Байланыс формасы

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 27 қаңтардағы N 2828 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 291-IV Заңымен

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2010.06.25 № 291-IV Заңымен.

      Ескерту. Актінің нысаны мен тақырыбы мына редакцияда берілді: "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, кіріспе алынып тасталды, бүкіл мәтін бойынша сөздер алмастырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз).

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) барлау - пайдалы қазбалардың кен орындарын iздестiруге және оларды бағалауға байланысты жұмыстар (операциялар);
      2) барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалануға беру - мұнай мен газды сақтау үшiн жер асты құрылыстарын, сондай-ақ радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттарды және сарқынды суларды көму үшiн жер асты инженерлiк құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөнiндегi жұмыстар;
      3) геологиялық бөлу - жер қойнауын пайдаланушы барлау жүргiзуге құқылы жер қойнауының учаскесiн схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын келiсiм-шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын барлауға, бiрлескен барлау мен өндiруге жасалатын келiсiм-шартқа қосымша;
      4) жағалау жиегi - су объектiсi жағалауының судың барынша көтерiлуi (судың толуы) нәтижесiнде пайда болатын жиегi;
      5) жер асты сулары - жер қойнауында жатқан және осы Заңға сәйкес пайдаланылатын пайдалы қазба;
      6) жер қойнауы - топырақ қабатынан, ол жоқ болса - жер бетiнен және теңiздердiң, көлдердiң, өзендердiң және басқа да су айдындарының түбiнен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогрестi ескере отырып жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге болатын тереңдiкке созылған жер қыртысының бөлiгi;
      7) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган - жер қойнауын геологиялық зерттеу, ұтымды және кешендi пайдалану саласында реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      8) жер қойнауын қорғау - Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде жер қойнауының ластануын болғызбауға және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайтуға бағытталған iс-шаралар жүйесi;
      9) жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу - жер қойнауы жай-күйiнiң мониторингiне, жер қойнауы учаскелерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жекелеген бөлiктерiнiң және тұтастай бүкiл аумағының геологиялық құрылымын зерттеуге, оларда пайдалы қазбалардың болу перспективаларын iздестiру және iздестiру-бағалау жұмыстарын жүргiзу арқылы анықтауға, жер қойнауын пайдаланудың ақпараттық негiзiн құрайтын мемлекеттiк геологиялық карталар жасауға байланысты жұмыстар (операциялар);
      10) жер қойнауын пайдаланудың қауiпсiздiгi - жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзген кезде техникалық, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      11) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар - жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге, барлауға және өндiруге, оның iшiнде жер асты суларын, шипалы балшықты барлауға және өндiруге, жер қойнауын сарқынды суларды ағызу үшiн барлауға байланысты жұмыстар, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес, жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөнiндегi жұмыстар;
      11-1) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімі – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды бақылауға және оның мониторингіне, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді электрондық сатып алуды өткізуге және олардың тізбесін түзуге арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;
      12) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi ұлттық компания (бұдан әрi - ұлттық компания) - Үкiмет шешiмi бойынша құрылған, мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг жалғыз акционерi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда жер қойнауын пайдаланудың белгiлi бiр салаларында қызметтi жүзеге асыратын акционерлiк қоғам;
      13) жер қойнауын пайдалану құқығы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға берiлген келiсiм-шарттық аумақ шегiндегi жер қойнауына иелiк ету және оны пайдалану құқығы;
      14) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге құқықтарды шоғырландыру - бiр елден шыққан бiр тұлғаның немесе тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының аумағында жер  қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарттарда осындай үлестi иеленуi немесе Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерiне қауiп төндiруi мүмкiн немесе қауiп төндiретiн Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын ұйымдардың жарғылық капиталында осындай меншiк үлесiн иеленуi;
      15) жер қойнауын пайдаланушы - осы Заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегі операцияларды жүргізу құқығын иеленушi жеке немесе заңды тұлға;
      16) жер қойнауы учаскесi - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тұйықталған шекараларда бөлiп көрсетiлетiн жер қойнауының геометрияланған бөлiгi;
      17) жоғары технологиялар - Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген өнiмдi әлемдiк нарыққа ықпалдастыру мақсатында қолданылатын жаңа және жетiлдiрiлген өнiм мен барынша экологиялық таза технология ретiнде сатуға шығарылған техника мен технологиялық процестердегi жалпы жұрт мойындаған жаңа жетiстiктер;
      18) жұмыс бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының осы Заңның 41-5-бабының 5-тармағына сәйкес конкурстық ұсыныстардың шарттарын iске асыру жөнiндегi iс-шараларды қоса алғанда, келiсiм-шарт күшiнiң толық мерзiмiне арнаған жоспарларының жиынтығы;
      18-1) жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі қазақстандық қамту – жұмысты орындау кезінде пайдаланылатын тауарлардың құны және қосалқы мердігерлік шарттарының бағалары шегеріле отырып, жұмысты орындау кезінде пайдаланылатын тауарлардағы, шарттың және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу бағасындағы, жұмысты орындауға немесе қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша жұмыс орындаушының еңбегіне, қызмет көрсетуге ақы төлеу қорындағы қазақстандық қамту құнының жалпы жиынтық үлесі;
      19) жұмыстар - тауарларды шығару (өндiру), жабдықтарды монтаждау, құрылыстарды және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, келiсiм-шартта көзделген қызмет үшiн де iлеспе ретiндегi өзге де қажеттi объектiлердi салу жөнiндегi қызметтi ақылы негiзде жүзеге асыру;
      20) жұмыстың жылдық бағдарламасы - жер қойнауын пайдаланушының күнтiзбелiк жылға арналған барлау, өндiру жөнiндегi тау-кен жұмысының көлемi мен даму бағытын қамтитын iс-әрекеттерiнiң жоспары және қаржылық шығындары;
      20-1) кадрлардағы қазақстандық қамту – жұмысшылар мен қызметшілерді әрбір санаты бойынша бөле отырып, келісім-шартты орындау кезінде жұмысқа тартылған персоналдың жалпы санына пайызбен алғандағы қазақстандық кадрлардың саны;
      21) келiсiм-шарт - құзыреттi орган мен жеке немесе заңды тұлғаның (тұлғалардың) арасында барлау, өндiру, бiрлескен барлау мен өндiру жүргiзуге не барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келiсiм-шарт жасасқан кезде Қазақстан Республикасының қолданыста болған заң актiлерiне сәйкес жасалған шарт;
      22) келiсiм-шарттық аумақ - жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзуге құқылы, геологиялық не тау-кендiк бөлумен айқындалатын аумақ;
      23) келiсiм-шарттың шеңберiнде құқықтарды шоғырландыру - Қазақстан Республикасымен жасалған келiсiм-шарттағы консорциумға қатысушылардың бiрiнiң осы қатысушыға келiсiм-шартқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушының қызметi бойынша дербес шешiм қабылдауға мүмкiндiк беретiн үлесiнiң шамасы;
      24) кен орны - пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) табиғи шоғырланған жер қойнауының бөлiгi;
      25) кен орындарын игерудiң оң iс-тәжiрибесi - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде қолданылатын ұтымды, қауiпсiз, қажеттi және экономикалық тиiмдi деп саналатын жалпы қабылданған халықаралық iс-тәжiрибе;
      26) кең таралған пайдалы қазбалар - табиғи күйiнде немесе сәл өңделiп, тазартылғаннан кейiн негiзiнен жергiлiктi шаруашылық мұқтаждарын қамтамасыз етуге жұмсалатын пайдалы қазбалар (құм, саз, қиыршық тас және басқалар);
      27) кең таралған пайдалы қазбаларды өндiру - кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждары үшiн өндiруге қатысы жоқ кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндiру;
      28) кең таралған пайдалы қазбалар мен жер асты суларын өз мұқтаждары үшiн өндiру - өндiрiлген кең тараған пайдалы қазбаларға не жер асты суларына қатысты кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсiз, жеке меншiктегi, не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығындағы жер учаскесiнде жүзеге асырылатын өндiру;
      29) коммерциялық табу - келiсiм-шарттық аумақта өндiру үшiн экономикалық жарамды бiр немесе бiрнеше кен орындарын табу;
      29-1) Қазақстанда шығарылатын тауар – Қазақстан Республикасының аумағында шығарылғанын растайтын, тауардың ішкі айналыс үшін шығарылғаны туралы сертификат берілген тауар;
      30) қазақстандық жұмыс орындаушылар, қызмет көрсетушілер – Қазақстан Республикасының резиденттері. Қазақстан Республикасының резиденттері деп Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ қызметкерлерінің жалпы санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде тоқсан бес пайызын пайдаланатын олардың Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдары танылады;
      31) қазақстандық тауар өндіруші – Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстанда шығарылатын тауарларды өндіретін Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары;
      32) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      33) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган - қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы және оның аумақтық органдары;
      34) құзыреттi орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және келiсiм-шарттар жасау мен оларды орындауға байланысты құқықтарды жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының атынан әрекет жасайтын мемлекеттiк орган;
      35) қызметтер көрсету - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, тауарларды немесе басқа да материалдық заттарды шығаруға (өндiруге) бағытталмаған, келiсiм-шартта iлеспе ретiнде көзделген қызметтер үшiн де қажет қызметтердi ақылы негiзде жүзеге асыру;
      36) мердiгер - құзыреттi органмен жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге келiсiм-шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      37) минералдық шикiзат - жер қойнауының (тау жынысы, кен шикiзаты және басқалар) жер үстiне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бөлiгi;
      38) минералдық шикiзатты бастапқы өңдеу (байыту) - тау-кен өнеркәсiбi қызметiнiң өндiрiлген жерiнде жинауды, ұсатуды немесе үгiтудi, жiктеудi (сорттауды), брикеттеудi, агломерациялауды және физикалық-химиялық әдiстермен байытуды (пайдалы қазбалардың минералдық нысандарын, олардың агрегаттық-фазалық жай-күйiн, кристалдық-химиялық құрылымын айтарлықтай өзгертпестен) қамтитын, сондай-ақ пайдалы қазбаны өндiру жөнiндегi жұмыстардың (жер асты газдандыру және балқыту, химиялық және бактериялық ерiту, ұсақ тау-кен жынысты кен орнын ұсақтап және гидравликалық жолмен игеру) арнайы түрлерi болып табылатын өңдеу технологияларын қамтуы мүмкiн түрi;
      39) минералдық шикiзатты өңдеу - минералдық шикiзаттан пайдалы қазбаны (пайдалы қазбаларды) бөлiп алуға байланысты жұмыстар;
      40) модельдiк келiсiм-шарт - келiсiм-шарттардың жекелеген түрлерiнiң ерекшелiктерi, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жекелеген операцияларды жүргiзу көрсетiле отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн және келiсiм-шарттар жасау кезiнде үлгi ретiнде пайдаланылатын типтiк келiсiм-шарт;
      41) өндiру - минералдық шикiзатты уақытша сақтауды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетiне шығаруға, сондай-ақ техногендi минералдық түзiлiмдерден алуға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкiл кешенi;
      42) пайдалы қазба - жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ күйiнде кездесетiн (соның iшiнде шипалы балшық) материалдық өндiрiсте қолдануға жарамды табиғи минералдық түзiлiм;
      43) пайдалы қазбаларды ұтымды және кешендi пайдалану - кен орнын игерудiң озық технологияларын пайдалану мен оң iс-тәжiрибесi негiзiнде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерiн экономикалық тұрғыдан тиiмдi игеру;
      44) сақтық аймағы - Қазақстан Республикасының аумағында теңiз жағалауы жиегiнен құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан аймақ;
      45) сервитут - жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда көзделген жағдайларда барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес барлау, өндiру, бiрлескен барлау жүргiзу және өндiру, не жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану үшiн басқа тұлғаларға берiлген жер қойнауы учаскесiнiң бiр бөлiгiн шектеулi түрде нысаналы пайдалану құқығы;
      46) тарату қоры - Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың салдарын жою үшiн жер қойнауын пайдаланушы құратын қор;
      47) тарихи шығындар - мемлекет келiсiм-шарттық аумақты геологиялық зерттеуге және кен орындарын барлауға жұмсаған бұрынғы жиынтық шығындар;
      48) тауарлар - жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде тiкелей пайдалану үшiн де, келiсiм-шартта iлеспе ретiнде көзделген қызметтер үшiн де сатып алынатын жабдық, дайын өнiм және өзге де материалдық-техникалық құндылықтар;
      48-1) тауардағы қазақстандық қамту – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын, тауарды қайта өңдеуге пайдаланылатын жергілікті материалдар құнының және тауарларды өндіруші шығындарының тауардың түпкілікті құнындағы пайыздық қамтылуы;
      49) тауарларды, жұмыстарды және қызметтер көрсетудi сатып алудың жылдық бағдарламасы - тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң жер қойнауын пайдаланушы жоспарлайтын номенклатурасы мен көлемi және оларды иемденiп алудың тәсiлдерi мен мерзiмдерi;
      50) тау-кендiк бөлу - жер қойнауын пайдаланушының өндiрудi, барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзуге құқығы бар жер қойнауы учаскесiн графикалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге, барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға, кең таралған пайдалы қазбаларды өндiруге жасалатын келiсiм-шарттардың ажырамас бөлiгi не сервитут ресiмделген жағдайда дербес құжат болып табылатын құжат;
      51) теңiздi ластау - адамдардың денсаулығына, теңiздiң жанды ресурстарына және теңiздiң экожүйесiне зиян келтiретiн не зиян келтiруге қабiлеттi, теңiзде не оның жағалауында заңды жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға кедергiлер жасайтын немесе залал келтiретiн не залал келтiруге қабiлеттi материалдардың, заттардың, энергияның, шудың, тербелiстiң теңiз аясына келiп түсуi, сондай-ақ сәулелер мен өрiстердiң алуан үлгiлерiнiң пайда болуы;
      52) техногендiк минералдық түзiлiмдер - жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен өндiру және байыту, металлургиялық және басқа да түрлi өндiрiстерiнiң қалдықтары болып табылатын, пайдалы компоненттерi бар минералдық түзiлiмдердiң, кен жыныстарының, сұйықтар мен қоспалардың шоғыры;
      53) техногендiк су - жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз қалауы бойынша билiк етуге құқылы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде технологиялық процестердi өткiзу үшiн мүлде жойылуы қажет су;
      53-1) ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамтуды есептеу үшін қолданылатын тәртіп;
      54) iздестiру-бағалау жұмыстары - табылған объектiнiң жалпы ресурстарын анықтау, олардың өнеркәсiптiк маңызын бағалау және игеруге тартудың орындылығын техникалық-экономикалық негiздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
      55) iздестiру жұмыстары - пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерi мен кендiк нышандарын табу және сұлбасын жасау, болжамдық ресурстарын бағалау, оларға алдын ала геологиялық-экономикалық баға берiп, геологиялық-барлау жұмыстарын одан әрi негiздеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының сатысы;
      56) экологиялық қауiпсiздiк - қоршаған ортаға антропогендiк және өзге де әсер ету нәтижесiнде туындайтын қатерлерден жеке адамның, қоғам мен мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерi мен құқықтары қорғалуының жай-күйi.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.29 N 209, өзгерту енгізілді - 2007.01.12 N 226, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы
             заңдардың мiндеттерi

      Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану жайындағы заңдардың мiндеттерi - Қазақстан Республикасының мүдделерiн және оның табиғи ресурстарын қорғау, Қазақстан Республикасының жер қойнауын тиiмдi пайдалану және қорғау, жер қойнауын пайдаланушылар мүдделерiн қорғау, шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарының бiрдей дамуына жағдай жасау, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастар саласында заңдылықты күшейту мақсатында жүргiзудi реттеу болып табылады.

      3-бап. Жер қойнауын және жер қойнауын пайдалану
             туралы заңдардың принциптерi

      Жер қойнауымен және жер қойнауын пайдаланумен байланысты құқықтық қатынастар мынадай принциптерге негiзделедi:

      1) жер қойнауын ұтымды, кешендi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету;

      2) жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету;

      3) республикалық және аймақтық мүдделердiң үйлесуiн қамтамасыз ету;

      4) минералдық шикiзат базасын толықтыруды қамтамасыз ету;

      5) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жариялы түрде жүргiзу;

      6) жер қойнауын пайдаланудың ақылы болуы;

      7) жер қойнауын пайдалану жөнiнде операцияларды жүргiзуге инвестициялар тарту үшiн қолайлы жағдайлар туғызу;

      8) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн жер қойнауын пайдалану саласында өнiмнiң, оның өмiрлiк циклi процестерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.29 N 209 Заңдарымен.

      4-бап. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану
             туралы заңдар

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзгенде пайда болатын қатынастар осы Заңмен және соған сәйкес қабылданған басқа нормативтiк құқықтық актiлермен реттеледi.
      Пайдалы қазбалар мен техногендiк минералды түзiлiмдердiң кейбiр түрлерiне қатысты жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге байланысты ерекшелiктер, пайдалы қазбалардың осы түрлерi туралы және техногендiк минералды түзiлiмдер туралы заң актiлерiмен айқындалады.

      2. Жер, су (жерасты және шипалы балшықтан басқа), орман, өсiмдiк және жануарлар әлемiн, атмосфералық ауаны пайдалану және қорғау жөнiндегi қатынастар арнайы заңдармен реттеледi.

      3. Жер қойнауын пайдалану құқығына байланысты азаматтық құқықтық қатынастар осы Заң нормаларымен реттелмеген болса, азаматтық заңдар нормаларымен реттеледi.

      4. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, шетелдiк азаматтар және заңды тұлғалар; сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар жер қойнауын пайдалану жөнiнде Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бiрдей құқықтармен пайдаланады және мiндеттер атқарады.

      5. Осы Заң белгiленген азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары Үкiметтiң, орталық әрi жергiлiктi атқарушы органдардың және мәслихаттардың актiлерiмен шектелмейдi. Мұндай актiлердiң заң күшi болмайды және орындалуға жатпайды.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз).

      5-бап. Жер қойнауына, пайдалы қазбаларға, техногендiк
            минералдық түзiлiмдерге, техногендiк суларға және
            минералды шикiзатқа меншiк құқығы

      1. Жер қойнауы және оның құрамындағы пайдалы қазбалар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет меншiгi болып табылады.

      2. Егер контрактiде өзгеше көзделмеген болса, минералды шикiзат меншiк құқығымен жер қойнауын пайдаланушының меншiгiне жатады (Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кәсiпорнына - шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығымен).

      3. Техногендiк минералдық түзiлiмдер мен техногендiк сулар жер қойнауын пайдаланушының меншiгi болып табылады. Техногендiк минералдық түзілімдерді игеру кезiнде жер қойнауын пайдаланушы не жер қойнауын пайдаланушыдан техногендiк минералдық түзiлiмдерге меншiк құқығын алған үшiншi тұлға кен орнын игеру кезiнде салық төленбеген пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттiк сараптама жүргiзуге және құзыреттi органмен оны өндiруге келiсiм-шарт жасасуға мiндеттi.

      4. Мемлекет меншiгiндегi техногендiк минералды түзiлiмдерден алынған пайдалы қазбаларға иелiк ету құқығы контрактыда айқындалады.

      5. Минералды шикiзат, техногендiк минералдық түзiлiмдер мен техногендiк сулар немесе пайдалы қазбалар меншiк құқығымен жер қойнауын пайдаланушының иелiгiнде болса, ол минералды шикiзатқа, техногендiк минералдық түзiлiмдерге, техногендiк суларға немесе пайдалы қазбаларға иелiк етуге, олар жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасауға хақылы.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз).

      6-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
             жүргiзудiң жариялылығы

      1. Барлық мүдделi тұлғалардың, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заң функцияларын жүзеге асыратын жоғары өкiлдi органының және жергiлiктi өкiлдi органдардың құзыреттi органда:

      1) жер қойнауын пайдалану құқығын беруге конкурс өткiзудiң шарттарымен және оның нәтижелерi туралы шешiмнiң мазмұнымен;

      2) жасалған келiсiм-шарттар бойынша конкурс шарттарының орындалуымен танысуға құқығы бар.
      Тараптар құпия деп таныған ақпаратты Қазақстан Республикасының заң функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарына, жоғары өкiлдi органы мен жергiлiктi өкiлдi органдарына беру құпиялылық режимдi бұзу болып табылмайды.

      2. Мақсаты қоршаған ортаны қорғау болып табылатын барлық мүдделi қоғамдық бiрлестiктердiң жүргiзiлетiн немесе жоспарланатын жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға әсер етуiне қатысты толық және дұрыс ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен алуға құқығы бар.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз).

  2-тарау. Атқарушы органдардың жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыретi

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) мемлекеттiк меншiк объектiсi ретiнде жер қойнауының мемлекеттiк қорын басқаруды ұйымдастырады;
      2) кен орындарын игерудiң оң iс-тәжiрибесiн негiзге ала отырып, жер қойнауын пайдалану және қорғау ережелерiн белгiлейдi;
      3) минералды шикiзаттың стратегиялық және тапшы түрлерiне деген мемлекеттiң қажеттiлiгiн қанағаттандыруға арналған жер қойнауы учаскелерiн анықтайды, ұлттық қауiпсiздiктi, қоршаған ортаның сақталуын, халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдалануға шек қояды, болашақ ұрпақ мүддесiне орай минералды шикiзат қорларын сақтау үшiн жер қойнауы учаскелерiн консервациялайды;
      3-1) стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелерінің (кен орындарының) тізбесін бекітеді;
      4) кең тараған пайдалы қазбалардың тiзбесiн анықтайды;
      5) өндiрушi өнеркәсiптiң әртүрлi салаларында қызметтi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар үшiн арнайы төлемдер мен салықтардың төлеу тәртiбiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi; K080099
      6) жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртiбiн айқындайды;
      7) конкурсқа шығарылуға тиiс, кең таралған пайдалы қазбалары бар жер қойнауы учаскелерiн қоспағанда, жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн, оның iшiнде ұлттық компанияның қатысу үлесi бар жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
      8) модельдiк контрактылар әзiрлейдi және бекiтедi;
      9) (алынып тасталды)
      10) кең таралған пайдалы қазбалардан басқа жер қойнауын пайдалануға контрактылар жасайтын және орындайтын құзыреттi органды айқындайды;
      11) республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiнiң тiзбесiн бекiтедi және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда оларды шаруашылыққа шектеп пайдаланудың тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi;
      12) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзiлiмiн, осы тiзiлiмге енгiзу үшiн оларды бағалау өлшемдерiн қоса алғанда, түзу және жүргiзу тәртiбiн бекiтедi;
      13) келiсiм-шарттар шарттарының орындалуын қадағалаудың мониторингiн және оны бақылауды жүзеге асырудың тәртiбiн айқындайды.
      14) пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салуға рұқсат беру тәртiбiн айқындайды;
      15) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму және қалдық суларды ағызу тәртiбiн айқындайды;
      16) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi;
      17) ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесін бекітеді.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.05.11 N 381, 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2006.12.29 N 209, 2007.01.12 N 226, 2007.10.24 N 2, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Құзыреттi органның (уәкiлеттi мемлекеттiк
              органның) атқаратын қызметтерi

      1. Құзыреттi органның атқаратын қызметтерiне мыналар кiредi:
      1) барлау, өндiру және бiрлескен барлау мен өндiру жүргiзуге жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшiн конкурс дайындау және ұйымдастыру;
      2) контрактiнiң шарттары туралы жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзу, жер қойнауын пайдаланушымен бiрлесiп контрактiнiң жобасын дайындау;
      3) жер қойнауын мемлекеттiк зерттеу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманың сараптамасын қоспағанда, келiсiм-шарттық құжаттардың жобаларына сараптама жүргiзудi ұйымдастыру;
      4) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге немесе бiрлесiп барлау мен өндiруге арналған келiсiм-шартты қоспағанда, келiсiм-шарт жасасу және оны тiркеу;
      5) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту және кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелерді қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарттар талаптарын орындауының мониторингін және оны бақылауды жүзеге асыру;
      6) осы Заңның 14-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын табыс етуге рұқсат беру, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлге беру жөніндегі мәмілені тіркеу;
      7) келісімшартты заңнамада көзделген тәртіппен және негіздер бойынша орындауды және бұзуды қамтамасыз ету, сондай-ақ келісімшартты орындаудан осы Заңға сәйкес біржақты бас тартуды қамтамасыз ету;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне контрактiнiң орындалу барысы туралы жыл сайынғы есептi табыс ету;
      9) мүдделi мемлекеттiк органдармен бірлесе отырып, жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының талаптарына енгiзу үшiн жер қойнауын пайдалану және iлеспе қызметте жоғары технологиялар, жаңа және өңдеу өндiрістерi, магистральдық және өзге де құбырлар, инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану операцияларын жүргiзу кезінде тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту, дамыту және пайдалану жөнiнде конкурс қатысушыларына ұсыныстар әзiрлеу; R090075
      10) көмiрсутегi шикiзатын өндiру жөнiндегi кен орындарын игеру жобаларын әзiрлеу және бекiту тәртiбiн айқындау;
      11) техникалық регламенттердi қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актiлердi, нормативтiк-техникалық құжаттарды әзiрлеу және бекiту;
      12) жер қойнауын пайдалану саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;
      13) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн тәуекелдерге талдау жүргiзу және оларды бағалау;
      14) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасының нысанын және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алған тауарлары, жұмыстары мен көрсетілген қызметтері туралы және кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелерін орындауы туралы есептерінің нысандарын бекіту;
      15) жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар беретін, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүргізілгені, жүргізіліп жатқаны және есепті кезеңнен кейінгі жылға жоспарланатыны туралы ақпаратты жинау және талдау;
      16) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімін түзу және жүргізу, сондай-ақ осы тізілімге енгізу үшін оларды бағалау критерийлерін әзірлеу;
      17) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен ақпарат сұрату;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуындағы қазақстандық қамту бойынша жалпы ақпаратты сауда және индустриялық саясатты мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органға беру;
      19) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асыру.
      2. Құзыреттi орган:
      1) контрактiнi жасау және атқару жөнiндегi өзiнiң қызметiнiң барысында Қазақстан Республикасы мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      2) өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге кен орындарының қорларына мемлекеттiк сараптамадан және өнеркәсiптiк санаттағы қорлары бар екендiгi расталғаннан кейiн ғана конкурс өткiзуге және келiсiм-шарттар жасауға мiндеттi.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.08.11 N 467-I, өзгерту енгізілді - 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2006.12.29 N 209, 2007.10.24 N 2, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      8-1-бап. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi
                уәкiлеттi органның құзыретi

      Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган:
      1) жер қойнауын геологиялық зерттеу және кешендi пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) тау-кен жұмыстарын дамытудың жоспарларын (жобаларын) бекiтедi;
      3) көмiрсутегi шикiзатын қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндiру жөнiндегi кен орындарын игеру жобаларын бекiтедi;
      4) осы Заңның 13-бабының 1-5-тармағында көзделген жағдайларда тәулiгiне екi мың және одан да астам текше метр көлемiнде өндiрiстiк-техникалық жерасты суларын барлауға және өндiруге, жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге, сондай-ақ барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын бередi;
      5) пайдалы қазбалар қорларының, пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерi туралы геологиялық және экономикалық ақпараттың, жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу және мониторинг жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасын ұйымдастырады және жүргiзедi, пайдалы қазбалардың қорларын бекiтедi;
      6) пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансын, кен орындарының және пайдалы қазбалар көрiнiс белгілерiнiң, қауiпті геологиялық процестердiң мемлекеттік кадастрларын жасауды ұйымдастырады және жүргізедi;
      7) тарихи шығындардың көлемiн, жер қойнауы туралы геологиялық ақпарат алудың құны мен шарттарын айқындайды;
      8) жер қойнауының геологиялық ақпаратының республикалық және аумақтық қорларын ұйымдастырады және жұмыс iстеуiн қамтамасыз етеді;
      9) атқарушы органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын және кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты бөлiгiнде жер қойнауын пайдаланудың белгiленген тәртiбiн сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      10) жер қойнауын зерттеу және пайдалану мониторингiн жүзеге асырады;
      11) жер қойнауының ұтымды және кешендi пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
      12) жылдық жұмыс бағдарламаларын келiседi;
      13) жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзiрлеудi жүзеге асырады;
      14) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      15) өз құзыреті шегінде жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарт талаптарын орындауының мониторингін және оны бақылауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.10.14 N 79, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 226, 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

      8-2-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы
                уәкiлетті органның құзыретi

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) жер қойнауын қорғауға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      2) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың Мемлекеттік кадастрын жүргiзедi;
      3) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзудың салдарынан келтiрiлген зиянның мөлшерiн айқындайды;
      4) келiсiм-шарттық аумақтағы немесе оның шегiнен тыс жерлердегi барлауға және (немесе) өндiруге байланысты емес және радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттар мен қалдық суларды көмуге арналған жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға рұқсат берудi келiседi.
      Ескерту. 8-2-баппен толықтырылды - ҚР 2005.10.14 N 79 Заңымен.

      8-3-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы өзге де
                уәкiлеттi органдардың құзыретi

      1. Сауда және индустриялық саясатты мемлекеттiк реттеу саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзбесiн түзуi жөнiндегi қызметiне әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
      3) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      4) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      5) Қазақстан Республикасында дамытылатын басым жоғары технологиялық өндiрiстердiң тiзбесiн құзыреттi органмен келiсiм бойынша бекiтедi;
      6) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      7) Алынып тасталды - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      2. Халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын үйлестiрушi уәкiлеттi орган:
      1) кадрлардағы қазақстандық қамтуды есептеу әдiстемесiн құзыреттi органмен келiсiм бойынша әзiрлейдi және бекiтедi;
      2) жер қойнауын пайдаланушылардың кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша, сондай-ақ кемсiтпеушiлiк негiзiнде олардың еңбек жағдайлары мен еңбегiне ақы төлеудi қамтамасыз ету бойынша келiсiм-шарттық мiндеттемелердi орындауының мониторингiн жүзеге асыруға қатысады.
      Ескерту. 8-3-баппен толықтырылды - ҚР 2005.10.14 N 79, өзгерту енгізілді - 2006.12.29 N 209, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      9-бап. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) атқарушы органдардың құзыретi

      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдар:
      1) жер туралы заңдарға сәйкес, контрактыда белгiленген мөлшерде және мерзiмге жер қойнауын пайдаланушыға жер пайдалану құқығына жер учаскесiн бередi; қажет болған жағдайда көрсетiлген мақсаттар үшiн жер туралы заңдарда анықталған тәртiппен жеке меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қояды;
      2) өздерiне заң актiлерi берген құзырет шегiнде жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу үшiн берiлген жер және су учаскелерiнiң қорғалуына, жер қойнауын пайдаланушының экологиялық қауiпсiздiк ережелерiн бұзбауына, археологиялық ескерткiштер және басқа тарихи-мәдени мұра объектiлерiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      3) контракт жасалған кезде аймақ тұрғындарының әлеуметтiк-экономикалық және экологиялық мүдделерiн сақтаумен байланысты мәселелердi шешу үшiн жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер жүргiзуге қатысады;
      3-1) жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту мен аумақтарды әлеуметтік дамыту бөлігінде, оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімі арқылы келісімшарттық міндеттемелерді орындауының мониторингін жүзеге асыруға қатысады;
      3-2) жер қойнауын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат бередi;
      3-3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзiлiмiн түзу және жүргізу мақсатында құзыретті органға тоқсан сайын табыс етiлетiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды өндiрушiлердiң тiзбесiн түзудi жүзеге асырады;
      4) алынып тасталды - ҚР 1999.08.11 N 467 Заңымен;
      5) кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге және бiрлескен барлау мен өндiруге келiсiм-шарттар жасасады, оларды тiркейдi және орындайды;
      5-1) жер қойнауын пайдалануға байланысты ғылыми, тарихи-мәдени және эстетикалық мәнi бар объектiлердi құру мен сақтауға жәрдемдеседi;
      6) құзыреттi орталық атқарушы органдармен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерi мен экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды, жергiлiктi маңызы бар ерекше - қорғалатын табиғи аумақтардың санатына жатқызылған жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.05.11 N 381, 1999.08.11 N 467, 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2007.01.12. N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

3-тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығы

      10-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығы

      1. Жер қойнауын пайдалану құқығы мынадай операцияларды жүргiзу үшiн берiледi:

      1) жер қойнауын Мемлекеттiк геологиялық зерделеу;

      2) барлау;

      3) өндiру;

      3-1) бiрлескен барлау және өндiру;

      4) барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану.

      2. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен алынатын немесе алынбайтын, өтемдi және өтемсiз болуы мүмкiн.

      3. Жер қойнауын пайдаланушыға жеке меншiк немесе уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiндегi кең тараған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшiн өндiру жер қойнауын пайдаланудың тұрақты және өтемсiз құқығы бойынша жүзеге асырылады.
      Жер қойнауын пайдалану операцияларының басқа түрлерiнiң бәрi уақытша және өтемдi жер қойнауын пайдалану негiзiнде жүзеге асырылады.

      4. Осы Заңда және басқа заң актiлерiнде негiздерден өзге, ешкiм жер қойнауын пайдалану құқығынан ажыратылмайды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 , 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңдарымен.

      11-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектiлерi

      1. Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектiлерi қазақстандық және шетелдік жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкiн.
      2. (алынып тасталды)

      3. Жер қойнауын тұрақты пайдаланушылар - олардың жер қойнауын пайдалану құқығының мерзiмсiз сипаты бар тұлғалар.
      Жер қойнауын уақытша пайдаланушылар - жер қойнауын пайдалану құқығы белгiлi бiр мерзiммен шектелген тұлғалар.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      11-1-бап. Жер қойнауын пайдалануды шектеу

      1. Жер қойнауының жекелеген учаскелерін пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша елдің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында шектелуі немесе тыйым салынуы мүмкін.

      2. Елді мекендердің аумақтарында, қала маңы аймақтарында өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінде жер қойнауларын пайдалануға, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға залал келтіруі мүмкін болатын жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.

      3. Ерекше қорғалатын аумақтардың шектеріндегі жер қойнауларын пайдалану Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын аумақтары туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Жаңа 11-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      11-2-бап. Сервитуттар

      1. Жер қойнауы учаскесiне сервитут мүдделі тұлғаға, егер мұндай тұлғаның қызметті заңды жүзеге асыруы мұндай сервитут берілмей мүмкін болмайтын не мұндай тұлғаны шамадан тыс шығынға әкеп соғуы мүмкiн жағдайда ғана берілуі мүмкін.

      2. Сервитутты беруге, егер мұндай беру адамдардың өмiрi мен денсаулығына немесе қоршаған ортаға қатер төндiретiн, сондай-ақ жер қойнауы учаскесiнде барлау және (немесе) Өндiру жүргiзу мүмкiн еместiгiне не оның тиiмсiздiлiгiне әкеп соғатын жағдайда тыйым салынады.

      2-1. Сервитут алуға мүдделi тұлға (сервитут алуға үмiткер) сервитутты алу үшiн сервитут белгiленуi тиiс жер қойнауының учаскесiне жер қойнауын пайдаланушымен сервитутты белгiлеу мүмкiндiгi туралы келiсiмге қол жеткiзуге және сервитутты белгiлеу туралы шарт жасасуға мiндеттi.

      2-2. Сервитут алуға үмiткер мен жер қойнауын пайдаланушы арасында сервитутты белгiлеу мүмкiндiгi туралы келiсiмге немесе сервитутты белгiлеу шартының ережелерiне қол жеткiзiлмеген кезде, мүдделi тұлға сотқа жүгiнуге құқылы.

      3. Сервитутты беру құзыреттi органның шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.

      3-1. Сервитут құзыреттi органда тiркелуге жатады.

      3-2. Жер қойнауының учаскесiне сервитут белгiлеу кезiнде, егер сервитуттың талаптары туралы шартта немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сервитуттың құқық иегерi жер қойнауын пайдаланушының сервитутпен байланысты шығындарын өтеуге мiндеттi.

      3-3. Сервитуттың талаптары туралы шартта сервитуттың құқық иегерiнiң жер қойнауын пайдаланушыға төлейтiн төлемі көзделуі мүмкiн.

      3-4. Сервитут мерзiмiнiң өтуiмен не ол берiлген негiздер тоқтатылған кезде тоқтатылады.

      4. Сервитут мәмiленiң, соның iшiнде сатып алу-сату мен кепiлдiң дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға тек мұндай сервитутты қамтамасыз ету үшiн берiлген құқықпен бiрге ғана ауысуы мүмкiн. Сервитут жер қойнауын пайдалану құқығы берiлген және жер қойнауын пайдалану құқығы сервитутпен ауыртпалық салынған жер қойнауы учаскесiне қатысты әмбебап құқық мирасқорлығы тәртiбiмен басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сақталады.

      5. Сервитутты жер қойнауы учаскесiнiң бөлiгiне беру осындай сервитутты алу қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жер учаскесiне сервитут беру үшiн негiз болады.
      Ескерту. Жаңа 11-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, өзгерту енгізілді - 2004.12.01.  N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңдарымен.

      12-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының пайда болуы

      1. Жер қойнауын пайдалану құқығы:

      1) жер қойнауын пайдалану құқығын беру;

      2) жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге беру;

      3) жер қойнауын пайдалану құқығы әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен ауысу жолымен пайда болады.

      2. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру тұлғаға жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекеттiң тiкелей беруiн бiлдiредi.

      3. Жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге беру жер қойнауын пайдалану құқығын тұлғаға басқа жер қойнауын пайдаланушының беруiн көрсетедi.

      4. Жер қойнауын пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мұрагерлiк тәртiбiмен көшуi заңды тұлғаның қайта құрылуы кезеңiнде құқықтық мұрагерде жер қойнауын пайдалану құқығының пайда болғанын бiлдiредi.
      5. (алынып тасталды)
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      13-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру

      1. Барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру, осы баптың 1-5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, контракт жасасу арқылы жүргiзiледi.

      1-1. Барлау, өндiру немесе бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiм-шарт конкурс өткiзудiң нәтижелерi негiзiнде жасалады.

      Конкурс өткiзбей тiкелей келiссөздер негiзiнде:

      1) барлауға арналған келiсiм-шарттың негiзiнде коммерциялық табумен байланысты өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға айрықша құқығы бар тұлғамен бiрлесiп өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге;

      2) барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалануға беру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге;

      2-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын темiр жол мен автомобиль жолдарын және көпiрлердi салу (реконструкциялау, жөндеу) кезiнде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге;

      3) ұлттық компаниямен бiрлесiп барлау және (немесе) өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге келiсiм-шарттар жасалады.

      1-2. Келiсiм-шарт аумағында немесе одан тыс жерлердегi барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес және радиоактивтi қалдықтарды, зиянды заттарды және ағынды суларды көмуге арналған жер асты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалануға беру үшiн жер қойнауын пайдалану құқығын беру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлетті органмен келiсiм бойынша жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның жазбаша рұқсаты негiзiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      1-3. Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты және барлауға және (немесе) өндiруге арналған келiсiм-шарттардың жұмыс бағдарламаларына құрамдас бөлiк болып кiретiн жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға беруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру талап етiлмейдi.

      1-4. Шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық мақсатқа арналған жер асты суларын тәулiгiне елуден екi мың текше метрге дейiн алу лимитiмен өндiру құқығын беру Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган берген рұқсаттың негiзiнде жүзеге асырылады.

      1-5. Мердiгерге пайдалы қазбаны өндiрудiң технологиялық схемасына сәйкес жер қабатына айдау үшiн тәулiгiне екi мың және одан да астам текше метр көлемiндегi өндiрiстiк-техникалық жерасты суларын барлау және өндiру құқығын беру жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен рұқсат беруi жолымен жүзеге асырылады.

      2. Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге немесе бiрлескен барлау мен өндiруге үшiн жер қойнауын пайдалану құқығын беру облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқару органымен контракт жасасу жолымен жүргiзiледi.

      2-1. (алынып тасталды)

      3. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу үшiн жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу жөнiндегi операцияларды жүргiзуге шарт жасасу жолымен жүргiзiледi.

      4. Өз қажетi үшiн кең таралған пайдалы қазбаларды және тәулiгiне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру қойнауында кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бар жер учаскесiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде жүргiзiледi. Жер учаскесiн уақытша жер пайдалануға берген кезде өз қажетi үшiн кең таралған пайдалы қазбаларды және тәулiгiне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын пайдалану талаптары уақытша жер пайдалану туралы шартта ескерiлуi мүмкін.

      4-1. Жер қойнауын пайдалану құқығы бiрнеше тұлғаға берiлуi мүмкiн. Осындай беру жағдайында мұндай тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының бiрлескен иелерi болып табылады. Мұндай тұлғалардың өзара құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ құзыреттi органға қатысты құқықтары мен мiндеттерi контрактiде айқындалады. Жер қойнауын пайдалану құқығының бiрлескен иелерi контрактiнiң негiзiнде туындайтын мiндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2005.10.14. N 79 , 2007.01.12. N 226 Заңдарымен.

       13-1-бап. Геологиялық және тау-кен бөлулерi

      1. Барлауға, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығының иегерi жер қойнауын пайдалану жөнiндегi тиiстi операцияларды геологиялық немесе тау-кендiк бөлуге сәйкес белгiленген жер қойнауы учаскесiнiң шектерінде ғана жүргiзуге құқылы.

      2. Өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығының иегерi барлау жөнiндегi операцияларды тау-кендiк бөлумен белгiленген жер қойнауы учаскесiнiң шектерiнде жүргiзуге құқылы. Қорлар өсiп, оларды мемлекеттiк сараптама растаған жағдайда келiсiм-шартқа тараптардың жазбаша келiсiмiмен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тиiстi өзгерiстер енгiзiлуге тиiс.

      3. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкілетті орган конкурс жеңiмпазының немесе осы Заңда көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткiзбей ұсынылатын тұлғаның өтiнiш берген күнiнен бастап жиырма күн iшiнде оларға геологиялық бөлудi бередi.

      4. Тау-кендiк бөлудi жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган конкурс жеңiмпазына немесе осы Заңда көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткiзбей ұсынылатын тұлғаға, аталған тұлға тау-кендiк бөлу жобасын ұсынған күннен бастап жиырма күннен кешiктiрмей бередi.
      Ескерту. 13-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

       14-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға
              беру

      1. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын ақылы не тегiн негiзде, оның iшiнде жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен айыру жолымен басқа тұлғаға iшiнара немесе толықтай беруi, құрылатын заңды тұлғаның жарғылық қорына жарна ретiнде берудi, жер қойнауын пайдалану құқығын жер қойнауын пайдаланушының банкроты кезiнде конкурстық өндiрiс процесiнде не жер қойнауын пайдаланушыларды - мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру процесiнде сатылатын мүлiктiк кешен құрамында берудi (жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен айыруды), сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығын кепiлге берудi қоса алғанда, құзыреттi органның рұқсатымен жүзеге асырылады. Құзыреттi органның рұқсаты немесе рұқсат беруден дәлелдi бас тартуы өтiнiш берген күннен бастап қырық бес күн iшiнде берiледi.

      1-1. Жер қойнауын пайдалану құқығы кепiлге қойылып алынған кредит келiсiм-шартпен көзделген жер қойнауын пайдалану мақсаттарына ғана пайдаланылуға тиiс.

      1-2. Жер қойнауын пайдалану құқығының кепiлiмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған кезде кепiлге салынған мүлiктi өндiрiп алу айналымы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      1-3. Жер қойнауын пайдалану құқығын сот қарауынан тыс мәжбүрлi түрде iске асыру кезiнде мемлекеттiк органдардың кепiлге алынған мүлiктi сот қарауынан тыс өткiзу рәсiмiн тоқтата тұруға және жер қойнауын пайдалану құқығына, соның iшiнде кепiлге алынған мүлiкке тыйым салу жолымен шара қолдануға құқығы жоқ.

      2. Құзыреттi органның нақты тұлғаға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсаты осындай әрбiр жағдайда жеке берiледi. контрактта жер қойнауын пайдаланушының қалауымен жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға беруге жер қойнауын пайдаланушының жалпы рұқсатын белгiлеуге жол берiлмейдi.

      3. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен контракттың негiзiнде жер қойнауын пайдаланушыға берiлген жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерделеуге деген жер қойнауын пайдаланушының құқығын беру осы органның келiсiмiмен жүргiзiле алады.

      4. Өз мұқтажын қанағаттандыруға қажеттi кең тараған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын барлауға, өндiруге және бiрлескен барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру астында кең тараған пайдалы қазбалары немесе жерасты сулары бар жер учаскесiн жеке меншiкке немесе жердi пайдалануға берумен қатар жүргiзiледi. Жер учаскесiн уақытша жер пайдалануға берген ретте, кең тараған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтажын қанағаттандыру үшiн пайдалану шарттары уақытша жер пайдалану туралы шартта ескерiлуi мүмкiн.
      Өз мұқтажын қанағаттандыруға қажеттi кең тараған пайдалы қазбаларға және жерасты суларына арналған жер қойнауын пайдалану құқығын астында олар жатқан жер учаскесiнсiз беруге жол берiлмейдi.

      5. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген басқа да негiздер бойынша, осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген ережелер сақтала отырып жүргiзiледi. Осы баптың 1 және 9-1-тармақтарына сәйкес берiлетiн рұқсаттың болуынсыз жасалған жер қойнауын пайдалану құқығын өзгеге беру жөнiндегi мәмiле ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.

      6. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi барлық шығыс, егер беру шартында өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушыға жүктеледi.

      7. Жер қойнауын пайдаланушының контрактыға қандай болсын қатысы сақталып қалатын кезге дейiн ол және жер қойнауын пайдалану құқығы ауысқан тұлға контракт бойынша ортақ жауапкершiлiкте болады.
      8. (алынып тасталды)

      9. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер учаскесiн, тау-кендiк және (немесе) геологиялық бөлудi қайта ресiмдеуге, сондай-ақ жер учаскесiне құқықты тiркеуге және заңдарға сәйкес онымен мәмiле жасасуға сөзсiз негiз болып табылады.

      9-1. Құзыреттi орган жер қойнауын пайдаланушының өтiнiшi мен оған қоса берiлген жер қойнауын пайдаланушы пайдасына осындай берудi жүргiзуге ниеттенген жеке және заңды тұлға туралы ақпараттың негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған рұқсатты беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Құзыреттi орган:
      1) егер жер қойнауын пайдалану құқығын беру көзделген тұлға жер қойнауын пайдаланушыға келісім-шартпен жүктелетін мiндеттемелердi немесе міндеттемелердiң бiр бөлiгiн (жер қойнауын пайдалану құқығы iшiнара берiлген жағдайда) орындауға қабiлетсiз болған;

      2) жер қойнауын пайдаланушы құзыреттi органға көрiнеу жалған ақпарат берген;

      3) егер жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың сақталмауына әкелiп соққан жағдайларда, оның ішiнде құқықтар келiсiм-шарт шеңберiнде шоғырландырылған және (немесе) құқықтар жер қойнауын пайдалану саласында операциялар жүргiзуге шоғырландырылған жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсат беруден Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бас тартуға құқылы.
      Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсат беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дау айтылуы мүмкiн.

      9-2. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келiсiм-шартқа тиiстi өзгерiстер немесе толықтырулар тiркелген кезден бастап жасалған болып есептеледi. Құзыреттi орган контрактiні тiркеуден жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөнiндегi азаматтық-құқықтық мәмiле жасасу фактiсi болмаған жағдайда не жер қойнауын пайдаланушы құзыреттi органға соның негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсат берiлген жалған ақпарат ұсынуы фактiсi болған жағдайда не осы баптың 9-3 және 9-4-тармақтары сақталмаған жағдайда бас тартуға құқылы.

      9-3. Жер қойнауын пайдалану құқығын басқа адамға iшiнара берген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы мен осындай жеке немесе заңды тұлға контракт бойынша құқықтарды бiрлесiп жүзеге асыру мен мiндеттердi орындау кезiнде туындайтын өзара мiндеттемелер бойынша келiсiмге келуге тиiс. Жер қойнауын пайдаланушылардың арасындағы бiрлескен қызмет туралы шарт не құқықтар мен мiндеттердi осындай шектеу туралы өзге де шарт құзыреттi органмен келiсiледi және ол контрактiнiң тараптары үшiн мiндеттi күшi бар контрактiге қосымша болып табылады.

      9-4. Иеленушiлерi бiрнеше жеке немесе заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдалану құқығының бөлiгiн берген жағдайда мұндай беру тек осы жер қойнауын пайдалану құқығының барлық осындай иеленушiлерiнiң келiсiмiмен ғана мүмкiн болады.

      10. Заңды тұлғаны тарату тәртiбiмен беру, кепiлге берiлген жер қойнауын пайдалану құқығынан өндiрiп алуды қолдану, сондай-ақ жер пайдалану құқығының мұраға берiлу не заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру тәртiбiмен өтуi жағдайларын қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын келiсiмшарт күшiне енген кезден бастап екi жыл iшiнде беруге болмайды.
      Бұл шектеу ұлттық компания немесе оның еншiлес ұйымы жер қойнауын пайдалану құқығын берген немесе иеленген жағдайларда қолданылмайды.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.01. N 2 , (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 , 2007.01.12. N 226 Заңдарымен.

      15-бап. <*>

      Ескерту. 15-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз).

      16-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының әмбебап
              құқықтық иелiкке алу ретiнде ауысуы

      Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда оған тиесiлi жер қойнауын пайдалану құқығы азаматтық заңдар нормаларына сәйкес құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға) ауысады.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      17-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдерге байланысты
              жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асырудың
              ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк меншiкке жататын әрi нақтылы мемлекеттiк кәсiпорындарға бекiтiлiп берiлмеген техногендiк минералдық түзiлiмдерден өндiру контрактқа сәйкес жалпы негiздерiнде жүргiзiледi.
      2. (алынып тасталды)
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      18-бап. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге
              жер қойнауын пайдалану құқықтарын жүзеге
              асырудың ерекшелiктерi

      1. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудi осы Заңның 13-бабының 3-тармағына сәйкес жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеуге жер қойнауын пайдалану құқығы берілген жеке және заңды тұлғалар жүргiзе алады.

      2. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргiзу кезiндегi жұмыстар (операциялар) өңiрлiк және геологиялық-түсіру жұмыстарын, геологиялық, геофизикалық, геохимиялық, гидрогеологиялық зерттеулер жүргiзудi, iздестiру, iздестiру-бағалау, iздестiру-барлау және барлау жұмыстарын, мемлекеттік геологиялық карталар жасауды, жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулердi, өздiгiнен ағып шығатын гидрогеологиялық және мұнай ұңғымаларын жоюды және консервациялауды қамтуы мүмкiн.

      3. Жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу бюджет қаражаты есебiнен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылуы мүмкін.
      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2005.10.14. N 79 Заңымен.

      19-бап. Барлаумен және (немесе) Өндiрумен байланысты
              емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе)
              пайдалануды, жүзеге асырудың ерекшелiктерi

      1. Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асырудың ерекшелiктерiн, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру тәртiбiнiң ерекшелiктерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      2. Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзудiң шарттары мен тәртiбi контрактiмен айқындалады.

      3. Барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы Заңның өндiруге қатысты нормалары қолданылады.
      Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

      20-бап. Минералдық шикiзатты бастапқы өңдеу

      1. Минералдық шикiзатты бастапқы өңдеу өндiруден кейiнгi тiкелей операция болып табылады және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларға жатпайды.

      2. Минералдық шикiзатты бастапқы өңдеудi лицензиялау осы Заңның ережелерiне бағынбайды және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарында   белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз).

       Ескерту. 4-тарау мен 21-41-баптар алып тасталды және жаңа 4-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

4-1-тарау. Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған
              конкурс

     Ескерту. 4-1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз).

        41-1-бап. Барлауды, өндiрудi және бiрлескен барлау мен
                өндiрудi жүргiзу құқығын беру тәртiбi

      1. Құзыреттi орган барлауға, өндiруге немесе бiрлескен барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесi бойынша, сондай-ақ конкурс талабы ұлттық компанияның үлестiк қатысуы болып табылатын жер қойнауы учаскелерiнiң тiзбесi бойынша конкурс өткiзедi.

      2. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсты осы Заңға сәйкес және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен құзыреттi орган жүргiзедi.

      3. Барлауды, өндiрудi және бiрлескен барлау мен өндiрудi жүргiзу құқығын беру:
      қазақстандық кадрларды, оның iшiнде олардың санаттарын және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу деңгейiн ескере отырып тарту жөнiндегi;
      жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде мердiгерлiк жұмыстарға қазақстандық тауарларды өндiрушiлердi, жұмыс орындаушылар мен қызмет көрсетушiлердi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен конкурстық негiзде тарту жөнiндегi;
      жоғары технологияларды, жаңа және өңдеушi өндiрiстердi, магистральды және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану жөнiндегi мiндеттемелердi әлеуеттi қатысушылар қабылдаған кезде жүзеге асырылады.

      4. Өнiмдердi бөлу мәселелерi бойынша арнайы заңдарда жер қойнауын пайдалану құқығын берудiң ерекше тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 41-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2007.01.12 N 226 Заңдарымен.

      41-2-бап. Барлауға, өндiруге не бiрлескен барлау
                 мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын
                 алуға конкурс өткiзудiң шарттары

      1. Барлауға, өндiруге не бiрлескен барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурс ашық және жабық болуы мүмкiн.
      Ашық конкурсты өткiзудiң шарттары жариялануға, ал жабығынікі - барлық ықтимал қатысушылардың назарына жеткiзiлуге тиiс.
      Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген барлық тұлғалардың конкурсты өткiзудiң тәртiбiне байланысты ақпаратты алуға құқығы бар.
      2. Конкурсты өткiзу туралы хабарламаларда мыналар болуы тиіс:
      1) оның өткiзiлетiн уақыты мен орны, сондай-ақ өтiнiмдер берудің мерзiмi;
      2) конкурстың негiзгi шарттары;
      3) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн ұсынылу көзделген жер қойнауы учаскелерiнiң орналасқан жерiн көрсету.
      Хабарламада сондай-ақ жазылым бонусының ең төменгi мөлшерi, геологиялық ақпарат пакетiнiң, құзыреттi орган белгiлейтiн конкурсқа қатысу құқығына арналған жарнаның құны көрсетiледi. Құзыреттi орган тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен келiсiм-шарттық мiндеттемелерде қолданылатын тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша республика қажетiнiң ең төменгi проценттiк мөлшерiн айқындайды.
      Жер қойнауын пайдалану құқығын беруге конкурс өткiзу туралы хабарлама Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таралатын мерзiмдi баспасөз басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
      3. Конкурсқа қатысушыларға өтiнiм беру үшiн берiлетiн мерзiм бiр айдан кем болмауға, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он күннен кем болмауға тиiс.
      4. Конкурс шарттарының жарияланған күнi мен конкурс өткiзiлетiн (қорытындылар шығарыла бастайтын) күннiң арасындағы мерзiм үш айдан кем болмауға, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша  - бiр айдан кем болмауға тиiс.
      5. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурсқа қатысқысы келетiн тұлғалар құзыреттi органдағы конкурсқа ұсынылған жер қойнауы учаскелерiнiң сипаттамасымен танысуға құқылы.
      6. Конкурсқа қатысу жарнасы және геологиялық ақпарат пакетiнiң құны қайтарылуға жатпайды.
      Ескерту. 41-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2005.10.14 N 79, 2007.01.12. N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      41-3-бап. Конкурсқа қатысуға берiлетiн өтiнiм

      Конкурсқа қатысуға берiлетiн өтiнiмде:
      1) өтiнiм берушiнiң атауы оның орналасқан жерi, мемлекеттiк тиесiлiлiгi (заңды тұлғалар үшiн), азаматтығы (жеке тұлғалар үшiн);
      2) өтiнiш берушi заңды тұлғаның басшылары мен қатысушыларының немесе акционерлерiнiң жарғылық капиталдағы (дауыс беретiн акциялары жалпы санынан) үлестерiнiң мөлшерiн көрсете отырып, олар туралы мәлiметтер;
      3) жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған жер қойнауы учаскесiнiң атауы;
      4) өтiнiм берушiнiң конкурсқа қатысу үшін жарна төлегені туралы құжаттың көшiрмесi болуға тиіс.
      Ескерту. 41-3-баппен толықтырылды - ҚР 2005.10.14 N 79, өзгерту енгізілді - ҚР 2005.10.14 N 79, 2007.01.12. N 226 Заңдарымен.

      41-4-бап. Өтiнiмдердi қараудың тәртiбi мен мерзiмдерi

      1. Өтiнiм берушi осы Заңның 41-3-бабының талаптарын сақтаған жағдайда өтiнiм қарауға қабылданады. Құзыреттi орган өтiнiмнiң конкурсқа қатысуға қабылданғаны туралы оның келiп түскен күнiнен бастап бiр ай мерзiмде, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он күн мерзiмде өтiнiм берушiге ресми хабарлайды. Өтiнiмдердiң сараптамасы конкурс процесiнде жүргiзiледi.
      2. Конкурсқа қатысуға өтiнiм қабылданған соң өтiнiм берушiге құзыреттi орган ақысын төлетiп жер қойнауы пайдалануға берiлетiн аумақтағы жер қойнауы учаскесi жөнiндегi геологиялық ақпарат пакетiн бередi. Пакетте өтiнiм берушiге жұмыс бағдарламасын және барлауды және (немесе) өндiрудi жүзеге асыру бойынша техникалық-экономикалық көрсеткiштердi әзiрлеуi үшiн қажеттi геологиялық, тау-кен-техникалық, технологиялық және өзге де қолда бар ақпарат көлемi болуға тиiс. Өтiнiм берушiнiң алған геологиялық ақпаратты жария етуге немесе үшiншi тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
      Ескерту. 41-4-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2005.10.14 N 79, 2007.01.12 N 226 Заңдарымен.

      41-5-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын алуға
                 конкурстық ұсыныс

      1. Өтiнiм берушi конкурс талаптарымен белгiленген мерзiмде барлауға, өндiруге немесе бiрлесiп барлау мен өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсынысты жасайды.
      1-1. Конкурстық ұсыныс берген конкурсқа қатысушының конкурстық ұсыныстар беру аяқталған күннен бастап конкурс қорытындылары шығарылғанға дейiн оны керi қайтарып алуға құқығы жоқ.
      2. Барлауға, жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныста:
      1) өтiнiм берушiнiң, соңғы бес жылда өзi қызметiн жүзеге асырған мемлекеттердiң тiзiмiн қоса алғанда, бұрынғы қызметi туралы ақпарат;
      1-1) өтiнiм берушiнiң қаржылық, техникалық, басқарушылық және ұйымдастырушылық мүмкiндiктерi туралы деректер;
      2) жұмыс бағдарламасы мен олардың жүзеге асырылуына арналған шығындарды қоса алғанда, барлау жүргiзу жөнiндегi мiндеттемелер мен ниеттер, сондай-ақ барлау жүргiзудiң басталу мерзiмi мен қарқындылығы;
      3) келiсiм-шарт аумағының жерлерiн қайта қопсыту мен қалпына келтiру туралы шарттарды қоса алғанда, экологиялық талаптарды және жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу талаптарын сақтау жөнiндегi мiндеттемелерi мен ниетi;
      3-1) жерасты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған конкурстық ұсыныстарды қоспағанда, келiсiмшартқа қол қойылғанға дейiн Қазақстан Республикасындағы Өндiрушi салалардың қызметi ашықтығының бастамасын iске асыруға қатысты өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қосылу жөнiндегi мiндеттемелер;
      4) барлау жүргiзудi өз қаражаты мен (немесе) қарыз қаражаты есебiнен қаржыландыру мiндеттемелерi мен ниетi, сондай-ақ бюджетке бастапқы төлемдердiң мөлшерi;
      4-1) өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымының дамуына қатысу жөнiндегi мiндеттемелерi мен ниетi;
      4-2) қазақстандық кадрларды тарту жөнiндегi мiндеттемелер және қазақстандық қызметкерлердi даярлау мен қайта даярлауды қаржыландыруды ұйымдастыру жөнiндегi ұсыныстар;
      4-3) жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы санының процентi есебiмен қазақстандық кадрларды, сондай-ақ келiсiм-шарт бойынша жұмыстарды орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң жалпы құнының процентi есебiмен конкурстық негiзде сатып алынатын Қазақстанда шығарылатын тауарларды, қазақстандық өндірушілердің жұмыстары мен көрсететін қызметтерін мiндеттi түрде тарту ниетi;
      4-4) жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн өндiрiстердi дамыту мен магистральды және өзге де құбырларды пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану жөнiндегi ұсыныстар;
      4-5) Қазақстан Республикасының аумағында келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті жобалау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражатты игеру жөніндегі міндеттемелері;
      5) алынып тасталды - ҚР 2007.01.12 N 226 Заңымен;
      5-1) өтiнiм берушi ұсынған өзге де мiндеттемелерi мен ниетi болуға тиiс;
      6) алынып тасталды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
      3. Өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурстық ұсыныста, ақпараттан, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында жазылған, 2) тармақшасын қоспағанда, мiндеттемелер мен ниеттен басқа:
      1) өзi өндiрудi ұйғарып отырған пайдалы қазбалардың көлемiн қоса алғанда, кен орындарын игеру жоспары;
      2) Өндiрудi бастаудың күтiлiп отырған мерзiмi және оған қол жеткiзудің экономикалық және техникалық мүмкiн деңгейi;
      3) Өндiруге байланысты шығыстар бойынша және пайдалы қазбаларды iске асырудан түсетiн кiрiстер бойынша болжамдарды есептеу;
      4) Қазақстан Республикасының бюджетке бастапқы, сондай-ақ кейiнгi төлемдердiң болжанған көлемi туралы ниетi мен контракт аумағының өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымын дамытуға салынатын күрделi салымдары болуға тиiс.
      4. Бiрлесiп барлау мен Өндiруге Құқық алуға конкурстық ұсыныс осы баптың 2-3-тармақтарына сәйкес қалыптасуға тиiс.
      5. Осы баптың 2-тармағына сәйкес конкурсқа қатысу барысында өтiнiм берушi ұсынған мiндеттемелер мен ниет барлау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған жұмыс бағдарламасына енгiзiледi, ал осы баптың 2 және 3-тармақтарына сәйкес ұсынылған мiндеттемелер мен ниет тиiсiнше өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған жұмыс бағдарламасына немесе бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған жұмыс бағдарламасына енгiзiледi.
      Ескерту. 41-5-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-б. қараңыз), өзгерту енгізілді - ҚР 2005.10.14 N 79, 2007.01.09 N 213, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      41-6-бап. Конкурсқа қатысу құқығынан бас тартылу

      Конкурсқа қатысу құқығынан бас тартылу мынадай жағдайларда орын алуы мүмкiн:

      1) осы Заңның 41-3-бабының талаптарын бұза отырып конкурсқа қатысуға өтiнiм беру немесе 41-5-бабының талаптарын бұза отырып конкурстық ұсыныс беру;

      2) өтiнiм берушiнiң жалған мәлiметтердi ұсынуы;

      3) өтiнiм берушiнiң конкурстық ұсынысында көрсетiлген барлау мен (немесе) өндіру үшін қажеттi техникалық, ұйымдастырушылық, басқарушылық және қаржылық мүмкіндіктерге ие екендiгiнiң немесе ие болатындығының құжаттамалық айғақтарының конкурстық ұсыныста болмауы;

      4) егер өтiнiш берушiге жер қойнауын пайдалану құқығын беру елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптардың сақталмауына әкеп соқса, оның iшiнде келiсiмшарт шеңберiндегi құқықтар шоғырландырылған және (немесе) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүргiзуге арналған құқықтар шоғырландырылған жағдайда.
      Конкурсқа қатысу құқығынан бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 41-6-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2005.10.14 N 79, 2007.01.12 N 226 Заңдарымен.

      41-7-бап. Конкурстың қорытындыларын шығару

      1. Конкурстың жеңiмпазы мынадай басты өлшемдер жиынтығының негiзiнде анықталады:
      1) барлауды жүргiзудiң басталу және қарқындылық мерзiмі;
      2) Өндiрудi бастаудың және оның экономикалық техникалық мүмкiн деңгейiне, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барынша жоғары коэффициентiне жету мерзiмi;
      3) жазылым бонусының мөлшерi;
      4) инвестициялардың мөлшерi, жобаны қаржыландыру мерзiмдерi мен шарттары;
      4-1) өңiрдi әлеуметтiк дамытуға қатысуы;
      5) жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi талаптардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталуы;
      6) жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң жалпы санының процентi есебiмен қазақстандық кадрларды тарту жөнiндегi қабылданған мiндеттемелерi және қазақстандық қызметкерлердi даярлау мен қайта даярлауды қаржыландыруды ұйымдастыру жөнiндегi ұсыныстары;
      7) келiсiм-шарт бойынша жұмыстарды орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң жалпы құнының процентi есебiмен сатып алынатын Қазақстанда шығарылатын тауарлар, қазақстандық өндірушілердің жұмыстары мен көрсететін қызметтері жөнiнде қабылданған мiндеттемелерi;
      7-1) Қазақстан Республикасының аумағында келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті жобалау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған қаражатты игеру жөніндегі қабылданған міндеттемелері;
      8) жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн өндiрiстердi, магистральды және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану жөнiндегi ұсыныстары.
      2. Конкурстық ұсыныстар жасаған өтiнiм берушiлер арасынан кoнкypc жеңiмпазын құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн конкурстық комиссия айқындайды, ал кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндiруге немесе бiрлескен барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын алуға конкурстар өткiзілген кезде комиссия құрамын облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдар айқындайды.
      Конкурстың қорытындыларына сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкін.
      3. Конкурс жеңiмпазы конкурстық ұсыныстарды қарау негiзiнде айқындалады.
      4. Қорытындыларды шығару мерзiмi конкурс шарттарымен белгiленедi, бiрақ ол екi айдан, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - он бес күннен аспауға тиiс. Конкурстың қорытындыларын шығару мерзiмi конкурстық комиссияның шешiмiмен ұзартылуы мүмкiн.
      5. Бiр ғана конкурстық өтiнiм не бiр конкурстық ұсыныс түскен жағдайда осы объект бойынша конкурс өтпеген деп танылады. Конкурс өтпеген деп танылған кезде құзыреттi орган қайтадан конкурс белгiлеуi мүмкiн. Қайтадан өткiзiлетiн конкурсқа конкурстық ұсыныс берген бiр ғана қатысушы қатысқан жағдайда, мұндай қатысушы конкурс жеңiмпазы болып танылады.
      Егер бiр ғана конкурстық ұсыныстың түсуiне байланысты конкурс өтпеген деп танылса, қайтадан өткiзiлетiн конкурс кезiнде бұрын геологиялық ақпарат пакетiн сатып алған қатысушыдан конкурсқа қатысу үшiн жарна және геологиялық ақпараттар пакетiнiң құны өндiрiп алынбайды.
      5-1. Қандай да бiр объект бойынша конкурстық ұсыныстардың мазмұны салыстырмалы түрде тең болған кезде конкурстық комиссия конкурстық ұсыныстары неғұрлым жақсы деп танылған конкурсқа қатысушылар енгiзiлетiн "қысқа" тiзiм жасайды. Жеңiмпазды анықтау мақсатында конкурстық комиссия "қысқа" тiзiмге енгiзiлген конкурсқа қатысушылар өздерiнiң конкурстық ұсыныстарын жақсартуға құқылы мерзiмдi белгiлейдi. Конкурстық ұсыныстарды жақсарту үшiн белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiн конкурстық комиссия "қысқа" тiзiмге енгiзiлген конкурсқа қатысушылардың арасынан жеңiмпазды айқындайды.
      6. Конкурстық комиссияның конкурс жеңiмпазын анықтау немесе конкурсты өткен жоқ деп тану жөнiндегi шешiмi хаттамамен ресiмделедi.
      7. Конкурс нәтижелерi ресми баспа басылымында жариялануға тиiс.
      8. Жер қойнауы учаскесiнде жұмыстарды жүзеге асыру үшiн конкурс жеңiмпазы құзыреттi органмен жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге келiсiм-шарт жасасады. Жер қойнауын пайдалану құқығы тек келiсiм-шарт тiркелген кезден бастап қана берiлген және туындаған деп есептеледi.
      9. Конкурс жеңiмпазы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiмшарттың жобасын конкурс жеңiмпазы деп тану туралы шешiм шығарылған күннен бастап жетi ай iшiнде табыс етпеген жағдайда, конкурстық комиссия жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтiнiм берушiнi конкурс жеңiмпазы деп тану туралы бұрын қабылданған шешiмнiң күшiн жояды.
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге арналған келiсiмшарт осы объект бойынша конкурс жеңiмпазы анықталған күннен бастап он сегiз ай iшiнде жасалмаған жағдайда, конкурстық комиссия жер қойнауын пайдалану құқығын алуға өтiнiм берушiнi конкурс жеңiмпазы деп айқындау туралы бұрын қабылданған шешiмнiң күшiн жояды.
      Ескерту. 41-7-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2005.10.14 N 79, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      41-8-бап. <*>

      Ескерту. 41-8-бап алынып тасталды - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз).

  5-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
           жүргiзуге арналған келiсiм-шарттар

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз).

      42-бап. Контрактылар түрлерi

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн келiсiм-шарттардың мынадай түрлерi қолданылады:
      1) алынып тасталды - ҚР 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      2) концессия туралы;
      3) мердiгерлiк және өтемдi қызметтер көрсету (сервистiк келiсiм-шарт) туралы.
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi нақты операциялар талаптарына және басқа да мән-жайларға байланысты келiсiм-шарттардың аралас және өзге де түрлерiне жол берiледi.
      Келiсiм-шартты жасасу, орындау, өзгерту немесе тоқтату осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
      2. алынып тасталды - ҚР 2004.12.01 N 2 Заңымен.
      2-1. Келiсiм-шарт талаптары тараптардың өзара келiсiмiмен белгiленедi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келуге тиiс.
      2-2. Келiсiм-шарт талаптарының Қазақстан Республикасына қатысты тиiмдiлiгi конкурстық ұсыныс талаптарымен салыстырғанда аз болуы мүмкiн емес. Бұл ретте салық салу ережелерi Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес белгiленедi. Келiсiм-шарт талаптарында жер қойнауын пайдаланушының қабылдаған мiндеттерiн орындамағаны үшiн, оның iшiнде тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар мен өсiмпұлдар) көлемi көрсетiлуге тиiс.
      2-3. Жұмыс бағдарламасы келiсiм-шартқа мiндеттi қосымша болып табылады және ол жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлетті органмен келiсiлуге тиiс;
      Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен жұмыс бағдарламасын келiсу келiсiмшартты сараптамадан өткiзумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.
      2-4. Келiсiмшарттың талаптарында мердiгердiң тартылған шетелдiк персоналға қатысты алғанда, қосалқы мердiгерлiк жұмыстармен айналысатын персоналды қоса, қазақстандық персонал үшiн тең еңбек жағдайларын және еңбегiне ақы төлеудi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттемелерi, сондай-ақ кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелері көзделуге тиiс.
      3. Бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге арналған келiсiм-шартты жасасу кезiнде тараптар барлау жөнiндегi операцияларды жүргiзуге байланысты шарттарды келiсуi мүмкiн. Өндiру жөнiндегi жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге байланысты талаптар не бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi жұмыстарды (операцияларды) жүргiзуге арналған келiсiм-шартты жасасу кезiнде не коммерциялық табу жасалғаннан кейiн келiсiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2007.01.12 N 226, 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      43-бап. Контрактiнiң қолданылу мерзiмi

      1. Барлауға контракт алты жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Мердiгер контрактiде, жұмыс бағдарламасында және жылдық жұмыс бағдарламаларында белгiленген мiндеттемелердi орындаған жағдайда мердiгердiң контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартуға құқығы бар. контрактiнiң қолданылу мерзiмi әрбiр кезеңi ұзақтығы екi жылға дейiн болып екi рет ұзартылуы мүмкiн. Егер мердiгер мерзiмдi ұзарту үшiн контрактiнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаған болса, барлауға контрактiнiң мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
      2. Өндiруге арналған келiсiм-шарт - жиырма бес жылға дейiнгi мерзiмге, ал пайдалы қазбаларының қорлары мол және бiрегей кен орындары бойынша қырық бес жылға дейiнгi мерзiмге жасалады. Өндiруге арналған келiсiм-шарттың мерзiмi, егер жер қойнауын пайдаланушы мерзiмдi ұзарту үшiн келiсiм-шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн он екi айдан кешiктiрмей өтiнiш жасаса, ұзартылуы мүмкiн.
      3. Бiрлескен барлау мен өндiруге контракт мүмкiн болатын ұзарту мерзiмдерi ескерiле отырып, барлау мен өндiрудiң мерзiмiн қамтитын мерзiмге жасалады. Бұл ретте мерзiмдердi ұзартуға осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер қолданылады.
      4. Пайдалы қазба табылған жағдайда контрактiнiң қолданылу мерзiмiн коммерциялық табуды бағалау үшiн мердiгердiң қажет кезеңге ұзартуға құқығы бар.
      5. Контрактiнiң қолданылу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiм ол құзыреттi органға келiп түскен күнiнен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қаралуға тиiс.
      Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.08.11 N 467-I, өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      43-1-бап. Контрактiнің қолданылуының аумақтық аясы
                 (контрактiлiк аумақ)

      1. Контрактiлiк аумақтың шегiнде жер қойнауының бiр-бiрiмен өзара аралас ретiнде де, бөлек те бiр учаскесi немесе жер қойнауының бiрнеше учаскесi болуы мүмкiн. Контрактiлiк аумақтың шегiнде бөлiнетiн жер қойнауы учаскесi (жер қойнауы учаскелерi) белгiлi бiр тереңдiкпен шектелiне алады (шектелiнуi мүмкiн).
      2. Егер барлауды және (немесе) өндiрудi жүргiзген кезде кен орны географиялық шекараларының (құрлықта немесе теңiзде орналасқанына қарамастан) көрсетілген геологиялық немесе тау-кендiк бөлудегi келісім-шарттық аумақ шегінен шығып кеткенi байқалса, онда оны кеңейту туралы мәселені құзыреттi орган конкурс өткiзбестен келісім-шарт талаптарын өзгерту арқылы шешуге тиіс.
      3. Контрактiнiң аумағын қайтарудың шарттары мен тәртiбi контрактiде айқындалады.
      4. Контракт аумағының бөлiктерiн қайтару, контракт аумағынан осындай геологиялық бөлуден қайтарылатын бөлiктердi қоспағанда, геологиялық бөлудi қайта ресiмдеу арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. Жаңа 43-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.08.11 N 467-I, өзгерту енгізілді -  2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

      44-бап. Келiсiм-шарт жасасу және оны орындау

      1. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шарт жобасын конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазы туралы шешiм қабылдаған кезден бастап жетi ай iшiнде ұсынады. Құзыреттi орган келiсiм-шарттың талаптарын жер қойнауын пайдаланушымен келiссөздер арқылы келiседi.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тараптармен келiсiлген келiсiм-шарт жобасына оған қол қойылғанға дейiн бiр ай мерзiм iшiнде құқықтық, экологиялық, экономикалық және салықтық, денсаулық сақтау және санитария, жер қойнауын зерттеу және пайдалану, тау-кен қадағалау мәселелерi бойынша мiндеттi сараптамалар жасалуға тиiс.
      Сараптама қорытындыларын тиiстi мемлекеттiк органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес бередi. Қажеттi сараптамалар жүргiзiлгеннен кейiн құзыреттi орган мен жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шарттың түпкiлiктi талаптарын келiседi.
      3. Келiсiм-шартты құзыреттi орган тiркеуге тиiс. Егер келiсiм-шарттың күшiне енуiнiң өзге де неғұрлым кеш мерзiмдерi келiсiм-шартта айтылмаса, тiркелген кезден бастап күшiне енедi.
      4. алынып тасталды - ҚР 2005.10.14 N 79 Заңымен.
      5. Келiсiм-шартты жасау жер қойнауын пайдаланушы өтiнiш берген күннен бастап отыз күн iшiнде жергiлiктi атқарушы органдардың дереу ресiмдеуi үшiн негiз болып табылады. Үшiншi тұлғалардың меншiгiндегi немесе пайдалануындағы жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте ресiмделетiн жер учаскесiнiң кеңiстiк шекаралары жер қойнауын пайдаланушы жер учаскесiн iс жүзiнде пайдалану мерзiмдерiнiң шегiнде жердiң үстiңгi бетiн бұза отырып iс жүзiнде пайдаланатын аумақпен шектеледi.
      6. алынып тасталды - ҚР 2005.10.14 N 79 Заңымен.
      7. Жер қойнауын пайдаланушының келiсiм-шарт жасасқан кездегi, оның iшiнде тауарлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі және кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі бойынша мiндеттемелерiн орындамауы келiсiм-шартта белгiленген айыппұлдар мен өсiмпұлдарды қолдануға әкеп соғады.
      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз)

      45-бап. Контрактiнi жарамсыз деп тану

      1. Контракт мынадай жағдайларда:

      1) сот тәртiбiмен Құзыреттi органға осы тұлғамен Контракт жасауға шешiм қабылдауға ықпал еткен көрiнеу жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда;

      2) сот тәртiбiмен конкурсты жүргiзуге не жер қойнауын пайдалану құқығын алуды ұтып алған үмiткермен оған басқа үмiткерлердiң алдында заңсыз басымдықтар беру мақсатында Контракт жасасуға қатысушы лауазымды адамдардың арасында сөз байласу, бюджетке төленетiн төлемдердiң шарттарын ырықтандыру және олардың мөлшерiн азайту фактiлерi анықталған жағдайда;

      3) қолданылуы Контракт жасасуға тiкелей ықпал еткен шарттың күшiн сот тәртiбiмен жою кезiнде жарамсыз деп табылады.

      2. Контрактiнi жарамсыз деп тану үшiн соттың осы баптың 1-тармағында көрсетiлген фактiлердiң болғандығын растайтын шешiмiнiң немесе үкiмiнiң заңды күшiне енуi негiз болып табылады. Контракт ол жасалған кезден бастап жарамсыз деп есептеледi.

      3. Сот тәртiбiмен оның негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын беру және қайта ресiмдеу жүзеге асырылған шартты жою не бұзу Контрактiнiң өзiнiң емес, жер қойнауын пайдалану құқығын осындай берумен байланысты қабылданған өзгерiстер мен толықтырулардың жарамсыздығына әкелiп соғады.
      Ескерту. 45-бап жаңа редакцияда - ҚР 1999.08.11 N 467-I Заңымен.

      45-1-бап. <*>
      Ескерту. 45-1-бап алынып тасталды - ҚР 2006.12.29 N 209 Заңымен.

      45-2-бап. Келісімшартты өзгерту және тоқтату

      1. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында келісімшарттардың талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.

      2. Құзыретті орган келісімшартты мынадай жағдайларда:
      1) мердігер барлау, өндіру, бірлескен барлау мен өндіру не барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға әкеп соққан себептерді жоюдан бас тартқан кезде, не осы себептер оларды жою үшін жеткілікті мерзімде жойылмаған кезде;

      2) жер қойнауын пайдаланушылар осы Заңның 70-бабында көзделген шараларды қолданбаған кезде;

      3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға әкеп соққан себептерді жою мүмкін болмаған кезде;

      4) мердігер келісімшартта не жұмыс бағдарламасында белгіленген міндеттемелерін елеулі түрде бұзған кезде;

      5) жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңға сәйкес кепіл нысанасы болып табылатын жағдайды қоспағанда, мердігер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған кезде;

      6) осы Заңның 71-бабының мемлекеттің басым құқығына қатысты үшінші бөлігі орындалмаған кезде;

      7) егер жер қойнауын пайдаланушы осы баптың 1-тармағына сәйкес құзыретті органнан келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру туралы хабарлама алған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде мұндай келіссөздер жүргізуге келісімін не оларды жүргізуден бас тартатынын жазбаша түрде табыс етпесе;

      8) егер жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келіссөздер жүргізуге келісімі алынған күннен бастап төрт айға дейінгі мерзімде тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес келісімшарт талаптарын өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде келісімге қол жеткізбесе;

      9) егер Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру жөнінде келісілген шешімге қол жеткізілген күннен бастап алты айға дейінгі мерзімде тараптар осы баптың 1-тармағына сәйкес келісімшарт талаптарын өзгертуге және (немесе) толықтыруға қол қоймаса, біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

      3. Құзыретті орган келісімшартты бұзу туралы тиісті шешім қабылдағанға дейін мердігерге хабарлама жіберу арқылы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуді дереу тоқтатуды талап етуге құқылы, ал мердігер мұндай талапты дереу орындауға міндетті.

      4. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана келісімшарттың қолданысын тоқтатуы немесе талаптарын өзгертуі мүмкін.

      5. Тараптар келісімшарттың қолданысы тоқтатылған немесе талаптары өзгертілген кезде орындалмай қалған ағымдағы міндеттемелерді орындаудан босатылмайды.

      6. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген тарату жобасына сәйкес келісімшарт аумағын халықтың денсаулығы мен өміріне және қоршаған орта үшін қауіпсіз болатын жағдайға дейін қалпына келтіру жөніндегі міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
      Ескерту. 45-2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.10.24. N 2 Заңымен.

      45-3-бап. Келісімшартты орындаудан біржақты бас тарту

      1. Егер стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндей елеулі түрде өзгертуге әкеп соқса, құзыретті орган Үкіметтің бастамасы бойынша келісімшартты орындаудан біржақты бас тартуға құқылы.

      2. Келісімшартты орындаудан біржақты бас тартқан жағдайда құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыға кемінде екі ай бұрын ескертуге тиіс.
      Ескерту. 45-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.10.24. N 2 Заңымен.

      46-бап. <*>

      Ескерту. 46-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау,
  жер қойнауын зерттеу мен пайдалану

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

      47-бап. Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғаудың,
              жер қойнауын зерттеу мен пайдаланудың мiндеттерi

      Жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын зерттеу және пайдалану:

      1) халықтың денсаулығын және өмiрiн қорғау;

      2) жер қойнауының ресурстарын тиiмдi және кешендi пайдалану;

      3) табиғи ландшафттарды сақтау және бүлiнген жерлердi, өзге де геоморфорологиялық құрылымдарды қалпына келтiру;

      4) жер сiлкiнудi, көшкiндi, су басуды, топырақтың отыруын болдырмау мақсатында жер қойнауының үстiңгi бөлiктерiнiң энергетикалық жай-күйiн сақтау;

      5) су объектiлерiнiң табиғи жағдайын сақтауды қамтамасыз ету бағыттарына негiзделген құқықтық, ұйымдастыру, экономикалық, технологиялық жүйелердi және басқа шараларды қамтиды.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14.  N 79 Заңдарымен.

      48-бап. Жалпы экологиялық талаптар

      1. Жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген экологиялық талаптар басымдық ретте сақталуға тиiс.

      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауға қойылатын негiзгi талаптар:

      1) кен орнын игерудiң арнаулы тәсiлдерiн қолдану есебiнен жердiң үстiңгi қабатын сақтау;

      2) жердiң техногендiк шөлейттенуiн болдырмау;

      3) жер қойнауын пайдалану операциялары басталмай тұрып, табиғатты қорғау органдарымен келiсiлген автомобиль жолдарын салудың тиiмдi сызбасын жасау, сондай-ақ скважиналарды бұрғылауда тармақты әдiстi қолдану, iшкi үйiндiлер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикiзатты өндiру мен өңдеудiң қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлiнетiн жерлердiң аумағын азайту;

      4) топырақтың, аршу жыныстары үйiндiлерiнiң және өндiрiс қалдықтарының жел эрозиясын, олардың тотықтануын және өздiгiнен жануын болдырмау;

      5) сiңiрме және тұщы су қабаттарын ластанудан сақтау үшiн оқшаулау;

      6) жер үстi және жер асты суларын сарқылудан және ластанудан сақтау;

      7) жуғыш сұйықтарды дайындағанда усыз реагенттердi пайдалану;

      8) бұрғылау ерiтiндiлерiн тазалау мен қайталап пайдалану;

      9) қоршаған ортада бұрғылау мен жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауiпсiз тәсiлмен жою;

      10) мұнай кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесiнде мұнай өндiрiсi сарқынды суларын тазалау және қайталап қолдану;

      11) ластайтын заттарды атмосфералық ауаға шығаруды болғызбау;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген кен орындарын жою (консервациялау) жобасы бойынша қоршаған ортаға келтiрiлген зиянның салдарларын жою.
      Ескерту. 48-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2007.01.09. N  213 Заңдарымен.

      48-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
                cақтық аймағының шегiнде жүргiзу

      1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды cақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi осы операцияларды судың деңгейiнiң көтерiлуi жағдайында теңiздiң ластануын болдырмайтындай немесе барынша төмендететiндей етiп жүргiзуге мiндеттi.

      2. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды cақтық аймағының шегiнде жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi жүргiзiлген операциялардың және мұндай  жерқойнауын пайдаланушының кiнәсi болу-болмауына қарамастан су деңгейiнiң көтерiлуiнiң нәтижесiнде теңiздiң ластануы жағдайында қоршаған ортаға не жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапкершiлiкте болады.
      Ескерту. Жаңа 48-1-баппен толықтырылды - Қазақстяан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I Заңымен.

       48-2-бап. Тарату қоры

      Тарату қорына аударымдардың мөлшерi мен тәртiбi келiсiм-шартпен белгiленедi. Тарату қорының қаражатын пайдалану құзыреттi органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
      Жер қойнауын пайдалану объектiлерiн тарату және консервациялау ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ескерту. 48-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      49-бап. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану
              мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар

      1. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар:

      1) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн, соның iшiнде өндiруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшiн берiлетiн пайдалы қазбалар, кен орындары  жерқойнауы учаскелерi қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшiн жер қойнауын iлгерiлей геологиялық зерттеудiң толымдылығын қамтамасыз ету;

      2) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды және кешендi пайдалануды қамтамасыз ету;

      3) бай учаскелердi таңдап игеруге жол бермей пайдалы қазбаларды жер қойнауынан бөлiп алудың толымдылығын қамтамасыз ету;

      4) кен орнын игеру кезiнде айырып алынған және жер қойнауында қалдырылатын негiзгi және онымен бiрге орналасқан пайдалы қазбаларды және қосалқы компоненттердi, соның iшiнде минералдық шикiзатты, өңдеу өнiмдерi мен өндiрiс қалдықтарын нақты есепке алу;

      4-1) бастапқы өңдеу деректерi бойынша мемлекеттiк баланста есепте тұрған пайдалы қазбалар қорларын түзетудi жою;

      5) су жинау алаңдарында және жер асты сулары жинақталған жерлерде ауыз сумен немесе өнеркәсiптiк сумен қамтамасыз ету үшiн пайдаланылатын өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;

      6) жер қойнауын кен орындарының сапасын төмендететiн немесе оларды пайдалануды және игерудi күрделiлендiретiн су басудан, өрттен және басқа сұрапыл факторлардан қорғау;

      7) жер қойнауын пайдалану, әсiресе мұнайды, газды және басқа заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму, қалдық суларды ағызу жөнiндегi операцияларды жүргiзуде жер қойнауын ластанудан сақтау;

      8) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұру, доғару, кен орнын игеру объектiлерiн тоқтатып қою мен жою жөнiндегi белгiленген тәртiптi сақтау;

      9) өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтарды үю мен орналастыру кезiнде олардың су ағызатын алаңдарда және жер асты сулары орналасқан жерлерде жиналуын болдырмау мақсатында экологиялық талаптарды қамтамасыз ету.

      2. Жер қойнауын қорғаудың негiзiн жер қойнауын пайдалану объектiлерiн геологиялық, гидрогеологиялық, экологиялық, инженерлiк-геологиялық және технологиялық зерделеудiң толымдылығы мен дәлдiгi құрайды.

      3. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан зиян келтiрген тұлғалар, егер зиян еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғандығын дәлелдей алмаса, онда келтiрiлген зиянды нақты залал көлемiнде өтеуге мiндеттi.

      4. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзудың салдарынан келтiрiлген зиянның көлемiн жер қойнауын пайдаланушылармен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.

      4-1. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзудың салдарынан келтiрiлген зиянның көлемiн Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.

      5. Зиянның көлемiн анықтауға байланысты туындайтын дауларды Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңдарында айқындалатын тәртiппен сот шешедi.
      Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 , 2007.01.09. N 213 Заңдарымен.

      50-бап. Жер қойнауын пайдалану операцияларын
              жүргiзудiң экологиялық негiзi

      1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу үшiн осы операцияларды жүргiзуге мемлекеттiк экологиялық сараптама берген оңды қорытынды және соның негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның мiндеттi шарт ретiнде келiсiм-шартқа тиiстi экологиялық талаптарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес берген экологиялық рұқсаты қажеттi экологиялық негiз болып табылады.

      2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттiк экологиялық сараптамаға жоспарланған iс-қимылдардың қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға берген барлық жобалау алдындағы және жобалық құжаттарды және барлау мен өндiру, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтату, немесе кен орнын игерудi тоқтатып қою кезеңдерiндегi шараларды қоса "Қоршаған ортаны қорғау" бөлiмiн тапсыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 , 2007.01.09. N 213 Заңдарымен.

      51-бап. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылау

      1. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылаудың мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізген кезде жер қойнауының ластануын болғызбау және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайту бөлiгiнде сақталуын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылау:
      1) жер қойнауын қорғаудың мемлекеттiк мониторингін;

      2) жер қойнауын қорғау саласына жататын лицензиялық-келiсiм-шарттық талаптардың сақталуын бақылауды;

      3) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудi және қалдық суларды ағызуды бақылауды;

      4) жер қойнауының кен орны мен қоршаған ортаның бүлiнуiне әкеп соғатын ластанудан, су басудан, өрттен және техногендiк процестерден сақталуын бақылауды;

      5) жер қойнауын пайдалану объектiлерiнiң консервациялануын және жойылуын бақылауды;

      6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезiнде авариялар мен өзге де қауіптi жағдайларды болғызбау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтиды.
      Ескерту. 51-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының  2005.10.14. N 79 Заңымен.

       51-1-бап. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды
                мемлекеттiк бақылау

      1. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттiк бақылауды жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттiк бақылау мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын iздестiру және бағалау, өндiру кезiнде минералды шикiзатты ұтымды және кешендi пайдалану, өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану үшiн геологиялық зерттеу және жер қойнауы учаскелерiн бағалау кезiнде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттiк бақылaу:
      1) қорларды ашуды, дайындауды және қазып алуды қамтамасыз ететiн, кен орындарының бай учаскелерiн таңдап игерудi болғызбайтын жер қойнауын геологиялық зерттеу мен пайдалануды, кен орындарын игерудiң техникалық жобалары шешiмдерiнiң сақталуын бақылауды;

      2) пайдалы қазбалардың сыртқа шығарылатын және жер қойнауында қалдырылатын қорлары мен оларды өндiру кезiндегi ысырапты есепке алудың дұрыстығын бақылауды қамтиды.
      Ескерту. 51-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының  2005.10.14. N 79 Заңымен.     

      52-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де
              жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi

      1. Ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi ерекше күзетiлетiн құқықтық режимi болатын не мемлекеттiк табиғи-қорық қорының дағдылы, бiрегей және сирек кездесетiн геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлерiн сақтауға арналған шаруашылық қызметi реттелетiн режимдегi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып табылады.
      Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiне мыналар жатады:
      геологиялық объектiлер - тiректi немесе сипатты тiлiмдер, сипатты тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетiн тау жыныстары мен минералдар, метеориттер, сақталынып қалған фауна мен флора қалдықтары бар табиғи және жасанды түрде аршылған жерлер;
      геоморфологиялық объектiлер - жер бедерiнiң жасалу процесiн айқын көрсететiн және туризм мен рекреация үшiн ерекше құнды террастар, жайылмалар, үңгiрлер, сайлар, каньондар, сарқырамалар мен жер бедерiнiң басқа да нысандары;
      гидрогеологиялық объектiлер - бiрегей және сирек кездесетiн қасиеттерiмен ерекшеленетiн жер асты сулары және олардың жер бетiне шығатын тұстары;
      жартастардағы суреттерi, ертедегi кен орындары, тарихи, археологиялық және этнографиялық жағынан маңызды жер қойнауын пайдалану жөнiндегi басқа да объектiлерi бар жер қойнауы учаскелерi.

      2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерi жергiлiктi және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатады.

      3. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн өзге қажеттер үшiн алып қоюға жол берiлмейдi.
      Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 Заңымен.

      52-1-бап. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де
                жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн
                қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi

      1. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды жер қойнауы учаскелерiн қорғау мен пайдаланудың ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарымен белгiленедi.

      2. Экологиялық, ғылыми, мәдени және өзге де жағынан ерекше құнды геологиялық, геоморфологиялық және гидрогеологиялық объектiлер табылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар тиiстi учаскеде жұмысты тоқтатуға және бұл туралы жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілеттi органға хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 52-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.05.11. N 381 , өзгерту енгізілді - 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

      53-бап. Пайдалы қазбалар орналасқан алаңдарда
              құрылыс салу шарттары

      1. Елдi мекендердi, өндiрiстiк кешендердi және басқа шаруашылық объектiлерiн жобалауға және салуға рұқсат жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органның болашақ құрылыс учаскелерi астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқтығы немесе оның маңызы аздығы жайындағы қорытындыларын алғаннан кейiн ғана берiледi.

      2. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда құрылыс салу, сондай-ақ олар жатқан орындарда жер асты құрылыстарын салу, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi және өнеркәсiпте жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiн қадағалау және тау-кендi қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi органдардың рұқсатымен пайдалы қазбаларды өндiру мүмкiндiгi қамтамасыз етiлген немесе құрылыс салудың экономикалық тиiмдiлiгi дәлелденген жағдайда жүргiзiледi.

      3. Пайдалы қазбалар жатқан алаңдарда рұқсатсыз құрылыс салу оған контракт аумағының жерлерiн қалпына келтiруге және салынған объектiлердi қайта бұзуға кеткен шығындардың қайтарымынсыз тоқтатылады.
      Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

7-тарау. Халықтың және қызметкерлердiң қауiпсiздiгi

      54-бап. Жер қойнауын пайдалануда халықтың және
              қызметкерлердiң қауiпсiздiк жағдайларын
              қамтамасыз ету

      1. Жер қойнауын пайдаланушы заңда көзделген жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң нормалары мен ережелерi орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк арулардың алдын алу және оны жою жөнiндегi шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

      2. Егер адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп туғызатын болса, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге тыйым салынады.

      3. Жер қойнауын пайдалану кезiнде техникалық қауiпсiздiк және өндiрiстiк санитарлық ережелерi мен нормаларының сақталуына мемлекеттiк бақылауды өнеркәсiпте жұмыстардың қауiпсiз жүргiзiлуiн қадағалау және тау-кен қадағалауы жөнiндегi уәкiлеттi орган және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      4. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң негiзгi талаптары мыналар болып табылады:

      1) жұмысқа арнаулы дайындығы және мамандығы бар адамдарды, ал тау-кен жұмыстарын басқаруға тиiстi арнаулы бiлiмi бар адамдарды жiберу;

      2) тау-кен және бұрғылау жұмыстарындағы адамдарды арнаулы киiмдермен, дербес және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз ету;

      3) қауiпсiздiк талаптары мен санитарлық нормаларға сай келетiн машиналарды, жабдықтар мен заттарды қолдану;

      4) қопарғыш заттар мен қопару құралдарын, есепке алу және дұрыс сақтау, сондай-ақ оларды орнымен және қауiпсiз пайдалану;

      5) жұмыстың технологиялық циклын қамтамасыз етуге қажет және қауiптi жағдайларды болжауға жеткiлiктi геологиялық, маркшейдерлiк және басқа бақылаулар кешенiн жүргiзу, қауiптi аймақтарды уақтылы анықтау және оны тау-кен жұмыстары жоспарына түсiру;

      6) кенiштiң атмосферасының жай-күйiн, ондағы оттегi мөлшерiн, зиянды және жарылғыш қауiптi газдар мен тозаңдарды ұдайы бақылау;

      7) жұмысты жүргiзудiң қауiпсiз аймақтарының шектерiн анықтайтын техникалық құжаттамалары мен аварияларды жоюдың жоспарларын мәлiметтермен уақытылы толықтыру;

      8) қатқыл пайдалы қазбалар кен орындарын игерудiң, мұнай, газ және жер асты суларының кен орындарын игерудiң және құрудың жобалары мен технологиялық сызбаларын жобалау жүйелерiн сақтау;

      9) газдардың күтпеген жерден шығарылуын, судың, пайдалы қазбалардың және кен жыныстарының сыртқа жарып шығып кетуiн, сондай-ақ тау соққыларын болжау және алдын алу жөнiндегi арнайы iс-шараларды жүзеге асыру.

      5. Жұмысшылардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауiпсiз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.

      6. Жер қойнауын пайдалану операциялары әсер ететiн аймақтарда халықтың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туған жағдайда тиiстi ұйымдардың басшылары бұл туралы жергiлiктi атқарушы органдарға кiдiрiссiз баяндауға мiндеттi.

      6-1. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар әсер ететiн аймақта халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi және халықтың денсаулығы мен өмiрi үшiн қауiпсiз жағдай жасалмайынша және төнген қауiп жойылмайынша, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияны қайта бастауға құқылы емес. Қауiптi болдырмау үшiн өзге шараларды қолдану мүмкiн болмаған кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қауiптi әсер ету аймағынан халық көшiрiлгеннен кейiн ғана жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды қайта бастауға құқылы.

      7. Жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережеге сәйкес құтқару қызметтерiмен қамтамасыз етiледi.
      Ескерту. 54-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

8-тарау. Жер қойнауының мемлекеттiк қоры

      55-бап. Жер қойнауы Мемлекеттiк қорының жай-күйiн
              есепке алу

      1. Жер қойнауының мемлекеттiк қоры Қазақстан Республикасының жер қойнауларынан құралады.

      2. Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мыналар жүргiзiледi:

      1) жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi;

      2) жер қойнауына мемлекеттiк сараптама;
      3) геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сақтау;

      4) пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансын жасау;

      5) мыналарға:

      а) пайдалы қазбалар кен орындары мен көрiнiс - белгiлерiне;

      ә) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көметiн және қалдық суларды ағызатын орындарға;

      б) техногендiк минералдық түзiлiмдерге мемлекеттiк кадастрлар жасау.

      3. Жер қойнауын пайдаланушылар алғашқы есепке алу материалдарына негiзделген жер қойнауының жай-күйi туралы геологиялық есептi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнаулы нысандарға сәйкес бередi.
      Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      56-бап. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi

      1. Жер қойнауының мемлекеттiк Мониторингi жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету, олардың өзгеруiн уақытылы анықтау және бағалау, келеңсiз процестердiң зардаптарының алдын алу және жою үшiн жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады.
      2. алып тасталды

      3. Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингiнiң құрылымын, мазмұнын және жүргiзiлу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
      Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

      57-бап. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптама

      1. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалануға жағдайлар жасау, жер қойнауын пайдалануға төлемдердi, жер қойнауын пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерiнiң шекараларын анықтау мақсатында пайдалы қазбалардың, барланған кен орындарының қоры мемлекеттiк сараптауға жатады.

      2. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие мердiгер Өндiрудi пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттiк сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана бастауға құқылы. Мемлекеттiк сараптаманың барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудiң тиiмдiлiгi жайындағы қорытындылары оларды мемлекеттiк есепке қоюға негiз болып табылады.

      3. Мемлекеттiк сараптамаға ұсынылған геологиялық материалдар пайдалы қазбалар қорының мөлшерi мен сапасын, олардың республика экономикасындағы маңызын, Өндiрудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық және басқа жай-күйiн объективтi бағалауға мүмкiндiк берген жағдайда мемлекеттiк сараптама кен орнын геологиялық зерделеудiң кез келген сатысында жүргiзiлуi мүмкiн.

      4. Өндiруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және пайдалануға жарамды жер қойнауы учаскелерi туралы геологиялық ақпарат та мемлекеттiк сараптауға жатады. Жер қойнауының мұндай учаскелерiн жер қойнауын пайдалануға беру геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сараптаудан өткiзгеннен кейiн ғана жүргiзiледi.

      5. Жер қойнауын мемлекеттiк сараптауды Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөнiндегi мемлекеттiк комиссиясы жүргiзедi .
      Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңдарымен.

      58-бап. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансы

      1. Пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансын жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының минералдық-шикiзат базасының жай-күйiн есепке алу мақсатында жүргiзедi.

      2. Пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансында коммерциялық жолымен табылған, пайдалы қазбалардың әр түрiнiң қорының мөлшерi, сапасы мен зерделену дәрежесi, олардың орналасуы, өндiрiстiк игерiлу дәрежесi, өндiру, ысырабы мен өнеркәсiптiң пайдалы қазбалардың барланған қорларымен қамтамасыз етiлуi туралы мәлiметтер болуы қажет.

      3. Пайдалы қазбалар қорларын мемлекеттiк балансқа енгiзу және оларды мемлекеттiк баланстан шығару тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      4. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлетті орган мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттiк балансы жөнiндегi ақпаратты табыс етедi.
      Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

      59-бап. Пайдалы қазбалар кен орындарының және
              көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры

      1. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган жер қойнауын геологиялық зерттеудiң салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларын әзiрлеудi, кен орнын кешендi пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да мiндеттердi шешу мақсатында жүргiзедi.

      2. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс - белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастры әрбiр кен орны бойынша негiзгi және онымен бiрге жатқан басқа пайдалы қазбалардың саны мен сапасы және олардағы компоненттердiң мөлшерi мен сапасы, кен орнын игерудiң тау-кен техникалық, гидрогеологиялық, экологиялық, тағы басқа жай-күйi мен оны геологиялық-экономикалық бағалау, сондай-ақ пайдалы қазбалардың анықталған көрiнiс-белгiлерi туралы мәлiметтерден құралады.

      3. Пайдалы қазбалар кен орындарының және көрiнiс белгiлерiнiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 59-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1999.08.11. N 467 -I, 2004.12.01. N 2 (күшіне ену тәртібін 2 баптан қараңыз), 2005.10.14. N 79 Заңдарымен.

      60-бап. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк
              қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың
              мемлекеттiк кадастры

      1. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында жүргiзедi.

      2. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудiң және қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастры мөлшерi мен сандық көрсеткiштерi көрсетiлген көмiлген заттар мен ағын сулардың типтерi мен түрлерiн сипаттайтын мәлiметтер, көму мен ағызудың тау-кен техникалық, арнаулы инженерлiк-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық жай-күйi туралы мәлiметтердi қамтиды.

      3. Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтi қалдықтарды көму мен қалдық суларды ағызудың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi. V074885
      Ескерту. 60-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

      61-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң
               мемлекеттiк кадастры

      1. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын  жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті орган жүргiзедi.

      2. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастры сақтаудың сандық және сапалық көрсеткiштерiн, тау-кен техникалық және экологиялық жай-күйi көрсетiлген техногендiк минералдық түзiлiмдердiң типi мен түрлерiн сипаттайтын үйме объектi туралы мәлiметтердi қамтиды.

      3. Техногендiк минералдық түзiлiмдердiң мемлекеттiк кадастрын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 61-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

9-тарау. Құқықтық шарттар

      62-бап. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтары

      Жер қойнауын пайдаланушының мыналарға құқығы бар:

      1) өзiне берiлген контракт аумағы шегiнде контрактыда бекiтiлген шарттарға сәйкес жер қойнауын пайдаланудың кез келген заңды әрекеттерiн өз еркiмен жүргiзу;

      2) контрактыда басқа жағдай ескерiлмеген болса, өзiнiң әрекетiнiң нәтижелерiн, соның iшiнде минералдық шикiзатты өз қалауынша пайдалану;

      3) контракт аумағында, қажет болған жағдайларда, жер қойнауын пайдаланушыға белгiленген тәртiп бойынша бөлiнiп берiлген басқа жер учаскелерiнде, жұмысты жүргiзуге қажет өндiрiстiк және әлеуметтiк мақсаттағы объектiлер салуға, сондай-ақ контракт аумағы шегiнде және одан тыс аумақтарда жалпы пайдаланатын коммуникациялар және объектiлердi келiсу арқылы пайдалану;

      4) осы Заңның 43-бабына сәйкес белгiленген контракт күшiнiң мерзiмiн ұзарту туралы келiссөздi бiрiншi кезекте жүзеге асыру;

      5) жер қойнауын пайдалану операцияларымен байланысты жекелеген жұмыс түрлерiн жүргiзу үшiн мердiгерлердi тарту;

      6) осы Заңмен белгiленген шарттарды сақтай отырып, өз құқығын немесе оның бөлiгiн басқа тұлғаларға беру;

      7) осы Заңда және контрактыда белгiленген шарттарға сәйкес өз қызметiн тоқтату.
      8) (алынып тасталды)
      Ескерту. 62-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      63-бап. Жер қойнауын пайдаланушының мiндеттерi

      1. Жер қойнауын пайдаланушы:
      1) жер қойнауын пайдаланудың оң тәжiрибесiне негiзделген жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң неғұрлым тиiмдi әдiстерi мен технологияларын таңдауға;
      1-1) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде адам өмiрiнiң, денсаулығының және қоршаған ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге;
      2) контракт аумағын тек қана контрактыда көзделген мақсаттарға пайдалануға;
      3) егер контрактіде басқа мерзiм көрсетiлмесе, контракт тiркелген күннен бастап барлау немесе өндiру жұмыстарын жүргiзудi бастауға;
      4) жер қойнауын пайдалану операцияларын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзуге;
      4-1) жер асты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар жөнiндегi келiсiмшарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы Өндiрушi салалар қызметi ашықтығының бастамасын iске асыруға қатысты өзара түсiнiстiк туралы меморандумның талаптарын сақтауға;
      5) қызметкерлердiң және халықтың денсаулығы мен өмiрiнiң қауiпсiздiгiн, жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен келiсiлген жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң технологиялық схемалары мен жобаларын сақтауға;
      6) контракт аумағы шегiнде басқа адамдардың еркiн жүруiне, ортақ пайдаланылатын коммуникациялар мен объектiлердi пайдалану немесе, егер жер қойнауын пайдалану операциясына кедергi келтiрмесе және олар қауiпсiздiктiң ерекше жағдайларымен байланысты болмаса, онда жұмыстың барлық түрлерiн, соның iшiнде табиғи ресурстардың басқа түрлерiн барлауға және өндiруге кедергi жасамауға;
      7) Қазақстан Республикасында өндiрiлген жабдықтарды, материалдарды және дайын өнiмдi, олар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, мiндеттi түрде пайдалануға;
      8) егер осы көрсетiлетiн қызметтер, Қазақстан Республикасының резидент еместерi орындайтын бiртектес жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң стандарттарына, бағалық және сапалық сипаттамаларына сәйкес келсе, әуе, темiр жол, су және басқа да көлiк түрлерiн пайдалануды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде қазақстандық жұмыс орындаушылар мен қызмет көрсетушілерді мiндеттi түрде тартуға;
      8-1) алынып тасталды
      9) жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзгенде қазақстандық мамандарға басымдық беруге;
      9-1) келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының азаматтарын даярлау мен қайта даярлауды қаржыландыру iсiн келiсiм-шартқа сәйкес жүзеге асыруға;
      10) құзыреттi органға жұмыс бағдарламасын iске асыру туралы ақпарат ұсынуға;
      10-1) құзыретті органға кадрлардағы қазақстандық қамту жөніндегі міндеттемелерді орындауы туралы есеп беруге;
      11) Қазақстан Республикасының бақылау органдарына олардың қызметтiк функцияларын атқару кезiнде қажет құжаттарды, мәлiметтердi кедергiсiз беру мен жұмыс орындарына өтуге мүмкiндiк жасауға және олар айқындаған кемшiлiктердi уақтылы жоюға;
      12) контракт аумағындағы жұмыс нәтижесiнде алынған геологиялық есептердi жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органға беруге;
      13) салықтарды, жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшiн айыппұлдарды және өзге мiндеттi төлемдердi уақытылы төлеуге;
      13-1) жыл сайын, сатып алуды өткізу үшін жоспарланатын жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей, құзыретті орган бекіткен нысан бойынша осы құзыретті органға тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасын ұсынуға;
      13-2) тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, құзыретті орган бекіткен нысан бойынша осы құзыретті органға сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілген қызметтер туралы есеп беруге;
      13-3) Өндiрушi салалар қызметiнiң ашықтығы бастамасының талаптарына сәйкес аудиторлық есеппен расталған есептiлiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiппен табыс етуге;
      14) қажет болған жағдайда, операциялардың мазмұны туралы ақпаратты үшiншi бiреуге, егер контрактыда өзгеше белгiленбесе, қатысушы жақтардың ортақ келiсiмi арқылы ғана беруге;
      15) мәдени-тарихи маңызды объектiлердi сақтауға;
      16) жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзу әсерiнен бүлiнген жер учаскелерiн және басқа табиғи объектiлердi заңдарға сәйкес оны әрi қарай пайдалануға жарамды қалыпқа келтiруге;
      17) өз қызметiнiң экологиялық салдарын жобалау сатысында болжауға;
      18) қоршаған ортаға зиян келтiргенi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға;
      19) келiсiм-шарттық аумақтағы бұрын бұрғыланған барлық ұңғымаларды балансқа қабылдауға, олар бойынша мониторинг жүргізуге;
      20) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде бес жұмыс күні ішінде құзыретті органға осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпарат беруге;
      21) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімінде тіркелуге міндетті.
      2. Контрактыда жер қойнауын пайдаланушының заңдарға қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
      Ескерту. 63-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2006.12.29 N 209, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      63-1-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды
                 жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен
                 көрсетілетін қызметтерді сатып алу

      1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде қосалқы мердігерлердің сатып алуы мынадай тәсілдердің бірі:
      1) ашық конкурс;
      2) бір көзден сатып алу;
      3) баға ұсыныстарын сұрату;
      4) электрондық сатып алу жүйесі арқылы;
      5) тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
      2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3 тармақ 2010.10.01. бастап қолданысқа енгізіледі.
      3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімі міндетті түрде пайдаланыла отырып, осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жүргізіледі.
      4. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде сатып алуды өткізу туралы хабарландыру, конкурстық өтінімдерді ашу хаттамалары мен қорытындылар шығару хаттамалары жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімінде және аптасына кемінде үш рет жарияланатын және Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде міндетті түрде орналастырылуға тиіс.
      5. Жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдердің кез келгенімен өткізуге міндетті.
      6. Осы баптың талаптары:
      1) кең таралған пайдалы қазбалар жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға;
      2) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алатын жер қойнауын пайдаланушыларға;
      3) жер қойнауын пайдалану құқығына ие, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларға қолданылмайды.
      7. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өткізілген конкурс нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын немесе жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртібін бұза отырып сатып алынған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша шығыстар құзыретті орган ескеретін шығыстардан жер қойнауын пайдаланушының келісім-шарттық міндеттемелерді орындауы ретінде алып тасталады.
      Ескерту. 63-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      63-2-бап. Қазақстандық тауар өндірушілерді, жұмыс
                 орындаушыларды және қызмет көрсетушілерді қолдау

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      1. Мердiгер, сондай-ақ оның қосалқы мердiгерлерi Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізген кезде тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi, осы Заңның талаптарына сәйкес, қазақстандық тауар өндірушілерден, жұмыс орындаушылардан және қызмет көрсетушілерден сатып алуға мiндеттi.
      2. Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң қазақстандық өндiрушiлерi болған кезде конкурс өткiзуге бiрыңғай шетелдiк ұйымдарды тартуға жол берiлмейдi.
      3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстың жеңiмпазын анықтаған кезде тауарлары, жұмыстары және көрсететiн қызметтерi конкурстың талаптарына және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес келген жағдайда, конкурсқа қатысушылардың - қазақстандық тауар өндірушілердің, жұмыс орындаушылардың және қызмет көрсетушілердің конкурстық өтiнiмiнiң бағасын шартты түрде жиырма процентке азайтады.
      Ескерту. 63-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2006.12.29 N 209, 2007.01.12 N 226, 2009.12.29 № 233-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      63-3-бап. Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн
               өндiрiстердi, магистральды және өзге де
               құбырларды дамыту мен пайдалану,
               инфрақұрылымдық және өзге объектiлердi тұрғызу
               мен бiрлесiп пайдалану жөнiндегi
               мiндеттемелердi iске асыру

      Жоғары технологияларды, жаңа және өңдейтiн өндiрiстердi магистральды және өзге де құбырларды дамыту мен пайдалану, инфрақұрылымдық және өзге объектiлердi тұрғызу мен бiрлесiп пайдалану жөнiндегi мiндеттемелердi жер қойнауын пайдаланушының iске асыруы жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiм-шарттың және ұсынылған объектiлердi инвестициялауға арналған қосымша шарттың ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайдаланушының аталған мiндеттемелердi орындауға байланысты шығындары өндiрiлген мұнайдан алынған өнiмдi бөлу туралы келiсiм-шарт бойынша жер қойнауын пайдаланушыға өтелмейдi.
      Ескерту. 63-3-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      64-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды
               жүргiзудiң шарттары

      1. Пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру және пайдалы қазбаларды өндiруге байланысты емес мақсаттарда жер қойнауын пайдалану бекiтiлген техникалық жобаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Барлауды жүзеге асыратын мердiгердiң кен орнының қорларын сынамалы пайдалануды жүргiзуге, егер бұл келiсiм-шартта және жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкілетті органмен келiсiлген жылдық жұмыс бағдарламасында көзделген жағдайда ғана құқығы бар.

      3. Барлау, өндiру не бiрлескен барлау мен өндiру жөнiндегi операцияларды жүргiзетiн жер қойнауын пайдаланушы жылдық жұмыс бағдарламасын жыл сайын жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкiлетті органмен, егер келiсiм-шартта мұндай келісу үшін өзгеше мерзiм белгiленбесе, бiрiншi жылы - келiсiм-шарт жасалған айдан кейінгі айдың 30-нан кешiктiрмей, ал одан кейiнгі жылдары жоспар жасалып отырған жылдың алдындағы жылдың 30 желтоқсанынан кешiктiрмей келiсуге мiндеттi.
      Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкілетті орган мердiгердiң техникалық жобаның шешімдерiн және кен орындарын игерудiң оң тәжiрибесiн қолдану жөніндегі мiндеттемелердi сақтамауынан басқа ешқандай өзге негiздер бойынша жылдық жұмыс бағдарламасымен келiспеуге құқылы емес. Жылдық жұмыс бағдарламасын қарау және келiсу мерзiмi жетi күннен аспауға тиіс.

      4. Жер қойнауын пайдаланушы жылдық бағдарламаны жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша қайта қарауы мүмкiн.

      5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу туралы есептердi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн шарттарда және тәртiппен табыс етуге мiндеттi.

      6. Жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган жылдық жұмыс бағдарламаларының келiсу хаттамаларының көшiрмелерiн олардың келiсiлген күнінен бастап бір айдан кешiктiрмей құзыреттi органға табыс етеді.
      Ескерту. 64-бап жаңа редакцияда - 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

      64-1-бап. Коммерциялық табу

      1. Барлауға арналған келiсiм-шарттың негiзiнде жұмыс жүргiзген және коммерциялық табуды жасаған жер қойнауын пайдаланушының тiкелей келiссөздер жүргiзу негiзiнде өндiруге құқық алуға айрықша құқығы бар.

      2. Жер қойнауын пайдаланушы барлау нәтижесiнде кен орнын (кен орындарын) тапқан жағдайда бұл туралы құзыреттi органды хабардар етуге, кен орнына бағалау жүргiзуге және ол коммерциялық табу болып табыла ма, соған қорытынды жасауға мiндеттi. Табу туралы хабардар ету мерзiмдерi, бағалау, коммерциялық табудың бар екендiгi туралы шешiм қабылдауды талқылау рәсiмi келiсiм-шартпен айқындалады.

      3. Коммерциялық табу кезiнде жер қойнауын пайдаланушыға келiсiм-шарттың талаптарына сәйкес шығындарды толық немесе iшiнара өтеу құқығы берiледi. Бұл ретте негiзсiз ұлғайтылған сипаттағы немесе кен орындарын ашудың оң тәжiрибесiмен сай келмейтiн немесе жер қойнауын пайдаланушының жұмыстарды жүргiзу қауiпсiздiгi, жер қойнауын және қоршаған ортаны пайдалану және қорғау саласында мемлекет белгiлеген ережелер мен нормаларды бұзуымен байланысты не олардың Қазақстан Республикасының заңдарында немесе келiсiм-шартта жүктелген өзге де мiндеттердi бұзуымен байланысты шеккен шығындарын өтеуге жол берiлмейдi.

      4. Егер барлау нәтижесiнде коммерциялық табу болмаса, жер қойнауын пайдаланушының салынған қаржыларының өтеуiн алуға құқығы жоқ.
      Ескерту. 64-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      65-бап. Кен орнын бiрлесiп игеру

      1. Кен орнын бiрлесiп игеру, бiр кен орнының әр бөлiктерiндегi жер қойнауын пайдаланушылардың өндiру операцияларын үйлестiру болып табылады.

      2. Жер қойнауын пайдаланушылар кен орнын бiрлесiп игеру жөнiнде өзара жазбаша келiсiм жасауларына болады. Бұл келiсiм құзыреттi органмен келiсiлуге тиiс.

      66-бап. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын
               пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудi
               тоқтату немесе тоқтата тұру кезiндегi мiндеттерi

      1. Жер қойнауын пайдалану операцияларын тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру кезiнде жер қойнауын пайдаланушының барлық өндiрiстiк объектiлерi және жер учаскелерi тұрғындардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiрiлуi қажет. Жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргiзудi уақытша тоқтатқан кезде, тоқтатылған мерзiмнiң барлық уақытында кен орнының сақталуын қамтамасыз ету үшiн, кен орны консервациялануға тиiс. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар тоқтатылған кезде жер қойнауын пайдаланушылар қызметiнiң салдарлары жойылуға тиiс.

      2. Барлауды және (немесе) өндiрудi тоқтатқанда немесе барлауды және (немесе) өндiрудi тоқтата тұрғанда, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салуда және (немесе) пайдалануда, жұмыс аяқталған кездегi геологиялық және өзге құжаттар, осы Заңның 69-бабында белгiленген тәртiппен сақталуға өткiзiледi.
      3. алып тасталды
      Ескерту. 66-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

      67-бап. Қазақстан Республикасының пайдалы
               қазбаларды сатып алу құқығы

      Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларын әлемдiк нарық бағасынан аспайтын бағамен бiрiншi кезекте сатып алуға құқығы бар. Сатылып алынатын пайдалы қазбалардың шектi мөлшерi, олардың бағасы мен төлем түрлерiн анықтау тәртiбi контрактыда ескерiледi.
      Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      68-бап. Пайдалы қазбаларды реквизициялау

      1. Соғыс, табиғи апат кезiнде немесе төтенше жағдайлар туралы заңдарда көзделген өзге жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi жер қойнауын пайдаланушыға тән пайдалы қазбалардың барлығын немесе бiр бөлiгiн реквизициялауға құқығы бар. Реквизициялау Республика мұқтаждығына қажет мөлшерде төтенше жағдайдың барлық мерзiмiнде жүргiзiлуi мүмкiн. Пайдалы қазбаларды реквизициялау жер қойнауын пайдаланушылардың меншiк түрiне және мемлекеттiк тиесiлiгiне қарамастан, олардың әрқайсысында жүргiзiледi.

      2. Қазақстан Республикасы, реквизицияланған пайдалы қазбалардың өтемақысын заттай немесе шетелдiк жер қойнауын пайдаланушыға - еркiн айналымдағы валютамен, ал ұлттық жер қойнауын пайдаланушыға - ұлттық валютамен, реквизициялау күнiндегi әлемдiк нарық бағасымен төлейдi.

      69-бап. Жер қойнауы туралы ақпаратқа иелiк құқығы

      1. Жер қойнауының геологиялық құрылымы, ондағы пайдалы қазбалар, кен орындарының геологиялық параметрлерi, қор мөлшерi, игеру жағдайлары, сондай-ақ геологиялық есептердегi , карталардағы және басқа материалдардағы жер қойнауының кез келген ерекшелiктерi туралы ақпараттар, егер олар Республикалық бюджеттiң қаржыландыруы арқылы алынса - ол мемлекеттiк меншiкте, егер бұл мәлiметтер жер қойнауын пайдаланушының жеке қаржысына алынса - жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болып табылады.

      1-1. Осы Заңның 18-бабының 3-тармағына сәйкес жер қойнауын мемлекеттiк геологиялық зерттеу жөнiндегi операцияларды жүргiзу барысында алынған ақпарат, қаржыландыру көздерiне қарамастан, мемлекеттiң меншiгi болып табылады және жұмыстарды жүргiзу аяқталған соң орындаушы оны жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға беруге тиiс.

      2. Қаржыландыру көздерiне қарамай жер қойнауы жайындағы геологиялық және өзге ақпараттар мiндеттi түрде белгiленген стандартқа сәйкес жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға сақтауға, жүйелеуге және жинақтап қорытындылауға өтеусiз тапсырылады.

      3. Мемлекет меншiгiндегi жер қойнауы жайындағы геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және басқа мақсаттарға пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      3-1. Мемлекеттік меншiктегi геологиялық ақпараттың құны тарихи шығындар сомасының бір бөлігi ретiнде айқындалады.
      Тарихи шығындарды және геологиялық ақпараттың құнын айқындау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

      4. Жер қойнауын пайдаланушының қаржысына алынған, осы баптың 2-тармағына сәйкес жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға табыс етiлген геологиялық ақпараттарды оқулық, ғылыми, коммерциялық және өзге мақсаттарда пайдалану тәртiбi мәлiмет иесi мен жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган арасындағы келiсiмiнен анықталады.
      Осы келiсiммен барлық геологиялық ақпараттардың немесе оның бөлiгiнiң құпиялық мерзiмi, сондай-ақ контрактының қолданылу кезiнде геологиялық ақпараттарды жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнен Қазақстан Республикасының меншiгiне беру шарттары және мүмкiндiктерi анықталады.

      5. Контрактының күшi тоқтатылған кезде, барлық геологиялық ақпараттар мемлекет меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөнiндегi уәкілетті орган барлық құжаттарды және геологиялық ақпараттардың өзге де материалдық сақтаушыларын өтеусiз тапсыруға мiндеттi.
      Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

      70-бап. Жер қойнауын пайдаланушының контракт
               шарттарын сақтауын бақылау

      Құзыреттi орган жер қойнауын пайдаланушының келiсiм-шарт талаптарын сақтауын, соның iшiнде жұмыс бағдарламасын орындауын бақылауды жүзеге асырады. Жер қойнауын пайдаланушы келiсiм-шарттың талаптарын бұзған жағдайда құзыреттi орган мұндай бұзушылықты жою қажеттiгін жазбаша хабарламамен көрсете алады.
      Ескерту талаптары белгiленген мерзiмде орындалмаған жағдайда, құзыреттi орган осы Заңның 45-2-бабына сәйкес контрактыны бұзуға құқылы.
      Ескерту. 70-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

       70-1-бап. Жер қойнауын пайдаланушының қызметiн
                 мемлекеттік органдар тарапынан бақылау

      Жер қойнауын пайдаланушының қызметін бақылауды, қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы құзыретті орган мен уәкiлетті органдардан басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
      Ескерту. 70-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.10.14 N 79 Заңдарымен.

      70-2-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы
                 мемлекеттік бақылау

      1. Жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 70-2-бап жаңа редакцияда - 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      71-бап. Жер қойнауын пайдаланушы құқықтарының
               кепiлдiктерi

      Жер қойнауын пайдаланушыға заңдарға сәйкес оның құқықтарын қорғау кепiлдiгi берiледi. Жер қойнауын пайдаланушының жағдайын нашарлататын заңдарға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар осы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлгенге дейiн жасалған келiсiм-шарттарға қолданылмайды.
      Осы баппен белгiленген кепiлдiктер қорғаныс қабілетiн, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы, экологиялық қауiпсiздiк және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының өзгерiсiне қолданылмайды.
      Ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiздерін сақтау және нығайту үшiн жер қойнауын пайдалануға жаңадан жасалатын, сондай-ақ бұрын жасалған келiсiм-шарттарда, жерасты сулары мен кең таралған пайдалы қазбалар жөнiндегi келiсiм-шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекет атынан немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ұлттық басқарушы холдингтің немесе жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компанияның келiсiм-шарттың басқа тарабының немесе жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлға қатысушыларының және басқа тұлғалардың алдында жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы, сондай-ақ, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметi Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешiмдердi тікелей және (немесе) жанама түрде айқындауға және (немесе) оларға әсер етуге мүмкiндiгi бар заңды тұлғадағы жер қойнауын пайдаланудың иелiктен айырылған құқығын (оның бiр бөлiгiн) және (немесе) қатысу үлесiн (акциялар пакетін) басқа сатып алушылар ұсынғаннан төмен емес шарттармен сатып алуға басым құқығы бар.
      Ескерту. 71-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1999.08.11 N 467-I, 2004.12.01 N 2 (күшіне ену тәртібін 2-баптан қараңыз), 2005.10.14 N 79, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңдарымен.

       71-1-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және
                  жер қойнауын пайдалану туралы заңдарын
                  бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 71-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      71-2-бап. Дауларды шешу

      1. Келiсiм-шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулар келiссөздер жүргiзу арқылы не келiсiм-шартта бұрын келiсiлген дауларды шешу рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.

      2. Егер келiсiм-шартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешiлмейтiн болса, онда тараптар дауларды шешу үшiн:

      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес сотқа;

      2) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заң актiсiне сәйкес халықаралық төрелiкке бере алады.
      Ескерту. 71-2-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

10-тарау. Өтпелi және Қорытынды ережелер

      72-бап. Техногендiк минералдық түзiлiмдерге меншiк

      1992 жылдың 30-мамырына дейiн жиналған, немесе осы Заң күшiне енгенге дейiн мемлекеттiк минералдық ресурстар қорына кiргiзiлген техногендiк минералдық түзiлiмдер мемлекеттiк меншiк болып табылады.

      73-бап. Осы Заңды қолдану тәртiбi

      1. Осы Заң ол күшiне енгеннен кейiн жасалған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға қолданылады. Ол күшiне енгенге дейiн жасалған жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарға және басқа құқықтық қатынастарға, осы Заң ол күшiне енгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады.

      2. Осы Заң күшiне енгенге дейiн берiлген лицензиялар мен жасалған контрактылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актiлерi өз күшiн сақтайды.

      3. Осы Заң күшiне енгенге дейiн контракт аумағын алған жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын пайдалану құқығы келiссөздер негiзiнде берiледi.
      Ескерту. 73-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      74-бап. Осы Заңның күшiне енуiне байланысты
               заңдардың қолданылуы

      Осы Заң күшiне енгенге дейiн жер қойнауын пайдалану жөнiндегi қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Заңға қайшы келмейтiн бөлiктерiнде қолданылады.

      74-1-бап. Лицензиялық органның функциялары

      Жер қойнауын пайдалануға арналған бұрын берiлген және қолданыстағы лицензияларға қатысты лицензиялық органның (Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң) функциялары құзыреттi органға жүктеледi.
      Ескерту. 74-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      75-бап. <*>

      Ескерту. 75-бап алынып тасталды - ҚР 2004.12.01 N 2 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      76-бап. Осы Заңның жүзеге асыру жөнiндегi шаралар

      1. Осы Заң күшiне енген күннен бастап мыналардың күшi жойылған деп танылсын:
      "Жер қойнауы және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Кодексi (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат; 1995 ж., N 24);
      "Жер қойнауын және минералдық шикiзатты ұқсату туралы" Қазақстан Республикасы Кодексiн күшiне енгiзу тәртiбi туралы" 1992 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң жаршысы, 1992 ж., N 9, 248-құжат);
      "Геологиялық зерделеу мен пайдалы қазбалар өндiру үшiн жер қойнауын пайдалануды ретке келтiру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1994 жылғы 5 сәуiрдегi N 1637 Заң күшi бар Жарлығының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 16, 152-құжат).

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында:

      1) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
      Қазақстан Республикасының заңдарын "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлесiн;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiн "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына сәйкес келтiрсiн;
      мемлекеттiк органдардың "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына қайшы келетiн өздерiнiң нормативтiк актiлерiн қайта қарауын және күшiн жоюын қамтамасыз етсiн;

      2) 1996 жылғы 1 шiлдеге дейiн:
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу контрактысын жасау тәртiбi туралы ереженi;
      Жер қойнауын пайдалануды лицензиялау тәртiбi туралы ереженi;
      Жер қойнауының мемлекеттiк кадастры туралы ереженi;
      геологиялық ақпарат туралы ереженi;
      Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзудiң модельдiк контрактысын әзiрлесiн және бекiтсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады