Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 17 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сəйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жəне тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының Сауда жəне интеграция министрлігі:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ішкі жəне сыртқы сауда саясатын қалыптастыру жəне іске асыру, халықаралық экономикалық интеграция, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің техникалық реттеу, стандарттау жəне өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып;

      2) Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі:

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қоршаған ортаны қорғаудың, тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеудің мемлекеттік саясатын қалыптастыру жəне іске асыру, табиғи ресурстарды қорғау, оларды ұтымды пайдалануды бақылау жəне қадағалау саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су қорын пайдалану жəне қорғау, сумен жабдықтау, су бұру, орман шаруашылығы саласындағы;

      Қазақстан Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің мемлекеттік геологиялық зерттеу, минералдық-шикізат базасын молайту саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігімен келісім бойынша мемлекеттік органдардың жəне оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;

      2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Сауда жəне интеграция министрлігі мен Қазақстан Республикасы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі Ұлттық экономика, Сыртқы істер, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрліктерінің берілетін функциялары мен өкілеттіктері шегінде құқықтары мен міндеттемелерінің құқық мирасқоры болып айқындалсын.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Сауда жəне интеграция министрлігі;

      Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі".

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады