Аудандық коммуналдық меншік туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 4 қыркүйектегі N 799 қаулысы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Әділет басқармасында 2009 жылғы 14 қыркүйекте N 14-7-83 тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2011 жылғы 24 қазандағы N 1962 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2011.10.24 N 1962 Қаулысымен.
      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне (ерекше бөлімі), Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы "Мемлекеттік кәсіпорын туралы", және 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңдарына, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 2 наурыздағы N 70 "Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2004 санымен тіркелген қаулысына сәйкес және аудандық коммуналдық меншікті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Аудандық коммуналдық мүлкін мүліктік жалға беру мынадай жағдайларды қоспағанда, тек тендерлік негізде жүргізіледі:
      1) мемлекеттік мекемелерге, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға, сонымен бірге жарғылық капиталында аудан әкімдігі 100% қатысатын заңды тұлғаларға мүліктік жалға беру;
      2) қызметтері азаматтардың денсаулығын қорғауға, қайырымдылық және білім беру мақсаттарына бағытталған коммерциялық емес ұйымдарды орналастыру үшін жайларды беру;
      3) жалға берушінің жазбаша келісімімен теңгерім ұстаушы жүзеге асыратын теңгерімдік құны 150 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын құрал жабдықтарды және жайларды курстық сабақтар, конференциялар, семинарлар, концерттер, спорттық және осындай басқада іс-шаралар өткізу үшін бір айдан аспайтын мерзімге жалға беру;
      4) тендер өткенге дейін үш айға дейінгі мерзімге мүлікті жалдап отырған жалдаушыға жалға беру;
      5) ауданы 50 шаршы метрге дейінгі жайларды жалға беру.
      2. Қоса беріліп отырған аудандық коммуналдық мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беру жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Ш.Кенжеевке жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.      

      Аудан әкімі                                Қ.Хаметов      

      Мақтаарал ауданы әкімдігінің
      2009 жылғы 4 қыркүйектегі
      N 799 қаулысымен бекітілген

      Аудандық коммуналдық мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беру жөніндегі нұсқаулық

       1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мақтаарал ауданының коммуналдық мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беру жөніндегі осы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне (ерекше бөлімі), және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 2 наурыздағы N 70 "Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық мүлкін мүліктік жалға (жалдауға) беру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2004 санымен тіркелген қаулысына, нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2004 санымен тіркелген қаулысына сәйкес әзірленді және ауданның коммуналдық мүлкін жалға берудің негізгі принциптері мен тәртібін белгілейді.       

      2-тарау. Тендерді өткізу тәртібі       1-бөлім. Негізгі ережелер

      2. Аудандық коммуналдық мүлік объектілерін мүліктік жалға (жалдауға) беруді объектінің теңгерім ұстаушысының ұсынысы бойынша және мемлекеттік басқару органының келісімімен (коммуналдық кәсіпорын объектілері үшін) жалға беруші жүзеге асырады.
      3. Аудандық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жарты жылда бір рет, есепті кезеңнен соңғы айының 25-і күнінен кешіктірмей жалға беру мерзімдері, жайлардың алаңдары, орналасқан орны көрсетілген бос жайлар туралы аналитикалық мәліметті жалға берушіге табыс етеді.
      4. Тендер өткізу кезінде жалға беруші өзіне ұсынылатын бастапқы талаптар негізінде мүліктік жалдауға ұсынылатын объект үшін жоғарғы жалгерлік ақыны ұсынған тендер қатысушысымен шарт жасасады.      

       2-бөлім. Тендерлік құжаттама

      5. Жалға беруші тендерді өткізу үшін құрамына жалға беруші мен теңгерім ұстаушының өкілдері құрамына кіретін комиссия құрады. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ және үш адамнан кем болмауы керек.
      Конкурстық комиссияның төрағасы болып тендер ұйымдастырушының бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымды адам айқындалуы тиіс.
      6. Комиссияның отырысы, егер оған комиссия мүшелерінің кемінде 2/3-і қатысса, заңды болып табылады.
      Комиссияның шешімі қатысушы комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
      7. Тендерлік комиссия хатшысы тендерлік комиссия мүшесі болып табылмайды және оның тендерлік комиссия шешімін қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.
      Тендерлік комиссия хатшысы тендерге қатысуға келіп түскен өтінімдерді тіркеу кітаптарын жүргізеді, тендерлік комиссия мәжілістерінің хаттамаларын ресімдейді.
      8. Жалға беруші осы Нұсқаулықтың 3-тарауына сәйкес есептелетін, негізгілерінің бірі жалдау ақысы мөлшерлемесінің бастапқы көлемі болып табылатын тендердің шарттарын әзірлейді.
      9. Жалға беруші жарияланған тендер өткізілетін күнге дейін, он бес күннен кешіктірмей, мүліктік жалдауға ұсынылған объектілер туралы ақпараттық хабарламаны бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілінде жариялайды.
      Тендер өткізу туралы ақпараттық хабарламада төмендегі деректер қамтылуы тиіс:
      1) жалға беру объектісі жөнінде, оның орналасқан жері, теңгерімінде болып табылатын ұйымның атауы мен орналасқан жері қамтылатын ақпарат;
      2) мүліктік жалдау мерзімі;
      3) айлық жалдау ақысының бастапқы мөлшерлемесі;
      4) тендердің шарттары немесе жеңімпазды таңдаудың критерийлері;
      5) тендер өткізу күні, уақыты және орны;
      6) тендерге қатысуға өтініштерді қабылдау мерзімі;
      7) кепілді жарнаның сомасы;
      8) жалға берушінің қалауы бойынша басқа да ақпараттар.
      10. Тендерді ұйымдастыру және өткізу шығындары аудандық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылады.
      11. Тендерлік құжаттама мына төмендегі негізгі бөлімдерді қамтуы тиіс:
      1) тендер объектісі жөніндегі мәлімет;
      2) өтінім мазмұны бойынша талаптар және онымен бірге ұсынылатын құжаттар;
      3) тендер өткізу тәртібі мен шарттары;
      4) жалға беру келісім-шартының жобасы;
      5) тендерге қатысу үшін өтінім нысаны.
      12. Тендерге қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарламалар жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер басталуына бір күн қалғанда аяқталады.
      13. Тендер өткізу туралы ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін объектілер туралы және тендер өткізу шарттары туралы барлық мәліметтерге тілек білдірушілердің еркін қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.      

      3-бөлім. Тендерге қатысуға өтінім

      14. Тендерге жеке және заңды тұлға қатыса алады.
      15. Тендерге қатысуға ниет білдірген қатысушы жалға беруші қарастырған көлемде, нысанда, тәртіпте және шарттарда өтінімдерді ұсыну мерзімдері аяқталғаннан кейін өз өтінімін өзгертпейтініне немесе қайтармайтынына және егер оның өтінімі жеңген жағдайда, мүліктік жалға беру туралы шарт жасасуына кепілдік беретін кепілдік жарнаны төлейді.
      16. Кепілдік жарнаны қатысушы тендер ұйымдастырушының тиісті есеп шотына төлейді. Бұл орайда, кепілдік жарнаның мөлшері барлық тендер қатысушылары үшін бірдей болуы тиіс.
      Кепілдік жарна жалға берілетін объектінің бастапқы бағасынан 10 пайыз мөлшерінде есептеледі.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2010.06.28 N 624 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.
      17. Тендерге қатысу үшін жалға берушіге жазбаша түрде өтінім беріледі, оның ішінде төмендегілер көрсетіледі:
      1) ұйымның толық атауы, заңды мекен-жайы, есеп айырысу шоты (заңды тұлға үшін);
      2) аты-жөні, мекен-жайы, төлқұжаттың немесе жеке тұлғаны куәландыратын өзге де құжаттың мәліметтері (жеке тұлға үшін);
      3) қатысушы тендерді өткізу талаптарымен танысқаны және келіскені туралы растау.
      18. Тендерге қатысу үшін берілетін өтінімге төмендегі құжаттар қоса тіркеледі:
      1) заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің; жарғының;
      Қазақстан Республикасы салық төлеушісі куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      кепілді жарнаның салынғанын растайтын құжат;
      2) жеке тұлғалар үшін – жеке куәліктің;
      Қазақстан Республикасы салық төлеушісі куәлігінің нотариалды расталған көшірмелері;
      кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын құжат;
      3) баға ұсынысы – жабық конверттің ішінде тапсырылатын объектіні жалдау бағасы көрсетілетін ұсыныс.
      19. Тендер басталғанға дейін тендерге қатысушылар жөніндегі мәліметтерді жариялауға болмайды.
      20. Комиссия төмендегі жағдайларда тендерге қатысу үшін ұсынылған өтінішті қабылдамауға құқылы:
      1) тендерге қатысушының өзі туралы жалған мәлімет беруі;
      2) тиісті түрде ресімделмеген сенімхат (өкіл үшін);
      3) кепілдік жарнаның салынғанын растайтын құжаттың болмауы;
      4) көрсетілген мерзімді бұза отырып, берілген өтінім;
      5) егер тендерге қатысушы бұрынғы тендер жеңімпазы бола тұрып аудандық коммуналдық мүліктік жалдау шартын жасасу және орындау бойынша міндеттемелерін орындамаса.
      Басқа негіздер бойынша өтінімді қабылдамауға жол берілмейді.
      21. Тендерге қатысушының:
      1) жалға берілетін объект жөнінде тегін мәлімет алуға;
      2) объектіні алдын-ала қарауға;
      3) жалдау шарты жобасының талаптарымен танысуға;
      4) жеке өзі немесе тиісті түрде ресімделген сенімхат негізінде өзінің өкілі арқылы тендерге қатысуға;
      5) жалға берушіге жазбаша хабарлап өзінің тендерге қатысу өтінімін ол басталғанға дейін бір тәулік бұрын қайтарып алуына;
      6) өзінің құқықтары бұзылған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы.

4-бөлім. Тендер рәсімі

      22. Тендерді комиссия өткізеді.
      Тендер басталар алдында жалға берілетін аудандық коммуналдық меншік объектісі, оның техникалық деректері және бастапқы жалдау ақысы хабарланады.
      23. Тендер өткізілген кезде:
      1) объектіні мүліктік жалға алуға тілек білдіретін бірнеше қатысушы қатысса, комиссия жалға беріліп отырған объектіге ең жоғары жалдау ақысын ұсынған Қатысушыны тендер Жеңімпазы деп жариялайды;
      2) жалға берілетін объектіге жалғыз қатысушы қатысқан жағдайда, онымен қатысушы ұсынған жалдау ақысы бойынша жалдау шарты жасалады, бірақ ол баға бекітілген бастапқы жалға беру ақысынан төмен болмауы керек.
      24. Егер тендер өткізілген кезде барлық қатысушылар жалға берілетін объектіге бірдей жалдау ақыларын ұсынса, тендер комиссиясының шешімі комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруімен қабылданады және тендер комиссиясы мүшелері отырысына қатысушылар жалпы санының көпшілік дауысы берілген шешім қабылданды.
      25. Жалға берілген объектінің жалдаушысы болып табылатын тендерге қатысушы тендер өткізу кезінде жалға беру құқығының артықшылықтарын пайдаланылады, яғни тендер өткізу кезінде қатысушылардың барлығы тең баға ұсынса, сол коммуналдық мүлік объектісінің бұрынғы жалгері жеңімпаз болып табылады. Бұл талап жөнінде тендерге қатысушылар ол басталғанға дейін ескертілуі тиіс.

5-бөлім. Тендердің қортындыларын ресімдеу

      26. Тендер қортындысы комиссия мәжілісінің хаттамасымен ресімделеді, онда төмендегілер көрсетіледі:
      1) комиссия құрамы;
      2) объектінің атауы;
      3) тендер шарттары;
      4) тендерге қатысушылар туралы деректер;
      5) тендер өткізу кезінде белгіленген жалдау ақысының мөлшерлемесі;
      6) тендер жеңімпазы;
      7) жалға беруші мен тендер жеңімпазының шартқа қол қоюы бойынша міндеттемелері;
      8) жеңімпаздан кейін жалдау ақысының ең жоғары мөлшерлемесін ұсынған тендерге қатысушы.
      27. Тендер нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі тендер жеңімпазына беріледі және оның жалдау шартын жасасу құқығын куәландыратын құжат болып табылады.
      28. Хаттамаға комиссияның тендерге қатысушы барлық мүшелері қол қояды.
      29. Тендер жеңімпазы жалдау шартын жасасудан бас тартқан жағдайда ол салған кепілдік жарнасы ұсталып қалады және аудандық бюджетке аударылды. Мұндай жағдайда жалға беруші жеңімпаздан кейін жалдау ақысы мөлшерлемесінің ең жоғарғысын ұсынған тендер қатысушысымен жалдау шартын жасасуға құқылы.
      30. Кепілдік жарнасы төмендегі жағдайларда қайтарылмайды:
      1) егер тендер қатысушысы тендерлік құжаттамаларды ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін баға ұсынысын кері қайтарса немесе өзгерткен жағдайда;
      2) тендер жеңімпазына, егер ол тендерге қатысу кезінде көрсетілген ұсыныстарға жауап беретін шарттар бойынша шартты жасасудан бас тартқан жағдайда.
      Қалған барлық жағдайларда кепілдік жарналар қатысушының реквизиттері көрсетілген тендер қатысушысының кепілдік жарнасын қайтару туралы өтініші негізінде қайтарылады.
      31. Тендер жеңімпазының кепілдік жарнасы мүліктік жалға беру шарты бойынша жасалатын төлемдерге жатқызылады.

3-тарау. Жалдау шартын жасасу және объектіні
      жалдаушыға тапсыру тәртібі.

      32. Жалға беруші тендер жеңімпазымен шартты тендер хаттамасына қол қойған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей белгілі бір мерзімге жасасады.
      33. Мүліктік жалдау (жалға беру) объектісін жалға беруші бекітетін қабылдау-өткізу актісі бойынша теңгерім ұстаушысы жалдаушыға өткізеді, онда төмендегілер көрсетіледі:
      акт түзудің күні мен орны;
      өкілдерге тараптардың мүдделерін білдіруге уәкілеттік беретін құжаттардың атауы мен реквизиттері;
      объектіні өткізуге негіз болып отырған мүліктік жалдау шартының күні және нөмері;
      өткізілетін объектінің техникалық жағдайы, жарамсыздығын (егер болса) көрсете отырып;
      тараптардың мөрлерімен (заңды тұлғалар үшін) расталған қолдары.
      34. Қабылдап-өткізу актісі үш данада жасалады, оның біреуі жалға берушіде сақталады, екіншісі - жалдаушыға тапсырылады, үшіншісі – теңгерім ұстаушыда болады.
      35. Теңгерім ұстаушы жалдаушыға жалдау шартына қол қойылған күннен бастап 5 күннен аспайтын мерзімде объектіні тапсыруды қамтамасыз етуге міндетті. Жалдау ақысы қабылдап-өткізу актісіне қол қойылған күннен бастап есептелінеді.
      36. Жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін немесе шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда жалдаушы жалдау объектісін қабылдау-өткізу актісі бойынша бастапқы жай–күйінде табиғи тозуды есепке ала отырып, сонымен қатар қарыздардан және басқа да міндеттемелерден бос күйде теңгерім ұстаушыға қайтаруға міндетті.
      37. Өз міндетін лайықты түрде атқарған жалға алушының, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шарт мерзімі аяқталғаннан кейін басқа тұлғалардың алдында мүлік жалдау шартын жаңа мерзімге жасау үшін басқадай тең жағдайларда артықшылықты құқығы болады.
      38. Кемінде бір жыл мерзімге шарт құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуге жатады. Жалдау шартын мемлекеттік тіркеуден өткізу жалдаушының есебінен жүзеге асырылады.
      39. Жалға алушы, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мүлікті дұрыс күйде ұстап–тұтынуға, ағымдағы жөндеуді өз есебінен жүргізуге және мүлікті ұстап–тұтынуға кететін шығындарды көтеруге міндетті.
      40. Жалдаушы бір айдан кешіктірмей жалға берушіні жазбаша түрде ескерте отырып, шартты мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.
      41. Шарт әрекеті мерзімінен бұрын мына жағдайларда тоқтатылады:
      1) заңды тұлға ретінде жалдаушының таратылуы;
      2) жалдаушының жалға беру шартының талаптарын бұзған жағдайда;
      3) заң актілері мен шартта белгіленген жағдайларда жалға беруші немесе жалдаушының талабы бойынша;
      4) жайды жалға алғаны үшін төлемақы шартта белгіленген мерзімде екі реттен көп төленбеген жағдайда;
      5) Қазақстан Республикасы заңнамаларында немесе шартта белгіленген басқа да жағдайларда.
      42. Бір жақты тәртіппен шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сот тәртібімен шағымдануға болады. Сот шешімі күшіне енгенге дейін объект шартқа сәйкес жалдау ақысын төлеп отырған жалдаушыда сақталады.
      43. Қандай да бір негіздер бойынша жалдау шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сонымен бірге, бұрын жалға берілмеген объекті пайда болған жағдайда жалға беруші тендер өткізілгенге дейін базалық мөлшерлемені қолдана отырып, кез келген жалдаушымен жаңа жалдау шартын жасасуға құқылы.
      Аталған жағдайларда тендер үш ай мерзімінен кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

4-тарау. Жалдау ақысын есептеу тәртібі

      44. Жалдау ақысы аудандық мүліктің жалдау шарттары бойынша аудандық бюджетке аударылады.
      45. Жалға ұсынылатын жылжымайтын мүліктің жалдау ақысының мөлшерлемелері осы Нұсқаулықтың 1-қосымшасына сәйкес анықталады.
      46. Жылжымалы мүлікке (құрал-жабдықтар) жалдау ақысының базалық мөлшерлемесі жалға берушімен мына төмендегі формула бойынша есептеледі:

Жа =

(Бқ * Өм) + (Ққ * Қж)

12

      Жа - мүлікті жалдағаны үшін айлық жалдау ақысының мөлшерлемесі (теңге);
      Бқ - бекітілген активтердің (мүліктердің) бастапқы құны, теңге;
      Өм - Қазақстан Республикасының салықтық заңнамасына сәйкес (жалға беруші мүлікті жалдауға тапсырылатын жабдықтардың жеделдетілген өтеліміне өтелім мөлшерлемесіне түзету енгізу құқығы бар) анықталатын берілген активтер (мүліктер) өтелімінің шекті мөлшері, пайыздар;
      Ққ - бекітілген активтердің (мүліктердің) қалдық құны, теңге;
      Қж - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, пайыздар.
      Жалдау объектісі бөлек тұрған жылжымайтын объект болған жағдайда жалға берушінің шешімімен мұндай объектіге жалдау ақысының базалық мөлшерлемесі жекеше есептелуі мүмкін.
      47. Коммуналдық қызметтер және мүлікті ұстау төлемдері жалдау ақысына қосылмайды. Егер мұндай төлемдерді орталықтандырылған төлеу үшін шоғырландырса, жалдаушы оларды бөлек тікелей қызметтерді жеткізушіге немесе теңгерім ұстаушының есеп айырысу шотына аударады.
      48. Жалға беруші мен теңгерім ұстаушыға жалдаушыдан жалдау ақысы және жалдағы мүлікті ұстауға кететін нақты шығындар төлемінен басқа төлемдер алуға тыйым салынады.
      49. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі көтерілген жағдайда жалға беруші бір жақты тәртіпте жалдау ақысын өзгертуі мүмкін.

5-тарау. Осы Нұсқаулықты бұзғаны үшін жауапкершілік

      50. Аудандық коммуналдық мүліктің теңгерім ұстаушылары жалға беруші Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған тәртіпте:
      1) жалған ақпарат ұсынғаны;
      2) пайдаланылмаған мемлекеттік коммуналдық мүліктерді жасырғаны;
      3) шарттық қатынастарды жасырғаны;
      4) аудандық мүлікті тендерден тыс жалға бергені (осы Нұсқаулықта аталып өткен жағдайлардан басқа);
      5) тендердің талаптарын бұзғаны;
      6) объектіні тапсырудан немесе уақытында тапсырудан бас тартқаны үшін жауапты болады.

6-тарау. Қорытынды және ауыспалы ережелер

      51. Осы Нұсқаулықта қамтылмаған қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.      

      Аудандық коммуналдық мүлкін мүліктік
      жалға (жалдауға) беру жөніндегі
      нұсқаулығына қосымша

Жалға ұсынылған Мақтаарал ауданының жылжымайтын коммуналдық мүлігін жалдау ақының
      МӨЛШЕРЛЕМЕЛЕРІ

      Мақтаарал ауданының коммуналдық меншігі болып табылатын, жалға ұсынылған жылжымайтын мүлікке жалдау ақысының мөлшерлемесі төмендегілерді құрайды:
      Ауданның бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар үшін - бір шаршы метр үшін 0 (нөл) теңге.
      Жарғылық капиталында Мақтаарал ауданы әкімдігінің 100 % қатысатын заңды тұлғаларды және коммерциялық емес ұйымдарды орналастыру үшін – айына бір шаршы метр үшін 0 теңге.
      Басқа заңды және жеке тұлғалар үшін:
      1) Жетісай қаласы аумағында орналасқан объектілерге бір шаршы метр үшін айына 250 (екі жүз елу) теңге;
      2) Кент, ауылдық округтерде орналасқан объектілерге бір шаршы метр үшін айына 200 (екі жүз) теңге.
      3) Білім беру мемлекеттік мекемелерінің тамақтандыруды ұйымдастыру жайларын жалға беру ақысының мөлшері қала және кенттерде орналасқан объектілерге 60 (алпыс) теңге, ауылдық округтерге орналасқан объектілерге 50 (елу) теңге.
     Ескерту. Нұсқаулықтың қосымшасына өзгерту енгізілді - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2010.06.28 N 624 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады