Заң шығару жұмысының 2016 - 2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспарын бекіту туралы (Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымы)

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 қыркүйектегі № 314 Жарлығы

Қазақстан Республикасының   
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Заң шығару жұмысының 2016 — 2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары (Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымы) (бұдан әрі - Тұжырымдамалық жоспар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) Тұжырымдамалық жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етсін;
      2) жыл сайын, 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Тұжырымдамалық жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2016 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 314 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Заң шығару жұмысының 2016 - 2021 жылдарға арналған
ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ ЖОСПАРЫ
(Қазақстан Республикасы Парламентінің алтыншы шақырылымы)

Парламент сессиялары/жартыжылдықтар Заңнаманы жетілдіру жүзеге асырылатын заңнаманың салалары (аялары)
1 2
2016-2017 жылдар (2-сессия)

Тұрғын үй қатынастары; стандарттау және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету; жергілікті өзін-өзі басқару; электр энергетикасы; жарнама; дактилоскопиялық және геномдық тіркеу; пробация; бұқаралық ақпарат құралдары; білім беру; әкімшілік құқық бұзушылық саласындағы заңнама

2016 жылдың екінші жартыжылдығы

Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға жүктелетін міндеттердің тиімді орындалуы мәселелерінде маңызды құрал болып табылады.
Осыған байланысты әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігін жетілдіру бойынша заңнамалық шараларды қабылдау талап етіледі.
Стандарттау және өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру
Техникалық реттеу саласындағы стандарттарды техникалық регламенттердің жұмыс істеуі үшін ғана пайдаланылуынан, оның ішінде өнімнің сапасына тиісті бағдарлар жасау, оларды экономиканың қазіргі заманғы сұраныстарына және стандарттауды дамытудың халықаралық дәстүрлеріне сәйкес келтіру мақсатында оларды кеңінен қолдануға қайта бағдарлау қажет.
Сонымен қатар өлшемдер бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін күшейту және бизнестің дамуына жәрдемдесу бағытында трансформациялау талап етіледі.
Жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын іске асыру және жергілікті өзін-өзі басқаруды ілгері дамыту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқару мен өзін-өзі басқарудың аражігін одан әрі ажыратуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербес бюджетін қалыптастыру қажет (2-кезең, 98-қадам).
Электр энергетикасы саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру, электр энергиясын беру мен тұтыну құнын азайту бөлігінде іске асыру мақсатында өңірлік энергия беруші компанияларды ірілендіре отырып, олардың санын қысқарту қажет (51-қадам).
Осыған байланысты бұл міндетті тиімді іске асыруға ықпал ететін ынталандыру тетіктерін заңнамалық түрде айқындау талап етіледі.
Жарнама саласындағы заңнаманы жетілдіру
Тұтынушыларды жарнама арқылы алынатын дәйекті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жарнама қызметін неғұрлым тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ететін құқықтық құралдар қажет.
Осыған байланысты салааралық тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ жарнама туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты нақтылауға бағытталған жүйелі шараларды қолдану талап етіледі.
Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу саласындағы заңнаманы жетілдіру
Ақпараттық-техникалық дамудың қазіргі заманғы жағдайында адамдардың жеке басының, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында адамды сәйкестендірудің озық технологияларын енгізу талап етіледі.
Осыған байланысты озық шетелдік практиканы ескере отырып, дербес дактилоскопиялық және геномдық деректерді жинау, өңдеу және қорғау мәселелерін заңнамалық түрде регламенттеу қажет.
Пробация саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру, сондай-ақ осындай азаматтар үшін әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясын және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер стандартын әзірлеу көзделген (33-қадам).
Осы нұсқамаларды іске асыруға пробация жүйесін заңнамалық деңгейде институционалдық реформалау арқылы қол жеткізуге болады

2017 жылдың бірінші жартыжылдығы

Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Бұқаралық коммуникация технологияларының дамуымен өзгеріске түсетін қоғамдық қатынастарды құқықтық регламенттеу мақсатында ақпараттық саладағы барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру қажет.
Атап айтқанда, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын техникалық жаңғыртуды, қазақстандық масс-медианы тарату географиясын одан әрі кеңейтуді, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігін арттыруды көздеу қажет.
Білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында «Назарбаев Университетінің» тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңмен кеңейту, жеке меншік жоғары оқу орындарын халықаралық практикаға сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға өзгерту қажет (78-қадам).
Әкімшілік құқық бұзушылық саласындағы заңнаманы жетілдіру
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің алдын алу әсер ету резервтерін әрі қарай ашу, сондай-ақ оның профилактикалық әлеуетін кеңірек пайдалану өзекті болуда. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің негізгі міндеті азаматтардың, ұйымдар мен бизнестің заңды құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
Бұл ретте әкімшілік-деликтік заңнаманы жетілдіру жасалған құқық бұзушылыққа қолданылатын әкімшілік жазаның ақылға қонымдылығы мен мөлшерлестігі қағидаттарын, сондай-ақ әкімшілік жазаларды әділ қолдану қағидатын ескеріле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
Сондай-ақ әкімшілік-деликтік заңнаманы жетілдіру барысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында оған енгізілетін түзетулердің жиілігін шектеу, сондай-ақ жаңа айыппұлдарды белгілеуге немесе қолданыстағы айыппұлдарды қатаңдатуға мораторий енгізу, салдарларды болжау және салалық заңдарға енгізілетін тыйым-салушылық немесе міндеттеуші нормаларды орындауға мемлекеттік және қоғамдық институттардың дайындығын ескере отырып, заңнамалық түзетулерді талдау рәсімін жетілдіру мәселелерін пысықтау қажет

2017-2018 жылдар (3-сессия)

Жер қойнауын пайдалану; салық салу және кеден ісі; мемлекеттік статистика; тұқым шаруашылығы; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс; валюталық реттеу және валюталық бақылау; сақтандыру және сақтандыру қызметі; мемлекеттік басқару жүйесі; азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру; есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл; гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі; тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану; денсаулық сақтау; білім және ғылым; көлік саласындағы заңнама

2017 жылдың екінші жартыжылдығы

Жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазіргі таңда жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнама әртүрлі нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
Осы саланы құқықтық реттеу тиімділігін арттыру мақсатында бірыңғай кодификатталған заңнамалық акт шеңберіндегі жер қойнауын пайдалану мен сабақтас қоғамдық қатынастарды реттейтін нормаларды біріктіру және жүйелеу талап етіледі.
Салық салу және кеден ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында (44 және 45-қадамдар) салық жүйесі мен кедендік әкімшілендіруді түбегейлі реформалау бойынша жұмыс жүргізу, салық режімдерін оңтайландыру, салық жеңілдіктерін қайта қарау, салықтық және кедендік әкімшілендірудің ашықтығын жоғарылату, сондай-ақ осы салалардағы заңнаманы бірегейлендіру қажет.
Мемлекеттік статистика саласындағы заңнаманы жетілдіру
Статистикалық процестер мен өнімнің сапасын институционалдық деңгейде қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік статистика саласындағы заңнаманы халықаралық тәжірибені, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, өзектендіру қажет.
Тұқым шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіру
Тұқым шаруашылығы жүйесін, оның ішінде осы салада мемлекеттік бақылау мен реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы жаңғырту қажет.
Осыған байланысты тұқым шаруашылығы саласындағы мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін қарау қажет.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру
Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік белсенділігін, әлеуметтік жауаптылығын ынталандыру үшін, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, соған мониторинг жасау және бағалау процесінде жұртшылықтың қатысуын кеңейту және әлеуметтік саладағы мемлекет, бизнес және үкіметтік емес сектордың серіктестігін дамыту үшін заңнамалық жағдай жасау қажет.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Жаңа экономикалық жағдайларда валюталық реттеу мен валюталық бақылау тетіктерін, оның ішінде валюталық реттеу режимдерінің негізгі рәсімдерін оңтайландыру арқылы жетілдіру талап етіледі, бұл бизнес үшін әкімшілік шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты резиденттікті айқындаудың және валюталық операциялар мен капитал ағымдары жөніндегі ақпараттық базаны жетілдірудің тәсілдерін де өзгерту қажет.
Сақтандыру және сақтандыру қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру
Сақтандыру нарығын одан әрі дамыту қажет. Атап айтқанда, заңнамалық және әдіснамалық базаны жетілдіру, ұлттық сақтандыру индустриясының тұрақтылығы мен сенімділігін нығайту, халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру, халықтың сақтандыру қызметтерін көрсету саласындағы құқықтары туралы хабардар болуын кеңейтудің мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.
Мемлекеттік басқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасын іске асыру мақсатында мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру қажет, бұл азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді (97-қадам).
Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Жеке тұлғалардың борыштық жүктемесін жеңілдету үшін жағдайлар жасау мақсатында азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру институтын енгізу мәселесін пысықтау қажет. Бұл ретте теріс пиғылды борышкерлердің өз міндеттемелерін орындамау үшін осы институтты пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын шараларды көздеу қажет.
Есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына ажырамас құқықтарының қорғалуы деңгейін арттыру мақсатында қазіргі кезде бар жаңа синтетикалық есірткіге, сол сияқты келешекте пайда болуы мүмкін олардың түрлеріне қатысты өндіруге және таратуға қарсы іс-қимыл жасауда мемлекет қолданатын шаралардың барабарлығы мен уақтылығын қамтамасыз ету үшін нашақорлыққа қарсы қазіргі заңнамалық жүйені жаңғырту қажет

2018 жылдың бірінші жартыжылдығы

Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы жетілдіру
Су ресурстарын тиімді басқаруды арттыру, гидротехникалық құрылыстарды пайдаланудың халықаралық тәжірибесін ескере отырып, олардың қауіпсіздігінің пәрменді жүйесін қалыптастыру мақсатында гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне қатысушылардың өзара іс-қимыл жасауының тиімді жүйесін жасай отырып, олардың функцияларының аражігін ажырату қажет.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамалық базаны өзектендіру, археологиялық қызметті реттеудің және тарихи-мәдени мұра объектілерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізудің құқықтық тетіктерін нақтылау қажет.
Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы жетілдіру
Кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы мәселені қарау қажет.
Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамаған және қолданбаған кезде медицина қызметкерлері денсаулыққа келтірген зиянын өтеуге азаматтардың құқығын да нақты регламенттеу талап етеді.
Білім және ғылым саласындағы заңнаманы жетілдіру
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын іске асыру үшін ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын арттыру мақсатында жанбасылық қаржыландыруды енгізу және табысты мектептерді ынталандырудың жүйесін құру жоспарлануда (76-қадам).
Жанбасылық қаржыландыру білім беру мекемелерінің шығындарын қаржыландырудан олардағы оқушылардың санына байланысты оқуын қаржыландыруға көшуді қамтуға тиіс.
Көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру
Көлік саласы қарқынды дамып отыратын нарықтық орта және көліктік бақылау функцияларын оңтайландыру жағдайларында заңнаманы ұдайы жетілдіруді талап етеді.
Аталған міндеттерді іске асыру қолайлы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру және тұтастай алғанда одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму үшін жағдайлар жасау мақсаттарына сәйкес келуге тиіс

2018-2019 жылдар (4-сессия)

Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл; парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды реттеу; өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру; бәсекелестікті және жекеше секторды дамытуға бағытталған экономикалық институттарды жаңғырту саласындағы заңнама

2018 жылдың екінші жартыжылдығы

Есірткі психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіру
Нашақорлықтың және оған байланысты құқық бұзушылықтың таралмауына бағытталған алдын алу шараларын қолдану мақсатында наркологиялық тесттің негізін және тәртібін заңнамалық түрде регламенттеу қажет, оның ішінде есірткіге әлеуметтік-психологиялық тест жасалатын адамдар мен кәсіптер тізбесін айқындау қажет.
Парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру
Парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру саласындағы заңнаманы жетілдіру
Сақтандыру компанияларының және өнім өндірушілерінің өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруда мүдделігін барынша жеткілікті сақтандыру төлемдері, агротехнологиялар деңгейін жақсарту, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау есебінен қолайсыз табиғи құбылыстардың салдарынан олардың мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету арқылы арттыру қажет

2019 жылдың бірінші жартыжылдығы

Бәсекелестікті және жекеше секторды дамытуға бағытталған экономикалық институттарды жаңғырту саласындағы заңнаманы жетілдіру
Бәсекелестіктің және жекеше сектордың үдемелі дамуы үшін экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, зияткерлік меншікті қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қабылданатын болады.
Экономикалық институттарды жаңғырту да рұқсат беру жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал ететін болады

2019-2020 жылдар (5-сессия)

Қылмыстық заңнама; су ресурстары; діни қызмет және діни бірлестіктер саласындағы заңнама

2019 жылдың екінші жартыжылдығы

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру
Қылмысқа қарсы күрестің, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғаудың тиімділігін одан әрі арттыру қылмыстық заңнаманы дамытудың артықшылығы болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес қос векторлы қылмыстық саясатты есепке ала отырып, қылмыстық құқықты үдемелі дамыту, сондай-ақ қылмыстық заңнаманың қазіргі жағдайларға бейімделуі маңызды болып табылады.
Су ресурстары саласындағы заңнаманы жетілдіру
Су ресурстарының сапасы Қазақстанның орнықты дамуының негізгі факторларының бірі болып табылады және оның нашарлауы халықты сапасы жақсы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын туғызуы мүмкін.
Осыған байланысты табиғи су ресурстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жүйесін әзірлеу қажет

2020 жылдың бірінші жартыжылдығы

Діни қызмет және діни бірлестіктер саласындағы заңнаманы жетілдіру
Миссионерлік және діни қызметті реттеу саласын, сондай-ақ діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату жөніндегі қызметті одан әрі жетілдіру қажет

2020-2021 жылдар (6-сессия)

Микроқаржылық ұйымдардың қызметі саласындағы; Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі заңнама

2020 жылдың екінші жартыжылдығы

Микроқаржылық ұйымдардың қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасына сәйкес шамамен 2020 жылы аяқталатын, микроқаржылық ұйымдар үшін көзделген өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, осы ұйымдарды бақылау мен қадағалау шеңберінде алынған ақпараттың негізінде микроқаржы ұйымдарының жаңа көрсетілетін қызметтерін енгізу, сондай-ақ жаңа тиісті реттеушілік талаптарды енгізу мүмкіндігі қаралатын болады

2021 жылдың бірінші жартыжылдығы

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі заңнаманы жетілдіру
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың екінші кезеңін (2020-2030 жылдар) іске асыру мақсатында ұлттық экономиканы суды үнемдеп пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеу мен ынталандыруға және кеңінен қолдануға бағыттай отырып, оны қайта құру талап етіледі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады