"Ақпараттық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 8 желтоқсандағы № 193 Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс         

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 18 тамыздағы № 1166 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 33, 322-құжат; 2005 ж., № 30, 383-құжат; 2008 ж., № 38, 404-құжат; 2009 ж. № 40, 388-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру туралы»;
      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және елде бәсекеге қабілетті жаңа салалар құру мен Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін неғұрлым толық пайдалану мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. 2028 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) құрылсын.»;
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы   
Президентінің       
2011 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 193 Жарлығына     
ҚОСЫМША          

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2003 жылғы 18 тамыздағы 
№ 1166 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН       

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Алматы қаласының Медеу ауданы Алатау кентінің және Алматы облысының іргелес жатқан жерлерінің аумағында орналасқан.
      АЭА аумағы 163,02 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
      2. АЭА мынадай мақсаттарда құрылады:
      1) мынадай салаларды технологиялық дамыту:
      ақпараттық технологиялар;
      телекоммуникация және байланыс саласындағы технологиялар;
      электроника және аспап жасау;
      энергияның жаңартылған көздері, ресурсты үнемдеу және табиғатты тиімді пайдалану;
      әр түрлі қолданыстағы материалдарды жасау және қолдану саласындағы технологиялар;
      мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу салаларындағы технологиялар;
      2) Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне кіруін жандандыру;
      3) тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімнің жаңа түрлерін шығаруды игеру, инвестициялар тарту.
      3. АЭА аумағындағы қызметтің негізгі түрлері:
      1) бизнес жоспарлар, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді, құрылыс-монтаж жұмыстарын, АЭА аумағын көркейту жөніндегі жұмыстарды қамтитын қазіргі заманғы АЭА инфрақұрылымын қалыптастыру;
      2) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жоғары білікті мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру;
      3) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған бағдарламалық қамтамасыз етуді, дерекқорларды және аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және өндіру, сондай-ақ дата-орталықтар қызмет көрсетулер, онлайн-қызмет көрсетулер;
      4) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жаңа технологиялар құру, енгізу және жылжыту;
      5) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда маркетингтік зерттеулер;
      6) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда жобалар құру мен енгізу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын орындау;
      7) мәтіндерді өңдеуге арналған машиналар, көшіру-көбейту жабдығын, мекен-жай машиналарын, калькуляторлар, кассалық аппараттар, таңбалау машиналарын, билет-касса машиналарын шығару, басқа да офистік машиналар мен жабдықтар, электрондық есептеу машиналарын және ақпарат өңдеуге арналған өзге де жабдықтар шығару;
      8) электр және радио элементтерін, таратушы аппаратура, дыбыс пен бейне қабылдауға, жазуға және бейнелеуге арналған аппаратуралар шығару;
      9) тұрмыстық электр құралдарын шығару;
      10) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда бакалавр, магистратура, РhD докторантура бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау;
      11) индустриялық инновациялық қызметті қолдау бойынша мемлекеттік органдар бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын осы
Ереженің 2-тармағында айқындалған салалардағы жобаларды бизнес-инкубациялау болып табылады.
      4. АЭА шеңберінде жоғары білім беру орындарының, соның ішінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінің, ғылыми-зерттеу институттарының инновациялар саласындағы шығармашылық және өнімді жұмыстары үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. АЭА шеңберіндегі олардың қызметін бағыттау осы Ереженің 3-тармағына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.
      5. Ақпараттық және инновациялық технологиялар саласындағы АЭА қатысушылары үшін АЭА-ның аумағында қызметті жүзеге асыру талабы қызметтің мынадай түрлері:
      1) бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық технологиялардың дерекқорларын және аппараттық құралдарын жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және өндіру, сондай-ақ дата-орталықтардың қызмет көрсетулері, онлайн-қызмет көрсетулері;
      2) ақпараттық технологиялар саласында жобаларды жасау мен енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін міндетті болып табылмайды.
      6. АЭА қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» 2011 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
      АЭА аумағында акцизделетін өнім өндіруге байланысты қызметке тыйым салынады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда арнайы экономикалық аймақтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасындағыдан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

2. АЭА-ны басқару

      7. АЭА-ны басқару «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. АЭА-ның басқару органы арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын басқарушы компания - заңды тұлға болып табылады.
      9. АЭА басқару органының функцияларына:
      1) АЭА-ның жұмыс істеуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;
      2) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға жер учаскелерін қосалқы жер пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін жалға (қосалқы жалға) беру;
      3) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасасу және бұзу;
      4) АЭА-қа қатысушылардың жыл сайынғы есептерінің негізінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен АЭА қызметінің нәтижелері туралы есептілікті уәкілетті органға ұсыну;
      5) АЭА-тың қатысушыларын тарту;
      6) АЭА-ның инфрақұрылым объектілерін салу және өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;
      7) АЭА қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;
      8) «бір терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс істеуі үшін қабылдау орнын ұйымдастыру;
      9) АЭА құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарлардың іс жүзінде тұтынылуын растау;
      10) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу жатады.

3. АЭА-ның аумағында салық салу

      10. АЭА-ның аумағында салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.

4. Кедендік реттеу

      11. АЭА-ның аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі қолданылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағының бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады.
      12. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      13. АЭА-ны құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі:
      1) АЭА-ның аумағында жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс салу және объектілерді пайдалануға беру үшін қажетті машиналар, жабдықтар, тауарлар мен материалдар;
      2) тауарларды жеткілікті өңдеу өлшемдеріне сәйкес қайта өңдеуге арналған (акцизделуге жататын тауарларды қоспағанда) тауарлар;
      3) осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген қызметтің негізгі түрлеріне сәйкес өндірісті қамтамасыз етуге қажетті машиналар мен механизмдер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автокөліктер, материалдар, тауарлар мен жартылай дайын өнімдер;
      4) осы Ереженің 2-тармағында айқындалған салаларда ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге және өндіріске қажетті тауарлар мен материалдар.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлардың номенклатурасын Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлар номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
      1) тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету;
      2) тауарларды қайта өңдеу;
      3) осы Ережеге сәйкес негізгі қызмет түрлеріне сай АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды пайдалану және қолдану;
      4) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау;
      5) құрылыс және өнеркәсіп өндірісі технологиясының талаптарын орындау жөнінде операцияларды жасауға рұқсат етіледі.

5. Шетел азаматтарының АЭА аумағында болу тәртібі

      14. АЭА аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттармен белгіленген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транзиті және болу тәртібі қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      15. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өзгертілуі мүмкін.
      16. АЭА-ны тарату «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізіледі.
      17. АЭА-ның осы Ережемен реттелмеген қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы       
Президентінің           
2003 жылғы 18 тамыздағы     
№ 1166 Жарлығымен бекітілген  
«Ақпараттық технологиялар паркі»
арнайы экономикалық аймағы   
туралы ережеге қосымша     

«Инновациялық технологиялар паркі»
арнайы экономикалық аймағы аумағының жоспары
(Жалпы S = 163,02 гектар)

Масштаб 1:25 000

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады