Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу туралы Нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігінің 2006 жылғы 28 шілдедегі N 415 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2006 жылғы 21 тамызда тіркелген. Тіркеу N 4350. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 5 наурыздағы N 109 Бұйрығымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2008.03.05  N 109  (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан  қараңыз) Бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына , "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегі N 1305  қаулысына  өзгерістер енгізу туралы"»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 наурыздағы  N 216  және "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері" туралы 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111  қаулыларына  сәйкес  БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. "Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациядан өткізу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 13 ақпандағы N 79 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2192 тіркелген)   бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің төрағасы Б.С.Әбдірәсілов осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін он күнтезбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

      Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым министрі
міндетін атқарушының  
2006 жылғы 28 шілдедегі 
N 415 бұйрығымен бекітілген

  Білім беру ұйымдарын мемлекеттік
 аттестаттаудан өткізу туралы 
НҰСҚАУЛЫҚ

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық)»"Білім туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына , "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 3 қыркүйектегі N 1305  қаулысына  өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 наурыздағы 216  қаулысына  және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1111  қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті туралы ережеге сәйкес әзірленді.

      2. Нұсқаулық меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарын және жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды (бұдан әрі - аттестаттау) ұйымдастыру мен өткізу рәсімінің бірыңғай талаптарын белгілейді.

      3. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан (медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын қоспағанда) кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім  беру ұйымдарын, сондай-ақ кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске асыратын ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын аттестаттауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті (бұдан әрі - Комитет) ұйымдастырады және өткізеді.

      4. Жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта білімнің негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын, арнаулы және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарды аттестаттауды республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      5. Кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта білімнің негізгі және қосымша бағдарламаларын, мамандандырылған және арнаулы білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды аттестаттауды облыстың жергілікті атқарушы органы  жүргізеді.

      6. Жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта білімнің негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын (арнаулы және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын, спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын    қоспағанда) іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарды аттестаттауды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      7. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құрған білім беру ұйымдарын және халықаралық білім беру ұйымдарын, шетелдік оқу орындарының филиалдарын аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда басқаша көрсетілмесе, онда Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары үшін белгіленген тәртіппен өтеді.

      8. Білім беру ұйымдарын аттестаттау олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының мемлекеттік және/немесе ресми тілдерінде жүргізіледі.

      9. Білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестаттау білім беру ұйымдарының құрамында білім беру ұйымдарына арналған тәртіппен жүргізіледі.

      10. Алғашқы аттестаттау жаңадан құрылған:
      1) жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында - төрт жылдан кейін;
      2) кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында тиісті деңгейдегі бірінші бітіруші мамандарды даярлаудан кейін бір жылдан кешіктірмей;
      3) мектепке дейінгі және мектептен тыс білім беру ұйымдарында үш жылдан кейін өткізіледі.

      11. Білім беру ұйымдарын келесі аттестаттау бес жылда бір реттен артық емес жиілікпен өткізіледі.
      Мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары келесі оқу жылы кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.

      12. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу кезінде:
      1) білім беру ұйымдарының тиісті деңгейдегі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын орындауы;
      2) білім беру ұйымдарының білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтауы;
      3) білім беру ұйымдары өздерінің қызметтерінде білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауы анықталады.

      13. Аттестаттау өткізу кезіндегі зерделеу нысандары:
      1) берілетін білім беру қызметінің сапалық деңгейі;
      2) оқу-әдістемелік, тәрбие процестері;
      3) оқыту және тәрбиелеудің әдістері мен технологиялары;
      4) кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар;
      5) ақпараттандыру деңгейі;
      6) оқытудың инновациялық технологиялары (кредиттік оқыту жүйесі, қашықтықтан оқыту технологиялары);
      7) білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар (кадр құрамы, қаржы-экономикалық тұрақтылық, материалдық-техникалық және әлеуметтік база, оқытудың техникалық құралдары, ақпараттық-кітапханалық база, ғылыми-зерттеу және өндірістік базасы, педагогикалық және жоғары ғылыми білікті кадрлар даярлауға арналған базалар, өндірістік практикадан өтуге арналған базалар);
      8) негізгі жұмыс бағыттары (әкімшілік-ұйымдастыру жұмысы, әдістемелік жұмыс, оқу-әдістемелік жұмыс, білім беру сапасын басқару жөніндегі қызмет, ғылыми-әдістемелік жұмыс, ғылыми-зерттеу жұмысы, тәрбие жұмысы, жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми-педагогикалық кадрларды қайта даярлау, халықаралық ынтымақтастық, бітірушілерді жұмысқа орналастыру жөніндегі қызмет, кәсіптік бағдарлау жұмысы);
      9) білім беру сапасын басқару жүйесі.

      14. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу үшін ақпарат жинаудың негізгі әдістері мен тәсілдері:
      1) материалдық-техникалық базаны және әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын көзбен көру;
      2) білім және ғылым саласындағы заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында білім беру ұйымдары мен олардың бөлімшелерінің құжаттамаларын зерделеу (оның ішінде, ұйымдастыру, білім беру және тәрбиелеу процестері, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоспарлау, қатаң есептегі құжаттарды есепке алу, сақтау және беру, оқытушылар мен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, студенттер контингенті жөніндегі бұйрықтар);
      3) оқу процесінің көрсеткіштерін талдау, білім беру процесін ұйымдастыру;
      4) Бірыңғай ұлттық тестілеудің, Мемлекеттік аралық бақылаудың, оқуды бітірушілерді қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың нәтижелерін талдау;
      5) білім алушыларды, оқытушыларды, қызметкерлерді және оқушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын, мектеп бітірушілері мен жұмыс берушілерді іріктеп сауалнамадан өткізу;
      6) оқу сабақтарына қатысу;
      7) білім алушылармен, оқытушылармен және қызметкерлермен әңгімелесу;
      8) білім алушылардың білімі мен біліктілігіне тексеріс өткізу (кешенді тестілеу, бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығарма).

      15. Аттестаттау жалпы алғанда білім беру ұйымдары бойынша, одан басқа кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін сондай-ақ мамандықтар (кәсіптер) бойынша жүзеге асырылады.

      16. Білім беру ұйымдарын аттестаттауға арналған шығындар  бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

  2. Аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу

      17. Білім беру ұйымдарын аттестаттау аттестаттауды өткізу кестелеріне сәйкес жүргізіледі.

      18. Жалпы бастауыш, жалпы негізгі немесе жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта білім берудің негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын, арнаулы және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын  іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ  мектепке дейінгі және мектептен тыс ұйымдарды аттестаттаудан өткізу кестесін келесі күнтізбелік жылға 25 мамырға дейін республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдары) бекітеді және 1 маусымға дейін Комитетке электрондық нұсқасын ұсынады.

      19. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру ұйымдарын (медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын қоспағанда), сондай-ақ кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын іске асыратын ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын келесі күнтізбелік жылда аттестаттаудан өткізу кестесін Комитет ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін бекітеді.

      20. Аттестаттаудан өткізу кестесі білім беру ұйымдарына аттестаттаудан өткізгенге дейін үш айдан кешіктірілмей жеткізіледі.

      21. Бекітілген кестелерге:
      1) білім беру ұйымдарының аттестаттаудың мерзімін кейінге қалдыру қажеттілігі туралы дәлелді қорытынды келтірілген жазбаша өтініштері;
      2) жаңа заңды тұлғаларды құрумен байланысты білім беру ұйымдарын қайта ұйымдастыру;
      3) мемлекеттік аралық бақылаудың нәтижелері негізінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      22. Аттестаттаудың бекітілген кестелеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізілген жағдайда білім беру ұйымдары ол туралы аттестаттау басталғанға дейін үш ай мерзімнен кешіктірілмей хабардар етілуі тиіс.

      23. Мемлекеттік аттестаттаудан өтетін білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестаттау кестелеріне сәйкес мемлекеттік аттестаттау басталғанға дейін бір ай мерзімнен кешіктірмей Комитетке, жергілікті атқарушы органдарға мынадай сапалық және сандық сипаттамалар: жалпы сипаттама, кадрлық әлеует, әкімшілік-басқару қызметкерлері, қаржы-экономикалық тұрақтылық, оқу-әдістемелік жұмыс, ғылыми-зерттеу қызметі, оқу процесін ақпараттық және кітапханалық қамтамасыз ету, тәрбие жұмысы, материалдық-техникалық және әлеуметтік база, білім беру сапасын басқару жүйесі, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу орталығының қызметі, халықаралық ынтымақтастық, білім алушылардың білімін тексеру нәтижесі; лицензияның, тіркеу туралы куәліктің, жарғының көшірмелері бар құжатты ұсынады.
      Комитет, жергілікті атқарушы органдар ұсынылған  материалдарды талдауды жүзеге асырады.

      24. Аттестаттауды өткізу үшін Комитет, жергілікті атқарушы органдар аттестаттау комиссияларын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.

      25. Комиссияның құрамы білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу басталғанға дейін 20 күн бұрын Комитеттің, жергілікті атқарушы органдардың бұйрықтарымен бекітіледі. 
      Комиссияның төрағасы ретінде Комитеттің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері тағайындалады.

      26. Комиссиялардың құрамына:
      1) білім беру саласындағы тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері;
      2) білім беру ұйымдары қарамағына қарайтын мемлекеттік органдардың өкілдері;
      3) білім беру ұйымдарының, ата-аналар қауымының, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

      27. Білім беру ұйымдарын аттестаттаудан өткізу мерзімі - кемінде 10 күн. 
      Комитет, жергілікті атқарушы органдар аттестаттау комиссияларының дәлелді өтініштерінің негізінде аттестаттау мерзімін 3 күнге дейін ұзартуға құқылы.

      28. Комиссия төрағасы Ғылыми кеңестің кеңейтілген кезектен тыс отырысында комиссия мүшелерін таныстырады және олардың  арасында білім беру ұйымы қызметінің бағыттарын кешенді зерделеу жөніндегі нақты тапсырмаларды бөледі.

      29. Комиссияның жұмысы туралы хабарлау және тиісті жазбаша хабарландырулар дайындау білім беру ұйымының басшысына жүктеледі.

      30. Комиссия өзінің жұмысында білім беру ұйымдарының қызметін және білім беру сапасын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды регламенттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
      Комиссияның төрағасы Комиссия мүшелерін қажетті нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етеді.

      31. Комиссия мүшелері Комиссия төрағасына аттестаттау мәселелерін зерделеу барысы туралы ақпарат береді және оған білім беру ұйымы қызметінің көрсеткіштерін жан-жақты талдап, анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды нормативтік құқықтық актінің қай нақты нормасы бойынша бұзуға жол берілгеніне сілтеме жасалған анықтама, оларды жою жөніндегі ұсынымдар мен қорытындылар береді.

      32. Мектептен тыс білім беру ұйымдарын және жалпы бастауыш, жалпы негізгі, жалпы орта және кәсіптік бастауыш білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аттестаттау кезінде бітіруші сыныптарда білім алушылардың білімі мен іскерлігін тексеруді (кешенді тестілеу, бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар, шығарма) жергілікті атқарушы органдар құрған комиссиялар өткізеді.

      33. Кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аттестаттау кезінде Комиссия бітіруші курстардың білім алушыларын білімі мен іскерлігін (кешенді тестілеу, бақылау жұмысы, эссе, жобалық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар, шығарма) тексереді.

      34. Бекітілген кестелерге сәйкес кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары Комитетке немесе жергілікті атқарушы органдарына базалық және бейіндік пәндер циклына кіретін мемлекеттік аттестаттауды жүргізуге дейін білім алушылар оқыған барлық пәндердің тізбесін ұсынады.

      35. Білім алушылардың кешенді тестілеуін жүзеге асыру бойынша пәндердің тізбесін аттестаттау басталғанға дейін 20 күн бұрын Комитет немесе жергілікті атқарушы органдар анықтайды.

      36. Кешенді тестілеумен қатар білім алушылардың білімдері мен іскерліктерін бақылауды комиссия бақылау жұмыстары нысанында және білім мен іскерлікті бақылаудың басқа да түрлерінде жүзеге асырады.

      37. Кешенді тестілеудің рәсімдері және білім алушылардың білімдері мен іскерліктерін бақылаудың басқа да түрлері күндізгі оқу бөлімінің бітіруші курсында жүзеге асырылады.
      Күндізгі бөлімнің бітіруші курсында білім алушылар болмаған жағдайда немесе кешкі және сырттай оқу бөлімдерінде оқитын білім алушылардың саны жалпы контингенттің 50%-нан  жоғары болғанда, кешенді тестілеу мен бақылау жұмысын білім алудың осы нысандары бойынша білім алушылар да орындайды.

      38. Білім алушылар жазбаша бақылау жұмысын орындайтын мамандықтардың тізбесін аттестаттау басталғанға дейін 10 күн бұрын Комитет анықтайды.

      39. Комиссия әрбір мамандық бойынша білім мен іскерлікті бақылауды жүргізу үшін»"өте жақсы", "жақсы", "қанағаттанарлық" бағаларға оқитын білім алушылардың пропорциялық қатынасына байланысты саны 50 адам болатын білім алушылар контингентін анықтайды.  
      Егер, мамандық бойынша білім алушылардың саны 50 адамнан кем болса, онда бақылау жұмысын барлық білім алушылар орындайды.

      40. Білім алушылардың білімдері мен іскерліктерін бақылау  кешенді тестілеу пәндерінің тізбесіне кіретін бір бейінді пән бойынша орындалады, ол пәнді аттестаттау басталғанға дейін 20 күн бұрын Комитет анықтайды.
      Репрезентативтік бақылау жұмысында студент емтихан билетіне кіретін бес сұраққа жазбаша жауап береді. 

      41. Жүргізілген  бақылау жұмысын тексеруді және төрт баллды жүйемен бағалауды аттестаттау комиссиясының төрағасы бекіткен бірлескен комиссия жүзеге асырады. Бірлескен комиссияның құрамына аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшесі және білім беру ұйымының бір оқытушысы кіреді.
      Бес сұрақтың кем дегенде екі сұрағына дұрыс жауап бермесе, онда студентке қанағаттанарлықсыз деген баға қойылады.

      42. Кешенді тестілеу кезіндегі бағалау шкаласы (пайыздық қатынаспен) мынадай тәртіппен анықталады:
      "өте жақсы" - 88-100 %;
      "жақсы" - 75-87 % ;
      "қанағаттандырарлық" - 60-74 %;
      "қанағаттанарлықсыз" - емтихан материалдарындағы сұрақтар санының 60 %-нан төмен дұрыс жауап берілгенде қойылады.

      43. Мектепке дейінгі ұйымдарда кешенді тестілеу қызметкерлер мен ата-аналарды сауалнамадан өткізумен алмастырылады.
      Мектептен тыс және арнайы білім беру ұйымдарында (спорттық, әскери, өнер, психологиялық-медициналық-педагогикалық) білімді бақылаудың басқа түрлері, оның ішінде бақылау жұмысы, тыңдау, байқау, спорттық өлшеулер қолданылуы мүмкін.

      44. Кешенді тестілеудің нәтижелерін және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білімдері мен іскерліктерін бақылаудың басқа да түрлерін талдауды, қызметкерлер мен ата-аналарға сауалнама жүргізуді Комиссия жүзеге асырады.

      45. Аттестаттау кезінде бітіруші курста білім алушылар болмаған жағдайда, Комиссия осы мамандық (кәсіп) бойынша білім беру қызметінің лицензия талаптарына сәйкестігін тексереді.

      46. Сауалнама және басқа да сұраулар жүргізу кезінде  комиссия студенттік, жастар және  қоғамдық ұйымдарды тартады.
      Сауалнаманың және де басқа да сұраулардың нәтижелері білім беру ұйымының қызметін кешенді бағалауда ескеріледі.  

  3. Аттестаттаудың қорытындыларын шығару

      47. Комиссияның төрағасы барлық бөлімшелерді тексеру нәтижелерін жинақтайды және мемлекеттік аттестаттаудың қорытындылары туралы Комиссияның тұжырымын (бұдан әрі - Тұжырым) дайындайды. Оған мына бөлімдер кіреді:
      1) білім беру ұйымының жалпы сипаттамасы;
      2) кадрлық әлеуетті талдау;
      3) әкімшілік-басқару қызметкерлерінің қызметін талдау;
      4) қаржы-экономикалық тұрақтылығы;
      5) оқу-әдістемелік жұмысы;
      6) ғылыми-зерттеу қызметі;
      7) оқу процесін ақпараттық және кітапханамен қамтамасыз ету;
      8) шығармашылық қызметі (өнер саласындағы білім беру ұйымдары үшін);
      9) тәрбие жұмысы;
      10) материалдық-техникалық және әлеуметтік база;
      11) мамандықтар мен кәсіптерді аттестаттау;
      12) білім беру сапасын басқару жүйесі;
      13) жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу орталығының қызметі;
      14) халықаралық ынтымақтастық;
      15) сауалнама нәтижесі;
      16) білім алушылардың білімін бағалау нәтижелері;
      17) кемшіліктер мен ескертпелер;
      18) қорытындылар мен ұсыныстар.

      48. Тұжырымға Комиссияның төрағасы және барлық  мүшелері қол қояды. Комиссияның қорытындысымен пікірі сәйкес келмейтін Комиссия мүшесі өз ойын жазбаша түрде жазып, тұжырымға қоса тіркейді.
      Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлініп, келіспеушілік болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      49. Комиссия төрағасы Ғылыми немесе Педагогикалық кеңесті білім беру ұйымын мемлекеттік аттестаттау қорытындылары туралы хабардар етеді.
      Тұжырымның екінші данасы білім беру ұйымының басшысына беріледі, берілгені оның қол қоюымен расталады.  

      50. Тұжырымға мыналар қоса беріледі:
      1) білім беру ұйымының негізгі көрсеткіштері;
      2) білім беру ұйымының оқу және ғылыми бөлімшелерінің құрылымы;
      3) білім беру ұйымының басшылар құрамы туралы мәлімет;
      4) мамандықтар мен оқу нысандары бойынша білім алушылардың контингенті туралы мәліметтер;
      5) білім беру ұйымының профессор-оқытушы, педагогикалық құрамының сандық және сапалық сипаттамасы;
      6) білім беру ұйымы Жарғысының көшірмесі;
      7) барлық кестелер және сауалнаманың нәтижелері;
      8) кешенді тестілеу мен бақылау жұмыстарының нәтижелері;
      9) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі.

      51. Комиссия мынадай дәлелді шешім қабылдауға құқылы:
      1) аттестатталсын;
      2) аттестатталмасын.

      52. Білім беру ұйымы "аттестатталсын" деген шешім егер:
      1) білім беру қызметі білім берудің тиісті деңгейінің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарының талаптарына және білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына толық сәйкес болса;
      2) білім алушыларды кешенді тестілеу, сондай-ақ бақылау жұмысының нәтижелері бойынша бітіруші курстағы білім алушылардың 95%-ы қатысқан жағдайда тестілеуге қатысқандардың 70%-дан артығы  оң баға алғанда қабылданады.

      53.»"Аттестатталмасын" деген шешім білім беру ұйымы осы нұсқаулықтың 52-бабында көрсетілген аттестаттау шарттарының ең болмағанда біреуін орындамаған жағдайда қабылданады.

      54. Комиссияның шешімі ол қабылданғаннан кейін он күннен кешіктірілмей Комитеттің, жергілікті атқарушы органдардың бұйрықтарымен бекітілуге жатады.

      55. Комиссия шешімін атқарушы органдардың қайта қарауына болмайды.

      56. Кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымын аттестаттау фактісі оған аккредиттеу рәсімінен өту құқығын береді.

      57. Біліктілік талаптарының сақталмауына және білім алушылардың білім деңгейінің төмен болуына байланысты кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары аттестатталмаған жағдайда, тиісті мамандықтар бойынша лицензияның қолданысы алты айға дейінгі мерзімге тоқтатылады.
      Кәсіптік орта, кәсіптік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының біліктілік талаптарының, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының сақталмауына, білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына байланысты аттестатталмау фактісі білім беру ұйымының аттестатталмаған мамандықтары бойынша лицензиясының қайтарып алынуына және қайтарылған лицензияның лицензиарға қайтарылу мезгіліне дейін лицензиясы қолданысының тоқтатыла тұруына негіз болады.

      58. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензияның қолданысын тоқтатқан жағдайда лицензиар тоқтату мерзімі өткен соң аттестаттауды өткізу барысында анықталған кемшіліктерді жою барысын тексеру жөніндегі комиссияны құрады.
      Тексеру барысында білім алушылардың аттестаттау кезінде алған оң бағалар пайызы шекті деңгейден төмен болған мамандықтар бойынша бітіруші курстардың білім алушылары қайтадан кешенді тестілеуден өтеді.

      59. Кемшіліктерді жоюды тексеруге арналған шығыстар бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      60. Комиссия аттестаттау барысында анықталған кемшіліктерді жоюды тексеру қорытындысы бойынша анықтама дайындайды және онда білім беру ұйымдарының кемшіліктерді жою жөніндегі істеген жұмыстары келтіріледі, тиісті қорытындылар мен ұсыныстар жасалады.

      61. Кемшіліктерді жоюды тексеру жөніндегі комиссияның ұсынымдары негізінде Комитет, жергілікті атқарушы органдар тиісті бұйрықтар немесе қаулылар шығарады.

      62. Жеке мамандықтардың лицензиясын қайтарып алу туралы бұйрық немесе қаулы шыққаннан кейін білім беру ұйымы келесі семестр басталғанға дейін бұйрықты ескере отырып, лицензиарда лицензияның қосымшасын қайта ресімдеуі керек.
      Білім беру ұйымы бұл талапты орындамаған жағдайда ол білім беру қызметін лицензиясыз атқарып жатқан заңды тұлға ретінде қарастырылады және ол туралы ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға беріледі.

      63. Білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензия барлық мамандықтар бойынша қайтарылып алынған жағдайда, білім беру ұйымдары меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына және мемлекеттік бағыныстылығына тәуелсіз белгіленген тәртіппен таратылуы тиіс.

      64.  Егер аттестатталған мамандықтардың саны білім беру ұйымдарының түрін белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес болмаған жағдайда, құрылтайшылар білім беру ұйымдарының заңды мәртебесін белгіленген талаптарға сәйкестендіреді.

      65. Аттестаттау комиссиясының шешімдеріне білім беру ұйымдары заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануларына болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады