Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 26 қазандағы № 360 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған 2015 жылғы 16 қазанда Бурабайда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті орган болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін қабылданған шешім туралы хабардар етсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін құру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер

      Тараптардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың халықаралық сипаты мен қазіргі заманғы ауқымын ескере отырып,

      ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән бере және қылмыстық-атқару саясатын іске асыруда өзара іс-қимылды үйлестіруге ұмтыла отырып,

      осындай ынтымақтастықтың дамуы олардың мүдделеріне сай келетіндігін мойындай отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптың құқық қолдану функциясын, сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын орындау функцияларын, қылмыстарды жасауда күдікті не айыпталушы адамдарды және қамауға алынған сотталушыларды ұстау, оларды күзету және айдауылдау функцияларын, сондай-ақ шартты сотталғандардың, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың, сот жазаны өтеуді кейінге қалдырған сотталғандардың мінез-құлқын, қылмыстарды жасауда күдікті немесе айыпталушы адамдардың, үй қамақ түріндегі бұлтартпау шараларын орындау орындарында болуын және оларға сот тағайындаған тыйым салулар мен (немесе) шектеулерді сақтауын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға жауапты құзыретті органы пенитенциарлық қызмет деп түсініледі.

2-бап

      Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесін (бұдан әрі - Кеңес) құрады.

3-бап

      Кеңес өз қызметін осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесі туралы ереженің негізінде жүзеге асырады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің іске асырылуына жауапты құзыретті органды айқындайды және бір уақытта осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарлай отырып, осы туралы депозитарийді хабардар етеді.

      Осы Келісімді іске асыруға жауапты құзыретті орган өзгерген жағдайда, Тараптар ол туралы депозитарийді хабардар етеді.

5-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы үшін өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

7-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер немесе Тараптар келіскен өзге де рәсімдер арқылы шешіледі.

8-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

9-бап

      Осы Келісім оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Келісім:

      а) Келісім депозитарийге қосылу туралы құжатты тапсыру сәтінде күшіне енген жағдайда, қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң;

      б) Келісім депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру сәтінде күшіне енбеген жағдайда, Келісім күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

10-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шығатын күнге дейін 6 айдан кешіктірмей депозитарийге өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберіп және Келісім қолданылған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2015 жылғы 16 қазанда Борабай кентінде орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Келісімнің төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзербайжан Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін

Армения Республикасы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Түрікменстан үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Өзбекстан Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Украина үшін


Молдова Республикасы үшін



  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің
пенитенциарлық қызметтері
басшыларының кеңесін
құру туралы келісімге
қосымша

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер

      1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері басшыларының кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы болып табылады және пенитенциарлық қызметтердің пенитенциарлық саладағы өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз етуге арналған.

      2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған халықаралық шарттар мен шешімдерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңес өз қызметін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

      4. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекет басшылары кеңесіне есеп береді.

      5. Кеңес өз жұмысын өз әзірлеген және бекіткен жоспарлар негізінде ұйымдастырады.

      Кеңес жыл сайын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы ақпарат береді.

ІІ. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары мен функциялары

      6. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық саласындағы өзара іс-қимылының басым бағыттарын айқындау;

      Кеңес функцияларын жүзеге асыру кезіндегі пенитенциарлық саланың негізгі аспектілері бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық және өзге де мүдделі ұлттық қызметтер мен ведомстволарының практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық саласында қабылданған мемлекетаралық және үкіметаралық шешімдерді іске асыруға ықпал ету болып табылады.

      Кеңестің негізгі функциялары:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің бірлескен іс-әрекетінің басым бағыттары бойынша мақсатты бағдарламаларды әзірлеу;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық заңнамасын үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тиісті органдарымен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің салалық ынтымақтастық органдарымен, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      Кеңес отырыстарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық салада қабылдаған құжаттарын іске асыру бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыру;

      Кеңес шешімдеріне сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің өздеріне қабылдаған міндеттемелерді іске асыру барысын қарау;

      Кеңес құзыретіне кіретін басқа да мәселелерді қарау.

ІІІ. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңес:

      өз құзыреті шегінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің ынтымақтастықтығы мен өзара іс-қимылын дамытуға бағытталған шешімдер мен ұсынымдарды қабылдауға;

      белгіленген тәртіппен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекет басшылары кеңесінің, Үкімет басшылары кеңесінің, Экономикалық кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің қарауына ұсыныстар енгізуге;

      белгіленген тәртіппен Кеңес қызметінің бағыттары бойынша жұмыс органдарын (комитеттер, комиссиялар, жұмыс топтары) құруға және қажет болған кезде олар туралы ережелерді бекітуге;

      белгіленген тәртіппен Кеңестің жекелеген функцияларын іске асыру үшін ғалымдар мен мамандарды тартуға;

      Кеңестің құзыретіне кіретін өзге де мәселелерді шешуге құқылы.

IV. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      8. Кеңестің құрамына осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің басшылары (бұдан әрі - Кеңестің мүшелері) кіреді.

      Әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие.

      Осы Келісімге қатысушы мемлекеттің пенитенциарлық қызметінің басшысы Кеңес отырысында шешімдер қабылдауға тиісті өкілеттіктер берілген өзінің тұрақты өкілін белгілеуге құқылы.

      Отырысқа келуге мүмкіндігі жоқ Кеңес мүшесі Кеңес отырысында шешімдер қабылдауға өкілеттіктер берілген өзінің өкілін жіберуге құқылы.

      Кеңестің құрамына кеңесші дауыс құқығымен Кеңес Хатшылығының басшысы, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.

      9. Егер Кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, Кеңесте төрағалықты, әдетте, кезекпен бір жыл бойы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібінде ротациялау қағидаты негізінде Келісімнің әрбір мүшесі жүзеге асырады. Кеңестің алдындағы және кейінгі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады.

      Кеңес төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.

      10. Кеңес Төрағасы:

      Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және оған жүктелген міндеттердің орындалуына жауапты болады;

      Кеңестің отырыстарын өткізеді;

      Кеңес атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің құжаттарына қол қояды және жолдайды;

      Достастық органдарында, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарында белгіленген тәртіппен Кеңес атынан өкілдік етеді;

      өз құзыреті шегінде олардың жұмыс (атқарушы) органдарының деңгейінде басқа ұйымдармен байланыста болады және дамытады;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінің арасында өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;

      Кеңес қызметін қамтамасыз етуге байланысты өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

      11. Кеңес өз жұмысының регламентін бекітеді.

      12. Кеңестің отырыстары осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде, әдетте кезекпен, қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.

      13. Кеңестің отырыстары Кеңес мүшелерінің немесе олардың өкілдерінің кемінде жартысы қатысқан кезде заңды болады.

      14. Кеңес өз құзыреті шегінде көпшілік дауыспен (дауыс беруге қатысқандардың үштен төрт бөлігі) шешімдер қабылдайды, рәсімдік сипаттағы шешімдер қарапайым көпшілікпен қабылданады.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтері қажет болған жағдайда өз құзыреттері шегінде Кеңес қабылдаған шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ететін тиісті актілерді қабылдайды.

      Қабылданған шешіммен келіспеген Кеңес мүшелері, ерекше пікір білдіре алады немесе осы немесе өз мемлекетінің пенитенциарлық қызметінің қамдай да бір мәселеге мүдделі еместігі туралы мәлімдей алады, ол шешім қабылдау үшін кедергі ретінде қаралмауы тиіс.

      15. Кеңес шешімі бойынша оның жұмысына басқа мүдделі мемлекеттердің өкілдері бақылаушы ретінде қатысуы мүмкін.

      16. Кеңестің кезектен тыс отырыстары қажеттілігіне қарай шақырылуы мүмкін.

      Кеңестің кезектен тыс отырысы төрағаның бастамасы бойынша немесе Кеңестің кем дегенде үш мүшесінің ұсынысы бойынша шақырылады.

      17. Кеңес отырысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен ведомстволарының мамандары мен сарапшылары, сондай-ақ жұмыс органдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.

V. Кеңес хатшылығы

      18. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады.

      Кеңестің шешімі бойынша Хатшылықтың функцияларын, оның ішінде тұрақты негізде, осы Келісімге қатысушы мемлекеттің пенитенциарлық қызметі бөліністерінің бірі орындайды. Осы функцияларды пенитенциарлық қызмет бөлінісі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің тиісті құрылымдық бөлінісімен бірлесіп орындайды.

      Хатшылықтың басшысы (Кеңес Хатшысы) Хатшылықтың функцияларын орындау жүктелген пенитенциарлық қызмет бөлінісінің өкілі, ол Хатшылық басшысының орынбасары - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің өкілі болып табылады.

      19. Хатшылық:

      осы Ережеде көзделген тәртіппен Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде көшпелі отырыстарды өткізу кезінде көрсетілген жұмысты қабылдаушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерімен бірлесіп өткізеді;

      Кеңес отырыстарына қарауға түскен материалдарды дайындайды;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтеріне алдын ала күн тәртібі және алдағы болатын Кеңес отырыстарының қарауына енгізілетін құжаттардың жобаларын белгіленген тәртіппен жібереді;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтеріне Кеңес шеңберінде қабылданған шешімдердің уақтылы жолдануын қамтамасыз етеді;

      Кеңес отырыстарында қаралатын құжаттардың жобаларын дайындау мәселелері бойынша Кеңес шешімдеріне сәйкес сарапшылардың отырыстарын ұйымдастырады;

      Кеңестің сараптама топтары отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;

      Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізілетін мәселелерді талқылау бойынша Кеңес отырысының және оның алдындағы сарапшылар отырысының қатысушыларын уақтылы айқындау бөлігінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерімен өзара іс-қимыл жасасады;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерімен бірлесіп Кеңес қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылауды жүзеге асырады, нәтижелері туралы Кеңестің төрағасы мен мүшелерін хабардар етеді;

      өз құзыреті шегінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа да салалық ынтымақтастық органдарымен, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің тиісті бөлінісімен Кеңес отырыстары барысында талқыланған және қарауға енгізілетін құжаттардың жобаларын келісу және дайындау бөлігінде өзара іс-қимыл жасасады.

      Өз функцияларын іске асыру мақсатында Кеңес Хатшылығы Тараптар заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің пенитенциарлық қызметтерінен қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

      20. Кеңестің Хатшысы Кеңес шешімімен тағайындалады.

      Кеңестің Хатшысы:

      Хатшылықтың қызметіне басшылық етеді;

      отырыстар арасында Кеңестің жұмысын ұйымдастырады;

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Кеңес қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      Кеңестің Хатшысы өз еркімен немесе Кеңестің шешімі бойынша міндеттерді атқарудан босатылуы мүмкін.

      21. Өкілі Хатшылықтың құрамына кіретін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлінісі Кеңес құжаттарын есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады.

VI. Қаржыландыру

      22. Кеңес отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар осы Келісімге қатысушы қабылдаушы мемлекеттің пенитенциарлық қызметінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      23. Кеңестің мүшелері мен отырыстарына қатысушылардың іссапар шығыстарын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жіберуші мемлекеттік билік органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады