Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 587 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.


      Қазақстан Республикасы Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      жариялануға тиіс

      "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңы 4-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 24 маусымдағы
№ 587 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары туралы ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтар терроризмге қарсы операцияларды өткізуге қатыстырылатын мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын жедел басқаратын тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.

      2. Республикалық деңгейде терроризмге қарсы күрес жөніндегі

      республикалық жедел штаб жұмыс істейді.

      3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінде өз қызметі бойынша республикалық жедел штабқа бағынысты облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары жұмыс істейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      3-1. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін теңіздік жедел штабы құрлықтық қайраңда не болмаса теңізде жүзу құралдарында орналасқан теңіздегі экономикалық қызмет объектілеріне қатысты жасалған терроризм актілеріне дер кезінде ден қою және жолын кесу үшін құрылады.

      Ескерту. Ереже 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      4. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдары, заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

2. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері

      Ескерту. 2-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      5. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының негізгі міндеттері:

      1) терроризмге қарсы операцияны өткізу бойынша күштер мен құралдарды қолдау және дайындығын дамыту үшін жағдай жасау;

      2) терроризм актісінің жолын кесу, жедел медициналық көмек көрсету, медициналық-психологиялық қолдау, апаттан құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды өткізу, сондай-ақ күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою бойынша терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізу болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      6. Негізгі міндеттерге сәйкес терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарына мынадай функциялар жүктеледі:

      1) терроризм актісінің жолын кесу бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметі мен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу;

      2) мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын практикалық қолдану мәселелерін пысықтау бойынша терроризмге қарсы оқу-жаттығулар, жаттықтырулар мен тәжірибелерді өткізу;

      3) террористік көріністерге ден қою бойынша күштер мен құралдардың дайындығын бағалау үшін қажетті ақпаратты жинау мен талдауды ұйымдастыру;

      4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіз акваториясы аумағында терроризмге қарсы операцияны өткізу тәртібі, соның ішінде терроризмге қарсы операцияны өткізу кезеңінде құқықтық режимді енгізу туралы шешім тұжырымдау;

      5) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіз акваториясы аумағында терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізуді басқару.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      7. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары:

      1) мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару

      органдарынан, лауазымды адамдар мен ұйымдардан терроризмге қарсы іс-

      қимыл саласында қажетті ақпараттарды, құжаттар мен материалдарды сұратуға;

      2) терроризм актісінің жолын кесу, оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жоюға қажетті орталық және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарын терроризмге қарсы операцияны өткізуге қатысуға тартуға;

      3) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес шетел мемлекеттерінің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерін тартуға;

      4) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, ұйымдармен және жеке адамдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      5) "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабына сәйкес терроризмге қарсы операция өткізу кезеңінде қолданылатын шаралар мен уақытша шектеулер тізбесін айқындауға құқылы.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.
      8. Алып тасталды - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

3. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының құрамы

      Ескерту. 3-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      9. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып табылады.

      Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабқа басшылық етуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы жүзеге асырады. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы оның бірінші орынбасары болады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      10. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың тұрақты мүшелері мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (басшының орынбасары);

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары (басшының орынбасары);

      3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы;

      4) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;

      5) Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;

      6) Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

      7) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб басшысының шешімі бойынша штабтың құрамына өзге де мемлекеттік органдардың басшылары енгізілуі мүмкін.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 01.06.2019 № 57 Жарлығымен.

      11. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың өзінің құзыретіне сәйкес қабылдаған шешімі оның құрамына және терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының құрамына өкілдері кіретін барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      12. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтарының қызметін басқаруды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдарының бастықтары жүзеге асырады.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіздік жедел штабтың басшысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді және Қазақстан Республикасының Каспий теңізіндегі шекара кеңістігінде орнатылған режимдердің орындалуына бақылауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі бірлестігінің (өңірлік басқарманың) бастығы болып табылады.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі теңіздік жедел штаб басшысының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы болып табылады.

      Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтарының басшысын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдар немесе олардың аумақтық бөлімшелері өкілдерінің қатарынан тағайындайды.

      Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штаб басшысының орынбасары күзетілетін тұлғаны алып жүретін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жоғары лауазымды адамы болып табылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      13. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының тұрақты мүшелері мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшесінің бастығы (штаб басшысының орынбасары);

      2) Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің бастығы;

      3) жоғары тұрған қолбасшылықтың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері гарнизонының бастығы;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери бөлімінің командирі;

      5) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің бірінші орынбасары.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб басшысының шешімі бойынша оның құрамына өзге де мемлекеттік органдардың басшылары енгізілуі мүмкін.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      14. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қала) және теңіздік жедел штабының өз құзыретіне сәйкес қабылдаған шешімі олардың құрамына өкілдері кіретін барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      15. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарын өз жұмыс жоспарларында көзделген терроризмге қарсы оқу-жаттығулар мен жаттықтыруларды үйлестіру, өзара іс-қимылдарды жетілдіру, өткізу мәселелерін әзірлеу үшін олардың басшылары шақыруы мүмкін.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары қабылдайтын шешімдер оған терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб басшысы қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді. Терроризмге қарсы операцияны өткізу кезеңінде қабылданатын шешімдерге терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың барлық мүшелері қол қояды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      16. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың күштері мен құралдарының құрамы, жедел топтарды құру тәртібі, терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізу барысындағы олардың іс-қимылдарының егжей-тегжейлі тізбесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылға өз құзыреті шегінде қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

4. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының қызметін ұйымдастыру

      Ескерту. 4-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      17. Терроризмге қарсы операцияны өткізуге тартылатын мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабының басшысы терроризмге қарсы операцияны өткізудің үлгілік ведомствоаралық жоспарын бекітеді. Жоспарда мыналар көзделеді:

      1) тартылатын күштер мен құралдардың есебі, атауы, саны, орналасуы, жедел топтардың қарулануы және техникалық жабдықталуы, олардың басшылары тағайындалады;

      2) терроризмге қарсы операцияға қатысушыларды хабарландыру схемасы, жиынның бастапқы орны және жедел штаб пен оның жедел топтарының орналасуы;

      3) өзге де мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы операцияға қатысу дәрежесі;

      4) терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізудің жалпы тетігі.

      Жоспардың іс-шаралары түрлі деңгейдегі терроризмге қарсы оқу-жаттығулар, жаттықтырулар мен тәжірибелер өткізу арқылы әзірленіп, ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен регламенттеледі.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814; 26.09.2018 № 759 Жарлықтарымен.

      18. Қоғамдық қауіп-қатердің ауқымы мен дәрежесіне, терроризм актісінің күтілетін теріс салдарына байланысты терроризмге қарсы операцияға басшылықты терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабының басшысы жүзеге асырады.

      Аудандағы (облыстық маңызы бар қалада) терроризмге қарсы операцияны басқаруды терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штаб күштері мен құралдары келгеннен және өрістетілгеннен кейін терроризмге қарсы күрес жөніндегі жоғары тұрған жедел штаб басшысы жүзеге асырады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      19. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб терроризмге қарсы операцияны өткізген кезде оның жұмыс тобы қызметке кіріседі.

      Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кіреді. Топқа Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы жұмыс органының бастығы жетекшілік етеді. Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезінде жұмыс тобының жетекшісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдық бөлімшелері бастықтарының қатарынан тағайындалады. Жұмыс тобы терроризм актісін дайындауға немесе оны жасауға байланысты жедел жағдайды талдауды, оның одан әрі дамуын болжауды, сондай-ақ басқару шешімдерін әзірлеуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814; 26.09.2018 № 759 Жарлықтарымен.

      20. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтары терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб басшысының келісімі бойынша терроризмге қарсы операцияны өткізеді.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      21. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штаб басшысы терроризмге қарсы өткізілетін операцияның басталуынан бастап ол аяқталғанға дейін оны өткізуге тартылған барлық әскери қызметшілері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандары үшін басшы және бастық болады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штаб басшысы терроризмге қарсы операцияға тартылатын шетел мемлекеттерінің арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің мамандары үшін бастық болады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      22. Атқаратын лауазымына қарамастан басқа лауазымды адамның

      терроризмге қарсы операцияны жедел басқаруға заңсыз араласуына жол

      берілмейді.

      23. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штабтың күштері мен құралдары келгенге және өрістетілгенге дейін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары бірінші кезектегі шаралар шеңберінде терроризмге қарсы операцияны өткізеді. Терроризмге қарсы операцияны одан әрі өткізуді терроризмге қарсы күрес жөніндегі жоғары тұрған жедел штабтың басшысы тиісті бұйрық шығарған соң жүзеге асырады.

      Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штабтың дер кезінде келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оның басшысы терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың келісімі бойынша терроризмге қарсы операция өткізіліп жатқан әкімшілік-аумақтық бірлікпен шекаралас астананың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтарының күштері мен құралдарын жібереді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      24. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарын терроризмге қарсы операцияны өткізу жоспары бойынша іс-шараларды іске қосу кезінде үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмыс органы қызметке кіріседі.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      25. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штаб басшысы терроризмге қарсы операция өткізу кезінде:

      1) терроризмге қарсы операцияны өткізудің басталуы мен аяқталуын хабарлау, терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының персонал құрамын айқындау және терроризмге қарсы операцияның үлгілік жоспарына сәйкес тартылатын жедел топтар туралы, күштер мен құралдарды пайдалану шектері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақты қолдану тәртібі туралы;

      2) терроризмге қарсы операция өткізу аймағын айқындау туралы;

      3) қажет болған жағдайда "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес оны өткізу кезеңінде терроризмге қарсы операция құқықтық режимін енгізу туралы;

      4) кепілдегі адамдарды босату және террористерді залалсыздандыру бойынша операция өткізу туралы бұйрықтар шығарады. Әртүрлі қуатты ведомстволардың арнаулы мақсаттағы бірнеше бөлімшелерін бірлескен жедел-жауынгерлік қолдану кезінде арнаулы мақсаттағы бөлімше басшыларының бірін жиынтық тактикалық топтың командирі етіп тағайындайды.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      26. Алға қойылған міндеттерді орындау үшін терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарында іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдардың күштері мен құралдары бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша орталық мемлекеттік орган бекіткен нормалар бойынша қажетті материалдық-техникалық құралдармен жарақтандырылады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      27. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының ұйымдастырушылық іс-қимылдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету терроризмге қарсы күрес жөніндегі тиісті жедел штабтардың құрамына лауазымды адамдары енгізілген мемлекеттік органдардың, олардың аумақтық бөлімшелерінің және ведомстволық қарасты мемлекеттік мекемелерінің есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

      28. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) және теңіздік жедел штабтарының іс-қимылдарын ұйымдастырушылық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталығының жұмыс органы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органдары және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бірлестіктері жүзеге асырады.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.09.2018 № 759 Жарлығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады