Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 20 сәуірдегі № 301 Жарлығы

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы Қасымовқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2012 жылғы 20 сәуірдегі 
№ 301 Жарлығымен    
МАҚҰЛДАНҒАН      

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы
Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының
аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан
Республикасының аумағында болу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының жол жүруін құқықтық реттеу мақсатында,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы 1992 жылғы 25 мамырдағы шарттың 13-бабын басшылыққа ала отырып,
      бір мемлекет азаматтарының басқа мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдай жасауға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Басқа Тараптың аумағында уақытша болатын бір Тараптың азаматтары болу Тарапының құзыретті органдарында 30 күн ішінде тіркелу (болатын орны бойынша есепке қою) міндетінен босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақытша болу мерзімі болу Тарапының аумағына кіру кезінде қойылған шекаралық бақылау органдарының белгісі бар көші-қон картасымен расталған бір Тарап азаматының басқа Тараптың аумағына кірген күнінен бастап есептеледі.
      3. Бір Тараптың азаматы басқа Тараптың аумағында 30 күннен артық болған жағдайда, көрсетілген азамат болатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның құзыретті органдарында тіркелуге (болатын орны бойынша есепке тұруға) міндетті.

2-бап

      Бір Тараптың азаматтары басқа Тараптың аумағында болған уақытында, болу Тарапының заңнамасын сақтауға міндетті.

3-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін.

4-бап

      1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын ол туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарлай отырып, тоқтата алады. Бұл жағдайда мұндай хабарламаны алған күнінен бастап 6 ай өткен соң осы Келісім қолданысын тоқтатады.
      3. Әрбір Тарап мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата алады. Қабылданған шешім туралы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа мұндай тоқтата тұруға дейін 72 сағаттан кешіктірілмей жіберіледі.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген себептер бойынша осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған Тарап осы Келісімнің қолданысын қайта жаңарту туралы басқа Тарапқа сондай тәртіппен хабарлайды.
      20__ жылғы ______ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін              Ресей Федерациясы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады