Байланыс формасы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 1999 жылғы 31 желтоқсан N 321. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 152 Жарлығымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртібін нығайту және жауапкершілігін арттыру мақсатында, "Мемлекеттік қызмет туралы"  Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесі бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолданудың тәртібі туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 желтоқсандағы N 3279 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 51, 489-құжат) күші жойылған деп танылсын.
      3. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
1999 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 321 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану
ҚАҒИДАЛАРЫ

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 Жарлығымен (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің (бұдан әрі - қызметшілер) тәртіптік жауаптылығы - заңдық жауаптылықтың бір түрі, ол қызметшілерге өздерінің қызметтік міндеттерін атқару үстінде тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін жүктеледі;
      2) тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі - теріс қылық) - құқыққа қайшы, қызметшілердің өзіне жүктелген міндеттерді орындамау кінәсі не тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексін (Мемлекеттiк қызметшілер қызмет этикасының қағидаларын) бұзуы (бұдан әрi - Ар-намыс кодексi), тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді және (немесе) мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін сақтамауы болып табылады;
      3) тәртiптiк жаза (бұдан әрi - жаза) - тәртiптiк жауаптылыққа тартылатын қызметшiнi қызметке тағайындау және қызметтен босату құқығы бар лауазымды адам қолдануы мүмкiн тәртiптiк жауаптылық шарасы;
      4) қызметтiк тексеру - қызметшiнiң терiс қылығы туралы материалдар мен мәлiметтердi, оның жасалу мән-жайын толық, жан-жақты әрi әдiл анықтау мақсатында жинау және тексеру жөнiнде атқарылатын қызмет.
      3. Тәртіптік комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - қызметтік тексеру материалдарын қарау, теріс қылыққа қатысты фактілерді зерттеу және қызметшілерге қатысты, оның ішінде тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны және (немесе) Ар-намыс кодексiн бұзғаны үшін қызметшілерге қатысты жаза шарасы туралы ұсынымдар шығару үшін мемлекеттік органда құрылатын тұрақты алқалы орган.
      4. Облыстарда, астанада, республикалық маңызы бар қалада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, астананың, республикалық маңызы бар қаланың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар адамның шешімімен құрылады.
      Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссия құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.
      5. Облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссиялары мүшелерін, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандары мен қалалар аудандарының әкімдерін қоспағанда, тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген «А» корпусының қызметшілеріне қатысты тәртiптiк iстердi Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) не оның тапсырмасы бойынша облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың кадр комиссиясы қарайды.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      5-1. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы мен Ар-намыс кодексiн қоспағанда, тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссиялары мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандары мен қалалар аудандарының әкімдеріне қатысты тәртiптiк iстердi облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың кадр комиссиясы (бұдан әрі – Өңірлік кадр комиссиясы) қарайды.
      Ескерту. Қағидалар 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның тәртiптiк комиссиясы (бұдан әрi - Уәкiлеттi органның комиссиясы) - мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органда (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған, сондай-ақ Ар-намыс кодексiн бұзуға жол берген В-1, С-1, С-2 санаттарындағы қызметшiлерге қатысты тәртiптiк iстерді қарау үшiн құрылатын тұрақты алқалы орган.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның тәртiптiк комиссиясы туралы ережені мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекітеді.
      7. Тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасы мен Ар-намыс кодексі нормаларын бұзуға жол берген облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссиялары мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандары мен қалалар аудандарының әкімдеріне, С-О-1, С-О-2, С-О-3, С-О-4, C-R-1, C-R-2, D-1, D-2, D-3, D-0-1, D-O-2, D-0-3, Е-1, Е-2, Е-3, E-R-1, E-R-2, Е-G-1 санаттарындағы қызметшілерге қатысты тәртіптік істерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы тәртіптік кеңестері (бұдан әрі - Тәртіптік кеңес) қарайды.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.
      8. Бiр тәртiптiк iстiң аясында материалды жеке өндiрiске бөлместен әр түрлi санаттағы бiрнеше қызметшiнiң терiс қылықтарын қарау қажет болған жағдайларда, iстi неғұрлым жоғары мәртебеге (санатқа) ие мемлекеттiк қызметшiнiң терiс қылықтары туралы iстердi қарау құқығы бар орган қарайды.
      9. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамға, тікелей басшыға не басқа лауазымды адамдарға осы Қағидалардың 55-16, және 7-тармақтарында көрсетілген қызметшілердің тәртіптік теріс қылықтары туралы мәліметтер белгілі болған жағдайда құзыретіне сәйкес Ұлттық комиссияға, Уәкiлеттi органның комиссиясына, Өңірлік кадр комиссиясына немесе Тәртіптік кеңеске дереу жолдауына жатады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Жазаның түрлерi мен терiс қылық түрлерi

      10. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты қоспағанда, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес қызметшілерге тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаның мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
      5) лауазымын төмендету;
      6) атқаратын лауазымынан босату.
      Тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшіге мынадай тәртiптiк жазаның түрлері қолданылады:
      1) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
      2) лауазымын төмендету;
      3) атқаратын лауазымынан босату.
      Қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту түрiндегi тәртiптiк жаза лауазымын төмендету түрiнде тәртiптiк жаза қолдану мүмкiн болмаған кезде қолданылады.
      Лауазымын төмендету түрiндегi тәртiптiк жаза төмен тұрған бос мемлекеттiк лауазым болған және мемлекеттiк қызметшi осы лауазымға белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген кезде қолданылады.
      Атқаратын лауазымынан босату түрiндегi тәртiптiк жаза Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасында көзделген негiздер бойынша қолданылады.
      Лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік қызметші аталған лауазымға қойылатын біліктік талаптарына сәйкес келген жағдайда мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның келісімінсіз қолданылады.
      11. Терiс қылықтар мынадай түрлерге бөлiнедi: елеусiз, елеулi және айтарлықтай.
      12. Қызметшi алғаш рет немесе бұрын қолданылған жазаны алып тастағаннан кейiн жасаған терiс қылық елеусiз терiс қылық болып табылады, ол қызметшiге ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi жаза қолдануға әкеп соғады, бұған жасалғаны үшiн жұмыстан босату көзделген терiс қылық қосылмайды.
      13. Қызметшiнiң ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi бұрын қолданылған жаза алып тасталмай тұрып, алты ай iшiнде қайталап жасаған терiс қылығы елеулi терiс қылық болып табылады, мұндай терiс қылық жасағаны үшiн қызметшiге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады.
      14. Жасағаны үшiн қолданыстағы еңбек заңнамасына, мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаға, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына сәйкес негiздер бойынша жұмыстан шығару көзделген терiс қылық айтарлықтай терiс қылық болып табылады.

3. Жаза қолдану негiздерi мен жағдайлары

      15. Қызметшiнiң терiс қылық жасауы жаза қолдану үшiн негiз болып табылады.
      16. Жаза жасалған терiс қылықтың ауырлығына, нысанына және оны
жасаған адамның кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес келуге тиiс.
      17. Жазаның түрiн айқындаған кезде:
      1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты;
      2) терiс қылық жасалған кездегі мән-жай;
      3) жасалған терiс қылық әкеп соққан немесе әкеп соғуы
мүмкiн келеңсiз зардаптар;
      4) оны жасаған адамның бұрынғы мiнез-құлқы;
      5) мемлекеттiк қызмет өтiлi (стажы);
      6) қызметшiнiң жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайлар
жинақтала есепке алынады.
      18. Қызметшi елеусiз терiс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсiнiктеме талап етiледi. Егер жазбаша түсiнiктемесiнде қызметшi осы терiс қылықты жасау фактісімен келiссе, онда осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның қызметтiк тексеру жүргiзбей ескерту, сөгiс немесе қатаң сөгiс түрiндегi жаза қолдану құқығы болады.
      Егер қызметшi өзiнiң жазбаша түсiнiктемесiнде терiс қылық жасау фактісімен келiспесе, онда осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның бұйрығы бойынша осы Қағидаларда айқындалған тәртiпке сәйкес қызметтiк тексеру жүргiзiлуге тиiс.
      Қызметшінің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы қызметтік тексеру жүргізуге кедергі болып табылмайды.
      19. Қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы, лауазымын төмендету және атқаратын лауазымынан босату түрiндегi жазалар жүргiзiлген қызметтiк тексеру нәтижелерi және осы Қағидаларда белгіленген тәртiппен Комиссияның тиiстi ұсынымдары бойынша қолданылады.
      20. Егер теріс қылықты мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған адам жасаса, оған бекітілген тәлімгерден теріс қылық жасау фактісі бойынша жазбаша түсiндiрмелер талап етіледі.
      21. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам Ұлттық комиссияның, Уәкiлеттi орган комиссиясының, Өңірлік кадр комиссиясының немесе Тәртіптік кеңестің ұсынымдары мен материалдарын қараған кезде қызметтік тексерулер жүргізілмейді.
      Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам Ұлттық комиссияның, Уәкiлеттi орган комиссиясының, Өңірлік кадр комиссиясының немесе Тәртіптік кеңестің ұсынымына сәйкес он жұмыс күні ішінде тәртіптік жаза қолдану жөнінде шешім қабылдайды.
      Қабылданған шешім туралы Ұлттық комиссияға, Уәкiлеттi органның комиссиясына, Өңірлік кадр комиссиясына немесе Тәртіптік кеңеске үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      22. Өзiне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлетiн қызметшiнi осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам, жауаптылық туралы мәселе шешiлгенге дейiн, бiрақ он төрт күннен аспайтын мерзiмге лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
      23. Бiрнеше қызметшi бiрлесiп терiс қылық жасаған ретте жаза әрбір қызметшіге жеке қолданылады.
      24. Жасалған терiс қылық үшiн бiр ғана жаза қолданылады.
      25. Жаза қолдану терiс қылық жасаған қызметшiнi атқармағаны немесе тиiсiнше атқармағаны үшiн жаза қолданылған мiндетiн атқарудан босатпайды.
      26. Қызметшiге жаза қолдану оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жауаптылық түрлерiнен босатпайды.
      27. Қызметшілер қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жауаптылықта болады.

4. Қызметтiк тексеру жүргiзу тәртiбi

      28. Қызметтiк тексеру осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның бұйрығымен тағайындалады және персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) қызметтік тексеруді жүргізу туралы актіні шығарған күннен бастап күнтiзбелiк он бес күннен аспайтын мерзiмде жүргiзедi.
      Қажет жағдайда қызметтік тексеруге өзге қызметшілер тартылады.
      Комиссия құрамына кіретін адамдар қызметтік тексеру жүргізуге тартылмайды.
      Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның бұйрығы болмаса, қызметтiк тексерулер жүргiзуге жол берiлмейдi.
      Қызметтiк тексерулер қызметшiнiң уақытша еңбекке жарамсыздығы, оның демалыста немесе iссапарда болу кезеңiнде тоқтатыла тұрады.
      29. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетiлген қызметшiлердiң тәртiптiк терiс қылық жасау фактілері бойынша қызметтiк тексерулер осы Қағидаларда белгiленген мерзiмде және тәртiппен Ұлттық комиссия төрағасының бұйрығымен тағайындалады.
      Ұлттық комиссияның төрағасы қызметтік тексеру жүргізуді олардың құзыреттеріне сәйкес тиісті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға, қызметтік тексеруді жүргізетін адамдардың құрамына Ұлттық комиссия жұмыс органының не уәкілетті органның өкілін қоса отырып тапсыруы мүмкін.
      29-1. Осы Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетiлген қызметшiлердiң тәртiптiк терiс қылық жасау фактілері бойынша қызметтiк тексерулер осы Қағидаларда белгiленген мерзімде және тәртiпте Өңірлік кадр комиссиясы төрағасының шешімімен тағайындалады.
      Өңірлік кадр комиссиясының төрағасы қызметтік тексеру жүргізуді құзыреттеріне сәйкес тиісті мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға, қызметтік тексеруді жүргізетін адамдардың құрамына Өңірлік кадр комиссиясы жұмыс органының өкілін енгізе отырып, тапсыруы мүмкін.
      Ескерту. Қағидалар 29-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      30. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген қызметшiлердiң тәртiптiк терiс қылықтары фактілері бойынша қызметтiк тексерулер уәкiлеттi орган басшысының бұйрығымен тағайындалады және осы Қағидаларда белгiленген мерзiмде және тәртiппен уәкiлеттi органның лауазымды адамдары жүргiзедi.
      Қажеттi жағдайларда уәкiлеттi орган қызметтiк тексеру жүргiзудi мемлекеттiк органның өзінің персоналды басқару қызметiне (кадр қызметіне), уәкілетті органның өкілін қатыстыра отырып тапсыруы мүмкiн.
      30-1. Осы Қағидалардың 55-1 және 6-тармақтарында көрсетiлген қызметшiлер жазбаша түсiнiктемелерiнде терiс қылықты жасау фактісімен келiссе, олардың тәртiптiк терiс қылық жасау фактілері бойынша қызметтiк тексерулер тағайындалмауы мүмкін.
      Бұл жағдайда қызметшілерге қатысты материалдар Ұлттық комиссия төрағасының, уәкiлеттi орган басшысының, Өңірлік кадр комиссиясы төрағасының шешімімен осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамға қызметшілерге қатысты тәртіптік жаза қолдану үшін жолдануы мүмкін.
      Ескерту. Қағидалар 30-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      31. Қызметшiнiң терiс қылық жасауы туралы мәлiметтер: жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, құқық қорғау және өзге мемлекеттiк органдардың материалдары, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлiмше басшыларының қызметтiк жазбахаттары және өзге де материалдар болып табылады.
      32. Қызметтiк тексеру барысында персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не уәкiлеттi лауазымды адамдар терiс қылықтың жасалу мән-жайларына қатысты барлық материалдар мен мәлiметтердi және тексерудiң өзге де негiздерiн жан-жақты әрi толық жинап, материалдарды тиісті дәлелді қорытындыларымен Комиссияның қарауына ұсынады.
      33. Ұлттық комиссия, Уәкiлеттi органның комиссиясы, Өңірлік кадр комиссиясы, Тәртіптік кеңес немесе Комиссия терiс қылық туралы материалдарды қарағанға дейiн персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) не уәкiлеттi лауазымды адамдар қызметшiден жазбаша түсiнiктеме талап етеді.
      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      34. Өзіне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлiп жатқан қызметшiнiң жазбаша түсiнiктеме беруден бас тартуы қызметтiк тексеру материалдарын Ұлттық комиссияның, Уәкiлеттi орган комиссиясының, Өңірлік кадр комиссиясының, Тәртіптік кеңестің, Комиссияның қарауына жiберуге және жаза қолдану туралы шешiм қабылдауға кедергi бола алмайды. Бұл жағдайда персоналды басқару қызметiнiң (кадр қызметінің) қызметкерi не уәкiлеттi лауазымды адамдар жазбаша түсініктеме беруден бас тарту туралы еркін нұсқада акт жасайды.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5. Тәртiптiк комиссияны жасақтау және оның жұмыс тәртiбi

      35. Комиссия осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның бұйрығымен жасақталады және мемлекеттiк органның түрлi бөлiмшелері өкiлдерiнен құрылады. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам Комиссия мүшелерiнiң қатарынан Төрағаны тағайындайды. Комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды құрауы және кемiнде үш адам болуы тиiс.
      Жауапты хатшы қызметі енгізілген орталық атқарушы органдарда, ол Орталық атқарушы орган комиссиясы қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның құрамын жасақтайды және өзі қадағалайтын құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатарынан төрағаны айқындайды.
      Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген адамдар Комиссия құрамына кірмейді.
      36. Уәкiлеттi органның комиссиясы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалады, ол комиссияның құрамын айқындайды және осы комиссия мүшелерiнiң қатарынан төрағаны тағайындайды.
      37. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам айқындайтын персоналды басқару қызметiнiң (кадр қызметінің) өкiлi Комиссияның хатшысы болып табылады. Комиссия жұмысының барлық материалдары персоналды басқару қызметiнде (кадр қызметінде) сақталады.
      38. Өзiнiң жақын туысы немесе жекжаты болып табылатын қызметшiге қатысты немесе Комиссия мүшесiнiң осы тексеруге тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi болса, Комиссия мүшесi терiс қылыққа қатысты қызметтiк тексеру материалдарын қарауға және фактілерді зерттеуге қатыспайды.
      39. Комиссия өз отырысында қызметтiк тексеру материалдарын қарайды және терiс қылыққа қатысты фактілерді зерттейдi. Комиссия қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметшiнiң және тексеру жүргiзген персоналды басқару қызметiнің (кадр қызметінің) немесе уәкiлеттi лауазымды адамдардың түсiнiктемелерiн тыңдайды. Комиссияның сонымен қатар куәларды тыңдауға және терiс қылыққа қатысы бар кез келген фактілерді зерттеуге құқығы бар. Отырыс өткiзiлетiн күндi төраға айқындайды, ол туралы персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) комиссия мүшелері мен қызметшiлерді хабарландырады.
      Комиссия отырысында тәртiптiк iс, егер тәртiптiк жауаптылыққа тартылатын адам отырыс өткiзілгенге дейiн кемінде үш күн бұрын хабарландырылса, оның қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
      Қызметші Комиссияның отырысына қатысудан жазбаша бас тарта алады.
      40. Ұсынымдарды Комиссия ашық дауыс беру жолымен қабылдайды және осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамға жiбередi. Комиссия мүшелерi дауыс беру кезiнде қалыс қалмайды және отырыстарға ауысу құқығынсыз қатысады.
      Комиссияның қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді.
      41. Терiс қылық жасалғанын дәлелдейтiн фактілер болған жағдайда, Комиссия жаза қолданудың орындылығы мен оның түрi туралы осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамға ұсыным береді.
      42. Комиссияның ұсынымымен келiспеген жағдайда осы Қағидалардың
2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам осы Қағидаларда белгіленген тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері шегінде персоналды басқару қызметiне (кадр қызметіне) қосымша қызметтiк тексеру жүргiзудi тапсырады немесе жаза қолданбайды.
      Қосымша қызметтiк тексеру материалдарын Комиссия өзге құрамда қарайды.
      43. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған және Ар-намыс кодексi нормаларын бұзған қызметшiлердiң тәртіптік iсiн қарау жөнiндегi өз жұмысында Комиссия уәкiлеттi органмен өзара iс-қимыл жасайды және қарау нәтижелерi бойынша он күн мерзiмде уәкiлеттi органға тиiстi шешiмдердің көшiрмесiн және уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес тоқсан сайынғы есептердi бередi.

6. Шешiм шығару және жаза қолдану тәртiбi

      44. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам мынадай шешiмдер қабылдайды: тиiстi жаза қолданады; материалдарды қосымша қызметтiк тексеруге жiбередi немесе жаза қолданбайды.
      45. Жазаға ұшыраған адамды қолданған тәртіптік жаза туралы тиісті мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі (кадр қызметі), қолын қойдырып, қолданылған жаза туралы акт шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді. Жазаға ұшыраған адам өз қолын қойып танысудан бас тартқан жағдайда, бұл туралы тәртіптік жаза қолдану туралы актіге тиісті жазба жасалады не акт жасалады.
      Жазаға ұшыраған адамды тәртіптік жаза қолдану туралы актімен таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) оған актінің көшірмесін хабарламалы хатпен жолдайды.
      46. Қызметшiге жаза тиiстi мемлекеттiк органның отырысында,
оның алқасында немесе осы жазаны қолданған осы Қағидалардың
2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам айқындайтын қызметшiлердiң қатысуымен жарияланады.
      47. Егер қызметтiк тексеру нәтижесiнде қызметшiнiң қылмыс белгiлерi бар iс-әрекетке жол бергенi анықталса, осы Қағидалардың
2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам жинақталған материалдарды құқық қорғау органдарына дереу жолдайды.
      Қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық
iс тоқтатылған жағдайда, бiрақ қызметшiнiң iс-қимылында терiс қылықтың белгiсi болса, жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей, бірақ теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылуы мүмкiн.
      Қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, бiрақ адамның әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық тәртiптiк терiс қылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей, бiрақ терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей қолданылуы мүмкiн.

7. Жаза қолдану мерзiмi

      48. Тәртiптiк жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады және осы Қағидалардың 49-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiп қолданыла алмайды.
      49. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе
сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықты
жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап
үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және терiс қылық
жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолданыла алмайды.
      Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны
үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап
үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және терiс қылық
жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолданыла алмайды.
      50. Жаза мынадай жағдайларда:
      1) еңбекке уақытша қабiлетсiздiк кезеңiнде;
      2) қызметшiнiң демалыста немесе iссапарда болған кезеңiнде;
      3) қызметші мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттер атқару уақытына жұмыстан босатылған кезеңінде қолданылмайды.
      51. Қызметкердiң еңбекке уақытша қабiлетсiздiгiне, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттер орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытында тәртiптiк жаза қолдану мерзiмiнiң барысы тоқтатыла тұрады.

8. Жаза қолдану туралы актiлер

      52. Жаза осы Қағидалардың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген адамның бұйрықтарын, өкiмдерiн шығару жолымен қолданылады.
      53. Жаза қолдану туралы актiде жаза қолданылатын адам, жаза қолданылып отырған терiс қылық және жазаның түрi көрсетiледi.
      54. Қолданылған жазалар мен ескертулер туралы мәлiметтер мен актiлерді мемлекеттiк органның персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) қызметшiнiң қызметтiк тiзiмiне енгiзу арқылы есепке алуға тиiс.
      Тәртiптiк жауаптылыққа әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған қызметшiлерге осы Қағидалардың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам қолданған жазалар туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға персоналды басқару қызметi (кадр қызметі) мiндеттi түрде табыс етуі тиіс.

9. Жазаның алынуы

      55. Жаза қолданылған күннен бастап алты айдың iшiнде қызметшi жаңа жазаға ұшырамаса, онда ол жазаға ұшырамаған болып саналады.
      56. Егер қызметшi жаңа терiс қылық жасамаса және бұл ретте өзiн адал қызметкер ретiнде көрсетсе, жаза алты ай өткенге дейiн алып тасталуы мүмкiн.
      57. Қызметші лауазымынан босаған күніне дейін алынбаған жаза оның мемлекеттік органнан босатылған күнінен бастап алынған болып саналады.
      58. Жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауды оны қолданған осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адам жүргізеді. Бұл ретте жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшiн жазаны мерзiмiнен бұрын алу уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық органының келiсiмi бойынша жүргiзiледi.
      Осы Қағидалардың 60-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн Ұлттық комиссияның, Уәкiлеттi орган комиссиясының, Өңірлік кадр комиссиясының немесе Тәртіптік кеңестің ұсынымы бойынша жаза қолданылған жағдайда, жазаны мерзiмiнен бұрын алу Ұлттық комиссияның, Уәкiлеттi орган комиссиясының, Өңірлік кадр комиссиясының немесе Тәртіптік кеңестің келiсiмiмен жүргiзiледi.
      Ескерту. 58-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      59. Жазаны мерзiмiнен бұрын алу үшiн жаза қолданылған қызметшiнiң тiкелей басшысы осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасындағы көрсетілген лауазымды адамға тиісті ұсыныс енгізеді.
      Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген, жаза қолданған лауазымды адам ұсынысты алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
      60. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын мемлекеттік қызметшілерден тәртіптік жазаны мерзімнен бұрын алу Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының ұсынысы бойынша жүзеге асырылады.
      61. Облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссиялары төрағаларынан тәртіптік жазаны мерзімнен бұрын алу Ұлттық комиссияға облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың мәслихаттары хатшыларының ұсыныстары бойынша жүзеге асырылады.
      62. Қызметшiден бiр мезгілде тек бiр ғана жаза алынуы мүмкiн.

10. Қызметшiлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтық кепiлдiктері

      63. Терiс қылық жасағаны үшiн жауаптылыққа тартылатын қызметшiнің өз өкiлі болуы мүмкін.
      64. Қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен міндетті түрде таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тексеру рәсіміне өзінің қатысу құқығы беріледі.
      65. Осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген лауазымды адамның iс-әрекеттерiмен немесе шешiмдерiмен келiспеген жағдайда, жауаптылыққа тартылушы қызметшi бұл іс-әрекеттерге немесе шешiмдерге уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен шағымдануға не сотқа жүгінуге құқылы.
      66. Шағымды осы Қағидалардың 2-тармағы 3) тармақшасында көрсетiлген, үстiнен шағым берiлген лауазымды адамға қарауға беруге тыйым салынады.
      67. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады