Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 155 Жарлығы.

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.НАЗАРБАЕВ


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 155 Жарлығымен
бекітілген

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының 2-тармағына сәйкес, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік субъектілердің (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың объектілері) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар мына салалардағы қатынастарға:

      1) прокуратура жүзеге асыратын жоғары қадағалауға;

      2) қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуге;

      3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге;

      4) сот төрелігіне;

      5) жедел-іздестіру қызметіне;

      6) қылмыстық-атқару қызметіне;

      7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауға қолданылмайды.

2. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу

      3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу объектісінің бірінші басшыларының, олар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқаратын немесе олардың лауазымдарын алмастыратын адамдардың бірлескен шешімі (бұдан әрі – бірлескен шешім) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу негіздемесі болып табылады.

      4. Бірлескен шешім мыналардың:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі тапсырмаларының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар шешімдері мен ұсынымдарының;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, оның ішінде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін зерделеу нәтижелерінің;

      3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісінің бастамашылық өтінішінің және оны өткізу туралы уәкілетті органның шешімі негізінде қабылданады.

      5. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды 30 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, бірлескен шешіммен құрылатын жұмыс тобы жүргізеді.

      6. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу өзіне мынадай кезеңдерді:

      1) осы Қағидалардың 8-тармағында көзделген бағыттарға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау объектісіне қатысты ақпаратты жинауды, қорытуды және талдауды;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес талдау анықтамасын жасауды қамтиды.

      7. Уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің мамандарын және (немесе) сарапшыларын тартуға құқылы.

      8. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

      9. Осы Қағидаларға сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі деп мынадай мәселелер түсініледі:

      1) персоналды басқару, соның ішінде кадрлардың ауысуы;

      2) мүдделер қақтығысын реттеу;

      3) мемлекеттік қызметтер көрсету;

      4) рұқсат беру функцияларын орындау;

      5) бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру;

      6) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелер.

      10. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізудің ақпарат көздері мыналар болып табылады:

      1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің қызметін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер;

      2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың объектісі ұсынатын оның бағыттары бойынша мәліметтер;

      3) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың бағыттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ақпарат жүйелерінен алынған деректер;

      4) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың объектісіне қатысты мемлекеттік органдардың бұрын жүргізген тексеру нәтижелері;

      5) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың бағыттарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар;

      7) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудың объектісіне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;

      8) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің лауазымды адамдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын анықтау және оны жасағаны үшін жауаптылыққа тарту туралы мәліметтер;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де мәліметтер.

3. Сыртқы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдаудың қорытындылары

      11. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша:

      1) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпаратты;

      2) анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсынымдарды қамтитын талдамалық анықтама әзірленеді.

      12. Талдамалық анықтама жұмыс тобының мүшелерімен келісіледі және бірлескен шешіммен белгіленген уәкілетті органның және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің лауазымды адамдары қол қояды.

      13. Талдамалық анықтама уәкілетті органға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілеріне бір данадан әзірленеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау аяқталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде олардың бірінші басшыларына ұсынылады.

      14. Уәкілетті орган сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықтамаға қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектілерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдарды орындауына мониторинг жүргізеді.

      15. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері анықтамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны жүргізудің негізіне қарай:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қарауына беріледі;

      2) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады және оны жүргізуге өтініштері негіз болған жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады