кез келген еркіндігінен айырудың заңға сәйкес болуын, ал мүгедектігінің болуы ешқандай да еркіндігінен айыруға негіз болмауын қамтамасыз етеді.
      2. Қатысушы мемлекеттер егер де қандай да бір рәсімнің негізінде мүгедектер еркіндігінен айырылған жағдайда оларға басқалармен теңдей дәрежеде адам құқықтарының халықаралық құқығына сәйкес келетін және ақылға қонымды бейімделуді қамтамасыз етуді қоса алғандағы олармен қарым-қатынастың осы Конвенцияның мақсаттары мен принциптеріне сәйкес болуына кепілдіктер берілуін қамтамасыз етеді.

15-бап
Азаптаулардан және басқа да қатыгез, адамгершіліккке жатпайтын және қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінен еркін болу

      1. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Ішінара алғанда, ешбір адамға оның еркін келісімінсіз медициналық немесе ғылыми тәжірибе жасалмауға тиіс.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамгершілікке жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға ұшырамауы үшін барлық тиімді заңнамалық, әкімшілік, соттық немесе өзге де шараларды қабылдайды.

16-бап
Қанаудан, зорлықтан және қорлаудан еркіндік

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерді үйде де, одан тыс жерде де қанаудың, зорлықтың және қорлаудың, оның ішінде гендерлік астары бар аспектілердің барлық түрлерінен қорғау үшін барлық тиісті заңнамалық, әкімшілік, әлеуметтік, ағартушылық және өзге де шараларды қабылдайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер сол сияқты қанаудың, зорлықтың және қорлаудың барлық түрлерінің алдын алу үшін барлық тиісті шараларды, атап айтқанда, мүгедектерге, олардың отбасылары мен мүгедектерді күтіп-баптайтын адамдарға жас-жыныстық ерекшелігін ескеретін көмек пен қолдау көрсетудің қолайлы нысандарын, соның ішінде қанаудан, зорлықтан және қорлаудан қалай аулақ болу, оларды анықтау және олар туралы хабарлау туралы мәселедегі таныстыру және ағарту жолымен қабылдайды. Қатысушы мемлекеттер қорғаумен қамту қызметтерінің мүгедектіктің жас-жыныстық айрықшалығы мен факторын ескере отырып көрсетілуін қамтамасыз етеді.
      3. Қатысушы мемлекеттер қанаудың, зорлықтың және қорлаудың барлық түрлерінің көрінісінің алдын алуға ұмтыла отырып мүгедектерге қызмет көрсетуге арналған барлық мекемелер мен бағдарламалардың тәуелсіз органдар тарапынан тиімді қадағалауда болуын қамтамасыз етеді.
      4. Қатысушы мемлекеттер қанаудың, зорлықтың және қорлаудың кез келген түрінің құрбаны болған мүгедектерді дене, когнитивті және психологиялық қалпына келтіруге, оңалтуға және әлеуметтік реинтеграциялануына, оның ішінде қорғау қызметін ұсыну жолымен жәрдемдесу үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды. Мұндай қалпына келтірулер мен реинтеграция тиісті адамның денсаулығының нығаюына, әл-ауқатына, өзін-өзі құрметтеуіне, қадір-қасиеті мен дербестігіне жағдай жасайтындай ахуалда өтеді және жас-жыныстық ерекшеліктеріне байланысты қажеттіліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.
      5. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге қатысты қанау, зорлық және қорлау оқиғалары анықталуы, тергелуі және тиісті жағдайларда қудалануы үшін тиімді, оның ішінде әйелдер мен балаларға бағдарланған заңнама мен стратегияларды қабылдайды.

17-бап
Жеке тұтастықты қорғау

      Әрбір мүгедек өзінің дене және психикалық тұтастығының басқалармен теңдей дәрежеде құрметтелуіне құқылы.

18-бап
Еркін жүріп-тұру және азаматтық

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде еркін жүріп-тұру, тұрғылықты тұратын жерін еркін таңдау және азаматтық алу құқықтарын таниды, соның ішінде мүгедектердің:
      a) азаматтық алу және оны өзгерту құқығының болуын және өз азаматтығынан еркін түрде немесе мүгедектігі себепті айрылып қалмауын;
      b) мүгедекті себепті олардың азаматтығын растайтын құжаттар немесе олардың жеке басын куәландыратын басқа да құжаттар алу мүмкіндігінен айырылмауын, мұндай, мысалға, еркін жүріп-тұру құқығын іске асыруды жеңілдету үшін қажет болуы мүмкін көші-қон құжаттарына ие болуын және оларды пайдалануын немесе тиісті процедураларды пайдалануын;
      c) өз елін қоса алғанда, кез келген елді еркін тастап шығу құқығының болуын;
      d) өз еліне кіруге құқығынан ерікті түрде немесе мүгедектігі себепті айырылып қалмауын қамтамасыз етеді.
      2. Мүгедек балалар туылған бойда тіркеледі және туылған сәтінен бастап есімі болуға және азаматтық алуға, сондай-ақ барынша мүмкін дәрежеде өздерінің ата-аналарын білуге және олардың қамқорлығына ие болуға құқылы.

19-бап
Дербес өмір салты және жергілікті қоғамдастықтарға тартылу

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер барлық мүгедектердің басқа адамдармен тең таңдау нұсқаларымен әдеттегі тұрғылықты жерлерде өмір сүруге теңдей құқықтарын таниды және мүгедектердің осы құқықтарды толық жүзеге асыруына және оларды жергілікті қоғамдастықтарға толықтай тартуға және қамтуға жәрдемдесу үшін тиімді және тиісті шараларды қабылдайды, соның ішінде:
      a) мүгедектердің басқа адамдармен тең дәрежеде өздерінің тұрғылықты жерлерін, сондай-ақ қай жерде және кіммен бірге тұруды таңдау мүмкіндігінің болуын, қандай да белгілі бір тұрғын үй жағдайында тұруға міндетті болмауын;
      b) мүгедектердің әртүрлі үйде, тұратын жерінде көрсетілетін және жергілікті қоғамдастықтағы өмірді қолдау үшін, сондай-ақ жергілікті қоғамдастықтан оқшаулануына немесе сегрециялануына жол бермеу үшін қажетті дербес көмектерді қоса алғанда, жергілікті қоғамдастық базасындағы өзге де қосалқы қызметтерге қол жеткізуін;
      c) жалпы халыққа арналған қызметтер мен ұжымдық пайдалану объектілері теңдей дәрежеде мүгедектер үшін қол жетімді болуын және олардың мұқтаждарына сай болуын қамтамасыз етеді.

20-бап
Жеке ұтқырлық

      Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жеке ұтқырлығын олардың барынша мүмкін дербестігімен қамтамасыз етуге арналған тиімді шараларды, соның ішінде:
      a) мүгедектердің жеке ұтқырлығына олардың таңдаған тәсілімен, олар таңдаған уақытта және қол жетімді бағамен жәрдемдесу;
      b) мүгедектердің ұтқырлығын жеңілдететін құралдарға, құрылғыларға, ассистивті технологияларға және көмекшілер мен делдалдардың көмектеріне, соның ішінде қол жетімді бағамен ұсыну есебінен қол жеткізуін жеңілдету;
      c) мүгедектерге және олармен жұмыс істейтін кадрларға, мамандарға ұтқырлық дағдыларын үйрету;
      d) ұтқырлықты жеңілдететін құралдар, құрылғылар және ассистивті технологиялар өндірумен айналысатын кәсіпорындарды мүгедектердің ұтқырлығының барлық аспектілерін ескеруге шақыру жолымен қабылдайды.

21-бап
Наным-сенімі мен көзқарасын еркін білдіру және ақпаратқа қол жеткізу

      Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің наным-сенімі мен көзқарасын еркін білдіру құқығын, өз таңдауы бойынша осы Конвенцияның 2-бабында анықталатын қарым-қатынастың барлық түрлерін пайдалана отырып, басқалармен теңдей дәрежеде ақпараттар мен идеяларды іздеу, алу және тарату еркіндігімен қоса пайдалана алуы үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды, оған мыналар кіреді:
      a) мүгедектерді көпшілікке арналған ақпаратпен қолжетімді форматта және мүгедектің әртүрлі нысандарын ескеретін технологияларды пайдалана отырып, уақытылы және қосымша ақысыз жабдықтау;
      b) ресми қатынастарда: ымдау тілі, Брайль әліпбиін, қарым-қатынастың күшейтуші әрі балама тәсілдерін және мүгедектердің таңдауы бойынша басқа да барлық қол жетімді қарым-қатынас тәсілдерін, әдістері мен нысандарын қабылдау және пайдалануға жәрдемдесу;
      c) көпшілікке, оның ішінде Интернет арқылы қызмет көрсететін жеке кәсіпорындарды мүгедектерге қол жетімді және жарамды ақпараттар мен қызмет көрсетуді ұсынуға белсенді шақыру;
      d) бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде Интернет арқылы ақпарат беретіндерін өз қызметтерін мүгедектер үшін қол жетімді еткізуге шақыру;
      e) ымдау тілін пайдалануды тану және көтермелеу.

22-бап
Жеке өмірге қол сұқпаушылық

      1. Тұратын жеріне немесе тұрғын үй жағдайына қарамастан бір де бір мүгедек оның жеке өмірінің, отбасының, тұрғын үйінің немесе хат жазысуы мен өзге де қарым-қатынас түрлерінің қол сұғылмаушылығына ерікті түрде немесе заңсыз қол сұғылуына не болмаса оның ар-ожданы мен абырой-беделіне заңсыз шабуылға ұшырауға тиіс емес. Мүгедектер осындай қол сұғушылықтар мен шабуылдардан заңды қорғалуға құқылы.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жеке тұлғасы, денсаулығының күйі және оңалуы туралы мәліметтерін басқалармен теңдей дәрежеде қорғайды.

23-бап
Үй мен отбасын құрметтеу

      1. Қатысушы мемлекеттер некеге, отбасына, әкелікке, ана болуға және басқалармен тең дәрежедегі жеке қатынастарға қатысты барлық мәселелер бойынша мүгедектерге қатысты кемсітуді жою үшін тиімді және тиісті шараларды қабылдайды, бұл ретте:
      a) неке жасына жеткен барлық мүгедектердің некеге тұруға және некелесетіндердің еркін және толық келісімі негізінде отбасын құру құқықтарының танылуын;
      b) мүгедектердің балалардың саны мен олардың туылуы арасындағы интервалдар туралы еркін әрі жауапкершілікпен шешімдер қабылдауға және жасына сәйкес ақпарат пен өсіп-өну жағдайы және отбасын жоспарлау мәселелерінде ағартушылыққа қол жеткізу құқықтарының танылуын, сондай-ақ олардың осы құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құралдардың берілуін;
      c) мүгедектердің, оның ішінде балалардың басқалармен тең дәрежеде өзінің фертильділігінің сақталуын қамтамасыз етуге тырысады.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің балаларға қамқоршылыққа, қорғаншы болуға, қамқоршы болуға, бала асырап алуға немесе ұлттық заңнамада болған жағдайда осыған ұқсас институттарға қатысты құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз етеді; барлық жағдайларда да баланың жоғары мүдделері бірінші дәрежелі мәнге ие. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына тиісті көмек көрсетеді.
      3. Қатысушы мемлекеттер мүгедек балалардың отбасылық өмірге қатысты тең құқығы болуын қамтамасыз етеді. Осы құқықтарды жүзеге асыру және мүгедек балаларды жасыруға, оларды қалдыруға, қарап-күтуден жалтаруға және сегрегациялануына жол бермеу үшін қатысушы мемлекеттер мүгедек балалар мен олардың отбасыларын ең басынан бастап жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етуге, қызмет және қолдау көрсетуге міндеттенеді.
      4. Қатысушы мемлекеттер баланың ата-аналарынан соттың қадағалауындағы органдар қолданыстағы заңдар мен процедураларға сәйкес мұндай ажырату баланың жоғарғы мүддесі үшін қажет деп анықтаған жағдайды қоспағанда, олардың еркінен тыс ажыратылмауын қамтамасыз етеді. Бала қандай жағдайда болмасын, ата-аналарынан баланың өзінің, не болмаса ата-аналарының бірінің немесе екеуінің де мүгедектігі себебі бойынша ажыратылмайды.
      5. Қатысушы мемлекеттер жақын туыстары мүгедек балаға күтім жасай алмайтын жағдайда, алыстау жақындарын тартудың есебінен, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, баланың жергілікті қоғамдастықта өмір сүруі үшін отбасылық жағдай жасау есебінен балама күтім жасауға бар күшін салуға міндеттенеді.

24-бап
Білім беру

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің білім алуға құқықтарын таниды. Осы құқықтарды кемсітусіз және мүмкіндіктерінің теңдігі негізінде жүзеге асыру мақсатында қатысушы мемлекеттер барлық деңгейлерде инклюзивті білім беруді және өмір бойы оқытуды қамтамасыз етеді, бұл ретте:
      а) адами әлеуетін, сондай-ақ қадір-қасиеті мен өзін-өзі құрметтеу сезімдерін толық дамытуға және адам құқықтарын, негізгі бостандықтарын және адами алуан түрлілікті құрметтеуді күшейтуге;
      b) мүгедектердің жеке тұлғасын, талантын және шығармашылығын, сондай-ақ олардың ақыл-ой мен дене қабілеттерін толық көлемде дамытуға;
      с) мүгедектерге еркін қоғам өміріне тиімді қатысу мүмкіндігін беруге ұмтылады.
      2. Бұл құқықты жүзеге асыру кезінде мемлекеттер:
      а) мүгедектердің жалпы білім беру жүйесінен, ал мүгедек балалар – тегін және міндетті бастауыш және орта білім беру жүйесінен мүгедектігі себепті шығып қалмауын;
      b) мүгедектердің өздерінің тұратын жерлерінде инклюзивті, сапалы әрі тегін бастауыш және орта білім беруге басқалармен теңдей дәрежеде қол жеткізуін;
      c) жеке қажеттіліктерді ескеретін ақылға қонымды құрылғымен қамтамасыз етілуін;
      d) мүгедектерді тиімді оқытуды жеңілдету үшін оларды жалпы білім беру жүйесінің ішінде қажетті қолдауға ие болуын;
      e) білімді игеру мен әлеуметтік дамуға барынша жағдай жасайтын ахуалда, соған сай толық қамту мақсатындағы жеке қолдауды ұйымдастыру жөніндегі тиімді шаралар қабылдануын қамтамасыз етеді.
      3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге олардың білім беру процесіне толық әрі теңдей және жергілікті қоғамдастық мүшелері ретінде қатысуын жеңілдету үшін өмірлік және әлеуметтендірілген дағдыларды игеру мүмкіндігін береді.
      Қатысушы мемлекеттер бұл бағыттағы тиісті шараларды қабылдайды, оның ішінде:
      а) Брайль әліпбиін, балама қаріптерді, қарым-қатынастың күшейтуші және балама әдістерді, тәсілдер мен форматтарды, сондай-ақ бағдарлық және ұтқырлық дағдыларын игеруге жәрдемдеседі, құрдастары тарапынан қолдау көрсетілуі мен тәлімгерлікке жағдай жасайды;
      b) ымдау тілін игеру мен саңыраулардың өзіндік тілін көтермелеуге жәрдемдеседі;
      с) соқыр, саңырау немесе соқыр-саңырау адамдарды, оның ішінде балаларды оқыту мүгедек үшін барынша қолайлы тілдің, қарым-қатынас әдістері мен тәсілдерінің көмегімен және білімнің игерілуі мен әлеуметтік дамуға барынша жағдай жасайтын ахуалда өтуін қамтамасыз етеді.
      4. Осы құқықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қатысушы мемлекеттер жұмысқа ымдау тілін және/немесе Брайль әліпбиін білетін мұғалімдерді, оның ішінде мүгедек мұғалімдерді тарту үшін және білім беру жүйесінің барлық деңгейінде жұмыс істейтін мамандар мен қызметкерлерді оқыту үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мұндай оқыту мүгедектік мәселесіндегі ағартуды және қарым-қатынастың күшейтуші және балама әдістерін, тәсілдерін және форматтарын, мүгедектерге қолдау көрсетуге арналған оқу әдістемелері мен материалдарды пайдалануды қамтиды.
      5. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жалпы жоғарғы білім алуға, кәсіби білім алуына, ересектерге арналған білім алуына және өмір бойы оқуына кемсітусіз әрі басқалармен тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Осы мақсатпен қатысушы мемлекеттер мүгедектердің ақылға қонымды құрылғылармен қамтылуын қамтамасыз етеді.

25-бап
Денсаулық

      Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің денсаулықтың мүгедектік белгісі бойынша кемсітілусіз неғұрлым жоғары қол жетімді деңгейіне құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің денсаулық сақтау саласындағы гендерлік ерекшеліктерін ескеретін қызмет көрсетулерге, оның ішінде денсаулық жағдайы бойынша оңалтуға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, қатысушы мемлекеттер:
      а) мүгедектерге денсаулық сақтау жөніндегі, оның ішінде жыныстық және өсіп-өну жағдайы бойынша және халыққа ұсынылатын мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламалары желісі бойынша тегін немесе қымбат емес қызмет көрсетулер мен бағдарламалардың басқа да адамдарға арналатындай жиынтығын, сапасы мен деңгейін қамтамасыз етеді;
      b) денсаулық сақтау саласындағы мүгедектерге мүгедектігі себепті тікелей қажет қызмет көрсетуді, соның ішінде ерте диагностиканы, ал қолайлы жағдайларда – мүгедектікті, соның ішінде балалар мен егде адамдар арасында барынша төмендетуге және әрі қарай пайда болуына жол бермеуге арналған түзетулер мен қызмет көрсетулерді ұсынады;
      с) денсаулық сақтау саласындағы бұл қызмет көрсетулерді осы адамдардың тікелей тұратын жерлеріне жақын жерден, соның ішінде ауылды жерлерде ұйымдастырады;
      d) денсаулық сақтау мамандарының мүгедектерге, соның ішінде еркін және хабардар бола отырып келісу негізінде басқалардың ішінде мемлекеттік және жеке денсаулық сақтауға арналған этикалық стандарттарды оқу және қабылдау есебінен мүгедектердің адам құқықтары, қадір-қасиеті, дербестігі және мұқтаждары туралы хабардар болуын көтеру арқылы басқа адамдарға арналғандай сапада қызмет көрсетуін талап етеді;
      е) мүгедектерге қатысты медициналық сақтандыруды және ұлттық құқықта рұқсат етілген болса, өмірін сақтандыруды ұсынған кезде кемсітуге тыйым салады, оның әділ және ақылға қонымды негізде берілуін қарастырады;
      f) денсаулық сақтаудағы немесе осы саладағы қызмет көрсетудегі не болмаса тамақ немесе сұйықтар алудағы мүгедектігі себепті кемсітетін бас тартуға жол бермейді.

26-бап
Абилитация және оңалту

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге барынша тәуелсіздікке, толық дене, ақыл-ой, әлеуметтік және кәсіби қабілеттерге қол жеткізуге әрі оны сақтауға, өмірдің барлық аспектілеріне толық қамтылуы мен тартылуына арналған мүмкіндік беру үшін тиімді және тиісті шараларды, оның ішінде басқа мүгедектердің тарапынан қолдау таба отырып қабылдайды. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер кешенді, әсіресе денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы абилитациялық және оңалту қызметтері мен бағдарламаларын ұйымдастырады, нығайтады және кеңейтеді, бұл қызмет көрсетулер мен бағдарламалардың:
      а) мүмкіндігінше ерте жүзеге асырыла бастауын және жеке адамның мұқтаждары мен басым тұстарын көпбейінді бағалауға негізделген болуын;
      b) жергілікті қоғамдастыққа және өмірдің барлық аспектілеріне тартуға және қамтуға жағдай жасалуын, бұлардың ерікті сипатта болуы және мүгедектерге мүмкіндігінше олардың тікелей тұратын жеріне жақын жерде, соның ішінде ауылды аудандарда қол жетімді болуын қамтамасыз етеді.
      2. Қатысушы мемлекеттер абилитациялық және оңалту қызметін көрсету саласында жұмыс істейтін мамандар мен қызметкерлерді бастауыш және одан кейінгі оқыту ісін дамытуды көтермелейді.
      3. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге арналған абилитация мен оңалтуға қатысты ассистивті құрылғылар мен технологиялардың болуын, оларды білуді және пайдалануды көтермелейді.

27-бап
Еңбек және жұмыспен қамту

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде еңбек ету құқығын таниды; ол мүгедектің еркін таңдаған немесе оған ерікті түрде келісім берген еңбек, еңбек нарығы мен өндіріс ортасы мүгедектер үшін ашық, инклюзивті және қол жетімді жағдайда өзін-өзі асырау мүмкіндігін алу құқығын қамтиды. Қатысушы мемлекеттер еңбек ету құқығын, оның ішінде еңбек ету кезінде мүгедектік алған адамдардың еңбек ету құқықтарын тиісті шараларды қабылдау, соның ішінде заңнамалық тәртіппен қабылдау жолымен жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және көтермелейді, бұл шаралар:
      а) жұмыспен қамтудың барлық нысандарына, оның ішінде жұмысқа қабылдауға, жалдауға және жұмыспен қамтуға, жұмысын сақтауға, қызмет бабында өсуге және қауіпсіз әрі салауатты жұмыс жағдайына қатысты барлық мәселелер бойынша мүгедектік белгісі бойынша кемсітуге тыйым салуға;
      b) мүгедектердің бірдей мүмкіндіктер мен құндылығы бірдей еңбекке бірдей сыйақы алуға, қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайын қоса алғандағы әділ және қолайлы еңбек жағдайына құқықтарын басқалармен тең дәрежеде қорғауға, оның ішінде бопсалаудан қорғауға және шағымдарын қанағаттандыруға;
      c) мүгедектердің өздерінің еңбек ету және кәсіподақ құқықтарын басқалармен теңдей дәрежеде іске асыруын қамтамасыз етуге;
      d) мүгедектерге техникалық және кәсіптік бағдарлардың жалпы бағдарламаларына, еңбекпен қамту қызметіне, кәсіптік және үздіксіз оқытуға тиімді қол жеткізу мүмкіндіктерін беруге;
      e) еңбек нарығында мүгедектерді жұмыспен қамту мен олардың қызмет бабында өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жұмыс іздеуге, алуға, жұмысын сақтауға және жаңғыртуға көмек көрсетуге;
      f) жеке еңбек қызметіне, кәсіпкерлікке, кооперативтерді дамытуға және өзінің жеке ісін ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге;
      g) мүгедектерді мемлекеттік секторға жалдауға;
      h) оң іс-қимылдарды, ынталандыруларды және басқа шараларды қамтуы мүмкін тиісті стратегиялар мен шаралардың көмегімен мүгедектерді жеке секторға жалдауды ынталандыруға;
      i) мүгедектердің жұмыс орнын ақылға қонымды құрылғымен қамтамасыз етуге;
      j) мүгедектердің ашық еңбек нарығы жағдайында жұмыс тәжірибесін алуын көтермелеуге;
      k) мүгедектерге арналған кәсіптік және біліктілік оңалту, жұмыс орындарын сақтау және жұмысқа қайта оралу бағдарламаларын көтермелеуге бағытталуға тиіс.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің құлдықта немесе еріксіз жағдайда ұсталмауын және басқалармен тең дәрежеде мәжбүрлі немесе міндетті еңбек етуден қорғалуын қамтамасыз етеді.

28-бап
Жеткілікті өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің өздері үшін және олардың отбасылары үшін жеткілікті тамақ, киім және тұрғын үйді қамтитын жеткілікті өмір сүру деңгейіне, өмір сүру жағдайын үздіксіз жалғастыруға құқығын таниды және осы құқықтың мүгедектік белгісі бойынша кемсітусіз жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге және көтермелеуге арналған тиісті шараларды қабылдайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің әлеуметтік қорғалуға құқығын және осы құқығын мүгедектік белгісі бойынша кемсітусіз пайдалану құқығын таниды және осы құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз ету және көтермелеуге арналған тиісті шараларды қабылдайды, ол:
      а) мүгедектердің таза су алуға теңдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге, мүгедектікпен байланысты мұқтаждарды қанағаттандыруға арналған тиісті әрі қымбат емес қызмет көрсетулерге, құрылғылар мен басқа да көмектерге қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі;
      b) мүгедектердің, ішінара алғанда мүгедектігі бар әйелдердің, қыздар мен егде адамдардың әлеуметтік қорғау бағдарламаларына және жоқшылық ауқымын қысқарту бағдарламаларына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі;
      c) жоқшылықта өмір сүретін мүгедектер мен олардың отбасыларының мүгедектікпен байланысты тиісті дәрежедегі оқытуды, консультация беруді, қаржылық көмекті және уақытша патронаждық бағып-күтуді қоса алғандағы шығындарды жабу мақсатымен мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке қол жеткізу жөніндегі;
      d) мүгедектердің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі;
      e) мүгедектердің зейнетақылық жәрдемақы мен бағдарламаларға қол жеткізуі жөніндегі шараларды қамтиды.

29-бап
Саяси және қоғамдық өмірге қатысу

      Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің саяси құқықтарына және оларды басқалармен тең дәрежеде пайдалану мүмкіндіктеріне кепілдік береді және:
      а) мүгедектердің саяси және қоғамдық өмірге тікелей немесе еркін таңдаған өкілдер арқылы басқалармен тең дәрежеде тиімді және жан-жақты қатыса алуын, соның ішінде дауыс беруге және сайлануға құқығы мен мүмкіндігі болуын, атап айтқанда:
      i) дауыс беруге арналған процедуралар, үй-жайлар мен материалдар түсінуге және пайдалануға қолайлы, қол жетімді және жеңіл болуын қамтамасыз ету;
      ii) мүгедектердің сайлауда және көпшілік референдумдарда қорықпай жасырын дауыс беруге қатысу және сайлау үшін өз кандидатураларын ұсынуға, лауазымдарды іс жүзінде иеленуге және қолайлы жерде ассистивтік және жаңа технологияларды пайдалануға жәрдемдесе отырып мемлекеттік биліктің барлық деңгейлеріндегі барлық көпшілік функцияларды орындауға құқығын қорғау;
      iii) мүгедектердің сайлаушы ретіндегі ерік-жігерін еркін танытуына және осы мақсатта қажет болған жағдайда олардың өздерінің қалауы бойынша қандай да бір адамға дауыс беруге көмектесу туралы өтініштерін қанағаттандыруға кепілдік беру арқылы қамтамасыз етуге;
      b) мүгедектердің мемлекеттік істерді басқаруға кемсітусіз және басқалармен тең дәрежеде, тиімді және жан-жақты қатыса алатындай жағдайын жасауға белсенді жәрдемдесуге және олардың:
      i) жұмысы елдің мемлекеттік және саяси өмірімен байланысты үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктерге, соның ішінде саяси партиялардың қызметі мен оны басқаруға қатысуын;
      ii) мүгедектердің атынан халықаралық, ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде өкілдік ету үшін мүгедектер ұйымын құру және оларға кіруді қоса алғандағы мемлекет істеріне араласуын көтермелеп отыруға міндеттенеді.

30-бап
Мәдени өмірге, бос уақыты мен демалысын өткізуге және спортпен шұғылдануға қатысу

      1. Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде мәдени өмірге қатысу құқығын таниды және мүгедектердің:
      а) мәдениет туындыларына қол жетімді форматта қол жеткізуін;
      b) қол жетімді форматтағы теледидар бағдарламаларына, фильмдерге, театрға және басқа да мәдени іс-шараларға қол жеткізуін;
      с) театрлар, мұражайлар, кинотеатрлар, кітапханалар және туристік қызмет көрсетулер сияқты мәдени іс-шаралар немесе қызмет көрсетулер орындарына қолдарын жеткізуін, сондай-ақ ұлттық мәдени маңызы бар ескерткіштер мен нысандарға барынша мүмкін дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
      2. Қатысушы мемлекеттер мүгедектерге тек олардың өз игілігі үшін ғана емес, барша қоғамның баюы үшін өздерінің шығармашылық, көркемсурет және зияткерлік әлеуетін дамыту және пайдалану мүмкіндіктерін беруге арналған тиісті шараларды қабылдайды.
      3. Қатысушы мемлекеттер халықаралық құқыққа сәйкес зияткерлік меншік құқығын қорғау туралы заңдардың мүгедектердің мәдениет туындыларына қол жеткізуіне жөнсіз немесе кемсітуші тосқауыл болмауын қамтамасыз ету үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
      4. Мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде өздерінің ерекше мәдени және тілдік өзіндік болмысының, ымдау тілдері мен саңыраулар мәдениетінің танылуына және қолдауға ие болуына құқы бар.
      5. Мүгедектерге басқалармен тең дәрежеде бос уақыты мен демалысын өткізуге, спорттық іс-шараларға қатысу мүмкіндігін беру үшін қатысушы мемлекеттер:
      а) мүгедектердің барлық деңгейлердегі жалпыбейінді спорттық іс-шараларға барынша толық қатысуын көтермелеу және насихаттау үшін;
      b) мүгедектердің мүгедектерге арналған спорттық және бос уақытын өткізу іс-шараларын ұйымдастыруға мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету, оларды дамыту және оларға қатысуы үшін және осыған байланысты басқалармен тең дәрежеде тиісті оқыту, дайындық және ресурстар ұсынылуына жәрдемдесу үшін;
      с) мүгедектердің спорттық, рекреациялық және туристік нысандарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін;
      d) мүгедек балалардың басқа балалармен тең дәрежеде ойындарға, бос уақыты мен демалысын өткізуге және спорттық іс-шараларға, соның ішінде мектеп жүйесі шеңберіндегі іс-шараларға қатысуға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін;
      e) мүгедектердің бос уақытын, туризмді, демалысын және спорттық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысатын адамдардың қызмет көрсетулеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдайды.

31-бап
Статистика және мәліметтер жинау

      1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны орындау мақсатында стратегиялар әзірлеп, іске асыруға мүмкіндік беретін статистикалық және зерттеу мәліметтерін қоса алғандағы тиісті ақпараттар жинауға міндеттенеді. Бұл ақпаратты жинау және сақтау процесі кезінде:
      а) мүгедектердің жеке өмірінің құпиялылығы мен қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету үшін заңды тұрғыда белгіленген кепілдіктердің, оның ішінде мәліметтерді қорғау туралы заңнаманың;
      b) статистикалық мәліметтерді жинау мен пайдалану кезінде адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғауға қатысты халықаралық танылған нормалардың, сондай-ақ этикалық принциптердің сақталуы тиіс.
      2. Осы бапқа сәйкес жиналған ақпарат тиісті жолмен дезагрегацияланады және қатысушы мемлекеттердің осы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін қалай орындап жатқанын бағалауға жәрдемдесу үшін, сондай-ақ мүгедектердің өздерінің құқықтарын іске асыруы кезінде кездесетін кедергілерді айқындау мен жою үшін пайдаланылады.
      3. Қатысушы мемлекеттер осы статистикалық мәліметтерді таратқаны үшін өздеріне жауапкершілік алады және олардың мүгедектер мен басқа адамдар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етеді.

32-бап
Халықаралық ынтымақтастық

      1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі ұлттық күш-жігерді қолдай отырып халықаралық ынтымақтастық пен оны көтермелеудің маңыздылығын таниды және мемлекетаралық желі бойынша, ал орынды жерінде – тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен және азаматтық қоғаммен, атап айтқанда мүгедектер ұйымдарымен әріптестікте осыған байланысты тиісті және тиімді шараларды қабылдайды. Мұндай шаралар атап айтқанда:
      a) халықаралық ынтымақтастықтың, оның ішінде халықаралық даму бағдарламаларының мүгедектерді қамтуын және олар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етуді;
      b) жеңілдетуді және қолда бар мүмкіндіктерді нығайтуды қолдауды, оның ішінде өзара ақпарат, тәжірибе, бағдарламалар мен озық әзірлемелер алмасу жолымен;
      c) зерттеу саласындағы ынтымақтастық пен ғылыми-техникалық білімге қол жеткізуді;
      d) орынды жерінде қонымды жерде техникалық-экономикалық көмекті, оның ішінде қол жетімді және ассистивті технологияларға қол жеткізуді жеңілдету арқылы және оларды өзара алмасу жолымен, сондай-ақ технологиялар беру арқылы көмектесуді қамтуы мүмкін.
      2. Осы баптың ережелері әрбір қатысушы мемлекеттің осы Конвенцияға сәйкес өз міндеттемелерін орындау жөніндегі міндеттеріне әсер етпейді.

33-бап
Ұлттық жүзеге асыру және мониторинг

      1. Қатысушы мемлекеттер өздерінің ұйымдық құрылуына сәйкес үкіметте осы Конвенцияны жүзеге асырумен байланысты мәселелерге жетекшілік ететін бір немесе бірнеше инстанцияларды тағайындайды және әртүрлі секторлар мен әртүрлі деңгейлердегі тиісті жұмысқа жәрдемдесу үшін тиісті жолмен үкіметте үйлестіру механизмін құру немесе тағайындау мүмкіндігін зерттейді.
      2. Қатысушы мемлекеттер өздерінің құқықтық және әкімшілік құрылымына сәйкес өзінде орынды жерінде осы Конвенцияның орындалуын көтермелеуге, қорғауға және мониторинг жүргізуге арналған бір немесе бірнеше тәуелсіз механизмдерді қамтитын құрылымды қолдайды, нығайтады, тағайындайды немесе құрады. Мұндай механизмді тағайындаған немесе құрған кезде қатысушы мемлекеттер адам құқықтарын қорғаумен және көтермелеумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі мен қызмет етуіне қатысты принциптерді назарға алады.
      3. Азаматтық қоғам, атап айтқанда мүгедектер мен олардың атынан өкілдік ететін ұйымдар қадағалау процесіне толық көлемінде тартылады және оған қатысады.

34-бап
Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитет

      1. Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитет құрылады (бұдан әрі – «Комитет» деп аталатын), ол төменде көзделген функцияларды орындайды.
      2. Осы Конвенцияның күшіне енуі сәтінде Комитет он екі сарапшыдан тұрады. Конвенцияның тағы да алпыс рет ратификациялануынан немесе оған қосылуынан кейін Комитеттің мүшелік құрамы алты адамға артып, ең көп саны – он сегіз мүшеге жетеді.
      3. Комитет мүшелері жеке адам ретінде әрекет етеді және жоғары моральдық қасиетке және осы Конвенция қамтитын салада танылған білікті де тәжірибелі тұлға болады. Өз кандитатураларын ұсынар кезде қатысушы мемлекеттерге осы Конвенцияның 4-бабының 3-тармағында тұжырымдалған ережені тиісті дәрежеде ескеру ұсынылады.
      4. Комитет мүшелерін қатысушы мемлекеттер сайлайды, бұл ретте әділ географиялық бөлініске, әртүрлі өркениет нысандарының өкілділігіне және негізгі құқықтық жүйелеріне, ерлер мен әйелдердің теңдестірілген өкілділігіне және сарапшы мүгедектердің қатысуына көңіл бөлінеді.
      5. Комитет мүшелері қатысушы мемлекеттер конференциясының отырысында қатысушы мемлекеттердің өз азаматтары ішінен ұсынған кандидаттары тізімінен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Қатысушы мемлекеттердің үштен екісі кворум құрайтын бұл отырыстарда дауыс беруге келген және қатысқан қатысушы мемлекеттер өкілдерінің барынша көп дауысын және абсолюттік көпшілігін алған кандидаттар Комитет құрамына сайланған болып табылады.
      6. Ең алғашқы сайлау осы Конвенция күшіне енген күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізіледі. Әрбір сайлау өтетін күнге дейін кем дегенде төрт ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы қатысушы мемлекеттерге хат жолдап, екі айдың ішінде кандидатура беруді ұсынады. Сосын Бас хатшы осылайша ұсынылған кандидаттардың оларды ұсынған қатысушы мемлекеттерін көрсете отырып әліпбилік ретпен тізімін жасайды және оны осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге жібереді.
      7. Комитет мүшелері төрт жылдық мерзімге сайланады. Олар тек бір ғана қайта сайлануға құқылы. Алайда, бірінші сайлауда сайланатын алты мүшенің өкілеттік мерзімі екі жылдық мерзімнен кейін аяқталады; бұл алты мүшенің аттары бірінші сайлаудан кейін отырысқа төрағалық етушінің жеребесі бойынша кешіктірілмей анықталады, ол туралы осы баптың 5-тармағында айтылған.
      8. Комитеттің қосымша алты мүшесін сайлау осы баптың тиісті ережелерімен реттелетін әдеттегі сайлауға орайластырылады.
      9. Егер де Комитеттің қандай да бір мүшесі қайтыс болса немесе отставкаға кетсе, не болмаса өзінің міндеттерін қандай да бір өзге себептермен әрі қарай орындай алмайтынын хабарласа, онда бұл мүшенің кандидатурасын ұсынған қатысушы мемлекет өкілеттіліктің қалған мерзіміне біліктілікке ие және осы баптың тиісті ережелерінде көзделген талаптарға сай келетін басқа сарапшыны тағайындайды.
      10. Комитет өзінің процедуралар ережесін белгілейді.
      11. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Комитеттің осы Конвенцияға сәйкес өз функцияларын тиімді іске асыруы үшін қажетті қызметкерлер мен материалдық қаражат береді және оның алғашқы мәжілісін шақырады.
      12. Осы Конвенцияға сәйкес құрылған Комитеттің мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымының қаражатынан Комитеттің міндеттерінің маңыздылығын ескере отырып Ассамблея белгілейтін тәртіппен және шарттармен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекітетін сыйақы алады.
      13. Комитет мүшелері Біріккен Ұлттар Ұйымы істері бойынша іс-сапарларда Конвенцияның Біріккен Ұлттардың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы тиісті бөлімдерінде бекітілген сарапшылардың жеңілдіктеріне, артықшылықтарына және иммунитеттеріне құқығы болады.

35-бап
Қатысушы мемлекеттердің баяндамалары

      1. Әрбір қатысушы мемлекет Комитетке Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы олардың осы Конвенция бойынша өз міндеттемелерін іске асыру үшін қабылданған шаралар туралы және тиісті қатысушы мемлекет үшін осы Конвенцияның күшіне енген күнінен бастап екі жылдың ішінде осы тұрғыда қол жеткізілген прогресс туралы жан-жақты баяндама ұсынады.
      2. Кейін қатысушы мемлекеттер келесі баяндамаларды төрт жылда бір реттен сиретпей, сондай-ақ Комитет сұраған кезде ұсынып отырады.
      3. Комитет баяндамалардың мазмұнын анықтайтын басшылық принциптерін белгілейді.
      4. Комитетке алғашқы жан-жақты баяндаманы ұсынған қатысушы мемлекетке өзінің кейінгі баяндамаларында бұрындары берген ақпараттарды қайталаудың қажеттігі жоқ. Қатысушы мемлекеттерге Комитетке баяндамаларды дайындауды ашық және транспарентті процесс етуді ойластыру және осы Конвенцияның 4-бабының 3- тармағында тұжырымдалған ережені тиісті дәрежеде ескеру ұсынылады.
      5. Баяндамаларда осы Конвенция бойынша міндеттемелердің орындалу дәрежесіне ықпал ететін факторлары мен қиындықтар көрсетілуі мүмкін.

36-бап
Баяндамаларды қарау

      1. Комитет әр баяндаманы қарайды, ол бойынша орынды деген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар жасайды, оларды тиісті қатысушы мемлекеттерге жібереді. Қатысушы мемлекет жауап ретінде Комитетке өз қалауы бойынша кез келген ақпаратты жібере алады. Комитет қатысушы мемлекеттерден осы Конвенцияны жүзеге асыруға қатысы бар қосымша ақпарат сұратып ала алады.
      2. Қатысушы мемлекет баяндама ұсынуды айтарлықтай кешіктірген кезде Комитет тиісті қатысушы мемлекетті егер де осы хабардар етуден кейінгі үш айдың ішінде тиісті баяндама ұсынылмаса, осы Конвенцияның бұл қатысушы мемлекетте іске асырылуы туралы мәселені Комитеттегі қолда бар ақиқат ақпараттың негізінде қарау талап етілетіндігі туралы хабардар ете алады. Комитет тиісті қатысушы мемлекетке мұндай қарауға қатысуды ұсынады. Егер қатысушы мемлекет жауап ретінде тиісті баяндама ұсынса, онда осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылады.
      3. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы баяндамаларды барлық қатысушы мемлекеттердің иеленуіне жібереді.
      4. Қатысушы мемлекеттер өз елінде жұртшылық үшін өз баяндамаларына кең жол ашады, осы баяндамаларға қатысты ұсыныстармен және жалпы ұсынымдармен танысуды жеңілдетеді.
      5. Комитет мұны орынды деп есептеген жағдайда қатысушы мемлекеттердің баяндамаларын Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелеріне, қорларына және бағдарламаларына, сондай-ақ басқа да құзырлы органдарға олардың онда айтылатын техникалық консультация немесе көмек туралы өтінішке не болмаса соңғысындағы қажеттілікке нұсқауға назар аударуы үшін Комитеттің осы өтініштер немесе нұсқаулар бойынша ескертулері мен ұсынымдарымен бірге (егер олар бар болса) жібереді.

37-бап
Қатысушы мемлекеттер мен Комитеттің арасындағы ынтымақтастық

      1. Әрбір қатысушы мемлекет Комитетпен ынтымақтастықта болады және оның мүшелеріне олардың өз міндеттерін орындауына жәрдемдеседі.
      2. Комитет өзінің қатысушы мемлекеттермен қарым-қатынастарында осы Конвенцияны іске асыру, оның ішінде халықаралық ынтымақтастықтың көмегімен іске асыру жөніндегі ұлттық мүмкіндіктерді өсірудің жолдары мен құралдарын тиісті дәрежеде ескереді.

38-бап
Комитеттің басқа органдармен қарым-қатынасы

      Осы Конвенцияның іске асуына жәрдемдесу және оның қамтитын саласындағы халықаралық ынтымақтастықты көтермелеу үшін:
      а) Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелері мен басқа да ұйымдары олардың мандаттарына кіретін осы Конвенцияның мұндай ережелерін іске асыру туралы мәселені қарау кезінде өкілдік алуға құқылы болады. Комитет орынды дер есептеген жағдайда ол мамандандырылған мекемелерге және басқа да құзырлы органдарға Конвенцияны олардың тиісті мандаттарына кіретін салаларда іске асыруға қатысты сараптамалық қорытынды беруді ұсына алады. Комитет Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелері мен басқа да ұйымдарына Конвенцияның олардың қызмет ету саласына жататын салалалардағы іске асуы туралы баяндама беруді ұсына алады;
      b) Комитет өз мандатын орындау кезінде, олардың тиісті баяндама беру басшылық принциптеріндегі, сондай-ақ олар шығаратын ұсыныстар мен жалпы ұсынымдардағы келісушілікті қамтамасыз ету және олардың өз функцияларын іске асыруы кезіндегі қайталау мен параллелизмді болдырмау үшін, орынды болған жағдайда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісім-шарттардың күшімен құрылған басқа тиісті органдардан, мекемелерден консультация алады.

39-бап
Комитет баяндамасы

      Комитет екі жылда бір рет Бас Ассамблея мен Экономикалық және Әлеуметтік Кеңеске өз қызметі туралы баяндама ұсынады және қатысушы мемлекеттерден алған баяндамалар мен ақпараттарды қарауға негізделген ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар шығара алады. Мұндай ұсыныстар мен жалпы ұсынымдар қатысушы мемлекеттердің түсініктемелерімен бірге (егер олар бар болса) Комитеттің баяндамасына енгізіледі.

40-бап
Қатысушы мемлекеттер конференциясы

      1. Қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияны іске асыруға қатысты кез келген мәселені қарау үшін Қатысушы мемлекеттердің конференциясына жүйелі түрде жиналып тұрады.
      2. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін алты айдан кешіктірмей Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақырады. Келесі кеңестерді Бас хатшы екі жылда бір рет шақырады немесе Қатысушы мемлекеттер конференциясының шешімі бойынша шақырылады.

41-бап
Депозитарий

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Осы Конвенцияның депозитариі болып табылады.

42-бап
Қол қою

      Осы Конвенция барлық мемлекеттер мен өңірлік интеграциялар ұйымдарының қол қоюы үшін Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде 2007 жылғы 30 наурыздан бастап ашық.

43-бап
Міндеттілікке келісу

      Осы Конвенцияны оған қол қойған мемлекеттер ратификациялауға және оған қол қойған өңірлік интеграция ұйымдары ресми растауға тиіс. Ол осы Конвенцияға қол қоймаған кез келген мемлекеттің немесе өңірлік интеграция ұйымының қосылуы үшін ашық.

44-бап
Өңірлік интеграция ұйымдары

      1. «Өңірлік интеграция ұйымы» белгілі бір өңірдің егемен елдері құрған, оған мүше мемлекеттер осы Конвенциямен реттелетін мәселелерге қатысты құзырлар берген ұйымды білдіреді. Мұндай ұйымдар ресми растау немесе қосылу туралы өз құжаттарында осы Конвенциямен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің көлемін көрсетеді. Соңынан олар депозитарийді өз құзыретінің көлеміндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы хабардар етеді.
      2. Осы Конвенциядағы «қатысушы мемлекеттерге» сілтемелер мұндай ұйымдарға олардың құзыреті шегінде қатысты болады.
      3. Осы Конвенцияның 45-бабының 1 тармағы мен 47-бабының 2 және  3 тармақтарыныңмақсаттары үшін өңірлік интеграция ұйымы сақтауға берген бірде-бір құжат есептелмейді.
      4. Өңірлік интеграция ұйымдары олардың құзырына жататын мәселелерде Қатысушы мемлекеттер конференциясындағы өздерінің олардың осы Конвенцияға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттерінің санына тең дауыс санымен дауыс беру құқығын пайдалана алады. Егер мүше мемлекеттердің біреуі өзінің құқығын іске асырса, онда мұндай ұйым өзінің дауыс беру құқығын іске асырмайды, және керісінше болуы мүмкін.

45-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Конвенция жиырмасыншы ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Мұндай жиырмасыншы құжатты сақтауға бергеннен кейін осы Конвенцияны ратификациялаушы, оны ресми растаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін Конвенция олардың өздерінің осындай құжатын сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

46-бап
Ескертпелер

      1. Осы Конвенцияның объектісі мен мақсатына сай келмейтін ескертпелерге жол берілмейді.
      2. Ескертпелер кез келген уақытта алынып тасталуы мүмкін.

47-бап
Түзетулер

      1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына бере алады. Бас хатшы ұсынылған кез келген түзетулерді қатысушы мемлекеттерге олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақыруды қалайтын-қаламайтындығы туралы хабардар етуін сұрай отырып хабарлайды. Мұндай хабарлаудан кейінгі төрт айдың ішінде қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі мұндай конференцияны өткізуді жақтаған жағдайда Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында конференция шақырады. Келгендер мен дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екісін қамтитын көпшілігімен мақұлданған кез келген түзетуді Бас хатшы бекіту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, сосын қабылдау үшін барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген түзету сақтауға берілген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткен кезден кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Соңынан түзету кез келген қатысушы мемлекет үшін оның қабылдау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Түзетулер оларды қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.
      3. Егер де Қатысушы мемлекеттер конференциясы консенсуспен тиісті шешімді қабылдаса, осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген, тек 343839 және 40-баптарға жататын түзету барлық қатысушы мемлекеттер үшін сақтауға берілген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

48-бап
Күшін жою

      Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшының мұндай хабарламаны алған күнінен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

49-бап
Қолжетімді формат

      Осы Конвенция мәтінінің қол жетімді форматта болуы қамтамасыз етілуге тиіс.

50-ап
Біркелкі мәтіндер

      Осы Конвенцияның мәтіндері ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде тең біркелкі болып табылады.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қойған уәкілетті өкілдер, тиісті үкіметтері берген уәкілеттіктерімен тиісті тәртіппен осы Конвенцияға қол қойды.

Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативті хаттама (Нью-Йорк, 13 желтоқсан, 2006 жыл)

      Осы хаттамаға қатысушы мемлекеттер төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Хаттамаға қатысушы мемлекет («қатысушы мемлекет») Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеттің («Комитет») оның юрисдикциясында болып табылатын, осы қатысушы мемлекеттің немесе оның атынан Конвенция ережелерін бұзудың құрбаны болып табылатынын мәлімдеген адамдардың немесе адамдар тобының хабарламаларын қабылдау және қарау құзіретін таниды.
      2. Егер де хабарлама осы Хаттаманың қатысушысы болып табылмайтын қатысушы мемлекетке қатысты болса, Комитет оны қабылдамайды.

2-бап

      Комитет мына жағдайларда хабарламаны қабылдауға қолайсыз деп санайды:
      a) хабарлама анонимді болып табылса;
      b) хабарлама мұндай хабарламалар беру құқығын өрескел пайдалану болып табылса немесе Конвенцияның ережелеріне үйлеспейтін болса;
      c) Комитет дәл сол мәселені қараған болса, не болмаса халықаралық айқындау немесе реттеудің басқа процедурасы шеңберінде қаралған болса немесе қаралып жатса;
      d) қолда бар ішкі қорғау құралдары түгел қолданылмаса. Қорғау құралдарын пайдалану себепсіз созылса немесе пәрменді нәтиже әкеле қоюы екіталай болса, бұл ереже қолданылмайды;
      e) ол анық негізделмеген немесе жеткіліксіз дәйектелген болып табылса;
      f) хабарламаның негізі болып табылатын фактілер осы Хаттаманың тиісті қатысушы мемлекеті үшін осы Хаттама күшіне енгенге дейін орын алған болса және бұл фактілер аталған күннен кейін де жалғаспаған болса.

3-бап

      Осы Хаттаманың 2-бабының ережелерін ескере отырып, Комитет оған берілген кез келген хабарламаларды құпия түрде қатысушы мемлекеттің назарына жеткізеді. Алты айдың ішінде хабардар болған мемлекет Комитетке мәселені немесе осы мемлекеттің қолдануы мүмкін болған қорғаныс құралын (егер ондай болса) нақтылай отырып жазбаша түсініктеме немесе мәлімдемені ұсынады.

4-бап

      1. Хабарламаны алу мен мәнісі бойынша анықтама шығару аралығындағы кез келген сәтте Комитет тиісті қатысушы мемлекетке тез арада қарау үшін осы қатысушы мемлекеттің болады деп күтілетін заң бұзушылықтың құрбанына немесе құрбандарына болуы мүмкін орны толмас залал келтірудің алдын алу үшін қажет болуы мүмкін уақытша шаралар қабылдауы туралы өтініш жібере алады.
      2. Комитет осы баптың 1-тармағына сәйкес өзінің дискрециялық құқығын іске асырған кезде, бұл оның хабарламаның мәнісі бойынша оларға қолайлылығына қатысты шешім қабылдады дегенді білдірмейді.

5-бап

      Осы Хаттамаға сәйкес хабарламаларды қарау кезінде Комитет жабық отырыс өткізеді. Хабарламаны зерделеп болған соң Комитет тиісті қатысушы мемлекет пен мәлімдеушіге өз ұсыныстары мен ұсынымдарын (егер де ондайлар бар болса) жібереді.

6-бап

      1. Егер Комитет қатысушы мемлекеттің Конвенцияда бекітілген құқықтарды елеулі немесе жүйелі түрде бұзғанын көрсететін ақиқат ақпарат алса, онда ол сол қатысушы мемлекетке осы ақпаратты зерттеуде ынтымақтасуды және осы мақсатпен тиісті ақпарат бойынша ескертулер беруді ұсынады.
      2. Қатысушы мемлекеттер беруі мүмкін кез келген ескертулерді, сондай-ақ онда бар кез келген басқа ақиқат ақпаратты ескере отырып Комитет өзінің бір немесе бірнеше мүшелеріне тексеру жүргізуді және Комитетке шұғыл баяндама ұсынуды тапсыра алады. Қажет жағдайда және қатысушы мемлекеттің келісімімен тексеру оның аумағына кіруді қамтуы мүмкін. Бұл өзін өзі ақтаған жағдайда, және қатысушы мемлекеттік келісімімен зерттеп тексеру оның аумағында болуды қамти алады.
      3. Мұндай тексерудің нәтижелерін зерделеп болған соң, Комитет бұл нәтижелерді кез келген түсініктемелерімен және ұсынымдарымен қосып қатысушы мемлекетке жолдайды.
      4. Комитет жіберген нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды алғаннан кейінгі алты айдың ішінде қатысушы мемлекет оған өз ескертулерін ұсынады.
      5. Мұндай зерттеп тексеру құпия түрде жүргізіледі, және де процестің барлық кезеңдерінде қатысушы мемлекетке ынтымақтастық туралы өтініш жасауы қарастырылады.

7-бап

      1. Комитет тиісті қатысушы мемлекетке Конвенцияның 35-бабында көзделген кез келген шаралар туралы мәліметті осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес жүргізілген тергеуге ден қою тәртібімен өз баяндамасына енгізуді ұсына алады.
      2. Қажет болған жағдайда Комитет 6-баптың 4-тармағында айтылған алты айлық мерзім аяқталған соң тиісті қатысушы мемлекетке мұндай тексеруге үн қату тәртібімен қабылданған шаралар туралы ақпарат беруін ұсына алады.

8-бап

      Әрбір қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қою, ратификациялау немесе оған қосылу сәтінде 6 және 7-баптарда көзделген Комитеттің құзырын мойындамайтынын мәлімдей алады.

9-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың депозитарийі болып табылады.

10-бап

      Осы Хаттама Конвенцияға қол қойған мемлекеттер мен өңірлік интеграциялар ұйымдарының қол қоюы үшін Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде 2007 жылғы 30 наурыздан бастап ашық.

11-бап

      Осы Хаттаманы оған қол қойған, Конвенцияны ратификациялаған немесе оған қосылған мемлекеттер ратификациялауға тиіс. Оған қол қойған, Конвенцияны ресми растаған немесе оған қосылған өңірлік интеграция ұйымдары оны ресми растауға тиіс. Ол Конвенцияны ратификациялаған, оны ресми растаған немесе оған қосылған және осы Хаттамаға қол қоймаған кез келген мемлекеттің немесе өңірлік интеграция ұйымының қосылуы үшін ашық.

12-бап

      1. «Өңірлік интеграция ұйымы» белгілі бір өңірдің егемен елдері құрған, оған мүше мемлекеттер Конвенциямен және осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты құзырлар берген ұйымды білдіреді. Мұндай ұйымдар ресми растау немесе қосылу туралы өз құжаттарында Конвенциямен және осы Хаттамамен реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің көлемін көрсетеді. Соңынан олар депозитарийді өздерінің құзыретінің көлеміндегі кез келген елеулі өзгерістер туралы хабардар етеді.
      2. Осы Конвенциядағы «қатысушы мемлекеттерге» сілтемелер мұндай ұйымдарға олардың құзыреті шегінде қатысты болады.
      3. Осы Хаттаманың 13-бабының 1-тармағы мен 15-бабының  2-тармағыныңмақсаттары үшін өңірлік интеграция ұйымы сақтауға берген бірде-бір құжат есептелмейді.
      4. Өңірлік интеграция ұйымдары олардың құзырына жататын мәселелерде Қатысушы мемлекеттер конференциясындағы өздерінің олардың осы Хаттамаға қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттерінің санына тең дауыс санымен дауыс беру құқығын пайдалана алады. Егер де мүше мемлекеттерінің бірі өз құқығын іске асырса, онда мұндай ұйым өзінің дауыс беру құқығын іске асырмайды және керісінше болуы мүмкін.

13-бап

      1. Конвенция күшіне енген жағдайда осы Хаттама оныншы ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.
      2. Мұндай оныншы құжатты сақтауға бергеннен кейін осы Хаттаманы ратификациялаушы, оны ресми растаушы немесе оған қосылушы әрбір мемлекет немесе өңірлік интеграция ұйымы үшін Хаттама олардың өздерінің осындай құжатын сақтауға бергеннен кейінгі отызыншы күні күшіне енеді.

14-бап

      1. Осы Хаттаманың объектісі мен мақсатына сай келмейтін ескертпелерге жол берілмейді.
      2. Ескертпелер кез келген уақытта алынып тасталуы мүмкін.

15-бап

      1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Хаттамаға түзетулер ұсынып, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына бере алады. Бас хатшы ұсынылған кез келген түзетулерді қатысушы мемлекеттерге олардың осы ұсыныстарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін қатысушы мемлекеттердің конференциясын шақыруды қалайтын-қаламайтындығы туралы хабардар етуін сұрай отырып хабарлайды. Мұндай хабарлаудан кейінгі төрт айдың ішінде қатысушы мемлекеттердің кемінде үштен бірі мұндай конференцияны өткізуді жақтаған жағдайда Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында кеңес шақырады. Келгендер мен дауыс беруге қатысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екісіндей көпшілігімен мақұлданған кез келген түзетуді Бас хатшы бекіту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, сосын қабылдау үшін барлық қатысушы мемлекеттерге жібереді.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мақұлданған және бекітілген түзету сақтауға берілген қабылдау туралы құжаттар саны осы түзетуді мақұлдау күніндегі қатысушы мемлекеттер санының үштен екісіне жеткен кезден кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Соңынан түзету кез келген қатысушы мемлекет үшін оның қабылдау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейінгі отызыншы күні күшіне енеді. Түзету оны қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.

16-бап

      Қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысын жазбаша хабардар ету арқылы осы Хаттаманың күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшының мұндай хабарламаны алған күнінен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

17-бап

      Осы Хаттама мәтінінің қол жетімді форматтарда болуы қамтамасыз етілуге тиіс.

18-бап

      Осы Хаттаманың мәтіні ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде тең біркелкі болып табылады.
      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН төменде қол қойған уәкілетті өкілдер, тиісті үкіметтері берген уәкілеттіктерімен тиісті тәртіппен осы Хаттамаға қол қойды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады