Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 2009 жылғы 6 сәуірдегі N 24-3 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Қарасай ауданының Әділет басқармасында 2009 жылдың 6 мамырында N 2-11-69 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 2010 жылғы 16 сәуірдегі № 39-8 шешімімен

      Ескерту.Күші жойылды - Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 16.04.2010 № 39-8 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
           
      Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 97 - бабының 2 – ші тармағына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы» Заңының 6 бабының 1 тармағының 15 тармақшасына сәйкес Қарасай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      
      1. Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері қосымшаға сәйкес белгіленсін.
      
      2. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау аудандық мәслихаттың депутаттар этикасы мен өкілеттігі, заңдылық пен тәртіптің сақталуы, азаматтардың мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясына /Ф.Баймұратова/, аудан әкімінің орынбасарына /Е.Қалиев/ жүктелсін.
      
      3. Осы шешім ресми жарияланғаннан 10 күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      
      Аудандық мәслихаттың кезектен
      тыс 24 – ші сессиясының төрағасы           Е.Нұрманбетов
      
      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы                                    М. Ахметов

 
      
                                       Қарасай аудандық мәслихатының
                                           2009 жылғы 6 сәуірдегі
                                          «Табысы аз отбасыларына
                                      (азаматтарға) тұрғын үй көмегін
                                        көрсету тәртібі және мөлшері
                                      туралы» № 24-3 шешіміне қосымша
 
 

Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсету тәртібі және мөлшері туралы
 

      Осы тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі және мөлшері (әрі қарай - тәртібі) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16-шы сәуірдегі “Тұрғын үй қатынастары туралы” № 94-1 Заңының 97 бабының 2 тармағына сәйкес  әзірленген тұрғын үй көмегінің мөлшері мен беру тәртібін белгілейді.
      Тұрғын үй көмегі халықты әлеуметтік қорғаудың бір түрі болып табылады, осы мекенде тұрақты тұратын және тұрғын үйдің иесі (жалдаушысы) болып табылатын тұрмысы төмен отбасыларына (адамдарға)  беріледі.
      Тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну  төлемінің шығындары тұрғын үй аумағының белгіленген әлеуметтік нормалары мен коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтерінің шегінде  отбасы бюджетіндегі оның жиынтық кірісінің 10 пайыздық үлесінен асқан жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалып жергілікті бюджеттен төленеді.
      Белгіленген нормадан тыс тұрғын үйді күтіп ұстау мен  коммуналдық қызметтердің тұтыну төлемін азаматтар жалпы негіздер  бойынша төлейді.
      Жеке меншігінде бірден артық тұрғын үйі (пәтері) бар  отбасылар, немесе тұрғын үйді (пәтерді) жалға берушілер тұрғын үй көмегін алу құқығынан айрылады.
      Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 8-бабының 1,2 тармақтарына сәйкес тұрғын үй  көмегін алу туралы өтініштер келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады. 

1. Қолданылатын негізгі анықтамалар

     1. Учаскелік комиссия- тұрғын үй көмегін сұраған отбасылардың (адамдардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін тиісті әкімшілік- аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия. Учаскелік комиссия өтініш берушілерден құжаттарын қабылдап оларды тіркейді және тұрғын үй көмегін берудің қажеттілігі туралы қорытындылар актілерді әзірлейді, уәкілетті органға бес күн ішінде тапсырады. Учаскелік комиссиялардың құрамын қоғамдық негізінде қала және ауылдық аумақтардың Әкімдері жергілікті өзін - өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер, тұрғындар, ұйымдар мен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының өкілдерінен құрылады. Учаскелік комиссиясының мәжілісі кем дегенде он күнде бір рет өткізіледі.
      2. Уәкілетті орган - тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын «жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Уәкілетті орган өтініш берушілерден және әкімдерден қоса тіркелген құжаттарымен және учаскелік комиссиялардың қорытындыларымен бірге өтініштер қабылдайды, оларды қабылдаған күннен бастап он күн ішінде  қарайды және тұрғын үй көмегін тағайындау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      3. Жиынтық кіріс – тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы (зейнетақы, мемлекеттік  арнаулы жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, еңбек ақы). Осы табыс түрлерін Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы, мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындар мен мекемелерден алуы керек. 

2. Тұрғын үй көмегін беру тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегі бір тоқсанға тағайындалады. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін есептеу мерзімі өтініш иесі өтінішімен қоса барлық қажетті құжаттарды тапсырған тоқсанда басталады.
      5.Тұрғын үйді күтіп ұстау мен коммуналдық қызмет  төлемдері бойынша  берешектері бар тұрмысы төмен отбасыларына (адамдарға) тұрғын үй көмегі жалпы негізде беріледі. Тұрғын үй көмегін алғанға  дейін болған берешектің өтемін коммуналдық қызмет көрсетушілер бақылауға алады және ағымдағы айларға тұрғын үй көмегін есептеу кезінде ескерілмейді.
      6.Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасылары (адамдар) оны рәсімдеу үшін өтінішімен қоса уәкілетті органға немесе ауылдық, кенттік аумақтарда құрылған учаскелік комиссияларға төмендегі  құжаттарды ұсынады:
      1) отбасының құрамын, тұрғылықты мекен - жайын растайтын  құжаттың көшірмесі;
      2) тұрғын үй аумағының көлемі, бөлме саны көрсетілген тұрғын  үй құжатының көшірмесі (жекешелендіру, сыйға тарту, сату – сатып алу, жалға беру келісім шарты және т.б. жылына бір рет);
      3) тұрғын үйді күтіп ұстаумен  коммуналдық қызметті тұтыну шығындары бойынша төленген және алынған көмірдің мөлшері және бағасы  көрсетілген түбіртек көшірмелері;
      4) Әділет басқармасынан жеке меншігіндегі бір үйден басқа үйі жоқ екені туралы анықтама, жылына бір рет;
      5) тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасардың алдындағы үш  айдағы (өткен тоқсандағы) отбасының жиынтық табысы туралы мәлімет. Табыстың түрлерін құжатпен растауға жататындар: еңбекпен тапқан табыс, зейнетақы, жәрдемақы және алименттер. Алимент  төлеуші:
      жұмыс істемесе және жұмыспен  қамту  жөніндегі уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелген болса (анықтама өткізсе);
      бас бостандығынан айырылған жерде немесе уақытша оқшаулап ұстауда болса (анықтама өткізсе);
      туберкулез, психоневрологиялық  диспансерлерде (стационарда) есепте тұрса немесе емдеуде, еңбекпен емдеу профилакторияларында  болса (егер анықтама өткізсе);
      Қазақстан Республикасымен тиісті келісімі жоқ мемлекетке  тұрғылықты жерге қоныс аударған жағдайда алиментті есепке алмай отбасының жиынтық табысы есептелінеді.
      Белгілі санаттағы тұлғалар үшін, қосымша құжаттарды дайындау керек: жұмыссыз – жұмыспен қамту бөлімінде тіркеуде тұрғаны туралы  анықтама, мүгедек- медициналық- сараптау комиссиясынан анықтама, жалғыз басты ана - № 4  үлгідегі  анықтама (Азаматтық хал актілерін  жазатын бөлімі берген).
      7. Тұрғын үй көмегін алушыларды қайта тіркеу әр үш ай сайын отбасының жиынтық табысы  туралы анықтамаларды және тұрғын үй коммуналдық қызметтер үшін төленген түбіртектерді тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
      8. Түбіртектерде өткен айдың шығындары көрсетіледі. Күтімге мұқтаж деп танылған I және II топтағы мүгедектерге, жасы сексеннен асқан тұлғаларға күтім жасайтын немесе жұмыс істемейтін, жеті жасқа  дейінгі балаларды тәрбиелеумен айналысатындарды, мемлекеттік  бәсірелік әлеуметтік көмек алатындар ішінен өз бетімен жұмыс  жасайтын адамдарды есептемегенде, оқымайтын, әскери қызмет   атқармайтын және жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту бөлімдерінде тіркелмеген еңбекке қабілетті тұлғалары бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      9. Өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етілетін тұрғын үйлер  аумағының нормалары Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңымен белгіленген отбасының әр мүшесіне тұрғын үй көмегін  беру нормаларына баламалы. Аумақтың тұрғындары қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтермен (сумен қамтамасыз ету, жарық және жылу энергиясы, табиғи газ тағам дайындау және табиғи газ жылуы үшін) пайдалану көрсеткіштері нормаларын аудан Әкімдігі келісім белгілейді.
      10. Отбасының тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызмет шығындарының белгіленген шекті үлесі, отбасының кірісі және тұрғын үйлерді ұстау қызметі төлемдерінің (тарифтерінің) мөлшері өзгергенде, бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегі қайта есептелінеді.
      11. Тұрғын үй көмегін алушы тұрмысы төмен отбасылар (адамдар) үй меншігі  түрінің, отбасы құрамының, оның мәртебесінің және  жиынтық  кірісінің кез-келген өзгерістері туралы “Қарасай ауданының  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” мемлекеттік  мекемесіне он күн ішінде хабарлауға тиісті.
      12. Тұрғын үй көмегін алушылардың біле тұра жалған құжаттар алынуының салдарынан көмектің заңсыз тағайындалуына және төленуіне, мөлшерінің дұрыс есептелмеуіне жол берілген жағдайда көмек алушылар артық алған сомаларды бір жыл аралығында ерікті түрде қайтаруы тиіс,  қайтарудан бас тартқан жағдайда сот арқылы қайтарылады.
      13. Азаматтарға  тұрғын үй көмегі  уақытша  тоқтатылады егер  оны  алушы:
      1) Осы тәртіпте белгіленген мерзімде тиісті құжаттарды  ұсынбаса;
      2) Алатын тұрғын үй көмегін тиісті мақсатқа пайдаланбаса және тұрғын үйді күтіп ұстау мен коммуналдық қызмет төлемдері мен байланыс  қызмет төлемдерін уақытында төлемесе уақытша тоқтатылады.
      3) отбасы құрамының, мекен-жайының, табысының өзгеруі тұрғын үй  көмегін алу құқығынан айырады.
      14. Өтініш беруші мен алушы уәкілетті органның және оның қызметкерлерінің іс- әрекеттері мен шешімдеріне жоғары тұрған уәкілетті органдарға, сондай – ақ сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
      15.Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының тиісті Заңдарына сәйкес  тұрғын үй  көмектің тағайындалуы мен оны төлеуді ұйымдастырудың дұрыстығы үшін жауапты болады. 

3. Жеке үйлерде тұратын өздері от жағатын табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін беру тәртібі

      16.Жеке үйде тұратын өздері от жағатын табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегі үй иелеріне, сенімхаты бар жалдаушыға беріледі.
      17. Аудан бойынша көмірдің бағасын есептеу үшін, аумақтың  тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ететін аудан әкімдігі белгілейді.
      18. Тұрғын үйге барлық әлеуметтік нормадағы көмір шығыны көмір  алу маусымдық болғандығына байланысты от жағу маусымында үш айға бір жолғы тұрғын үй көмегін есептеу ескеріледі.
      19. Жеке үйде тұратын отбасыларына тұрғын үй көмегін  тағайындағанда құжат тапсырған отбасының өткен тоқсандағы орташа  кірісі  есептелінеді. Отбасының алдыңғы тоқсанының орташа кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспау тиіс. Жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерге ең төменгі деңгейі қолданбайды.
      20. Электр энергиясына, газбен, сумен қамтамасыз етуге, күл-қоқысты шығаруға және алынған көмірдің мөлшері және бағасы  көрсетілген түбіртекте құжаттарды тапсырған тоқсанның алдыңғы өткен  айларының ең жоғары мөлшері шығындары көрсетіледі.
      21. Жеке қосалқы шаруашылықтан – үй малын, құс өсіруден, бау бақша көкөністер өсіруден түскен табыс жиынтық табыстың құрамына қосылады.
      Жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табысты уәкілетті орган мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға қолданылып жүрген нормативтік карточкалар негізінде есептелінеді.
      22. Отбасы құрамына қолданыста жүрген заңға сәйкес тұрғылықты  жері бойынша әділет басқармасы органдарында тіркелген адамдар  кіреді. Жиынтық табыс отбасының барлық мүшелерінің және осы мекен – жайда тіркелген басқа адамдардың өткен тоқсандағы кірісін қосу  арқылы есептелінеді.
      23. Бір тоқсанда бір жолғы табысы болса, жиынтық табысты  есептегенде барлық табысты ай санына бөліп, шыққан табыс мөлшері үш  айға көбейтіледі. Егер отбасының бір мүшесі тоқсанда толық жұмыс  істемесе, онда отбасының жиынтық табысын анықтауда оның табысы осы  тоқсанда жұмыс істеген уақытына есептелінеді. 

4. Тұрғын үй көмегінің мөлшері

      24. Тұрғын үй көмегінің мөлшері тұрғын үйді күтіп ұстау мен коммуналдық қызметтер үшін нақты төленген сомадан аспауы тиіс.
      25. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді күтіп ұстау мен коммуналдық  қызмет шығындарын өтеу ретінде беріледі.
      26. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
      1) жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 шаршы метр;
      отбасында 2 адамы барлар үшін - 42 шаршы метр;
      отбасы 3 және одан көп адамнан тұратындар үшін - әрқайсысына  18
      шаршы  метр, бірақ  үйдің ( пәтердің) жалпы  ауданынан  аспауы  керек;
      2) табиғи газ тағам дайындау үшін 1 адамға жұмсалатын – 12,5 м3;
      3) табиғи газ 1 шаршы метрге жылуы үшін жұмсалатын - 7 м3;
      4) газ  тұтыну – жеке  үйде  тұратын отбасылары үшін 1 айға 1 кішкене баллон;
      5) электр энергиясын қолдану:
      1 адамға – 45 киловатт;
      2 адамға – 90 киловатт;
      3 және одан көп адамнан  тұратын отбасына – 150 киловатт.
      6) от жағу маусымына – 4 тонна көмірді жыл бойына беру  есептелінеді.
      7) 1 адамға от жағу айына көмір 500 килограммнан аспауы керек.

5. Тұрғын үй көмегін төлеу

      28. Тұрғын үй көмегінің төлемі “Қарасай ауданының жұмыспен  қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” мемлекеттік мекемесі мен  облыстық поштаның орталық атқару органы филиалдары арасында жасалған  Агенттік Келісім негізінде көмек алушылардың дербес шоттарына  есептелген сомаларды аудару жолымен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады