Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін тағайындау туралы

Күшін жойған

Атырау облыстық әкімиятының 2004 жылғы 16 сәуірдегі N 88 қаулысы. Атырау облыстық әділет департаментінде 2004 жылғы 28 мамырда N 1980 тіркелді. Күші жойылды - Атырау облыстық әкімиятының 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 99 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Атырау облыстық әкімиятының 14.04.2005 № 99 қаулысымен.
      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы N 389-I "Білім туралы"  Заңының 4 бабы негізінде және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 17 мамырдағы N 738 "Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерлері мен көздері туралы" қаулысына сәйкес облыс әкімияты қаулы етеді:
      1. Мектеп бітірушілер мен бастауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілерге облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі тағайындалсын.
      2. Жыл сайын 25 мектеп және бастауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілерге облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі берілсін.
      3. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі туралы ереже 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      4. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссия 2-қосымшаға сәйкес құрылсын.
      5. Атырау облыстық білім беру басқармасы комиссияның жұмысшы органы болып анықталсын.
      6. Атырау облыстық қаржы басқармасы бюджетте қаралған қаражат шегінде қаржыландыруды жүзеге асырсын.
      7. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Т.Қ. Мүрсәлиеваға жүктелсін.

       Облыс әкімі

Облыс әкімінің     
2004 жылғы 16 сәуір  
N 88 қаулысына 1-қосымша

Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі туралы ереже

      1. Осы ереже Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы № 389-I "Білім туралы" Заңы негізінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 17 мамырдағы N 738 "Мұқтаж азаматтарға олардың білім алу кезеңінде берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерлері мен көздері туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және облыстық бюджеттен білім беру көмегі түрінде бөлінетін қаражатты мақсатты пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі - жыл сайын 25 мектеп бітірушілер мен бастауыш және орта кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілерге (одан әрі - тұлғалар) жоғары білім алу үшін өтеусіз берілетін ұлттық валютадағы мақсатты ақша сомасы.
      3. Әлеуметтік білім беру көмегі Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқытудың күндізгі нысаны бойынша тек 4 бағытта - мұнай-газ секторы, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау - оқу үшін беріледі.
      4. Әлеуметтік білім беру көмегі атаулы көмек болып табылады және одан өзге тұлғаға табысталмайды.
      5. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссия іріктеуді кешенді тестілеу нәтижелері бойынша мемлекеттік сертификаттар алуға қажетті ең аз балл санын алған тұлғалар санынан жүзеге асырады.
      Комиссия ұсынылған құжаттардың негізінде облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алуға үміткерлерді анықтайды және конкурс қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жариялап отырады.
      Мемлекеттік гранттар мен кредиттер алған тұлғаларға облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі берілмейді.
      Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі заңмен бекітілген тәртіпте жоғары оқу орындарына қабылдау конкурсының барлық рәсімдерінен өткен тұлғаға беріледі.
      6. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі бойынша оқу құқығын алған тұлғалар Қазақстан Республикасының кадрлар даярлау лицензиясы бар білім беру ұйымдарына қабылдау туралы арыз береді.
      7. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алу үшін тұлға комиссияға төмендегі құжаттарды ұсынады:
      облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін беру туралы арыз;
      нотариалдық тәртіпте куәландырылған жеке куәлігінің көшірмесі;
      жетім балалар үшін нотариалдық тәртіпте куәландырылған ата-анасының өлімі туралы куәліктердің көшірмелері;
      нотариалдық тәртіпте куәландырылған аттестаттың көшірмесі;
      нотариалдық тәртіпте куәландырылған арнаулы орта оқу орнын, кәсіптік мектептер мен лицейлер бітіргені туралы дипломның көшірмесі;
      нотариалдық тәртіпте куәландырылған сертификаттың көшірмесі;
      мүгедек балалар үшін дәрігерлік консультациялық комиссияның анықтамасы;
      аз қамтылған отбасыларының балалары үшін атаулы әлеуметтік көмек алғаны немесе тұрғылықты жері бойынша куәландырылған отбасы құрамы туралы анықтама, ата-анасының және отбасының барлық кәмелетке толған мүшелерінің еңбекақылары туралы анықтама;
      нотариалдық тәртіпте куәландырылған жоғары оқу орнына қабылданғаны туралы бұйрықтың көшірмесі.
      8. Дарынды жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балалар және бала жастан мүгедек балалар, аз қамтылған отбасыларының балалары әлеуметтік білім беру көмегін тағайындаудың айрықша құқығын пайдаланады.
      9. Комиссия әр жылдың 3 қыркүйегінде мәжіліс өткізеді.
      Құжаттарды қабылдау 3 қыркүйекке дейін жүргізіледі.
      10. Комиссия дауыстардың көпшілігімен шешім қабылдайды.
      Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      11. Комиссия мәжілісі оның мүшелерінің 2/3 (үштен екі) бөлігі қатысқан жағдайда құқықты.
      12. Комиссия төрағасы дәлелді себептермен болмаған жағдайда оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.
      13. Комиссия мәжілісінде хатшымен Атырау облыстық білім беру басқармасында сақталатын хаттама жүргізіледі.
      14. Әлеуметтік білім беру көмегін алушы жоғары оқу орнын аяқтаған соң сәйкесті атқару органының жолдамасы бойынша Атырау облысында 3 жылдан кем емес мезгілде жұмыспен өтеуі тиіс.
      15. Тұлға мен Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының және жоғары оқу орнының арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттеу үшін тараптардың құқықтары мен міндеттері ескертілген келісім жасалады.
      16. Атырау облыстық қаржы басқармасы жыл сайын облыстық бюджеттен облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін қаржыландыруды жүзеге асырады. Аталған бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы табылады.
      17. Атырау облыстық білім беру басқармасы жыл сайын 7 қыркүйекке дейін комиссия шешімінің негізінде жоғары оқу орны орналасқан жерін, атауын, әлеуметтік білім беру көмегінің мөлшерін көрсетумен тұлғалардың тізімін құрайды және Атырау облыстық
еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына жолдайды. Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы алынған облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі негізінде оқып жатырған тұлғалар тізімдерінің негізінде әлеуметтік білім беру көмегін төлеуге қажетті қаражат көлемін анықтайды және Атырау облыстық қаржы басқармасына өтінім жолдайды.
      Атырау облысы қаржы басқармасы өтінім негізінде бюджетте әлеуметтік білім беру көмегін төлеуге қаралған қаражатты Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына бөледі.
      Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты халықты әлеуметтік қорғау басқармасы қаражат ағымдағы шотқа түскеннен кейін екінші деңгейдегі банктердің есепшоттарына әлеуметтік білім беру көмегін төлеуге қажетті қаражат сомасын, сонымен қатар Атырау облыстық еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы агенттік келісімге сәйкес комиссиялық сыйақыларды аударады.
      Екінші деңгейдегі банктер көрсетілген сома түскеннен кейін ақшаны облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алушылар оқып жатырған жоғары оқу орындарының есепшоттарына аударады.
      18. Жоғары оқу орындарына қабылданған тұлғалар оқудан шығарылған жағдайда облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі бойынша оқу құқығынан айырылады.
      19. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі негізінде оқып жатырған тұлға басқа білім беру ұйымына ауысқан жағдайда әлеуметтік білім беру көмегінің мөлшері түзетуге жатады, бірақ облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегінің көрсетілген
мөлшері ұлғайтылмайды.
      20. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі бойынша оқып жатырған тұлға академиялық демалыс берілген жағдайда, берілген академиялық демалыс кезеңіне облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі бойынша оқу құқығы сақталады және оның оқуын қаржыландыру үзіледі де, демалыс біткен соң қайта басталады.
       21. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі бойынша оқып жатырған тұлғаға мына жағдайда басқа білім беру ұйымдарында қаржыландыруды жалғастыруға кепілдік беріледі:
      1) ол оқыған (оқып жатырған) білім беру ұйымы таратылып, қайта құрылғанда; ол оқыған (оқып жатырған) білім беру ұйымының лицензиясы қайтарылып алынғанда немесе білім беру ұйымы 7лицензиясының қолданылуы тоқтатылғанда.
      22. Осы Ереже үлгісіне, түріне, меншік нысанына және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан, жалпы орта білім беру, бастауыш және орта кәсіптік білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын Атырау облысының барлық білім беру ұйымдарының
оқушыларына қатысты.
      23. Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін бөлу және пайдалану процесінде пайда болуы мүмкін, бірақ осы Ережеде ескерілмеген, барлық өзге мәселелер жоғарыда аталған комиссиямен шешіледі.

Облыс әкімінің    
2004 жылғы 16 сәуірдегі 
N 88 қаулысына 2-қосымша

Облыс әкімінің әлеуметтік білім беру көмегін алуға үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссияның құрамы

Мүрсәлиева Тасқира Қабиқызы - облыс әкімінің орынбасары, комиссия
                              төрайымы
Қайненов Қилымғали Қайненұлы - облыс әкімінің орынбасары, комиссия
                               төрайымы
Мағзомова Зүлфия Нәсіпкерейқызы - Атырау облыстық білім беру
                                  басқармасының бас маман-заңгері,
                                  комиссия хатшысы

Комиссия мүшелері:

Жұмағазиев Елдар Тынышбайұлы - Атырау облыстық ішкі саясат
                               департаменті жастар саясаты
                               бөлімінің бастығы
Иманғалиев Асхат Сәлімұлы    - Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
                               мемлекеттік университетінің ректоры
                               (келісім бойынша ) 
Қайрешев Сағын Мұратұлы      - Атырау облыстық еңбек жұмыспен қамту
                               және халықты әлеуметтік қорғау
                               басқармасының№бастығы
Қожиев Болат Сандыбайұлы     - Атырау агротехникалық колледжінің
                               директоры (келісім бойынша)
Кузеняткина Вера Павловна    - облыс әкімі аппаратының
                               әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің
                               бас маманы
Өмірбекова Жайлы Бөкешқызы   - "Мемлекеттік қызметшілер
                               біліктілігін арттыру аймақтық
                               орталығы" коммуналдық мемлекеттік
                               қазынашылық кәсіпорнының директоры,
                               облыстық мәслихаттың депутаты
                               (келісім бойынша)
Серіков Төлеуіш Пәуеденұлы   - Атырау мұнай және газ институтының
                               ректоры (келісім бойынша)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады