Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 шілдедегі № 718 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. "Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 10 тамыздағы № 134 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 19 шілдедегі
№ 718 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған
ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі
ХАТТАМА

      Кіріспе

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын,

      Каспий маңы мемлекеттері: Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан,

      бұдан әрі Конвенция деп аталатын, 2003 жылғы 4 қарашада Иран Ислам Республикасы, Тегеранда жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның Тараптары бола отырып,

      Конвенцияның 7, 17 және 18-баптарының ережелерін орындауға әзірлігін растай отырып,

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі өңірлік өзара түсіністік пен ынтымақтастықты күшейтуге жәрдем көрсетуге талпына отырып,

      жоспарланып отырған қызмет бойынша шешімдер қабылдау процесінің бастапқы сатысында қоршаған ортаға әсерді бағалауды қолдану орнықты дамудың қағидаттарын іске асыруға ықпал ететінін мойындай отырып,

      қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесінде ақпаратқа қол жеткізудің және жұртшылықтың қатысуының маңыздылығын атап көрсете отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

      1-бап. Терминдердің пайдаланылуы

      осы Хаттаманың мақсаттары үшін:

      (a) "Шығу Тарапы" осы Хаттамаға I қосымшада көрсетілген жоспарланып отырған қызметті соның (солардың) юрисдикциясы аясында жүзеге асыру межеленген осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапын (Тараптарын) білдіреді;

      (b) "Қозғалатын Тарап" жоспарланып отырған қызметтің трансшекаралық әсері тиюі мүмкін осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапын (Тараптарын) білдіреді. Осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарапы (Тараптары) қозғалатын Тарап ретінде қаралуы мүмкін теңіз аудандары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция барлық Тараптар үшін күшіне енгеннен кейін оның ережелеріне сәйкес айқындалады;

      (c) "Мүдделі Тараптар" осы Хаттамаға сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінің шығу Тарапы мен қозғалатын Тарапын білдіреді;

      (d) "Қоршаған ортаға әсерді бағалау" (бұдан әрі ҚОӘБ) жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалауды жүргізу жөніндегі ұлттық рәсімді білдіреді;

      (e) "Жоспарланып отырған қызмет" қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қолданылатын ұлттық рәсіміне сәйкес құзыретті органның шешім қабылдауын талап ететін кез келген қызметті немесе қызметтің елеулі өзгеруін білдіреді;

      (f) "Әсер ету" флораны, фаунаны, топырақты, атмосфералық ауаны, суды, климатты, ландшафты, тарихи ескерткіштерді және/немесе осы факторлардың өзара байланысын қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасы үшін жоспарланып отырған қызметті іске асырудың кез келген салдарын білдіреді; ол сондай-ақ адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, мәдени мұра үшін немесе әлеуметтік-экономикалық және өзге жағдайлардың және осы факторлардың өзгеруі нәтижесінде болатын салдарларын қамтиды;

      (g) "Трансшекаралық әсер ету" шығу Тарапы жоспарланып отырған қызметті іске асырған кезде басқа Уағдаласушы Тарапқа кез келген әсер етуді білдіреді;

      (һ) "Жұртшылық" бір немесе одан көп жеке немесе заңды тұлғаларды білдіреді;

      (і) "Құзыретті орган" Уағдаласушы Тарап тағайындайтын, осы Хаттамада қамтылған міндеттерді орындауға жауапты орган(дар)ды білдіреді;

      (j) "Хабардар ету мақсаттарына арналған байланыс пункті" Уағдаласушы Тараптар айқындаған байланыс пунктін немесе пункттерін білдіреді, ол(ар) туралы басқа Уағдаласушы Тараптар және хабарламаны алуға жауапты Хатшылық хабардар етіледі, ол(ар) тиісті құзыретті органды хабардар етуді қамтамасыз етеді;

      (k) "Жобаны әзірлеуші" - ұлттық рәсімге сәйкес жоспарланып отырған қызметке қатысты рұқсат үшін жүгінген мемлекеттік органды қоса алғанда, бастамашыны білдіреді;

      (l) "Уағдаласушы Тараптардың конференциясы" Конвенцияның 22-бабында көрсетілген органды білдіреді;

      (m) "Хатшылық" Конвенцияның 23-бабында көрсетілген органды білдіреді.

      2-бап. Мақсаты

      Осы Хаттаманың мақсаты теңіз ортасы мен теңіздің жақындығы әсеріне ұшырап отырған құрлықтың ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін, оның биологиялық әралуандығын сақтауға және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға әрі адам денсаулығын қорғауға жәрдемдесу үшін трансшекаралық тұрғыда теңіз ортасына және теңіздің жақындығы әсеріне ұшырап отырған құрлыққа елеулі трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызметтің тиімді және ашық ҚОЭБ рәсімдерін жүргізу болып табылады.

      3-бап. Қолданылу саласы

      Конвенцияның 3-бабына сәйкес осы Хаттама Каспий теңізі деңгейінің ауытқуын және жерүсті көздерінен ластануын ескере отырып, оның теңіз ортасына қолданылады.

      4-бап. Жалпы ережелер

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға II қосымшада қамтылған өлшемшарттарды ескере отырып, осы Хаттамаға оған I қосымшада санамаланған елеулі трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызмет түрлеріне қатысты осы Хаттаманың ережелерін орындау үшін, сондай-ақ жұртшылықтың қатысуына және осы Хаттамаға III қосымшада сипатталған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттарды дайындауға рұқсат беретін қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін әзірлеу үшін қажетті заңнамалық, әкімшілік және басқа да шараларды қабылдайды.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға I қосымшада санамаланған елеулі трансшекаралық әсер туындатуы мүмкін жоспарланып отырған қызмет түрлерінің осы Хаттамаға сәйкес жоспарланып отырған қызметке рұқсат беру немесе оны жүргізу жөнінде шешім қабылдаудың алдында ҚОӘБ рәсіміне жатқызылуын қамтамасыз етеді.

      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптарға және Хатшылыққа өзінің хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункті туралы хабарлайды. Хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункттері туралы ақпарат Уағдаласушы Тараптарға Хатшылық арқылы электрондық немесе басқа да кез келген қолайлы түрде қолжетімді болуы тиіс.

      4. Мүдделі Тараптар осы Хаттамаға сәйкес ҚОӘБ рәсімінің бастапқы сатысынан бастап жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне жұртшылықтың тиімді қатысуын қамтамасыз етеді.

      5. Осы Хаттамаға сәйкес мүдделі Тараптар шығу Тарапының жұртшылығына және қозғалатын Тарап жұртшылығына жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсімдеріне қатысу үшін тең мүмкіндіктер береді және оған ҚОӘБ мәселелері бойынша қолдау көрсетеді және консультациялар береді.

      6. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың ұлттық қауіпсіздік мүдделерінде ұлттық заңдарды, ұйғарымдарды немесе әкімшілік ережелерді қолдану құқығын қозғамайды.

      7. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманың қолданылу аясына түсетін мәселелерге қатысты қосымша шараларды қолдау немесе ұсыну құқығын қозғамайды.

      8. Осы Хаттаманың ережелері трансшекаралық тұрғыда қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты халықаралық құқыққа сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келген міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

      5-бап. Хабарлама

      1. Осы Хаттамаға І-қосымшада көрсетілген жоспарланып отырған қызмет түріне қатысты шығу Тарапының құзыретті органы елеулі трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызмет туралы ақпарат алғаннан кейін, өзінің ойынша, әлеуетті қозғалатын Тарап болуы мүмкін кез келген Уағдаласушы Тарапты және басқа Уағдаласушы Тараптарды хабардар ету үшін Хатшылықты байланыс пункті арқылы мүмкіндігінше ертерек хабардар етеді.

      2. Хабарламада, өзгелермен қатар:

      a) хабардар ету сәтінде қолжетімді болған жоспарланып отырған қызметтің ықтимал трансшекаралық әсері туралы кез келген ақпарат пен оған қатысты ықтимал шешімдердің сипаты қамтылған жоспарланып отырған қызмет туралы ақпарат;

      b) осы Хаттаманың 5-бабының 3-тармағына сәйкес қозғалатын Тараптың осы хабарламаға жауап жіберуі үшін қолайлы, бірақ ағылшын және орыс тілдеріндегі хабарламаны алғаннан кейін кемінде 30 күн болатын мерзім;

      c) ҚОӘБ рәсімінің келесі сатыларын жүргізу мерзімдерін және, атап айтқанда, осы Хаттаманың 6, 7 және 8-баптарында айқындалғандарын көрсете отырып, көзделетін ҚОӘБ рәсіміне қатысты ақпарат қамтылады.

      3. Шығу Тарапы хабарламадағы құжаттаманы ағылшын немесе орыс тіліне аудармасымен бірге мемлекеттік тілде ұсынады. Хатшылық құжаттаманы тиісінше ағылшын немесе орыс тіліне аударуды қамтамасыз етеді.

      4. Шығу Тарапының құзыретті органы хабарламаны қозғалатын Тарапты хабардар ету мақсатында байланыс пунктінің және Хатшылықтың алуын қамтамасыз етеді.

      5. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы шығу Тарапының құзыретті органына жауап жібереді және хабарламада айқындалған мерзім ішінде өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниеті бар-жоғын көрсете отырып, Хатшылықты хабардар етеді.

      6. Егер қозғалатын Тарап өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниетінің жоқ екенін көрсетсе немесе ол хабарламада айқындалған мерзім ішінде жауап бермесе, онда осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағының (b) тармақшасына сәйкес шығу Тарапының Хатшылыққа қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттама жобасын жіберу бойынша міндеттемесін қоспағанда, осы Хаттаманың осы бабының 7 - 8-тармақтарының және 6 - 11-баптарының ережелері қолданылмайды.

      7. Егер қозғалатын Тарап жоспарланатын қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға өзінің ниеттенгенін көрсетсе, онда ол шығу Тарапына өзінің хабарламаға жауабында немесе бұдан кейін көп кешіктірмей:

      (a) қозғалатын Тараптағы қоғамдық консультациялар рәсімі туралы тиісті ақпаратты;

      (b) қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі зерттеулерде шешу болжанатын ерекше мәселелер туындаған жағдайда олар туралы сұрау салуды; және

      (c) осы тармақтың (b) тармақшасында жазылған мәселелер бойынша қолда бар қолжетімді ақпараттың қысқаша мазмұнын ұсынады.

      8. Егер ықтимал қозғалуы мүмкін қоршаған орта туралы ақпарат ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманы дайындау үшін қажет болса, шығу Тарапының сұратуы бойынша қозғалатын Тарап осындай кез келген ақылға қонымды қолжетімді ақпаратты ұсынады.

      9. Егер қандай да бір Уағдаласушы Тараптың жоспарланып отырған қызметі нәтижесінде өзінің елеулі трансшекаралық әсерге ұшырауы мүмкін деп санауына орынды негіздері болса және егер осы баптың 1-тармағына сәйкес хабарлама болмаса, шығу Тарапы осындай Уағдаласушы Тараптың осындай сұратуына сәйкес жоспарланып отырған қызмет нәтижесінде елеулі трансшекаралық әсер етуінің орын алуы-алмауы туралы оған жеткілікті ақпарат береді. Қажет болғанда бұл Тараптар ҚОЭБ рәсіміне ықтимал қатысу туралы консультациялар береді.

      6-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы байланыс

      1. Мүдделі Тараптардың құзыретті органдары:

      (a) қоғамдық консультациялар жүргізу мақсаты мен қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін ұсынылатын кез келген ақпаратты қоса алғанда, ҚОӘБ құжаттамасының қажетті форматы мен тіл(дер)іне;

      (b) мүдделі Тараптардың құзыретті органдары мен жобаны әзірлеушінің рөлдерін қоса алғанда, мүдделі Тараптар арасындағы қарым-қатынас бойынша нақты іс-шараларға; және

      (c) қозғалатын Тараптың ҚОӘБ бойынша құжаттаманы қараудың 90 күннен аспайтын мерзіміне қатысты консультациялар өткізеді және келісімге келеді.

      2. Мүдделі Тараптар қажет болған кезде осы Хаттаманың міндеттерін орындау жөніндегі өзара іс-қимыл тәсілдерін келіседі.

      7-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманың жобасын дайындау және жіберу

      1. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу Шығу Тарапының ұлттық заңнамасы мен практикасына сәйкес жүзеге асырылады және осы Хаттаманың 5-бабының 7-тармағына сәйкес қозғалатын Тарап көтеретін барлық мәселелерге неғұрлым толық жауап береді.

      2. Шығу Тарапы қоғамдық консультациялар жүргізу және қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін жобаны әзірлеушінің қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша құжаттаманың жобасын дайындауын қамтамасыз етеді. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманың жобасы осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес мүдделі Тараптар арасында келісу бойынша форматта және тіл(дер)де ұсынылады және қозғалатын Тарап осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес сұрататын ақпаратқа қосымша, кем дегенде, ІІІ-қосымшада айтылған тармақтарды қамтиды.

      3. Шығу Тарапы ҚОӘБ жөніндегі құжаттамасының жобасын:

      (a) қозғалатын Тараптың құзыретті органына; және

      (b) қандай да бір Уағдаласушы Тараптың сұратуы бойынша осы ақпаратты ұсынуы үшін Хатшылыққа жібереді.

      8-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманы қарау және қоғамдық консультациялар өткізу

      1. Мүдделі Тараптар осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылықты:

      (a) жоспарланып отырған қызметке;

      (b) қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттама жобасының қолжетімділігіне; және

      (c) жұртшылықты хабардар ету немесе басқа да тиісті шаралар арқылы қоғамдық консультациялар өткізу мүмкіндігі мен рәсіміне қатысты хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      2. Мүдделі Тараптар ҚОӘБ жөніндегі құжаттама жобасының, қажет болған кезде қағаз жеткізгіштегі нұсқасын қоса алғанда, ашық әрі жұртшылыққа қолжетімді болуын, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес жұртшылыққа қолжетімді жерлерде орналастырылуын қамтамасыз етеді.

      3. Мүдделі Тараптар ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылыққа мүдделі Тараптардың құзыретті органдарына жоспарланып отырған қызмет жөнінде түсініктеме жіберуге мүмкіндік береді. Түсініктемелер шығу Тарапының құзыретті органына немесе осы Хаттаманың 6-бабы 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес келісілгендей жіберіледі.

      4. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы қарауды жүргізіп, осы Хаттаманың 6-бабы 1-тармағының с) тармақшасына сәйкес шығу Тарапы айқындайтын мерзім ішінде ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманың жобасы бойынша ескертулер береді және өз ескертулерін шығу Тарапының құзыретті органына жібереді.

      5. Шығу Тарапы жобаны әзірлеушінің:

      (a) алынған ескертулерді жинақтауын және қажет болған кезде аударуды жүзеге асыруын;

      (b) талап етілетін жерде одан әрі зерделеуді жүргізуін; және

      (c) жұртшылықтан және қозғалатын Тараптардың құзыретті органдарынан алынған ескертулерді ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттамаға қосуын және бұл ескертулер қалай назарға алынғанын түсіндіруін қамтамасыз етеді.

      9-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар

      1. Жоспарланып отырған қызмет бойынша түпкілікті шешім қабылдаудан бұрын қозғалатын Тараптың сұратуы бойынша шығу Тарапы қозғалатын Тараппен өзгелермен қатар, ықтимал теріс трансшекаралық әсерді азайту жөнінде консультациялар өткізеді.

      2. Мүдделі Тараптар осындай консультациялардың бастапқы кезеңінде ақылға қонымды уақыт аясының шегінде олардың ұзақтығы туралы мәселені келіседі. Бұл ретте егер оларды өткізу кезеңінде өзге де шешім қабылданбаса, консультациялар өткізу мерзімі 180 күннен аспауға тиіс.

      10-бап. Жоспарланып отырған қызметті іске асыру жөнінде түпкілікті шешім қабылдау

      1. Шығу Тарапының құзыретті органы ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттаманы қарау және жоспарланып отырған қызмет жөнінде түпкілікті шешім қабылдау кезінде осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес алынған ескертулерді назарға алады.

      2. Шығу Тарапының құзыретті органы қозғалатын Тараптың құзыретті органына және Хатшылыққа алынған ескертулердің қалай ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешімді оған негіз болған себептермен және түсініктермен бірге ұсынады.

      3. Мүдделі Тараптар жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешім туралы ақпараттың және алынған ескертулердің қалай ескерілгені туралы ақпараттың осы Хаттаманың 8-бабының 3-тармағына сәйкес ескерту бергендерге қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

      11-бап. Жобалаудан кейінгі талдау

      1. Осы Хаттамаға сәйкес қызметтің ықтимал елеулі теріс трансшекаралық әсер етуіне қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау жүзеге асырылатын қызметті ескере отырып, мүдделі Тараптар олардың біреуінің өтініші бойынша жобалаудан кейінгі талдауды жүргізудің орындылығын және осындай орындылық болған жағдайда оның қандай шамада жүргізілетінін айқындайды.

      2. Жобалаудан кейінгі кез келген талдау:

      (a) рұқсатта жазылған немесе осы қызметті бекіту кезінде айтылған шарттардың сақталуын және әсерді азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін бақылау;

      (b) тиісті басқару деңгейін және белгісіздік жағдайларында іс-қимылға дайындықты қамтамасыз ету мақсатында әсер ету түрлерін талдау;

      (с) алынған тәжірибені болашақта осыған ұқсас қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдалану үшін бұрынғы болжамдарды тексеру мақсаттарына қол жеткізу үшін жүргізіледі.

      3. Егер жобалаудан кейінгі талдау аяқталғаннан кейін Уағдаласушы Тараптардың бірінің елеулі теріс трансшекаралық әсер ету орын алып отыр деп санауына жеткілікті негіздемелері болса немесе осындай әсер етуге алып келуі мүмкін факторлар анықталса, ол бұл туралы шығу Тарапы мен Хатшылықты дереу хабардар етеді. Бұл жағдайда мүдделі Тараптар дереу консультациялар өткізеді және қажет болған кезде әсер етуді азайту немесе жою үшін тиісті шаралар қабылдайды.

      12-бап. Баяндамаларды ұсыну

      Әрбір Уағдаласушы Тарап Хатшылыққа Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалғандай нысанда және мерзімділікпен осы Хаттама ережелерінің орындалуы туралы баяндама ұсынады.

      13-бап. Ұйымдастырушылық ережелер

      1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабының 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы, өзгелермен бірге:

      (a) осы Хаттаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      (b) осы Хаттамаға үнемі шолу жасауды жүзеге асырады;

      (c) осы Хаттамаға қосымшаларды қарайды және қабылдайды;

      (d) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына түзетулерді қарайды және қабылдайды;

      (e) Хатшылық осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша ұсынатын есептерді қарайды;

      (f) осы Хаттаманы орындау үшін қажет болуы мүмкін қосалқы органдарды құрады;

      (g) қажет болған кезде, осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттарға техникалық қызметтер және қаржы қызметтері үшін жүгінеді;

      (һ) осы Хаттаманы орындау үшін талап етілуі мүмкін кез келген қосымша функцияларды жүзеге асырады.

      2. Конвенцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес Хатшылық, атап айтқанда:

      (a) Уағдаласушы Тараптарға хабарлама беруге арналған байланыс пункттеріне қатысты ақпаратты Уағдаласушы Тараптарға электрондық немесе басқа да ыңғайлы кез келген түрде береді;

      (b) мыналарды:

      (і) осы Хаттаманың 5-бабының 3-тармағына сәйкес жоспарланып отырған қызметке қатысты хабарламаны;

      (ii) осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағына сәйкес шығу Тарапы берген қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманы; және

      (iii) осы Хаттаманың 10-бабының 2-тармағына сәйкес алынған ескертулер қалай ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, себептерімен және түсініктерімен бірге жоспарланатын қызмет бойынша түпкілікті шешімді осы Хаттаманы орындау барысында алынған, шығу Тарапы берген ақпаратты электрондық немесе кез келген басқа ыңғайлы түрде алады және таратады;

      (c) осы Хаттаманы орындауға байланысты мәселелер бойынша есептерді дайындайды және таратады;

      (d) Уағдаласушы Тараптардан алынатын мәселелер мен ақпаратты қарайды және осы Хаттаманы орындаумен байланысты мәселелер жөнінде олармен консультациялар өткізеді;

      (e) мүмкіндігінше Уағдаласушы Тараптар арасында ақпарат алмасуға жәрдемдеседі және Уағдаласушы Тараптарға осы Хаттаманың ережелерін орындау бойынша көмек көрсетеді;

      (f) кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Хаттаманы тиімді орындау үшін техникалық жәрдемдесуді және консультацияларды қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      (g) өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен тиісінше ынтымақтасады; және

      (һ) Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалуы мүмкін басқа да функцияларды орындайды.

      14-бап. Қаржыландыру

      1. Осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін Уағдаласушы Тараптар, мүмкіндік болған кезде, тиісті бағдарламаларды, жобаларды және шараларды әзірлеуді және жүзеге асыруды қаржылай қамтамасыз етеді. Бұл үшін Уағдаласушы Тараптар:

      (a) осы мақсаттар үшін көзделген ішкі қаржы ресурстарын бөледі;

      (b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, екіжақты және көпжақты көздердің қаржы ресурстары мен қаржыландыру тетіктерін тартуға жәрдемдеседі; және

      (c) басқа мемлекеттердің үкіметтік мекемелері, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектор құрылымдары қорларының қаражатын қоса алғанда, ресурстарды тарту және бағыттау үшін инновациялық әдістер мен ынталандыру шараларын зерделейді.

      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы басқа шешім қабылдамаса, осы Хаттамаға Конвенцияның қаржылық қағидалары mutatis mutandis қолданылады.

      3. Осы Хаттамада қамтылған қызметтің барлық түрі және оларды жүзеге асыру Уағдаласушы Тараптардың бюджеттерінде көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ өздерінің ұлттық заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылады.

      15-бап. Дауларды реттеу

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес шешіледі.

      16-бап. Хаттаманы қабылдау және оның күшіне енуі

      1. Осы Хаттаманы Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптар ортақ шешіммен қабылдады.

      2. Осы Хаттама __________ қаласында ________ бастап ________ дейін Каспий маңы мемлекеттерінің ғана қол қоюы үшін ашық.

      3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады және қол қоюға жабылған күнінен бастап кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.

      4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттар Конвенцияның Депозитарийіне сақтауға тапсырылады.

      5. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы ратификациялау, қабылдау, бекіту және оған қосылу туралы құжаттарды сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

      17-бап. Осы Хаттамаға түзетулер мен ұсыныстарды және оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау

      Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды, сондай-ақ оның қосымшаларына түзетулер қабылдау туралы ұсыныстарды енгізе алады. Мұндай түзетулер мен қосымшаларды Уағдаласушы Тараптар қабылдайды және олар Конвенцияның 24, 25 және 34-баптарына сәйкес солар үшін күшіне енеді.

      18-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсер етуі

      Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау үшін тиісінше аса қатаң ұлттық шараларды қабылдау құқығына әсер етпейді.

      19-бап. Өзге де халықаралық шарттармен байланыс

      Осы Хаттамадағы ешнәрсе де Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

      20-бап. Ескертулер

      Осы Хаттамаға ешқандай ескертулер жасауға жол берілмейді.

      21-бап. Депозитарий

      Конвенцияның Депозитарийі осы Хаттаманың Депозитарийі болып табылады.

      22-бап. Теңтүпнұсқалы мәтіндер

      Осы Хаттаманың әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Хаттаманы түсіндіру немесе қолдану туралы даулар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      23-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздерге қатысы

      Осы Хаттаманың ешқандай да ережелері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала айқындайтындай болып түсіндірілмейді.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.

      ____________ жылғы ___________ ______________ қаласында жасалды.

І ҚОСЫМША

      Жоспарланып отырған қызмет түрлерінің тізбесі

      1. Мұнай өңдеу зауыттары (шикі мұнайдан жағар материалдарды ғана өндіретін кәсіпорындарды қоспағанда) және өнімділігі күніне 500 т. немесе одан көп болатын көмірді немесе битум тақтатастарды газдандыруға және сұйылтуға арналған қондырғылар.

      2. Жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен сұйылтуға арналған басқа да қондырғылар.

      3. Ең жоғары қуаты 1 кВт тұрақты жылу жүктемесінен аспайтын ыдыратқыш және ұдайы өндірілетін материалдарды өндіру мен конверсиялауға арналған зерттеу қондырғыларын қоспағанда, электр станцияларын немесе реакторларды1 бөлшектеуді немесе пайдаланудан шығаруды қоса алғанда, осындай атом станциялары және басқа атом реакторлары.

      4. Ядролық отынды өндіруге немесе байытуға, пайдаланылған ядролық отынды регенерациялауға және сақтауға немесе радиоактивті қалдықтарды сақтауға, көмуге және қайта өңдеуге ғана арналған қондырғылар.

      5. Домналық және болат балқыту өндірісіне және түсті металдарды балқытуға арналған ірі қондырғылар.

      6. Мыналарды: асбест-цементті өнімдерге қатысты - жылдық өндіру 20 000 т. дайын өнімнен асатын; фрикциялық материалдарға қатысты - жылдық өндіру 50 т. дайын өнімнен асатын асбесті қолданудың басқа да түрлеріне қатысты жылына 200 т. астам пайдаланатын асбест шығару және асбесті және құрамында асбест бар өнімдерді өңдеуге және қайта өзгертуге арналған қондырғылар.

      7. Химия және мұнай-химия кәсіпорындары.

      8. Автомагистральдарды, жылдам жүруге арналған жолдарды2, алысқа қатынайтын теміржолдар үшін трассаларды және ілеспе көпірлерді және негізгі ұшу-қону жолағының ұзындығы 2100 метр және одан асатын әуежайларды салу, реконструкциялау және/немесе кеңейту.

      9. Мұнайды, газды және мұнай өнімдерін немесе химиялық заттарды тасымалдауға арналған үлкен диаметрлі құбыр жолдар.

      10. Теңіз/сауда порттары, сондай-ақ ішкі су жолдары мен су сыйымдылығы 1350 тоннадан асатын кемелердің өтуіне жол берілген ішкі кеме қатынасына арналған порттар.

      11. Өртеу, химиялық қайта өңдеу жолымен қалдықтарды жою қондырғыларды және қалдықтарды көму объектілері.

      12. Ірі бөгеттер, су қоймалары және Каспий теңізімен қосылған каналдар.

      13. Егер алынатын немесе толтырылатын судың жылдық көлемі 10 000 000 текше метрге жетсе немесе одан да асса, жерасты суларын алу жөніндегі қызмет немесе жерасты суларын жасанды жолмен толтыру жүйелері.

      14. Күніне ауамен құрғатылған 200 тонна немесе одан астам өнім алатын целлюлоза, қағаз және картон ендірісі.

      15. Ірі карьерлер және металл кендері немесе көмір өндірілетін жердегі кендерді ірі ауқымда ашық өндіру, шығару және байыту.

      16. Көмірсутектерін теңізде өндіру. Мұнай жағдайында алынатын мөлшері күніне 500 тоннадан және газ жағдайында 500 000 текше метрден асатын мұнайды және табиғи газды өндіру.

      17. Мұнай, мұнай-химиялық және химиялық өнімдерге арналған ірі қоймалар.

      18. Үлкен алаңдарды ормансыздандыру.

      19. Өзен бассейндерінің шегінде немесе олардың арасында су ресурстарының арнасын бұру жөніндегі жұмыстар, мұндай арна бұру кезінде судың жетіспей қалу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған және бұратын судың көлемі жылына 100 000 000 текше метрден асады; басқа барлық жағдайларда жылына 2 000 000 000 асатын бассейннен су алуды көпжылдық орташа ағыны бар өзен бассейндері шегінде немесе олардың арасында су ресурстарын бұру жөніндегі жұмыстар, бұл ретте бұратын су көлемі осы ағынның 5 пайызынан асады. Екі жағдайда да су құбырындағы ауыз суды бұруға болмайды.

      20. Өнімділігі 150 000 адам мөлшерінде халық санының баламасынан асатын ағынды суларды тазалауға арналған қондырғылар.

      21. Микробиологиялық және биотехнологиялық өнеркәсіп кәсіпорындары және қоршаған ортаға гендік-түрлендірілген ағзаларды шығару.

      22. Құрлық учаскелерін жасанды түрде ұлғайту және аралдарды, шығанақтарды және рифтерді жасау.

      I қосымшаға ескертпе

      1 Осы Хаттаманың мақсаттары үшін атом электр станциялары мен басқа да атом реакторлары барлық ядролық отын және басқа да радиоактивті ластанған элементтер қондырғының өнеркәсіптік алаңынан түпкілікті жойылғанда, мұндай қондырғылар болуды тоқтатады.

      2 Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:

      "Автомагистраль" термині жол бойындағы жерлерге қызмет көрсетпейтін және:

      (a) жекелеген орындарды немесе уақытша шектеулерді қоспағанда, жүруге арналмаған немесе ерекше жағдайларда басқа құралдармен жүруге арналған, бір-бірінен бөліп тұрған жолақпен бөлінген, екі бағытта жүруге арналған жекелеген көлік жүретін бөліктері бар;

      (b) жолдармен де, теміржолдармен немесе трамвай жолдарымен де, жаяу жүргіншілер жолдарымен де бір деңгейде кесіп өтетін жерлері жоқ;

      (c) автомагистраль ретінде арнайы белгіленген автокөлік құралдарының қозғалысы үшін арнайы салынған және олардың жүруіне арналған жолды білдіреді.

      - "Жылдам жүруге арналған жол" термині оған кіру жол айрықтары немесе реттелетін жол қиылыстары арқылы ғана мүмкін болатын және атап айтқанда, онда тоқтауға және жүру бөлігінде (жүру бөліктерінде) тоқтауға тыйым салынған, автокөлік құралдарының жүруіне арналған жолды білдіреді.

      3 Осы Хаттаманың мақсаттары үшін "әуежай" термині Халықаралық азаматтық авиация ұйымын құратын 1944 жылғы АҚШ, Чикаго одағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенциясына 14-қосымшадағы анықтамаға сәйкес келетін әуежайды білдіреді.

II ҚОСЫМША

      Елеулі трансшекаралық әсер етуді айқындауға ықпал ететін өлшемшарттар тізбесі

      Мүдделі Тараптар қызметтің елеулі теріс трансшекаралық әсері, атап айтқанда, мынадай:

      (a) Мөлшері: қызметтің осы түрі үшін мөлшері ауқымды болатын қызметтің жоспарланатын түрлері;

      (b) Орналасуы: тікелей ерекше экологиялық сезімтал немесе оларға жақын (1971 жылғы 2 ақпандағы Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияда ең алдымен суда жүзетін құстардың негізгі тіршілік ету мекені ретінде айқындалған сулы-батпақты алқаптар, ұлттық парктер, табиғи қорықтар, ерекше ғылыми мүддедегі орындар немесе археологиялық, мәдени немесе тарихи маңызы бар орындар сияқты) аудандарда орналасқан жоспарланып отырған қызмет түрлері; сондай-ақ жоспарланып отырған әзірлемелердің сипаттамалары халыққа елеулі әсер ететін орындардағы жоспарланып отырған қызмет түрлері;

      (c) Әсер етуі: адамға немесе құнды түрлерге немесе ағзаларға салмақты әсер ету тәуекелін ұлғайтатын, қозғалатын ауданның қазіргі немесе ықтимал пайдалануына қатер төндіретін және қоршаған ортаның әлеуеті қарсы тұра алмайтын қосымша шығарындылардың себебі болып табылатын қызмет түрлерін қоса алғанда, ерекше кешенді және әлеуетті теріс әсер етуімен жоспарланып отырған қызмет түрлері өлшемшарттарының бірінің немесе бірнешеуінің негізінде трансшекаралық әсері болатыны-болмайтыны туралы мәселені қарауы мүмкін.

III ҚОСЫМША

      Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманың ең аз құрамы

      Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттамаға енгізілуге жататын ақпарат, кемінде мыналарды:

      (a) жоспарланып отырған қызметтің сипаттамасын және оның мақсаттарын;

      (b) сипаттаманы, қажет болған жағдайда жоспарланып отырған қызметтің ақылға қонымды баламаларын (мысалы, географиялық немесе технологиялық сипаттағы), оның ішінде қызметтен бас тарту нұсқасын;

      (c) жоспарланып отырған қызмет немесе оның балама нұсқалары елеулі түрде ықпал етуі мүмкін қоршаған ортаның элементтерінің сипаттамасын;

      (d) жоспарланып отырған қызметтің және оның балама нұсқаларының қоршаған ортаға әсер етуінің ықтимал түрлерінің сипаттамасын және олардың ауқымының бағалануын;

      (e) қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуға бағытталған алдын алу шараларының сипаттамасын;

      (f) болжам жасау әдістерін және осылардың негізінде жатқан бастапқы ережелерді нақты көрсетуді, сондай-ақ қоршаған орта туралы пайдаланылатын тиісті деректерді;

      (g) білімдегі олқылықтарды және талап етілетін ақпаратты дайындау кезінде анықталған белгісіздіктерді анықтауды;

      (һ) қажет болған жағдайда мониторинг және басқару бағдарламаларының және жобадан кейінгі талдаудың барлық жоспарының қысқаша мазмұнын; және

      (і) техникалық емес сипаттағы, қажет болған кезде материалдарды ұсынудың көрсетімді құралдарын (карталар, кестелер) пайдалана отырып берілетін резюмені қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады