Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiктi толтыру бойынша нұсқаулықты бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі Төрағасының 2002 жылғы 12 шілдедегі N 38-Г бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 17 тамызда тіркелді. Тіркеу N 1953. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Төрайымының 2009 жылғы 24 шілдедегі N 113 Бұйрығымен

       Күші жойылды - ҚР Статистика агенттігі Төрайымының 2009.07.24  N 113Бұйрығымен.

      ------------------- Бұйрықтан үзінді --------------------

      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1.Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының "Еңбек жөніндегі статистикалық есептілікті толтыру бойынша нұсқаулықты бекіту туралы" 2002 жылғы 12 шілдедегі N 38-Г бұйрығының (2002 жылғы 17 тамызда нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде N 1953 тіркелді, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде жарияланды, 2002 ж., N 34, 678-6.);
      2) ...күші жойылды деп танылсын.
      2. ...
      3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төрайым                                   А. Мешімбаева

      Мемлекеттiк статистикалық есептiлiктi жетiлдiру мақсатында және "Мемлекеттiк статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiктi толтыру бойынша нұсқаулық бекiтiлсiн және ол Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен сәттен бастап қолданысқа енгiзiлсiн.
      2. Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiктi толтыру бойынша нұсқаулықтың республика аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын және еңбек жөнiнде статистикалық есептiлiк нысандарын жасайтын ұйымдарға, филиалдар мен өкiлдiктерге таратылуы қамтамасыз етiлсiн.
      3. Жоғарыда аталған Нұсқаулық енгiзiлген сәттен бастап
Қазақстан Республикасы Ұлттық статагенттiгiнiң 1996 жылғы 19 желтоқсандағы N 50 қаулысымен бекiтiлген Жалданып жұмыс iстейтiндердiң саны мен жалақысы статистикасы жөнiндегi нұсқаулықтың күшi жойылды деп танылсын.

     Төраға

     Келiсiлдi          
Қазақстан Республикасы  
Еңбек және халықты әлеуметтiк
қорғау министрлiгi    
Вице-Министр       
14 тамыз 2002 жыл    

      Қазақстан Республикасы   
Статистика жөнiндегi агенттігі
Төрағасының        
2002 жылғы 12 шілдедегі  
N 38-І бұйрығымен бекiтiлген

Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiктi
толтыру бойынша
Нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Бұл Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiктi толтыру бойынша нұсқаулық (бұдан әрi - Нұсқаулық) еңбек жөнiндегi мемлекеттiк статистикалық есептiлiктi жасауды тәртiпке келтiру және оны уақытында әрi заңды алуды қамтамасыз ету мақсатында әзiрлендi.

      2. Нұсқаулық "Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы"  Қазақстан Республикасының Заңына және қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын анықтайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес әзiрлендi.

      3. Еңбек жөнiндегi есептiлiктi статистикалық органдарға барлық ұйымдар (заңды тұлғалар), олардың филиалдары мен өкiлдiктерi меншiктiң иелiгi мен нысанына қарамастан өзiнiң тұрған жерi бойынша табыс етуге мiндеттi.
      Басты ұйым есептi өзiнiң тұрған жерiндегi статистикалық органға басқа облыстар аумағында орналасқан және олардың тұрған жерi бойынша тиiстi аумақтық статистикалық органдарға есеп беретiн заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiнiң деректерiнсiз ұсынады.

      4. Ұйымдар еңбек бойынша статистикалық есептiлiктi қатаң түрде белгiленген күнтiзбелiк есептi кезең уақытына толтырады: ай, тоқсан және жыл. Айлық есеп есептi айдың бiрiншi күнiнен соңғы (қоса санағанда) күнi кезеңiне, тоқсандық есеп - тоқсанның бiрiншi айының бiрiншi күнiнен есептi тоқсанның үшiншi айының соңғы күнiне (қоса санағанда), жылдық - 1 қаңтардан 31 желтоқсан (қоса) кезеңiне толтырылады.
      Деректер жұмыс берушiнiң актiсi және бастапқы есеп құжаттамасының бiр iзге түсiрiлген нысандары: қызметкердi жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру, жеке еңбек шартын бұзу, тоқтату туралы бұйрықтар (өкiмдер); жұмыс уақытын пайдалану және жалақы есебiнiң табельдерi, есеп айырысу-төлем тiзiмдемелерiнiң және басқа белгiленген тәртiппен бекiтiлген құжаттардың негiзiнде толтырылады.
      Жұмыс уақытын пайдалану есебiнiң табелiнде жұмысқа келмеу себептерi, толық емес жұмыс күнi туралы, мерзiмнен тыс жұмыс туралы және басқа белгiленген жұмыс режимiнен ауытқулар туралы белгiлер тиiстi құжаттар (еңбекке жарамсыздық қағаздары, iркiлiс туралы бұйрықтар (өкiмдер), мемлекеттiк және қоғамдық мiндеттердi атқарғаны туралы анықтамалар) негiзiнде ғана көрсетiледi.

      5. Есептi кезең iшiнде құрылымдық бiрлiктер мен жекелеген бөлiмшелер бiр ұйымнан екiншi ұйымға берiлген жағдайда, берген ұйымның еңбек туралы статистикалық есептiлiгiнде көрсетiлген деректер жыл басынан бергi кезең үшiн алып тасталынады да, осы құрылымдық бiрлiктер мен бөлiмшелер құрамына кiрген ұйымның есебiне дәл солай жыл басынан бастап енгiзiледi.
      Есептi кезең iшiнде ұйым (заңды тұлға) таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде олар жұмыс iстеген кезеңдегi (жыл басынан бастап олардың таратылған немесе қайта ұйымдастырылған мезетiне дейiн) деректер еңбек жөнiндегi есептiлiктен шығарылмайды және жыл аяғына дейiн есептеледi.
      Заңды тұлға өз қызметiн тоқтатты деп Заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiркелiмiне осы туралы жазба енгiзiлгеннен кейiн саналады.
      Заңды тұлғаның шаруашылықты жүргiзудi ұйымдастыру-құқықтық нысандары өзгерген жағдайда, ұйымның жаңа статусы бойынша деректер осы өзгерiс болған айдан бастап есептеледi, бұрынғы статусы бойынша жыл басынан бергi айлардағы деректер еңбек жөнiндегi есептiлiктен шығарылмайды.

      6. Еңбек жөнiндегi есептiлiктерде қателер және басқа бұрмалаушылықтар анықталған жағдайда, ұйымдар есептiк деректердi сол қателер және бұрмалаушылықтар орын алған есептi кезеңдегi (ай, тоқсан, жыл) есептерде өспелi қорытынды деректер бойынша, сондай-ақ бұдан кейiнгi барлық есептерде жөндейдi.

2. Қызметкерлер саны

      7. Еңбек жөнiндегi статистикалық есептiлiкте ұйымдар қызметкерлердiң саны бойынша мынадай көрсеткiштердi толтырады (есептi кезеңдегi орташа саны):
      1) қызметкерлердiң тiзiмдiк саны;
      2) қызметкерлердiң нақты саны;
      3) жұмысты азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша орындаушы адамдар.

      8. Қызметкерлердiң тiзiмдiк саны - азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс iстейтiн қызметкерлерден басқа, жасасу мерзiмiне байланысты емес жеке еңбек шарты бойынша қабылданған тұлғалар саны.
      Тiзiмдiк санда жұмыс берушiнiң актiсiн атқара отырып, белгiлi бiр мамандық, бiлiктiлiк немесе лауазым бойынша жұмысты орындайтын, есептi кезеңде ұйымның тiзiмiнде бар барлық қызметкерлер ескерiледi.

      9. Қызметкерлердiң нақты саны (орташа жалақыны есептеу үшiн алынатын) - жұмысқа ресми тiркелуi бар (жүктiлiгi және босануы бойынша, балаға күтiм жасау бойынша, және басқа да демалыстарда жүрген адамдар) қызметкерлердiң жекелеген санаттары шегерiлген тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлердiң саны.
      Орташа жалақыны есептеу үшiн есептi кезеңде ұйымда нақты жұмыс iстеген қызметкерлер саны қолданылады.

      10. Жұмысты азаматтық-құқықтық шарт бойынша орындайтын адамдарға (яғни ұйымның тiзiмдiк құрамында тұрмайтындарға) ұйымның iшкi тәртiбiне бағынбай жүзеге асырылатын, белгiлi бiр жұмысты (бiр жолғы, арнаулы шаруашылық, жұмыстың нақты бiр көлемiн орындау үшiн) орындау мерзiмiне ғана шарт немесе келiсiм-шарт бойынша қабылданғандар.

      11. Жеке еңбек шартын жасасу кезiнде келiсiлген өзiнiң негiзгi жұмысымен қатар, сол ұйымда басқа лауазым бойынша (немесе екi, бiр жарым ставкасы бар) қосымша жұмыс орындайтын қызметкер осы ұйым қызметкерлерiнiң тiзiмдiк санында бiр адам ретiнде (тұтас бiрлiк) есепке алынады.

      12. Тiзiмдiк құрамға енгiзiлетiн қызметкерлер:
      1) шын мәнiнде жұмысқа келгендер және iркiлiс себебi бойынша жұмыс iстемегендердi қоса;
      2) қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында жұмысқа сынақ мерзiмiмен қабылданғандар (маусымдық қызметкерлерге белгiленбейдi). Бұл қызметкерлер құрамдық тiзiмге еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруды бастаған күннен енгiзiледi;
      3) жеке еңбек шартының талаптары бойынша толық емес жұмыс күніне немесе толық емес жұмыс аптасына жұмысқа қабылданғандар. Бұл топқа "Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы" Заңға сәйкес жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленген қызметкерлер санаты жатпайды (он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi және он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi қызметкерлер; ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда iстейтiндер);
      4) қызмет бабындағы iссапарларда жүргендер, сондай-ақ шетелдерде қызмет бабындағы қысқа мерзiмдi iссапарларда жүрген қызметкерлердi қоса, егер оларға сол ұйымдағы жалақысы сақталатын болса;
      5) жұмыс берушiмен жұмысты үйiнде өз еңбегiмен орындау туралы жеке еңбек шартын;
      6) ұйымнан тыс жерлерде уақытша жұмыс iстейтiндер (жүктелiм бойынша), егер олар жалақыны осы ұйымнан алатын болса;
      7) басқа ұйымдардан жұмысқа уақытша тартылғандар, егер олардың жалақысы негiзгi жұмыс орны бойынша сақталмайтын болса;
      8) жұмысты вахталық әдiспен орындау үшiн жiберiлген қызметкерлер;
      9) уақытша жұмыста жоқ қызметкерлердiң (ауырғанына, жүктiлiгi және босануы бойынша демалыста, сәбиге күтiм жасау бойынша демалыста) орнына қабылданғандар;
      10) ұйымда өндiрiстiк практика өткiзiп жүрген және жұмыс орнына немесе лауазымға қабылданған бiлiм беру мекемелерiнде оқитын студенттер (оқушылар);
      11) жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу секторлары жұмысқа тартқан жоғары оқу орындарының күндiзгi бөлiм студенттерi мен аспиранттары, егер олар штаттық лауазымға қабылданған болса;
      12) бiрлескен кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн басқа елдердiң жұмысшылары мен мамандары, сондай-ақ шетел жұмысшы күштерi - Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген квота шегiнде республика аумағында еңбек әрекетiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушi елден тысқары жалдаған шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар.

      13. Сондай-ақ тiзiмдiк құрамға ұйымда уақытша жоқ болған қызметкерлер де кiредi:
      1) ауруына байланысты жұмысқа келмегендер (еңбекке жарамсыздық қағазына сәйкес жұмысқа шыққанға дейiн ауырған бүкiл кезеңiне немесе мүгедектiкке шыққанға дейiн);
      2) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындауға байланысты жұмысқа шықпағандар;
      3) соның iшiнде құрылыс, монтаждау және реттеу жұмыстарын орындау мақсатында қызметтiк ұзақ мерзiмге iссапарға жiберiлгендер;
      4) бiлiктiлiгiн арттыру немесе қайта даярлау үшiн бiлiм беру ұйымдарына немесе бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқығы бар бiлiм беру ұйымдарына өндiрiстен қол үзiп жiберiлгендер, егер олардың жалақысы сақталатын болса;
      5) ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалысында, заңнамада көзделген реттерде берiлетiн ақы төленетiн жыл сайынғы қосымша еңбек демалысында жүргендер;
      6) жүктiлiгi және босануы бойынша демалыста жүрген әйелдер, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелдер (еркектер);
      7) баласы республика заңнамаларында белгiленген жасқа толғанға дейiн оған күтiм жасау үшiн жалақысы сақталмай берiлетiн қосымша демалыста жүрген әйелдер, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған және жалақысы сақталмайтын қосымша демалыста жүрген әйелдер (еркектер);
      8) бiлiм беру ұйымдарында не бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқығы бар ұйымдарда оқитын (кешкi немесе сырттай) және емтихандар тапсыру, диплом жобасын (жұмысын) дайындау және қорғау, бiтiру емтихандарын тапсыру кезеңiнде ақы төленетiн немесе ақы төленбейтiн қосымша демалыста жүрген қызметкерлер, сондай-ақ тиiстi бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсетiн және қызметкердiң арызы негiзiнде тараптардың келiсiмiмен түсу емтихандарын тапсыру үшiн жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер;
      9) әкiмшiлiктiң рұқсатымен (қызметкердiң өтiнiшi негiзiнде) жалақысы сақталмайтын демалыста жүргендер;
      10) өндiрiстегi iркiлiске байланысты ақысыз демалыста жүргендер;
      11) ұйымның жұмыс кестесiне сәйкес, сондай-ақ жұмыс уақытының жиынтық есебiн шығарғанда артық iстеген уақыты үшiн демалыс күнi барлар;
      12) демалыс немесе мереке (жұмыс iстемейтiн) күндерiндегi жұмыс үшiн қосымша демалыс күнiн алғандар;
      13) ұжымдық еңбек дауларын шешу жөнiндегi ереуiлдерге қатысушылар;
      14) әкiмшiлiк құқық бұзғаны үшiн әкімшілік қамауға алынған қызметкерлердi қоса, қыдырымпаздыққа салынғандар;
      15) өкiм шыққанға дейiн тергеуде жатқандар.

      14. Тiзiмдiк құрамға кiрмейтiн қызметкерлер:
      1) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс iстейтiндер, егер бұл қызметкерлер басқа ұйымдардың тiзiмдерiнде болса;
      2) басқа ұйымға уақытша жұмысқа жiберiлгендер, егер олардың негiзгi жұмыс орнындағы жалақысы сақталмайтын болса;
      3) жұмыс берушi бiлiм беру ұйымдарында немесе бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқығы бар бiлiм беру ұйымдарына өндiрiстен қол үзiп оқуға жiберiлген, жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен стипендия алатындар.

      15. Белгiлi бiр күнгi қызметкерлер саны - бұл ұйымның тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер санының есептi кезеңдегi белгiлi бiр күнгi көрсеткiшi: айдың бiрiншi немесе соңғы күнгi, онда сол күнi қабылданғандарды қосады және жұмыстан кеткендердi шығарады.

      16. Белгiленген кезең iшiнде қызметкерлердiң орта тiзiмдiк санын анықтау үшiн тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер санының күн сайынғы есебi жүргiзiледi, ол жұмыс берушiнiң актiлерi негiзiнде нақтылануға тиiс (қабылдау, қызметкерлердi басқа жұмысқа ауыстыру және жеке еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтар мен өкiмдер). Тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлердiң әр күнгi саны қызметкерлердiң жұмыс уақытын пайдалануын есепке алу табелiнiң деректерiне сәйкес болуы қажет.
      Есептi айдағы қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк саны мереке (жұмыс iстемейтiн) және демалыс күндерiн қоса есептi айдың әрбiр күнтiзбектiк күндегi, яғни айдың 1-нен 30 немесе 31 (ақпан айы үшiн - 28 немесе 29-ын қоса) күнiн қоса, тiзiмдiк құрамның қызметкерлер санын қосу және алынған соманы айдағы күнтiзбектiк күндер санына бөлу жолымен есептеледi.
      Демалыс немесе мереке (жұмыс iстемейтiн) күнгi тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер саны соның алдындағы жұмыс күнгi қызметкерлердiң тiзiмдiк санына тең деп қабылданады. Қатарынан екi немесе одан да көп демалыс немесе мереке (жұмыс iстемейтiн) күндер болса, осы күндердiң әрқайсысындағы тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер саны әлгi демалыс немесе мереке (жұмыс iстемейтiн) күндердiң алдындағы жұмыс күнгi тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер санымен теңдей етiп алынады.

      17. Толық ай iстемеген ұйымдардағы (пайдалануға жаңадан құрылған, таратылған, өндiрiстiң маусымдық сипаты бар ұйымдардағы) қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк саны ұйымның есептi айдағы барлық жұмыс күндерiндегi, жұмыс кезеңiндегi демалыс және мереке (жұмыс iстемейтiн) күндердi қоса, тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер санының қосындысын есептi айдағы күнтiзбелiк күндердiң жалпы санына бөлу жолымен анықталады.

      18. Тоқсан iшiндегi қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк саны ұйымның тоқсандағы жұмыс iстеген барлық айларындағы қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк санын қосу және алынған санды үшке бөлу жолымен анықталады.

      19. Жыл басынан бастап есептi айды қоса есептеген кезеңдегi қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк саны жыл басынан бастап есептi айды қоса есептеген кезеңдегi барлық өткен айлардағы қызметкерлердiң орташа айлық санын қосу және жыл басынан бергi кезең iшiнде ұйымның жұмыс iстеген айларының санына әлгi қосындыны бөлу жолымен анықталады.

      20. Қызметкерлердiң орташа жылдық тiзiмдiк саны есептi жылдың барлық орташа айларындағы қызметкерлердiң орташа санын қосу және алынған қосындыны 12-ге бөлу жолымен анықталады.

      21. Егер ұйым толық жыл iстемесе (жұмыс сипаты маусымдық немесе пайдалануға есептiк жылдың қаңтарынан кейiн құрылған), онда қызметкерлердiң орташа жылдық тiзiмдiк саны ұйымның жұмыс iстеген барлық айларындағы қызметкерлердiң орташа тiзiмдiк санын қосып, алынған қосындыны 12-ге бөлу жолымен анықталады.

3. Қызметкерлердiң нақты саны
(орташа жалақыны есептеу үшiн алынатын)

      22. Қызметкерлердiң нақты санын алу үшiн (орташа жалақыны есептеу үшiн алынатын) тiзiмдiк құрамдағы қызметкерлер санынан мынадай санаттағы қызметкерлер шығарылады:
      1) жүктiлiгi және босануы бойынша демалыста жүрген әйелдер, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелдер (еркектер);
      2) республика бекiтiлген заңнамалары белгiлеген жасқа дейiн балаға күтiм жасау үшiн жалақысы сақталмайтын қосымша демалыста жүрген әйелдер, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған және жалақысы сақталмайтын қосымша демалыста жүрген әйелдер (еркектер);
      3) құрылыс, монтаждау және реттеу жұмыстарын орындау үшiн қызметтiк iссапарға жiберiлгендер;
      4) бiлiм беру ұйымдарында немесе бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқығы бар ұйымдарда оқитын (кешкi немесе сырттай) және емтихандар тапсыру, диплом жобасын (жұмысын) дайындау және қорғау, бiтiру емтихандарын тапсыру кезеңiнде ақы төленетiн немесе ақы төленбейтiн қосымша демалыста жүрген қызметкерлер, сондай-ақ тиiстi бiлiм беру ұйымдарына оқуға түсетiн және қызметкердiң арызы негiзiнде тараптардың келiсiмiмен түсу емтихандарын тапсыру үшiн жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер;
      5) өндiрiстегi iркiлiске байланысты ақысыз демалыста жүргендер.

      23. Орташа жалақыны есептеу үшiн қабылданған санға есептелiп ескерiледi, атап айтқанда:
      1) толық емес жұмыс күнiне немесе толық емес жұмыс аптасына қабылданған (ауыстырылған) қызметкерлердiң нақты саны есептi айдағы нақты iстелген адам-сағатты жұмыс күнiнiң бекiтiлген ұзақтығына бөлумен анықталады;
      2) үйде жұмыс iстейтiндер саны оларға нақты есептелген бiр ай iшiндегi жалақы қорын есептi айдағы негiзгi қызметтегi бiр қызметкердiң орташа айлық жалақысына бөлу жолымен есептеп шығарылады;
      3) жұмыс берушiмен құқықтық-азаматтық мағынада отырған шарттар бойынша ұйымдарда жұмыс iстеу үшiн тартылғандар, соның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген реттерде қоғамдық жұмыстарға жiберiлген жұмыссыздар.
      Осы Нұсқаудағы 23-тармақтың 3) тармақшасында көрсетiлген қызметкерлердiң есептi саны оларға бiр айға нақты есептелген жалақы қорын осы ұйымның бiр жұмысшысының орташа айлық жалақысына бөлумен анықталады.

      24. Орташа жалақыны есептеу үшiн қабылданған санды айда (тоқсанда, жылда) толық iстемеген ұйымдар бойынша есептеу тәртiбi осы Нұсқауда 15-21-тармақтарында көрсетiлген тәртiппен бiрдей.

4. Ұйымның негізгі және негізгі емес қызметiнде
қамтылған қызметкерлер

       25. Ұлттық есептер жүйесiне сәйкес, тауарлар мен қызмет көрсету өндiрiсi процесiнде өндiрiстiк бiрлiктер негiзгi және екiншi (негiзгi емес) қызметтi бiр жағынан, және екiншi жағынан қосымша қызметтi жүзеге асырады. Сондықтан еңбек бойынша есептiлiкте ұйымдар қызметкерлер санын негiзгi қызметте қамтылған қызметкерлер және екiншi (негiзгi емес) қызметте қамтылған қызметкерлер деп бөледі.
      26. Негiзгi ұйымның қызметтегi қамтылған қызметкерлерге тiкелей негiзгi өнiм (тауарлар немесе қызмет көрсету) және басқа ұйымдарда немесе кәсiпорындарда өткiзiлуi мүмкiн негiзгiмен қатар сөзсiз алынатын жанама өнiмдер өндiрiсiнде қамтылған қызметкерлер жатады.
      27. Екiншi ұйымның (негiзгi емес) қызметтегi қамтылған қызметкерлерге қызметтiң өзге (негiзгiден басқа) түрлерiне жататын жұмыстарды орындайтын қызметкерлер жатады.
      28. Қызметтiң көмекшi түрiмен айналысатын қызметкерлер қызметтiң негiзгi және екiншi (негiзгi емес) түрлерiн жүргiзу үшiн iс жүзiнде жағдай жасайды. Көмекшi қызметтiң нәтижесi болып табылатын өнiм, ұйымның өз iшiнде пайдалануға арналады.

5. Қызметкерлер құрамының санаттары

      29. Еңбек бойынша статистикалық есептiлiкте қызметкерлер саны негiзгi екi санатқа бөлiнедi: жұмысшылар және қызметшiлер.

      30. Жұмысшыларға тауарлар (қызмет) өндiру процесiне тiкелей қатысатын, сондай-ақ жөндеу, жүк алып өту, жолаушылар тасымалдау, материалдық қызмет көрсетумен айналысатын тұлғалар жатады.

      31. Әкiмшiлiк-шаруашылық, басқарушылық функцияларын, сондай-ақ инженерлiк-техникалық, экономикалық және басқа жұмыстармен айналысатын адамдар жатады.

      32. Ұйымдағы жұмыспен қамтылған барлық қызметкерлер Қазақстан Республикасының қазiргi күшi бар заңдарына сәйкес жұмыс топтары бойынша бөлiнедi.

      33. Кәсiп деп адамның оқу нәтижесiнде алған мамандығы (бiлiктiлiгi) емес, табыс (еңбекақы) әкелетiн, яғни атқаратын лауазымы, жұмысы немесе жұмыс орнында орындайтын кез келген пайдалы қызметi түсiнiледi.

      34. Жұмыс топтары бойынша қызметкерлердi жiктеу мынадай негiзгi топтар бойынша жүзеге асырылады:
      1) ұйым басшыларын қоса барлық деңгейдегi билiк органдары мен басқармалардың басшылары (өкiлдерi);
      2) бiлiктiлiктiң жоғары деңгейiндегi мамандар;
      3) бiлiктiлiктiң орта деңгейiндегi мамандар (көмекшi қызметкерлер);
      4) ақпараттар дайындаумен, құжаттамаларды ресiмдеумен, есеп жүргiзу және қызмет көрсетумен айналысатын қызметшiлер;
      5) қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, сауда саласындағы және қызметтiң сабақтас түрлерiндегi қызметкерлер;
      6) ауыл, орман, аңшылық шаруашылықтарындағы, балық өсiру және балық аулаудағы бiлiктi қызметкерлер;
      7) iрi және ұсақ өнеркәсiптiк ұйымдардың, көркемөнер кәсiпшiлiгiнiң, құрылыстың, көлiктiң, байланыстың, геология мен жер қойнауын барлаудың бiлiктi жұмысшылары;
      8) операторлар, аппаратшылар, қондырғылар мен машиналар машинистерi және темiр ұсталары-құрастырушылар;
      9) бiлiктiлiгi жоқ жұмысшылар.

6. Жалақы қоры

      35. Ұйымдар еңбек жөнiндегi есептерiнде қызметкерлер еңбегiне ақы төлеу үшiн есептелген жалақы қорын көрсетедi.

      36. Жалақы қоры (еңбегiне ақы төлеу) - Қазақстан Республикасының заңнамаларға сәйкес және олардың қаржыландыру көзi мен оларды нақты төлеу мерзiмiне байланыссыз, салықтар мен басқа да ұстап қалулар (табыс салығы, жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарнасы) ескерiлген, ұйымның қызметкерлердiң еңбегiне есептелген ақы төлеу үшiн ақшалай және заттай нысандағы жиынтықты ақшалай қаражаттары (лауазымдық айлықақылар (тарифтiк мөлшерлемелер), қосымша төлемдер, үстеме ақылар, сыйлықақылар және өзге де ынталандыру мен өтемдiк сипаттағы төлемдер).
      Жалақы қорында ақша да, сондай-ақ ақша бiрлiгiне ауыстырылған заттай ақы төлеу нысанындағы да барлық төлемдер ескерiледi.

      37. Төлеу үшiн есептелген ақшалай сомалар, заңнамаларға сәйкес, қызметкерлерге жұмыс iстелмеген уақытқа (жыл сайынғы демалыс, мерекелiк күндер) төлеу үшiн есептелген ақшалай сомаларды қоса, қызметкерлермен жалақысы бойынша есеп айырысатын төлем құжаттарына сәйкес көрсетiледi. Көрсетiлген сомалар "бруттоға", (Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес салықтар мен басқа да ұстап қалулар шегерiлмеген), келтiрiледi.

      38. Ақы төленетiн жыл сайынғы еңбек демалыстарына, ақы төленетiн жыл сайынғы қосымша еңбек демалыстарына есептелген сомалар осы айдың демалыс күндерiне келетiн сомада ғана есептi айда көрсетiледi. Келесi айдағы демалыс күндерi үшiн есептелетiн сома келесi айдың есебiне кiредi.

      39. Еңбекке ақы заттай төленген жағдайда еңбек жөнiндегi есептерге қызметкерлерге берiлетiн заттай тауарлар мен қызмет көрсетулердiң құндық бағасы кiргiзiледi.

      40. Жалақы қорына қосылатындар:
      1) қызметкерлерге орындалған жұмыс немесе нақты жұмыс iстелген уақыт үшiн тарифтiк мөлшерлемелер, лауазымдық (базалық) айлықақылар, түскен табыстан пайызбен және үлеспен келiсiмдi бағаламалар бойынша, ұйымда қабылданған еңбекке ақы төлеудiң нысандары мен жүйелерiне байланысты емес, есептелген жалақы;
      2) жұмыс режимi және еңбек жағдайларына байланысты өтемдiк төлемдер:
      экологиялық апат және радиациялық қатер аймақтарында тұрғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргiзiлетiн төлемдер;
      еңбек жағдайлары үшiн қосымша төлемдер (ең негiзгi еңбек жағдайында, сондай-ақ өте ауыр және өте зиянды еңбек жағдайларында жұмыс iстегенi үшiн);
      түнгi уақытта жұмыс iстегенi үшiн қосымша төлемдер;
      демалыс және мереке (жұмыс iстемейтiн) күндерiндегi жұмыстарға ақы төлеу;
      жұмыс кезiнен тыс уақыттағы жұмысқа ақы төлеу;
      жер астындағы жұмыстарда ұдайы болатын қызметкерлерге шахтадағы (рудниктегi) оқпаннан жұмыс орнына дейiн және кейiн қайтатын нормативтiк уақыт үшiн қосымша төлемдер;
      геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық және басқа дала жұмыстарында iстейтiн қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңнамалары белгiлеген мөлшерде берiлетiн далалық қаражат;
      тұрақты жұмысы жол үстiнде өтетiн немесе жол жүру сипаты бар, немесе қызмет көрсету учаскелерi шегiнде қызметтiк жол жүрумен байланысты Қазақстан Республикасының заңнамаларымен белгiленген мөлшерде тәулiктiк ақының орнына жалақыға қосылатын төлемақылар;
      жұмыс графигiнде көзделген, вахта кезеңiнде жұмысты вахталық әдiспен орындау кезiнде жұмыс жүргiзу орындарында болған әрбiр күнтiзбелiк күнге, сондай-ақ ұйымның орналасқан жерiнен жұмыс iстейтiн жерге дейiнгi жолдағы және керi қайту жолындағы нақты күндерге төленетiн үстеме ақылар;
      қызметкерлерге жұмысты вахталық әдiспен ұйымдастыру кезiндегi жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан тыс жұмысқа байланысты, жұмыс уақытының жиынтық есебiне және заңнамамен белгiленген басқа жағдайларда демалыс (қол бос уақыт) күндерi үшiн төленетiн үстеме ақылар;
      3) ынталандыру сипатындағы төлемдер:
      тарифтiк мөлшерлемелер мен лауазымдық айлықақыларға үстеме ақылар (еңбек сiңiрген жылдары, жұмыс стажы, кәсiби шеберлiгi, мемлекеттiк тiлдi бiлуi, ғылыми дәрежесi, дипломатиялық рангi және тағы басқалар), бiр жолғы ақшалай сыйақылар;
      өндiрiстiк нәтижелерi үшiн сыйлықақылар (тұрақты немесе мерзiмдi сипаттағы, олардың төлем көздерiне байланысты емес);
      төлем көздерiне байланысты емес бiржолғы сыйлықақылар;
      бiр жылдық жұмыс қорытындысы бойынша сыйақылар;
      ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiлерiмен анықталған басқа да төлемдер мен көтермелеулер;
      4) жұмыс iстелмеген уақытқа ақы төлеу:
      жыл сайынғы еңбек және қосымша еңбек демалыстарына ақы төлеу, пайдаланылмаған демалыс үшiн ақшалай төленетiн өтемақы;
      жұмыстағы арнаулы үзiлiстерге ақы төлеу, жасөспiрiмдердiң жеңiлдiктi сағаттарына ақы төлеу;
      мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындауға тартылған қызметкерлердiң жұмыс уақытына ақы төлеу;
      қызметкерлердiң кiнәсынан болмаған iркiлiстерге ақы төлеу;
      амалсыздан жұмыссыз жүрген уақыт үшiн ақы төлеу;
      жұмыс уақытын амалсыздан толық iстемеген қызметкерлерге ұйым қаражаты есебiнен төленетiн сомалар;
      бiлiм беру ұйымдарына немесе бiлiм беру қызметiмен айналысуға құқығы бар ұйымдарға өндiрiстен қол үзiп бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау үшiн жiберiлген қызметкерлерге негiзгi жұмыс орны бойынша есептелген жалақы;
      5) өзiнiң негiзгi жұмысынан босатылмастан қызметтердi қоса атқарғаны (қызмет көрсету аймақтарын кеңейткенi) немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкердiң мiндеттерiн орындағаны үшiн төленетiн қосымша ақы сомалары;
      6) еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты алған еңбек жарақатынан, кәсiптiк аурудан немесе денсаулығына өзге де зақым келуден еңбекке жарамдылығын жоғалтқан жағдайда бұрынғы жалақысы мен жаңа жұмысындағы жалақысының арасындағы айырмашылықты төлеу сомасы;
      7) газет, журнал және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары қызметкерлерiнiң тiзiмдiк құрамында тұрған қызметкерлерге төленетiн қаламақы;
      8) тарифтiк мөлшерлемеге (айлықақыға) қосымша төлене ме немесе негiзгi ақы төлеу болып табыла ма, оған байланысты емес пайыздық немесе комиссиялық сыйақылар, атап айтқанда, штаттағы делдалдарға;
      9) ұйымда өндiрiстiк практикадан өтiп жүрген және жұмыс орындарына немесе лауазымдарға алынған бiлiм беру ұйымдарында оқитын студенттердiң (оқушылардың) еңбегiне ақы төлеу;
      10) жұмыс берушiлермен жасалған шартқа сәйкес ұйымда отырылған құқықтық-азаматтық жұмыс iстеу үшiн тартылған тұлғалардың орындаған жұмыстары үшiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген жағдайларда қоғамдық жұмыстарға жiберiлген жұмыссыздарға есептелген, осы тұлғаларға қалай тiкелей қолдарына берiлсе, солай ұйымдарға да аударылған сомалар;
      11) әскери қызметтегi мiндеттерiн орындауға байланысты алатын әскери қызметшiлер мен iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне төленетiн төлемдердiң барлық түрлерi;
      12) ұйым қызметкерлерiнiң тiзiмдiк құрамында тұрмайтын, жұмысты (қызмет көрсетудi) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасу бойынша орындайтын тұлғалардың еңбегiне ақы төлеу. Мұның өзiнде бұл қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу қаражатының көлемi осы шарт бойынша жұмысты (қызмет көрсетудi) орындау сметасына және төлем құжаттарына сүйенiп анықталады;
      13) заттай ақы төлеу ретiнде берiлетiн өнiмнiң құны.

      41. Бiр қызметкердiң орташа айлық атаулы жалақысы есептелген жалақы қорының сомасын қызметкерлердiң нақты санына бөлу жолымен анықталады.

7. Жалақы қорында есепке алынбайтын төлемдер
мен шығыстар

      42. Ұйымның (заңды тұлғаның) тарауына, жұмыс берушiнiң (жеке тұлғаның) қызметiн тоқтатуына, қызметкерлердiң санын немесе штатты қысқартуға байланысты жеке еңбек шартын бұзу нәтижесiнде оларды шығару (босату) кезiнде төленетiн өтем сомалары.

      43. Осы ұйымда жұмыс iстемейтiн адамдарға (зейнеткерлерге, мүгедектерге, қаза тапқан қызметкерлердiң отбасына) көрсетiлетiн материалдық көмек.

      44. Қызметкердiң орындаған жұмысына байланысты емес жағдайларда, қызметкерге: үйлену тойына, нәрестелi болған кезде, ақылы медициналық операция жасатуға, жерлеуге бiр жолғы ретте көрсетiлетiн материалдық көмек және құжатпен дәлелденген жағдайда жаппай сипаты жоқ басқа да төлемдер.

      45. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен алған жарақатына немесе денсаулығына өзге де зақым келсе келтiрiлген зиянды өтеуге қызметкерге сақтандыру өтемi төленбейтiн кезде Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген тәртiп пен жағдайларда қызметкерге төленетiн төлемақылар.

      46. Жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен төленетiн жалпы ауруына, еңбек жарақатына немесе кәсiби ауруына, жүктiлiгi мен босануына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар, сондай-ақ бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) төленетiн әлеуметтiк жәрдемақылар.

      47. Қызметкерлердi оқытуға байланысты шығыстар (осы Нұсқаудағы 40-тармақтың 4-тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетiлген жалақыға кететiн шығыстардан басқа):
      1) кешкi және сырттай бiлiм беру ұйымдарында, сырттай аспирантурада оқитын, сондай-ақ аспирантураға түсетiн қызметкерлерге берiлетiн оқу демалыстарына ақы төлеу;
      2) жұмыс берушi (ұйымдар) оқу орындарына оқуға жiберген студенттер мен оқушыларға тараптардың келiсiмi бойынша ұйымның қаражаты есебiнен төленетiн стипендиялар;
      3) Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған мемлекеттiк Арнаулы стипендияларды, Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн мемлекеттiк стипендияларды төлеу.

      48. Халықаралық немесе шетелдiк бейкоммерциялық және қайырымдылық ұйымдары берген, грант түрiнде алынған сомалар.

      49. Қызметкерлерге үй салу, сатып алу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшiн берiлетiн материалдық көмек, субсидиялар, қызметкерлерге осы және басқа мақсаттарға берiлген несиелердi (соның iшiнде ипотекалық) өтеу үшiн шығыстар.

      50. Өкiлдiк шығыстар.

      51. Тараптардың келiсiмi бойынша ғылым, әдебиет, өнер, өнертабыс шығармаларын жасауға, басуға және өзге де пайдалануға шарт бойынша төленетiн авторлық сыйақылар (осы Нұсқаудағы 40-тармақтың 7-тармақшасында көрсетiлген сомалардан басқа).

      52. Қазақстан Республикасының заңнамаларда белгiленген нормалар шегiнде және олардан тыс қызмет бабындағы iссапар кезiн өтеу (iссапарда болған уақыттағы тәулiктiк ақыны қоса тағайындалған жерге дейiн бару және қайту шығыстары, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстар).

      53. Тараптардың келiсiмi бойынша қызметкерлердiң басқа жердегi жұмысқа ауыстырылуына байланысты шығыстарын өтеу.

      54. Тараптардың келiсiмi бойынша қызметкерге жеке автомобилiн қызмет мақсатында пайдаланғаны үшiн материалдық шығындарын (еңбек ақысын төлеу сомаларынсыз) өтеу.

      55. Соның iшiнде құрылыс, монтаждау және реттеу жұмыстарын орындау мақсатында қызметтiк ұзақ мерзiмге iссапарға жiберiлгендер және пәтерлiк ақылар орнына негiзгi жұмыс орны бойынша сақталатын орташа табысының сомалары.

      56. Қызметкерлерге берiлген арнаулы киiм мен аяқ киiмнiң және басқа жеке қорғану құралдарының, сабын және басқа жуу құралдарының, зарарсыздандыру құралдарының, сүттiң және емдеу-профилактикалық тамақтанудың құны немесе ұйым әкiмшiлiгi оларды бермеген жағдайда қызметкерлердiң өздерi сатып алған арнаулы киiм мен аяқ киiм және басқа жеке қорғану құралдары үшiн шығындарын өтеу.

      57. Мәдени-ағарту, сауықтыру және басқа iс-шараларды жүргiзуге кеткен шығыстар (осы Нұсқаудағы 6-тарауда көрсетiлген сомалардан басқа).

      58. Экономиканың жекелеген салаларындағы қызметкерлерге ақысыз берiлген тамақ пен өнiмдердiң құны, қызметкерлерге ақысыз берiлетiн тұрғын үй мен коммуналдық қызметке ақы төлеу бойынша шығыстар немесе оларды ақысыз бермегендiгi үшiн ақшалай өтемақының сомасы (Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес).

      59. Ұйымның тамақтану құнын төлеуi (толықтай немесе iшiнара), соның iшiнде (талондар түрiнде асханаларда, дәмханаларда) Қазақстан Республикасы заңдарында көзделгеннен тыс.

      60. Қызметкерлердiң тұрғын жай (пәтер ақысы, жатақханадағы орынға, жалға) мен коммуналдық қызметке ақы төлеу бойынша шығыстарының орнын толтыру ретiнде Қазақстан Республикасы заңнамаларда көзделгеннен тыс ұйымның төлеген сомалары.

      61. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақысыз берiлетiн, кейiннен жеке тұрақты пайдалануында қалатын заттардың (арнаулы киiмдi, киiм-кешектi қоса) құны немесе оларды төмендетiлген бағамен сатуға байланысты жеңiлдiктер сомасы (осы Нұсқаудың 56-тармақта көрсетiлген шығыстардан басқа).

      62. Қызметкерлерге жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен денсаулық сақтау, бiлiм беру, туризм және демалыс қызметтерiнiң әр түрiн көрсететiн тиiстi ұйымдарға ақы төлеу бойынша шығыстар, сондай-ақ тараптардың ескеру келiсiмi бойынша ата-аналардың балаларын мектепке дейiнгi мекемелерде ұстағаны үшiн төлемнiң орнын толтыру бойынша шығыстар.

      63. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен, арнаулы маршруттармен, ведомстволық көлiкпен жұмыс орнына бару ақысын төлеу.

      64. Жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен ұйымдар өз қызметкерлерiнiң пайдасы үшiн жасасқан жеке басты, мүлiктi және өзге де сақтандыру шарттары бойынша ұйымдар төлейтiн сақтандыру төлемдерi (жарналары).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады