Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 тамыздағы № 136 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасы Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      және республикалық баспасөзде

      жариялануға тиіс

      Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне:

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің – салық саясатын, бюджет саясатын, кеден ісі, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясатты әзірлеу және қалыптастыру саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің – ауылдық аумақтарды дамыту саясатын әзірлеу, қалыптастыру және іске асыру саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің – халықаралық экономикалық ынтымақтастық аясының үйлестіру саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің – табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар аясындағы саясатты әзірлеу және қалыптастыру саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) – бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу мәселелері жөніндегі саясатты әзірлеу және қалыптастыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктерін;

      2) Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін беруді қамтамасыз етсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің қызметінде:

      стратегиялық жоспарлау;

      әлеуметтік-экономикалық дамуды болжамдау және талдау;

      мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру саясатын әзірлеу;

      мемлекеттік инвестициялық саясат;

      экономика салаларындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту;

      мемлекеттік рұқсат беру жүйесін жетілдіру мен оңтайландыру және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы мемлекеттік саясат пен ведомствоаралық үйлестіруді, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту шараларын іске асыру;

      өңірлерді дамытудың мемлекеттік саясатын іске асыру және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      табиғи монополиялар салаларында тауарлар мен қызметтер нарықтарында тарифтік саясатты және баға белгілеу саласындағы саясатты айқындау;

      халықаралық экономикалық және қаржылық қатынастар, оның ішінде халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу саласындағы функцияларды күшейтуді;

      2) мыналарды:

      Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің Өңірлік даму комитетін;

      Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитетін;

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетін құруды;

      3) мыналардың:

      осы Жарлықтың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының тиісті штат санын Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне;

      осы Жарлықтың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, берілетін функцияларды есепке ала отырып, жергілікті атқарушы органдардың тиісті штат санын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне беруді;

      4) қосымша штат санын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Алматы қаласының Өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігіне республикалық бюджетте көзделген және ол таратылғаннан кейін қалған қаражатты осы Жарлықтың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген функциялар мен өкілеттіктерді орындау үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасы Экономикалық интеграция істері министрінің қызметін қамтамасыз ету және оның Хатшылығының функцияларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне бөлуді;

      5) мыналарды:

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне;

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне;

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "Қазақстан инвестициялық қоры" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне;

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "Kazyna Capital Management" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне;

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының "ҚазЭкспортГарант" экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы" акционерлік қоғамы акцияларының пакетін Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне сенімгерлік басқаруға беруді;

      6) мыналарға:

      "Стресті активтер қоры" акционерлік қоғамының акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігіне;

      "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі", "Ипотекалық кредиттерге кепілдік берудің қазақстандық қоры", "Қазақстандық Ипотекалық Компания" ипотекалық ұйымы" акционерлік қоғамдары акцияларының пакеттерін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне беруді;

      7) осы Жарлықтан туындайтын заңдардың жобаларын әзірлеуді және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізуді;

      8) осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. "Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 41, 454-құжат) мынандай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақтың 3) тармақшасының үшінші абзацындағы "Қазақстандық ипотекалық компания"," деген сөздер алып тасталсын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады