Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 487 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетовке Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 8 қаңтардағы
№ 487 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Доминикан Республикасы,

      қылмыстық істер бойынша ынтымақтастық пен өзара құқықтық көмек арқылы қылмыстылықты болғызбауда, тергеуде, қылмыстық қудалауда және оның жолын кесуде екі Тараптың тиімділігін арттыруға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап Қолданылу аясы

      1. Тараптар осы Шарттың ережелеріне сәйкес көмек туралы сұрау салу берілген кезде қылмыстар үшін жазалау Сұрау салушы Тараптың құзыретіне жататын қылмыстарға байланысты барлық процестерде бір-біріне барынша кеңінен құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.

      2. Өзара құқықтық көмек мынадай әрекеттерді:

      a) құжаттарды, шақыру қағаздары мен заттарды беруді;

      b) адамдар мен заттардың тұрған жерін анықтауды немесе оларды сәйкестендіруді;

      c) айғақтар мен мәлімдемелер алуды;

      d) келуді немесе тыңдауды қамтамасыз ету үшін күзетпен ұсталатын адамдарды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан адамдарды уақытша беруді;

      e) тінтуді, алып қоюды және тәркілеуді жүзеге асыруды;

      f) мәжбүрлеу шараларын, сондай-ақ банктік шоттар мен қаржылық ақпаратты сәйкестендіруді;

      g) заттар мен құжаттарға сараптама жасауды;

      h) ақпарат пен дәлелдемелер беруді;

      i) сұрау салуларды орындау кезінде Сұрау салушы Тарап адамдарының қатысуына рұқсат беруді;

      j) Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.

2-бап Орталық органдар

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар бір-бірімен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

      2. Орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура;

      Доминикан Республикасы үшін – Республиканың Бас прокуратурасы (Халықаралық құқықтық көмек және экстрадиция департаменті) болып табылады.

      3. Орталық органдарға қатысты қандай да бір өзгерістер болған жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

3-бап Өзара құқықтық көмек туралы сұрау салулардың нысаны мен мазмұны

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, оған тиісті түрде қол қойылады және ол Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен расталады.

      2. Сұрау салуда:

      a) сұрау салуды жасаған құзыретті органның атауы;

      b) сұрау салудың мақсаты және сұрау салынатын көмектің сипаттамасы;

      c) тергеу немесе сот талқылауының мәні болып табылатын фактілердің сипаттамасы және олардың құқықтық саралануы;

      d) ескіру мерзімдері туралы ережені қоса алғанда, ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету;

      e) дәлелдемелердің, ақпараттың немесе өзге де іс-шаралардың сұратылу себептері;

      f) Сұрау салушы Тарапқа көмек көрсететін тұлғаға берілетін сомалар мен шығыстар туралы мәліметтер;

      g) сұрау салуды орындау кезінде мән-жайларға байланысты қатысуы қажет лауазымды адамдар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      3. Мүмкіндігіне қарай көмек туралы сұрау салуда:

      a) құжаттар табыс етілуі қажет адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат, оның процестік мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;

      b) айғақтар беруге немесе талқылауға көмек көрсетуге тиіс адамның жеке басы және тұрған жері туралы ақпарат;

      c) тұрған жері анықталуға тиіс адамның жеке басы, заттар немесе құжаттар туралы ақпарат;

      d) тінтуге жататын орынның немесе адамның және алып қоюға немесе тәркіленуге жататын объектілердің барынша дәл сипаттамасы;

      e) кез келген айғақтар немесе мәлімдемелер алынуға және тіркелуге тиіс тәсілдің сипаттамасы;

      f) тыңдалатын адамға қойылуы қажет сұрақтардың тізбесі;

      g) сұрау салуды орындау кезінде сақталуға тиіс нақты рәсімнің сипаттамасы;

      h) құпиялылықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;

      i) Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындауды сұрайтын мерзім;

      j) сұрау салуды орындауға септігін тигізу үшін Сұрау салынатын Тарапқа берілуі мүмкін кез келген басқа ақпарат та қамтылуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Тарап электрондық пошта арқылы немесе басқа да техникалық байланыс құралдарының көмегімен алынған сұрау салуды орындауға қабылдауға құқылы. Сұрау салушы Тарап сұрау салудың түпнұсқасын пошта арқылы жіберуге тиіс.

4-бап Тіл

      1. Сұрау салу мен қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасы қоса берілуге тиіс.

      2. Сұрау салуларға жауаптар қосымшаларымен бірге Сұрау салынатын Тараптың тілінде жіберілуге және ағылшын тіліне аудармасы қоса берілуге тиіс. Сұрау салуды орындауға қатысты құжаттардың көлемі үлкен болған жағдайда, Тараптардың орталық органдары аудару үшін құжаттар тізімін айқындау мақсатында консультациялар жүргізуге құқылы.

5-бап Құқықтық көмек көрсетуден бас тарту

      1. Сұрау салынатын Тарап егер құқықтық көмек бойынша сұрау салынып отырған іс-әрекет оның ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмаса, құқықтық көмек беруден бас тартуға құқылы.

      2. Сұрау салынатын Тарап, егер:

      а) осы Шартта көзделген құқықтық көмектің белгілі бір түрлерін орындау үшін шарттар сақталмаса;

      b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да елеулі мүдделеріне қатер төндірсе;

      c) құқықтық көмек туралы сұрау салу адамға қатысты оның нәсіліне, жынысына, діни сеніміне, ұлтына, этникалық шығу тегіне немесе саяси сеніміне байланысты қылмыстық қудалау мақсатында жіберілген немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтірілуі мүмкін деп пайымдауға дәлелді негіздер болса;

      d) құқықтық көмек туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тарапта тергеліп жатқан қылмысқа жатса және сұрау салуды орындау осы Тарапта жүргізіліп жатқан тергеуге нұқсан келтіруі мүмкін болса, сұрау салынатын құқықтық көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.

      3. Құқықтық көмек беруден кез келген бас тарту негізделген болуға тиіс.

6-бап Құқықтық көмек туралы сұрау салуларды орындау

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салулар Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады. Тиісті жағдайларда Сұрау салынатын Тарап, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тарап ұсынған тәртіппен әрекет етуге құқылы.

      2. Сұрау салынатын Тарап, егер мұндай орындау оның аумағында жүргізіліп жатқан ағымдағы қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін болса, сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруға құқылы.

      3. Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсетуді кейінге қалдырудан бұрын Сұрау салушы Тараппен ықтимал консультациялардан кейін ол қажет деп есептейтін шарттармен сұрау салуды толық немесе ішінара орындай алуы/орындай алмауы туралы шешім қабылдайды.

      4. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру туралы шешімде оның себептері түсіндіріледі және Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа сұрау салуды орындауды кейінге қалдырудың себептері туралы хабарлайды.

      5. Сұрау салынатын Тарап көмек туралы сұрау салуды мүмкіндігінше қысқа мерзімде немесе, егер бұл мүмкін болса, Сұрау салушы Тарап көрсеткен мерзімде орындайды, ол негізделген болуға тиіс.

7-бап Құпиялылық және пайдалануды шектеу

      1. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптан сұрау салудың және оның мазмұнының және/немесе сұрау салуды орындау нәтижелерінің құпиялылығын қамтамасыз етуді сұратуға құқылы. Егер Сұрау салынатын Тарап құпиялылық туралы талапты орындай алмайтын болса, ол бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды, ол сұрау салудың құпиялылықты сақтамай одан әрі орындауға жататынын-жатпайтынын шешеді.

      2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан сұрау салуды орындау кезінде алынған ақпаратты немесе дәлелдемені, сұрау салуда келісілгендерді қоспағанда, Сұрау салынатын Тараптың алдын ала келісімінсіз басқа талқылауларда пайдаланбау туралы сұратуға құқылы.

8-бап Құжаттар мен шақыру қағаздарын табыс ету

      1. Сұрау салынатын Тарап оған Сұрау салушы Тарап осы мақсатта берген құжаттарды табыс етуді жүргізеді.

      2. Сұрау салынатын Тарап табыс еткеннен кейін Сұрау салушы Тарапқа жеткізу күнін, уақытын, орнын және тәсілін көрсете отырып, лауазымды адамның қолы және табыс етуді жүзеге асырған органның мөрі бар бұл туралы растауды, сондай-ақ құжаттарды алған адам туралы ақпаратты береді. Егер табыс ету жүзеге асырылмаса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы дереу хабар береді және құжаттардың табыс етілмеу себептері туралы хабарлайды.

      3. Адамдардан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының алдына келуін талап ететін шақыру туралы шақыру қағаздары Сұрау салынатын Тарапқа белгіленген келу күніне дейін алпыс (60) тәуліктен кешіктірілмей беріледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, Тараптар неғұрлым қысқа мерзім туралы келісуі мүмкін.

      4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келмеген кез келген адам, тіпті шақыру қағазында келмеген жағдайда ықтимал жауаптылық туралы ескерту болса да, кез келген жазалауға немесе мәжбүрлеу шарасына жатпайды.

9-бап Кепілдіктер

      1. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру қағазы бойынша келген кез келген адам өзінің азаматтығына қарамастан кіру алдындағы және шақыру қағазында көрсетілмеген іс-әрекеттер мен соттылығы үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, қамаққа алуға, айыптауға, жазалауға тартыла алмайды немесе оның жеке бас бостандығын қандай да бір өзге де шектеуге ұшырай алмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда көрсетілген адам:

      а) оның қатысуы бұдан әрі қажет болып табылмайтындығы туралы ресми хабардар етілген кезден бастап он бес (15) тәулік ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, қолданылмайды. Алайда бұл мерзім көрсетілген адам өзіне байланысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпеген кезеңді қамтымайды;

      b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, Сұрау салушы Тараптың аумағына өз еркімен қайта оралса, қолданылмайды.

10-бап Адамдар мен заттардың тұрған жерін анықтау немесе оларды сәйкестендіру

      1. Кез келген Тарап екінші Тараптан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының алдына келуге тиіс және болжаммен Сұрау салынатын Тараптың аумағында жүрген адамдардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және іздестірілудегі адамдардың тұрғылықты жерін немесе тіркелген жерін хабарлауды сұратуға құқылы.

      2. Кез келген Тарап екінші Тараптан заттардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және тиісті деректерді хабарлауды немесе тұрған жерін анықтауға және сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кез келген басқа шараны қолдануды сұратуға құқылы.

      3. Сұрау салынатын ақпарат Сұрау салушы Тарапқа осы Шарттың 3-бабында көзделген сұрау салу негізінде хабарланады. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы да жіберілуі мүмкін.

11-бап Бейнеконференция байланысы арқылы тыңдау

      1. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының алдына келуге тиіс куәлардан, күдіктілерден, айыпталушылардан, сарапшылардан немесе жәбірленушілерден жауап алу көбінесе бейнеконференция байланысы арқылы жүргізіледі.

      2. Бейнеконференция байланысы арқылы тыңдауға мынадай қағидалар қолданылады:

      а) тыңдау Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының қатысуымен өткізіледі. Осы орган айғақ алынуы қажет адамның жеке басын анықтауға және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген негізге алынатын қағидаттардың сақталуына жауап береді;

      b) Тараптардың құзыретті органдары қажет болған жағдайда тыңдалуға тиіс адамды қорғауға қатысты шараларды келіседі;

      c) тыңдау Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының лауазымды адамының басшылығымен оның ұлттық заңнамасына сәйкес өткізіледі;

      d) тыңдаудың соңында Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдаудың күнін, уақытын және орнын, тыңдалған адамның жеке басы туралы деректерді, оның айғақтарының мазмұны туралы деректерді, сондай-ақ тыңдауға қатысқан басқа адамдардың жеке басын және процестік мәртебесін көрсете отырып, хаттама жасайды. Бұл хаттама Сұрау салушы Тарапқа берілуге тиіс;

      e) Тараптар өздерінің құзыретті органдары арқылы тыңдалатын адамға аудармашы және/немесе қорғаушы беруге уағдаласады. Бұл жағдайда тыңдалатын адамның аудармашысына және/немесе қорғаушысына Сұрау салынатын Тарапта адамның тыңдалуы және оның қатысуымен басқа да процестік әрекеттері кезінде қатысуға рұқсат етіледі.

12-бап Қамаққа алынған және сотталған адамдарды уақытша беру

      1. Егер осы Шарттың 11-бабының ережелері қолданылмаса, Сұрау салынатын Тараптың аумағында қамаққа алынған немесе сотталған және Сұрау салушы Тарап оның куә немесе сарапшы ретінде өзінің қатысуын сұратып отырған кез келген адам азаматтығына қарамастан Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының келісімімен Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тарап көрсеткен мерзімге уақытша берілуі мүмкін, ол үш (3) айдан аспауға тиіс. Сұрау салушы Тарап көрсетілген кезеңді ұзартуды сұратуға құқылы, ол бір рет қана берілуі мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарды беруден, егер:

      a) адам оны беруге келісімін бермесе;

      b) Сұрау салынатын Тарапта жүргізіліп жатқан тергеп-тексерудің немесе сот талқылауының субъектісі болып табылатын адамның қатысуы талап етілсе;

      c) уақытша беру бас бостандығынан айыру мерзімінің ұлғаюына алып келуі мүмкін болса;

      d) адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруге қарсы басқа да елеулі негіздер болса, бас тартылуы мүмкін.

      3. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тарапта да, транзит мемлекетінде де күзетпен ұсталуға тиіс.

      4. Егер үшінші мемлекет күзетпен ұсталып отырған адамды Тараптардың біріне екінші Тараптың аумағы арқылы беруге тиіс болса, Сұрау салынатын Тарап, егер бұл адам осы Тараптың азаматы болып табылмаса, осы адамның транзитіне рұқсат етуге тиіс.

13-бап Тінту және алып қою

      1. Құқықтық көмек туралы сұрау салуда тінтуді, қандай да бір заттарды немесе құжаттарды алып қоюды және беруді жүргізу қажеттігін негіздейтін ақпарат қамтылған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап мұндай әрекеттерді жүргізеді.

      2. Заттарды немесе құжаттарды алып қойған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап олардың төлнұсқалығына көз жеткізуге тиіс. Егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүргізу құзыретті органның арнайы шешімін талап етсе, онда Сұрау салушы Тарап мұндай шешімді беруге тиіс.

14-бап Тәркілеу рәсімдеріндегі көмек

      1. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес заттарды, құжаттарды, қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты және өзге де кірістерді анықтау, табу, тыйым салу және тәркілеу бойынша өзара құқықтық көмек көрсетеді.

      2. Егер қылмыстық жолмен алынған кірістер, тыйым салуға немесе тәркіленуге жататын қылмыс қарулары, заттар мен құжаттар, сондай-ақ ақшалай қаражат Тараптардың бірінің аумағында екені белгілі болса, бұл туралы екінші Тарапқа хабарлануы мүмкін.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді, тыйым салуға немесе тәркіленуге жататын қылмыс қаруларын, заттар мен құжаттарды, сондай-ақ ақшалай қаражатты беру келісілген шарттармен жүзеге асырылады.

15-бап Заттар мен құжаттарды беру және қайтару

      1. Сұрау салушы Тарапқа берілген кез келген заттар мен құжаттар, Сұрау салынатын Тарап өзінің оларды қайтару құқығынан бас тартқаннан басқа жағдайларда, алғашқы мүмкіндік болған кезде қайтарылады.

      2. Егер заттар, құжаттар және/немесе мүлік тергеп-тексеруді немесе сот талқылауын жүргізу үшін қажет болған жағдайда, Сұрау салынатын Тарап осындай мүлікті беруді өзі қажет деп есептейтін уақытқа кейінге қалдыра алады. Сұрау салынатын Тарап оларды мүмкіндігінше тез қайтару шартымен Сұрау салушы Тарапқа бере алады.

      3. Сұрау салынатын Тарап берілген объектілер мен құжаттарға қатысты үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Сұрау салынатын Тарап қажет деп есептейтін шарттарға Сұрау салушы Тараптың келісімін беруін сұратуға құқылы. Егер осындай келісім алынбаса, Сұрау салынатын Тарап беруден бас тарта алады.

16-бап Банктік шоттар мен қаржылық ақпаратты анықтау

      1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс жасауға қатысы бар адамның оның аумағында орналасқан банкте немесе өзге де қаржы мекемесінде банктік шоттың ұстаушысы болып табылатынын/табылмайтынын, сондай-ақ осындай шоттарды пайдаланушыларды сәйкестендіруді, олардың тұрған жерін және тиісті транзакцияларды анықтауға және бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауға құқылы.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген көмекті беруден банк құпиясы негізінде бас тартуға болмайды.

17-бап Ақпаратты ерікті түрде беру

      1. Тараптар өз бастамасы бойынша бір-біріне екінші Тарапқа пайдалы болуы мүмкін кез келген ақпаратты беруге құқылы.

      2. Мұндай ақпаратты беру кезінде оны пайдалануға шектеулер қойылуы мүмкін, олар сақталуға тиіс.

18-бап Шығыстар

      1. Өз заңнамасына сәйкес Сұрау салынатын Тарап:

      а) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының g) тармақшасында аталған адамдардың жол жүруіне және Сұрау салынатын Тарапта болуына арналған шығыстарды;

      b) осы Шарттың 8-бабының 3-тармағында және 12-бабында аталған адамдардың жол жүруіне және болуына арналған шығыстарды;

      с) осы Шарттың 11-бабының тәртібімен құқықтық көмек туралы сұрау салудың орындалуына байланысты туындайтын шығыстарды;

      d) егер Тараптар өзгеше келіспесе, сараптамаларды жүргізуге арналған шығыстарды қоспағанда, құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындауға байланысты шығыстарды көтереді.

      2. Құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау күтпеген сипаттағы шығыстарға алып келген кезде Тараптар сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды бөлу мақсатында консультациялар жүргізуге құқылы.

19-бап Құжаттар мен материалдарды заңдастырудан босату

      Құқықтық көмек көрсету тәртібімен берілетін құжаттар мен материалдарға лауазымды адам қол қоюға және оларды құзыретті орган растауға тиіс және бұл жағдайда оларды одан әрі заңдастыру, растау немесе олардың түпнұсқалығын куәландыру талап етілмейді.

20-бап Шарттың басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Шарт Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап Келіспеушіліктерді реттеу

      Осы Шартты қолдану немесе түсіндіру барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

22-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың аяқтағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      3. Әрбір Тарап осы Шарттың қолданысын тоқтатуға құқылы. Тоқтату Тараптардың бірі екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.

      4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданысы кезеңінде басталған іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін немесе енгеннен кейін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтармен байланысты сұрау салуларға қатысты қолданылуы мүмкін.


      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.


      20___ жылғы ___ ______________ ___________ әрқайсысы қазақ, испан және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың мәтіндері арасында алшақтықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Доминикан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады