"Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу және "Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдама туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 234 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 966 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 10.09.2022 № 1005 Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасында:

      "1. Қазақстан Республикасындағы жаңа бюджет саясатының пайымы" деген бөлімде:

      "Ағымдағы ахуалды талдау" деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы отыз сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сондай-ақ абсолюттік мәнде де, салыстырмалы мәнде де елдің сыртқы борышының өсуі байқалады. Айталық, 2011 жылдың соңына сыртқы борыш көлемі 125,3 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 66,7%, ал 2013 жылдың соңына - 149,9 млрд. АҚШ долларын немесе ЖІӨ-ге қатысты 64,8% құрады.";

      "Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңі және оны іске асырудан күтілетін нәтижелер" деген кіші бөлімде:

      үшінші бөліктің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау;";

      "2. Қазақстан Республикасында жаңа бюджет саясатын қалыптастырудың және іске асырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген бөлімде:

      "Мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың борышын қауіпсіз деңгейде ұстау" деген кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау

      Бюджет тапшылығының мөлшері үкіметтік борыштың орнықтылығын қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.

      Бюджет тапшылығы 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 1,4%-ға дейін азайған кезде, мемлекеттік борыш 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 13,9%-дан аспауы, оның ішінде үкіметтік борыш ЖІӨ-ге қатысты 13,7%-дан жоғары болмауы тиіс.

      Бұл ретте мемлекеттік борыш және квазимемлекеттік сектордың борышы жиынтығында 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге қатысты 22%-дан аспайды.

      Мемлекет бақылайтын ұйымдар борышының өсуіне жол бермеу мақсатында мынадай мәселелер пысықталатын болады:

      1) мемлекет бақылайтын ұйымдардың белгілі бір сомадан астам сыртқы қарыздарды тартуын, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару жолымен тартуын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен міндетті түрде келісуді және оның рұқсатын алуды көздейтін норманы белгілеу;

      2) тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін, мемлекет бақылайтын ұйымдарға сыртқы қарыз алуға, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару жолымен алуға тыйым салуды енгізу мүмкіндігі;

      3) мүдделі мемлекеттік органдар арасында жекелеген субъектілер бөлінісінде квазимемлекеттік сектордың борышы туралы ақпарат алмасу.

      Елдің борыштық тұрақтылығын ұстау мақсатында сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы орта мерзімді кезеңде 100%-дан аспауы тиіс, ал мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жиынтығында ЖІӨ-ге қатысты 60%-дан аспауы тиіс. Борыштың жоғарғы шегін есептеуге мемлекет бақылайтын ұйымдардың өзара міндеттемелері және резидент емес бақыланатын ұйымдардың міндеттемелері енгізілмейді.

      Ел резиденттерінің резидент еместер алдындағы жиынтық борышын білдіретін, елдің сыртқы борышы көрсетілген деңгейден асып кеткен жағдайда мемлекеттік органдар:

      1) елдің даму бағдарламаларымен байланыста сыртқы борыштың жағдайы мен құрылымын егжей-тегжейлі талдауға;

      2) қажет болған кезде сыртқы қаржыландыруды тарту және/немесе шетел қатысатын жобаларды іске асыру мерзімдері бөлігінде көрсетілген бағдарламаларға түзетулер енгізуге;

      3) резиденттердің сыртқы қарыз алуын ынталандырмауға бағытталған қолда бар жанама шараларды (арнайы валюталық режимді енгізу, пруденциалдық нормативтермен реттеу және т.б.) күшейтуге тиіс.

      Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы қарызы үшін белгіленген шектер индикативтік параметрлер болып табылады, өйткені халықаралық әдіснама мен практикаға сәйкес елдің борыштық орнықтылығы кешенді талдау жүргізуді талап ете отырып, бір немесе бірнеше параметрлердің мәнімен біркелкі сипатталмауы мүмкін.

      Мүдделі мемлекеттік органдар жүргізетін борыштың жай-күйін мониторингтеу мен бағалау борыштың жай-күйін егжей-тегжейлі талдауды, оның ішінде ықтимал қатерлер мен дағдарысты жағдайлардың басталуын, резидент - қарыз алушылардың дағдарысты жағдайлар туындаған жағдайда, оларды еңсеруге әзірлігінің жай-күйін және т.б. қамтуы тиіс.

      Елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын басқару жөніндегі мемлекеттік функциялар бірқатар мемлекеттік органдар бойынша, олардың қолданыстағы функционалдық міндеттерін ескере отырып бөлінген.

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган басқару саясатын айқындайды және мүдделі мемлекеттік органдардың борышты (елдің ішкі де сыртқы да борышын қоса алғанда, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың ортақ борышы ретінде) реттеу бойынша қызметін үйлестіреді.

      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік басқару секторының борышын және мемлекеттің шартты міндеттемелерін реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді, мемлекет бақылайтын ұйымдар борышының жай-күйіне мониторинг жүргізеді.

      Мемлекет бақылайтын ұйымдардың тізбесін, кейін өзінің ресми сайтында орналастыра отырып, бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және жарты жылдық негізде өзектілендіреді.

      Ұлттық Банк мемлекет бақылайтын ұйымдардың және жекеше сектордың сыртқы борышының жай-күйіне мониторинг жүргізеді, сыртқы борыштың жай-күйіне бағалау жүргізеді, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, елдің сыртқы борышының жай-күйін жақсарту мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне, оның тиісті шаралар қабылдауы үшін ұсыныстар енгізеді, өз құзыреті шегінде қаржы секторы ұйымдарының борышын реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді.

      Иелену және/немесе басқару құқықтарын жүзеге асыратын уәкілетті органдар және/немесе тиісті жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат ұсына отырып, мемлекет қатысатын ұйымдардың борышын реттеу жөніндегі мемлекеттік саясаттың орындалуын қамтамасыз етеді.

      Қажет болған кезде, елдің борышын басқару қызметіне өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар тартылуы мүмкін.

      Мемлекет бақылайтын ұйымның борышын және қаржылық орнықтылығын басқару саясатын акционерлік қоғамдар үшін директорлар кеңесі бекітеді.

      Бұл ретте қарыздарды тарту тәуекелдің төрт негізгі түрін:

      1) өтімділік тәуекелін (белгілі бір уақыт аралығында қаржы активтері мен қаржы міндеттемелерінің теңгерілмегендігі);

      2) кредиттік тәуекелді (өз міндеттемелерін орындамау не тиісінше орындамау);

      3) валюталық тәуекелді (шетелдік валюта бағамдарының ауытқуы);

      4) пайыздық тәуекелді (құбылмалы пайыз мөлшерлемелерінің ауытқуы) қамтитын, мемлекет бақылайтын ұйымның борышын және қаржылық орнықтылығын басқару саясаты негізінде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік бағалы қағаздар (бұдан әрі - МБҚ) нарығын дамыту перспективалары.

      Борыш саясаты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін қолайлы шарттармен үкіметтік қарыз алуды жүзеге асыруға, сондай-ақ борыш құралдарының ішкі нарығының дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады. МБҚ-ның белсенді нарығын дамыту бағалы қағаздардың отандық нарығының дамуына оң ықпалын тигізеді. Мұның өзі нарықтағы жеткілікті өтімділікті қолдауға септігін тигізетін МБҚ-ның бастапқы және қайталама нарықтарының одан әрі дамуын білдіреді.

      Республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың қажеттіліктеріне сәйкес МБҚ шығаруда ашық және болжамды саясат жүргізілетін болады.

      МБҚ қоржынының құрылымы жеткілікті фрагменттелген болады. Қазіргі уақытқа дейін МБҚ-ны орналастыру негізінен жаңа шығарылымдарды жасау жолымен жүргізілді, бұл қайталама нарықтың өтімділігін төмендетуге ықпал етті. Осылайша салымдардың қолда бар көлемі МБҚ-ның салыстырмалы түрде үлкен мөлшердегі шығарылымдары арасында бөлініп отырды.

      Өтімділікті арттыру үшін МБҚ шығару стратегиясы МБҚ орналастыру бойынша қайталама аукциондарды белсенді жүргізуге бағытталады. Қайта ашылулар айналымдағы МБҚ шығарылымдарын ірілендіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ МБҚ шығарылымдары санын қысқартуға ықпал ететін болады. Осы мақсатта қайталама нарықта МБҚ сатып алуды (мерзімінен бұрын өтеуді) және міндеттемелерді басқару бойынша басқа құралдарды қоса алғанда, міндеттемелерді басқару бойынша операциялар жүргізілетін болады. Бұл аталған нарық сегментінде стандартты құралдардың пайда болуы мен өтімділіктің артуына ықпал ете отырып, құралдардың түрлері бойынша құрылымдалған нарықты және мерзімі мен бағасы бойынша нарықтағы эталонды көрсеткіштерді жасауға септігін тигізеді. МБҚ шығару стратегиясы ақша нарығындағы ұзақ мерзімді трендтерді де ескеруі тиіс.

      Тұтастай алғанда, борыштық бағалы қағаздардың ұлттық нарығын одан әрі дамыту орта мерзімді кезеңде мемлекеттік борыш саясатының түйінді басымдықтарының бірі болып табылады. Бұдан басқа, МБҚ нарығының жұмыс істеуін жақсарту мен инвесторлық базаны әртараптандыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.";

      "3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі" деген бөлімнің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) елдің мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышын қауіпсіз деңгейде ұстау:

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі;

      "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;".

      2. "Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдама туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 234 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 49, 510-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады