Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығы.

      Өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі екінші деңгейдегі банктердегі жəне микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша мынадай жағдайларда:

      1) аталған қарыздар бойынша борышкерлер көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын от басылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кəмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса;

      3) бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тəртіпте шаралар қабылдасын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:

      1) банктерде жəне микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару;

      2) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жəне облыстардың əкімдерімен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту бойынша:

      1) мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен жəне оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды;

      2) табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салуды;

      3) кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беру кезіндегі реттеудің қосымша шараларын көздейтін реттеушілік сипаттағы шаралар кешенін қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады