Стационарды алмастыру медициналық көмегін дамыту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2003 жылғы 14 қарашадағы N 840 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 6 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2596. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 26 қарашадағы N 798 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009.11.26 N 798 бұйрығымен.

      "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бұйырамын:
     1. Қоса беріліп отырған:
     1) стационарды алмастыру бөлімшелері (палаталары) қызметінің ережесі;
     2) стационарды алмастыру бөлімшелерінде (палаталарында) көрсетілетін медициналық көмектің бағдарлары мен көлемдері бекітілсін.
     2. Облыстық, Астана және Алматы қалалары денсаулық сақтау басқармаларының (департаменттерінің), емдеу-алдын алу жұмыстарын жүзеге асыратын республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары осы бұйрыққа сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарында стационарды алмастыру бөлімшелерінің (палаталарының) жұмысын ұйымдастырсын.
     3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі С.Ә.Диқанбаеваға жүктелсін.
     4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

     Министрдің м.а.

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 14 қарашадағы   
N 840 бұйрығымен бекітілген

Стационарды алмастыру бөлімшелері
(палаталары) қызметінің ережесі

     1. Стационарды алмастыру бөлімшелері қызметінің ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді. K090193

     2. Стационарды алмастыру көмегі - бұл меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан емдеу-алдын алу қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының жанындағы стационарлардағы күндізгі қарау бөлімшелерінде (палаталарында), емханалардың күндізгі стационарларында және үйдегі стационарларда (бұдан әрі - стационарды алмастыру бөлімшелері) көрсетілетін медициналық көмек.

     3. Стационарды алмастыру бөлімшелері емдеу-алдын алу қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері болып табылады және тәуліктік медициналық бақылау мен емдеуді талап етпейтін науқастарға күніне ұзақтығы 4 сағаттан 8 сағатқа дейін болатын емдік, алдын алу және оңалту іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ тәуліктік қабылдау стационарынан шығарылған және одан әрі қалпына келтіріп емдеуді талап ететін науқастарға арналған.
      Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     4. Стационарды алмастыру және медициналық көмек амбулаториялық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды жетілдіру мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдары қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

     5. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің негізгі міндеттері:
     1) білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсету;
     2) жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап етпейтін науқастарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету;
     3) жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап ететін диспансерлік науқастарға, қатерлі факторлары бар адамдарға емдеу-алдын алу іс-шаралары кешенін жүргізу;
     4) шұғыл және жедел стационарлық көмекті талап етпейтін жіті аурулары бар науқастардың есебінен, сондай-ақ жағдайы стационарда тәуліктік бақылау мен емдеуді талап етпейтін асқынған ағымсыз созылмалы аурулары бар адамдар мен жүкті әйелдердің есебінен жалпы стационарлық желілерді жеңілдету;
     5) тәуліктік қабылдау стационарларына емделуге жатқызуды болдырмау және тұрақты соңғы нәтижелерге жету мақсатында шұғыл және жедел стационарлық көмекті талап етпейтін жіті патологиясы бар науқастар мен денсаулық сақтау ұйымдарына бекітіліп берілген созылмалы патологиясы бар науқастарды уақытында кешенді емдеу;
     6) кешенді оңалту және сауықтыру емдеулерін жүзеге асыру; V032601
     7) аурудың ауырлық дәрежесін өзгерту кезінде аурудың алғашқы белгіленген диагнозы бар науқастарға немесе созылмалы науқастарға барабар терапияны іріктеу болып табылады.

     6. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің жұмыс режимін медициналық көмектің осы түріне халықтың қажеттілігін есепке ала отырып, денсаулық сақтау ұйымының басшысы жеке белгілейді.

     6-1. Стационарды алмастыратын бөлімшелерге түскен науқастарға денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен күндізгі стационар науқасының картасы басталады.
      Ескерту: 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     7. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің штаттық саны стационарды алмастыру бөлімшелері үшін көзделген штаттық нормативтерге сәйкес белгіленеді.

     8. Стационарды алмастыратын көмек диагностикалық, емдік іс-шараларды, оның ішінде өмірлік маңызды дәрілік заттардың тізімінің шегінде медициналық айғақтар бойынша дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды және жергілікті бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде жүзеге асырылады.
      Ескерту: 8-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     8-1. Стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсету кезінде медицина ұйымдарының шығыстарының орнын толтыру әрбір емделген жағдай үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның әдістеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту: 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     9. Стационарды алмастыру бөлімшелерінде еңбекке жарамсыздық парағын (анықтамалар) беру және ұзарту жалпы негізде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

     10. Стационарды алмастыру бөлімшелері жағдайында емдеу үшін науқастарды таңдау науқастың жалпы жағдайын, аурудың сатысын, ағымын, науқастағы ауыр қосалқы аурулар мен негізгі патология асқынуларының болмауын есепке алу арқылы жеке жүргізілуі тиіс.

     11. Стационарды алмастыру бөлімшесінде жатқан науқас ауруының ағымы нашарлаған кезде, тәуліктік бақылау қажет болған жағдайда аурухананың тиісті бөлімшесіне жедел ауыстырылуы тиіс.

     12. Стационарды алмастыратын бөлімшелерде науқасты емдеу үшін:
     1) тәуліктік бақылауды талап етпейтін пациенттерге күніне 2 реттен көп дәрілік препараттарды парентеральды әдістермен (көк тамырға, бұлшық етке, терінің астына, ингаляциялардың және басқа да әдістердің көмегімен) енгізудің қажеттілігі;
     2) енгізген кезде және оны аяқтағаннан кейін дене қызуын, артериялық қан қысымын, электрлік кардиограмманы, тамырдың соғуын, дем алысын медициналық бақылауды талап ететін дәрілік препараттарды, оның ішінде тамшыларды (жүрек гликозидтері, кортикостероидтар, антиаритимиялық, қан препараттары, қан алмастырғыштар, пирогеналды инъекциялау, дәрілік заттар мен басқа да заттарды буынға енгізу) көк тамырға ұзақ енгізудің қажеттілігі;
     3) тәуліктік стационардан шығарғаннан кейін стационарды алмастыратын бөлімшелер жағдайында ұзақтығы күніне кем дегенде төрт сағат болатын оңалту ем-шараларын жалғастырудың қажеттілігі;
     4) емханаға келген уақытта немесе оның жанында туындаған қиын жағдайға байланысты (бронхтық немесе жүрек демікпесі ұстамасы, гипертониялық күрт асқыну, гипогликемиялық жағдай, анафилактикалық естен тану, тахиаритмия пароксизмдері және басқалар) пациенттерге шұғыл медициналық көмек көрсетудің қажеттілігі;
     5) пациенттерді күрделі диагностикалық зерттеулер (бронхоскопия, холецистохолангиография, пиелография, цистоскопия, ирригоскопия, колонофиброскопия, асқазан сөлін, өтті зерттеу және басқа да эндоскопиялық және қайшылас зерттеулер) және оларды кейіннен медициналық бақылау жүргізуге дайындаудың қажеттілігі;
     6) медициналық бақылауды талап ететін инвазиялық емдік ем-шаралар (өкпеқап қуысын инемен тесу, парацентез, гемодиализ, синовектомиясы бар буындарды инемен тесу және басқа) жүргізу қажеттілігі;
     7) операциялық араласулар (эндоскопиялық, хирургиялық, гинекологиялық және басқалар) жүргізуден кейін медициналық бақылаудың қажеттілігі айғақтар болып табылады.
      Ескерту: 12-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     13. Стационарды алмастыру бөлімшелеріне жіберу үшін:
     1) төсектік режимді сақтауды талап ететін аурулар;
     2) тәуліктік дәрігерлік бақылау мен медициналық күтімнің, дәрі-дәрмектерді парентеральды тәуліктік енгізудің қажеттілігі;
     3) пациентте өздігінен қозғалу мүмкіндігін шектейтін аурулардың болуы;
     4) әдетте түнгі уақытта өршитін аурулардың болуы;
     5) стационарды алмастыратын бөлімшелер жағдайында орындау мүмкін болмайтын диеталық режимді сақтау қажеттілігі;
     6) күндізгі стационарға келіп-кету жолында, ашық ауада пациенттің денсаулық жағдайының нашарлауын туғызатын ауруларының болуы;
     7) жіті жұқпалы аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар қарсы айғақтар болып табылады.
      Ескерту: 13-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

     14. Үш жасқа дейінгі балалар стационарды алмастыратын бөлімшеде анасымен бірге немесе оған күтім жасауды жүзеге асыратын өзге де адаммен жатқызылады.
      Ескерту: 14-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы N 899 бұйрығымен .

Қазақстан Республикасы    
Денсаулық сақтау министрінің
2003 жылғы 14 қарашадағы   
N 840 бұйрығымен бекітілген

Стационарды алмастыру бөлімшелерінде
(палаталарда) көрсетілетін медициналық
көмектің бағдарлары мен көлемдері

     1. Білікті және мамандандырылған медициналық көмек Стационарлық алмастыру бөлімшелеріндегі медициналық көмектің негізгі түрлері болып табылады.

     2. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің бағдарын медициналық көмектің осы түріне халықтың қажеттілігін есепке ала отырып, денсаулық сақтау ұйымының басшысы белгілейді.

     3. Стационарды алмастыру бөлімшелерінің бағдарлары: хирургиялық, акушерлік-гинекологиялық, терапиялық, педиатриялық.

     4. Стационарды алмастыру бөлімшелерінде көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ол құрылымдық бөлімшесі болып табылатын денсаулық сақтау ұйымының көрсететін медициналық көмегінің түрі мен бағдарына байланысты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады