Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 27 ақпандағы № 757 Жарлығы

      Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2014 жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін:
      1) шағын және орта бизнес субъектісінің өзінің қызметіне қатысты өтініші оларды жүргізуге негіз болып табылатын тексерулерді, осы өтінішпен байланысты қарсы тексерулерді;
      2) қаржылық ұйымдарды;
      3) атом энергетикасы, радиоактивтік заттар саласын;
      4) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, оның ішінде азаматтық және қызметтік, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен оларды қолдана отырып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметін;
      5) конституциялық құрылысқа, ұлттық қауіпсіздікке, заңдылыққа және қоғамдық тәртіпке тура және тікелей қауіп-қатер төндіретін іс-әрекеттің алдын алу немесе жою мақсатында жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді тоқтатсын.
      Осы тармақтың 3)-5) тармақшаларында көрсетілген тексерулер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен келісілген, орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізіледі деп белгіленсін.
      2. Кәсіпкерлік субъектілерін жоспарлы тексерулер 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап болмасын.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) мынадай заң жобаларын:
      2014 жылғы 1 сәуірге дейін – рұқсаттар мен хабарламалардың нақтылы тізбесін, оларды беру тәртібін регламенттеу, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілеріне рұқсаттар жүйесі саласында заңнамаға реттеушілік ықпалын талдау қағидатын енгізуді көздейтін мәселелер бойынша;
      2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін – Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша мыналарды:
      тәуекелдерді бағалау негізінде тексерулерді ұйымдастыруға көшуді, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін сақтандыру мүмкіндігін кәсіпкерлік субъектілерін тексерудің баламасы ретінде енгізуді;
      кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру барысында тексеруге жататын талаптарды қысқартуды;
      шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарату ресімдерін жеңілдетуді;
      Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін күшейтуді, оның ішінде кәсіпкерлер құқықтары жөніндегі уәкіл институтын енгізуді;
      Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсартуға бағытталған өзге де шараларды көздейтін;
      2015 жылғы 1 қаңтарға дейін – өзін өзі реттейтін ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлесін және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісім бойынша 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) бекітсін;
      3) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңнамалық актілердің нормаларын топтастырсын;
      4) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін рұқсаттар беруді автоматтандыруды аяқтасын;
      5) осы Жарлықты іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру барысында заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қадағалауды қамтамасыз етсін.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады