"Қызылорда облысының аумағында құрылыс салу Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2006 жылғы 20 сәуірдегі N 282 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық мәслихатының 2009 жылғы 27 наурыздағы N 144 шешімі. Қызылорда облыстық Әділет департаментінде 2009 жылғы 08 мамырда N 4229 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 10 шілдедегі N 123 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 10.07.2013 N 123 шешімімен.

      РҚАО ескертпесі:
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21-бабының 4) тармақшасына және "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 425 қаулысына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. "Қызылорда облысының аумағында құрылыс салу Ережесін бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2006 жылғы 20 сәуірдегі N 282 шешіміне (нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 4157 нөмірімен тіркелген, облыстық "Сыр бойы" газетінің 2006 жылғы 24 мамырдағы N 105, "Кызылординские вести" газетінің      2006 жылғы 25 мамырдағы N 96 сандарында жарияланған) мына өзгеріс енгізілсін:
      аталған шешіммен бекітілген Қызылорда облысының аумағында құрылыс салу Ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын.
      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облыстық мәслихатының
      ХV сессиясының төрағасы                        І. Баймұханов

      Қызылорда облыстық
      мәслихатының хатшысы                           Н. Құдайбергенов

Қызылорда облыстық мәслихатының
      2009 жылғы 27 наурыздағы
      N 144 шешіміне қосымша

      Қызылорда облыстық мәслихатының
2006 жылғы 20 сәуірдегі
N 282 шешімімен бекітілген

Қызылорда облысының аумағында құрылыс салу
ЕРЕЖЕСІ

      1. Қызылорда облысының аумағында құрылыс салу Ережесі Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңдары және "Объектілерді салу үшін бастапқы материалдарды (деректерді) және рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу мен беру тәртібін оңайлату жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы N 425 қаулысы негізінде әзірленген.
      2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі:
      1) оның қоршаған ортаға әсерiн бағалауды ескере отырып ҚР Экологиялық кодексiнде белгiленген объектiлердiң жiктелуiне сәйкес жүзеге асырылуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауiпсiздiк пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды көздейді.
      2) халықтың, аумақтар мен елді мекендердің қауіпті (зиянды) табиғи және техногендік, антропогендік құбылыстар мен процестердің әсер етуінен қауіпсіздігі жөнінде заңнамамен белгіленген талаптарды қамтамасыз ету ережелеріне негізделеді;
      3) заңнамамен белгіленген тәртіппен тарих және мәдениет ескерткіштері мен қорғалатын ландшафтық объектілер деп танылған аумақтар мен объектілердің сақталу талаптарына негізделеді.
      3. Халықтың демалуына арналған аумақты таңдау кезiнде қорғалатын ландшафтық объектiлер мен тарихи және мәдени ескерткіштерге жатқызылған объектiлердiң болуы ескерілуі қажет.
      4. Меншiк иелерi не жер пайдаланушылар жер учаскелерiн құрылыс салу үшін (коммуникацияларды жүргізу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен бекiтiлген жобалау құжаттамасына сәйкес және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлуді, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану ережелерiн сақтай отырып қана жүзеге асыра алады.
      5. Қызылорда облысының аумақтарында құрылыс жұмыстарының барлық түрлері белгіленген тәртіпте, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеке және заңды тұлғаларға берілетін рұқсат етуші құжаттар болғанда жүргізіледі.
      6. Жеке және заңды тұлғалар (тапсырыс берушілер) жобалау құжаттамасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы негізінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органынан жұмыстар жүргізуге рұқсат алады.
      7. Іргелес аумақтарда, үйлерде және ғимараттарда тіршілік іс-әрекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ыңғайлы технологиялық процесті ұйымдастыру және құрылыстың эстетикалық қабылдауын қалыптастыру мақсатында объектілердің немесе кешендердің құрылысы кезеңінде құрылыс алаңын абаттандыру, жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген құрылыстың бас жоспарына және жұмыстарды жүргізу жобасына сәйкес қоршаулар жасау, кірме жолдар мен жаяу жол өткелдерін ұйымдастыру, автокөлікті жуу және басқа да іс-шаралар көзделеді.
      8. Салынған объектілерді пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі мен "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңымен реттеледі.
      9. Салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы оның бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiрлiгi және жұмыс комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда жүргiзедi.
      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектіні пайдалануға қабылдауды меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылысты салушы) дербес жүргізеді.
      10. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 74-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының оң шешімі болмайынша, салынған объектіні пайдалануға жол берілмейді.
      11. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының салынған объектілерді пайдалануға қабылдау туралы актісі (ал мемлекеттік нормативте белгіленген жағдайларда қабылдау комиссиясының актісі) дайын құрылыс өніміне мүліктік құқықты тіркеу кезінде бастапқы ерекше құжат болып табылады.
      12. Қабылдау актiсiн бекiтудi мемлекеттiк қабылдау комиссиясын тағайындаған инстанция жүргiзедi.
      Қабылдау актісін бекіту:
      1) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде;
      2) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектiлер бойынша - актiге қол қойылған күннен бастап (жетi күннен) аспайтын мерзiмде жүргiзiледi.
      13. Комиссияны тағайындаған инстанцияның объектiнi пайдалануға қосу туралы актiнi бекiткен күнi мемлекеттiк қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға қосылған күнi деп есептеледi.
      14. Мемлекеттiк қабылдау комиссиясының немесе қабылдау комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi олардың тағайындалған кезiнен басталады және объектiлердi пайдалануға қабылдау туралы акт бекiтiлген кезден бастап тоқтатылады.
      15. Жұмыс комиссиясының нақты объект бойынша өкiлеттiктерi оның тағайындалған кезiнен басталады және пайдалануға қосылған объектiнi кешендi тексеру жөнiнде заңдарда белгiленген тәртiппен ресiмделген қорытынды тапсырысшыға берiлген кезден бастап тоқтатылады.
      16. Тұрғын аумақтарға құрылыс салу қалалардың және облыстың елді мекендердің бекітілген бас жоспарына сәйкес орындалған құрылыс салу жобасы бойынша жүзеге асырылады.
      17. Жаңа тұрғын үй құрылысын салуда өмір сүрудің жайлы жағдайларын қамтамасыз ететін, тұрғындарға инженерлік қызмет көрсетулер мен әлеуметтік кепілді минимуммен қамтамасыз етілген қала құрылысы кешені түріндегі тұрғын үй орталығын қалыптастыру қарастырылады.
      18. Тұрғын аумақтарға құрылыс салу сәулет-қала құрылысы құжаттамасының негізінде жүзеге асырылады.
      19. Объектінің немесе кешеннің құрылысын жүзеге асыру барысында жеке және заңды тұлғалармен (тапсырыс берушілермен) мүгедектердің ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылғылар қарастырылуы қажет. Объектілерде және кешендерде мүгедектердің қозғалысы үшін арнайы құрылғыларды орнату қажеттілігі жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарымен (қызметтерімен) дайындалған сәулет-жоспарлау тапсырмасымен анықталады.
      20. Қала құрылысы қызметіне бақылау жасау мемлекеттік қала құрылысы нормативтері мен ережелеріне, бас жоспарға және басқа қала құрылысы құжаттамасына сәйкес қала құрылысы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады