"Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 27 мамырдағы № 341 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығына (2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 254 (28477) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында:

      мазмұнында:

      "4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру" жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.5. Қоғамда парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет жүйесін қалыптастыру";

      "1. Кіріспе" деген бөлімде:

      бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылуда, оның негізі "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды іске асыратын уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.";

      "2. Ағымдағы жағдайды талдау" деген бөлімде:

      "2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер" деген кіші бөлімде:

      төртінші және бесінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:

      "1999 жылдан бастап қолданылған "Мемлекеттік қызмет туралы" Заң және Мемлекет басшысы 2005 жылы бекіткен Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі Қазақстанда есеп берушілік, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға негізі болды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында реттеуші және құқық қорғау функцияларын біріктіретін мемлекеттік орган құрылды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруға және іске асыруға ғана емес, сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіруге де арналған. Бұдан басқа, оның қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеп-тексеруге бағытталған.";

      оныншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осындай қағидаттық тәсіл жаңа Қылмыстық кодексте іске асырылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған кезде шартты түрде соттауға тыйым салынады, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығына өмір бойы тыйым салу енгізілді, ал сыбайлас жемқорлық қылмысын алғаш рет жасаған адамдар іс жүзінде өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен тек сот арқылы босатылады.";

      "2.2. Шешуді талап ететін проблемалар" деген кіші бөлімде:

      мынадай мазмұндағы жетінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте заңсыз жұмыс әдістері мен арандатушылық әрекеттерге жол берілмейді. Кінәсіздік презумпциясының конституциялық принципін қатаң басшылыққа алу қажет.".

      он тоғызыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұтастай алғанда, уәкілетті органның қызметінде оның құқық қорғау және реттеуші функциялары арасындағы теңгерім сақталуы тиіс."

      "4. Түйінді бағыттар, негізгі тәсілдер және басым шаралар" деген бөлімде:

      "4.1. Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл" деген кіші бөлім:

      мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "Кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауға көшу халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды ұлттық заңнамаға дәйекті имплементациялауды жалғастыруға мүмкіндік береді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі алдын алу жұмысын күшейтудің тағы бір маңызды факторы бағыныстыларының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін басшылардың жауапкершілігі болып табылады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметте парасаттылықты қамтамасыз ету жүйесін едәуір нығайтады.

      Жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің көрсеткіші ретінде сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау да алдын алу шараларын қарқындатуға ықпал етеді.";

      "4.3. Квазимемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл" деген кіші бөлім:

      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Квазимемлекеттік секторда парасаттылықты нығайтуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылауға және тәуекелдерді бағалауға ерекше назар аудара отырып сыбайлас жемқорлық практикаларының алдын алуға, теріс пайдаланушылықты болдырмауға, мүдделер қақтығысын анықтау мен басқаруға, сондай-ақ қызметкерлерді оқытуға шоғырландырылған, комплаенс-қызмет ықпал етеді.";

      "4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру" деген кіші бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.5. Қоғамда парасаттылық жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл парадигмасын өзгертудің тұжырымдамалық негізі қоғамдағы парасаттылық идеологиясы болуы тиіс.

      Парасаттылық – әділдік, заңдылық, сатылмайтындық, адалдық сияқты құндылықтарды біріктіретін кешенді ұғым. Парасаттылық жүйесі мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын, айқындығын көздейді.

      Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады. Дәл осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы дамыған мәдениет сыбайлас жемқорлықтың елдің табысты болашағына қауіп-қатер, өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігі үшін кедергі деген ұғымды қамтамасыз етеді.

      Парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде мемлекет пен азаматтардың серіктестігі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда күш-жігерін біріктіру, қоғамның осы жұмысқа барынша тартылуын қамтамасыз ету түпкілікті маңызды рөл атқарады.

      Аталған тәсіл қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктерін кеңейтуді көздейді, ол қоғамдық кеңестердің қызметімен ғана шектелмеуі тиіс.

      Азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының басқа да практикалық тетіктерін және ең алдымен, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен қызметінің айқындығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл сияқты бағыттар бойынша заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет.

      Мұндай тетіктерге бюджет қаражатын бөлу және олардың жергілікті өзін-өзі басқару бағдарламалары бойынша пайдаланылуы туралы шешімдер қабылдау процесінде халықтың қатысуын, заңнамамен белгіленген шектерде нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын жұртшылықтың қатысуымен жүргізуді жатқызуға болады.

      Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызы зор факторы азаматтардың осы немесе өзге салада немесе өңірде барынша проблемалы, өткір мәселелерін, сондай-ақ оларды шешу жолдарын анықтауға тікелей қатысу мүмкіндігі болып табылады. Бұл, тек сыбайлас жемқорлықты жою бойынша міндеттерді шешуге ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту, билікке деген сенім деңгейін арттыру және шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа жоғары бейімділігі туралы стереотипті "бұзуға" мүмкіндік береді.

      Жұртшылықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы рөлін күшейту және қоғамдық бақылауды кеңінен қамтамасыз ету қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруды талап етеді.

      Мұнда жас ұрпақты сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беруге мүмкіндік бермейтін жаңа көзқараспен және өмірлік қағидаттармен өсіру шешуші рөл атқарады.

      Бұл үшін бала кезінен тұлғаның дамуы мен қалыптасуының барлық кезеңдерінде оқыту мен тәрбиелеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды дарыту маңызды. Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптарын білім беру жүйесіне қосу керек.

      Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, мектептегі парасаттылық клубтары азаматтардың сыбайлас жемқорлықтан "иммунитеті" бар жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.

      Халықтың, әсіресе, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығы мемлекеттік қызметшілер тарапынан лауазымдарын теріс пайдалану тәуекелдерін едәуір қысқартады. Пікір көшбасшыларын тарта отырып, қоғамды сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруда шоғырландыруға ықпал етеді.

      Ауқымды түсіндіру жұмысы арқылы қоғамдағы құқықтық нигилизмді түбірімен жою азаматтарға мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процестеріне ықпал етудің практикалық құралдарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

      Осымен қатар, парасаттылық және сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамау ауанын құру мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды күшейту қажет. Адал, лайықты мемлекеттік қызметшілер үлгілерін кеңінен жариялау, қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпаратты тарату қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

      Сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға азаматтардың қатысуын жандандыру үшін, параның немесе келтірілген зиянның мөлшеріне байланысты біржолғы ақшалай сыйақылар төлеудің сараланған жүйесін белгілей отырып, мұндай жағдайлар туралы хабарлағаны үшін оларды көтермелеудің қолданыстағы тетігі жетілдірілді.

      Бұл ретте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың қосымша тетіктерін пысықтау қажет.

      Жиынтығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық шаралары мемлекеттік билік органдарына деген сенімді арттыруда және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуде көрініс табуы тиіс.

      Ахуалдың тұрақты мониторингі үшін талдау мен бағалаудың өзге құралдарын пайдаланумен қатар, әлеуметтанушылық зерттеулерді – қоғамдық пікірді таразылауды, оның ішінде халықаралық рейтингтік ұйымдардың табысты әдістемелерінің негізінде, тұрақты түрде жүргізіп отыру қажет. Қоғамның қанағаттанушылығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін бағалаудың негізі болуы тиіс.".

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады