Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 156 Жарлығы. Тақырып жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 қазандағы № 349 Жарлығымен.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 156 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері туралы ереже

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.
      Ескерту. Мәтін бойынша "Министрлік", "Министрліктің" деген сөздер, тиісінше, "Агенттік", "Агенттіктің" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      Осы Ереже Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестерінің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы әдеп жөніндегі кеңестері (бұдан әрі - Әдеп жөніндегі кеңес) Агенттіктің алқалы органдары болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      2. Әдеп жөніндегі кеңес өз қызметін "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, осы Ережеге, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, объективтілік пен әділдік, әдептілік, қоғамдық пікір мен жариялылықты ескеру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану қағидаттарын басшылыққа алады.

      3. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс органы Агенттіктің аппарат басшысы Агенттіктің аумақтық органының құрылымдық бөлімшелері қатарынан айқындайтын хатшылық болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      4. Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс регламентін Агенттіктің төрағасы бекітеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

2. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері, функциялары
мен өкілеттіктері

      5. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері:

      1) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу;

      2) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау;

      3) әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      6. Әдеп жөніндегі кеңес негізгі міндеттеріне сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындыларын қарау;

      2) мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың профилактикасы бойынша жұмысының қорытындыларын қарау;

      3) қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарау;

      4) тәртіптік практиканы талдау қорытындылары негізінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін қарау;

      5) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның, Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның, Агенттіктің ұсынымдарын қарау;

      7) қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың әкімдеріне, облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдеріне, С-О-1, С-О-2, С-R-1, С-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-0-2, Е-1, Е-2, Е-R-1, Е-R-2 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілерге (бұдан әрі - қызметшілер) қатысты тәртіптік істерді қарау.

      7. Әдеп жөніндегі кеңес өз құзыреті шегінде:

      1) өз отырыстарында жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен өзге де лауазымды адамдарын, әдеп жөніндегі уәкілдерді тыңдауға;

      2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан олардың алдында тұрған міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттар, материалдар мен ақпарат сұратуға;

      3) осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілерден және өзге де адамдардан түсіндірмені талап етуге;

      4) осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы берілген лауазымды адамдарға қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы ұсыныстар енгізуге;

      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдеріне, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшыларына қызмет тәртібін нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды іске асыру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар енгізуге;

      6) осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы берілген лауазымды адамдардың қарауына қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін оларды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныстар енгізуге;

      7) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымын негізсіз орындамаған лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау туралы ұсыныстар енгізуге;

      8) сарапшылар мен мамандарды, мемлекеттік органдардың жұмыскерлерін қорытындылар беру үшін тартуға құқылы.

3. Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру

      8. Агенттіктің аумақтық органының басшысы лауазымы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып табылады, оны Агенттіктің төрағасы лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      9. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:

      1) Әдеп жөніндегі кеңестің дербес құрамын Агенттік төрағасының қарауына және бекітуіне енгізеді;

      2) Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына және бекітуіне жұмыс жоспарын енгізеді;

      3) Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастырады және оған басшылық етуді жүзеге асырады;

      4) Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарының күн тәртібін, өтетін орны мен уақытын айқындайды;

      5) Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      6) Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды;

      7) Агенттіктің алдында Әдеп жөніндегі кеңес жұмысының қорытындылары туралы тоқсан сайын есеп береді;

      8) Әдеп жөніндегі кеңестің құзыреті шегінде тәртіптік істерді қозғайды, тоқтата тұрады және қайта жалғастырады;

      9) Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында мәселелерді қараудың нәтижелері бойынша адамдардың теріс қылықтар жасағаны туралы мәліметтер мен материалдарды уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның қарауына олардың құзыретіне сәйкес жолдайды.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      10. Әдеп жөніндегі кеңестің құрамын Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы мен мүшелері құрайды. Мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен өзге де адамдар Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері бола алады. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің саны тақ әрі кемінде 7 адамнан құралуға тиіс.

      11. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі өзіне жүктелген функцияларды атқару кезінде бейтарап және объективті болуға тиіс.

      12. Әдеп жөніндегі кеңестің құрамына:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған;

      2) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдар атқару құқығынан айырған;

      3) сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза қолданылған;

      4) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін бұрын сотталған немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған;

      5) мемлекеттік органдардан және ұйымдардан теріс себептер бойынша босатылған адамдар кіре алмайды.

      13. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының ұсынуы бойынша Агенттіктің аппарат басшысы Әдеп жөніндегі кеңестің дербес құрамын бекітеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      14. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі:

      1) Әдеп жөніндегі кеңес жұмысының жоспары мен отырыстардың күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарына материалдарды және оның шешімдерінің жобаларын әзірлеуге қатысуға;

      3) Әдеп жөніндегі кеңес қарайтын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

      15. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының ұсынуы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі мынадай:

      1) уақытша еңбекке жарамсыздығы жағдайында болған, мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді атқару үшін жұмыстан босатылған, демалыста, іссапарда болған уақытты қоспағанда, Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарына қатарынан үш реттен артық келмеген;

      2) мемлекеттік орган басшысының, депутаттың, қоғамдық бірлестіктің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің өкілеттігі тоқтатылған;

      3) заңнамада көзделген тәртіппен расталған құқыққа қайшы кінәлі түрде әрекет немесе әрекетсіздік жасаған;

      4) Әдеп жөніндегі кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді қарау кезінде объективті болмаған және жеке мүдделілік танытқан;

      5) Әдеп жөніндегі кеңестің құрамынан шығу туралы ниет білдірген жағдайда, оның құрамынан шығарылуы мүмкін.

      16. Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстары:

      1) егер оларға Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жалпы санының кемінде төрттен үш бөлігі қатысса, құқықтық күші бар деп саналады;

      2) оның жұмыс жоспарына сәйкес, сондай-ақ қажеттігіне қарай, бірақ екі айда бір реттен сиретпей өткізіледі.

      Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оның отырыстарына алмастыру құқығынсыз қатысады.

      17. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі, егер ол не онымен бірге тұратын жақын туыстары өзіне қатысты тәртіптік іс қозғалған адаммен туыстық немесе басқа да қатынастармен байланыста немесе аталған адамнан қызметтік не өзге де тәуелділікте болса, тәртіптік іс бойынша талқылауға және дауыс беруге қатыса алмайды.

      Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі өзінің талқылауға және дауыс беруге қатысуына жол бермейтін мән-жайлар туралы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысына дейін мәлімдеуге міндетті.

      18. Әдеп жөніндегі кеңес отырысқа қатысушы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері санының үштен екісінің даусымен шешімдер қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады. Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері дауыс беру кезінде қалыс қала алмайды.

      19. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болмаған кезде оның тапсырмасы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің бірі төрағаның міндеттерін атқарады. Бұл ретте, ол болмаған кезеңде тәртіптік істі қозғау, тоқтата тұру және қайта жалғастыру жөніндегі өкілеттіктерді Агенттіктің аумақтық органы басшысының міндеттерін орындайтын адам жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      20. Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы, мүшелері, сондай-ақ Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі қол қоятын хаттама түрінде ресімделеді.

      21. Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы қозғаған тәртіптік іс тәртіптік жазаны қолдану мерзімдерін ескере отырып, жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      22. Тәртіптік іс:

      1) қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздығы;

      2) қызметшінің демалыста немесе іссапарда болу;

      3) қызметшінің мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылу;

      4) қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болу;

      5) қызметші өзінің тәртіптік жауаптылыққа тартуға бастамашы болған мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сот тәртібімен шағым жасау кезеңінде тоқтатыла тұрады.

      23. Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында тәртіптік іс қаралғанға дейін оның хатшылығы мемлекеттік қызмет туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және жағдайларда қызметтік тергеп-тексеру жүргізеді, оның барысында іске қатысы бар мән-жайлар мен мәліметтер зерделенеді.

      24. Хатшылық тәртіптік жауаптылыққа тартылатын адамдарды Әдеп жөніндегі кеңес отырысының өтетін орны мен уақыты туралы хабарлау жөніндегі шараларды қабылдайды.

      Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында тәртіптік іс, егер тәртіптік жауаптылыққа тартылатын адамдар отырыс өткізілгенге дейін үш күн бұрын Әдеп жөніндегі кеңес отырысының өтетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілсе, олардың қатысуынсыз қаралуы мүмкін.

      25. Осы Ережеде тиісінше хабарлау деп адамды тікелей өзіне немесе онымен бірге тұрып жатқан кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне қолын қойғызып, не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып, хатпен, тапсырыс хатпен немесе жеделхатпен табыс етілетін хабарлау танылады.

      26. Отырыста қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау кезінде Әдеп жөніндегі кеңес мынадай мәселелерді:

      1) қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау үшін негіз болып табылатын нақты әрекеттің (әрекетсіздіктің) орын алғанын-алмағанын;

      2) бұл әрекеттің (әрекетсіздіктің) тәртіптік теріс қылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол заңнаманың қандай нормаларын бұза отырып жасалғанын;

      3) осы теріс қылықты қызметшінің жасағанын-жасамағанын;

      4) осы теріс қылықты жасауда қызметшінің кінәсі байқалатынын-байқалмайтынын;

      5) қызметшіні тәртіптік жауаптылыққа тарту мерзімдерінің сақталғанын-сақталмағанын;

      6) қызметшіге тәртіптік жазаның қандай түрін белгілеу ұсынылатынын шешеді.

      27. Тәртіптік істі қараудың қорытындылары бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мынадай шешімдердің бірін шығаруы мүмкін:

      1) лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы берілген лауазымды адамдарға осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілерге тиісті тәртіптік жаза қолдануды ұсыну;

      2) тәртіптік істі тоқтату.

      28. Осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілердің іс-әрекетінде ықтимал қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, аталған адамды белгіленген тәртіппен қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін Әдеп жөніндегі кеңес тиісті құжаттар мен материалдарды үш жұмыс күні ішінде құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жібереді.

      Әдеп жөніндегі кеңес материалдар мен құжаттардың құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілгені туралы үш жұмыс күні ішінде Агенттікті хабардар етеді.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

4. Хатшылықтың негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері

      29. Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз ету хатшылықтың негізгі міндеті болып табылады.

      30. Хатшылықты Агенттіктің аппарат басшысы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын хатшылық меңгерушісі басқарады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 05.10.2016 № 349 Жарлығымен.

      31. Хатшылық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша:

      1) Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қамтамасыз ету;

      2) қызметтік әдеп нормаларының бұзылу, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулер жүргізу;

      3) осы Ереженің 6-тармағының 7) тармақшасында аталған қызметшілерге қатысты тәртіптік істерді қарау үшін материалдар дайындау функцияларын жүзеге асырады.

      32. Хатшылық өз құзыреті шегінде:

      1) қызметтік әдеп нормаларының бұзылу, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексерулер жүргізуге;

      2) мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдар мен өзге де субъектілерден қызметтік тергеп-тексерулерді жүзеге асыру үшін қажетті материалдар мен ақпарат сұратуға;

      3) тиісті салалардағы мамандар мен консультанттарды қызметтік тергеп-тексерулерге қатысу және қорытындылар беру үшін тартуға;

      4) қызметтік тергеп-тексерулер барысында қозғалатын мәселелерді қарау құзыретіне кіретін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін қызметтік тергеп-тексерулерге тартуға құқылы.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 156 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған
кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртіптік кеңестері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 30 маусымдағы № 1598 Жарлығының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 27, 329-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 27 қарашадағы № 446 Жарлығының 1-тармағының 10) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 499-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 18 ақпандағы № 1157 Жарлығының 1-тармағының 5) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 19, 229-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 16 тамыздағы № 616 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 45, 658-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 21 қарашадағы № 697 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 68, 905-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 тамыздағы № 900 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 12-тармағының төртінші - жиырма екінші абзацтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 54, 532-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады