Жануарлардың жұқпалы ауруларын алдын алу және жою жөніндегі ветеринариялық ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2004 жылғы 12 қарашадағы N 665 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 13 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3273. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы "Ветеринария туралы"  Заңының  26-бабы 2-тармағына және  8-бабы  9) тармақшаларына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.
      1. Қоса берiлiп отырғандары бекiтiлсiн:
      1) Жануарлардың Ауески ауруын алдын алу және жою жөнiндегi ветеринариялық ережесi;
      2) Лептоспирозды алдын алу және жою жөнiндегi ветеринариялық ережесi.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық және Астана, Алматы қалаларының аумақтық инспекцияларымен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен, осы бұйрықтан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.
      3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жүргiзу, Ветеринария департаментiнiң директоры А.Ә.Қожамұратовқа жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнен мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап күшiне енедi және бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы жариялану сәтiнен бастап қолдануға енгiзiледi.

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрінің 
2004 жылғы 12 қарашадағы   
 N 665 бұйрығымен бекітілді  

  Жануарлардың Ауески ауруын алдын-алу және
жою жөніндегі Ветеринариялық ережесі

      Осы Жануарлардың Ауески ауруын алдын-алу және жою жөніндегі Ветеринариялық ережесі (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына  сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде ветеринариялық шаралардың жүргізуін ұйымдастыру және орындау тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы шаралар

      1. Ауески ауруы - өте жұқпалы, ауылшаруашылық және басқа да үй жануарларының, терісі бағалы аңдардың және кеміргіштердің вирустық ауруы. Ауру белгілі бір аймақта, жылдың кез келген мезгілінде білінеді және орталық нерв системасының зақымдану белгілерімен байқалады. Ауырған жануарларда (шошқа, құндыз және бұлғыннан басқа) қышыма белгісі байқалады. Аурудан жазылған шошқалар кемінде бір жыл, көртышқандар - 4 ай вирус тасығыш болып қала береді.

  2. Эпизоотиялық ошақта және қолайсыз пунктте
жүргізілетін шаралар

      2. Шаруашылықты Ауески ауруының енуінен қорғау мақсатында келесі шаралар жүргізіледі:
      1) табынды жинақтау үшін жануарларды тек Ауески ауруынан таза  шаруашылықтардан алады, жаңадан келген барлық жануарларды 30 күн бойы профилактикалық карантинде ветеринариялық бақылаумен ұстайды;
      2) шаруашылық жүргізуші субъектінің аумағында, жайылымда, өндірістік және мал шаруашылығы үй-жайларында Ветеринариялық ережелерге сәйкес үнемі кеміргіштермен күрес жүргізеді.
      Кеміргіштер жаппай қырылған кезде өлу себебін анықтау үшін олардың өлекселерін ветеринариялық лабораторияға жібереді;
      3) бұралқы иттер мен мысықтардың шаруашылықтың аумағында болуына жол бермейді;
      4) лажсыз сойылған жануарлардан алынған ет және ішек-қарындарды пісірілмеген күйі, сонымен бірге союдың, асхананың және ас үйдің қалдықтарымен шошқаларды, терісі бағалы аңдарды, иттерді және мысықтарды азықтандыруға жол бермейді. Терісі бағалы аңдарды, одан басқа, сойылған шошқадан алынған пісірілмеген ішек-қарындармен азықтандыруға болмайды;
      5) шаруашылыққа Ауески ауруының енуіне тікелей қауіп төнген кезде жануарларды профилактикалық вакцинациялайды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      3. Жануарларда Ауески ауруына күдік тудыратын белгілер байқалған жағдайда, шаруашылық басшылары, сондай-ақ жануарлар иелері ветеринариялық дәрігерге тез арада хабарлайды және ол келгенше дейін келесі шараларды жүргізеді:
      1) ауырған жануарларды оқшаулау, емшектегі торайлар ауырғанда аналығымен қоса барлығын оқшаулау, ал емшектен шыққан торайлар ауырғанда барлық топты оқшаулау;
      2) ауру жануарлар мен олардың өлекселері болған станоктарды, үйшіктерді және көшпелі жәшіктерді механикалық тазарту және Қазақстан Республикасында тіркелген дезинфекциялық заттармен залалсыздандыру;
      3) бөгде адамдардың қолайсыз объектінің аумағына кіруіне жол бермеу, қолайсыз пункт пен ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды тоқтату;
      4) жануарлар өлген жағдайда олардың өлекселерін станоктар мен торлардан жинау, өлекселерді сойып тексеру орындарына жинау немесе ветеринариялық дәрігер келгенше дейін суық жерде жабық жәшікте ұстау.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      4. Ветеринариялық дәрігер жануарлардың ауруы жөніндегі хабарды алғаннан кейін келесі шараларды жүргізеді:
      1) диагноз қою және оны анықтау үшін ветеринариялық лабораторияға жануардың өлексесін немесе патологиялық материалды (бауыр, өкпе және бас миы) жібереді. Лабораториялық зерттеу үшін патологиялық материал жаңа алынған (шіріген белгілері жоқ) және спецификалық қан сарысумен, глобулинмен емделмеген жануарлардан алынған болу керек;
      2) аурудың шығу себептерін, көзін, таралу жолдарын және шаруашылықтың эпизоотиялық жағдайын анықтап, аурудың таралуын жол бермейтін ұйымдастыру шараларын жүргізеді. Қорытынды диагнозды Ауески ауруына эпизоотологиялық, клиникалық және патологоанатомиялық деректерді ескере отырып лабораториялық зерттеулердің нәтижесімен қояды.

      5. Ауески ауруы анықталған шаруашылықты (ферма, бригада, аула, аң өсіретін орын) сол аурудан қолайсыз хабарланып карантин қойылады. Бір мезгілде ауруды жою шараларының жоспары бекітіледі.

      6. Карантиннің шарты бойынша тиым салынады:
      1) Ауески ауруына бейім жануарларды шаруашылыққа әкелуге және әкетуге, сонымен бірге шаруашылықтың (ферманың) және қоралардың іштерінде қайтадан топтастыруға;
      2) шаруашылықтан терілерді, қой терілерін алдын-ала залалсыздандырусыз, сонымен қатар қолайсыз ферманың (бөлімшенің) аумағында дайындалған және сақталған жем, шырынды және көлемді азықтарды (шөп, сабан) шығаруға. Бұл азықтар сол жерде ауырып жазылған және вакцинациядан өткен жануарларды азықтандыру үшін пайдаланады;
      3) шаруашылықтарда (фермаларда) жануарларды шағылыстыруға, оларды өлшеуге және асхананың қалдықтарын пайдалануға;
      4) жануарларды өлшеуге және таңба басуға, аңдардың түбіттерін тарауға;
      5) шошқаларды жеммен, шырынды азықтармен (сабаннан басқа), алдын ала қайнатпай азықтандыруға.

      7. Ауески ауруынан қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектіде (елді мекен немесе жеке аула):
      1) барлық жануарларды клиникалық тексеруден өткізеді және оларды іріктеп денелерінің температурасын өлшейді;
      2) ауырған және ауруға күдікті жануарларды оқшаулайды және глобулинмен немесе Ауески ауруына қарсы сарысумен қолдану нұсқаушасына сәйкес емдейді. Сонымен қатар симптоматикалық заттарды, екінші инфекцияның дамуын ескерту үшін Қазақстан Республикасында тіркелген антибиотиктерді және басқа дәрілік препараттарды қолданады;
      клиникалық сау жануарларды Ауески ауруына қарсы вакцинамен қолдану нұсқамасына сәйкес егеді;
      3) мал қораларын және күту заттарын мұқият тазартып және ауық-ауық залалсыздандырады, әрі қарай карантинді алу алдында қорытынды залалсыздандырады;
      4) өндірістік және мал үй-жайларында кеміргіштерді жою бойынша және қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша іс-шаралар жүргізеді;
      5) қоралардан көң мен төсенішті күнделікті биотермиялық залалсыздандыру үшін көңқоймаға шығарады. Көңді немесе сұйық көңді егін алқабына, бақшаға тыңайтқыш үшін алдын-ала залалсыздандырылмай шығаруға тиым салынады;
      6) Ауески ауруынан өлген немесе арам өлген жануарлардың терілерін және қойдың терілерін жануарлардан алынған шикізаттарды залалсыздандыру нұсқауына сәйкес залалсыздандырудан өткізеді;
      7) жануарлардың өлекселерін өртейді немесе пайдаға асырады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

3. Шошқа өсіретін шаруашылық жүргізуші субъектілердегі шаралар

     Ескерту. 3-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.  

      8. Шошқа өсіретін қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілерде, осы Ветеринариялық ереженің 7-бабында көрсетілген шаралардан басқа:
      1) барлық жастағы жануарлардың азықтандыруды тек, станоктардан ұйымдастырады. Астауларды әрбір азықтандырған сайын, мұқият тазартып, залалсыздандырып, әрі қарай мұқият сумен жуады;
      2) жаңа туған торайларды уызбен азықтандырғанға дейін, ауру жұғуға күдікті емшектегі торайларды, мегежіндерді торайлануға екі апта қалғанда алдын алу мақсатында, спецификалық глобулинді қолдану нұсқаушасына сәйкес егеді және үш апта өткеннен кейін Ауески ауруына қарсы вакцинация жасайды. Барлық басқа клиникалық дені сау жануарларды қолдану нұсқаушасына сәйкес, вакцинадан өткізеді;
      3) Ауески ауруымен ауырған мегежіндерді, қабандарды және төлдерді бордақылап, етке өткізеді.
      Ауески ауруы болған шошқа қоралардағы емшектен шықпаған ауырмаған төлдерді, оларды бөлгеннен кейін жеке қораларда орналастырып, бордақылайды және етке жібереді.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      9. Ауески ауруынан қолайсыз шошқа шаруашылық жүргізуші субъектілерден карантин ауру тоқтағаннан кейін және аурудан сауыққан жануарлар шаруашылықтан шығарылып, қораларға санитарлық жөндеу жүргізіліп, толық кешенді ветеринариялық-санитариялық және алдын-алу шараларын өткізгеннен 1 ай өткеннен кейін алынады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      10. Карантин алынғаннан кейін төлдерді егуді, әкелінген және үлкен шошқаларды қайта егуді, бір жылдың ішінде жүргізеді, Ауески ауруынан қолайсыз болған бұрынғы шаруашылық жүргізуші субъектілерде шошқа басын толық айырбастағанға дейін барлық кеміргіштерді жояды.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      11. Егілген төлдерді тұқымдық және пайдалану мақсаттары үшін осы тақылеттес шаруашылық жүргізуші субъектілерден шығаруға карантин алынғаннан кейін бір жыл өткеннен соң шошқаларды күтетін адамдарымен бөлек қораларда ұстау шартынан кейін рұқсат етіледі.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      12. Шошқа шаруашылық жүргізуші субъектілерінде вакцинацияны тоқтатқаннан кейін 6 айдың ішінде сау төл алынатын болса, онда Ауески ауруынан толық сауықтандырылған болып саналады. Мұндай шаруашылықтардан шошқаларды шектеусіз шығарады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

  4. Мүйізді ірі қара және мүйізді ұсақ малдары бар
шаруашылықтардағы шаралар

      13. Ауески ауруынан қолайсыз мүйізді және ұсақ малдары бар шаруашылық жүргізуші субъектілерде осы Ветеринариялық ереженің 7-тармағында көрсетілген шараларды жүргізеді. Осы мақсатпен келесі шараларды жүргізеді:
      1) ауру және ауруға күдікті жануарларға Ауески ауруына қарсы емдік дозада глобулин егіледі. Керек болған жағдайда 20-25 сағаттан кейін глобулин қайта егіледі;
      2) ауру жануарлармен жанасуда болған жұғуға күдікті жануарларға алдын-алу дозасында глобулин егіліп, оларды 2-3 апта бойы Ауески ауруына қарсы иммунизация жасалады.
      Қолайсыз мал ауласының қалған барлық клиникалық сау жануарларды жедел вакцинамен қолдану нұсқаушасына сәйкес егеді;
      3) Ауески ауруы шыққан шошқа қораға жақын орналасқан мүйізді ірі қара мен қойларға да вакцинация жасайды;
      4) Ауески ауруының жұғуына күдікті сиырлардан алынған сүтті адамдарға тағам ретінде тек пастеризацияланғаннан немесе қайнатылғаннан күйінде рұқсат етіледі. Ауру және ауруға күдікті сиырлардан алынған сүтті қайнатумен залалсыздандырады және жояды.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      14. Ауески ауруынан қолайсыз мүйізді ірі қара немесе қой өсіретін шаруашылық жүргізуші субъектілерден карантинді ауру тоқтағаннан 1 ай өткеннен соң және толық кешенді ветеринарлық-санитарлық шаралар жүргізілгеннен кейін алады.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

  5. Аң өсіретін шаруашылықтармен қызмет көрсететін
иттердің питомниктеріндегі шаралар

      15. Аң өсіретін шаруашылық жүргізуші субъектілерде (қызмет көрсететін иттер өсіретін питомниктерде) осы Ветеринариялық ереженің 7-тармағында көрсетілген шараларды жүргізеді. Одан басқа:
      1) Ауески ауруының вирустары болуы күдікті ет азықтарын рационнан дереу алып тастайды;
      2) ауру және ауруға күдікті аңдарға (иттерге) емдік дозада спецификалық глобулин егеді және симптоматикалық емдеу жүргізеді. Шартты түрдегі сау аңдарға және иттерге Ауески ауруына қарсы вакцина егеді;
      3) лажсыздан сойылған және өлген терісі бағалы аңдардың терілерін +30-35 градуста 40 сағат бойы кептіру жолымен залалсыздандырып, +18-20 градуста 10 күн ішінде ұстайды. Құндылығы жоқ жазғы терілерді өлексемен бірге жояды.
     Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      16. Ауески ауруынан қолайсыз аң өсіретін шаруашылық жүргізуші субъектілерден карантин аурудың тоқтағанынан, ауру мал шығарылғанынан 15 күннен кейін және қораларды санитарлық жөндеуден өткізіп, толық кешенді ветеринариялық-санитариялық және арнаулы шаралар жүргізілгеннен кейін алынады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

Қазақстан Республикасы    
Ауыл шаруашылығы министрінің 
2004 жылғы 12 қарашадағы   
N 665 бұйрығымен бекітілді  

  Лептоспирозды алдын-алу және жою жөніндегі
ветеринариялық ережесі

      Осы Лептоспирозды алдын-алу және жою жөніндегі Ветеринариялық ереже (кейін - Ветеринариялық ереже) Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының  26-бабына  сәйкес жеке және заңды тұлғалардың міндетті түрде ветеринариялық шаралардың жүргізуін ұйымдастыру және орындау тәртібін анықтайды.

  1. Жалпы шаралар

      1. Лептоспироз - үй жануарлары мен көптеген кәсіптік, жабайы аңдардың және адамның зооантропоноздық, табиғи-ошақтық жұқпалы ауруы. Лептоспирозбен мүйізді ірі қара, шошқа, жылқы, қой, бұғы, ит, түлкі және жануарлардың басқа түрлері ауырады.
      Лептоспироз індетінің қоздырғыштарын тарататындар екі топқа бөлінеді. Біріншісіне қоздырғыштың табиғаттағы негізгі иелері (резервуары) болып табылатын кеміргіштер мен жәндіктер жатады; екіншісіне - үй жануарлары (шошқа, мүйізді ірі қара, қой, ешкі, жылқы, ит), сонымен бірге антропургиялық (ауылшаруашылықтық) ошақты құрайтын терісі бағалы торда ұсталатын аңдар (түлкі, нутрия) жатады.

      2. Лептоспироздың қоздырғышы - Leptoіpira туыстастығының микроорганизмі. Патогендік лептоспиралардың 202 серовары туыстық антигендік дәрежесіне қарай 23 серологиялық топқа біріктірілген. Індеттің негізгі таралу жолы - сумен, ал жанасу және тамақ (азық) арқылы маңызы аздау орын алады. Лептоспиратасығыш жануарлар лептоспираларды сыртқы ортаға несебімен шығарып, мал азығына, суға, жайылымға, топыраққа, төсенішке және басқа объектілерге жұқтырады.
      Құрғамаған шалшық сулар, тоғандар, батпақтар, ағысы аз өзендер, дымқыл топырақ - лептоспиралардың ағзалардан тыс сақталуына ең қолайлы жерлер болып табылады.
      Адамдар мен жануарлардың ағзаларына лептоспиралар терінің аздаған жарақаты және жарақатталмаған ауыз қуысының, мұрынның, көздің, ішек-қарынның және несеп ағар жүйелерінің кілегейлі қабықтары арқылы енеді.

      3. Аурудың клиникалық белгілері мен патологоанатомиялық өзгерістер, жануарлардың қанынан спецификалық антиденелердің табылуы шаруашылықтың лептоспироздан қолайсыз болуына негіз болады. Лептоспирозға диагноз барлық жағдайларда лабораториялық зерттеулермен расталады.
      Лептоспирозды уақытында анықтау мақсатында жануарлардың қан сарысуына микроаглютинация реакциясын (кейін - МАР) жүргізеді:
      1) асыл тұқымды кәсіпорындарында, қолдан ұрықтандыру станцияларында (пункттерде) барлық еркек жануарларды (бұқалар, қабандар, айғырлар, қошқарлар) жылына екі рет;
      2) шошқаларды, ірі және ұсақ мүйізді малдарды, жылқыларды - тұқымдық және пайдаланушылық мақсаттарда (бордақыланатын малдардан басқа) барлық малды енгізу (кіргізу) және шығару (айдау) алдында;
      3) лептоспирозға барлық күдікті жағдайда.

      4. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесі бойынша шаруашылық (ферма, табын) келесі жағдайларда лептоспироздан қолайсыз болып саналады:
      1) патологиялық материалдан лептоспироздың өсіндісі бөлініп алынса;
      2) патологиялық материалды микроскопиялық зерттегенде лептоспиралар табылса;
      3) тексерілген жануарлардың 20 пайызының қан сарысуында антиденелер табылған жағдайда. Оң көрсеткіш аз табылса, несепті микроскоппен тексеру жүргізеді. Несептің микроскопиялық нәтижесі теріс болса, қайтадан бұрын тексерілген жануарлардың қанының сарысуын және несебін 15-30 күннен кейін тексереді.
      Алдыңғы зерттелген жануарлардан қайтадан зерттегенде лептоспира немесе антидене табылса немесе антидененің титрі төрт есе және одан артық болса, онда шаруашылықтың қолайсыз екенін көрсетеді.

      5. Лептоспироздың салдарынан іш тастау (өлі туу) болған деп есептеледі, егер анықталса:
      1) іштегі ұрықтың органдарында (ұлпаларда, сұйықтарда) немесе шаранада лептоспиралар болса;
      2) ұрықтың қанының сарысуында антиденелердің лептоспираларға МАР бойынша 1:5 (антигенмен 1:10) араласында және одан жоғары.
      Жануарларда осы індетке тән клиникалық белгілердің және патологоанатомиялық өзгерістердің болуы, қанда немесе үлпершекті ағзаларда (бүйректен басқа) лептоспиралардың табылуы жануардың лептоспироздан өлгенін көрсетеді.

  2. Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақтарда
жүргізілетін алдын-алу шаралары

      6. Жануарлардың лептоспироз ауруына жол бермеу мақсатында меншік және мал иелері, ветеринариялық мамандар келесі шараларды жүзеге асырады:
      1) жануарлардың клиникалық жағдайын бақылап, іш тастаудың санын ескереді және лептоспирозға күдікті жағдайда лабораториялық зерттеу үшін патологиялық материал алуды іске асырады;
      2) тұқымдық шаруашылықтарды (фермалар), кәсіпорындарды, қолдан ұрықтандыру станцияларын лептоспироздан қолайлы шаруашылықтардан жинақтауға;
      3) шаруашылыққа келген барлық жануарларды 30 күндік карантин ішінде лептоспирозға МАР-сымен сарысуды 1:25 қатынаста зерттейді. Шаруашылыққа тұқымдық мақсатқа әкелген шошқаларды серологиялық зерттеудің нәтижесіне қарамастан микроскопиялық жолмен лептоспира тасығыштыққа тексереді. Жануарлардың қандарының сарысуында өзіндік антидене болса немесе несебімен лептоспиралар бөлінсе лептоспироздан қолайсыз шаруашылықтар үшін қаралған шараларды жүргізіледі;
      4) бордақылау шаруашылықтарына дені сау жануарларды лептоспирозға тексермей жинақтауға рұқсат етіледі, бірақ карантин кезінде олар міндетті түрде лептоспирозға қарсы егіледі;
      5) жануарларды лептоспироздан қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілердің, елді мекендердің малдарымен жайылымдарда, суаратын жерлерде жанасуына тиым салынады; егілмеген жануарларды лептоспироздың табиғи ошағының аумағында бағуға болмайды;
      6) тоғандардың жағасында жануарлар үшін жазғы лагерлер құруға болмайды;
      7) шаруашылық жүргізуші субъектілердің аумағында мал шаруашылығы үй-жайларында және азық сақтау орындарында үнемі кеміргіштерді жойып отырады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      7. Импортпен келген жануарларды карантинде ұстап, МАР-сымен қанының сарысуын экспортер-елде тіркелетін серологиялық топтардың лептоспираларымен тексереді.
      Кейбір жануарлардың қанының сарысуынан оң МАР-сы алынса, несептеріне микроскопия жүргізеді және қайтадан осы топтың барлық жануарларын 7-10 күннен кейін лептоспироздан тазалығын шешу үшін қандарының сарысуы зерттеледі.

      8. Лептоспирозға диагноз қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 10, 10-1 және 27-баптарына сәйкес шектеу қойылады.
      Бірмезгілде сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктің бас мемлекеттік  ветеринариялық-санитариялық инспекторы жоғарғы ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне және мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалаудың аумақтық органына хабарлайды.
      Сауықтыру шараларының жоспарында керекті диагностикалық зерттеулер, шектеулер, ветеринариялық-санитариялық, ұйымдастыру-шаруашылықтық шаралардың жүргізетін мерзімдері көрсетіледі және оған жауапты адамдар бекітіледі.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

  3. Эпизоотиялық ошақтарда және қолайсыз
пункттерде жүргізілетін шаралар

      9. Шектеудің шарттары бойынша болмайды:
      1) жануарларды өсіру, халыққа сату үшін сыртқа шығаруға;
      2) шаруашылыққа қызмет көрсететін ветеринариялық маманның рұқсатынсыз қайтадан топтастыруға;
      3) жануарларды тоғандарға жіберуге және жануарлардың тоғандардан су ішуіне, шомылуына;
      4) вакцинация жасалмаған жануарларды, лептоспирозбен ауырған жануарлар жайылған жайылымға жаюға немесе лептоспироздың табиғи ошағы аумағында жаюға;
      5) вакцинация жасалмаған жануарларды ішінде лептоспироз жұқтыратын кеміргіштер ластаған азықпен азықтандыруға.

      10. Лептоспирозбен ауырған жануарлардан алынған сүтті қайнауға дейін қыздырады және мал азығына пайдаланады. Клиникалық сау сиырлардың қанының сарысуы МАР-сына оң көрсеткіш арттырылмаған титрде болса, онда олардың сүтін шексіз пайдаланады.

      11. Лептоспироздан қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектіде клиникалық тексеру жүргізеді және ауруға күдікті жануарлардың денелерінің температурасын өлшейді.
      Ауру және ауруға күдікті жануарларды оқшаулап, гипериммунды сарысумен және антибиотиктермен қолдану нұсқаушасында көрсетілген дозаларда емдейді.
      Мұндай жануарларды санитариялық қасапханада сояды, егер ет өңдейтін кәсіпорынның сою цехында ол болмаса, сау жануарлардың өнімдерін цехтан алып кеткеннен кейін жұмыс аяғында жеке алдын-алу шараларын сақтап сояды. Цехтың ішін және жабдықтарды мұндай жануарлар сойылғаннан кейін залалсыздандырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.03 N 434 Бұйрығымен.

      12. Лептоспирозға бейім барлық жастағы жануарлар түрлеріне вакцинация жасайды. Емделген жануарларды жазылғанынан 5-7 күн өткеннен кейін ауруға қарсы егеді.

      13. Лептоспироздан қолайсыз шаруашылықтарда меншік түріне қарамастан барлық жануарларды және асыл тұқымды, пайдаланатын шаруашылықтарда құны төмен жануарларды семіртіп етке өткізеді.
      Мал басын көбейту үшін керек аналықтарды, тұқым тарататын еркек жануарларды, мал басын толтыратын төлдерді вакцинациядан кейін лептоспироцидтік препараттармен домдайды және залалсыздандырылған қораларға ауыстырады.
      Домдаудың тиімділігін 10-15 күн өткеннен кейін несепті микроскопиялау жолымен тексереді.

      14. Осы шаралар өткізілгеннен кейін алынған төлді жеке өсіріп, лептоспирозға қарсы вакцинаның қолдану нұсқаушасындағы мерзімде егеді және шектеу алынғаннан кейін жалпыға бірдей негізде өткізеді.

      15. Облыс көлемінде жануарларды семіртуге шығару үшін рұқсат соңғы ауырған жануардың жазылғанынан бір ай өтіп, вакцинациядан және қорытынды ветеринарлық-санитарлық шаралардан өткеннен кейін беріледі.

      16. Лептоспиралар жұқтырған еркек жануарлардан (бұқалар, қабандар, айғырлар, қошқарлар) сперма алуды тоқтатады, шаруашылықтық тиімділігіне қарай оларды союға жібереді және қораларға залалсыздандыру жүргізеді. Барлық мал басын лептоспирозға қарсы егеді. 10-15 күннен кейін емдеудің тиімділігін несептің микроскопиялық тексерумен бақылайды. Несептен лептоспиралар табылса емдеуді және тиімділігін тексеруді қайталайды. Сау танылған бұқалардан сперма алуды жалғастырады. Лептоспиратасығыш бұқалардан алынған сперманы жояды.

      17. Бұрын лептоспироздан қолайсыз болған кәсіпорындарда (станцияларда) қайтадан барлық еркек тұқым тарататын жануарлардың қанының сарысуын МАР-сына және несебін микроскопиялық зерттеулерді 3 айдан кейін, ал теріс нәтиже алғаннан соң әр 6 ай сайын зерттейді.
      Лептоспироздан қолайсыз немесе қатерлі аймақта орналасқан қолдан ұрықтандыру кәсіпорындарындағы (станцияларда, пункттерде), тұқым тарататын еркек жануарлар лептоспирозға қарсы егіледі.

      18. Қызмет көрсететін ит өсіретін орындарда, ауырған және ауруға күдікті иттерді оқшаулап, оларды гипериммунды қан сарысумен және стрептомицинмен емдейді.
      Барлық жастағы клиникалық сау иттерді лептоспирозға қарсы егеді.
      Лептоспироздан қолайсыз ит өсіретін орыннан иттерді сатуға болмайды.

      19. Лептоспироздан қолайсыз шаруашылықтардан шектеуді келесі тәртіпте алады:
      1) бордақылау шаруашылықтарында - мал бастары сойылғаннан кейін және қорытынды ветеринарлық-санитарлық шаралар жүргізілген соң;
      2) асыл тұқымды және пайдаланатын шаруашылықтарда - олардың лабораториялық тәсілдермен лептоспироздан таза еместігі анықталғаннан кейін. Осы мақсат үшін шараларды жүргізгеннен 1-2 айдан кейін, сатуға дайындаған төлдің қанының сарысуының кемінде 50 сынамасын МАР-сымен зерттейді (оларда оң реакция болмау керек), және әр 1000 ересек немесе мал басын толықтыратын жануарлардан кемінде несептің 100 сынамасын, бұлардың арасында лептоспиртасығыштар болмау керек; МАР-сы ересек малдарда оң нәтижемен қалуы мүмкін;
      3) бұрынғы қолайсыз пункттерде лептоспирозға қайта тексеруді шектеу алынғанынан 6 ай өткеннен кейін жүргізеді.
      4) шаруашылық барлық зерттелген жануарлардан теріс нәтиже алынғаннан кейін сауықтандырылған болып саналады.

      20. Шаруашылықтардан шығаратын асыл тұқымды және пайдаланатын жануарларды ветеринариялық тексеру тәртібі:
      1) асыл тұқымды және пайдаланатын мақсаттағы жануарларды шығару тек лептоспироздан қолайлы пункттен (ферма, бөлімше) рұқсат етіледі;
      2) сатуға арналған жануарларды карантинде ұстайды және қан сарысуын МАР-сына, одан басқа шошқалардың несебінде лептоспиралардың бар-жоғына зерттейді;
      3) барлық топтарды зерттеуден теріс нәтиже алынғаннан кейін жануарларды шектеусіз шығаруға рұқсат беріледі.
      Кейбір жануарлардың қандарынан антиденелер немесе несебінен лептоспиралар табылатын болса, шаруашылықтың лептоспироздан тазалығын шешу үшін қосымша зерттеулер жүргізеді.

      21. Лептоспирозға бейім барлық жануарларды келесі жағдайларда вакцинациядан өткізеді:
      1) лептоспироздан қолайсыз шаруашылықтарда;
      2) мал бастарын лептоспирозға тексермей жинақтайтын бордақылау шаруашылықтарында;
      3) лептоспироздың табиғи ошағының аймағында мал жайылғанда;
      4) шаруашылықтардағы жануарлардың қанынан МАР-сына оң көрсеткенде;
      5) отарлы мал шаруашылықты аудандарда.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады