Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығы.

      Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:

      1) өз қызметінде Тұжырымдаманы басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;

      2) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қабылданатын құжаттарының Тұжырымдамамен үйлесуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 17 қаңтардағы
№ 732 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстанның әлемнің ең дамыған
30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі
ТҰЖЫРЫМДАМА

      Астана, 2014 жыл

Мазмұны

      Кіріспе

      1. Ағымдағы жағдайды талдау

      2. Әлем 2050 жылы: түйінді трендтер, сын-қатерлер және мүмкіндіктер

      3. Қазақстанның 2050 жылғы пайымы

      4. Қазақстанды 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді дамытудың стратегиялық бағыттары

      5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

      6. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Қорытынды

Кіріспе

      2012 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында (бұдан әрі – "Қазақстан-2050" стратегиясы) 2050 жылға қарай республикамыздың әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөнінде жаңа стратегиялық мақсат қойылды. Елді жаңғырту тақырыбы "Қазақстан-2050" стратегиясының түйінді бағдарына айналды.

      Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясын іске асыру Қазақстанның бастапқы жаңғыртуды аяқтауына мүмкіндік берді. Өнеркәсіптік өндіріс ауқымы өсті, халықтың табысы артты, халықты орта білім берумен қамту, өмір сүру ұзақтығы, ана мен нәресте өлімі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер жақсарды. Жұмыспен қамтылған халықтың ауыл шаруашылығы секторынан көрсетілетін қызметтер саласына ауысуы жалғасуда.

      Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында қайта жаңғырту немесе ғылымды қажетсінетін экономика құру міндеті тұр, ол экономикалық өсуге жұмсалатын білім мен инновациялар үлесінің өсуімен, көрсетілетін қызметтер үлесінің ұлғаюымен және экономиканы экологияландырумен байланысты. Қайта жаңғырту кезеңінде денсаулық сақтаудың тиімді жүйесімен, неғұрлым ұзақ өмір сүрумен, сапалы білім берумен, тиімді және ашық институттармен, ақпараттық технологиялардың таралуымен негізделген өмір сүру сапасын арттыру бірінші орынға шығады. Бұл саты бойынша Қазақстанның дамыған елдерден артта қалуы шамамен 50 жылды құрайды.

      Осыған байланысты әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізу аса күрделі міндет болып отыр. Өткен ғасырда оған тек үш ел – Жапония, Финляндия, Сингапур және таяуда ғана – Оңтүстік Корея қол жеткізді.

      Бұл ретте жаңғырту жаһандық бәсекелестік жағдайында өтеді. Дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізу стратегиялық ресурстар мен нарықтық кеңістік үшін қатаң күрес жүргізумен ұштасады. Бұл бәсекеле ағынға қарсы жүзумен бірдей: артқа кетіп қалмау үшін алға жылжу қажет.

      XXI ғасырда еларалық бәсекенің күшеюі салдарынан дамушы елдердің мүмкіндіктері шектеулі болады. Әлемдік көшбасшыға айналу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Дамушы елдердің біреуден бесеуге дейінгісі ғана дамыған елге айнала алады.

      Дамыған елдер тобына кіру үшін Қазақстан дамуда серпіліс жасауы тиіс. Қайта жаңғыртуға кезең-кезеңімен өту және ғылымды қажетсінетін экономика құру моделін қалыптастыру қажет. Ұзақ мерзімді даму моделі әлемдік үрдістерді, ұлттық дамудың түйінді басымдықтарын ескеріп, Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың 2050 жылға дейінгі стратегияларының нұсқаларын ұсынуы тиіс.

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      1. Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

      Қазақстан – 17 миллионнан астам халқы бар орасан зор ел. Оның бүкіл Батыс Еуропа аумағына тең ұлан-байтақ аумағы Еуропа мен Азияны жалғастырып жатыр. Қазақстан әлемнің ең жас мемлекеттерінің бірі болып табылады, ел тәуелсіздігін жариялаған сәттен бері 22 жыл өтті.

      Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бақылаушылардың көпшілігі Қазақстанды бұрынғы кеңестік республикалардың ең осалы деп қарастырған. Тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше жыл бойы республикадағы экономикалық өсу қарқыны ұдайы төмендей берді.

      1997 жылы қабылданған Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы еліміздің дамуына зор серпін берді. Қазақстан экономикалық реформаларды тереңдетуді жалғастыра отырып, көпұлтты заманауи қоғам қалыптастырды. Ол өз көршілерімен жақсы қарым-қатынас орнатып, шығыс бағытында да, батыс бағытында да қарқынды сауда қарым-қатынастарын дамытты. Өткен 15 жылда Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясына негіз болған басты міндеттер орындалды. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша посткеңестік мемлекеттердің ең табыстыларының бірі болып табылады.

      Елде байыпты макроэкономикалық саясат жүргізіліп отыр. Инфляция бір мәнді сандар деңгейінде сақталып келеді. Шикізат секторының компанияларынан түсетін салықтың түсімдердің бір бөлігін шоғырландыру үшін Ұлттық қор жұмыс істейді. 2013 жылы Ұлттық қорда жинақталған қаражат көлемі 68,7 млрд. АҚШ долл. жетті немесе ІЖӨ-нің 33 %-ын құрады.

      Экономика 1990-жылдардағы қатты құлдыраудан кейін толық қалпына келіп, 2008 жылы басталған жаһандық қаржылық дағдарыс кезеңінде өзінің орнықтылығын дәлелдеді. 1997 – 2012 жылдар аралығындағы кезеңде ІЖӨ-нің орташа жылдық нақты өсімі шамамен 7%-ды құрады. Экономикалық өсу орнықты сипатқа ие болды. Қазақстанның сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша ІЖӨ көлемі соңғы 15 жылда 2005 жылғы бағалармен 2,77 есе артып, 2012 жылы 30 трлн. теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі 2012 жылы 12 мың АҚШ долл. асты.

      Экономиканы жеделдетіп жаңғырту үшін мықты негіз құрылды. Еліміз бизнес-ахуалдың көптеген аспектілері бойынша өңірде көшбасшы болып табылады. Елде бизнес үшін әлемдегі ең төмен салықтық мөлшерлемелердің бірі пайдаланылады. Корпоративтік салық 20%-ды, қосылған құн салығы 12 %-ды құрайды.

      Тікелей шетелдік инвестициялардың (бұдан әрі – ТШИ) ағыны бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алда келеді. 2005 – 2012 жылдар аралығында елге 160 млрд. АҚШ долл. астам шетелдік инвестиция тартылды.

      Қазіргі уақытта Қазақстан кірісінің деңгейі орташадан жоғары ел болып табылады және әлемнің бәсекеге неғұрлым қабілетті 50 экономикасының қатарына кіреді.

      Денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау салаларында айтарлықтай өзгерістер болды. 2012 жылы орташа айлық жалақы мөлшері 1998 жылмен салыстырғанда 10,5 есе ұлғайды. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны 2012 жылы 1998 жылмен салыстырғанда 10,2 есе азайды. Жұмыссыздық деңгейі де төмендеді, 2012 жылы ол 5,3%-ды құрады.

      Елде сауаттылықтың жоғары деңгейі қамтамасыз етілген, 10 адамның 4-інің жоғары білімі бар. Зияткерлік мектептер және кәсіптік-техникалық колледждер желісі дамып келді. Соңғы 12 жылда жоғары білім алуға арналған гранттар саны 2,8 есеге ұлғайды.

      2007 – 2012 жылдар аралығындағы кезеңде елде 100-ге жуық мемлекеттік және жекеше аурухана салынды. Құрамына алты инновациялық денсаулық сақтау объектісі кіретін медициналық кластер құрылды. Астана қаласында әлемдік деңгейдегі жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы басталды.

      Азаматтардың денсаулық жағдайы жақсарды. 2012 жылы өмір сүрудің межеленген ұзақтығы 69,6 жасты құрады. Тәуелсіздік жылдары ана өлімі 5 есе азайып, 2012 жылы тірі туылған 100 мың балаға шаққанда 13,5 көрсеткішіне жетті.

      Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және Семейдегі ядролық полигонның жабылуы ядролық қарусыз әлемді дамытуға зор үлес қосты.

      Кеден одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын және Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын қоса алғанда, өңірлік интеграциялық процестерге қатысу дәрежесі жоғары болып табылады.

      Жоғары деңгейдегі халықаралық саяси диалогтың бастамашысы ретінде әрекет ете отырып, Қазақстан өңірде маңызды рөл атқарады. Ел бастамаларының қатарында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, он жылдан астам үзілістен кейін Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ саммиті бар.

      2. Сын-қатерлер және бәсекелік артықшылықтар

      Жоғарыда көрсетілген жетістіктермен қатар Қазақстан экономиканың өсу қарқынын жеделдету, экономикалық даму орнықтылығын және халықтың әл-ауқатының жалпы деңгейін арттыру үшін пайдалануға болатын бірқатар табиғи бәсекелік артықшылықтарға ие.

      Аумағының мөлшері жағынан әлемде 9-орынды иеленетін Қазақстанның ауқымды ауыл шаруашылығы алқаптары бар, олардың ауданы 222 млн. га-дан асады, оның ішінде шамамен 25 млн. га – егістік жерлер (мұның өзі Польша немесе Италия сияқты елдердің бүкіл дерлік аумағымен бірдей). Бүгінгі таңда қолжетімді жерлердің 40 %-ға жуығы ауыл шаруашылығы айналымына тартылған. Ұзақ мерзімді перспектикада агроөнеркәсіптік кешеннің ІЖӨ-ге үлесін арттыру үшін айтарлықтай әлеует бар.

      Қолайлы географиялық орналасуы Қазақстанға өңірдің аса ірі экономикалары – Ресей және Қытай нарықтарына әлеуетті қолжетімділікті ұсынады, сондай-ақ транзиттік-көліктік бәсекелік артықшылық береді.

      Қазақстанда қазбалы энергия көздерінің қомақты резервтері бар. Мұнайдың дәлелденген қорлары 30 млрд. баррель болып бағаланады, мұның өзі Қазақстанды осы көрсеткіш бойынша әлемде 10-орынға шығарып отыр. Уран қоры бойынша (800 мың тоннадан астам) Қазақстан әлемде Австралиядан кейін екінші орын, ал уран өндіру бойынша бірінші орын алады. Тау-кен металлургиясы кешенінде жинақталған әлеует қосылған құн тізбектерін кеңейтуге және оған байланысты көрсетілетін қызметтер түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.

      Жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК) дамытудың әлеуеті жоғары. Атап айтқанда, жел энергиясын өндіру әлеуеті жылына 900 млрд. кВт.сағ. астам деп бағаланады. Қазақстанда күн энергиясын өндірудің ықтимал қуаты шаршы метрге 1 300 кВт.сағ-тан 1 800 кВт.сағ-қа дейін. Сондай-ақ биоэнергия өндірісінде де айтарлықтай әлеует бар. Гидроэнергетикалық секторды дамыту мүмкіндіктері шамамен 22 ГВт деп бағаланады, олардың ішінде қазіргі уақытта 10%-ға жуығы игерілген.

      Еңбек етуге қабілетті халық үлесінің қомақты болуы (бүкіл халықтың 68,9 %) адами даму саласында Қазақстанның күшті жақтары болып табылады, ол БҰҰ болжамдары бойынша елде ұзақ мерзімді перспективада сақталады.

      Көрсетілетін қызметтер секторын дамытудың әлеуеті зор, оның ІЖӨ-дегі үлесі 53 %-ды құрайды. Аталған салада экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың шамамен 55%-ы жұмыс істейді. Көрсетілетін қызметтер секторын кеңейту перспективада урбанизацияның өсуіне байланысты жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда қала халқының үлесі шамамен 55%-ды құрайды, бұл әлемдік өлшем бойынша салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада урбанизацияның деңгейін ұлғайту көрсетілетін қызметтер секторының экономикаға үлесін кеңейтуге де, жұмыс орындары санының тұрақты өсуін қамтамасыз ететін көрсетілетін қызметтердің жаңа түрлерін құруға да мүмкіндік береді. Көрсетілетін қызметтер секторын одан әрі дамыту экономиканың басқа секторларынан босайтын қызметкерлерді, сондай-ақ еңбек нарығына алғаш қадам басқан жас мамандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

      Полиэтносты және мультиконфессиялы қоғамда ішкі саяси және әлеуметтік теңгерімді сақтау Қазақстанның күшті жағы болып табылады.

      Қазақ тілі қоғамда берік орнықты. Мемлекеттік мекемелерде іс жүргізуді қазақ тіліне біртіндеп ауыстыру жүзеге асырылуда. Орыс тілін білу қазақстандықтардың посткеңестік елдермен экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту үшін әлеует беретін тарихи артықшылығы болып табылады. Ағылшын тілін белсенді ілгерілету және білім беру жүйесіне тілдердің үштұғырлығы қағидатын енгізу қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.

      Қазақстанның күшті жақтарымен бірге жоюды талап ететін бірқатар әлеуетті шектеуші факторлары да бар. Қажетті шаралар қабылданбаған жағдайда, анықталған шектеулердің жағымсыз әсері күшейіп, елді дамыту жолында кедергі болуы ықтимал.

      Өндіріс құрылымында капиталды қажетсінетін шикізаттық салаларының үстемдігі маңызды кемшілік болып табылады. Шикізаттық емес экспорт көлемінің өзгеруінде теріс серпін байқалады. Қазақстандық экспорттағы минералдық ресурстардың үлесі 2000 жылғы 67%-дан 2012 жылы 78%-ға дейін өсті. 2012 жылы тау-кен өндіру секторына ІЖӨ-нің 17,5%-ы, ал өңдеу өнеркәсібіне ІЖӨ-нің 11,3%-ы тиесілі болды.

      Ғылымды қажетсінетін салалардың даму деңгейі төмен күйінде қалып отыр, ол ең алдымен өңдеу секторының бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуына, оның ішінде экономиканың шикізаттық емес секторларына ТШИ ағынының шектеулі болуына, технологиялық трансферттің нашар болуына, арнайы экономикалық аймақтар мен технопарктердің жұмыс істеу тиімділігінің жеткіліксіздігіне байланысты.

      "Голланд ауруының" даму қаупі, әсіресе, Қашаған кен орнының игерілуіне байланысты сақталып отыр, мұның өзі экспорттағы минералдық ресурстар үлесінің одан әрі өсуіне, айырбас бағамына қысымның артуына және өңдеу секторының, ауыл шаруашылығы мен көрсетілетін қызметтер секторының бәсекеге қабілеттілігінің одан әрі төмендеуіне алып келеді.

      Еңбек өнімділігі, капитал және энергия ресурстары бойынша Қазақстан дамыған елдерден айтарлықтай артта қалып қойған. Мысалы, Канадамен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 10 есе, тау-кен өндіру саласында 2,5 есе, өңдеу өнеркәсібінде 2 есе, инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтер саласында шамамен 3 есе төмен. Канадамен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы капитал өнімділігі 1,3 есе, тау-кен өндіру саласында 2,5 есе, өңдеу өнеркәсібінде 7,8 есе, инфрақұрылымда – 4,4 есе және қызметтер көрсету саласында 1,7 есе төмен. Энергия ресурстарының өнімділігі де Канаданың деңгейінен едәуір артта қалған. 2012 жылы Қазақстандағы энергия сыйымдылығы ІЖӨ 1000 АҚШ долларына 0,4 тонна шартты отынды, Канадада ІЖӨ 1000 АҚШ долларына 0,2 тонна шартты отынды құрады.

      Энергия сыйымдылығының жоғары деңгейі ескірген "лас" технологияларға (атап айтқанда, энергия өндірісі саласында және көлік секторында) негізделген қолданыстағы инфрақұрылымның айрықша сипаттамасы болып табылады. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаның ластану деңгейіне жағымсыз әсерін тигізеді. Бұдан басқа, көлік инфрақұрылымының тозуы шығындардың айтарлықтай көбеюіне, ал өңірлік инфрақұрылымды дамытудың жеткіліксіз деңгейі халықтың өмірі деңгейінің жалпы төмендеуіне алып келеді.

      Аумақтары бір-бірінен қашық орналасқан облыс орталықтарында халық санының аз болуы ұзақ мерзімді перспективада экономикалық даму үшін айтарлықтай кедергі болуы мүмкін. Қазақстандағы жалпы халық тығыздығының төмендігі урбанизация деңгейінің жеткіліксіз болуынан күрделене түседі. Сарапшылардың болжамдары бойынша 2050 жылға қарай аталған көрсеткіш 63-64%-ға дейін артады, мұның өзі әлемдік орташа деңгейден бұрынғысынша төмен болып қалмақ.

      Бұдан басқа, өңірлер арасында да, "қала-ауыл" бөлінісінде де коммуналдық және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділіктің әркелкі болуы байқалады. Егер сумен жабдықтау саласында қалалық және ауылдық аумақтар арасында екі еселенген айырма орын алып отырса, кәріз бен орталық жылытудың көрсетілетін қызметтеріне қолжетімділік бойынша айырмашылық тиісінше 7 және 22 есе болып отыр.

      2012 жылы республика бойынша орта есеппен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі қалалардағы осындай халықтың үлесінен үш еседен астам (1,9%-ға қарағанда 6,1%) артық болды. Бұл айырма, әсіресе, Атырау (8 есе), Қарағанды (6,5 есе) және Маңғыстау (5 есе) облыстарында жоғары.

      Адами капиталды дамыту саласында білім берудің барлық сатыларындағы бірқатар кемшіліктерге байланысты білікті кадрлардың жетіспеуі шектеуші фактор болып табылады. Жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының арасында байланыстың болмауы салдарынан оқыту бағдарламалары мазмұнының нарық қажеттіліктеріне сәйкестігі қамтамасыз етілмеген.

      Ғылым саласында жұмыспен қамтылу аздап ұлғайып отыр. Қазіргі уақытта экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 10 000 адамына 21 зерттеушіден келеді, бұл дамыған елдермен салыстырғанда 4,5 есе аз. Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициялары ғылыми-зерттеу кадрлары мен институттары сапасының төмен болуын, бизнес пен зерттеу орталары арасындағы байланыстың нашар екенін көрсетіп отыр.

      Институционалдық даму саласында құқық үстемдігі қағидатын сақтауға, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықтың өрістеуіне байланысты проблемалар сақталып отыр. Мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігі мен ашықтығы жеткіліксіз.

      Тауарлардағы, жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтуды қамтамасыз ету де елдегі бәсекелестікті дамытуды тежеуші факторлардың бірі болып табылады. Экономиканың бірқатар секторларында шетелдік компаниялардың кіруі үшін шектеулер бар.

      Шағын және орта бизнестің әлеуетін дамыту мен оны жүргізу шарттары шектелген және жақсартуды талап етеді. Бүгінгі таңда қазақстандық компаниялардың 5%-ы ғана экспортты жүзеге асырады. Шағын және орта кәсіпорындардың қаржыландыруға, әсіресе ұзақ мерзімді кредит беруге қол жеткізуінде проблемалар бар.

      Тұтастай алғанда, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізу қажет деп қорытуға болады. Соңғы 20 жылда қалыптасқан негізді басшылыққа ала отырып, Қазақстанның жарқын болашаққа сенім артуына және жаһандық өзгерістердің маңызды субъектісіне айналуына болады.

      Елде жас әрі білімдар кәсіби мамандар бар. Экономиканы тиімді басқарудың табысты тәжірибесі бар. Табиғи ресурстардан түсетін табыс әртараптандырылған экономика құру үшін болашақ инвестицияларды қамтамасыз ете алады. Бұдан басқа, Қазақстан өзінің Еуразия орталығындағы географиялық орналасуынан пайда таба алады.

      Бұл ретте Қазақстан әлемнің басқа да кез келген елі сияқты ішкі және сыртқы сын-қатерлермен бетпе-бет келетін болады, оларды ел дамуының басым бағыттарын дайындау кезінде ескеру қажет.

2. Әлем 2050 жылы: түйінді трендтер, сын-қатерлер және
мүмкіндіктер

      Қазақстан жаһандық әлемнің бір бөлігі болып табылады және ағымдағы үрдістерден шет қала алмайды. Бұл үрдістердің кейбірі елді жаңғырту үшін жаңа мүмкіндіктер беретін болса, кейбірі Қазақстанның дамуы үшін кедергі болуы мүмкін. Бұл үрдістердің Қазақстанға әсер ету дәрежесін нақты бағалау өте қиын. Бұл ретте жаңа трендтер мен сын-қатерлер туындауы мүмкін, олардың пайда болуын қазіргі уақытта болжау мүмкін емес.

      Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жағымсыз трендтерге оралымды ден қоюға және әлемдегі қолайлы өзгерістерден барынша пайда табуға мүмкіндік беретін даму стратегиясын қалыптастыруды талап етеді.

      Сарапшылардың пікірі бойынша, 2050 жылға дейін әлемдік экономика конфигурациясында елеулі өзгерістер күтіледі. Бүгінгі күні демографиялық өзгерістер, экономикалық жаһандану, дамушы мемлекеттердің экономикалық өсуі, технологиялық процестердің жеделдеуі, энергия тұтынудың әлемдік теңгеріміндегі өзгерістер, сондай-ақ климаттың өзгеруі Қазақстан үшін жаһандық және өңірлік сипаттағы неғұрлым маңызды үрдістер болып табылады.

      1. Жаһандық демографиялық өзгерістер

      БҰҰ болжамдары бойынша 2050 жылға қарай әлем халқының саны 10 млрд. адамнан аспақ. Халық саны негізінен дамушы елдердің есебінен өсетін болады. Нәтижесінде, Үндістанда, Африкада және Таяу Шығыста еңбек етуге қабілетті халықтың үлесі ұлғаятын болады, мұның өзі осы елдерде арзан жұмыс күші санының өсуіне алып келеді.

      Дамушы елдердегі халықтың әл-ауқатының артуына және осыған байланысты өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты 2012 жылмен салыстырғанда 2050 жылға қарай әлемдегі 65 жастан асқан адамдардың саны екі еседен артық өсетін болады. Ұзақ мерзімді перспективада халықтың қартаюы Еуропада, Жапония мен Қытайда еңбек етуге қабілетті жастағы халық үлесінің төмендеуіне алып келеді. Әлем халқының орташа жасы 29-дан 36 жасқа ұлғаяды.

      Дамыған және дамушы елдердегі демографиялық үрдістер бір-біріне жуықтап, белгілі бір шамада әлемнің барлық елдерінде көрініс беретін болады. Қазіргі уақытта дамыған елдерде халықтың азаю мен қартаю үрдісі байқалуда, ал дамушы елдердің көпшілігінде бала туу саны жоғары. Дамушы елдердегі бала туу деңгейі даму шамасына қарай төмендеп, өмір сүру ұзақтығы ұлғаятын болады. Ұзақ мерзімді перспективада әлемнің барлық елдерінде халық саны және жас мөлшерінің құрылымы тұрақтанатын болады.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Халық санының өсуі азық-түлік өнімдеріне, су ресурстарына, энергия жеткізгіштеріне сұраныстың артуына алып келеді. Бұл әлемдік экономиканың шикізат ресурстарына және ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыру үшін үлкен әлеуеті бар Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

      Халықтың қартаюы және еңбек етуге қабілетті азаматтар үлесінің қысқаруы дамушы елдердің, оның ішінде Қазақстанның еңбек нарығына қысым көрсетуі мүмкін. Қазақстаннан "білімдарлардың кетуі" жаһандық демографиялық процестердің жағымсыз салдарына айналуы мүмкін. Дамыған елдердің жұмыс күшіне қажеттіліктері шетелдік қызметкерлерді тарту есебінен қанағаттандырылып, оларға неғұрлым жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары және өмір сүрудің қолайлы жағдайлары ұсынылатын болады.

      Сонымен бір мезгілде Қазақстанда зейнеткер жасындағы халық үлесінің ұлғаюының басым түсуі есебінен үлесі төмендейтін, еңбек етуге қабілетті халыққа демографиялық жүктеме өсе түспек. Бұл экономикалық даму, өмір сүру сапасының жақсаруы және ұзақтығының ұлғаюы аясында орын алатын болады.

      2. Экономикалық жаһандану

      Қарқынды экономикалық даму, жаһандық өндірістік-өткізу тізбектерін қалыптастыру, халықаралық сауда қатынастарын ырықтандыру әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс басталғанға дейін әлемдік экономиканы жаһандандырудың күшеюіне ықпал етті.

      Соңғы 20 жылда әлемдегі ТШИ көлемі 5,3 есе артты. Әлемдік сауда көлемі жыл сайын орта есеппен 6%-ға ұлғайып отырды. Трансұлттық компаниялар (бұдан әрі – ТҰК), оның ішінде мемлекеттік компаниялар саны артты. 2012 жылы мемлекеттік ТҰК инвестицияларының жиынтық көлемі 145 млрд. АҚШ долл. немесе әлемдік ТШИ көлемінің 11%-ын құрады.

      2010 жылдан бері экономикалық жаһандану баяулап келеді. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулаған және жұмыссыздық деңгейін жоғарылаған жағдайларда, дамыған елдердегі протекционистік үрдістер күшеюде.

      Дамыған және дамушы елдерде ТШИ ағынының жалпы төмендеуі байқалады. Мысалы, БҰҰ деректері бойынша 2012 жылы дамыған елдерге ТШИ ағыны он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткішке дейін азайды. Өңірлік және екіжақты келісімдердің пайдасына көпжақты инвестициялық шарттардан бас тарту үрдісі байқалып отыр.

      Сарапшылардың бағалауынша, жаһанданудың баяулауы аясында өңірлік интеграциялық процестер күшеюде. 2050 жылға дейін әлемдік сауданың жалпы ағынындағы дамыған және дамушы елдер арасындағы сауда-саттық үлесі төрт есе (10 %-дан 40 %-ға дейін) ұлғаятын болады. Мұндай өсудің едәуір бөлігі Азияда сауда ауқымын ұлғайту есебінен осы өңірдің дамушы елдеріне келетін болады.

      Сонымен қатар, жаһанданудың баяулауы оның өрістей түсуінің толықтай тоқтауына алып келмейді. Экономикалық жаһандану процесі жалғасатын болады, бірақ өткен отыз жылға қарағанда, әлдеқайда баяу жүретін болады.

      Бұл ретте сарапшылар экономикалық жаһанданудың күшеюі болжанатын кері сценарийдің даму мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Әлемдік экономика осал күйінде қалып отыр, соның салдарынан қысқа мерзімді перспективада Ресей, Қытай, Еуропалық Одақ, АҚШ және Жапония сияқты Қазақстанның негізгі әріптес-елдерінде экономикалық даму бәсеңдеуі мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада энергия ресурстарының бағалары төмендеп, мүлдем жаңа технологиялық инновациялар әлемдік экономиканың даму бағыттарын өзгертуі мүмкін.

      Экономикасы өзінің табиғи ресурстарын пайдалануға аса тәуелді болатын бірқатар елдердегі прогресті тежейтін "ресурстық қарғысқа" Қазақстан аулақ ұшырамауы болуы тиіс. Екінші жағынан, дамудың қазіргі уақытта Қазақстан тұрған сатысына қол жеткізген көптеген елдер үшін ауыртпалыққа айналған "орташа табыс қақпанына" түсуден еліміз сақ болуы қажет.

      Қазақстанды қоса алғанда, барлық елдер өздерінің сауда саясатын жаһанданудың қандай бағытта дамуына қарай (одан әрі тереңдеу немесе баяулау) түзетуі қажет болады. Жаһандану процестері күшейетін болса, Қазақстан ДСҰ-ға кіруді үдетуі және әлемдік сауда ағынына интеграциялануы қажет.

      Орта мерзімді перспективада жаһанданудың баяулауы Қазақстанға айтарлықтай әсерін тигізе қоймайды. Алайда, ұзақ мерзімді перспективада жаһандану процесінің баяулауы тартылатын шетелдік инвестициялардың, технологиялар трансферті көлемінің төмендеуіне және тауар айналымының азаюына алып келуі мүмкін.

      Жаһанданудың әлсіреуі өңірлік интеграциялық процестердің күшеюіне, атап айтқанда, Қытаймен және Ресеймен байланыстардың нығаюына ықпал ететін болады. Өз кезегінде, өңірлік интеграцияны күшейту, ең алдымен, Орталық Азия елдерінен көші-қон ағынының жандануына да ықпал етпек, мұның өзі Қазақстанның көші-қон саясатына ерекше талаптар қоятын болады.

      Қолжетімді сараптамалық бағалаулардың көпшілігіне сәйкес, орта мерзімді перспективада оң факторлар теріс факторлардан басым болады, ал ұзақ мерзімді перспективада жаһандық үрдістердің жағымсыз әсерінің күшеюі мүмкін. Бұл 15-20 жыл ішінде "мүмкіндіктер терезесінің" болуын негіздейді, ол Қазақстанға дамуда сапалы серпіліс жасап, ұзақ мерзімді перспективада жаһандық сын-қатерлерге ден қою үшін қажетті орнықты және икемді экономика құруға мүмкіндік береді.

      Өндірістің ғылымды қажетсінетін түрлерінің үлесін ұлғайту, институционалдық ортаның жоғары сапасы мен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігі жаңа экономиканың сипаттамаларына айналуы тиіс.

      3. Дамушы елдердің экономикалық өсуі

      Қазіргі заманғы әлемде мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейе түсуде, ал табысты басқа экономикалар қол жеткізілген прогреске қарамастан, алға басуда. Дамушы мемлекеттердің бірқатары өздерінің серпінді экономикалық өсуіне байланысты әлемде неғұрлым маңызды рөл атқара бастады.

      2050 жылға дейін дамушы елдер жоғары урбанизация, адами капиталдың өсуіне және табиғи ресурстардың қолжетімділігіне байланысты дамыған елдерден жылдам өсетін болады. Қазірдің өзінде дамушы елдерде жұмысқа орналасу, білім алу және демалу мүмкіндіктерінің мол таңдауын ұсынатын, әлеуметтік-экономикалық белсенділік орталықтарына айналып келе жатқан қалаларға халықтың ауылдық жерлерден көшіп-қонуы күшеюде. Соның нәтижесінде, 2050 жылға қарай әлем қалаларында халықтың 70 %-ынан астамы тұратын болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада дамушы елдер, ең алдымен Қытай және Үндістан әлемдік экономиканың дамуына түйінді үлес қосатын болады.

      2050 жылға қарай дамушы елдердің ІЖӨ-нің жиынтық көлемі дамыған елдердің ІЖӨ көлемінен асып түсетін болады, ал Қытай әлемдегі аса ірі экономикалы елге айналмақ.

      Дамушы экономикалардың жалпы саны 5 есе артатын болады; дамып келе жатқан аса ірі 30 экономиканың 19-ының табыс деңгейі жоғары елдер тобына кіруге әлеуеті бар.

      Бұл ретте жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейіне қатысты дамушы және дамыған елдер арасындағы айырма екі есе қысқарады. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы орташа әлемдік көрсеткіші 2005 жылғы бағалармен сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 2050 жылға қарай 2,5 есе немесе 8 мыңнан 20 мың АҚШ долларына дейін өсетін болады.

      Табысы 10 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейінгі орта тап саны әлемде үш еседен аса ұлғаятын болады: бүгінгі 2 млрд. адамнан 2050 жылға қарай 6 млрд. адамға жетеді.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Дамушы елдердің экономикалық өсуінің жоғары қарқыны, олардағы орта тап үлесінің артуы және ұзақ пайдаланылатын тауарларды (негізінен, жеке автокөлікті) тұтынудың өсуі Қазақстаннан шикізат ресурстарын және ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға тұрақты сұранысты қамтамасыз ететін болады.

      Әлемдегі өндірістік күштер географиясының өзгеруі тиімді экономикалық мамандану және халықаралық еңбек бөлінісі үшін геоэкономикалық бәсекелестікті күшейтеді.

      Дамушы елдердегі ішкі сұраныстың кеңеюі жоғары технологиялық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер (баламалы энергетика саласындағы басқару, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ), геологиялық барлау саласында көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ білім беруде және бизнесте көрсетілетін қызметтер) Қазақстан пайдалана алатын жаңа нарықтық кеңістіктерді ашатын болады.

      Көптеген дамушы елдердегідей халықтың урбанизациялану деңгейі экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және қала ортасы ұсынатын өмір сүрудің неғұрлым жоғары сапасын іздеуге байланысты Қазақстанда да артатын болады. Бір жағынан, ауылдардан қалаларға ішкі көші-қонның артуы тұрғын үйдің және жұмыс орындарының жеткіліксіздігіне, қоғамның мүліктік тұрғыдан жіктелуіне және халықтың осал топтарының маргиналдануына байланысты әлеуметтік проблемаларды ушықтыра түсуі мүмкін. Екінші жағынан, урбанизацияланудың күшеюі және ірі қалалардың пайда болуы сапасы жоғары білім, ақпараттық және көліктік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, бәсекелестіктің артуы, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау есебінен адами капиталды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, урбандалу экономиканың ең жылдам дамитын секторы болып табылатын көрсетілетін қызметтер секторының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Қысқа мерзімді перспективада дамушы елдердің, ең алдымен Қытайдың және Кеден одағы бойынша Қазақстан әріптестерінің экономикалық дамуының баяулауы елдің сауда теңгеріміне жағымсыз әсерін тигізіп, валюта бағамының құбылмалылығын күшейтеді және экономиканың даму қарқынын баяулатады.

      4. Технологиялық прогресті жеделдету

      Технологиялық дамудың жаңа кезеңі радикалды инновациялардың пайда болуымен сипатталатын болады. Нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында өзгерістер күтіледі. Мұндай өзгерістердің қатарында – ЖЭК пайдалануға көшу, металдарды жаңа материалдармен алмастыру, өндірістік процестерді автоматтандыру, гендік инженерия, жасанды интеллектіні, ғарыш технологияларын кеңінен қолдану, сондай-ақ ауыл шаруашылығында ресурс үнемдеудің зияткерлік жүйелері бар.

      Жалпы әлемдік экономика технологиялар мен білімнің мүлдем жаңа тобын енгізу кезеңінде тұр, бұлар экономиканың көптеген дәстүрлі секторларын, ең алдымен металлургияға, ауыл шаруашылығына, көлік-коммуникация саласына, энергетикаға, авиацияға, машина жасауға, құрылысқа және басқаларының даму перспективалары мен процестеріне әсерін тигізетін болады.

      Сарапшылардың бағалауы бойынша, технологиялық дамудың жаңа кезеңі, ең алдымен дамыған елдерде басталып, кейіннен дамушы экономикаларға таралатын болады.

      Жаңа кезеңнің басталу мерзімі дамыған елдер экономикаларының қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан қалпына келу жылдамдығына байланысты болады. Сарапшылардың пікірінше, бұған 15-20 жыл қажет.

      Ұзақ мерзімді перспективада технологиялық даму процестері әлемдік еңбек нарығындағы шиеленісті күшейтеді. Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар біліктілігі жоғары жұмыс күшіне деген қажеттілікті арттырады, сонымен бір мезгілде тау-кен металлургиясы кешенін, автоқұрастыру өндірісін, тоқыма өнеркәсібін және баспа өнімдері өндірісін қоса алғанда, еңбекті қажетсінетін бірқатар салалардағы төмен және орташа біліктілікті талап ететін жұмыс орындарын қысқартатын болады.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Ұзақ мерзімді перспективада дамыған елдердің технологиялық дамудың жаңа кезеңіне көшуі дамушы елдерден, оның ішінде Қазақстаннан шикізат ресурстары мен төмен бөліністегі өнім экспортының серпініне жағымсыз әсерін тигізетін болады.

      Атап айтқанда, жаңа материалдарды өндіру және қолдану қара және түсті металлургия өніміне сұранысты түбегейлі төмендетуі мүмкін, оның бағаларының құлдырауы қазірдің өзінде байқалып отыр. Заманауи көлік, оның ішінде гибридті және электрлі көлік өндірісінің өсуі, сондай-ақ робот техникасының таралуы Қазақстанда енгізіліп жатқан дәстүрлі автоқұрастыру өндірістерінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.

      Технологиялық прогрестің тағы бір жағымсыз әсері еңбек нарығындағы жоғары теңгерімсіздік болып табылады. "Солған" секторларда, атап айтқанда, тау-кен металлургиясы саласы мен ауыл шаруашылығында біліктілігі төмен және орташа жұмыс күшінің босатылуы байқалатын болады, ал ғылымды қажетсінетін салалардың даму шамасына қарай біліктілігі жоғары қызметкерлерге сұраныс артатын болады. Әлемде біліктілігі жоғары жұмыс күшіне сұраныс Қазақстаннан "білімдарлардың кетуі" қаупін күшейтеді.

      Дамыған экономикалардың энергия сыйымдылығының төмендеуі атмосфераға тасталатын шығарындыларға қойылатын халықаралық талаптарды, энергия тиімділігі стандарттарын қатаңдатуға ықпал етеді, елдің технологиялық әзірлігінің жеткіліксіздігі салдарынан оларды сақтау қиын болуы мүмкін.

      Дамыған елдерде радикалды инновацияларды енгізу осы елдердегі еңбек өнімділігінің күрт өсуіне алып келуі мүмкін, мұның өзі дамыған және дамушы экономикалардың арасындағы айырманы одан әрі ұлғайтуы ықтимал. Қазақстанға қатысты, бұл бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әлемдік экономикадағы ел үлесін арттыру, экономикалық өсудің жоғары қарқынын ұстап тұру және сайып келгенде, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін қосымша кедергілердің пайда болуын білдіреді.

      5. Энергия тұтынудың әлемдік теңгеріміндегі өзгерістер

      Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша 2020 жылға дейінгі орта мерзімді перспективада мұнай бағаларының айтарлықтай жоғарылауы межеленбейді, бұған дамыған экономикалардың баяу қалпына келуі және дағдарыстық құбылыстардың дамушы елдерге "ауысуы" ішінара себеп болып отыр.

      Ұзақ мерзімді перспективада энергияны әлемдік тұтыну көлемі

      2050 жылға қарай 50 %-ға артады. Бұл ретте энергия ресурстарын әлемдік тұтынуда дамушы елдер үстемдік етіп, энергия тұтыну өсімі

      2020 жылдан кейін іс жүзінде тоқтайтын дамыған елдерді басып озатын болады.

      Дамыған елдердің көпшілігінде мұнай мен көмірді пайдалану көлемінің төмендеуі табиғи газ бен ЖЭК-ке сұраныстың артуымен қоса жүретін болады. Дәстүрлі энергия ресурстары бағаларының өсуі балама энергия көздерінің, оның ішінде жер қыртысындағы газ бен мұнай кен орындары рентабельділігінің артуына алып келеді.

      Ұзақ мерзімді перспективада әлемдік ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығының азаю үрдісі сақталады.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Әлемдік энергия тұтынудың өсуі аясында ұзақ мерзімді перспективада Қазақстаннан энергия ресурстарын экспорттау үшін қолайлы нарықтық конъюнктура сақталады.

      Халықаралық сауда ағындарының бағыттарында, атап айтқанда, Батыс Еуропа елдерінде энергия тұтынудың өсуінің баяулауы және Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі сұраныстың күшеюі салдарынан айтарлықтай өзгерістер орын алатын болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада жер қыртысындағы кен орындарындағы өндірудің өсуі Батыс Еуропа елдерінде де, Қытайда да, сондай-ақ Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінде де нарықтардың шамадан тыс толығуы аясында Қазақстаннан энергия ресурстарын экспорттаудың жай-күйіне жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін.

      6. Климаттың өзгеруі

      Атмосферада және жерге жақын қабатта парниктік газдар шоғырлануының артуы жаһандық климаттың жай-күйіне мейлінше ықпал ететін болады, 2050 жылға қарай мұндай шоғырлану әлемдегі орташа жылдық температураның 3-4ҮС-қа жоғарылуына алып келеді. Осының салдарынан жердің құрғап кетуі, ауа райының күрт құбылуы және су ресурстарының сарқылуы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін әлсірететін болады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін дәстүрлі экспорттаушы елдер санының қысқаруына алып келеді. Орта мерзімді перспективада жаһандық жылыну бірқатар елдерде бұрын ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамсыз болған аумақтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

      Климаттың өзгеруі әлемдік саудаға, капитал қозғалысына және көші-қонға ықпал етеді. Арктикадағы мұздың еруі Қытай, дамыған елдер және Ресей арасындағы жаңа, әлдеқайда жылдам әрі арзан көлік дәлізін ашуы мүмкін.

      Ұзақ мерзімді перспективада жаһандық жылыну эпидемиялардың өршуіне, көші-қон легінің күшеюіне және даулы аумақтарды иелену үшін жанжалдардың өрбуіне себеп болуы ықтимал.

      Климаттың жаһандық өзгеруі су басу, өрт, көшкін, қар көшкіні, мұздықтардың опырылуы, күшті сел көшкінінің мықтылығы сияқты дүлей апаттар қаупін күшейтеді.

      Қазақстанға ықтимал әсері

      Ұзақ мерзімді перспективада су ресурстарының тапшылығы Қазақстан үшін неғұрлым жоғары қауіп тудырады, бұл суды көп шығындайтын өнеркәсіп салаларының, атап айтқанда, тау кен-металлургиясы кешені мен көмір энергетикасының дамуын шектейді.

      Орташа жылдық температура одан әрі жоғарылайтын болса, жердің шөлейттену проблемасы өршиді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы аймақтары солтүстікке қарай ығысатын болады, мұның өзі ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлеміне жағымсыз әсерін тигізеді. Ұзақ мерзімді перспективада дүлей апаттардың жағымсыз салдары күшеюі мүмкін. Таулы жерлердегі сел көшкінінің күштілігі артуы ықтимал. Елдің шөлейт аудандарындағы орманды және далалы жерлерде өрт жиілеуі мүмкін.

3. Қазақстанның 2050 жылғы пайымы

      1. Елдердің табысты дамуының әлемдік практикасын талдау

      Жалпыға бірдей танылған бірқатар сипаттамалардың пайдаланылатынына қарамастан, мемлекеттің дамығандығын айқындаудың бірыңғай, әмбебап тәсілдері жоқ. Бүгінгі таңда дамыған елдер тобына халықтың әл-ауқаты мен адами әлеуетінің деңгейі жоғары экономикалық және технологиялық тұрғыдан дамыған елдер жатады.

      Әлемдік практикада әлемдік көшбасшылықты және дамыған мемлекет ретінде қалыптасуды қамтамасыз етудің әртүрлі жолдары мен тәсілдері белгілі. Бірақ, әр ел мемлекеттің қолында бар мәдени-тарихи, экономикалық, саяси және географиялық артықшылыққа негізделген бірегей тәсілді іске асырды, мұны қазақтандық жағдайларға бейімдеуге және қолдануға болады.

      Тұтастай алғанда, табысты елдердің даму тәжірибесі олардың табысының негізінде барабар ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдау, ұлттық дамудың түйінді басымдықтарына шоғырлану және қабылданған стратегияны тиімді іске асыру жатқанын көрсетті.

      Әлемдік тәжірибе айғақтап отырғандай, экономикалық өсудің икемділігі, серпінділігі мен орнықтылығы және елдің әл-ауқаты бүгінде дамыған елдердің бәрінің өзіндік ерекшелігі болып табылатын, ғылымды қажетсінетін экономикаға көшумен қамтамасыз етіледі. Мұндай экономикада көрсетілетін қызметтер секторы үстем болады, өнімділіктің жоғары деңгейі қолдау табады, ал ғылыми білім мен өнеркәсіптің жоғары технологиялық секторлары экономикалық өсуді қамтамасыз етуде негіз құрушы рөл атқарады.

      Қазақстан үшін ХХ ғасырда әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіре алған Оңтүстік Кореяның, Норвегияның және Сингапурдың экономикалық даму тәжірибесі неғұрлым қызығушылық тудырады.

      Оңтүстік Кореяның экономикалық өсуінің негізі өткен ғасырдың 1960 – 1970-жылдары қаланған, ол уақытта үкімет қатаң мемлекеттік жоспарлау шеңберінде ауыр өнеркәсіпті дамытуға, атап айтқанда, шығындардың төмен болуына және географиялық тұрғыдан ыңғайлы орналасуына байланысты жаһандық деңгейде бәсекеге түсе алатын салаларға басымдық берді. Бұл ретте жекеше сектор мен жұртшылық экономикалық жоспарлауға шектеулі түрде қатысты.

      Мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясы бесжылдықтарға бөлінді. Осылайша, елдің даму шамасына қарай күш-жігер инфрақұрылым құруға, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және импорт алмастыратын салаларды дамытуға, болат құю және химия өнеркәсібі өнімін, жабдықтар мен тұрмыстық электрондық аспаптарды экспорттауға және жоғары технологиялық өнім өндірісін дамытуға мемлекеттің қомақты инвестиция салуын қамтамасыз етуге бағытталды.

      Оңтүстік Корея дамуының келесі кезеңінде нарықтық тетіктерге көшу және экономикада мемлекеттің рөлін азайту қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, экономиканың ұзақ мерзімді перспективадағы нысаналы пайымы қалыптастырылды. Ауыр машина жасаудан және химия саласынан ғылымды қажетсінетін жоғары технологиялы салаларға, сондай-ақ адами капиталды дамытуға және институттарды жетілдіруге көшу нәтижесінде Оңтүстік Корея 1990-жылдардың өзінде-ақ ең жаңа технологияларды, микроэлектрониканы, биотехнологияларды және оптиканы дамытудағы көшбасшылық есебінен ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірді.

      Оңтүстік Кореяның үлгісі көрсеткендей, экономикалық жаңғыртудың бастапқы кезеңіндегі қажетті шарт адами капиталды дамытудың және әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымның іргетасын құруға мүмкіндік беретін елдің бәсекелік артықшылықтарын пайдалану болып табылады.

      Жоғары технологиялы экономиканы құру мен дамыту үшін бәсекелік артықшылықтарды пайдалануға негізделген экономикалық саясаттың осыған ұқсас үлгісі Норвегияның энергетикалық секторды дамыту жөніндегі тәжірибесі болып табылады.

      Норвегияда мұнай-газ саласын дамыту стратегиясы мұнай кәсіпшілігінің көрсетілетін қызметтері және теңіздегі кен орындарын игеру үшін жабдықтар өндіру секторында сабақтас салалардың (теңіз тасымалы, балық аулау, құрылыс) тәжірибесі мен әлеуетін пайдалануға негізделді. Табысқа мұнай кәсіпшілігінің өнеркәсіптік кластерлерін құру, әлемдегі жетекші компаниялармен әріптестікті ілгерілету және заманауи технологиялардың жылдам трансферті арқылы қол жеткізілді.

      Сонымен қатар, мемлекет норвегиялық бәсекеге қабілетті тауар өндірушілерге және көрсетілетін қызметтерді жеткізушілерге қолдау көрсетті, сондай-ақ геологиялық барлау және өндіру операцияларын жүргізу бойынша норвегиялық үш компанияның (Statoil, Hydro және Saga) негізі қаланды, оларға лицензияларды бөлу кезінде басымдық берілді.

      Сингапур дамыған институттармен қоса, нақты стратегиялық жоспарлау есебінен әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кірді, институттар оның іске асырылуын қамтамасыз етті. 50 жыл бұрын мемлекеттің басты мақсаттары ІЖӨ-нің өсуі және елдің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру болды. Бұған елдің негізгі бәсекелік артықшылығы – өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің тартылыс орталығына айналған терең су айлағын дамыту есебінен қол жеткізілді.

      Сонымен қатар, экономика экспортты ұлғайтуға, сондай-ақ ауыр өнеркәсіптен ғылымды қажетсінетін өндіріске көшуге бағдарланды. Бұл елдің нақты ІЖӨ-нің 40 жылда 8 есе өсуіне және жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша дамыған елдермен айырмашылықты жоюға алып келді. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге салынған қомақты – 2000-ші жылдары 2%-дан астам инвестиция, техникалық білім беру бағдарламаларын енгізу және оларды өндіріспен интеграциялау реформалардың негізіне айналды.

      Сондай-ақ, Сингапурда инвесторлар тарту және жаһандық бизнес-стратегиялар әзірлеу мақсатындағы Экономикалық даму жөніндегі кеңес 50 жылдан астам жұмыс істеп келеді. 1980-ші жылдары студенттерді лектерге бөлу және академиялық нәтижелерге байланысты олардың қабілеттерін қадағалау, сондай-ақ жоғары сұранысқа ие салалардағы машыққа нысаналы түрде оқыту арқылы, әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесін құру жолымен ғылымды қажетсінетін экономика құруға алғашқы талпыныс жасалды.

      Бастапқы кезеңде шетелдік білім мен мүмкіндіктерді пайдалану және әлемдік деңгейдегі білім беру және ғылыми-зерттеу институттарын құру дамыған елдер стратегиялары жетістігінің түйінді факторы болып табылады, мұның өзі сайып келгенде, дамытылатын салалардағы зерттеулер мен білім беруді бақылауға алуға мүмкіндік берді.

      Экономикалық реформалар базалық салаларды дамытумен, ал кейіннен қосылған құны жоғары өнім өндірісінде маманданумен қатар жүрді.

      Бұдан басқа, сәтті реформалар экономиканың өзгеруін басқаратын үйлестірілген мықты мемлекеттік институттардың басшылығымен жүзеге асырылды.

      2. Ұзақ мерзімді дамудың стратегиялық бағыттарын айқындау

      Басқа табысты елдердің тәжірибесін негізге ала отырып, Қазақстан бәсекелік түйінді артықшылықтарына және олардан туындайтын ұлттық даму басымдықтарына назар аудара отырып, өзінің жеке табыс моделін әзірлеуі және осы басымдықтар шеңберінде әзірленген ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, адами капиталды дамыту, сондай-ақ саяси жүйені жетілдіру және демократияны дамыту жөніндегі жоспарларды тиімді орындауы тиіс.

      Осыған байланысты, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының бес стратегиялық бағытын бөліп көрсетуге болады.

      Бірінші. Адами капиталды дамыту инновацияның басты қозғаушы күші болып табылатын адамның дамуы үшін қажетті жағдайлар жасауды білдіреді. Адами капиталды дамыту білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында және еңбек нарығында дамыған елдердің деңгейіне қол жеткізуді көздейді. Білім берудің сапасын арттыру біліктілігі жоғары жұмыс күшін қалыптастыруға, білім беруге, технологиялар алмасуға және осының нәтижесінде өнімділіктің өсуіне ықпал етеді.

      Екінші. Бизнес пен кәсіпкерлік бастамаларды дамыту үшін қолайлы жағдайларды, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуді, сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ барлық деңгейлерде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін институционалдық ортаны жетілдіру.

      Үшінші. Ұзақ мерзімді перспективада ғылымды қажетсінетін экономикаға көшу үшін қажетті салалық база қалыптастыруға негізделген кезең-кезеңді тәсілді қабылдау арқылы ғылымды қажетсінетін экономика салаларын дамыту.

      Төртінші. Өнімділікті арттыру, аумақтық дамудың жаңа саясатын қалыптастыру, ұлттық инновациялық жүйе құру, инфрақұрылымды жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру арқылы ғылымды қажетсінетін экономика құруды демейтін инфрақұрылымды жеделдетіп қалыптастыру.

      Бесінші. Мультивекторлы сыртқы экономикалық дипломатияны, көші-қон саясатын, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамаларға қатысуды іске асыру арқылы халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциялануды тереңдету.

      Ұзақ мерзімді дамудың бес стратегиялық бағыты өзара байланысты кешенді құрайды және олар бір-бірінен оқшау қарастырылмауы тиіс. Олардың әрқайсысы тиімді болса, бірін-бірі күшейте түседі. Сондай-ақ, бір элементтердің әлсіздігі өзгелерінің тиімділігіне нұқсан келтіретін болады. Адами капиталды дамыту әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі, ал сапалы және тиімді институттар ғылымды қажетсінетін экономиканы ойдағыдай құру үшін шешуші мәнге ие.

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қызмет Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағыттарымен өзара байланысты мынадай алты қағидатқа негізделетін болады. Бұл қағидаттар реформаларды әзірлеуде маңызды рөл атқарады. Әрбір жеке қағидаттың мәні нақты саладағы шараларды әзірлеу процесінде ерекшеленуі мүмкін болғанымен, олардың көпшілігі саясаттың барлық салаларында өзекті болады.

      1. Ашықтық, ең дамыған 30 елдің тәжірибесі көрсеткендей, бүгінгі таңда ол сауданы, инвестициялық қызметті дамытудың, білікті мамандарды тартудың, сондай-ақ адамдар арасында жеке байланыстарды нығайтудың аса маңызды шарттарының бірі болып табылады. Ашықтық – бұл ғылымды қажетсінетін экономиканың қозғаушы күші болып табылатын инновацияларды дамытудың қажетті алғышарты. Сонымен қатар ол институттардың ашықтығына себепші болады.

      2. Бәсекелестік өнімділікті үнемі арттырудың, инновацияларды дамытудың және бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің көзі болып табылады. Ұзақ мерзімді дамудың барлық стратегиялық бағыттарында бәсекеге қабілеттілікті дамытқан жағдайда ғана Қазақстан ашықтық қағидаты беретін мүмкіндіктерді толық көлемде пайдалана алады. Еркін бәсекелестік жағдайында әрекет ететін жекеше бизнес ғылымды қажетсінетін экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылады.

      3. Инклюзивтілік жоғары сапалы білім алу, сапалы медициналық көрсетілетін қызметтерге және халықтың осал топтарын қоса алғанда, азаматтардың барлық санаттары үшін үшін өнімділігі жоғары еңбекке қол жеткізу үшін тең мүмкіндіктер ұсыну арқылы халықты әлеуметтік-экономикалық даму процесіне неғұрлым толық тартуды болжайды. Инклюзивтілік қағидаты қоғамда өзара сенім деңгейін арттырады, болашаққа сенім береді, қорғалғандықты сезіндіреді, сондай-ақ экономикалық дағдарыстар кезеңінде қоғамның шоғырлану дәрежесін арттырады.

      Халықтың түрлі топтары табысының теңсіздігін төмендету мақсатында жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бағдарламалары әзірленетін болады. Сондай-ақ кадрларды қайта даярлаудың тиімді бағдарламаларын енгізу арқылы экономика салаларындағы құрылымдық өзгерістердің салдарын жұмсарту үшін жағдайлар жасалатын болады.

      4. Құқық үстемдігі, құқықтық айқындық пен қоғам дамуының болжамдылығының, мемлекеттік институттардың есеп беруінің негізін құрай отырып және барлық азаматтар үшін тең қағидалар белгілей отырып, ол азаматтардың мемлекеттік аппаратқа, құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

      5. Меритократия жаңа білімге, кәсіпқойлықты өсіруге үнемі ұмтылуға ынталандырады. Әлеуметтік тиесілілігіне қарамастан, әрбір азамат үшін өзінің адал еңбегінің, тәжірибесі мен ынтасының арқасында "әлеуметтік лифт" мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жоғары көтерілуге мүмкіндік жасалады. Мемлекеттік қызмет саласына меритократия қағидатын енгізу тәжірибесі Қазақстанда қоғамдық өмірдің басқа салаларына бейімделетін болады.

      6. Тұрақтылық 2050 жылды соңғы нүкте ретінде емес, ХХІ ғасырдың екінші жартысында өркендеп келе жатқан және орнықты қоғамның одан әрі жұмыс істеуі үшін Қазақстан тұғырнама қалауға тиіс табалдырық ретінде қаралатынын білдіреді. Бұдан басқа, табиғи, физикалық, адами және институционалдық ресурстардың тұрақты дамуы ұзақ мерзімді табысты стратегияның аса маңызды құралдарының бірі болып табылады.

      Дамудың стратегиялық бес бағыты мен Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі қызметтің алты қағидаты Қазақстанның 2050 жылға дейінгі пайымына қол жеткізудің бағдарлары болып табылады.

      3. Қазақстанның 2050 жылғы пайымы

      Қазақстан Республикасын дамытудың ұзақ мерзімді пайымын былайша тұжырымдауға болады.

      2050 жылы Қазақстан азаматтарының табыс деңгейі мен халықтың өмір сүру сапасы бойынша әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіреді, экономикасы өнімді әрі тұрақты болады. Бұл адамның таза қоршаған ортаға, қолжетімді және сапалы білімге, денсаулық сақтауға негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруды және оның шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуі мен өнімділігі жоғары еңбек үшін мүмкіндіктер жасауды көздейді.

      Экономикалық өсу, ең алдымен, еңбек өнімділігінің, капитал мен ресурстардың ұзақ мерзімді өсуіне, өндіріс пен экспортты әртараптандыруға және елдің дамыған бизнес секторына негізделетін болады.

      Экономика жаһандық нарықта бірқатар жоғары технологиялық өнім мен көрсетілетін қызметтер өндірісі бойынша жетекші орын алатын, нарықтық, ғылымды қажетсінетін өнім мен инновациялар үлесі жоғары инновациялық экономика болады. Еліміз білімді генерациялаудың және дарынды ғалымдарды тартудың орталығына айналмақ.

      Шикізат қорлары, атап айтқанда, энергия ресурстары мемлекеттің негізгі кіріс көзі болудан қалып, көпсалалы ұлттық экономиканың өсуін ғана демейтін болады.

      "Орнықты" экономика әлемдік тәуекелдерге төзімділігіне де, қоршаған ортаға залалсыз өсуге де бірдей қатысты болады.

      Елдің электр энергиясына ішкі қажеттіліктері жаңатылатын энергия көздері есебінен қанағаттандырылатын болады. Таза энергетика мен экологиялық жоғары стандарттар климаттың жаһандық өзгеруінің артып келе жатқан қаупіне елдің төтеп беруін қамтамасыз етеді. Өндіріс пен ауыл шаруашылығының жоғары технологиялық салаларын дамыту Қазақстанға халықаралық шаруашылық қарым-қатынастарды іске асыруда өз орнын иеленуге мүмкіндік береді.

      Адами капитал стратегиялық активке айналады, ал қоғамның зияткерлік және инклюзивті дамуына үлес ұзақ мерзімді перспективада инвестициялардың неғұрлым маңызды түріне айналмақ. Халықтың табиғи өсімінің жоғары болуын қамтамасыз ететін саламатты демографиялық ахуал Қазақстанның бәсекелік басымдығы болады.

      2050 жылға қарай Қазақстанда кәсіпкерлікті және әрбір азаматтың өзін-өзі көрсетуін дамыту үшін қолайлы орта жасайтын, экономикалық және саяси-құқықтық институттардың икемді де тиімді жүйесі құрылатын болады.

      Қазақстан экономикалық өсу үшін сыртқы ресурстарды тартатын және сонымен қатар ішкі даму әлеуетін белсенді пайдаланатын ашық елге айналады.

      Қазақстан 2050 жылы – әлемдік деңгейдегі мегаполистері және бірқатар "ақылды", бәсекеге қабілетті және қауіпсіз қалалары бар урбанизацияланған мемлекет. Елдің ірі қалалары өңірлік интеграцияның жоғары деңгейін қамтамасыз ететін тиімді көліктік, логистикалық және коммуникациялық желілерге қосылатын болады.

      4. Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының түйінді көрсеткіштері

      Әлемнің неғұрлым дамыған елдерінің тобына ену Қазақстан үшін өткен ғасырда дамыған елдердің бұлжымас және тұрақты параметрлері болып қала беретін базалық нысаналы индикаторларды пайдалану негізінде айқындалатын болады.

      1. Қазақстанда халықтың әл-ауқатының жоғары деңгейі қамтамасыз етілетін болады. Халқының жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кірді.

      Әлемдік экономика бірқалыпты өскен жағдайда Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 12 мыңнан 60 мың АҚШ долларына дейін (сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 2005 жылғы бағалаумен) өседі. Ол үшін өсудің 4,3% деңгейінде орташа жылдық қарқынына қол жеткізу қажет.

      Қолайлы экономикалық конъюнктура сақталған жағдайда, Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 70 мың АҚШ долларынан асады. Бұл ретте, ІЖӨ-нің орташа жылдық өсімі 5,5%-ды құрауы тиіс.

      2. Экономикадағы құрылымдық өзгерістер шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Мұнай емес экспорттың үлесі 32%-дан 70%-ға дейін артады, мұның өзі экономиканың шикізат тауарлары бағасының құбылуына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік беріп, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

      3. Экономиканың өсуі өндірістің барлық факторларының өнімділігін айтарлықтай арттыруға негізделетін болады. Еңбек өнімділігінің деңгейі жылына бір қызметкерге 24,5 мың АҚШ долларынан 126,5 мың долларға дейін бес есе ұлғаяды, неғұрлым дамыған мемлекеттердің деңгейіне сәйкес келеді.

      4. Елде инновациялық белсенділік өседі және ғылыми-зерттеу әзірлемелеріне жұмсалатын шығыстар ұлғаяды. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын ішкі шығындар көлемінің ІЖӨ-ге қатынасы 0,2%-дан 3%-ға дейін өседі, бұл Қазақстанды ғылымды қажетсінетін экономикасы бар елдердің даму деңгейіне жақындатады.

      5. Қазақстанда экономикалық өсудің экологиялық зиянсыз әрі тұрақты моделі қабылданатын болады. Электр энергиясын өндіру кезінде көмірқышқыл газ шығарындылары 1 000 г/кВт·сағаттан 350 г/кВт·сағатқа дейін азаятын болады. Бұған генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі энергияның жаңартылатын және балама түрлерінің үлесін 50 %-ға дейін арттыру есебінен қол жеткізілетін болады, бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.

      6. Экономиканың тиімділігі мен елдің табиғи қорларын ұтымды пайдалану жоғарылайтын болады. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы екі есеге, мың АҚШ доллары ІЖӨ-ге шаққанда 0,4-тен 0,2 тонна шартты отынға азаятын болады. Ол үшін энергияның тиімділігін арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады.

      7. Елдің экономикалық дамуында шағын және орта бизнес басты рөл атқаратын болады. Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, адами капиталға инвестиция салу және инфрақұрылымды жаңғырту, бизнес-құзыреттер мен бизнес жүргізу дағдыларын дамыту есебінен ІЖӨ-де шағын және орта бизнестің үлесі 50 %-ға дейін артады.

      8. Инвестициялық жоғары тартымдылық Қазақстан экономикасының айрықша белгісіне айналады. ІЖӨ-ге қатысты негізгі капиталға инвестициялар үлесі кемінде 30 % деңгейінде қолдау табатын болады. Инвестицияның жоғары деңгейі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жинақтардың дәл сондай жоғары деңгейімен қатар жүретін болады.

      9. Әл-ауқаттың артуымен бірге халықтың өмір сүру жағдайы айтарлықтай жақсаратын болады. Елдегі болжалды өмір сүру ұзақтығы 70 жастан (әлемде 128-орын) 84 жасқа дейін ұлғаяды, бұл 2050 жылға қарай әлемдегі 30-шы елдің болжамды мәні болып табылады. Бала туу коэффициенті халықтың табиғи өсуін қамтамасыз етеді, бұл халықтың өз болашағына және өз балаларының болашағына сенімді болуының көрсеткіші.

      10. Қазақстан жалпыға ортақ еңбек қоғамы қағидатын енгізеді. Ұзақ мерзімді жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 2,5%-ынан кемінде 1%-дан азға төмендейді.

      11. Елдің адами капитал сапасын арттыруға елдегі білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ықпал ететін болады. Білім беру саласында 2030 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейін сапалы біліммен және тәрбиемен толық қамтылатын болады. PISA, TIMSS сияқты немесе соларға ұқсас мектепте білім беру сапасын бағалау индекстері бойынша Қазақстан рейтингтері өте жоғары 30 елдің қатарына кіреді. Елдің басты университеттері әлемнің жүз жетекші ЖОО қатарына кіреді.

      12. Қазақстан халық құрылымындағы орта таптың үлесі басым болатын елге айналады. Инклюзивті дамытуды қамтамасыз ету мақсатында халықтың "орташа тобы" диапазонындағы табысы бар (табыстың медианалық деңгейінің 50 – 150%-ы) үй шаруашылықтарының үлесі 2050 жылы 75%-ға дейін өседі.

      13. Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруіне жинақы әрі кәсіби үкімет құру ықпал ететін болады. Мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің және сыбайлас жемқорлық деңгейінің халықаралық рейтингтері бойынша Қазақстан әлем елдерінің 30-дығына кіреді.

4. Қазақстанды 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді дамытудың
стратегиялық бағыттары

      2050 жылға қарай елдің даму пайымына қол жеткізу күрделі міндет болып табылады. Ұзақ мерзімді экономикалық сценарийлер Қазақстанның шын мәнінде ең дамыған 30 елдің қатарына кіре алатындығын көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, аталған мақсатқа қол жеткізудің түйінді шарты өңдеуші өнеркәсіп базасында ғылымды қажетсінетін экономиканы қалыптастыру болып табылады.

      Аталған үрдіс дамыған елдерде ұзақ уақыт бойы дәйекті түрде жүргізілді. Мамандану, жаңа технологиялар, инновациялар негізінде нарықтағы жаңа тауашаларға ие болу осы елдердің бәсекеге қабілеттілігінің негізіне айналды. Ақпараттық технологияларды жаһандандыру және дамыту елдер арасындағы шекараны жоюға және инновацияның тез тарауына ықпал етті.

      Нәтижесінде жаңа технологиялар дамыған елдердің өсуінің, бәсекеге қабілеттілігінің және өнімділігінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Олар қазіргі уақытта, негізінен, өндірістік жүйелердің импортына, технологиялар трансфертіне немесе түпкі өнімдерді құрастыруға бағытталған дамушы елдерге қарағанда, меншікті бірегей өнімдерді, технологиялық шешімдерді өндірушілер болып табылады.

      Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ғылымды қажетсінетін экономика құру дамыған адами капиталға және тиімді институционалдық ортаға негізделген инновацияларды генерациялауда дәйекті тәжірибе жинақтау негізінде жүргізіледі. Ғылымды қажетсінетін экономиканы экономикалық институттардың тиімділігімен, еркін бәсекелестікпен, сапалы біліммен және ғылыммен, жоғары тұрмыс деңгейімен, инновацияға тұрақты сұраныспен, ел экономикасының әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілеттілігімен сипаттауға болады.

      1. Адами капиталды дамыту

      Экономиканы жаңғыртудың, дамудың ғылымды қажетсінетін моделін қалыптастырудың басты қозғаушы күші елдің адами капиталы болмақ. Қазақстан жоғары білікті, кәсіби еңбек ресурстарына, жоғары ғылыми және шығармашылық әлеуетке ие болмақ.

      Адами капиталдың озыңқы дамуы және оның жаппай инновация құрудың басты драйверіне айналуы білім және ғылым саласын, әлеуметтік қорғау жүйесін, денсаулық сақтау саласын дамыту арқылы адамның өзін-өзі көрсетуіне, шығармашылық дамуына және оның өнімділігі жоғары еңбек етуіне арналған мүмкіндіктерін кеңейтуді білдіреді.

      1.1. Білім беруді және бірегей қазақстандық мәдениетті дамыту

      Қазақстандық білім беру жүйесі жастардың бойында қазіргі жағдайларда қызметте табысқа жету үшін қажетті сапаларды қалыптастыруға бағытталатын болады.

      Аталған міндетті шешу мыналарға:

      1) балаларды ерте дамытудың заманауи әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға;

      2) білім беру саясатын және мектепте білім беруді жаңғыртуға;

      3) кәсіптік-техникалық және жоғары білім берудің тиімді жүйесін дамыту арқылы экономиканың қажеттіліктерін қанағаттандыруға;

      4) басқару жүйесін және білім беруді қаржыландыруды жетілдіруге;

      5) бірегей қазақстандық мәдениетті дамытуға бағытталған шаралар кешенін қабылдау арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Қазақстан балаларды ерте дамытудың заманауи және тиімді жүйесін қалыптастырады. Осы мақсаттарда ата-аналарды білім беру процесіне тарта отырып, баланың кешенді (табиғи, әлеуметтік, мәдени және когнитивтік) дамуын көздейтін, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеудің толыққанды жүйесі құрылатын болады.

      Мектепке дейінгі білім беруге және тәрбиелеуге қолжетімділікті кеңейту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, балабақшалар, жеке және шағын орталықтар салу арқылы инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасатын болады. 2020 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелеріне деген тапшылық проблемасы толығымен шешілетін болады. Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік субсидиялау тетіктері енгізілмек. Орта мерзімді перспективада 3 жасқа дейінгі балаларды ерте дамыту бағдарламасы қабылданатын болады.

      Қажетті инфрақұрылым құрумен қатар, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеудің және тәрбиешілердің біліктілігін жоғарылатудың стандарттарын енгізу арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданады.

      Мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеу бағдарламалары халықаралық практикада пайдаланылатын үздік стандарттар мен әдіснамаларға сай келетін болады.

      Білім беру саясатын және мектептегі білім беруді жаңғырту. Білім беру саясаты функционалды сауаттылықты түбегейлі арттыруға, заманауи құзыреттілікті қалыптастыруға, жас буынды сындарлы әлеуметтендіруге, бүкіл өмір бойы білім алудың қолжетімділігіне, сондай-ақ оқыту сапасындағы өңірлік теңсіздікті төмендетуге бағытталатын болады.

      Қазақстандық білім беру жүйесі оқушылардың білімді игеруін ғана емес, сонымен қатар алған білімдерін кәсіптік және еңбек қызметінде іс жүзінде қолдана білу дағдысын да қамтамасыз ететін болады. Орта мерзімді перспективада екпінді инфрақұрылымды кеңейтуден білім беру бағдарламаларының және оқыту технологияларының жаңа сапасына қол жеткізуге, заманауи оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық базаны дамытуға аудару қамтамасыз етіледі.

      Орта білім берудің сапасын арттыру оқу бағдарламаларына әлемдік озық білім беру жүйелерінің деңгейіне сәйкестігі тұрғысынан мониторинг және бағалау жүйесін енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Педагогикалық шеберліктің және білім беру технологиясының үздік әлемдік практикалары енгізілетін болады, сондай-ақ үздік шетелдік профессорлар мен мамандар тартылатын болады.

      Назарбаев зияткерлік мектептері жұмысының табысты тәжірибесі орта мерзімді перспективада Қазақстанның барлық мектептеріне енгізілетін болады.

      2050 жылға қарай қазақстандық мектептердің түлектері қазақ, ағылшын және орыс тілдерін еркін меңгеретін болады.

      Оқытушыларды даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру жүйесі жаңғыртылады. Олардың жұмысқа орналасу мен мансаптық өсуінің тетіктері жетілдірілетін болады. Білім беру мекемелеріне өз оқу бағдарламаларын айқындауда мол дербестік берілмек.

      Білім берудің барлық деңгейлерінде "E-learning"-ті қоса алғанда, АКТ, жаңа білім беру технологияларын белсенді пайдалануды көздейтін жаңа педагогикалық тәсілдері енгізілетін болады.

      Жас ұрпақтың болашақ кәсіп таңдаудағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай туғызатын әртүрлі мамандандырылған оқу бағдарламаларын ұсынатын факультативтік білім беру жүйесі қалыптастырылатын болады.

      Кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру жүйесінің тиімділігін дамыту арқылы экономиканың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру жүйесін дамыту еңбек нарығының бұрыннан бар және болашақ қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталатын болады.

      Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде қосарлы білім беру қағидаттары енгізілетін болады, оқыту процесіне нақты секторда жұмыс істейтін өндірістік оқыту шеберлерін тарту қамтамасыз етіледі. Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі кем дегенде екі колледж құрылатын болады.

      Қызметкерлердің ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру арқылы жүзеге асатын еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында мамандықтар мен біліктіліктердің қолданыстағы тізбесін оларды ірілендіру және қысқарту жолымен оңтайландыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Орта мерзімді перспективада оқытуды бүкіл өмір бойы қаржыландыруға мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің үшжақты қатысу моделі әрекет ете бастайды. Бүкіл өмір бойы оқу ақысы үшін негізгі жауапкершілік қызметкерге жүктелетін болады. Мемлекет пен жұмыс берушілер қызметкерлердің белгілі бір санаттарын, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың оқуын қаржыландыруға қатысатын болады.

      Мемлекетті, жұмыс берушілер мен қызметкерлерді біріктіретін үшжақты комиссияларға және кәсіптік білім беру саласындағы салалық кеңестерге кәсіптік стандарттарды және біліктіліктерді тану рәсімдерін әзірлеуді қоса алғанда, біліктіліктер мен бүкіл өмір бойы оқытудың ұлттық жүйесін реттеу үшін жауапкершілік беріледі.

      Жоғары білімнің ғылымды қажетсінетін экономика қажеттіліктеріне бейімделуін арттыру құрылатын зияткерлік-инновациялық кластерлері бар университеттер мен кәсіптік-техникалық мектептерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін барлық базалық курстардың бағдарламаларына инновациялар және кәсіпкерлік, сондай-ақ қаржы менеджменті бойынша оқу модульдері енгізілетін болады. Университеттерде білімді басқару жүйесі енгізілмек.

      Студенттерді шет елдердегі жоғары технологиялық стартаптарда тағылымдамадан өткізу ұйымдастырылатын болады. Бұл зияткерлік-инновациялық кластерлерде жұмыс істейтін компаниялар үшін кадрлар даярлауды және оларда жобалардың жеке стартаптарын ашуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. "Болашақ" бағдарламасы ғылымды қажет ететін экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін мамандар даярлауға қайта бағдарланатын болады.

      Жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыруды ынталандыру мақсатында зияткерлік қызметтің бюджеттік қаржыландыру есебінен алынған нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктері беріледі.

      Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру. Басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру білім беру ұйымдарын басқаруға азаматтық қоғамның қатысуын кеңейтуге және олардың қызмет сапасын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Барлық білім беру ұйымдарында қадағалау кеңестері мен қамқоршылық кеңестері құрылмақ. 2030 жылға қарай орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беретін барлық ұйымдарда корпоративтік басқару және академиялық дербестік қағидаттары енгізілетін болады.

      Бірегей қазақстандық мәдениетті дамыту. Әлемдік қоғамдастықта танылатын Қазақстанның мәдени "бренді" қалыптастырылмақ.

      Бірегей қазақстандық мәдениетті дамыту, ұлттық мәдени дәстүрлерді және қазақстандық өзіндік ерекшеліктерді сақтау мақсатында Қазақстанның бірегей мәдениетін нығайтуға және заманауи "мәдениет кластерлерін" дамытуға бағытталған Мәдениет саясатының тұжырымдамасы әзірленетін болады.

      Кино, театр, музыка, көркем өнер және әдебиет салаларында сапалы жаңа мәдени өнімдер жасауды одан әрі ынталандыру жөнінде шаралар қабылданады.

      Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың серпінді дамуын ескере отырып, Қазақстанда прогрессивті ақпараттық қоғамды жедел қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалатын болады.

      Отандық ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды пайдалана отырып, отандық БАҚ ауқымды түрде жаңғыртылады. Бәсекеге қабілетті өзіндік медиа-нарықты жоспарлы дамыту және отандық сапалы контент өндірісі ынталандырылатын болады.

      Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

      1.2. Халықтың денсаулығын жақсарту

      Бұл міндет:

      1) қолайлы қоршаған ортаны сақтау;

      2) саламатты өмір салтын ынталандыру;

      3) денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру арқылы шешілетін болады.

      Қолайлы қоршаған ортаны сақтау. Елдің әрбір тұрғынына таза суға, ауаға және толымды биоресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Қоршаған ортаны қолайлы күйде ұстау және экологияға зиянды әсер етуді барынша азайту жөніндегі шаралар енгізіледі.

      Саламатты өмір сүру салтын ынталандыру. Саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру және жаппай тарату шеңберінде спортпен айналысуға, оның ішінде жұмыс орындарында айналысуға жағдай жасалады. Жұмыс берушілердің қызметкерлер денсаулығын нығайту жөніндегі бағдарламаларды енгізуі осындай шаралардың біріне айналмақ. Тәуекел факторларына бірінші кезекте назар аудару ұзақ мерзімді перспективада едәуір пайда беруі мүмкін екенін халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған байланысты, алкоголь мен темекіні шектен тыс тұтыну, дене қозғалысы белсенділігінің жеткіліксіздігі және дұрыс тамақтанбау сияқты денсаулыққа жағымсыз әсерін тигізетін факторлар туралы халықтың хабардар болуын арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын және өндірістік жарақаттану деңгейін азайту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. Ұзақ мерзімді перспективада аурулардың профилактикасы және ертерек анықтау денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарына айналады. Денсаулық үшін мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ынтымақты жауапкершілігі қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізу жүзеге асырылатын болады.

      Кең ауқымды Ұлттық скрининг бағдарламасы өмір циклінің балалық шақтан егде жасқа дейінгі бүкіл кезеңдерін қамтиды. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) барлық қалалық және ауылдық елді мекендерді қамтиды. Жалпы дәрігерлік практика негізінде ұйымдастырылған МСАК жүйесі медициналық көрсетілетін қызметтің негізгі көлемін көрсететін болады. МСАК деңгейінде жұмыс істейтін жалпы практика дәрігерлерінің үлесі жыл сайын ұлғайтылатын болады.

      Денсаулық сақтау саласында көліктік медицина көмегін, санитариялық авиацияны, телемедицинаны және жылжымалы дәріханалар желісін, апатты медицинаны дамыту үшін барлық қажетті инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық жағдайлар жасалатын болады. Әрбір азаматтың денсаулық жағдайы туралы ақпаратты біріктіретін электронды денсаулық сақтау жүйесі енгізілетін болады. 2020 жылға қарай барлық денсаулық сақтау ұйымдары бірыңғай ақпараттық желіге қосылатын болады. Азаматтардың бәрінің электрондық медициналық карталары болады.

      Қаржылық орнықтылықты қамтамасыз етуді әлеуметтік әріптестердің баршасы (мемлекет, жұмыс беруші, қызметкер) ынтымақты түрде жүзеге асырады. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері пысықталады.

      Азаматтардың медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынуын ұтымды ету мақсатында халық табысының өсу шамасына қарай Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, медициналық көрсетілетін қызметтердің ақысын бірлесіп төлеу тетігін енгізу мәселесі қаралады.

      1.3. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру

      Қазақстан елдің бүкіл халқы үшін мүмкіндіктердің теңдігі қамтамасыз етілетін инклюзивті қоғам қалыптастыруға ұмтылатын болады.

      Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту:

      1) зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту;

      2) халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту. Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту зейнеткерлік жасындағы азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға, тұтастай алғанда, жүйенің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің институционалды базасын одан әрі дамытуға бағытталатын болады.

      Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын басқарудың ашықтығы, инвестициялық қоржынды және зейнетақы төлемдерін тиімді басқару, зейнетақы активтерінің инвестициялық кірістілігінің жоғары деңгейі, азаматтардың табысын зейнетақы төлемдерімен салыстырмалы ауыстыру қамтамасыз етіледі. Мұның өзі азаматтардың зейнетақы жүйесіне сенімін арттыруға ықпал етеді.

      Зейнетақы жүйесін жаңғырту азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің өздерінің ынтымақты жауапкершілігін одан әрі күшейтуге негізделетін болады.

      Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі іс-шаралар кешені, сондай-ақ экономиканың неғұрлым перспективалы салаларының жобаларына зейнетақы активтерін тиімді инвестициялау тетіктері әзірленеді.

      Бұған қоса, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен, оның ішінде зейнетақы аннуитеттері есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың жаңа тәсілдері әзірленетін болады.

      Базалық зейнетақыны кепілдік берілген ең төменгі зейнетақыға трансформациялау мәселесі пысықталып, оны тағайындаудың жаңа критерийлері мен шарттары әзірленбек.

      Халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау. Мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету және кедейлікті түбірімен жою әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру жолымен жүзеге асырылады.

      Орта мерзімді перспективада кедейлік шегі негізделген төлемдер жүйесінің енгізілуін ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін кезең-кезеңімен көтерілетін болады, ол атаулы қолдаудың шартсыз нысанынан "өзара міндеттемелер" қағидаттарына көшуді көздейді.

      Көмек алушының жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына міндетті түрде белсенді қатысуын көздейтін әлеуметтік келісімшарт тетігі енгізілетін болады. Әлеуметтік келісімшарт мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шараларының кешенін, оның ішінде еңбек нарығына қайтару жолдарын қамтитын болады. Алушының әлеуметтік келісімшартты орындау жөніндегі міндеттемелерді бұзуы әлеуметтік көмек беруді тоқтатуға әкеледі.

      Орта мерзімді перспективада өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың еңбек қатынастарын, оның ішінде оқыту, микрокретиттер беру және экономикалық қолайлы өңірлерге көшуге жәрдемдесу есебінен нысандандыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

      Еңбек етудің ерекше шарттарына мұқтаж азаматтар санатын жұмысқа орналастыру шеңберінде кәсіптік бағдарлау жөнінде консультациялар беріледі және арнайы жабдықталған әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын болады. Орта мерзімді перспективада аналарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің, оның ішінде жұмыспен қамтудың икемді нысандарын (үйде жұмыс істеу, толық емес жұмыс күні) дамыту арқылы жәрдемдесудің арнайы тетіктері әзірленеді.

      Мүгедектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын және мүгедектерге олардың өзін-өзі жетілдіруі үшін мүмкіндік беретін арнайы оқу бағдарламаларын құруға жәрдемдесуге негізделетін болады.

      Арнайы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі шеңберінде егде адамдар үшін олардың жас шектеулеріне және қайта әлеуметтенуге бейімделуі бойынша қызметтер көрсетілетін болады.

      Еңбекті қорғау жүйесі Халықаралық еңбек ұйымының нормаларына сәйкестендіріліп, ал өндірісте жарақаттану көрсеткіштері дамыған елдердің нормативтеріне сәйкес келетін болады.

      2. Институционалдық ортаны жетілдіру

      Барлық азаматтарының өзін-өзі көрсетуі үшін бірдей шарттар ұсынатын инклюзивті қоғам құру елдің экономикалық өркендеуімен қамтамасыз етіледі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттің ұзақ мерзімді экономикалық табысы бай табиғи ресурстарынан, географиялық орналасуынан немесе климаттық жағдайынан гөрі, көбінесе экономикалық және саяси институттардың ашықтығы мен инклюзивтілігіне тәуелді болады. Ғылымды қажет ететін экономиканың басты элементтері – инновациялар, инвестициялар және кәсіпкерлік – меншік құқығына кепілдік берілетін, еңбек пен капиталдың ашық және икемді нарықтары әрекет ететін, адал бәсекелестік бар, ал басқару институттары транспарентті әрі қоғамға есеп беретін ортада дамиды.

      Қазақстанда институционалдық ортаны жетілдіру жеке бастаманы дамыту үшін жағдай жасауға, сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейін қамтамасыз етуге және экономикалық әрі саяси өзгерістердің үйлесімді қабысуына бағытталатын болады. Осы бағытты дамыту мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

      1) басқару жүйесін және құқық қорғау жүйесін жаңғырту;

      2) бәсекелестік пен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған экономикалық институттарды жаңғырту.

      2.1. Басқару жүйесін және сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту

      Осы міндетті шешуге:

      1) орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін одан әрі ажырату;

      2) мемлекеттік қызметті жетілдіру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру;

      3) елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету;

      4) сот жүйесін жетілдіру;

      5) құқық қорғау жүйесін жетілдіру арқылы қол жеткізілетін болады.

      Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату.

      Түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар құзыретінің аражігін ажырату қайталанатын функцияларды айқындауды және жоюды, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейтуді және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды көздейді.

      Өңірлердің қаржылық дербестігін жақсарту бойынша шаралар қабылданады. Жергілікті деңгейде мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін құру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

      Мемлекеттік қызметті жетілдіру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру.

      Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру меритокартия қағидаттарын одан әрі тереңдетуді, "әлеуметтік лифтілер" құруды, мемлекеттік ұйымдарда корпоративтік басқару практикасын енгізуді және оның тиімділігін жаппай арттыруды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік деңгейін нығайтуды талап етеді.

      Нәтижеге бағдарланған бюджетті толық енгізу және стратегиялық жоспарлау жүйесін жетілдіру де мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

      Мемлекеттік қызметті дамытуға қомақты үлес қосатын жоғары білікті және кәсіби қызметкерлерді тарту, тиімді пайдалану және ұстап қалу үшін талантты адамдарды басқару жүйесі жетілдірілетін болады. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер үшін ұдайы оқыту бағдарламалары іске асырылады.

      Түпкілікті тұтынушыға сапалы қызметтер көрсету мақсатында "электрондық үкіметті" одан әрі дамытуға баса назар аударылатын болады. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыру үшін мобильді құрылғылар арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету үшін "мобильді үкімет" құрылады. Осыған байланысты ақпаратты өз бетінше өңдеуге және талдауға мүмкіндік беретін "ашық деректер" алаңы да іске қосылады. Мемлекеттік органдарда ұсынылатын қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағдарланған функционалдық процестерді үздіксіз жетілдіру бағдарламалары енгізіледі. "Бұлтты есептеулерді" және мемлекеттік қорғалған "бұлтты" G-Cloud тұғырнамасын, АКТ-аутсорсингін пайдалануға көшуге және тапсырыстарды шоғырландыруға негізделген ақпараттандырудың жаңа моделі енгізіледі. Жаңадан енгізілетін технологиялардың қолжетімділігі мен кеңінен таралуын қамтамасыз ету мақсатында халықтың компьютерлік сауатын арттыру бойынша мамандандырылған курстар енгізіледі.

      Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету. Бірқатар бағдарламалық құжаттар, оның ішінде Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы түйінді ұсынымдары ескерілетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы, сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі жоспар қабылданатын болады.

      Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын одан әрі күшейту үшін тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тетіктерін енгізу мүмкіндігі, оның ішінде шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың және жекеше сектордың лауазымды адамдарына тікелей және жанама пара беріп олармен ымыраласқаны, сондай-ақ заңсыз кірістерді заңдастырғаны үшін жауапкершілікті енгізу қаралатын болады.

      Табыстар мен шығыстарды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату саласындағы тиімді саясат ұзақ мерзімді перспективада сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоюға ықпал ететін болады.

      Мемлекеттік қызмет шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің құндылықтар жүйесі жетілдіріледі, оның ішінде Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексін сақтауы жөніндегі талаптар күшейтілетін болады.

      Сот жүйесін жетілдіру. Сот жүйесін одан әрі реформалау қолжетімділікті, қарапайымдылықты және дауларды тез шешуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне сенімін нығайтуға бағдарланатын болады. Осыған байланысты құқықтың үстемдігін нығайтуға, сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот ісін жүргізудің халықаралық қағидаттарын ұлттық заңнамаға одан әрі имплементациялауға бағдарланған шаралар кешені қабылданады.

      Атап айтқанда, соттарға құқықтан тыс ықпал етуге қарсы іс-қимыл, оларға деген сенімді арттыру және олардың имиджін жақсарту жөнінде шаралар қабылданады. Бітімгер судьялар институтын енгізу мәселесі зерделенетін болады.

      Азаматтардың дауларын жедел шешуді қамтамасыз ету мақсатында бітімгерлік рәсімдерін және медиацияны қолдана отырып, дауларды соттан тыс реттеу институттарының қызметі жетілдіріледі. Медиаторлардың қызметін танымал ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Мамандандырылған соттарды құру бойынша жұмыс жалғасады, оның ішінде Жоғарғы Сотта әкімшілік істер бойынша дербес алқа құру мәселесі, сондай-ақ бір сотта бірнеше сот инстанцияларының жұмыс істеуі мәселесі қаралатын болады.

      Азаматтық және қылмыстық сот ісін жүргізуде сот рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмыс жалғасады.

      Электрондық сот төрелігі жүйесін одан әрі іске асыру және жетілдіру, сот мәжілістерін электрондық хаттамалауды дамыту арқылы заманауи ақпараттық технологияларды қолдану өрістетіледі.

      Сот кадрларының кәсіптік және адамгершілік деңгейін жоғарылату бойынша жұмыс жалғасады.

      Құқық қорғау жүйесін жетілдіру. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру олардың заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, еркіндіктерін және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларын одан әрі жаңғырту арқылы жүргізілетін болады.

      Құқықтық негізді жетілдіру және құқық қорғау органдарының қызметін оңтайландыру бойынша құқықтық тетіктерді енгізу және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерінде төмен тұрған құрылымдардың рөлін күшейту бойынша шаралар қабылданады.

      Осы процеске азаматтық қоғам институттарын тарту арқылы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен оларға қарсы іс-қимыл жасаудың жалпы мемлекеттік жүйесін құруға бағытталған үздіксіз жұмыс құқық қорғау органдары қызметінің маңызды бағыттарының біріне айналады.

      Халықпен "құқық қорғау органы – қоғам – азамат" форматында тікелей байланыс, сондай-ақ азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыруға ғана емес, құқық қорғау органдары мен халықтың арасындағы байланысты, оның ішінде қоғамдық бақылау арқылы нығайтуға да ықпал ететін құқықтық түсіндіру қызметі дамып, тереңдей түседі.

      Ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу және қылмыстық процесс субъектілері мен соттардың оларды пайдалануы олардың жұмысын оңтайландыруға, уақыт пен қаржы ресурстарын азайтуға, сондай-ақ процеске қатысушылардың сотта қорғалу және заңды көмек алу құқықтарын жан-жақты іске асыруға мүмкіндік бере отырып, олардың істің өтуі жөнінде хабардар болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Құқық қорғау органдарының тікелей құқық қорғау функциясын жүзеге асырмайтын жекелеген құрылымдарын одан әрі демилитаризациялау бойынша жұмыс жүргізіледі.

      Құқық қорғау жүйесін жетілдіру құқыққа қарсы мінез-құлықтың барлық нысандарын жоюға, қоғамның құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілікті" қалыптастыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және халықтың сенім деңгейін арттыруға бағытталатын болады.

      2.2. Бәсекелестікті және жекеше секторды дамытуға бағытталған экономикалық институттарды жаңғырту

      Бұл міндетті шешу үшін:

      1) мемлекеттің экономикадағы рөлін қысқартуға;

      2) шағын және орта бизнесті дамытуға;

      3) зияткерлік меншікті қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылданатын болады.

      Мемлекеттің экономикадағы рөлін қысқарту. Мемлекеттің экономикадағы рөлін оңтайландыру мемлекеттік меншік үлесін және өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық кәсіпорындарға мемлекеттің қатысу деңгейін азайтуға, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруға бағдарланады.

      Қысқа мерзімді перспективада мемлекеттің компаниялар капиталына қатысу шарттарын регламенттейтін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажеттігі туралы мәселе пысықталатын болады.

      Орта мерзімді перспективада жекешелендірудің жаңа кезеңі өткізіледі. Ол үшін жұмыс істеп тұрған мемлекеттік компанияларды талдау негізінде жекеше секторға берілуге тиіс кәсіпорындар тізбесі айқындалады.

      "Халықтық IPO" ұлттық компанияларының акцияларын бастапқы орналастыру жөніндегі бағдарламаны іске асыру жалғасады. Қазақстанда бағалы қағаздардың тартымды нарығын құрудың одан әрі экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі мәні басым болады.

      Шағын және орта бизнесті дамыту. Ішкі және халықаралық нарықтарда еркін бәсекеге түсетін шағын және орта бизнес экономикалық өсудің негізгі қозғалтқыш күшіне айналмақ. Елдегі іскерлік ахуал әлемдегі мейлінше тартымды ахуалдардың біріне айналады.

      Бұған рұқсат беру жүйесін жетілдіру және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету ықпал ететін болады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуді жетілдіру тұжырымдамасы шеңберінде рұқсат беру заңнамасының жаңа қағидаттары енгізілетін болады. Рұқсат ету құжаттарының бірыңғай тізбесі бекітіліп, оларды қызмет түрлерінің қауіптілік және күрделілік дәрежесі бойынша сыныптай отырып, интеграцияланған жүйе құрылады. Қысқа мерзімді перспективада үлгілік бизнес-процестерге сәйкес бірыңғай тұғырнамада рұқсат беру рәсімдерін толық автоматтандыру қамтамасыз етіледі.

      Қабылданатын нормативтік құқықтық актілердің әлеуметтік-экономикалық процестерге және іскерлік белсенділікке ықпалын бағалау үшін реттеушілік әсерді талдау әдістемесі енгізілетін болады.

      Салықтық әкімшілендіру процестерін, оның ішінде электрондық салық есептілігі жүйесін одан әрі дамыту жолымен оңтайландыру жалғасады. Электрондық шот-фактураларды қабылдау және өңдеу бойынша ақпараттық жүйе енгізілетін болады.

      Сыртқы сауда операцияларын, атап айтқанда кедендік рәсімдерді оңайлату мақсатында қызметтер көрсету процестерін автоматтандыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылады. Сыртқы сауда саласында жүктерді тексеріп қарау саны және кедендік рәсімдеу уақыты айтарлықтай қысқартылатын болады.

      Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіруі шеңберінде бірқатар секторларда шетелдік қатысуға шектеулер алып тасталатын болады.

      Нарыққа кіру және шығу шарттарын жақсартудан, бәсекелестікті дамытудан басқа, бизнес үшін қаржыландыруды дәйектілікпен кеңейтуге бағытталған шаралар кешені қабылданады. Салық-бюджет саясаты шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша ынталандыруды қамтамасыз ететін болады.

      Экономикадағы кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға инвестицияларды тарту саласындағы саясатты жетілдіру де ықпал ететін болады.

      Қаржы секторының көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Көрсетілетін қаржы қызметтерін тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін кеңейтуге, қаржы ұйымдарында ішкі бақылау мен тәуекел-менеджменттің тиімді жүйесін енгізуге, сондай-ақ олардың қызметінің ашықтығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

      Ішкі ресурстардың өсу шамасына қарай, жобалық инвестициялау құралдарын қоса алғанда, қаржы құралдарының мол ауқымы бар қор нарығы одан әрі дамытылады. Қор нарығын дамытуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік маңызды рөл атқарады. Бұған бағалы қағаздар айналысының барабар көлемін қамтамасыз ететін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының одан әрі дамуы да ықпал ететін болады.

      Қазақстанның толыққанды қор нарығын қалыптастыру және оны халықаралық капитал нарығымен интеграциялау шеңберінде Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы одан әрі дамытылатын болады.

      Сонымен қатар, бұқара халықтың бизнес және инвесторлық ойлау қабілетін қалыптастыру, қаржы және бизнес сауаттылығын арттыру жөніндегі заманауи бағдарламаларды ынталандыру жандандырылады.

      Халықтың қалың бұқарасы арасында кәсіпкерлікті жаппай танымал ету жөніндегі жұмыс жандануда. Бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіпкерлердің жақсы тәжірибесінің үлгілері, мысалы, кәсіпкерлік жөніндегі ақпараттық ресурстарды дамытуды ынталандыру арқылы және табыс тарихы жарияланатын болады.

      Студенттердің кәсіпкерлік тәжірибе жинақтауда, өзінің оқуы шеңберінде, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындардың нақты өндірістік және басқа мәселелерін шешуіне ықпал ететін жобаларды іске асыруға, мүмкіндік алуы үшін университеттерде кәсіпкерлік қызмет практикасы ынталандырылады.

      Шағын және орта бизнес үшін сапа мен практикалық қайтарымы жақсартылған білім беру бағдарламалары едәуір кеңейтілетін болады. Бизнес-білім берудегі көрсетілетін қызметтер нарығын дамытуға бағытталған коучингтік, консультациялық және бапкерлік бағдарламалардың мол жиынтығын қоса алғанда, шағын және орта бизнестегі заманауи бизнес-құзыреттіліктерді дамытудың алуан түрлі тетіктерін ынталандырудың маңызы зор.

      Халықаралық университеттермен әріптестікті кеңейтуге назар аудара отырып, ЖОО мен бизнес мектептерінде іскерлік білім беру сапасын шындап жақсарту міндеті тұр, мұның өзі сапалы бағдарламаларды жылдам құруға және оқытушылар арасында машықты дамытуға ықпал ететін болады.

      Зияткерлік меншікті қорғау жүйесін жетілдіру. Бұл саладағы жұмыс өнертапқыштарды ынталандыруға, олардың шығармашылық үлесін мойындауға, оларға өзінің өнертабысынан материалдық пайда алу мүмкіндігін беруге бағытталатын болады.

      Қысқа мерзімді перспективада зияткерлік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын тіркеу рәсімін оңайлату және беру жөніндегі шаралар қабылданатын болады. Өтінімдерді электрондық түрде бергені үшін патенттік баж мөлшерін азайта отырып, патенттер алуға өтінімдерді электронды үкімет порталы арқылы электрондық түрде беру мүмкіндігі көзделеді.

      Өндірістің жоғары технологиялық салаларын дамытуды қолдау мақсатында "жасыл дәліз" рәсімі енгізілетін болады.

      Ғылым мен экономиканың басым салаларына жатқызылған өнертабыстарға патент алуға өтінімдерді басымдықпен қарау құқығы ("жасыл дәліз") берілетін болады.

      Дамыған елдердің тәжірибесі негізінде қазірдің өзінде коммерцияландырылған немесе таяудағы екі жыл ішінде өндіріске енгізілуі жоспарланған өнертабыстарға арналған өтінімдерді жедел сараптау жүйесі енгізілетін болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада, патенттер санының көптеп жинақталуына және ғылымды қажетсінетін экономикаға көшу шамасына қарай, берілетін патенттердің сапасын жақсартуға назар аударыла отырып, зияткерлік меншікті қорғау жүйесі жетілдіріледі.

      3. Ғылымды қажетсінетін экономика салаларын дамыту

      Ғылымды қажетсінетін экономика құруға өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, көрсетілетін қызметтер секторын кеңейту, сондай-ақ өндірістің жоғары технологиялық жаңа салаларын дәйектілікпен дамыту арқылы қол жеткізілетін болады. Бұл ретте өнеркәсіпті жедел дамытуға баса назар аударылады.

      Ғылымды қажетсінетін экономиканы қалыптастыру, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған басым міндеттерді айқындай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

      Орта мерзімді перспективада, келесі 15-20 жылдың ішінде дамыған елдердің технологиялық дамуының қазіргі деңгейіне қол жеткізу мақсатында "қуып жету үшін өсуді" индустрияландыру жүзеге асырылады. Осы уақыт аралығы салыстырмалы түрде қолайлы әлемдік трендтер мен ашылғалы тұрған "мүмкіндіктер терезесіне" негізделген.

      Ол индустрияландырудың жекелеген орта мерзімді мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Осы жұмыс шеңберінде индустриялық саясаттың басымдықтары қысқартылады. Мұның өзі индустрияландыру бағдарламаларының тиімділігін арттыруға және "солып бара жатқан" салалардан босаған әкімшілік және қаржылық ресурстарды Қазақстанның бәсекелік артықшылықтары бар әрі әлемдік нарықта мамандануды тереңдете алатын салаларды жаңғыртуға және дамытуға қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

      Осы орта мерзімді кезеңде өнеркәсіптің базалық салалары (мұнай-газ өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы секторы) экономикалық өсудің драйверлері болып қала береді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада мемлекет кірісінің негізгі көзі болуын тоқтатады да, көп салалы ұлттық экономиканың өсуін ғана демейтін болады.

      Өнеркәсіптің базалық салаларының айналасында ілеспе өндірістер құрылады. Геологиялық барлау жұмыстары, инжинирингтік және сервистік көрсетілетін қызметтер дамытылады.

      3.1. Экономиканың базалық салаларын дамыту

      Өнеркәсіптің базалық салаларын қолдау геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуден, табиғи ресурстарды өндіруден бастап қайта өңделуі жоғары өнімдер шығару ісіне дейінгі толық циклді өндірістерді дамытуға бағытталатын болады.

      Бұл ретте мұнай-газ секторы, уран өнеркәсібі мен тау-кен металлургиясы кешені осы бағыттағы неғұрлым басым секторлар болады.

      Мұнай-газ секторын дамыту. Мұнай-газ секторындағы саясат сектордың ұзақ мерзімді экспорттық әлеуетін сақтауға бағдарланатын болады. Ол кірістілік пен мұнай-газ резервтерін өндіру мен пайдалану тәуекелдерінің, көмірсутегі ресурстарын сатудан түсетін кірістер мен инфрақұрылымды дамытуға қажетті инвестициялардың арасындағы теңгерімді айқындау негізінде құрылады.

      Дамушы елдердегі дәстүрлі энергия көздеріне сұраныстың ұлғаюы мұнай өндіру секторындағы консервативтік саясаттың іске асырылуына ықпал ететін болады, бұл мұнайдың жоғары бағасын сақтауды қамтамасыз етеді.

      Ұзақ мерзімді перспективада мұнай өндірудің агрессивтілігі төмендеу сценарийін қабылдау перспективада екі мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

      Біріншіден, 2050 жылға дейін мұнай ресурстарын өндіру мен экспорттаудың орнықтылығы қамтамасыз етілетін болады.

      Екіншіден, елдің мұнай ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру жекеше секторды шикізаттық емес және жоғары технологиялық жаңа өндіріс салаларына қайта бағдарлауды көтермелеуге мүмкіндік береді.

      Көмірсутегі ресурстарын өндіру саласында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттігін арттыру мақсатында, жергілікті компаниялардан басқа, ұлттық ғылыми-зерттеу институттарын, шетелдік мердігер-компанияларды, сондай-ақ Қазақстанның мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірістерін біріктіретін "экожүйелер" құру бойынша шаралар қабылданатын болады.

      Экожүйлер шеңберінде мұнай-газ секторымен байланысы бар өңдеуші өнеркәсіп салалары дамитын болады. Еліміздің негізгі үш мұнай өңдеу зауытын одан әрі жаңғырту 2050 жылға қарай ішкі нарықты отандық жанар-жағармай материалдарымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Саланы инновациялық-технологиялық дамытуды жандандыру мақсатында қазақстандық инженерлік-техникалық персоналды озық халықаралық тәжірибемен және инновациялық техникалық-технологиялық шешімдермен кеңінен таныстырудың коммуникациялық алаңдары қалыптастырылатын болады.

      Уран өнеркәсібі әлеуетін іске асыру. Уран өнеркәсібінің тартымдылығы әлемдік нарықтағы оның өніміне деген сұраныстың тұрақтылығымен негізделеді. Қазіргі болжамдарға сәйкес, әлемдік энергия теңгеріміндегі атом электр энергетикасының үлесі ұзақ мерзімді перспективада өсе түседі.

      Уран өндіру саласындағы инвестициялық тәуекелдер, кен өндіру салаларының көпшілігіне қарағанда, едәуір төмен.

      Әлемдегі тұңғыш уран өндіруші бола тұрып, Қазақстан осы саладағы мамандануды тереңдетуге бағытталған саясатты жүргізетін болады.

      Қазақстанның атом өнеркәсібіндегі мамандануын тереңдету өндірістік-өткізу тізбегінің барлық буындарында бірегей өнімді және қайта өңделуі жоғары көрсетілген қызметтерді құруға бағытталған.

      Сонымен қатар, атом реакторларын жобалау, салу және пайдалану, отынды байыту, атом станцияларын басқару мен оларға қызмет көрсету, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу мен кәдеге жарату жөніндегі көрсетілетін қызметтерді дамытуды қамтамасыз ету қажет.

      Тау-кен металлургиясы кешенін дамыту. Геологиялық барлаудан бастап металл өндірісіне дейін тау-кен металлургиясы өнеркәсібін жаңғырту сектордың жалпы қосылған құнының көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, тау-кен металлургиясы кешеніндегі қолда бар бәсекелік артықшылықтар тұрғысынан геологиялық барлау және инжинирингтік көрсетілетін қызметтер саласын қолдау жүзеге асырылатын болады.

      Мемлекет геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруды кеңейтеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдау компанияның көлемі мен меншік нысанына сәйкес сараланатын болады. Қаржыландырудың негізгі бөлігі жаңа кен орындарын іздестіруге бағытталады.

      Қазақстанда геологиялық барлау қызметтерін көрсету саласындағы жұмыстарға трансұлттық инжинирингтік компаниялар тартылатын болады. Мұның өзі геологиялық барлауға заманауи инновациялық технологияларды трансферттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инновациялық технологияларды пайдалану саланың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетін қолдау үшін пайдалы қазбаларды неғұрлым тиімді өндіруге мүмкіндік береді. Уран кенін өндіру мен өңдеуде жаңа технологиялардың қолданылуы қысқа уақыт аралығында Қазақстанның әлемдік көшбасшылардың біріне айналуына мүмкіндік берген уран өнеркәсібіндегідей, қара және түсті металдарды өндіру жандандырылады.

      Жалпы геологиялық барлау саласына инвестицияларды тарту үшін заңнама жетілдірілетін болады. Сонымен қатар мамандандырылған шетелдік компаниялардың капиталға қосылу мәселесі қаралады.

      Орта мерзімді перспективада геологиялық барлау қызметін көрсету секторын дамыту жөніндегі функциялар жаңа бассейндерді өз бетінше де, сол сияқты инвестициялау арқылы да барлауды жүзеге асыруға қабілетті ұлттық өндіруші компанияларға беріледі.

      Тау-кен металлургиясы кешенін дамыту қосылған құны жоғары терең өңделген өнім үлесін ұлғайтуға бағдарланатын болады. Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ресурс сыйымдылығын және энергия сыйымдылығын төмендетуге, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру мақсатында заманауи басқарушылық технологияларды енгізуге бағытталған іс-шаралар кешені қабылданады.

      Шикізатты алу және кешенді қайта өңдеудің инновациялық технологиялары енгізілетін болады, жаңа өнім түрлері әзірленеді.

      Экспорт нарығына жерігілікті өнім берушілердің тең құқылы қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әлемдік практикаға сәйкес келетін техникалық стандарттар жетілдірілетін болады. Мұның өзі нарықтың жергілікті қатысушыларын болашақта халықаралық бәсекеге қабілеттілік үшін іс жүзінде тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

      Геологиялық барлау, өндіру, сондай-ақ логистика саласындағы технологиялардың күрделене түсуін ескере отырып, бұл салада мердігерлер мен шағын инновациялық компаниялардан тұратын экожүйелер қалыптастырылады.

      Металлургия және өңдеу өнеркәсібінің кадр әлеуетін дамыту бойынша, оның ішінде әлемнің ең үздік тау-кен ісі ЖОО-ларында мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту арқылы одан әрі шаралар қабылданады.

      Әлемдік деңгейдегі тау-кен ісі университетін қалыптастыру дағдыны дамытудағы маңызды құрауыш болып табылады. Ол үшін тау-кен ісі бойынша әлемдегі жетекші мамандармен әріптестік бағдарламалары, бірлескен зерттеу бағдарламалары, сондай-ақ сала кәсіпорындарымен тығыз ынтымақтастықта үздіксіз білім беру бағдарламалары әзірленіп, технологияларды дамыту үшін арнайы орталықтар құрылмақ. Нәтижесінде халықаралық деңгейдегі машық пен операциялық шеберлік қалыптастырады.

      3.2. Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту

      Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясат басым секторлардың шектеулі санын дамытуға бағытталатын болады. Оларды іріктеу кезінде қосылған құнның толық тізбегін құру мүкіндігі, сондай-ақ олардың экспорттық әлеуеті басты критерий болмақ. Осындай әлеуетті секторларға бастапқы кезеңде металлургия, мұнай мен газды қайта өңдеу, агрохимия, өнеркәсіптік химикаттар, полимерлер мен пластмассалар, құрылыс материалдарының өндірісі мен машина жасау жатады. Оларды дамыту үшін қолайлы экономикалық, инфрақұрылымдық және институционалдық жағдайлар жасалатын болады.

      Өңдеуші өнеркәсіп мамандануды тереңдетуге, өңірлік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және экспортқа бағдарланатын болады. Ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес отандық өндірістік активтерді толық жаңарту жүзеге асырылады. Бұған экспортқа бағдарланған шикізаттық емес секторларды кеңейтуге назар аудара отырып, мемлекеттік өнеркәсіптік саясатты іске асыру ықпал ететін болады.

      Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті жекеше өндірістік компанияларды дамыту үшін жағдайлар жасалады, оның ішінде қажетті инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімді экспорттау үшін қолжетімділк пен экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету арқылы жасалады. Өңдеуші өнеркәсіптегі мемлекеттің қатысу дәрежесі төмендетіледі.

      Өңдеуші өнеркәсіпті жедел дамытудың нәтижесінде ғылымды қажетсінетін экономикаға көшуді жүзеге асыру үшін технологиялық база қалыптастырылатын болады.

      Тұтастай алғанда, өңдеуші өнеркәсіпті үдемелі дамыту жөніндегі шараларды іске асыру экономиканы әртараптандыруды ынталандыруға және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шоғырландырылатын мемлекеттік өнеркәсіптік саясат шеңберінде жүзеге асырылады.

      Орта мерзімді перспективада Қазақстанда айтарлықтай әлеуеті бар ғылымды қажетсінетін экономиканың жоғары технологиялық секторларын дамыту үшін негіз құру бойынша шаралар кешені қабылданатын болады. Атап айтқанда, бұл – АКТ, ғарыш технологиялары, баламалы энергетика.

      3.3. Жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен құру

      Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, өндірістік және өңдеуші салалардың әлеуетін игеруге және ұзақ мерзімді перспективада елдің экспорттық әлеуетін ұлғайтуға бағытталатын болады.

      Дамушы елдерде халық санының өсуі есебінен азық-түлік тауарларына өсіп отырған әлемдік сұраныс, сондай-ақ жаһандық климаттық өзгерістер Қазақстанның әлемдік нарықтағы жаңа тауашаларды жаулап алуы үшін қолайлы жағдай жасайды.

      Ауыл шаруашылығы шикізатын терең қайта өңдеу ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық басымдық болмақ. Мал шаруашылығының, өсімдік шаруашылығының, ет, сүт, сары май, ірімшік, ұн және қант өндірісінің бәсекеге қабілетті дайын өнімдерін өндіру көлемі ұлғайтылады.

      Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту міндеті:

      1) саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға;

      2) қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге;

      3) ғылыми зерттеулерді жандандыруға, технологиялардың пайдаланылып отырғандарын жаңғыртуға және жаңаларын игеруге;

      4) ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауды көздейді.

      АӨК-тің инвестициялық тартымдылығын арттыру. Салада реттеу процестерін жетілдіру, ең алдымен, тиімді, оның ішінде баға белгілеу процестерінің ашықтығын арттыру жолымен жер нарығын құруға бағытталатын болады.

      Сонымен қатар фермерлік қожалықтар мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ірілендіруге, жерді пайдаланудың тиімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы бизнесін жалпы дамытуға кедергі келтіретін салықтық тосқауылдар жойылатын болады, мұның өзі "көлеңкелі экономиканы" азайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қатынастарын реттеу жүйесін жаңғыртуға ықпал етеді, бұл, өз кезегінде, саланың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

      Ұзақ мерзімді қаржыландыруға, оның ішінде халықаралық даму институттарын тарту есебінен, қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Қаржыландыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалану есебінен де қамтамасыз етіледі.

      Ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде оларды ірі сауда-өткізу желілерінің айналасында біріктіру жолымен фермерлер де ауыл шаруашылығы өнімін өткізу нарығына делдалсыз тікелей қолжетімділікке ие болады. Мұндай тетік сатып алушылар үшін, сол сияқты өндірушілер үшін де тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беріп, өнімнің сапа стандарттарын енгізуге ықпал етеді, банктік кредиттер бойынша кепілдемелер алуды жеңілдететін болады.

      Жекеше қаржы компанияларының аграрлық секторға кіру тәуекелдерін азайту үшін қарыздарға кепілдік берудің және оларды сақтандырудың мемлекеттік жүйесі енгізілетін болады.

      Қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейту шеңберінде ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға, өндірістік-өткізу тізбегін қалыптастыруға және өнім экспортын қолдауға инвестициялар тарту бойынша шаралар кешені енгізілетін болады.

      Ғылыми зерттеулерді жандандыру. Жаңа технологияларды игеру Қазақстанға орта мерзімді перспективада құрғақ және шөлейт өңірлердегі бұрын игерілмеген жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосуға, сондай-ақ сала өнімділігінің жалпы деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

      Агроөнеркәсіптік кешенді замануи тиімді әзірлемелермен қамтамасыз ету үшін мемлекет зерттеушілердің біліктілігін әлемнің озық ғылыми орталықтарында арттыруға бағытталған халықаралық ғылыми бағдарламаларды іске асыратын болады.

      Технологиялық базаны жаңарту шеңберінде:

      1) ауыл шаруашылығына арналған робот техникасы;

      2) оптикалық талшықты технология;

      3) қашықтан басқару технологиясы;

      4) экологиялық таза агрохимикаттар әзірлеу;

      5) егістік жерлерді суландырудың энергия үнемдейтін тәсілдерін әзірлеу;

      6) ауыл шаруашылығы дақылдарының, оның ішінде олардың қуаңшылыққа төзімділігін арттыру үшін экологиялық таза түрлерін әзірлеу салаларында ғылыми зерттеулерді ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданады.

      Заманауи технологияларды және шетелдік инвесторлармен бірлесіп, ауыл шаруашылығын мемлекеттің қатысуы арқылы жүргізудің үздік практикаларын тарту үшін ресурс үнемдейтін және "жасыл" технологияларды қолданатын эксперименттік модельдік шаруашылық құрылады.

      Ғылым жетістіктерін тиімді пайдалану мақсатында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін білім беру және консультациялық көрсетілетін қызметтер спектрі кеңейтілетін болады.

      Ресурстарды ұтымды пайдалану агрохимикаттарды, отынды, су және жер ресурстарын тұтынудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін қабылдау жолымен қамтамасыз етіледі.

      Құрғақ және шөлейт өңірлердегі жерлерді өндірістік айналымға енгізу үшін еңбек шығындары мен отын шығыстарын барынша азайтатын жерді нөлдік өңдеудің заманауи технологияларын қолдану кеңейтілетін болады.

      Су ресурстарын тиімді пайдалануға тамшылатып суару, шашыратып суару, жергілікті-импульсті суару технологияларын енгізу және су тасымалдау кезіндегі ысырапты азайту жолымен қол жеткізіледі. 2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары барлық егістік алқаптардың 15%-ына енгізілетін болады. Бұл уақытқа дейін ағызып суаруды 80%-дан 5%-ға дейін азайту қамтамасыз етіледі.

      Рентабельділігі төмен және суды қажетсінетін дақылдарды (атап айтқанда, күріш пен мақта) көкөністермен, майлы және жем-шөп дақылдарымен алмастыра отырып, біртіндеп қысқарту жүзеге асырылатын болады.

      3.4. Көрсетілетін қызмет секторын дамыту

      Ұзақ мерзімді перспективада экономикалық даму мен ғылымды қажетсінетін экономикаға көшу шамасына қарай Қазақстанның ІЖӨ құрылымында көрсетілетін қызметтер секторының үлесі айтарлықтай өседі. Экономикадағы көрсетілетін қызметтер үлесі 70%-ға жуықтайды.

      Қазақстандағы көрсетілетін қызметтер секторы елдің дамуына қарай кеңейтіледі, жаңғыртылады және тереңдетіледі, ал еңбек ресурстары ауыл шаруашылығы мен басқа салалардан, олардағы өнімділігінің артуына қарай, көрсетілетін қызметтер секторына қайта бөлінетін болады. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі бұл жаңартуларды жеделдетпек.

      Осыған байланысты, білім беру, кәсіптік көрсетілетін қызметтерді, туризм саласындағы көрсетілетін қызметтерді (оның ішінде экологиялық және медициналық, санаторийлік-курорттық және басқа), сервистік-технологиялық, ғарыштық қызметтерді, сондай-ақ ойын-сауық индустриясын, креативтік және басқа да көрсетілетін қызметтерді қамтитын, көрсетілетін қызметтердің өнімділігін арттырып, олардың экспортын әртараптандыру, жаңғырту және кеңейту межеленген нәтиже болып табылады. Көрсетілетін қызметтер импортын біртіндеп нысаналы алмастыру, көрсетілетін қызметтер саудасын жеңілдету мақсатында өзара тану туралы келісімдерге қосылу жүзеге асырылатын болады.

      Экспортқа, ең алдымен шекара маңындағы өңір мемлекеттеріне бағдарланған көрсетілетін қызметтерді дамыту қамтамасыз етіледі. Бұл үшін экспорттың нысаналы нарықтарымен халықаралық келісімдер әзірленеді, көрсетілетін қызметтер экспорты үшін қолжетімділік пен экономикалық жағдайлар қамтамасыз етілетін болады. Орта мерзімді перспективада қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтер секторын қамтитын экспортты ілгерілету стратегиясы іске асырылады.

      Қазақстанның жылдам дамып келе жатқан экономикаларды (оңтүстікте Үндістан, солтүстікте Ресей және шығыста Қытай) байланыстыратын Орталық Азия транзиттік бағытында орналасуы логистикалық қызметтерді дамыту үшін пайдаланылатын болады.

      Өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және сауда дәліздерін пайдалануда логистикалық шығындарды азайту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Қазақстанды өңірдің басқа елдерімен байланыстыратын автомобиль және теміржол инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту жүргізіледі. Атап айтқанда, автожол және теміржол желісінің өткізу қабілеті ұлғайтылады. Тасымалдаушылардың көлік паркін жаңарту үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.

      Логистикалық көрсетілетін қызметтер провайдерлерінің мүмкіндіктері, оның ішінде мультимодальды тасымалдар мәселелері бойынша біліктілікті арттыру және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру есебінен кеңейтіледі.

      Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында қаржылық қызметтер көрсетуде жинақталған тәжірибе Қазақстанның осы салада мамандануын тереңдету үшін пайдаланылатын болады.

      Қарыз беретін, сақтандыру және қаржылық қызметтер көрсететін ірі қаржы ұйымдары үшін қолайлы жағдай жасау жөнінде шаралар қабылданады.

      АКТ-ны дамыту инновацияларды дамыту үшін адами және инфрақұрылымдық әлеуетті қалыптастыруға бағытталады.

      Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды құру ғылымның, білім берудің және өнеркәсіптің тығыз ынтмақтастығы арқылы жүргізілетін болады. Робот жасау, мобильді технологиялар, "бұлтты" және Grid-есептеу, жасанды интеллект, өнімділігі жоғары есептеу жүйелері, ақпаратты қорғау және оның қауіпсіздігі, сондай-ақ мультимедиалық технологиялар салаларында инновациялық шешімдер әзірлеу үшін ғылыми-зерттеу орталықтары құрылады.

      АКТ саласында адами ресурстарды және кәсіпкерлік әлеуетті дамыту халықтың барлық топтарының ақпараттық технологияларды игеруі үшін жағдай жасауға бағытталатын болады. Бұл үшін электрондық білім беру мен қашықтықтан жұмыс істеуді дамыту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

      Сонымен қатар жылдамдығы жоғары ақпараттық желілерге жаппай қолжетімділікті қамтамасыз ету және ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті дамыту бойынша шаралар қабылданды. Бұл 2030 жылға қарай ел арқылы әлемдік ақпарат легінің кемінде 2-3%-ын өткізіп, 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

      Нарықтың коммерциялық ұшыруға қажеттіліктері ұдайы өсіп отырған жағдайларда, Қазақстан ғарыш саласын белсенді дамытатын болады.

      Орта мерзімді перспективада зымыран отынының экологиялық таза құрауыштарын пайдаланатын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін салып, пайдалануға беру жүзеге асырылады.

      Байланыстың және хабар таратудың, Жерді қашықтықтан зондтаудың және жерсеріктік навигацияның тек өзімізге тиесілі ғарыш желілері, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені құрылатын болады. Оларды құру және пайдалану тұтынушыларды теле және радио хабарларын таратудың, Жерді қашықтықтан зондтаудың сапасы жоғары жерсеріктік байланыстың көрсетілетін қызметтерімен, дәлдігі жоғары жерсеріктік навигациямен қамтамасыз етеді және телекоммуникациялар, ауыл шаруашылығы, теміржол және автомобиль көлігі, жер ресурстарын басқару, геодезия, картография және энергетика сияқты салаларда Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ шетелдік тапсырыс берушілерге ғарыштық қызметтер көрсету мүмкіндігін арттырады.

      Ұзақ мерзімді перспективада ғылымды қажетсінетін ғарыш технологиялары экономиканың жоғары технологиялық аралас секторларына енгізілетін болады.

      3.5. Баламалы энергетиканы дамыту

      Ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық жүктемені азайту мақсатында Қазақстан жаңартылатын (ЖЭК) және баламалы көздерден электр энергиясын өндіруді дамытатын болады. Өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінде олардың жалпы үлесі 2050 жылға қарай 50 %-ға дейін жеткізілетін болады.

      Орта мерзімді перспективада жел, күн энергетикасын дамыту жөніндегі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдары мен қалдықтарды қайта өңдеу арқылы шығарылатын биоэлектр энергетикасындағы жобалар енгізіледі. Аталған технологиялардың салыстырмалы түрде қымбат болуына орай басымдық бүгінгі күннің өзінде-ақ баға паритеті не жуық дәстүрлі генерациялау технологияларына берілетін болады, бұлар – ірі ауқымды жел қондырғылары. Өзге технологиялар, тұтынушыға түсетін экономикалық жүктемені азайту қамымен, оларды желіге интеграциялау бойынша тәжірибе алу үшін баяуырақ қарқынмен енгізіледі. 2020 жылға қарай жел, күн энергиясының және биоэнергияның жиынтық үлесі өндірілетін электр энергияның жалпы көлемінің 3%-ына дейін жеткізілетін болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясын жаңартылатын энергия көздеріне генерациялау технологияларын жетілдіру және дәстүрлі генерациясы бар баға паритетіне қол жеткізу жағдайында 2050 жылдың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін ЖЭК үлесі едәуір өсуі мүмкін.

      Елдің ірі қалаларында тиісті инфрақұрылым құру жолымен көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ны біртіндеп табиғи газға ауыстыру және отынның осы түрімен жұмыс істейтін жаңа жылу электр станцияларын салу жүзеге асырылатын болады.

      Қазақстанда ЖЭК-ті дамыту үшін басқа елдердің тәжірибесі ең үздік практикаларды қабылдау тұрғысынан да, олардың қателігін қайталамау тұрғысынан да пайдаланылатын болады. Айталық, Қазақстанда ЖЭК түрлерінің әрқайсысына лимит белгіленіп, ол өз кезегінде қатаң қадағаланатын болады. Генерация түрлерінің әрқайсысы үшін тариф деңгейі бір жағынан инвесторларды тартатындай, екінші жағынан тұтынушыларға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретіндей түрде айқындалатын болады. Бәсекеге қабілеттілігі дәстүрлі генерациялардың деңгейіне жететін "кемел" технологиялар дамытылатын болады, басқа технологиялар өздері бәсекеге түсе алатын шағын ауқымда не энергетикалық жүйеге оларды интеграциялау бойынша тәжірибе алу үшін пайдаланылады. Электр энергетикасын жоспарлау тұтынушыға түсетін ұзақ мерзімді жүктемені азайту үшін, қазіргі заманғы дәстүрлі технологиялар мен ЖЭК-ті дамытуды ескере отырып, тұтастай жүргізілетін болады.

      4. Ғылымды қажет ететін экономиканың инфрақұрылымын жеделдетіп қалыптастыру

      Өсудің барлық факторлары – еңбек, капитал және ресурстар өнімділігінің өсуі экономика салаларын жаңғыртудың және бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді тетігіне айналады. Қазіргі заманғы жағдайда өнімділіктің өсуі инновацияларды және білімді енгізумен тығыз байланысты. Сарапшылардың пікірінше, инновация өнімділікті жылына 2-3 %-ға арттыруға қабілетті. Инновациялық кластерлерде университеттерді, кәсіпкерлікті және мемлекетті біріктіретін ұлттық инновациялық жүйе инновацияға сұраныс драйвері болып табылады, ал үлкен қалалар мен олардың негізінде пайда болатын агломерациялар зерттеулердің, инновациялардың, инвесторлардың, ірі компаниялардың және жаңа бастамалардың тартылыс орталықтарына айналады. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, агломерацияның пайда болуына дамыған инфрақұрылымдық желі алғышарт болып табылады.

      Қазақстанда орнықты экономикалық дамудың құралдары мен тетіктерін жетілдіру ұзақ мерзімді перспективада елдің даму шамасына қарай біртіндеп жүргізілетін болады. Бұл қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту және энергия тиімділігінің жоғары стандарттарын сақтау арқылы жүрегізілетін болады.

      Осыған байланысты, мынадай міндеттерді шешу керек:

      1) өсу факторларының өнімділігін арттыру;

      2) әлемдік деңгейдегі агломерациядарды қалыптастыру;

      3) ұлттық ииновациялық жүйені дамыту;

      4) инфрақұрылымдық шектеулерді жою;

      5) алдыңғы қатарлы нысаналы инвесторларды тарту арқылы тартымды инвестициялық орта қалыптастыру;

      6) "жасыл экономикаға" көшу арқылы орнықты даму.

      4.1. Өсу факторларының өнімділігін арттыру

      Еңбектің, капиталдың және энергия ресурстарының өнімділігін арттыру бүкіл экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналады. Бұл экономиканың барлық секторларына қатысты. Әлемдік "бенчмаркаларға" сәйкес экономиканың барлық салалары үшін өнімділікті мониторингтеудің ұлттық жүйесі әзірленетін болады.

      Жекеше сектордағы өнімділікті ынталандыру, "үнемді өндірістің" алдыңғы қатарлы құралдарын енгізу жөнінде шаралар қабылданады.

      Квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында өнімділік, оның ішінде рентабельділік, инвестицияланған капиталға түсетін пайда мен дивидендтер көрсеткіштері бойынша нақты мақсаттар белгіленеді.

      Жұмыспен қамтуды арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде еңбек ресурстарының еңбек қызметінің өнімділігі төмен салаларынан табысы әлдеқайда жоғары және перспективалы салаларына көшуі үшін жағдайлар жасалады.

      Экономика салаларында техникалық реттеу жүйесін алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жөніндегі жұмыс жалғасады.

      4.2. Әлемдік деңгейдегі агломерацияларды қалыптастыру

      Бұл:

      1) бәсекеге қабілетті агломерацияларды белсенді дамытуды;

      2) теңгерімді өңірлік дамуды;

      3) ішкі көші-қон процесін ретке келтіруді көздейді.

      Бәсекеге қабілетті агломерацияларды белсенді дамыту. Аумағының ұлан-байтақ ауқымын, халық санының және тығыздығының аз болуын, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіздігін, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіп салаларының бәсекеге қабілеттілігінің төмен екендігін ескере отырып, агломерацияларға біріктірілген саны шектеулі қалалардың қаржылық, капитал мен адами ресурстарды жұмылдыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл агломерациялар ғылымды қажет ететін экономиканың "өсу нүктесіне" айналады.

      Инновацияларды генерациялаудың тұтастай елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға мультипликативтік әсері агломерациялардың жұмыс істеуінің артықшылығы болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі өз уақытында агломерациялар қалыптастыру жолымен жүрді. Агломерациялар ғылымды қажет ететін экономикаға көшу үшін жағдай жасады.

      Қазақстанның жаңа агломерациялары ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің, инновацияны және кәсіпкерлікті дамытудың орталықтарына айналмақ. Жекелеген агломерациялар шеңберінде осы әзірлемелер мен инновацияларды өндірістік-өткізу тізбектеріне тікелей жақын шоғырландыру оларды өндіріске жылдам енгізуді жеңілдетеді.

      Агломерациялар ел халқының тартылыс орталығына айналады. Олар сапасы жоғары білім, ақпараттық және көлік қызметтерін ұсыну, бәсекені арттыру, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау есебінен адами капиталды дамытуды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Қазақстанның бүгінгі таңдағы аса ірі қалалары – халық саны екі миллионнан астам Астана және Алматы қалалары агломерация орталықтарына айналуы мүмкін. Бұл қалаларда шағын және орта бизнес өте белсенді дамуда, оларда еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі жоғары. Елдің келешек дамуына байланысты Қазақстанның басқа ірі қалалары да агломерация орталықтарына айналуы мүмкін.

      Өсудің экономикалық факторларын ескере отырып, агломерациялардың әрқайсысы үшін дамудың басым бағыттары мен заманауи инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі шаралар көрсетілген 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленетін болады.

      Теңгерімді өңірлік даму. Орта мерзімді перспективада инфрақұрылымдық даму саласында жинақталған агломерациялардың оң тәжірибесі елдің басқа өңірлеріне таратылатын болады.

      Бәсекеге қабілетті, "жасыл" және "ақылды" қалалар желісі құрылады. Қалалармен экономикалық байланыс жасау үшін ауылдық аумақтарға жеткілікті қолдау көрсетілетін болады. Халық саны бес мың адам және одан көп барлық ірі қалалар мен елді мекендер өртке қарсы мемлекеттік қызметтің кепілдік берілген қорғауымен қамтамасыз етіледі. Ауылдық елді мекендерде қажетті өрт сөндіру техникасымен және өрт-техникалық жабдықтарымен жарақталған ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмыс істейтін болады. Тасқынның, сырғыманың, селдің және көшкіннің пайда болу тәуекелі жоғары өңірлерде қажетті инженерлік-қорғау құрылыстары салынады.

      Салалық бағдарламаларды өңірлік даму басымдықтарымен үйлестіру өңіраралық байланысты нығайтуға ықпал ететін болады.

      Өңірлік деңгейде қалалық аумақтарды жоспарлаудың сапасы мен уақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

      Жаңа өндірістерді және инфрақұрылымды орналастыру кезінде олардың шикізат пен энергия көздеріне, көлік инфрақұрылымына, өткізу нарықтарына жақындығы, сондай-ақ еңбек ресурстарының қолжетімділігі ескерілетін болады. Бұл үшін қала маңындағы аймақтарды инфрақұрылымдық дамыту бөлігінде аумақтардың бас жоспарларын қалаға іргелес аудандардың жер пайдалану жоспарларымен, сондай-ақ агломерациялардағы қала құрылысының нормативтерімен үйлестіру қамтамасыз етіледі.

      Бас жоспарларды түзету халықтың болжамды санын және аумақтың әлеуетін ескере отырып, әлеуметтік, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және оңтайландырауға бағытталатын болады.

      Ішкі көші-қон процестерін ретке келтіру. Ауылдан қалаға ішкі көші-қонның әлеуметтік салдарының алдын алу мақсатында көшіп-қонушыларды шартты жұмысқа тартуға бағытталған шаралар кешені қабылданады.

      Еңбек шартын көрсеткен жағдайда, меншігінде немесе жалға алу шарттарында тұрғын үйі жоқ азаматтарға уақытша баспана ұсынылатын болады. Жұмысқа орналасуда жәрдем көрсету, көшуге субсидиялар беру және кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті көтеру курстарында оқыту арқылы халықтың ұтқырлығын арттыру жөніндегі шараларды іске асыру жалғасын табады.

      Жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      4.3. Ұлттық инновациялық жүйені дамыту

      Ұлттық инновациялық жүйені дамыту зерттеулерді, әзірлемелерді мемлекеттік қолдау және оларды енгізу институттарының тиімділігін арттыру, зияткерлік-инновациялық кластерлерді дамыту және қолданыстағы инновациялық инфрақұрылымды оңтайландыру жолымен жүзеге асырылатын болады.

      Ғылым мен инновацияларды дамыту және қолдау бойынша ииституттардың тиімділігін арттыру. Бұл үшін венчурлік қаржыландыру жөніндегі заңнаманы жетілдіру мәселесі пысықталады, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулерді және инновацияларды қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнама жетілдіріледі.

      Университтерге, зерттеу институттарына және шағын бизнеске мемлекеттің қаржылық қолдауымен жүргізілген зерттеулерді коммерциялық пайдалануға лицензияны тапсыру құқығы берілетін болады.

      Венчурлік қаржыландыруды дамыту елге шетелдік капиталды тартуға, бастапқы кезеңде венчурлік мәмілелерді шетелдік капиталмен қоса қаржыландыруға, сондай-ақ стартаптарды дамытуды қоса қаржыландыруға бағытталмақ.

      Астана, Алматы және Шымкент агломерацияларының университеттерінде инновациялық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. Университеттерде инновациялық қызметті қаржыландыру қосылған құн тізбегінің барлық деңгейін – инновациялық әлеуетті және зерттеулерді дамытуды, технологияларды коммерцияландыруды, стартаптарды қолдауды қамтитын болады.

      Қаржыландыру, қосымша көрсетілетін қызметтерді ұсыну, тәжірибелі кәсіпкерлерді, инвесторларды және компания басшыларын тарта отырып, тәлімгерлік бағдарламалар нысанында жәрдемдесу жолымен зияткерлік-инновациялық кластерлер аумағында квазимемлекеттік сектордың ірі компанияларының қосымша (спин-офф) өндірістерін құруды және орналастыруды ынталандыру жүзеге асырылатын болады.

      Мемлекеттің, бизнестің және ғылымның өзара іс-қимылын күшейту мақсатында нысаналы технологиялық бағдарламалар іске асырылады.

      Технологиялар трансферті жүйесі бірінші кезекте отандық кадрлардың құзыретін арттыру үшін оларды тарта отырып технологияларды іздестіруге және бейімделуге бағытталады.

      Бұл ретте, заманауи өндірістік технологияларды енгізу мақсатында инновациялық әзірлемелерді және жаңа технологияларды сараптау жүйесі жетілдірілетін болады.

      Неғұрлым перспективалы инновациялық идеялар мен жобаларды анықтау және қолдау, оларды енгізу, маштабтау және ілгерілету құралдарының жүйесін іске асырумен қатар, талантты инноваторларды іздеу және қолдау жұмысы жалғасатын болады, сондай-ақ инновациялық гранттарды ұсыну схемасы оңтайландырылады.

      Сонымен қатар, инновацияны дамытуды ынталандыру жөніндегі, оның ішінде салықтық шараларды дамыту, техникалық реттеу мен стандарттардың тиімді жүйесін құру арқылы жұмыс жалғасатын болады.

      Қолданыстағы инновациялық инфрақұрылымды оңтайландыру. Бұл бағыттағы жұмыс шеңберінде жаңа жіктемені енгізу арқылы технологиялық парктерді дамыту моделі қайта қаралады. Олардың мақсаты инновациялық процесте барлық мүдделі тараптар арасында ынтамақтастық үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ жаңашылдарды техникалық инфрақұрылыммен және сервистік көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етуге сайып келеді. Бұдан басқа, технопарктерде тренингтер жүргізіліп, консалтингтік қызметтер, құрылыс және қайта жаңғырту жөнінде қызметтер көрсетілетін болады. Осылайша, технопарктер өңірлерде инновациялық орта құру орталықтарына айналады.

      Сонымен қатар, технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтарын дамыту моделі қайта қаралып, салалық конструкторлық бюролардың функциялары кеңейтіледі.

      Зияткерлік-инновациялық кластерлер желісін құру. Зияткерлік-инновациялық кластерлер іргелі және қолданбалы білім алуға және алмасуға, экономиканың басым секторларында инновациялар үшін мүмкіндіктерді жасауға және пайдалануға бағытталатын болады. Ғылыми ұйымдар коммерциялық мүмкіндіктерді анықтау, кәсіпорындармен инновациялық өнім әзірлеуге шарт жасау үшін кәсіпорындармен жұмыс істейтін болады.

      Таза энергетика, робот техникасы, нанотехнологиялар, аэроғарыштық өнеркәсіп, гендік инженерия және инжинирингтік көрсетілетін қызметтер, сондай ақ басқа да жоғары технологиялық бағыттар зияткерлік-инновациялық кластерлердің басым бағыттары болады.

      Зияткерлік-инновациялық кластерлер желісіне мынадай құрылымдар кіретін болады:

      1) жоғары технологиялық компанияларға арналған арнайы экономикалық аймақ;

      2) жоғары технологиялық өндірістер, ұлттық компаниялардың салалық институттары, қазақстандық және шетелдік компаниялардың зерттеу орталықтары орналасатын индустриялық алаң;

      3) өнеркәсіптің тікелей тапсырыстары бойынша ең жаңа технологияларды әзірлеу, бейімдеу және енгізудің Инжиниринг орталығы;

      4) инновациялық инфрақұрылым элементтері: технопарк, бизнес-инкубатор, коммерцияландыру және технологиялар трансферті орталығы, инновациялық венчурлік қор.

      Орта мерзімді перспективада тұңғыш зияткерлік-инновациялық кластер Назарбаев Университетінде қалыптасатын болады. Өз кезегінде, "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы университеттерді, ірі компанияларды ғана емес, сондай-ақ шағын, орта бизнесті, инноваторлар мен өнертапқыштарды қызықтыратын инновациялық кластерге айналады. Бұл практика перспективада басқа қалаларға да таратылатын болады. Кластерлерде ғылыми әзірлемелер және академиялық кәсіпкерлік дамытылады.

      4.4. Инфрақұрылымдық шектеулерді жою

      Инфрақұрылымды жаңғырту жаңа технологияларды жасау және игеру саласында кәсіпкерлердің, инвесторлардың тәуекелдері мен шығындарын азайтуға, сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын неғұрлым дамыған елдердің деңгейіне жуықтата отырып арттыруға мүмкіндік береді.

      Қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып іске асыруға жұмсалатын мемлекеттік шығыстар көлемі ұлғаятын болады. Қажетті инфрақұрылымдық базаның қалыптасуына қарай мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру көлемін біртіндеп азайту болжанып отыр.

      Көлік инфрақұрылымын дамыту. Көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған қолданыстағы бағдарламаның жалғасы ретінде автожол және теміржол желілерін дамытуға инвестициялар тартуды қоса алғанда, саланы реформалау бойынша ұзақ мерзімді шаралар кешені қабылданады.

      Агломерациялар, негізгі шекара өткелдері және облыс орталықтары арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін республикалық деңгейде қазіргі заманғы магистральдық дәліздер құрылатын болады.

      Тасымалдарды тиімді басқаруды, көліктің барлық түрін оңтайлы пайдалануды, қозғалыс жылдамдығын арттыруды, сондай-ақ жолаушылар тасымалдау саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін көлік лектерін басқару жүйесі жетілдірілетін болады. Атап айтқанда, Зияткерлік көлік жүйесі (бұдан әрі – ЗКЖ) құрылады.

      ЗКЖ бейнебақылау, жол қозғалысын басқару, жолдағы жағдайлар туралы жүргізушілерді хабардар ету және көрсетілетін көлік қызметтеріне электрондық төлемақы жүйелерін біріктіреді. ЗКЖ қалыптастыру шеңберінде елдің көлік кешені туралы ақпаратты жинақтауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын Ұлттық ақпараттық орталық құрылатын болады.

      ЗКЖ-ні енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Көлік лектерін зияткерлік басқару саласындағы пилоттық жобалар агломерацияларда жүзеге асырылады. Мұнда қоғамдық көліктің қазіргі заманғы түрлері, оның ішінде жүрдек автобус маршруттары мен жеңіл рельстік трамвай желілері енгізіледі. Шығарындылар мен ластануды шектеумен қатар, ресурстарды, атап айтқанда, жанар-жағармай материалдарын, энергия мен суды пайдалану тиімділігінің жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі.

      Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның энергия тиімділігін арттыру шеңберінде күрделі жөндеу жүргізу кезінде қазіргі ғимараттарды терможаңғыртуды жүзеге асыру жалғастырылатын болады. Жаңа ғимараттарды салу жылуды қорғау саласындағы соңғы стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді перспективада бөлме температурасын реттеу жүйесін, тұтынылатын су және жылу энергиясын есепке алу құралдарын жаппай орнату жүзеге асырылатын болады.

      Тозған құбырларды ауыстыру және сорғы станцияларын жаңғырту арқылы орталықтандырылған жылумен қамту жүйелерін жаңғырту жүзеге асырылатын болады.

      4.5. Нысаналы озық инвесторларды тарта отырып, тартымды инвестициялық ахуал қалыптастыру

      Тікелей шетелдік инвестицияларды қолдау қазіргі заманғы көрсетілетін қызметтер секторын қоса алғанда, экономиканың барлық салаларын дамытудың басым бағытына айналады. Салааралық тәсілді пайдалана отырып инвестициялар тарту жөніндегі жұмыс үйлестірілетін болады. Бұл Қазақстанның экономика салаларының жедел өсуіне қол жеткізудегі әлеуетін арттырады.

      Экономикаға озық технологиялар мен білімнің табысты трансфертін жүзеге асыруға қабілетті салалық көшбасшыларды ынталандыру және қолдау тетігі әзірленетін болады. Процесс жекелеген нақты жобаларды, сол сияқты нысаналы инвесторларды анықтауға бағытталады.

      Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін кадрларды іздеуде, даярлауда және қайта даярлауда шетелдік инвесторларға жәрдем көрсетіледі. Бұл әлеуетті шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық және операциялық тәуекелдерді төмендетуге ықпал етеді, мұның өзі елге тікелей шетелдік инвестициялардың неғұлым сапалы легін тартуға оң әсерін тигізеді. Пост-инвестициялық мониторинг және жобалардың тиімділігін басқару процесі жетілдіріледі.

      Дайын өнім экспортының рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Инвестициялық ортаның жай-күйіне ашық және тиімді мониторинг енгізіледі.

      4.6. "Жасыл экономикаға" көшу арқылы орнықты даму

      Орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін "жасыл экономикаға" көшуге бағытталған шаралар кешені іске асырылады:

      1) суды пайдалану тиімділігін арттыру және ел халқы мен экономикасын сумен қамтамасыз ету;

      2) энергия тиімділігін арттыру;

      3) тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару жүйесін дамыту;

      4) атмосфераға шығарындыларды азайту.

      Суды пайдалану тиімділігін арттыру және ел халқы мен экономикасын сумен қамтамасыз ету.

      Қазақстанның су шаруашылығын басқаруға мынадай міндет қойылған: халықты және экономиканы жеткілікті көлемде және сапалы сумен қамтамасыз ету.

      Су ресурстарының әлеуетті тапшылық тәуекелін азайту үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және коммуналдық секторда суды үнемдеу бойынша шаралар әзірленеді және енгізілетін болады. Бұл үшін: ауыл шаруашылығында суару және дренаж жүйелері қалпына келтіріледі, суарудың заманауи су үнемдеуші технологиялары пайдаланылады (мысалы, тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және т.б.), жерді өңдеудің аудармай қопсыту сияқты су үнемдеуші технологиялары енгізіледі, коммуналдық су беру, сондай-ақ су бұру желілері жаңғыртылады. Бұдан басқа суды тазарту және сарқынды суларды өңдеу жүйелері қайта жаңғыртылады, өнеркәсіпте су үнемдеуші технологиялардың үлесі, екінші қайтара су тазарту, сондай-ақ айналымды сумен жабдықтау қуаты ұлғайтылады. Су инфрақұрылымының ірі объектілері – магистральдық арналарды, су резервуарларын, плотиналарды қайта жаңғырту жөніндегі іс-шаралар шығындарды азайтудың ең маңызды тетігі болып табылады. Аталған іс-шараларды іске асыру үшін су шаруашылығы және гидромелиоративтік инфрақұрылымдық объектілердің барлығына көпфакторлы тексеру жүргізіледі.

      Қолжетімді су ресурстарының азаюына жол бермеу үшін іргелес мемлекеттердің бәрімен трансшекаралық сулар бойынша келісімдер жасалады. Бұдан басқа көпжылдық қолжетімді су қорларын ұлғайту үшін жаңа инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі іс-шаралар іске асырылады. Сондай-ақ суы тапшы бассейндерге су ресурстарын жіберу және жер астындағы жаңартылатын су көздерін пайдалану бойынша үнемді техникалық шешімдер әзірленеді.

      Энергия тиімділігін арттыру. 2050 жылға қарай баламалы энергия елде өндірілетін бүкіл энергияның жартысын құрауы тиіс. Энергия тиімділігін және энергияны үнемдеуді арттыруда мамандандырылған энергосервистік компанияларға (бұдан әрі – ЭСКО) негізгі рөл берілетін болады.

      Бұл институтты құрудағы негізгі міндет – энергия үнемдеу жобаларының энергоаудитінен, оларды әзірлеуден, жобалаудан, пайдаланудан, техникалық қызмет көрсетуден бастап энергосервистік келімісшарттар жасау жолымен қаржыландыруға дейін энергия үнемдеу саласындағы қызметтер кешенін көрсету болмақ. Энергосервистік компанияларға қаржылық және лизингтік көмек көрсетілетін болады.

      Өндірістің энергияны көп қажет етуін төмендету мақсатында "Энергия тиімділігінің көшбасшысы" бағдарламасы қабылданатын болады. Орта мерзімді перспективада бағдарламаға қатысу үшін 5-тен 10-ға дейінгі өнім түрі таңдап алынады. Олар үшін өндірудің және коммерциялық өткізудің энергия тиімділігін және экологиялық тазалықтың ең жоғары деңгейін қамтамасыз ететін тәсілдері айқындалатын болады. Осы өндірістер үшін өнімнің осы түрін өндіретін барлық өндірушілердің қолдануы үшін міндетті стандарттар әзірленеді. Өндірістің эталондық тәсілдерін енгізген компаниялар субсиядиялар, мемлекеттік тапсырыстар түріндегі кеңейтілген мемлекеттік қолдауға ие болады Бастапқы кезеңде өнімнің басым түрлері экономиканың энергияны неғұрлым қажетсінетін салаларында – энергетикада, көмір өндіруде, металлургияда, ауыл шаруашылығында және көлікте іріктеп алынатын болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада экономиканың өндірістік секторының бәрін бағдарламамен толық қамтуға қол жеткізу мақсатында өнім түрлерінің саны біртіндеп ұлғайтылады.

      Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды басқару жүйесін дамыту. Қоршаған ортаның тұрмыстық қалдықтармен ластану деңгейін төмендетуге мамандандырылған инфрақұрылым құру және қалдықтарды жинау мен кәдеге жаратудың жаңа стандарттарын қабылдау арқылы қол жеткізілетін болады.

      Өндірісте қауіпті қалдықтарды жою жөніндегі технологияларды қоса алғанда, экологиялық қауіпсіз технологиялар мен процестерді пайдалану қолдау табатын болады.

      Қоқыс өңдейтін зауыттар салынып, қоқысты кәдеге жарату жөніндегі полигондар кеңейтіледі және ашық қоқыс үйінділері жойылады. Ресурстарды, оның ішінде ағынды суларды өңдеуді және екінші қайтара пайдалануды кеңінен қолдануға көшуге байланысты қалдықтарды сақтауға арналған полигондар саны қысқартылмақ.

      Әр тұтынушы деңгейінде тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау енгізілетін болады.

      Ұзақ мерзімді перспективада өнім бірнеше айналымда пайдаланылатын тұйық циклді экономикаға көшу жүзеге асырылады.

      Атмосфераға шығарындыларды азайту. Қоршаған ортаға шығарындыларды барынша азайтуға Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжымдаманы, "Жасыл көпір" бастамасын іске асыру және БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы мен өзге де келісімдердің міндеттемелерін орындау шеңберінде қол жеткізілетін болады.

      Өндірістегі көмірқышқыл газы мен басқа да парниктік газдар шығарындыларын қысқарту және энергияның баламалы көздерін қолдау мақсатында көмірқышқыл газының шығарындыларына салынатын салықты қоса алғанда, нарықтық және нарықтық емес тетіктерді енгізу мәселелері қаралады. Ұзақ мерзімді перспективада өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарындыларының стандарттары Еуропалық Одақ стандарттарына сәйкестендірілмек.

      Өнеркәсіптік кәсіпорындарды іргелес аумақтардағы қоршаған ортаны қорғау мен қалпына келтіруге инвестиция салуға ынталандыратын "таза шығындардың болмауы" тетігі енгізіледі. Шаңның, күкірт қостотығы мен азот тотығының шығарындылары жөніндегі стандарттар қатаңдатыла түседі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен объектілер жер және су ресурстарының кемінде 10 %-ын қамтитын болады.

      5. Әлемдік және өңірлік экономикаға интеграциялауды терңедету

      Бүгінгі таңда дамыған елдердің бәрінде ашықтық пен халықаралық қатынастар жүйесіне интеграциялану дәрежесінің жоғары екенін көруге болады. Жаһандық бәсекелестік шарттарында халық санының аз болуы мен теңізге шығатын жолдың болмауын ел экономикасының ашықтығымен өтеуге болады.

      Ұзақ мерзімді табысты даму үшін Қазақстанның сыртқы нарықтарға, агломерацияларға қол жеткізуі қажет, жаһандық "ақылды қалалар" желісіне қосылу, ал шекара маңындағы өңірлердің шекара маңындағы сауданы дамытуы қажет. Қазақстанның, күтпеген экономикалық және саяси тәуекелдерге дайын болуы керек, олар өңір елдерінен бастау алуы мүмкін.

      Мұның бәрі Қазақстанның белсенді интеграциялық саясат жүргізуін талап етеді. Бұл ретте оның экономикалық аспектісін, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көші-қонды реттеу мәселелерінен бөліп қарауға болмайды.

      Осыған байланысты бұл бағыттағы түйінді міндеттер:

      1) өңірлік интеграцияны тереңдету;

      2) теңгерімді көші-қон саясаты;

      3) халықаралық тұрақтандыру процестеріне қатысу болмақ.

      Өңірлік интеграцияны арттыру. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты ұзақ мерзімді перспективада Кеден одағы шеңберінде Қазақстан, Ресей және Беларусь интеграциясын тереңдету жалғасатын болады. Ресеймен және Беларусьпен бірге Қазақстан басқа елдердің одаққа еркін қосылуын көздейтін ашықтық қағидатын ұстанатын болады.

      Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан ел ретінде Қазақстанның географиялық артықшылығы Қытаймен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, оның ішінде Қазақстан-Қытай шекарасында өңірлік сауда-логистикалық хаб құру арқылы кеңейту үшін қолданылатын болады.

      Еуропаның, Азияның және Американың теңізге тікелей шыға алатын және тораптық транзиттік нүктелер болып табылатын елдерінде көліктік-логистикалық орталықтар құруға инвестициялар жүзеге асырылады.

      "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықарлық транизиттік дәлізі өңірдегі жүк тасымалдайтын негізгі маршрут болмақ. Дәліз көрсетілетін қызметтердің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, ондағы техникалық қолжетімділік зияткерлік заманауи көлік жүйесімен және логистикалық орталықтардың көрсетілетін қызметтерімен үйлесетін болады.

      Теңгерімді көші-қон саясаты. Осы бағыт шеңберінде Қазақстанға еңбек нарығында талап етілетін шетелдік білікті қызметкерлерді, сондай-ақ кәсіпкерлер мен инвестораларды тарту, оның ішінде келу, тұру және еңбек қызметін жүзеге асыру шарттарын жеңілдету жолымен тарту үшін жағдай жасалатын болады.

      Көшіп-қонушылардың әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік мәдени интеграциялануы үшін қолайлы жағдайлар жасау, оның ішінде көшіп-қонушыларды ақпараттық және құқықтық қолдау орталықтарын құру, мемлекеттік тіл мен орыс тілін, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін оқыту курстарын ашу арқылы жасау қамтамасыз етіледі.

      Осы бағытта мемлекет ішіндегі деңгейде ақпарат алмасуды, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен ынтымақтастықты көздейтін заңсыз көші-қонға қарсы әрекет ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

      Халықаралық тұрақтандыру процестеріне қатысу. Қазақстан инвестициялар көлемін арттыру және құру көзделіп отырған KazAID агенттігі шеңберінде техникалық көмек бағдарламаларын кеңейту арқылы Орталық Азия елдірмен байланысты тереңдетуді қолдайтын болады. Өзінің бітімгершілік ұстанымын күшейту шеңберінде Қазақстан бейбіт келіссөздер мен конференцияларды ұйымдастырушы ретінде әрекет етіп, сондай-ақ өз аумағында халықаралық ұйымдардың өңірлік өкілдіктерін ашуға жәрдемдеседі.

      Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі жұмысты жалғастыруы өңірдегі тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері

      Тұтастай алғанда, Тұжырымдама 2050 жылға қарай әлемнің анағұрлым дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін Қазақстанды дамытудың басты идеяларының негізін қалайды.

      Тұжырымдаманың стратегиялық бағыттарының іске асырылуын және нысаналы индикаторларына қол жеткізуді мониторингілеу мен бағалау оны табысты іске асырудың қажетті шарттары болып табылады.

      Осы Тұжырымдаманы дәйекті және нысаналы түрде іске асыру стратегиялық бағдарламалық құжаттар, сондай-ақ өзгерістерді талап ететін заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингілеу мен бағалау кезең-кезеңімен жүргізіледі, аралық нәтижелер мен қалыптасқан үрдістердің талдануын ескере отырып, бұлар стратегиялық даму бағыттарын түзетуге мүмкіндік береді.

      Ұзақ мерзімді Тұжырымдаманы қысқа мерзімді бастамалармен біріктіру мақсатында үйлестіру органын құру мәселесі қаралатын болады. Бұл органның басты рөлі Тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингілеуді және бағалауды жүргізу болмақ.

6. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық
актілердің тізбесі

      Тұжырымдаманы мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы іске асыру көзделіп отыр.

      Заңнамалық актілер:

      1) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі № 167 Қылмыстық кодексi;

      2) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 411 Азаматтық іс жүргізу кодексі;

      3) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155 Қазақстан Республикасының кодексі;

      4) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы № 422 Жер кодексі;

      5) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі № 477 Орман кодексі;

      6) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі № 481 Су кодексі;

      7) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы № 212 Экологиялық кодексі;

      8) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 Еңбек кодексі;

      9) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсанындағы № 95-IV Бюджет кодексі;

      10) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Қазақстан Республикасының Кодексі(Салық кодексі);

      11) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Қазақстан Республикасының Кодексі;

      12) "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі № 156 Қазақстан Республикасының Заңы;

      13) "Жол жүрiсi қауiпсiздiгi туралы" 1996 жылғы 15 шілдедегі № 29 Қазақстан Республикасының Заңы;

      14) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" 1998 жылғы 2 шілдедегі № 267 Қазақстан Республикасының Заңы;

      15) "Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі № 453 Заңы;

      16) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Қазақстан Республикасының Заңы;

      17) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 149 Қазақстан Республикасының Заңы;

      18) "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі № 245 Қазақстан Республикасының Заңы;

      19) "Инвестициялар туралы" 2003 жылғы 8 қаңтардағы № 373 Қазақстан Республикасының Заңы;

      20) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 207 Қазақстан Республикасының Заңы;

      21) "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы № 214 Қазақстан Республикасының Заңы;

      22) "Ақпараттандыру туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы № 217 Қазақстан Республикасының Заңы;

      23) "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі № 303-III Қазақстан Республикасының Заңы;

      24) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III Қазақстан Республикасының Заңы;

      25) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсанындағы № 100-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      26) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы № 291-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      27) "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      28) "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      29) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      30) "Ғарыш қызметі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 528-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      31) "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      32) "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы № 541-IV Қазақстан Республикасының Заңы;

      33) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Қазақстан Республикасының Заңы;

      34) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі № 88-V Қазақстан Республикасының Заңы;

      35) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Қазақстан Республикасының Заңы.

      Стратегиялық және бағдарламалық құжаттар:

      1) "Қазақстан Республикасында 2006 – 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 Жарлығы;

      2) "Астана қаласын орнықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 17 наурыздағы № 67 Жарлығы;

      3) "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы;

      4) "Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығы;

      5) "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығы;

      6) "Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығы;

      7) "Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығы;

      8) "Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығы;

      9) "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 119 Жарлығы;

      10) "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 11 қазандағы № 161 Жарлығы;

      11) "Ақпаратты Қазақстан – 2020" мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 464 Жарлығы;

      12) "Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 18 сәуірдегі № 552 Жарлығы;

      13) "Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 4 маусымдағы № 579 Жарлығы;

      14) "Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығы;

      15) "Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығы;

      16) "Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 308 қаулысы;

      17) "Қазақстан-2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 ақпандағы № 191 қаулысы;

      18) "Жұмыспен қамту 2020 жол картасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 636 қаулысы;

      19) Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2014 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

      20) аумақтарды дамыту бағдарламалары;

      21) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары.

Қорытынды

      Қазіргі болжамдарға сәйкес Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге болады. Ол үшін елімізге табиғи және адами ресурстарды, капиталды пайдаланудың, институционалдық ортаны және аумақтық дамуды жетілдірудің бағыттары туралы түйінді шешім қабылдау қажет.

      Соңғы онжылдықтарда Қазақстанның қарқынды экономикалық өсуін оның бай табиғи ресурстары, әсіресе, көмірсутек шикізатының қорлары айтарлықтай дәрежеде қамтамасыз етті. Алайда мұндай өсуді қолдау үшін ұзақ мерзімді перспективада да экономиканың мұнай емес секторларын әртараптандыру және дамыту талап етіледі.

      Қысқа және ұзақ мерзімді перспективада инвестициялар мен жаңа технологияларды игеру өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Өнімділіктің ұзақ мерзімді өсуі инновациялық әлеуетті іске асыруға және ғылымды қажетсінетін экономиканы дамытуға тәуелді болады.

      Бұл ретте Қазақстанға әлемдік және өңірлік экономикалық трендтерге бейімделуге тура келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, таяу арадағы 15-20 жылда сыртқы орта Қазақстан үшін кейінгі онжылдықтарға қарағанда неғұрлым қолайлы болмақ. Радикалды инновациялардың болмауы, жаһанданудың баяулауы, табиғи ресурстарға тұрақты сұраныстың сақталуы, климаттың өзгеруінен болатын әсердің шектеулі болуы еліміздің дамуда серпіліс жасауы үшін "мүмкіндіктер терезесін" ашады.

      Бұл уақыт ішінде Қазақстан ғылымды қажетсінетін экономиканы қалыптастыруға, институционалдық ортаны жетілдіруге және адами капиталды нығайтуға кірісіп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуде алға қарай жылдам ілгерілей алады.

      Бұл кезең аяқталғаннан кейін ұзақ мерзімді дамудың стратегиялық міндеттерін шешу әлемдік трендтердің жағымсыз әсерінің күшеюі салдарынан қиындай түседі.

      "Мүмкіндіктер терезесін" уақтылы пайдалану Қазақстанға сыртқы сын-қатерлерге оралымды ден қойып, 2050 жылдан кейін де дамудың орнықтылығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады