Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                Н.Назарбаев     

Қазақстан Республикасы 
Президентінің      
2013 жылғы 26 маусымдағы
№ 590 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

Кіріспе
1. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатының пайымы
2. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

Kipicпe

      Жаңа экономикалық бағыт, елдің орнықты дамуына төнетін қатерлер мен сын-тегеуріндер мемлекеттік экономикалық саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі, әрі әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойылған міндеттерін іске асыру құралы болып табылатын бюджет саясатын қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін өзгертуді талап етеді.
      Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді және бюджет ресурстарын мүмкіндіктер шегінде пайдалануға және бюджет тапшылығын қысқартуға, үнемді және ойластырылған бюджеттік-қаржылық процесті қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын және Ұлттық қор қаражатын, іріктеудің қатаң жүйесін қолдана отырып, ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан өнімді стратегиялық жалпыұлттық жобаларға инвестициялауға бағытталған.
      Осы Тұжырымдама 2020 жылға дейінгі бюджет саясатының пайымын, оны қалыптастырудың негізгі тәсілдері мен бағыттарын айқындайды және ол мемлекеттік қаржы саласында реформалар жүргізудің кешенділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

1. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатының пайымы

      Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2014.11.24 № 966 Жарлығымен.

Ағымдағы ахуалды талдау

      Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда мемлекеттік қаржыны басқарудың қазіргі заманғы жүйесінің негізі қалыптасты.
      Нарықтық экономиканың шарттары мен талаптарына жауап беретін мемлекеттік қаржы жүйесі, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік билік органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз етудің заңнамалық негіздері жасалды.
      Бағдарламалық бюджеттеу мен шығыстардың бағдарламалық сыныптамасы енгізілді.
      Табыс көздері республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бөлініп, тұрақты негізде бекітілді.
      Макроэкономикалық тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыру 1998 жылдан бері бейинфляциялық көздерге ауысты.
      Келешек ұрпақ үшін мұнайдан түскен кірістерді жинақтау арқылы қаржы ресурстарын жинақтау, сондай-ақ республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы ахуалға тәуелділігін төмендету мақсатында 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) құрылуы Қазақстан бюджет жүйесінің маңызды реформасы болды. Ұлттық қор елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты ұстаудың маңызды құралына айналды.
      2004 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Бюджет кодексі қабылданды, онда бюджет жүйесіндегі заңнаманың қолданыстағы нормалары реттеліп, жүйеленді.
      Экономикалық, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз ету мақсатында орталық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік басқару деңгейлерінің арасында, оның ішінде бюджет жүйесінде, өкілеттіктердің аражігін ажырату жүргізілді.
      Республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы бюджетаралық қатынастардың тұрақтылығы үшжылдық кезеңге арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемін заңнамалық түрде айқындау жолымен қамтамасыз етілді.
      2007 жылы корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есеп берушілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін қалыптастыру жұмысы басталды. Стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың тұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыру мақсатында 2007 жылғы желтоқсанда Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу жөніндегі тұжырымдама бекітілді.
      2008 жылы Тұжырымдама негізінде нәтижеге бағдарланған бюджеттеуге көшудің заңнамалық негізін қалаған Қазақстан Республикасының жаңа Бюджет кодексі қабылданды.
      Бір жылға арналған бюджеттік жоспарлауды үш жылдық бюджетке ауыстыру жүзеге асырылды, ол мемлекеттік жоспарлаудың жаңа моделінің негізіне айналды.
      Осылайша, тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда бюджет қаражатын басқарудың қазіргі заманғы жүйесінің негізі қалыптасты. Бюджеттік құқықтық қатынастарды реттеудің тұтас жүйесі құрылды, бюджет жүйесінің бірыңғай қағидаттары белгіленді, мұнайдан түскен кірісті жинақтау тетігі енгізілді, бюджетаралық қатынастардың жүйесі құрылды.
      Сонымен қатар, бюджет саясатын қалыптастыруда орта және ұзақ мерзімді кезеңде оның тиімділігіне келеңсіз әсерін тигізуі мүмкін проблемалар мен теріс үрдістер орын алуда.
      Бірнеше жылдар бойы мемлекет міндеттемелерінің ұлғаю үрдісі байқалып отыр, «бюджеттік масылдық» күшейіп келеді. Мемлекеттік бюджет шығыстарының жалпы көлеміндегі ағымдағы шығыстар 2005 жылғы 59,6%-дан 2013 жылы 81,1%-ға дейін өсті.
      Жыл сайын ағымдағы шығыстар мен мемлекеттік бюджеттен тұрғын үй-коммуналдық саланы, көлік саласын, ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін субсидиялар көлемдері ұлғаюда.
      Мемлекеттік бюджет шығыстарының жыл сайынғы өсуіне қарамастан, оның нәтижелілігі төмендеуде.
      Бұл ретте кіріс базасының өсуімен сүйемелденбейтін салық салу саясаты перспективада ұлғайып бара жатқан міндеттемелерге барабар болмай қалуы мүмкін. Мұның өзі ұзақ мерзімді кезеңде мемлекеттік қаржының теңгерімсізденуіне әкелуі мүмкін.
      Іске асырылуы әртүрлі мемлекеттік органдарға бекітілген бағдарламалар санының көп болуы да бюджеттік ресурстарды тиімді басқаруды қиындата түседі. Қаржыландыру бағыттары мен бағдарламаларды іске асыру құралдарының қайталануы орын алып отыр.
      Ағымдағы ахуал стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Бюджет қаражатын бөлу түпкілікті нәтижеге емес, сметаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Құрылымдық реформалардың аяқталмауына және жалғасуына байланысты экономикасы дамып келе жатқан ел ретінде Қазақстанда орта мерзімді бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету айтарлықтай күрделі.
      Бюджеттік инвестицияларды жоспарлаудың кешенділігі жоқ, бұл олардың тиімділігін азайтады.
      Жекеше инвестициялар мемлекеттік инвестициялармен алмастырылып жатады.
      Бюджет қаражаты есебінен салынып жатқан жобалардың қымбаттау проблемасы шешілмей отыр.
      Квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік инвестициялардың келісілмеген инвестициялық саясаты мемлекеттік салымдардың тиімділігін төмендетуге алып келеді.
      Мемлекеттің қатысуымен құрылатын заңды тұлғалар саны жыл сайын ұлғаюда, оларды капиталдандыруға шығыстар өсуде. Квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне бөлінетін қаражат тиімсіз пайдаланылуда, бұл активтерді «жеп қоюмен» сүйемелденеді.
      Қазіргі бюджет жүйесіне тән орталықтандыру бюджет жүйесіндегі теңгерімсіздікке әкеледі. Сүйемелдейтін (теңестіретін) сипатты ғана орындайтын өңірлерге берілетін нысаналы трансферттер жүйесі «екінші жергілікті бюджетке» айналды. 2012 жылы өңірлерге трансферттер орташа есеппен жергілікті бюджеттер кірістерінің жалпы көлемінің 61,7%-ын құрады. Өңірлік сипаттағы іс-шараларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұлғайды.
      Төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер бөлудің қолданыстағы практикасының бірқатар проблемалары бар. Бұл нысаналы трансферттердің көптігі, жоспарлаудың күрделілігі, қаражатты түпкі алушыларға беру тетігінің жетілдірілмегендігі, республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісі мен жергілікті атқарушы орган арасындағы жауапкершіліктің айқын болмауы, өңірлердің шешімдер қабылдаудағы дербестігінің босаңсуы.
      Биліктің жергілікті органдары қызметінің тиімділігін қолданыстағы бағалаудың нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді толыққанды енгізу үшін қажетті тікелей ынталандыратын әсері жоқ, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді, тиімділікті бағалауды көтермелеу жүйесі көзделмеген.
      Нәтижесінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуде жергілікті органдардың дербестігі, жауапкершілігі және жұмыс істеу тиімділігі төмендейді.
      2008 жылдан бері абсолюттік мәнде де, жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі - ЖІӨ) қатысты да мемлекеттік борыштың өскені байқалады. Айталық, ЖІӨ-ге мемлекеттік борыштың қатынасы 2008 жылы - 8,3%-ды, 2009 жылы — 13,1%, 2010 жылы - 14,4%-ды, 2011 жылы - 11,8%-ды, 2012 жылы - 12,7%-ды құрады.
      Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 1 қаңтардағы мемлекеттік борышы өткен есепті жылмен салыстырғанда 561,4 млрд. теңгеге ұлғайып, 3 828,3 млрд. теңгені құрады.
      Мемлекеттік борыш құрылымында Үкіметтің борышы (94,7%) ең қомақты үлес алып отыр.
      Сыртқы мемлекеттік борыштың үлесі жалпы мемлекеттік борыштың 19,1%-ын, тиісінше ішкі мемлекеттік борыштың 80,9%-ын құрайды.
      Квазимемлекеттік сектордың борышы, атап айтқанда, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың борышы өсуде. Квазимемлекеттік сектор борышының құрылымында негізгі бөлікті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тобының (бұдан әрі - Қор) борышы құрайды.
      Қор тобының 2013 жылдың басындағы жалпы борышы ЖІӨ-ге қатысты 15,2%, оның ішінде сыртқы борыш ЖІӨ-ге қатысты 11,2%, ішкі борыш ЖІӨ-ге қатысты 4% құрады.
      Квазимемлекеттік сектор субъектілері міндеттемелерінің бақылаусыз өсуі тұтастай алғанда, елдің фискалдық тәуекел көзіне айналуы мүмкін.
      Сондай-ақ абсолюттік мәнде де, салыстырмалы мәнде де елдің сыртқы борышының өсуі байқалады. Айталық, 2011 жылдың соңына сыртқы борыш көлемі 125,3 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 66,7%, ал 2013 жылдың соңына - 149,9 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 64,8% құрады.
      Ұлттық қорда қаржылай ресурстар жинақтарының өсуімен оның қаражатын тұтастай шетелдік мемлекеттердің қаржы құралдарына орналастыру тұрақты инвестициялық табыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, оның тәуекелі де жоғары.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюта активтерін әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдағанына қарамастан, ықтимал келеңсіз үрдістерден туындайтын қауқарсыздық әлемдік қаржы нарығында сақталып отыр.
      Жоғарыда көрсетілген проблемаларды түбегейлі шешу және келеңсіз үрдістерді түзету қажеттігі, өз кезегінде жаңа бюджет саясатын қалыптастыру қажеттілігін айқындайды.

Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2014.11.24 № 966 Жарлығымен.

      Тұжырымдаманың мақсаты бюджет саясатын қалыптастыру мен іске асырудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдерін айқындау болып табылады.
      Орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған даму басымдықтарын ескере отырып, бюджет саясатының мақсаты мемлекеттік қаржының, теңгерімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
      1) макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
      2) бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру;
      3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту;
      4) салық жүйесінің экономикалық қайтарымдылығын арттыру;
      5) елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау;
      6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану;
      7) фискалдық орталықсыздандыру.
      Іске асыру кезеңдері:
      Бірінші кезең (2014 - 2017 жылдар) - мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ету негіздерін қалыптастыру.
      Бұл кезеңде:
      1) мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру және нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді практикалық қолдануды кеңейту;
      2) бюджеттік міндеттемелерді түгендеу және оларды оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау;
      3) жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін енгізу;
      4) бизнес-ортаға жекелеген мемлекеттік функцияларды беру;
      5) бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау;
      6) мемлекеттік-жекеше әріптестіктің (бұдан әрі - МЖӘ) жаңа тетіктерін енгізу;
      7) салық салу саясатын өзгерту;
      8) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектордың борышын мониторингтеу және бақылау жүйесін енгізу;
      9) бюджетаралық қатынастарды реформалау;
      10) мемлекеттік аудиттің негіздерін енгізу жоспарланып отыр.
      Екінші кезең (2018 - 2020 жылдар) - мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту. Бұл кезең:
      1) жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейтумен және бюджеттік міндеттемелерді тұрақтандырумен;
      2) жекеше сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуімен;
      3) бюджетке жүктемені төмендетуге ықпал ететін МЖӘ-ні кеңейтумен;
      4) ағымдағы шығыстарды мұнайдан тыс кірістер есебінен қаржыландырумен;
      5) жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттырумен;
      6) мемлекеттік аудиттің толыққанды жұмыс істеуімен сипатталады.
      Күтілетін нәтижелер: Тұжырымдаманы қабылдау мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының, оның ішінде бюджеттік инвестициялардың нәтижелілігін арттыруға, экономикаға жекеше инвестициялардың көлемін ұлғайтуға, жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және орнықты экономикалық өсуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеге шолу

      Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы бюджет саясаты мемлекеттік шығыстардың көлемі ел дамуының стратегиясына, мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі рөліне, әлеуметтік бағдарлану дәрежесіне және жүргізілетін әлеуметтік саясатқа байланысты.
      Әлемде бюджет саясатының ЖІӨ-ге қатысты бюджет шығыстарының мейлінше жоғары және сонымен қатар төмен деңгейімен сипатталатын түрлі модельдері бар.
      Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге ең үлкен арақатынасы Еуроаймақ елдерінде (50% және одан астам) қолданылатын континентальдық модельге тән. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің кірістерді қайта бөлудегі белсенді рөліне, бюджеттің әлеуметтік бағытталуына және осы елдерде жүргізілетін теңсіздікті қысқартуға, халықтың табысы аз топтарын қолдауға бағытталған әлеуметтік саясатқа байланысты. Әлеуметтік проблемаларды шешу кезінде мемлекет экономикаға күшті мемлекеттік ықпал ете алады. Бұдан басқа, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер Батыс Еуропа елдерінде мейлінше жоғары, олар ЖІӨ-нің 28,4%-ына дейін жетеді. Сондықтан салықтық жүктеме де мұнда ең жоғары (ЖІӨ-нің шамамен 50%-ы).
      Алайда, нақ осы еуропалық континентальдық модель өзінің орнықсыздығын көрсетті. Бірнеше жыл бойы Еуроаймақ елдеріндегі әлеуметтік міндеттемелердің ұлғаюы экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген тұста ел ауқымында дефолт қаупін төндіретін тапшылықтың, мемлекеттік борыштың өсуіне және мемлекеттік қаржының тұрақсыздануына әкеп соқтырды. Енді бюджеттік шоғырландыру шеңберінде дефолтқа жол бермеу үшін Еуроаймақтың бірқатар елдерінде шығыстарды қысқарту және салықтарды ұлғайту бойынша шаралар қолданылуда.
      Мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлі неғұрлым төмен (араласу, әдетте, экономикалық дағдарыстардан туындайды), халықтың табысы аз топтарын өмір сүрудің қолайлы деңгейімен қамтамасыз етуге бағытталған бірқалыпты әлеуметтік саясат америкалық немесе либералды модельдің ерекшеліктері болып табылады. АҚШ-та бюджет шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 30-35 % құрайды.
      Мемлекеттік шығыстардың ЖІӨ-ге қатысты ең төмен деңгейі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Оңтүстік Кореяда, Сингапурда - 18-21%) байқалып отыр. Бұл елдердің даму моделі мен әлеуметтік саясаты еуропалық және америкалық елдерден мүлдем басқа. Жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат мемлекеттік міндеттемелерді айтарлықтай ұлғайтумен сүйемелденбейді.
      Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шығыстары ЖІӨ-ге қатысты 21-24%-ды құрайды, бұл Азия моделіне анағұрлым жақын.
      Модельдердің ешқайсысы таза түрінде Қазақстан Республикасы үшін қолдануға келмейтіні анық.
      Табиғи ресурстарға бай елдердегі бюджет саясатының да өз ерекшеліктері бар екенін атап өту қажет. Мұнда шикізат экспортынан түсетін кірістерді жинайтын жинақтаушы қорлар құру және оларды белгіленген фискалдық қағидалар шеңберінде пайдалану аса тиімді болып табылады.
      Әлемдік практикада әртүрлі елдерде қолданылатын бірнеше қағидалар тұжырымдалды.
      2010 жылдан бері Қазақстанда қолданылып келе жатқан тіркелген пайдалану қағидасы шикізаттың әлемдік бағаларына байланысты құбылмалылықты жоққа шығарады, алайда резервтік қорлардың қаражатын контрциклдік саясат жүргізу үшін пайдалануға мүмкіндік бермейді.
      Мұның тұрақты кіріс қағидасына да қатысы бар, оның қолданылуы да елдің шикізат байлығын түзете бағалауды талап етеді.
      Теңгерімделген бюджет қағидасы құбылмалылықты бюджет кірістеріне толығымен беруге әкеп соқтырады.
      Чилиде қолданылатын құрылымдық профициттер қағидасы қор мен фискальдық саясаттың теңгерімділігін қамтамасыз етеді, бірақ шикізат бағаларының болжамдарына аса тәуелді болады.
      Қолда бар жинақталған қаржы активтерінен түсетін инвестициялық кіріс қана пайдаланылатын неғұрлым қатаң нұсқалардың бірі әдетте «қолда бардың қадірі жоқ» ретінде белгілі. Бүгінгі күні бұл тәсіл Норвегияда қолданылады, мұнда қор жинақтары ЖІӨ-нің 100%-дан астамын құрайды.
      Шикізат қорларындағы жинақтардың жоғары деңгейі оларды бюджет шығыстарын қаржыландыруға пайдалануды ұлғайту мәселесінде қысым көрсетуге әкеп соқтырады. Бұдан Ұлттық қор қаражатын экономикаға инвестициялауға жұмсауға бола ма, жоқ па (және қандай жағдайларда) деген сұрақ туындайды.
      Озық халықаралық тәжірибе мұнай қорларының қаржы ресурстары негізінен шет елдерде инвестицияланатынын көрсетіп отыр. Бірақ ішкі экономиканы ішінара қаржыландыру практикасы да бар.
      Озық халықаралық тәжірибенің тағы да бір қағидаты ұлттық шикізат қорларынан берілетін қаржы ағындарының бәрі (трансферттер) мемлекеттік бюджет арқылы өтуі тиіс дегенге сайып келеді, бұл ұлттық байлықты пайдаланудың ашықтығын арттырады.
      Бюджет саясатының тиімділігі мен болжамдылығына фискалдық қағидаларды қолдану жолымен де қол жеткізіледі.
      Әлемдік практикада фискалдық қағидалар, негізінен, бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз алу көлемі, бюджеттік шығыстардың өсуі, бюджеттен тыс қорлардың қаражатын пайдалану бойынша шектеулер белгілеуді білдіреді. Сондай-ақ концессиялық міндеттемелер бойынша шектеулер қолданылады.
      Айталық, Ұлыбританияда жекеше қаржылық бастаманың (бұдан әрі - ЖҚБ) жобалары бойынша төлемдер мемлекет шығыстарының шамамен 2%-ын құрайды. Мемлекеттік капитал салымдарының 10-15%-ы ЖҚБ жобаларына салынатын инвестицияларға тиесілі. Кореяда жаңа МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелердің жылына жиынтық мемлекеттік шығыстардың 2%-ынан аспайтын лимиті белгіленген. Бразилияда МЖӘ бойынша барлық міндеттемелерге қызмет көрсету мемлекеттік кірістің 1%-ынан аспайды.
      Фискалдық қағидалар жұмсауды және қарыз алуды шектейді және сол арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық іс-қимылдың неғұрлым оңтайлы жинағын айқындауға ынталандырады. Бұған қоса, айқындылық қамтамасыз етіледі, экономикалық саясатқа деген сенім артады.
      Тұтастай алғанда, әлемдік практиканы талдау бюджет саясаты саласында қандай да бір белгіленген нақты стратегиялар жоқ екендігін көрсетеді. Елдер өздері қол жеткізуді межелеп отырған мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып, бюджет қаражатын басқарудың өзіндік модельдерін қалыптастырады.
      Бюджет саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде Қазақстанның алдында тұрған міндеттері тұрғысынан бұл тәжірибені оңтайлы пайдаланудың маңызы зор.

2. Қазақстан Республикасында жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

Жаңа бюджет саясатының негізгі қағидаттары

      Алға қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін мыналар жаңа бюджет саясатының негізгі қағидаттары болуы тиіс:
      1) бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің шынайылығы;
      2) бөлінетін бюджет қаражатының нәтижелілігі мен тиімділігі;
      3) мемлекеттік шығыстар мен міндеттемелерді ұлғайтудың негізділігі;
      4) мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толық есепке алынуы;
      5) бюджет қаражатын бөлудің дәйектілігі;
      6) мемлекеттік қолдаудың атаулылығы;
      7) бюджет қаражатын пайдаланғаны үшін жауапкершілікті арттыру;
      8) қаражат жұмсаудағы үнемділік.

Жаңа бюджет саясатының негізгі тәсілдері

      Экономиканың дамушы сипатын және нақты ЖІӨ-ні одан әрі өсірудің алда тұрған міндеттерін ескере отырып, бюджет саясаты мынадай тәсілдердің негізінде қалыптастырылатын болады:
      1) фискалдық шектеулер шегінде бюджет шығыстарының көлемін айқындау;
      2) неғұрлым жоғары әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз ететін бюджет қаражатын тиімді бөлу;
      3) бюджет саясатының теңгерімділігі (белсенді бюджеттік инвестициялық саясат пен контрциклдік реттеу үйлесімі);
      4) жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейте отырып, мемлекет міндеттемелерінің бюджет мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңмен өсуі;
      5) нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын қолдану арқылы бюджеттік жоспарлаудың нәтижелілігін күшейту;
      6) жекеше сектор инвестицияларын алмастырмай, оларды ынталандыру;
      7) салық саясатының ұлғайып бара жатқан міндеттемелерге барабарлығы;
      8) қаржы ресурстарын Ұлттық қорда жинақтауды жалғастыру;
      9) өңірлік даму мәселелерін шешуде жергілікті органдардың қаржылық дербестігін кеңейту және жауапкершілігін арттыру.

Макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету

      Макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты мына фискалдық шектеулердің негізінде қалыптастырылатын болады.
      Тапшылық мөлшерін басқару бюджет саясатының негізгі қағидасына айналуы тиіс.
      Мемлекеттік борышты қалыпты деңгейде ұстау үшін (2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 13,9%) 2020 жылға қарай мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 1,4% дейін төмендейтін болады.
      Бюджет шығыстарын қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаражаты мұнайдан түскен кірістерді үнемдеуді қамтамасыз ететін шектеулі көлемде пайдаланылатын болады.
      Мемлекеттік шығыстар көлемінің ұлғаюы салық салу базасының кеңеюімен және бюджеттің кіріс бөлігінің толықтығын қамтамасыз етумен сүйемелденетін болады.
      2018 жылдан бастап мұнайдан тыс сектордың кірістері мемлекеттік бюджеттің ағымдағы шығыстарын толығымен жабуға тиіс.
      Тапшылықты азайту, мұнайдан тыс сектордан түсетін кірістердің өсуі және Ұлттық қорды шектеулі түрде пайдалану мұнайдан тыс тапшылықты 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 2,8 %-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру

      Әлеуметтік-экономикалық дамудың алға қойылған ұзақ мерзімді міндеттерін ескере отырып, 2020 жылға дейін мемлекеттік шығыстардың негізгі басымдықтары:
      1) экономиканы жаңғырту және әртараптандыру;
      2) әлеуметтік жаңғырту және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру;
      3) тыныс-тіршілік инфрақұрылымын сапалық жаңарту болып табылады.
      Экономиканы одан әрі жаңғырту және әртараптандыру мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салаларды дамыту жалғасады, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, энергия тапшылығының проблемаларын шешу, жасыл экономикаға көшу жоспарлануда.
      Әлеуметтік жаңғырту және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру ең төменгі әлеуметтік стандарттарды кезең-кезеңмен енгізуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде жан басын қаржыландыруды енгізуді, зейнетақымен қамсыздандырудың ортақ және жинақтау жүйесін жетілдіруді, нәтижелерге байланыстырумен бюджет саласындағы еңбекақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіруді, азаматтардың жекелеген санаттарын атаулы қолдауды көздейтін болады. Халықтың орнықты және өнімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды қаржыландыру жалғасатын болады.
      Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептердің, денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы авариялық объектілерді, үш ауысымдағы мектептерді, олардың сейсмикалық орнықтылығы бойынша орын алып отырған проблемаларды бірінші кезектегі тәртіппен шешуді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
      Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын сапалы жаңарту үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инфрақұрылымын жөндеу, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылатын болады.
      Сондай-ақ қорғаныс қабілеттілігін, ұлттық қауіпсіздікті, құқық тәртібін нығайту шараларын және төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою шараларын іске асыру жалғастырылады.
      Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін ақпараттық жүйелерді дамыту, қызмет көрсетулерді электронды форматқа ауыстыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жалғастырылатын болады.
      Перспективада тиімсіз шығыстардың ұлғаюына жол бермеу үшін 2014 жылы ағымдағы және инвестициялық шығыстар бойынша қалыптасқан базаға түгендеу жүргізілетін болады. Түгендеу қорытындылары бойынша бюджетке «ауыр жүк» болатын және экономикалық өсуге ықпал етпейтін іс-шараларды қаржыландыру қысқартылуға тиіс.
      2015 жылдан бастап ағымдағы шығыстар мен даму бюджеті бойынша лимиттер, сондай-ақ жаңа бастамаларға лимиттер енгізіледі.

Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту

      Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» азайту мақсатында мынадай бағыттар бойынша шаралар қабылданатын болады:
      бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу;
      бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру және жеке сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейту;
      бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау;
      бюджетке жүктемені азайту құралы ретінде МЖӘ тетіктерін дамыту;
      мемлекеттік қаржыны есепке алу және басқару жүйесін жетілдіру.
      1. Бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға көшу.
      Бюджеттік шығындарды басқарудан нәтижелерді басқаруға сапалы көшу нәтижеге бағдарланған бюджеттеу қағидаттарын неғұрлым тереңірек қолдануды көздейді.
      Нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді қолдану үшін стратегиялық  және бюджеттік жоспарлаулардың өзара байланыстырылуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
      Іс-шараларды қаржыландыру бағыттарының қайталануын болдырмау үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының саны мен мазмұнын оңтайландыру жоспарлануда.
      Бюджет шығыстарының басымдықтары стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға қатаң сәйкес келу тұрғысынан айқындалуға тиіс.
      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы көрсеткіштерін бюджет шығыстарымен байланыстыру үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, бюджеттік бағдарлама мен бюджеттік өтінімнің форматы өзгертілетін болады.
      Бюджеттік бағдарламаға мемлекеттік органның бір мақсатқа қол жеткізуге бағытталған іс-шараларға арналған барлық шығыстарын қосу көзделеді.
      Сондай-ақ бірыңғай бюджеттік сыныптама өзгертіледі.
      Нәтижеге бағдарланған бюджеттеуді практикалық қолдану бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін күшейтуді талап етеді.
      Сондай-ақ бюджетті атқару шеңберінде мемлекеттік органдар есептілігінің тәсілі өзгертіледі.
      Бұл ретте бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі бөлінген қаражатты игеру көрсеткіші бойынша емес, мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында көрсетілген нәтиже көрсеткішіне қарай айқындалуға тиіс.
      Республикалық бюджет жобасы Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілгенге дейін шығыстардың негізгі бағыттары бойынша оған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің алдын ала бағалау жүргізуі көзделетін болады, ол ұсынымдық сипатта болады.
      2. Бюджеттің ағымдағы шығыстарын оңтайландыру және жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейту.
      Мемлекет міндеттемелерінің өсуін шектеу мақсатында ең төменгі әлеуметтік стандарттарды біртіндеп енгізу қажет.
      Ең төменгі әлеуметтік стандарттарды әзірлеу кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде қабылданған адами әлеуетті дамыту индексі, сондай-ақ әрбір адам үшін өте маңызды ең төменгі күнкөріс деңгейі, әлеуметтік төлемдердің мөлшері, зейнетақылар мен жалақының ең төменгі мөлшерлері сияқты әлеуметтік саланың жекелеген құрамдастарын дамытудың нақты индикаторлары ескерілетін болады.
      Зейнетақы жүйесін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы зейнетақы төлемдері мен жүйенің қаржылық орнықтылығының барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Осыған байланысты зейнетақы жүйесінің құрамдауыштары-базалық, ортақ және жинақтау құрауыштарында өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
      Әйелдердің міндетті зейнетақы жарналары олардың бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде бюджеттен субсидияланатын болады. Бұл әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу процесінде уақытша «ақтаңдақтарды» жоюға мүмкіндік береді.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына қарай мемлекеттің базалық зейнетақы төлемі деңгейінде зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі көлеміне кепілдік беруіне ауысу біртіндеп жүзеге асырылады.
      Бұдан басқа, перспективада экономиканың өсу қарқынын, халықаралық стандарттарды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері ұлғайту жағына қарай қайта қаралады.
      Жекеше сектордың ортақ жауапкершілігін кеңейту.
      Шетелдік азаматтарды медициналық сақтандыруды енгізу және тегін медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қызмет көрсетулерді алуға арналған ерікті медициналық сақтандыруды дамыту жоспарлануда.
      Жекеше медицина дамитын болады.
      Білім беру жинақтау жүйесі дамытылатын болады.
      Сондай-ақ техникалық және кәсіптік дуальдық білім беру қағидаттарына көшу мәселесі қаралады.
      Апатты оқиғалардың салдарын жоюға мемлекеттік бюджет шығындарын азайту мақсатында шет елдердің оң тәжірибесі негізінде халықты түрлі тәуекелдерден, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру тетігі енгізілетін болады.
      Зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін жұмыс беруші еңбекақы төлеу қорының 5 % мөлшерінде аударып отыратын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын енгізу жоспарлануда.
      Сондай-ақ жекеше сектордың инфрақұрылымды дамытуға қатысуын кеңейту қажет. Бұл үшін ақылы автомобиль жолдарының желісін кеңейту жұмыстары жалғастырылады және қатысудың жаңа түрлерінің мүмкіндігі қаралатын болады.
      Автожол саласын басқару және қаржыландыру жүйесін өзгертуге, қайта құрылған (реконструкцияланған) және салу (реконструкциялау) жоспарланып отырған ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының (немесе олардың учаскелерінің) тиімді және ішінара өтелетіндей жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға бағытталған шаралар қабылданатын болады.
      Білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу мәселесі қаралатын болады. Бұл осы салаларға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға және халық үшін сапалы білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
      Перспективада жан басына қаржыландыру мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, техникалық және кәсіптік білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру жүйесінен басқа орта білім беру жүйесіне де енгізіледі.
      Бірінші кезеңде жан басына қаржыландыруды пилоттық өңірлерде сынау жоспарлануда. Бұл үшін тиісті нормативтік база жетілдірілетін болады.
      Денсаулық сақтау жүйесінде денсаулық сақтаудың бастапқы буынына жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу мәселесін қарау жоспарлануда.
      Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің жан басына шаққандағы нормативін қалыптастырудың бірыңғай тәсілі пысықталатын болады.
      Жан басына шаққандағы норматив бойынша ақы төлеуді енгізу денсаулық сақтаудағы МЖӘ дамуына ықпал ететін болады.
      Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру мақсатында еңбекақы төлеудің жаңа моделі енгізілетін болады, оның негізгі тетіктері мыналар болады:
      1) лауазымдардың қолданыстағы тізілімін функционалдық блоктарға бөлу және функционалдық міндеттерге, орындалатын жұмыстардың ерекшелігі мен күрделілігіне, кәсіби құзыреттеріне байланысты лауазымдарды ранжирлеу;
      2) лауазымдық жалақы мөлшерлерін есептеу үшін пайдаланылатын коэффициенттер кестесін жетілдіру;
      3) қосымша ақылар мен үстемеақылардың қолданыстағы жүйесін қайта қарау және оңтайландыру болмақ.
      Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жоспарлануда.
      Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында жекелеген мемлекеттік мекемелерді қаржыландыру жоспарына сәйкес бюджет есебінен қамтудан гөрі ұсынылған қызмет көрсетулер көлеміне ақы төлеуге көшіру қажет. Мемлекеттік мекемелердің қызметін жан-жақты талдау негізінде келешекте көрсетілген қызметтердің (мемлекеттік тапсырманы орындау) көлеміне қарай қаржыландырылатын мекемелердің тізбесі дайындалып, мұнымен бірге мемлекет тарапынан аудит пен бақылау қатаңдатылады.
      Бюджеттік кредиттердің пайдаланылуын және оларды өтеу жөніндегі міндеттемелердің уақтылы орындалуын мониторингтеу мен бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданатын болады.
      Мемлекеттік қолдаудың атаулылығын күшейту үшін:
      1) көрсетілетін қызметтерді өндірушілерді субсидиялаудан азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы көмек көрсетуге көшу;
      2) әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау жоспарланып отыр.
      Еңбекке қабілетті халықты мемлекеттік қолдау оны еңбек нарығына тартуды білдіруге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен атаулы қолдау азаматтардың неғұрлым мұқтаж, еңбекке қабілетсіз санаттарына қатысты жүзеге асырылатын болады.
      Табысы аз халықты қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан әлеуметтік көмек жүйесін реформалау шартсыз әрі атаулы әлеуметтік көмекті қамтитын болады.
      Шартсыз көмек азаматтардың жекелеген санаттарына, олардың заңнамада, белгіленген мәртебесіне (ардагерлер мен соғыс және еңбек ардагерлері, саяси қуғын-сүргін құрбандары) қарай немесе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға (мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарттар, балалар, асыраушысынан айырылған адамдар) берілетін болады.
      Азаматтарға, отбасыларға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек тараптардың «өзара міндеттемелеріне» негізделеді (әлеуметтік келісімшарт жүйесі). Бұл шартты түрдегі қолдауды, атаулы төлемдердің заңдылығы мен ұзақтығын шектеуді және алушының міндетті «жауапты әрекет етуін» (жұмыс іздеу, әлеуметтік-кәсіптік бейімделу) көздейтін болады.
      Алушы міндеттемелерді орындамаған жағдайда, жекелеген адамдар үшін жеңілдіктердің ұзақтығын шектей отырып және олардың құндылығын төмендете отырып жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады.
      Кейіннен әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметтік жағдайдың нашарлауының алдын алуға бағытталған әлеуметтік көмек ұсынудың интеграцияланған жаңа моделіне көшу жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекеттік қолдау шараларының қайталануын болдырмау үшін бюджеттен берілетін субсидиялау мен салықтық ынталандыру арасындағы баланс қамтамасыз етілетін болады.
      Мемлекеттік мекемелердің қаржылық-шаруашылық қызметін басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде бюджет секторындағы энергия тиімділігін арттыру шаралары қабылданады.
      3. Бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдерді реформалау.
      Неғұрлым белсенді және тиімді бюджеттік инвестициялық саясат жүргізу үшін бюджеттік инвестициялар бойынша тәсілдер реформаланатын болады.
      Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, инвестицияларды жоспарлау экономика дамуының тұрақтылығы мен орнықтылығының кепілі ретінде экономиканы әртараптандыруға, инфрақұрылым мен жекеше секторды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді міндеттерді ескере отырып, байыпты да, сындарлы түрде жүргізілуі тиіс.
      Осыған орай, жобаларды жекеше инвестицияларды тарту есебінен іске асыру үшін тауашаны босата отырып (атап айтқанда, мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі саласында), бюджеттік инвестициялар әлеуметтік-экономикалық қайтарымы жоғары жобаларға шоғырландырылуға тиіс.
      Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай шаралар көзделеді:
      1) бюджеттік инвестицияларды жоспарлау жүйесі қайта қаралатын болады, мұнда инвестициялық ұсыныстарды қалыптастыру сатысының өзінде, техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенге дейін жобаларды тиісті өлшемдер бойынша қатаң іріктеу жүргізіледі және оларды қаржыландыру схемасы айқындалады.
      Бюджеттік инвестицияларды жоспарлауды жетілдіру мақсатында мемлекеттік және жекеше сектор үшін пайда мен шығындарды салыстыру арқылы жобаны қаржыландыру құрылымын айқындауды болжайтын «бюджеттік компоратор» қағидаты бойынша инвестициялық жобаларды іріктеу әдісін енгізу ұсынылып отыр.
      Мұның өзі жобаны іске асырудың мемлекеттің қатысу үлесі әртүрлі нұсқаларына салыстыру жүргізуге, сондай-ақ жекеше секторды тартудың немесе мемлекеттік бюджет қаражатын пайдаланудың (value for money) тиімділігін (сапаны) есептеуге мүмкіндік береді.
      Бұл ретте тиімділіктің негізгі көрсеткіші шығындар көлемі емес, салынған қаражаттың қайтарымы болуға тиіс.
      Жобаларды іріктеу кезінде, бірінші кезекте, мынадай басым өлшемдер ескерілетін болады:
      макродеңгейде - экономика салаларының даму басымдықтары, салалардың дамуына ықпал ету әсері, өңіраралық теңгерімсіздіктерді жою, жекеше инвестицияларды тарту мүмкіндігі және бюджетке баламаның болмауы;
      жобалық деңгейде - жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымы мен жекеше инвестицияларды тарту мүмкіндігі.
      Мемлекеттің қатысуы жобалардың өзін-өзі ақтау дәрежесіне қарамастан, әлеуметтік маңызы жоғары немесе орташа жобаларда жүзеге асырылады.
      Жекеше инвестициялар жобалардың әлеуметтік маңыздылығына басымдық берілетін өзін-өзі ақтайтын жобаларға тартылады;
      2) бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін жобаларды іске асырудың жобалау, жоспарлау және іске асыру сияқты барлық сатыларында жобалардың құнын арттыру, жобалардың сметалық құнын қымбаттату бойынша ынталандыруларды жою жөніндегі жүйелі шаралар қабылданатын болады.
      Бұл шаралар:
      құрылыс саласын реттеу жүйесін бюджет тиімділігі тұрғысынан қайта қарау (еурокодтарға, Халықаралық инженерлер-консультанттар федерациясының стандарттары - FIDIC-ке және т.б. көшу);
      құрылыста баға белгілеуді қайта қарау (құрылыс нормалары мен қағидалары, құрылыста басшылыққа алынатындар және басқалары);
      құрылыс сараптамасына, техникалық және авторлық қадағалауға төлемді жобаның құнына байланыстыруды жою және тіркелген төлемге көшу;
      бюджеттік бағдарлама әкімшісінің жобаға техникалық тапсырмаларды (жобалауға тапсырмаларды) әзірлеу сапасын арттыру және оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органның егжей-тегжейлі талдауы;
      үлгі жобаларды оңтайландыру тұрғысынан оларды тексеру;
      тәуелсіз құрылыс сараптамасы институтын (аккредиттеу) енгізу мәселесін пысықтау;
      бюджеттік инвестицияларды жоспарлау кезінде объектілерді салудың және жобаларды іске асырудың нормативтік мерзімдерін қатаң ұстану;
      тапсырыс берушілердің, жобалаушылардың, іске асырушылардың (мердігерлердің) субъективті себептер бойынша қымбаттауға жол бергені үшін жауапкершілігін күшейту;
      мемлекеттік сатып алу кезінде демпингке жол бермеу арқылы іске асырылады.
      3) квазимемлекеттік секторға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігін арттыру мақсатында құрылу кезеңінің өзінде-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері «өндірістік-қаржылық» және «сервистік» компаниялар болып бөлінеді.
      Әлеуметтік-экономикалық міндеттерді іске асыруға бюджеттен тыс инвестицияларды тартуда инвестициялық жобалар мен қаржы операцияларын іске асыру жолымен мемлекет активтерін ұлғайту мүмкіндігі бар «өндірістік-қаржылық» компаниялар үшін акционерлік қоғам түріндегі ұйым нысаны сақталады. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталын ұлғайту инвестициялық мақсаттарға, оның ішінде активтерді «жеп қоюды» болдырмайтын «кредиттік тірек» (қаржы тетігі, қаржы левериджі) қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
      «Сервистік» компаниялар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылады және мемлекеттік тапсырыс есебінен қаржыландырылады, бұл ретте мүлік сенімгерлікпен басқару шеңберінде беріледі, жарғылық капиталы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең аз мөлшер негізге алына отырып қалыптастырылады.
      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мемлекеттік бағдарламаларда айқындалған міндеттерді іске асыру үшін ғана құрылуы мүмкін.
      Бюджеттік инвестицияларды іске асыру кезінде қаражаттың тиімсіз пайдаланылуына жол бермеу мақсатында заңды тұлғаның жарғылық капиталын ұлғайту жолымен инвестициялық жобаларды қаржыландыру жылдық кестеде көзделген сомалар шегінде орындалған жұмыстар актісіне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бюджет қаражатын бұрын қалыптасқан босатылған қаражат (үнемдеу) бойынша қайта бөлу бюджеттік инвестициялардың қаржы-экономикалық негіздемесін түзету арқылы өзге іс-шараларға бағытталатын болады;
      4) бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестицияларын үйлесімді ету.
      Квазимемлекеттік сектор мен бюджеттік инвестициялардың инвестициялық саясатының келісімділігін қамтамасыз ету үшін мынадай жүйелі шаралар қабылданатын болады:
      бюджеттік инвестициялар мен квазимемлекеттік сектор инвестицияларының бірыңғай салалық инвестициялық картасын қалыптастыру;
      квазимемлекеттік сектор субъектілерінің инвестициялары үшін (Key Performance Indicators) түйінді тиімділік көрсеткіштерін айқындау;
      жекеше сектор үшін экономикадағы тауашаларды босата отырып, квазимемлекеттік сектор қызметінің саласын қайта қарау;
      квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыз алуы үшін мақсатты тағайындау мен лимитті айқындау.
      4. Бюджетке жүктемені төмендету мақсатында МЖӘ дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
      МЖӘ қатысатын жобалар мемлекеттің жобаларды қаржыландыру шығыстарын азайтуға, тәуекелдерді бөлу арқылы олардың тиімділігін арттыруға, жекеше инвесторлардың қызметін ынталандыруға және әлеуметтік маңызы бар жаңа объектілер құруға мүмкіндік береді.
      Әлеуметтік бағдарланған қызмет көрсетуді ұсыну үшін жеке меншіктегі объектілерді тартуға мүмкіндік беретін МЖӘ келісімшарттарының жаңа түрлері қарастырылатын болады.
      Әлемдік практикаға сәйкес МЖӘ жобаларын іске асырудың жаңа тетігі -«Қолжетімділік төлемі» енгізіледі. «Қолжетімділік төлемі» концессия объектісін коммерциялық пайдаланудан ақшалай ағындары жоқ (не өте әлсіз) әлеуметтік маңызы бар санатқа жататын концессиялық жобаларға ғана қатысты қолданады.
      Бұл тетік концессионердің объектіні салу мен оны сапалы пайдалануды қамтамасыз етуін көздейді.
      Мемлекет тұтынушылардан ақы өндіріп алу құқығын өзіне қалдыра отырып, концессияның бүкіл мерзіміне объектінің пайдалануға әзірлігі үшін концессионерге сыйақы беруді ескере отырып, объект бойынша инвестициялық және пайдалану шығындарын тең төлеуді қамтамасыз етеді.
      МЖӘ қолдану тиімділігін одан әрі талдай отырып, пилоттық үлгідегі жобалар сынақтан өткізіледі.
      Пилоттық жобалар сәтті іске асырылған жағдайда, денсаулық сақтау, білім беру және көлік инфрақұрылымын дамыту салаларындағы МЖӘ-нің үздік тәжірибесін тарату жоспарланып отыр.
      МЖӘ дамуына қарай концессиялық міндеттемелерді есепке алу жүйесін қалыптастыру қажет.
      Концессиялық міндеттемелерді реттеу.
      Мемлекеттік борышқа жатқызылмаған жасырын МЖӘ міндеттемелері ұлғайып отырған Еуропаның жекелеген елдеріндегі борыштық дағдарыстан сабақ алуды ескере отырып, бірыңғай есепке алу және МЖӘ шарттары бойынша барлық мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді мониторингтеу жүйесін құру пысықталатын болады.
      Осыған байланысты концессиялық жобаны іске асыру шеңберінде мемлекет қабылдайтын концессиялық міндеттемелердің көлемін айқындау мәселесі аса өзекті болып отыр.
      Бұдан басқа:
      1) МЖӘ міндеттемелері жалпы сомасының лимитін, оның ішінде ЖІӨ-ге қатысты лимитті;
      2) кірістер көлеміне қатысты концессиялық міндеттемелерге қызмет көрсетудің жыл сайынғы шығыстары лимитін;
      3) концессиялық міндеттемелерді ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар жалпы борышының лимитін;
      4) мемлекеттік кірістер көлеміне қатысты жаңа міндеттемелер лимитін қамтитын концессиялық міндеттемелер бойынша шектеулер белгіленетін болады.
      5. Мемлекеттік қаржыны есепке алу және басқару жүйесін жетілдіру.
      Мемлекеттік қаржы жүйесіне жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әлеуметтік әріптестік шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан өңірлер әкімдерінің иелігіне түскен қаражаттың, түсімдер мен қаражаттың жұмсалуы бойынша есептілік қосылуға тиіс.
      Сондай-ақ бюджеттің кірістері мен шығыстарын есепке алуды есептеу әдісіне көшу мәселесі қаралатын болады.
      Мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі қызметін толыққанды бағалау үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және қаржылық есептілік аудитін, сәйкестікті бақылауды және тиімділік аудитін қамтитын мемлекеттік аудит енгізілетін болады. Мемлекеттік аудитті енгізу жөніндегі негізгі тәсілдер мен шаралар Мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасында айқындалатын болады.

Салық жүйесінің экономикалық қайтарымын арттыру

      Мемлекеттік міндеттемелер құрылымын өзгерту және белсенді бюджеттік инвестициялық саясат салық жүйесінің неғұрлым жоғары қайтарымын талап етеді.
      Сондықтан бірінші кезекте басым секторларға салықтық жеңілдіктерді енгізу жолымен жекеше сектордағы инвестициялық белсенділікті ынталандыру үшін жағдай жасау қажет.
      Бұл ретте тиімсіз салық жеңілдіктері алып тасталады.
      Бұдан басқа, қазіргі әлеуетті ескере отырып, салықтардың жекелеген түрлерінің мөлшерлемелері арттырылатын болады.
      Атап айтқанда, салықтық жүктеменің теңгерімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін мөлшерлемені арттыру немесе жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу, сән-салтанат заттарына (мүлік салығы, көлік салығы) салық салу кезінде жекелеген салықтардың фискалдық функциясын күшейту мәселесі қаралатын болады.
      Бұл қоғамның неғұрлым қамтамасыз етілген сегментіне салынатын салық ауыртпалығын теңбе-тең ұлғайтуға мүмкіндік береді.
      Жеке тұлғаларға салық салу мақсаттары үшін жылжымайтын мүлік құнының бағасы нарық құнына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл үшін жылжымайтын мүліктің бір шаршы метрінің базалық құны қайта қаралатын болады.
      Көлік құралдарына салық салу тәртібін салық мөлшерлемелерін арттыру және белгілі бір сипаттамалары бар автокөлік құралдары үшін салық төлеушілердің жеңілдік берілген санаттарын жою, сондай-ақ олардың экологиялылық дәрежесін есепке алу жолымен реформалау қажет.
      Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және азаматтардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу шеңберінде 2015 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қоса алғанда, арнаулы салық режимдері реформаланатын болады.
      2015 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілері салық салудың жалпыға ортақ белгіленген тәртібіне ауыстырылатын болады.
      Бұдан басқа, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салынатын салық көтеріледі.
      Жер салығының өсуіне байланысты салық жүктемесін ұлғайту ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдаланатын субъектілер үшін мемлекеттік бюджеттен субсидиялар берумен өтеледі.
      Акциздік саясаттың реттеуші рөлін күшейту үшін темекі өнімдерінің, алкоголь өнімінің, мұнай өнімдерінің акциздері біртіндеп көтерілетін болады.
      Мұнайдың әлемдік бағасы одан әрі өскен жағдайда, шикі мұнайдың кедендік әкету бажының мөлшерлемесін арттыруға болады.
      Сонымен қатар бюджетке салықтық емес төлемдердің уақтылы және толық түсуін қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады.

Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау

      Ескерту. Бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2014.11.24 № 966 Жарлығымен.

      Бюджет тапшылығының мөлшері үкіметтік борыштың орнықтылығын қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.
      Бюджет тапшылығы 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 1,4%-ға дейін азайған кезде, мемлекеттік борыш 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 13,9%-дан аспауы, оның ішінде үкіметтік борыш ЖІӨ-ге қатысты 13,7%-дан жоғары болмауы тиіс.
      Бұл ретте мемлекеттік борыш және квазимемлекеттік сектордың борышы жиынтығында 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 22%-дан аспайды.
      Мемлекет бақылайтын ұйымдар борышының өсуіне жол бермеу мақсатында мынадай мәселелер пысықталатын болады:
      1) мемлекет бақылайтын ұйымдардың белгілі бір сомадан астам сыртқы қарыздарды тартуын, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару жолымен тартуын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен міндетті түрде келісуді және оның рұқсатын алуды көздейтін норманы белгілеу;
      2) тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін, мемлекет бақылайтын ұйымдарға сыртқы қарыз алуға, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару жолымен алуға тыйым салуды енгізу мүмкіндігі;
      3) мүдделі мемлекеттік органдар арасында жекелеген субъектілер бөлінісінде квазимемлекеттік сектордың борышы туралы ақпарат алмасу.
      Елдің борыштық тұрақтылығын ұстау мақсатында сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы орта мерзімді кезеңде 100%-дан аспауы тиіс, ал мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жиынтығында ЖІӨ-ге қатысты 60%-дан аспауы тиіс. Борыштың жоғарғы шегін есептеуге мемлекет бақылайтын ұйымдардың өзара міндеттемелері және резидент емес бақыланатын ұйымдардың міндеттемелері енгізілмейді.
      Ел резиденттерінің резидент еместер алдындағы жиынтық борышын білдіретін, елдің сыртқы борышы көрсетілген деңгейден асып кеткен жағдайда мемлекеттік органдар:
      1) елдің даму бағдарламаларымен байланыста сыртқы борыштың жағдайы мен құрылымын егжей-тегжейлі талдауға;
      2) қажет болған кезде сыртқы қаржыландыруды тарту және/немесе шетел қатысатын жобаларды іске асыру мерзімдері бөлігінде көрсетілген бағдарламаларға түзетулер енгізуге;
      3) резиденттердің сыртқы қарыз алуын ынталандырмауға бағытталған қолда бар жанама шараларды (арнайы валюталық режимді енгізу, пруденциалдық нормативтермен реттеу және т.б.) күшейтуге тиіс.
      Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы қарызы үшін белгіленген шектер индикативтік параметрлер болып табылады, өйткені халықаралық әдіснама мен практикаға сәйкес елдің борыштық орнықтылығы кешенді талдау жүргізуді талап ете отырып, бір немесе бірнеше параметрлердің мәнімен біркелкі сипатталмауы мүмкін.
      Мүдделі мемлекеттік органдар жүргізетін борыштың жай-күйін мониторингтеу мен бағалау борыштың жай-күйін егжей-тегжейлі талдауды, оның ішінде ықтимал қатерлер мен дағдарысты жағдайлардың басталуын, резидент - қарыз алушылардың дағдарысты жағдайлар туындаған жағдайда, оларды еңсеруге әзірлігінің жай-күйін және т.б. қамтуы тиіс.
      Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын басқару жөніндегі мемлекеттік функциялар бірқатар мемлекеттік органдар бойынша, олардың қолданыстағы функционалдық міндеттерін ескере отырып бөлінген.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган басқару саясатын айқындайды және мүдделі мемлекеттік органдардың борышты (елдің ішкі де сыртқы да борышын қоса алғанда, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың ортақ борышы ретінде) реттеу бойынша қызметін үйлестіреді.
      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқару секторының борышын және мемлекеттің шартты міндеттемелерін реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді, мемлекет бақылайтын ұйымдар борышының жай-күйіне мониторинг жүргізеді.
      Мемлекет бақылайтын ұйымдардың тізбесін, кейін өзінің ресми сайтында орналастыра отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және жарты жылдық негізде өзектілендіреді.
      Ұлттық Банк мемлекет бақылайтын ұйымдардың және жекеше сектордың сыртқы борышының жай-күйіне мониторинг жүргізеді, сыртқы борыштың жай-күйіне бағалау жүргізеді, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, елдің сыртқы борышының жай-күйін жақсарту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне, оның тиісті шаралар қабылдауы үшін ұсыныстар енгізеді, өз құзыреті шегінде қаржы секторы ұйымдарының борышын реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді.
      Иелену және/немесе басқару құқықтарын жүзеге асыратын уәкілетті органдар және/немесе тиісті жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат ұсына отырып, мемлекет қатысатын ұйымдардың борышын реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді.
      Қажет болған кезде, елдің борышын басқару қызметіне өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар тартылуы мүмкін.
      Мемлекет бақылайтын ұйымның борышын және қаржылық орнықтылығын басқару саясатын акционерлік қоғамдар үшін директорлар кеңесі бекітеді.
      Бұл ретте қарыздарды тарту тәуекелдің төрт негізгі түрін:
      1) өтімділік тәуекелін (белгілі бір уақыт аралығында қаржы активтері мен қаржы міндеттемелерінің теңгерілмегендігі);
      2) кредиттік тәуекелді (өз міндеттемелерін орындамау не тиісінше орындамау);
      3) валюталық тәуекелді (шетелдік валюта бағамдарының ауытқуы);
      4) пайыздық тәуекелді (құбылмалы пайыз мөлшерлемелерінің ауытқуы) қамтитын, мемлекет бақылайтын ұйымның борышын және қаржылық орнықтылығын басқару саясаты негізінде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі - МБҚ) нарығын дамыту перспективалары.
      Борыш саясаты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін қолайлы шарттармен үкіметтік қарыз алуды жүзеге асыруға, сондай-ақ борыш құралдарының ішкі нарығының дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады. МБҚ-ның белсенді нарығын дамыту бағалы қағаздардың отандық нарығының дамуына оң ықпалын тигізеді. Мұның өзі нарықтағы жеткілікті өтімділікті қолдауға септігін тигізетін МБҚ-ның бастапқы және қайталама нарықтарының одан әрі дамуын білдіреді.
      Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың қажеттіліктеріне сәйкес МБҚ шығаруда ашық және болжамды саясат жүргізілетін болады.
      МБҚ қоржынының құрылымы жеткілікті фрагменттелген болады. Қазіргі уақытқа дейін МБҚ-ны орналастыру негізінен жаңа шығарылымдарды жасау жолымен жүргізілді, бұл қайталама нарықтың өтімділігін төмендетуге ықпал етті. Осылайша салымдардың қолда бар көлемі МБҚ-ның салыстырмалы түрде үлкен мөлшердегі шығарылымдары арасында бөлініп отырды.
      Өтімділікті арттыру үшін МБҚ шығару стратегиясы МБҚ орналастыру бойынша қайталама аукциондарды белсенді жүргізуге бағытталады. Қайта ашылулар айналымдағы МБҚ шығарылымдарын ірілендіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ МБҚ шығарылымдары санын қысқартуға ықпал ететін болады. Осы мақсатта қайталама нарықта МБҚ сатып алуды (мерзімінен бұрын өтеуді) және міндеттемелерді басқару бойынша басқа құралдарды қоса алғанда, міндеттемелерді басқару бойынша операциялар жүргізілетін болады. Бұл аталған нарық сегментінде стандартты құралдардың пайда болуы мен өтімділіктің артуына ықпал ете отырып, құралдардың түрлері бойынша құрылымдалған нарықты және мерзімі мен бағасы бойынша нарықтағы эталонды көрсеткіштерді жасауға септігін тигізеді. МБҚ шығару стратегиясы ақша нарығындағы ұзақ мерзімді трендтерді де ескеруі тиіс.
      Тұтастай алғанда, борыштық бағалы қағаздардың ұлттық нарығын одан әрі дамыту орта мерзімді кезеңде мемлекеттік борыш саясатының түйінді басымдықтарының бірі болып табылады. Бұдан басқа, МБҚ нарығының жұмыс істеуін жақсарту мен инвесторлық базаны әртараптандыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын тиімді пайдалану

      Ұлттық қорды одан әрі пайдалану экономиканы тұрақты дамытуды және оның активтерінің сақталуын, сондай-ақ бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Әлемдік экономикадағы қазіргі тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық қорға түсетін мұнай секторының кірістерін шектеулі түрде пайдалану жолымен Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасатын болады.
      2020 жылға дейін қоса алғанда Ұлттық қордан түсетін нысаналы трансферт мөлшері 1 200,0 млрд. теңге деңгейінде сақталады. Бұл ретте Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес әлеуметтік жаңғырту аясында ықтимал жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін 2014 - 2017 жылдары оның мөлшерін 1 380,0 млрд. теңгеге дейін ұлғайту мәселесін қарайтын болады.
      Жинақтаушы функцияны күшейту үшін Ұлттық қордағы қаражаттың төмендемейтін қалдығының мөлшері ЖІӨ-нің 20%-ынан 30%-ына дейін ұлғаяды.
      Ұлттық қор қаражаты 2020 жылға қарай кемінде 180,0 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 32,0%-ды құрауға тиіс.
      Ұлттық қор активтерінің сақталуы мен өтімділігін қамтамасыз ету шараларының бірі олардың құрамын әртараптандыруды жалғастыру болады. Осы мақсатта Ұлттық қордың инвестициялық қоржынының құрамында алтын қоржыны, баламалы және ұзақ мерзімді қоржындар бөлінетін болады.
      Ұзақ мерзімді кезеңде Ұлттық қордың қаражаты экономикадағы стратегиялық инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерінің бірі бола алады. Ұлттық қордың қаражатын өтелетін, өнімді стратегиялық жобаларды іске асыруға бағыттау активтерді әртараптандыруға және тәуекелдерді азайтуға да ықпал ететін болады.
      Жобаларды Ұлттық қордан қаржыландыру айқын және қатаң іріктеу өлшемдері негізінде жүзеге асырылады.
      Өзі-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу көзделеді. Бұл ретте Ұлттық қордан берілетін трансферттер бюджет рәсімдеріне сәйкес республикалық бюджет арқылы өтуге тиіс.
      Стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған нысаналы трансферттер оларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғана бөлінетін болады.
      2014-2016 жылдары Астана - Алматы, Астана - Өскемен автожолдары, Жезқазған - Бейнеу темір жолын, ЭКСПО-2017 объектілерін салу сияқты ұлттық ауқымдағы инфрақұрылымдық жобаларды жыл сайын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 150,0 млрд. теңге көлемінде нысаналы трансферттер тарту мәселесі қаралатын болады.
      Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қадағалап отыру үшін қаржыландырылатын жобалардың қаржылық бөлігінің мониторингі мен аудитінің тетігі әзірленуі тиіс.
      Өтелетін стратегиялық жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан облигациялық қарыздар бөлу мүмкіндігі зерделенетін болады.
      Өтелетін жобаларды Ұлттық қордан қаржыландыру стратегиялық инвесторлардың қатысуымен және МЖӘ тетігін пайдаланумен нарықтық кірістілік бойынша қайтару негізінде ғана жүзеге асырылатын болады.
      Стратегиялық инвесторлардың қатысуы осы жобалардың ашықтығын және экономикалық орындылығын, ал мемлекеттік қатысу - тәуекелдердің теңгерімді бөлінуін қамтамасыз етеді, бұл кәсіпкерлер үшін жобалардың тартымдылығын арттырады, инвестицияларды тартуға қызмет етеді және МЖӘ-ні дамыту процесін жандандырады.
      Облигациялық қарыздар жалпы қаржыландыру сомасы және транш мөлшерлері көрсетіліп, тәуекелдерге сәйкес облигациялар табыстылығы мөлшерлері мен өтеу мерзімдерін, жеңілдікті кезеңді (болған жағдайда), қарыз валютасын және мақсатты тағайындауды айқындай отырып, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес бекіткен транштармен нақты жобаларға бөлінетін болады.
      Ірі инфрақұрылымдық жобалар халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын тарту есебінен де қаржыландырылуға тиіс.
      Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз ету үшін акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға пайдаланылмайтын болады.
      Ұлттық қор қаражаты 2020 жылдан кейін кепілдендірілген трансферт түрінде тиісті жылдың басына жинақталған Ұлттық қор активтерінің 4%-ы көлемінде жыл сайын пайдаланылатын болады.

Фискалдық орталықтан алу

      Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мақсатында республикалық бюджеттен төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер беруді іске асыру тетігі қайта қаралатын болады.
      Республикалық және облыстық бюджеттер арасында жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы кезекті үшжылдық кезеңге арналған заң жобасын әзірлеу кезінде жергілікті бюджет шығыстарының базасына бұрын республикалық бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар қосылатын болады.
      Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен жыл сайын қаражат бөлінетін жылу беру маусымын өткізу шығындарын жергілікті бюджет шығыстарының базасына қосу мәселесі қаралатын болады.
      Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері туралы заңның қолданылу кезеңінде нысаналы ағымдағы трансферттер төмен тұрған бюджеттерге төтенше жағдайлар кезінде, сондай ақ жергілікті бюджеттер шығыстарының ұлғаюына және (немесе) кірістерінің қысқаруына әкеп соғатын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудан туындайтын шығындарды өтеу үшін көзделетін болады.
      Сондай-ақ өңірлерді дамыту бюджетінің көлемі республикалық және жергілікті бюджет арасындағы қаржыландыру салаларының нақты аражігін көрсете отырып ұлғайтылатын болады.
      Жергілікті бюджет есебінен салынған әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеуді, салуды және күтіп ұстауды қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      Бұл жергілікті органдардың қаржылық дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге ықпал етіп, әкімдерге аумақтық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражатты жұмсаудың басымдықтарын дербес айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірлерге бөлінетін нысаналы даму трансферттерінің көлемін азайтады.
      Әкімдерді экономикалық ынталандыруды күшейту үшін жергілікті бюджеттердің шығыстарын ұлғайтуды, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешудегі олардың дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуді ескере отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы түсімдерін облыстық деңгейге беру мәселесі қаралатын болады. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративпен табыс салығының түсімдерін (бекітілген тізбе бойынша) республикалық деңгейде қалдыру керек.
      Бұдан басқа, әкімдердің рейтингтік бағалауларын ескере отырып, бюджеттік субвенциялар мен алып қоюлардың көлемі өңірдің салықтық базасын ұлғайту көрсеткіштері мен тұрақты жұмыс орындарын құру негізінде айқындалады. Әлеуметтік әріптестік аясында жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бойынша жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан әкімдер билігіне түсетін қаражат пен мүлікте ескерілетін болады.
      Республикалық бюджеттен аумақтарды дамытуға қаражат бөлу кезінде өңірдің салыстырмалы артықшылығы мен әлеуметтік-экономикалық аядағы кемшіліктері, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жай-күйі, сауда-саттық мүмкіндігі, ұдайы өндіру базасы, аумақтық-салалық ұйымдастыру мен өндіргіш күштерді орналастыруды дамыту, шаруашылық етудің инновациялық нысандарының даму деңгейі ескерілуі тиіс.

Тұжырымдаманы іске асыру құралдары

      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығында, осы Тұжырымдаманың ережелерінде белгіленген міндеттер мен индикаторларды іске асыру бюджет процесін реттейтін заңнамалық актілерді жетілдіру арқылы көзделген.
      Осы Тұжырымдаманың ережелері заңнамалық актілерді, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жетілдіру арқылы іске асырылатын болады.

3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Ескерту. 3-бөлім өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2014.11.24 № 966 Жарлығымен.

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде міндеттерге қол жеткізу мынадай бағдарламалық құжаттар және нормативтік құқықтық актілер арқылы көзделеді:
      1) макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
      2) бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру:
      Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы;
      3) бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру және «бюджеттік масылдықты» қысқарту:
      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі;
      «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      4) салық жүйесінің экономикалық қайтарымын арттыру:
      «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі;
      5) елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау:
      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі;
      «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      6) Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану:
      «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығы;
      7) фискалдық орталықтан алу:
      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады