Қазақстан Республикасы мен Малайзия арасындағы ұстап беру туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 маусымдағы № 68 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Малайзия арасындағы ұстап беру туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Малайзия арасындағы ұстап беру туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 11 маусымдағы
№ 68 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН МАЛАЙЗИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі жеке "Тарап" және бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Малайзия Үкіметі,

      екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниет білдіре отырып,

      қылмыстылыққа қарсы күресте Тараптардың арасындағы неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету қажеттігін тани отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-БАП
ҰСТАП БЕРУ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ

      Тараптар осы Шартқа және өздерінің заңнамасына сәйкес ұстап беруге әкелетін қылмысы үшін қылмыстық қудалау үшін Сұрау салушы Тарап іздестіріп жатқан немесе ұстап беруге әкелетін қылмысы үшін Сұрау салушы Тарапта сотталған кез келген адамды біріне-бірі ұстап береді.

2-БАП
ҰСТАП БЕРУГЕ ӘКЕЛЕТІН ҚЫЛМЫСТАР

      1. Екі Тараптың заңнамасына сәйкес кемінде бір (1) жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен немесе неғұрлым қатаң жазамен жазалауға жататын қылмыс ұстап беруге әкелетін қылмыс деп танылады.

      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкелетін қылмысы үшін Сұрау салушы Тараптың соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамға қатысты болса, ұстап беру, егер ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде өтелмеген мерзім кемінде алты (6) айды құрайтын болса ғана жүргізіледі.

      3. Осы баптың мақсатында жасалған іс-әрекет Тараптардың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын не табылмайтынын айқындау үшін:

      a) Қылмыстың Тараптардың заңнамасы бойынша бір санаттағы қылмысқа жататыны немесе жасалған қылмыстың бірдей немесе әртүрлі терминологияда аталуы; немесе

      b) Тараптардың заңнамасына сәйкес Сұрау салушы Тарап көрсеткен әрекеттердің немесе әрекетсіздіктің барлық жиынтығы Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып танылса, қылмыстың құрамдары Тараптардың заңнамасына сәйкес ерекшеленуі не ерекшеленбеуі маңызды емес.

      4. Егер ұстап беру кеден немесе валюталық реттеу, салық салу немесе шетелдік валютаның айналымын бақылау туралы заңнаманы бұзуға байланысты қылмыс жасағаны үшін сұратылып отырса, егер ұстап беру сұратылып отырған әрекеттер немесе әрекетсіздік Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша қылмыс болып табылса, ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында дәл осындай салықтар және кедендік баждар көзделмеуі немесе кедендік немесе валюталық реттеу, салық салу немесе шетелдік валютаның айналымын бақылау саласындағы нақ осындай нормаларды қамтымауы негізінде бас тартуға болмайды.

      5. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған болса, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы өзінің аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін осындай мән-жайлар кезінде жазаны көздейтін болса, ұстап беру жүзеге асырылады. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында ол көзделмесе, Сұрау салынатын Тарап өзінің ұйғаруы бойынша ұстап беруден бас тарта алады.

3-БАП
ҰСТАП БЕРУДЕН БАС ТАРТУ

      1. Ұстап беру кез келген мынадай мән-жайлардың негізінде:

      a) егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру сұратылып отырған қылмыстар саяси сипаттағы қылмыстар болып табылады деп пайымдаса, оларға:

      i) Мемлекет басшысын немесе оның отбасы мүшесін өлтіру немесе жеке басына қарсы басқа да қасақана қылмыс жасау;

      ii) оған қатысты Тараптар қатысушылары болып табылатын көпжақты халықаралық шартқа сәйкес Тараптардың іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру немесе қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін істі беру бойынша халықаралық міндеттемелері бар қылмыс; және

      iii) осы тармақтың і) және іі) тармақшаларында көрсетілген қылмыстарды жасау мақсатында дайындалу, оқталу, ұйымдастыру, жасауға айдап салу, дем берушілік немесе сөз байласу жатпайды;

      b) егер Сұрау салынатын Тараптың адамды ұстап беру туралы сұрау салу іздестіріліп отырған адамды нәсілдік, этникалық шығу тегі, діни, жыныстық, ұлты немесе саяси көзқарастары себептері бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында берілген немесе адамға осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға негізді себептері болса;

      с) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша Сұрау салынатын Тараптың әдеттегі қылмыстық құқығында ұқсастығы жоқ әскери қылмыс болып табылатын болса;

      d) егер жасаған қылмысы үшін адамды ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа қатысты:

      i) адам Сұрау салынатын Тарапта ақталса, кешірім жасалса немесе оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылса;

      ii) адам Сұрау салынатын Тарапта сотталса;

      iii) адам Сұрау салынатын Тарапта жазаны өтесе;

      е) егер бұл Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына немесе халықаралық шарттардан туындайтын Сұрау салынатын Тараптың міндеттемелеріне қайшы келсе;

      f) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмысы үшін адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде қылмыстық қудалау немесе жазаны өтеу ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында көзделген өзге де заңды негіз бойынша жүзеге асырылмайтын болса, жүргізілмейді. Ұстап беру сұратылып отырған адамның сот төрелігінен жалтару кезеңі қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдеріне есептелмейді.

      2. Егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін Сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес өлім жазасы түріндегі жаза көзделсе, ұстап беру туралы сұрау салу алдын ала консультациясыз және екі Тараптың сұрау салуды жіберуге келісімінсіз жіберілмейді.

      3. Осы Шартқа сәйкес ұстап беруден кез келген мынадай мән-жайлар кезінде:

      a) егер ұстап беру сұратылып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылса;

      b) оған қатысты ұстап беру сұратылып отырған қылмыс Сұрау салынатын Тараптың юрисдикциясының қолданыс аясына түсуші ретінде қаралатын болса;

      c) Сұрау салынатын Тарап ұстап беру оның егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мемлекеттік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе;

      d) егер ұстап беру сұратылып отырған қылмыс үшін Сұрау салынатын Тарапта ұстап беру сұратылып отырған адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса, бас тартылуы мүмкін.

      4. Егер осы баптың 3-тармағының а) немесе б) тармақшаларына сәйкес ұстап беруден бас тартылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша өз заңнамасына сәйкес сұрау салынып отырған адамды қылмыстық кудалау мақсатында іс материалдарын өзінің құзыретті органдарының қарауына ұсынады.

4-БАП
УАҚЫТША ҰСТАП БЕРУ НЕМЕСЕ ҰСТАП БЕРУДІ КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРУ

      1. Сұрау салынатын Тарап адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе ол ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа жатпайтын қылмысы үшін жазасын өтеу мақсатында оны ұстап беруді кейінге қалдыра алады. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.

      2. Егер адам ұстап беру сұратылып отырған қылмысқа жатпайтын қылмысы үшін Сұрау салынатын Тарап аумағында жазасын өтейтін болса, Сұрау салынатын Тарап ұстап беру сұратылып отырған қылмысы үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін бұл адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша бере алады. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен ұстауда болуға және Тараптардың өзара келісуі бойынша белгіленген жазбаша шарттарға сәйкес осы адамға қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін Сұрау салынатын Тарапқа қайтарылуға тиіс.

5-БАП
ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;

      Малайзия үшін - Малайзияның Ішкі істер министрлігі болып табылады.

      2. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

6-БАП
ҰСТАП БЕРУ РӘСІМІ ЖӘНЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰЖАТТАР

      1. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады және дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.

      Кейінгі қарым-қатынастар тікелей орталық органдар немесе дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.

      2. Адамды ұстап беру туралы сұрау салуда:

      а) егер мүмкін болса, іздестіріліп жатқан адамның фотосуреттері, саусақ іздері және егер ол мәлім болса, іздестіріліп жатқан адамның соңғы тұрған жері туралы ақпаратты қоса алғанда, жеке басын және азаматтығын сәйкестендіретін мәліметтер;

      b) қылмыстың іс жүзіндегі мән-жайларын баяндау;

      c) қылмысты және ол үшін тағайындалуы мүмкін, көзделген жазаны сипаттайтын заңдардың мәтіні;

      d) қолданылатын ескіру мерзімдері туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      3. Егер адам ұстап беруге әкелетін қылмысты жасағаны үшін қылмыстық қудалау үшін іздестіріліп жатса, онда ұстап беру туралы сұрау салуда оны қамаққа алу туралы ордердің көшірмесі және бар болса іс-әрекетті сипаттайтын құжаттың көшірмесі қамтылуға тиіс.

      4. Егер адам сотталған және оған қатысты жаза тағайындалған болса, онда адамды ұстап беру туралы сұрау салуда:

      a) айыптау үкімінің куәландырылған көшірмесі және оның заңды күшіне енгені туралы құжат;

      b) жазаны өтеудің басталған күні туралы мәлімет; және

      c) үкімнің орындалу барысы туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      5. Тараптардың ешқайсысы экстрадицияның шарты ретінде осы Шарттың негізінде екінші Тараптың іздестіріліп жатқан адамға қатысты іс бойынша дәлелдемелерді растауын талап ете алмайды.

7-БАП
ҚОСЫМША АҚПАРАТ

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуда ұсынылған ақпаратты осы Шартқа сәйкес адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру үшін жеткіліксіз деп есептесе, бұл Тарап қосымша ақпаратты сұрата алады. Сұрау салынатын Тарап осындай ақпаратты ұсынуға мерзім белгілей алады және Сұрау салушы Тарап мұндай ұзарту үшін себептердің негіздемесін ұсынған кезде оны ұзарта алады.

      2. Егер ұстап беру сұратылып отырған адам күзетпен ұстауда болса, ал ұсынылған қосымша ақпарат осы Шартқа сәйкес жеткіліксіз болса немесе келісілген уақыт кезеңі ішінде алынбаса, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату, егер қосымша ақпарат кейіннен алынатын болса, адамды қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі болмауға тиіс.

      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзетпен ұстаудан босатылса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа қысқа мерзімде хабарлауға тиіс.

8-БАП
АУДАРМА

      Тараптар жіберетін барлық құжаттар ағылшын тіліне аударылуға тиіс.

9-БАП
ҚҰЖАТТАРДЫ КУӘЛАНДЫРУ

      1. Осы Шарттың 6-бабына сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуға қоса тіркелетін құжаттар, егер оларды Сұрау салушы Тарап куәландырған болса, дәлелдемелер ретінде қолдануға рұқсат етілуге тиіс.

      2. Осы Шарттың мақсаттары үшін құжат, егер:

      a) оған Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе басқа да құзыретті адамы қол қойса немесе куәландырса; және

      b) Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының елтаңбалы мөрімен бекемделсе, ал Малайзия үшін Малайзияның Ішкі істер министрлігінің елтаңбалы мөрімен бекемделсе; немесе

      c) Сұрау салынатын Тараптың заңдары бойынша рұқсат етілгендей нысанда расталса, куәландырылған болып саналады.

10-БАП
УАҚЫТША ҚАМАҚҚА АЛУ

      1. Кезек күттірмейтін жағдайларда мүдделі Тарап адамды ұстап беру туралы сұрау салуды ұсынғанға дейін іздестіріліп жатқан адамға қатысты уақытша қамаққа алуға сұрау сала алады.

      2. Уақытша қамаққа алу туралы сұрау салу жазбаша нысанда ресімделеді және Тараптардың орталық органдары арқылы тікелей беріледі.

      3. Уақытша қамаққа алу туралы сұрау салуда мыналар:

      a) егер мүмкін болса, саусақ іздерін және фотосуретін қоса алғанда, іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасы;

      b) егер мәлім болса, іздестіріліп жатқан адамның соңғы тұрған жері;

      c) қылмыс жасады деп адамға күдік келтірілген немесе айыпталған не олар үшін адам сотталған қылмыстардың сипаттамасы;

      d) әрбір қылмысты құрайтын айып тағылып отырған іс-әрекеттерді және, егер мүмкін болса, әрбір қылмыстың жасалған уақыты мен орнын қоса алғанда, қылмыстық іс бойынша фактілердің қысқаша сипаттамасы;

      е) егер адамға қылмыстық қудалау мақсатында сұрау салынса, қамаққа алу туралы қаулыны немесе бар болса, іс-әрекетті сипаттайтын құжаттың көшірмесі;

      f) егер адамға үкімді орындау мақсатында сұрау салынса айыптау үкімінің көшірмесі;

      g) қылмыс жасағаны үшін тағайындалуы мүмкін немесе тағайындалған жазаның сипаттамасы; және

      һ) адамды ұстап беру туралы сұрау салудың кейіннен жіберілетіні туралы кепілдеме қамтылуға тиіс.

      4. Уақытша қамаққа алу туралы сұрау салуды алғаннан кейін Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды қамаққа алу үшін қажетті шараларды қабылдауға және нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етуге тиіс.

      5. Егер Сұрау салушы Тарап осы Шарттың 6-бабында көрсетілген қажетті құжаттарды қамаққа алынған күннен бастап қырық (40) тәулік ішінде ұсына алмаса, қамаққа алынған адам босатылуы мүмкін.

      6. Адамды осы баптың 5-тармағына сәйкес босату, егер сұрау салу кейіннен алынса, іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға кедергі болмауға тиіс.

11-БАП ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ҰСТАП БЕРУ

      1. Егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тарапқа қайтуға келіскен болса және осындай келісімнің салдары туралы құзыретті немесе сот органының ресми өкілінің дербес консультациясынан кейін қайтуға өзінің келісімін растайтын болса, Сұрау салынатын Тарап адамды өзінің заңнамасына сәйкес бұдан әрі талқылаусыз ұстап бере алады.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес адамды беру осы Шарттың 15 және 16-баптарының ережелерін ескере отырып, осы Шарттың 13 және 14-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

12-БАП
БӘСЕКЕЛЕС СҰРАУ САЛУЛАР

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап нақ сол бір адамды дәл осы не әртүрлі қылмыстары үшін ұстап беру туралы бірнеше мемлекеттен сұрау салуды алған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап адамның қай мемлекетке берілетінін айқындайды және өзінің шешімі туралы сол мемлекеттерді хабардар етеді.

      2. Сұрау салынатын Тарап шешім қабылдаған кезде мыналарды:

      a) сұрау салулар халықаралық шартқа сәйкес жасалғанын не жасалмағанын;

      b) іздестіріліп жатқан адамның азаматтығын;

      c) жасалған қылмыстардың ауырлығын;

      d) сұрау салушы мемлекеттердің адамды ұстап беру туралы сұрау салуларды ұсынған тәртібін;

      е) сұрау салушы мемлекеттердің мүдделерін;

      f) сұрау салушы мемлекеттер арасында бұдан әрі ұстап беру мүмкіндігін;

      g) әрбір қылмыстың жасалған уақыты мен орнын қоса алғанда, барлық факторларды ескеруге тиіс.

13-БАП
ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ СҰРАУ САЛУ БОЙЫНША ШЕШІМДЕР ЖӘНЕ АДАМДЫ БЕРУ

      1. Сұрау салу бойынша шешім қабылданысымен Сұрау салынатын Тарап қабылданған шешім туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға міндетті.

      2. Егер сұрау салуды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартылса, Сұрау салынатын Тарап бас тартудың жазбаша себептерін ұсынуға тиіс. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап іске қатысты соттың тиісті шешімдерінің көшірмелерін ұсына алады.

      3. Тараптар іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына Сұрау салынатын Тараптың аумағында беретін күн мен орын туралы уағдаласады.

      4. Егер іздестіріліп жатқан адам Сұрау салынатын Тараптың аумағынан Сұрау салынатын Тараптың заңнамасында белгіленген уақыт кезеңі ішінде әкетілмесе, адам күзетпен ұстаудан босатылуы мүмкін және кейін Сұрау салынатын Тарап нақ осы қылмыс үшін ұстап беруден бас тарта алады.

      5. Егер форс-мажорлық мән-жайлар Тараптарға ұстап берілген адамды беруге немесе әкетуге кедергі болса, бұл туралы екінші Тарап хабардар етіледі. Бұл жағдайда Тараптар адамды берудің жаңа күнін келіседі, ол үшін осы баптың 3-тармағының ережелері қолданылады.

14-БАП
МЕНШІКТІ АЛЫП ҚОЮ ЖӘНЕ БЕРУ

      1. Өзінің заңнамасына сәйкес рұқсат етілетін дәрежеде Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру сұратылып отырған қылмыстың жасалуына дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін, оны ұстап алу кезінде іздестіріліп жатқан адамның иелігіндегі кез келген меншікті алып қоя алады және Сұрау салушы Тарапқа бере алады.

      2. Осы баптың 1-тармағын ескере отырып, егер тіпті іздестіріліп жатқан адамды оның қайтыс болуы немесе қашып кетуі салдарынан беруді жүзеге асыру мүмкін болмаса да, меншік Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша берілуі мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап меншіктің Сұрау салынатын Тарапқа қысқа мерзімде қайтарылатынына Сұрау салушы Тараптан растауды алғаннан кейін меншікті беруді негіздей алады. Сұрау салынатын Тарап, егер ол Сұрау салынатын Тарапқа басқа талқылаулар бойынша дәлелдемелер ретінде қажет болса, меншікті беруді кейінге қалдыра да алады.

      4. Осы бапты қолдану кезінде берілетін меншікке қатысты Сұрау салынатын Тараптың немесе үшінші тұлғалардың кез келген құқықтары тиісті түрде ескеріледі.

      5. Кез келген берілген меншікті қайтару жөніндегі шығыстарды Сұрау салынатын Тарап көтереді.

15-БАП
АРНАЙЫ ҚАҒИДА

      1. Осы Шартқа сәйкес берілген адамды:

      a) ол бойынша адамды ұстап беру қанағаттандырылған қылмысты;

      b) ұстап беру қанағаттандырылған нақ сол фактілерге негізделген онша ауыр емес қылмысты;

      c) ол бойынша Сұрау салынатын Тараптың келісімі бар, ұстап беруге әкелетін кез келген басқа қылмысты қоспағанда, Сұрау салушы Тараптың аумағында ұстап алуға, қамаққа алуға, айыптауға, соттауға немесе оның жеке басының бостандығын кез келген шектеуге болмайды.

      2. Егер адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі болып, ол бойынша ұстап беру қанағаттандырылған қылмыс үшін түпкілікті босатылған күннен бастап қырық бес (45) тәулік ішінде кетпесе не адам өзін ұстап бергеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, ерікті түрде қайтып оралса, осы баптың 1-тармағы қолданылмайды.

16-БАП
ҮШІНШІ МЕМЛЕКЕТКЕ БЕРУ

      1. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адам Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тарап үшінші мемлекетке немесе көпжақты халықаралық Конвенцияға сәйкес құрылған халықаралық трибуналға оны ұстап бергенге дейін жасалған кез келген қылмыс үшін қылмыстық қудалау немесе үкімді орындау үшін және егер бұл мұндай Конвенцияға сәйкес талап етілсе, басқа мүдделі мемлекеттің келісімінсіз ұстап берілмейді.

      2. Егер:

      а) осы адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетсе және ерікті түрде қайта оралса; немесе

      б) осы адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетуге мүмкіндігі бола тұра, қырық бес (45) күн ішінде кетпесе, осы баптың 1-тармағы қолданылмайды.

17-БАП
ТРАНЗИТ

      1. Тараптардың заңнамасында жол берілетін шекте, Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа үшінші мемлекет берген адамды өзінің аумағы арқылы транзиттеу үшін екінші Тарапқа рұқсат бере алады.

      2. Транзит туралы сұрау салу Тараптардың орталық органдары арқылы жіберіледі. Транзит туралы сұрау салу адамды ұстап беруге рұқсат ететін құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, тасымалданатын адамның жеке деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істердің мән-жайларының қысқаша мазмұндамасын қамтуға тиіс.

18-БАП
ӨКІЛДІК ЕТУ ЖӘНЕ ШЫҒЫСТАР

      1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа консультация береді, көмек көрсетеді, сотта оның атынан сөз сөйлейді және Сұрау салушы Тараптың мүддесін білдіреді не адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға байланысты туындайтын кез келген сот талқылауы барысында Сұрау салушы Тарапқа өкілдік ету үшін қажетті шараларды қолданады.

      2. Сұрау салушы Тарап тиісті сұрау салумен бірге берілетін құжаттардың жазбаша және ауызша аудармасына және көшірмесіне және берілген адамды тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді. Сұрау салынатын Тарап ұстап берілуі сұратылып отырған адамды Сұрау салушы Тарапқа бергенге дейін қамаққа алуға және күзетпен ұстауға байланысты өзінің аумағында туындайтын шығыстарды қоса алғанда, экстрадициялау рәсімдерінің себептері бойынша өзінің аумағында туындайтын басқа да шығыстарды көтереді. Тараптар осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Осы баптың 2-тармағына қарамастан, Сұрау салынатын Тарапта сұрау салуға байланысты және елеулі немесе айрықша сипаты бар шығыстар туындаған жағдайда, Тараптар шығыстардың қалай өтелетінін айқындау мақсатында консультациялар жүргізеді.

      4. Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапқа осы Шартты іске асыру кезінде туындайтын ақшалай талаптарды қоймауға тиіс.

19-БАП
КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР

      1. Осы Шартты неғұрлым тиімді пайдалану мақсатында Тараптар осы Шартты түсіндіруге, қолдануға немесе имплементациялауға қатысты жалпы не нақты қылмыстық іс бойынша консультациялар жүргізеді.

      2. Тараптар осы Шартты іске асыруға жәрдемдесуге қажет болуы мүмкін практикалық шараларды әзірлей алады.

20-БАП
БАСҚА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРМЕН АРАҚАТЫНАС

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша бірімен-бірінің ынтымақтасуына кедергі болмайды.

21-БАП
ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты Тараптардың арасындағы кез келген даулар немесе келіспеушіліктер қандай да бір үшінші тарапты немесе халықаралық трибуналды байланыстырмай дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасында консультациялар немесе келіссөздер жүргізу арқылы реттелуге тиіс.

22-БАП
ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Шарттың 23-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

23-БАП
КҮШІНЕ ЕНУІ

      1. Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн ішінде күшіне енеді.

      2. Егер тіпті, адамды ұстап беру туралы сұрау салуға байланысты қылмыстар, осы Шарт күшіне енген күнге дейін жасалған болса да, ол күшіне енген күннен кейін ұсынылған адамды ұстап беру туралы сұрау салуларға да қолданылады.

24-БАП
ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ

      1. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа өзінің осы Шарттың қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жіберу жолымен оның қолданысын тоқтатуға құқылы.

      2. Осы Шарт Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы осындай хабарламаны алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен соң өзінің қолданысын тоқтатады.

      3. Осы Шартты тоқтату оның қолданысы кезеңінде басталған адамдарды ұстап беру жөніндегі шараларды немесе рәсімдерді аяқтауға кедергі келтірмейді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      201__ жылғы ____ __________ ____________ әрқайсысы қазақ, малай және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      МАЛАЙЗИЯ ҮКІМЕТІ ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады