Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 7 қазандағы N 448 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 1 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6614 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 5 қаңтардағы N 6 Бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Көлік және коммуникация министрінің 05.01.2013 N 6 бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 76-бабының   1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берілген Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Мыналардың:
      1) «Қазақстан Республикасы әуе жолдарында жолаушыларды, багаж бен жүкті тасымалдау ережелерін бекiту туралы» Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Азаматтық авиация комитетi төрағасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi № 182 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2301 болып тіркелген);
      2) «Қазақстан Республикасы әуе жолдарында жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау ережелерiн бекiту туралы Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi Азаматтық авиация комитетi төрағасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi № 182 бұйрығына толықтыру мен өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi Азаматтық авиация комитетi төрағасының 2006 жылғы 4 қаңтардағы № 2 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4018 болып тіркелген) күшi жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө. Әдимолда) белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылуын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсiн.
      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          Ә. Құсайынов

Қазақстан Республикасы  
Көлiк және коммуникация 
министрiнiң        
2010 жылғы 7 қазандағы  
№ 448 бұйрығымен бекiтiлген

Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидасы 1-тарау. Негізгі ұғымдар

      1. Осы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының авиакомпаниясы жүзеге асыратын жолаушыларды, багажды және жүктерді әуеде тасымалдаудың, оларға қатысты қызмет көрсетуді қоса алғанда, барлық технологиялық процестеріне қолданылады.
      2. Халықаралық тасымалдарды орындау кезінде осы Қағида Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады, сондай-ақ аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы осындай тасымалдар жүзеге асырылатын елдің заңнамаларына бағынады.
      Авиакомпаниялар жолаушыларға, жөнелтушілер мен алушыларға қызмет көрсету кезінде осы Қағидаға қайшы келмеуі тиіс әуеде тасымалдаудың өзіндік ережесін (бұдан әрі – авиакомпания ережесі) белгілейді.
      3. Осы Қағидада мынадай ұғымдар мен терминдер қолданылады:
      1) авиакомпания – азаматтық әуе кемелері пайдаланушысының сертификаты бар заңды тұлға;
      2) агент - авиакомпанияны білдіретін, осы авиакомпанияның әуе кемесінің, экипаждың, жолаушылардың, багаждың, жүктің, почтаның және борттық қорлардың келуімен, жөнелтілуімен және ресімделуімен байланысты барлық рәсімдерді орындау ол тікелей немесе оған уәкілеттік берілген жеке немесе заңды тұлға;
      3) багажды (PIR – Property Irregularity Report), жүкті (CIR – Cargo Irregularity Report) тасымалдау кезіндегі ақаулар туралы акт - жолаушының (алушы) қатысуымен бiр немесе бiрнеше авиакомпанияның әуе кемелерiмен тасымалданған багажға (жүкке) келтiрген зиян белгiлi болғанда авиакомпания тез арада ресімдейтін және авиакомпания мен жолаушы (алушы) қол қоятын құжат;
      4) әуежай - әуе кемелерiн қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осындай мақсаттар үшін әуеайлақ, аэровокзал, басқа да қажетті ғимараттары мен жабдықтары бар құрылыстар кешенi;
      5) межелі әуежай (пункт) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы, багаж немесе жүк жеткiзiлетін әуежай (пункт);
      6) жөнелту әуежайы (пунктi) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушыларды, багаж немесе жүктi тасымалдау басталатын әуежай (пункт);
      7) трансфер әуежайы (пункті) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы ұшақты ауыстырып немесе жүктi тасымалдау бағыты бойынша бiр рейстен басқасына әрі қарай бет алу үшiн тасымалдайтын, билетте немесе жүкқұжатта көрсетiлген әуежай (пункт);
      8) багаж - әуе кемесiнiң бортында тасымалданатын жолаушылардың немесе экипаждың жеке заттары;
      9) тiркелген багаж – авиакомпания сақталуын өз жауапкершілігіне алып, оған жүк түбiртегi мен жүк белгiсiн беріп, тасымалдауға қабылдаған жолаушының жүгi;
      10) қате жөнелтілген жүк – авиакомпанияның кiнәсiмен межелі пунктке жiберiлмеген жүк;
      11) талап етілмеген багаж - багаж белгiсiнде көрсетiлген межелі әуежайға (пунктке) келген, бірақ жолаушы алмаған багаж;
      12) тiркелмеген багаж - жолаушының тіркелген багажынан басқа, Тасымалдаушының келісімімен әуе кемесінде тасымалданатын және оның жүк бөлімдері мен жолаушылар салонында орналасқан, «Қол жүгі» белгісімен куәландырылған жүгі. Әуе кемесiнiң бортына жолаушылардың өзi жеткiзедi. Тіркелмеген багаж жолаушының жауапкершiлiгiмен тасымалданады, тіркеу кезінде міндетті түрде өлшенуі тиіс және жүкті тегін тасымалдау нормасына кіреді;
      13) билет - (жолаушы билетi және багаж түбiртегi) авиакомпания не оның агенттері беретін тасымалдау, жолаушыны әуеде тасымалдау талаптарымен шарт жасасу құжаты;
      14) күнi белгіленбеген билет - жөнелту, межелі пунктi, авиакомпания, қызмет көрсету класы көрсетiлген, бiрақ рейстiң нөмiрi мен әуе кемесiнiң ұшу күнi, уақыты көрсетiлмеген билет;
      15) броньдау (тапсырыс) – әуе кемесiнде жолаушыларды, сондай-ақ бірегей сандық әріптік код иеленген, жолаушы, багаж немесе жүктер туралы ұшу және өзге де ақпарат берілген, Авиакомпанияның броньдау жүйесінде электрондық жазбамен расталатын жүк көлемін тасымалдау үшін орындарды алдын-ала бөлу;
      16) соманы қайтару - жолаушыға (жiберушiге) немесе оның өкiлiне ол бұрын төлеген, бiрақ пайдаланбаған тасымал немесе қызмет құнының бір бөлiгiн немесе толық құнын төлеу;
      17) әуе тасымалы – жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін әуе кемесінде тасымалдау бойынша жеке және заңды тұлғалардың қызметі;
      18) халықаралық әуе тасымалы - орындалуы барысында жөнелту және межелі пункттері тасымалдау немесе жүкті қайта тиеу арасында үзілістің бар-жоғына қатыссыз:
      екi немесе одан да көп мемлекет аумағында;
      егер басқа мемлекеттiң аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орындалатын тасымал;
      19) ұшақ – ауадан ауыр, ұшу кезіндегі көтеру күші негізінен осы ұшу жағдайларында қозғалмаған күйінде қалатын үстіңгі беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен қалыптасатын күш қондырғысы арқылы қозғалысқа келтірілетін әуе кемесі;
      20) әуе желісі - араларында тұрақты әуе тасымалдары жүргiзiлетiн пункттердi анықтайтын белгiленген желі;
      21) Варшава конвенциясы - халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбiр ережелердi сәйкестендіру үшiн 1929 жылғы қазанның 12-сiнде Варшавада қол қойылған конвенция;
      22) жүк - почта, борттық қорлардан басқа әуе кемесiнiң бортында тасымалданатын кез келген мүлiк;
      23) тез бұзылатын жүк - сақталуда және тасымалдауда ерекше жағдайларды талап ететiн өсiмдiк немесе жануар тектi заттар, олардан өңделу арқылы алынған өнiмдер, тiрi өсiмдiктер, балық өсiру материалы;
      24) транзиттiк жүк - жүкқұжатқа сәйкес аралық пунктке жеткiзiлген рейспен әрi қарай тасымалданатын жүк;
      25) трансферлiк жүк - жүкқұжатқа сәйкес трансфер әуежайына (пунктіне) бiр рейспен, ал әрi қарай сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсiмен тасымалданатын жүк;
      26) бағалы жүк - нақты құны Варшава конвенциясының 22-бабында белгiленген жүк.
      27) жүққұжаты (Air Waybill) - әуе тасымалы, оның шарттары мен жүктi әуе желілері арқылы тасымалдауға қабылдау жөнiнде келiсiм жасалғанын растайтын әуе тасымалы құжаты;
      28) қарап тексеру - қарап тексеруге құқығы бар тұлғалар жүргізетін тексеріп қарау;
      29) ақылы багаж түбiртегi - мiндеттi түрде ақылы тасымалданатын заттар және белгiленген тегiн алып өтетiн заттардың нормасынан артық багажды тасымалдау төлемін растайтын, сондай-ақ жүктiң жарияланған құндылығы үшiн ұсталатын алымдарды растайтын құжат.
      30) тасымалдау бағыты - белгiлi бiр тәртiппен билетте көрсетiлген (жүк тасымалдағанда жүк құжаттамасында) жөнелту, трансфер және межелі әуежайлар (пункттер);
      31) жiберушi - жүктi жiберетiн заңды немесе жеке тұлға;
      32) жолаушы - әуе тасымалы келiсiмi немесе өзге де заң негіздеріне сәйкес әуе кемесiнде тасымалданатын және экипаж құрамына кірмейтін жеке тұлға;
      33) жолаушы купоны (Passenger Coupon) - жолаушы мен оның жүгiн әуеде тасымалдау келiсiмiн растайтын, электрондық-сандық жазба немесе қағаз тасығышта (БСО) ұсынылған билет бөлiгi;
      34) ұшу купоны (Flight coupon) - жолаушыға билетте көрсетiлген пункттер арасында тасымалға құқық беретiн билеттiң бөлiгi;
      35) багаждың, жүктiң зақымдануы - тасымалдау кезiнде багаждың, жүктiң немесе багаждың, жүктiң бір бөлiгiнiң өзiнiң бастапқы мақсатында толық пайдаланыла алмайтындай жарамсыз жағдайға келуi (өз құндылығын жоғалтады);
      36) алушы - жүкқұжатта жүктi алушы ретiнде көрсетiлген заңды немесе жеке тұлға;
      37) рейс - әуе кемесiнiң маршруттың бастапқы және соңғы пунктiне дейiн орындайтын бiр бағыттағы ұшуы (кесте бойынша немесе кестеден тыс);
      38) тұрақты рейс - бекітілген кестеге сәйкес орындалатын рейс;
      39) алым - авиакомпания алатын және енгізетін және жолаушыларды, багажды, жүктi және почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау құнына кiретiн әуежай және отын алымдары;
      40) тариф - белгiлi бiр бағыт бойынша жөнелту пунктiнен межелі пунктке дейiн бiр жолаушыны не багаж немесе жүктiң салмақ немесе көлем бiрлiгiн тасымалдағаны үшiн авиакомпания өндіріп алатын төлем;
      41) белгілі бір класқа қызмет көрсету тарифі - бiр жыл ішінде ешқандай шектеулерсiз қолданылатын, тиiстi қызмет көрсету класының тарифi (қолданыс мерзiмi тасымалдау маусымымен анықталатын маусымдық тарифтердi есепке алмағанда);
      42) трансфер - әуе тасымалы келiсiмiне сәйкес ауысып отыру әуежайына дейiн бiр рейспен орындалатын тасымал, ал әрi қарай тасымал сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсімен жүзеге асырылады;
      43) электрондық билет - кәдімгі қағаз бланктің орнына ұсынылатын авиабилеттің электрондық формасы;
      44) төлем құжаты - қолданыстағы заңнамаға сәйкес ресімделген және тапсырыс төлемін растайтын фискалдық құжат (кассалық чек, төлем туралы түбіртек немесе банктің көшірмесі). Төлем құжаты әуе тасымалы шартына қолма-қол ақша қаражаттарын төлеу кезінде беру үшін Әуе тасымалы шартын жасауды растайтын тиісті құжат болып табылады;
      45) қалыпты тариф – қолданыс мерзімі 1 (бір) жыл және шектеулері жоқ бірінші, бизнес немесе экономикалық/туристік класқа қызмет көрсету үшін белгіленген ең жоғарғы (толық) тариф;
      46) арнайы тариф - сату мерзімдері, кері ұшу пунктінде аз аялдау, броньдау/төлеу талаптары, жолаушы санаты сияқты кейбір арнайы шектеу талаптарын көздейтін қалыпты тарифтерден өзгеше тарифтер түрі.
      4. Авиакомпаниямен жасалған әуе тасымалы шарттарына сәйкес және авиамаршрутқа арналған куәлік негізінде авиакомпания тұрақты рейстерде жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды. Тұрақты рейстер жарияланған кестеге сәйкес белгілі бір кезеңдегі рейстердің жүйелі сериясы болып табылады және әуе тасымалы шартын жасауға және тұрақты рейс маршруты бойынша ұшуға ниеті бар кез келген жеке тұлғаға арналған.
      Жарияланған әуе кемелері қозғалысының кестесінде әрбір тұрақты рейс бойынша мынадай ақпарат болуы тиіс:
      жөнелту әуежайы;
      межелі әуежай;
      әуе кемелері қозғалысының кестесі бойынша әуе кемесінің қонуы көзделген тасымал маршруты бойынша орналасқан әуежай (-лар);
      авиакомпаниялар коды;
      рейс нөмірі;
      аптасына рейсті орындау күндері;
      жөнелту уақыты (жергілікті);
      келу уақыты (жергілікті);
      рейсті орындау кезеңі;
      әуе кемесінің үлгісі (-лері).
      Әуе кемелері қозғалысының кестесінде басқа да ақпарат болуы мүмкін.
      Авиакомпания жалдау шартына сәйкес рейстің белгілі бір тапсырыс берушісі (жалдаушы) үшін тұрақты емес рейстерде (чартерлік) жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды (фрахталық келісім).
      Авиакомпания тұрақты емес рейстерді тұрақты тасымалдаулар орындалмайтын авиамаршруттар бойынша жарияланған кестеге сәйкес жүйелі рейспен тасымалдауды ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды.
      Авиакомпания жасалған әуе тасымалы шарттарына сәйкес багаж, жүктер және почта тасымалдарын тұрақты немесе тұрақты емес (чартерлік) рейстерде ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды (фрахталық келісім).

2-тарау. Жолаушыларды тасымалдау тәртібі

      5. Жолаушының авиакомпания немесе оның агентi авиакомпания ережесіне сәйкес ресімдеген және берген нақты билетi болғанда ғана тасымалдауға жiберiледi.
      Билетке өзгерістер енгізуді авиакомпания немесе авиакомпанияның келісімі бойынша уәкілетті агент жүзеге асырады.
      6. Билет жолаушы мен оның багажын онда көрсетiлген маршрут пен қызмет көрсету класы бойынша жөнелту пунктiнен межелі пунктке дейiн тасымалдау үшiн жарамды болып табылады. Әрбiр ұшу купоны жолаушы мен оның багажын, онда көрсетiлген бағыт учаскесі, қызмет көрсету класы, күнi мен орны броньдалған рейс бойынша тасымалдау үшін ғана жарамды.
      Егер билет броньдау туралы белгiсiз (күні белгіленбей) берiлсе, онда орын жолаушының сұрау салуына сәйкес сұрау салынған рейсте бос орындардың болуына қарай броньдалады.
      Билеттің сатылған жерi мен күнi оның барлық купондарында көрсетiледі.
      7. Ұшу күнi белгіленбеген тасымалға берiлген билет, жолаушы мен оның багажын тасымалдау үшiн, тасымал басталатын күннен бастап бір жыл ішінде, ал егер бiрде бiр ұшу купоны пайдаланылмаса, онда билет берiлген күннен бастап жарамды.
      8. Арнайы тариф бойынша тасымалдауға берiлген билет авиакомпания белгілеген мерзімде жолаушы мен оның багажын тасымалдауға жарамды.
      9. Авиакомпания мынадай жағдайларда авиакомпания ережесіне сәйкес жолаушыны тасымалдауға жібермейді:
      1) билеттің қандай да бір бөлігіне зиян келтірілсе;
      2) купон билеттерінде белгіленген тәртіпте авиакомпаниямен (Агентпен) расталмаған түзетулер болса;
      3) тиісті ұшу купоны жоқ болса;
      4) кейінгі пайдаланылмаған ұшу купондары жоқ болса;
      5) билетте (ұшу және жолаушы купондары) авиакомпания немесе агент валидаторының белгісі жоқ болса;
      6) жолаушылардың билеті жоғалды деп жарияланғанда;
      7) ұсынылған билет бұрын жоғалды (ұрланған) немесе жасанды деп танылған болса;
      8) авиакомпанияның автоматтандырылған броньдау жүйесінде тапсырыс (броньдау) жазбасы жоқ болса;
      9) жолаушының тегі мен жеке басын куәландыратын мәліметтер авиакомпанияның автоматтандырылған броньдау жүйесінде тапсырысты ресімдеу кезінде көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмесе.
      10. Билеттiң жарамдылық мерзiмi, егер жолаушы мына жағдайларда билет жарамдылығы мерзiмi iшiнде ұша алмаған болса, бастапқы төленген тарифке сәйкес келетiн сол қызмет көрсету класы бойынша бос орын бар авиакомпанияның ең жақын рейсiне дейiн ұзартылады:
      1) билетте көрсетiлген рейстiң кейiнге қалдырылуы немесе кешiктірілуі;
      2) билетте көрсетiлген әуежайда әуе кемесiнің қонуды орындамауы;
      3) билетте көрсетiлген рейс пен күнi бойынша орын ұсына алмау мүмкінсіздігінен жолаушының жөнелтілмеуі;
      4) рейстi орындамаған әуе кемесiнiң жөнелту әуежайына қайтып оралуы;
      5) кестеде көрсетілген әуе кемесі үлгісінің ауыстырылуы;
      6) билетте көрсетiлген қызмет ету класының ұсынылмауы;
      7) әуе кемесiнің амалсыз қонуы себебiнен рейске үзiлiс жасалуы;
      8) әуе кемесiнде онымен бiрге ұшуға тиiс жолаушының ауырып қалуы;
      9) жолаушы қарап тексеруге байланысты жөнелтудiң кешiктiрiлуi себебiнен ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан жағдайда;
      10) авиакомпанияның билетті дұрыс ресімдемеуі.
      11. Егер тасымалдауға билетi бар жолаушы орынды броньдау жөнiнде өтiнiш жасап, ал авиакомпанияның билеттiң жарамдылық мерзiмi iшiнде орын ұсыну мүмкiндiгi болмаса, онда ондай билеттiң жарамдылық мерзiмi авиакомпанияның бастапқыда төленген тарифке сәйкес келетiн қызмет көрсету класы бойынша бос орын бар ең жақын рейсiне дейiн ұзартылады.
      12. Жолаушы авиакомпанияға ұшу купоны бар билеттi көрсетеді. Пайдаланылған ұшу купондары бар билет жолаушыны тасымалдау және ақшаны қайтару үшiн жарамсыз.
      Авиакомпания ұшу купондарын жолаушы купонында көрсетiлген жөнелту пунктiнен бастап жолаушы мен оның жүгiн тасымалдау үшiн тек қатаң жүйелілікпен қабылдайды.
      Жолаушы пайдаланылмаған барлық ұшу купондарын тасымалдың бүкіл кезеңiнде сақтауы қажет және авиакомпанияның талап етуi бойынша көрсетiлуге және тапсырылуға тиiс.
      Халықаралық тасымалдарда жолаушы еліміздің заңнамасына сәйкес талап етілген аумаққа, аумақтан немесе аумақ арқылы жүзеге асырылатын тасымалға шығу, кіру және тағы басқа құжаттарды ресімдейді.
      13. Электрондық тикетинг (e-ticketing) билетті шығармай-ақ авиатасымалдарды сатуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жолаушыға шығарылған билетсіз рейске тіркелуіне және отыруына мүмкіндік береді.
      Электрондық билет (e-ticket немесе ЕТ) қағаз купондар Е-ticket сервері (ETS) немесе авиакомпания серверінде сақталатын электрондық билет жазбасымен ауыстырылғанын білдіреді. Электрондық түрде ұшу купондары ғана сақталады.
      Электрондық билетті сатып алу фактісін растау ретінде маршрут түбіртегі беріледі.
      Электрондық билеттегі маршрутты шығарудың (ITR) бірқатар опциялары бар:
      принтерде шығару;
      электрондық адреске жіберу.
      Шетелге ұшу кезінде төлқұжаттық бақылаудан өту барысында маршрут түбіртегі кері билет айғағы ретінде қажет болады.
      Жолаушы әуежайға ұшақ ұшқанға дейін тiркеу бойынша белгiленген рәсімдерді орындау үшін авиакомпания немесе әуежай белгілеген уақыттан кешiкпей келеді.
      Егер жолаушы тіркелу белгіленген мерзімде келмесе, онда авиакомпания оған жасалған аталған әуежайдан ұшу бронын жоя алады.
      Ұшатын жолаушылардың билеттерін тіркеу және багажын ресімдеу операциялық залда немесе тіркеудің басқа әдістері арқылы жүргізіледі.
      Жолаушы интернет арқылы тіркелу кезінде немесе тіркелудің кез-келген басқа түрлерін пайдалана отырып, сәйкестендіру үшін электрондық билет нөмірін қолдана алады (өздігінен тіркелу бағаны немесе ұялы телефон арқылы тіркелу).
      14. Билет немесе оның кез келген бөлiгi жоғалып, бүлiнген жағдайда немесе ұшу купондары жоқ билетті көрсетуі жағдайында, авиакомпания жолаушының өтiнiшiмен осындай билеттiң орнына билеттiң дубликатын береді.
      Шетелдiк авиакомпания берген билет (немесе оның кез келген бөлiгi) жоғалған, бүлiнген жағдайда, жолаушы авиакомпанияға дубликатты толтыру үшін чек қоса берілген жазбаша өтініш жолдайды.
      Бұл жағдайларда жолаушы тасымалдаушыға тиiстi маршрут бойынша ұшуға билет берілгендігі жөнінде қанағаттанарлық дәлелдер келтiруі керек.
      15. Күні белгіленбеген билетті беру авиакомпанияның ережелерімен белгіленеді.
      16. Авиакомпания жолаушыға дубликаттың көшірмесін беруден бас тартады, егер:
      1) жолаушы бастапқы тасымал құжаты туралы нақты ақпаратты ұсынбаса;
      2) жолаушы ұшуға дейін 3 сағат қалғанда немесе рейс ұшқаннан кейін сұрау салса;
      3) бастапқы броньдау және сату броньдау жүйесінде расталмаса;
      4) бастапқы билет интерлайн-партнер, бейтарап бланкісінде ресімделген болса.
      17. Орындарды броньдау жолаушыларды тасымалдау шарты болып табылады және авиакомпанияның броньдау автоматтандырылған жүйесіне енгізу кезінде шынайы.
      18. Жолаушы броньдауды жүзеге асыру және арнайы қызметтерді ұсыну мен ұшу қауіпсіздігі талаптарын орындау үшін қажетті мынадай мәліметтер мен құжаттарды ұсынады:
      1) тегі, аты, әкесінің аты;
      2) жолаушының құжаттары туралы деректер (оны ауыстыратын төлқұжат немесе құжат);
      3) қосымша құжаттар туралы деректер (виза, медициналық анықтама, балаларды тасымалдауға арналған құжаттар);
      4) тұрақты мекен-жайы;
      5) межелі пункте болған кезеңдегі уақытша тұратын жерінің мекен-жайы немесе тұрақты мекен-жайы.
      19. Жолаушы немесе жолаушының атынан броньдауды жүзеге асыратын тұлға авиакомпанияны мынадай жағдайларда 5 күнтізбелік күн ішінде хабардар етеді:
      - жолаушының шектеулі қозғалысы;
      - бала тасымалы;
      - жолаушының нашар көруі (көрмеуі), естуі;
      - бұл жағдайда жетектеуші итті алып жүру қажеттілігі;
      - инфекциялық ауру;
      - 28 аптадан астам мерзімдегі жүктілік;
      - бөбектен бастап 7 жасқа дейінгі балаларды тасымалдау;
      - жануарларды (құстарды) тасымалдау;
      - тасымалдау нормасынан жоғары немесе ірі габаритті, ауыр салмақты багаждың болуы;
      - қару-жарақ, оқ-дәрілерді тасымалдау.
      Авиакомпания көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін, егер көрсетілген жағдайларда әуе кемесінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты тасымалдауды орындай алмаса, жолаушыны броньдаудан бас тартатыны туралы 1 күнтізбелік күн ішінде хабардар етеді.
      20. Әуе кемесінде белгілі бір рейс пен күнге жолаушы орнын және жолаушыны, багажды, жүкті тасымалдау үшін тасымал сыйымдылығын бекіту әуе көлігімен жолаушыны, багажды, жүкті тасымалдаудың міндетті шарты болып табылады.
      21. Жолаушыға тиісті түрде ресімделген билет берілмей броньдау алдын ала болып есептеледі және жойылуы да мүмкін.
      22. Жолаушы броньдауды растау үшін (топты тасымалдау жағдайында – топ басшысы) байланыс құралдарын қолдана отырып, авиакомпания өкілдігінің немесе оның агентінің офисіне өтініш жасайды және авиакомпания билетті сатып алу күнін белгілейді.
      23. Егер жолаушы (жолаушылар тобы) броньдалған орыннан бас тартса немесе тіркеу орнына авиакомпания белгілеген уақытта келмесе, онда жолаушының билетіне (жолаушылар тобының) тарифті пайдалану шарттары қолданылады.
      24. Жолда аялдауға тек ол авиакомпаниямен немесе оның агентiмен алдын ала келiсiлген және билетте көзделген жағдайда ғана рұқсат етiледi.
      25. Егер билет тасымалдаушының арнайы тарифі бойынша төленген болса, жолаушының жолда аялдауы тарифті пайдалану шарттарымен реттеледі:
      Жолда аялдау үшiн билет төлеудiң көрсетiлген жағдайларының кез келгенінде мына шарттар сақталуы қажет:
      аялдама билеттiң жарамдылық мерзiмi шеңберiнде ғана жасалады;
      аялдама авиакомпания және тиiстi елдердiң заңнамасымен рұқсат етіледі.
      26. Жолаушының өтініші бойынша билетке өзгерiс енгізу тек авиакомпания ережесіне сәйкес жүргізіледі.
      27. Авиакомпания тасымалда оның кінәсімен орын алған өзгерістерге қатысты қосымша төлем талап ете алмайды. Алайда, егер жолаушы тарифі және өзгертілген маршрут бойынша тегін тасымалдау нормасынан жоғары багажды тасымалдау тарифы төленетін сомадан төмен болса, онда айырмасы жолаушыға қайтарылады.
      28. Егер тасымалдаушы белгілі бiр себептермен жолаушыға жасалған броньға сәйкес тиiстi қызмет көрсету класы салонында орын тауып бере алмайтын болса, онда:
      1) егер жолаушы бастапқы броньдауға сәйкес келетiн, тамақ беріліп және норма бойынша жүкті тегiн алып өту құқығы берiлетін басқа қызмет көрсету класы салонында ұшуға келiссе, төленген және ұсынылған қызмет көрсету класында тасымалдау құны айырмасы бойынша ешқандай қайта есептеулер жүргiзiлмейдi;
      2) егер жолаушы төленген класпен салыстырғанда арзандау класс салонында ұшудан бас тартса, авиакомпания жолаушыға авиакомпанияның рейсiнде немесе басқа авиакомпанияның рейсiнде бастапқыда броньдалған класқа сәйкес орын тауып бере алатын уақытқа дейiн бұл жолаушыны қонақ үйде орналастыру, тамақтандыру, байланыс құралдарын пайдалану және әуежайға бару және әуежайдан келу үшін жер көлігін пайдалануға кететін іс жүзіндегі шығындардың шеңберіндегі шығындарды көтереді.
      29. Авиакомпания жолаушының әуемен тасымалдау шартын біржақты тәртіппен мынадай:
      1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 107-бабында белгiленген тексеруден бас тартқан;
      2) жолаушы осы Қағида талаптарын бұзған және (немесе) әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретін iс-әрекет жасаған;
      3) егер жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы және оның рухани немесе физикалық жағдайы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын болған жағдайларда тоқтатады.
      Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
      30. Егер жолаушыға осы Қағиданың 29-тармағында көрсетiлген себептермен тасымалдаудан бас тартса, оған осы Қағиданың 5-тарауына сәйкес тарифті пайдалану шартын қолдану арқылы пайдаланылмаған билет немесе оның бөлiгi үшiн сомасы қайтарылады.
      31. Дипломаттық курьерлер мен байланыс фельдъегерлерiн тасымалдау дипломатиялық органдар мен консулдық қызмет талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
      Дипломаттық курьер мен байланыс фельдъегерi авиакомпанияның талап етуi бойынша дипломаттық багажды алып жүретiн адам ретiнде оның арнайы өкiлеттiгiн растайтын құжаттарды көрсетеді.
      32. Қазақстан Республикасының авиакомпаниясы тасымалдайтын балалар ересек жолаушылармен бiрге, сондай-ақ оларсыз да тасымалдана алады.
      Тасымалдаушы ерiп жүретiн адамдары жоқ балаларды авиакомпания тасымалға тек олардың ата-аналары немесе қамқоршыларының жазбаша өтініштерінен кейін ғана қабылдайды.
      33. Ерiп жүретiн адамдары жоқ балалар ретiнде ата-аналарсыз және жолаушылардың қайсыбiреуiне сенiп тапсырылмаған халықаралық рейстерде жасы 6-дан 16-ге дейiнгi, ішкі рейстерде жасы 6-дан 14-ке дейінгі балалар тасымалданады.
      Жасы 6-ға дейінгі балалар ересек жолаушымен бірге ғана тасымалданады.
      Егер Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматы Қазақстан Республикасынан ілесіп жүретін адамсыз шығатын болса, ол өзімен бірге төлқұжаттан басқа нотариалды түрде ресімделген ата-аналарының, бала асырап алушылардың, қамқоршыларының Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматының шығуына ол баруға ниетті шығу мерзімі мен мемлекеті (-тері) көрсетілген келісімді алып жүруі тиіс.
      34. Жеке орын алмайтын және ересек жолаушымен iлесiп жүретiн, 2 жасқа дейiнгi бiр баланы халықаралық рейстерде тасымалдау үшiн ақы алынбайды.
      Егер 2 жасқа дейiнгi бала халықаралық рейсте жеке орында тасымалданатын болса, оның тасымалы үшін оған ерiп жүретiн ересек жолаушының тиiстi тарифінің 50% төленедi.
      Халықаралық рейсте бiр ересек жолаушының 2 жастан 12 жасқа дейiнгi әрбір баланы тасымалдауы үшiн ерiп жүретiн ересек жолаушының тиiстi немесе арнайы тарифiнiң 50% төленедi.
      Межелі пунктке төлемсіз ұшатын балаларға жүктi тегiн алып жүру құқығы және салоннан жеке орын берiлмейдi.
      35. Iшкi тасымалдарда жолаушы 2 жасқа дейiнгi бiр баланы оған жеке орын бермей ақысыз тасымалдауына болады, ал iшкi рейстерде жолаушымен бiрге ұшатын 2-ден 15 жасқа дейiнгi басқа балалар үшін толық тарифтiң 50% төленіп, жеке орында тасымалданады.
      36. Тасымалы үшін белгілі бір тиісті қызмет көрсету класына 50% төленген әрбір балаға оның жасына тәуелсіз жеке орын берiледi және қалыпты төлем жасаған жолаушылар үшiн белгiленген норма бойынша багажды тегiн тасымалдауларына рұқсат етіледі. Егер бұл жағдайларда тегін тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегі багаж тасымалданатын болса, ол тиісті тариф бойынша төленеді.
      37. Науқасты зембілмен тасымалдау оған әуе кемесінде тарифті қолдану шарттарына сәйкес төлеммен қосымша орындар ұсынылу арқылы жүргізіледі.
      Авиакомпания жолаушыны кресло-арбада, науқасты зембілмен, егер осындай жолаушыларды тасымалдау үшін жекелей әуе кемелерінде қажетті жағдайлар жасалмаса, тасымалдаудан бас тартады.
      38. Мүгедекті арбада (жазылмалы креслода) және науқасты зембілмен тасымалдау ұшу кезінде осы жолаушыға күтімді қамтамасыз ететін адамның болуымен ғана жүргізіледі. Науқасты зембілмен тасымалдау авиакомпания белгілеген төлеммен әуе кемесінде оған орын ұсыну арқылы жүргізіледі.
      Авиакомпания немесе агент мүгедекті арбада (жазылмалы креслода) немесе науқасты зембілмен тасымалдау кезінде әуе кемесінің бортынан (бортына) жеткізу үшін осындай жолаушының тасымалдануы туралы әуежайды алдын ала хабардар етеді.
      39. Жүкті әйелдер авиакомпанияға емдеу мекемесінен билетте көрсетілген рейсті орындау күні әуеде тасымалдануы үшін қарсылықтары жоқ екендігі туралы медициналық қорытындыны ұсынған кезде ғана тасымалдануға қабылданады.
      40. Авиакомпаниялар, авиакомпания ережесінде көзделген жағдайлардан басқа әуежайлар арасында немесе әуежай мен қала арасында жолаушылар мен багаждың жердегі тасымалын жүзеге асырмайды.
      Жердегі көлікпен қызмет көрсетуді дербес ұйымдар орындаған жағдайлар болса, онда олар авиакомпанияның агенттері болып қаралады.
      41. Авиакомпанияның кінәсінен тасымалдауда кідіріс болған немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс кешіккен, орындалмаған, тасымалдау маршруты өзгерген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде мынадай:
      1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
      2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
      3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
      4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
      күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
      түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
      5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде авиакомпания ұсынған қонақ үйге орналастыру;
      6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда авиакомпания ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
      Жолаушының сұрауы бойынша оған хат ұсынылады немесе авиакомпанияның арнайы тағайындалған лауазымды тұлғасы тасымалды кешіктіру себептері туралы билетке белгі қояды.
      42. Авиакомпания жолаушыға көрсетілген қызмет көрсетуді ұсыну нәтижесіндегі немесе онымен байланысты залалдарды немесе шығындарды өтейді.
      43. Авиакомпанияның кінәсінен жолаушы тасымалы кідіртілетін кезде, соңғысы жолаушыға әрбір кідіртілген сағат үшін билет (кідіріс жасалған ұшу учаскесінде) құнының 3 % мөлшерінде айыппұл төлейді.
      Өндіріп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет (кідіріс жасалған ұшу учаскесінде) құнынан аспауы қажет.
      44. Егер авиакомпания өзінің кез келген рейсін ұшырмаса, үзсе, қалдырса, кідіртсе, онда авиакомпания жолаушымен келісім бойынша осындай жолаушыны өзінің басқа рейсімен тасымалдайды немесе оны тасымалдау үшін басқа авиакомпанияға береді, немесе жолаушыға соманы қайтарады және шартты бұзумен келтірген шығындарды өтейді.

3-тарау. Багажды тасымалдау тәртібі

      45. Жолаушыларға жалпы салмағын авиакомпания белгілеген тiркелмеген багажды алып өтуге рұқсат берiледі.
      46. Тұлғалардың қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі қару-жарақтарын тасымалдау берілетін рұқсат бойынша және аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымал жүзеге асырылатын елдің заңнамасын сақтаумен жүзеге асырылады.
      47. Авиакомпания багажды тасымалға қабылдау кезінде билетте орындар санын және тіркелген багаждың салмағын көрсетеді, бұл жолаушыға багаж түбіртегін беру болып саналады. Бұдан басқа, авиакомпания жолаушыға нөмiрлi багаж белгiсiнiң үзбелi талонын береді.
      Багаждың әрбір орнының салмағы 32 килограмнан және үш өлшем сомасы бойынша мөлшері 158 куб сантиметрден аспауы тиіс.
      48. Багажды тiркегеннен кейiн оның сақталуына авиакомпания жауапты болады.
      49. Авиакомпания, егер жүк шабадандарға, қораптарға, сөмке немесе оның қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз ететін басқа да орамдарға оралмаған болса, оны тiркелген жүк ретiнде қабылдамайды.
      50. Талаптар қойылған жағдайда авиакомпания сынатын немесе тез бұзылатын жүктің тіркелген багажын тасымалдауды жүзеге асырады.
      51. Тiркелген багаж жолаушы ұшатын әуе кемесiмен тасымалданады. Егер мұндай тасымалдау ұшу қауіпсіздігі және/немесе авиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлар туғызған оқиғалар шеңберінде мүмкін болмаса, авиакомпания тіркелген багажды өзiнiң ең жақын келесi немесе алдыңғы рейсiмен тасымалдайды.
      52. Салонда жеке орын ұсынылмай тасымалданатын балалардан басқа билетi бар әрбiр жолаушыға рұқсат етілген салмағын авиакомпания белгілейтін қол жүгін тегiн тасымалдау рұқсат етіледі.
      53. Жолаушы тасымал маршрутын өз еркiмен өзгерткен жағдайда, оған жаңа учаскедегі тиісті маршрут үшiн белгiленген норма бойынша багажды тегін тасымалдау мүмкіндігі беріледі.
      54. Тасымал маршруты ерiксiз өзгерген жағдайда, егер оны ұшу қауіпсіздігі және/немесе авиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлар талап етсе, онда жолаушыға алғашында төленген маршрут және қызмет көрсету класы бойынша рұқсат етiлген мөлшердегі багажды тегiн тасымалдау мүмкіндігі беріледі.
      55. Жолаушы тегін тасымалдайтын багаждың белгіленген нормасынан жоғары заттар авиакомпания ережесімен белгіленеді.
      56. Тегiн тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегi багаж тасымалы үшін жөнелту пунктінде жету пунктіне дейінгі толық тасымал үшін ақылы багаж түбiртегi берiлген күнге жарамды тариф бойынша төленедi. Мұндай төлем алдын ала (билет ресімделетін кезде) жүргiзiледі.
      57. Егер жолаушы тасымалға жөнелту пунктiнде жолаушы мәлiмдегеннен және билеттi толтыру кезiнде алдын ала төленгеннен аз мөлшерде багаж ұсынса, багаждың мәлімдеген және нақты салмағы айырмасының тасымалы жолаушыға алғашқы төлем валютасында қайтарылуға тиiс.
      58. Егер жолаушы багажды мәлімделген және төлемі алдын ала жасалған мөлшерден артық көлемде тасымалға ұсынса, ондай багаж жолаушымен бiр әуе кемесiнде тасымалдануға тек қана бос жүк көлемі болғанда және тиiстi қосымша ақы төленгеннен кейiн қабылданады.
      59. Жолаушының тiлегi бойынша тегiн тасымалдау нормасынан жоғары багажды тасымалдау төлемі аялдау пунктiне дейiнгі жолда немесе трансфер пунктінде жүргізілуіне болады.
      60. Егер жолаушы межелі, аялдау немесе трансфер пунктіне келгеннен кейiн, өзiнiң тiркелген багажын алмаса және ол туралы мәлiмдесе, авиакомпания немесе жолаушыға қызмет көрсететiн оның агенті авиакомпания рәсімдері шеңберінде багажды iздестіру бойынша шаралар қабылдайды.
      61. Авиакомпания кінәсімен дұрыс жіберілмеген, талап етілмеген багаж межелі, аялдау немесе трансфер пунктіне қосымша ақысыз жеткізіледі.
      62. Жолаушы өзiнiң тiркелген багажын оны авиакомпания межелі, аялдау немесе трансфер пунктiнде тапсыруға ұсынғаннан кейiн алуға тиiс.
      63. Авиакомпания әуе тасымалы шарты бойынша авиакомпанияға тиесілі сомалардың барлығының төленуі жағдайында багаж түбiртегi мен багаж белгiсiнiң үзбелi талонын көрсеткен адамға тiркелген багажды бередi.
      64. Багаж түбiртегi мен багаж нөмірлі белгiсiнiң үзбелi талонын көрсетушiнiң өтiнiшi бойынша, сондай-ақ жөнелту пунктінде немесе қонудың аралық пунктiнде, егер багажды осы пункттерде беруге аталған елдің заңдарымен тыйым салынбаған болса және уақыт оны беруге ыңғайлы болса, тiркелген жүк беріледі.
      Жөнелту пунктiнде немесе қонудың аралық пунктiнде багаж осылай берiлген жағдайда, авиакомпанияға осы багаж тасымалына қатысты бұрын төленген сомалар жолаушыға қайтарылмайды.
      65. Егер жолаушы багаж түбiртегi мен багаж нөмірлі белгiсiнiң үзбелi талонын көрсете алмаса, бұл адамға жүк тек оның жеке басын куәландырушы құжаттарды тексергеннен кейін ғана беріледі.
      66. Багажды жеткiзудегi кiдiрiс, оның жетіспеушілігі, бұзылуы немесе жоғалуы, сондай-ақ багаж багаж түбiртегi мен багаж нөмірлі белгiсiнiң үзбелi талонының көрсетілуінсіз берілген жағдайларда, багажды алушы тұлға мен авиакомпания қол қоятын тасымалдау кезіндегі ақаулар жөнінде акт жасалады. Акт багажды тасымалдауда ақау анықталған кезде бірден тасымалдаушы тарапынан жасалады.
      67. Багажды кешіктіріп жеткiзгені үшiн авиакомпания багажды алушыға кешіктірілген әрбiр тәулiк үшiн авиабилеттің құнының 10%-ы, бiрақ авиабилет құнының 50%-нан артық емес мөлшерде айыппұл төлейдi.
      68. Талап етiлмеген багаж әуежайда, авиакомпанияда оның жеткiзiлген күнiнен бастап 6 ай бойы сақталады. Көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн талап етiлмеген багаж жойылады.
      69. Иттер, мысықтар, құстар және басқа да жануарлар авиакомпанияның алдын ала келiсiм беруімен ғана тасымалға қабылданады. Жөнелтуші аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымал жүзеге асырылатын елдiң ветеринарлық органдары талап ететiн құжаттарды көрсетуге мiндеттi.
      70. Жануарлар мен құстарды тасымалдау үшiн жолаушы ауа кіретін контейнермен (тормен) қамтамасыз етеді.
      71. Контейнердiң (тордың) түбi су өткiзбейтiндей болып, сорғыш материалмен қапталуға тиiс. Жануарлар мен құстарды ауа кіретін тесiгi бар тығыз жабылған кәрзеңкелерде, қораптарда тасымалдауға болады. Құстардың торлары жарық өтетiн тығыз матамен қапталуы тиiс.
      72. Еріп жүретін адамы бар жануарлар мен құстардың салмағы, соның iшiнде контейнерлер (торлар) мен тамақтың салмағы, егер авиакомпания өзгені белгілемесе тегiн тасымалданатын багаж нормасына кiрмейдi және тариф бойынша төленеді.
      Жануарлар тіркелген багаж түрінде әуе кемесінің оқшауланған жүк бөлмесінде тасымалданады. Егер ұшу оқшауланған жүк бөлмесi жоқ әуе кемесімен орындалатын болса, онда жануарлары бар торлар жолаушылар салонында орналастырылады.
      73. Көзі көрмейтін жолаушымен еріп жүрген жетекші иттер қарғыбауы мен тұмылдырығы болып, иесiнiң аяғының астында байлаулы болған жағдайда, багажды тегін тасымалдау нормасынан тыс, торсыз тегiн тасымалданады.

4-тарау. Жүктерді тасымалдау тәртібі

      74. Жүкқұжаты авиакомпания мен жөнелтуші арасында жүкті әуеде тасымалдау шартының жасалғанын куәландыратын, авиакомпанияның тасымалдау шарттары мен жүкті қабылдау құжаты болып табылады.
      75. Жүкқұжатын жөнелтуші толтырады және қол қояды және авиакомпанияға жүкпен бiрге берiледi.
      76. Жүкқұжатына тарифтер мен алымдарға қатысты деректердi авиакомпания енгізеді.
      77. Авиакомпания жөнелтушiден немесе ол уәкілеттік берген адамнан, егер жөнелту бiр орыннан артық орынды алса, қосымша жүкқұжатын толтыруды талап ете алады.
      78. Жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша авиакомпания жүкқұжатын өзi толтыра алады.
      79. Жүкқұжаттағы жүктiң салмағы, өлшемi мен орамы, сондай-ақ орын саны туралы деректер, егер авиакомпания өзгеше дәлелдемесе, дұрыс деп есептеледi. Жүктiң мөлшерi, көлемi және жай-күйi туралы деректер, егер авиакомпания жөнелтушiнiң қатысуымен оларды тексерсе, ол туралы жүкқұжатында көрсетсе немесе егер осы деректер жүктi сыртқы түрiне қатысты болса, дұрыс деп есептеледi.
      80. Егер жүктiң сыртқы түрi, орамы, жүктiң жай-күйi қанағаттандырғысыз болып табылса, жөнелтушi жүкқұжатында оның шын мәнiндегi сыртқы түрi мен жай-күйiн көрсетеді. Егер тасымалдауға тапсырылатын жүктiң ерекше қасиеттерi болса немесе ерекше жағдайда тасымалдауды қажет етсе, жөнелтушi мұны жүкқұжатында көрсетуге тиiс. Алайда, егер жөнелтушi мұндай нұсқауларды жасамаса, онда авиакомпания жүкқұжатында жүктiң нақты түрi мен жай-күйi, оның ерекше қасиеттерi мен тасымалдау шарттары туралы немесе бұрын жасалған белгiнi, өзiнiң қолымен және мөрiмен (мөртабанымен) енгiзген түзетулерiн куәландырып, анықтай алады.
      81. Жөнелтушi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтердiң толықтығы, дұрыстығы, дәлдiгi үшiн авиакомпания алдында жауап бередi, оның iшiнде жүкқұжатты авиакомпания жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша толтырған жағдайда да болады.
      82. Жөнелтушi көлiктiк құжаттардағы көрсетiлген мәліметтердің дұрыс еместiгі, дәлсiздiгі немесе толық еместiгі салдарынан авиакомпанияға келтірілген шығынның орнын толтырады.
      83. Жүкқұжатының жоқ болуы, дұрыс еместiгi немесе жоғалуы тасымалдау шартының бар болуына, жарамдылығына әсер етпейдi.
      84. Егер жүкқұжатына авиакомпания немесе оның агентiнен басқа адам түзетулер немесе өзгерiстер енгiзсе, онда ол жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      85. Жүк көлемін броньдау жүкті тасымалдаудың қажетті шарты болып табылады.
      86. Жүкті тасымалдау үшін жүк көлемін алдын ала броньдау жүзеге асырылады. Алдын ала броньдамай, жүктi белгілі бір бағытта тасымалдау үшiн жүк авиакомпаниямен келiсiлген салмағы немесе көлемi бойынша қабылдануы мүмкiн.
      87. Жүк көлемiн броньдау жүк көлемі броньдалған сол күні және сол рейспен және броньдау кезiнде авиакомпания мен жөнелтушi арасында келiсiлген пункттер арасында тасымалдауға құқық бередi. Жүк көлемін броньдау авиакомпания жөнелтушiге жүкқұжатын бермегенге дейiн алдын ала деп есептеледi.
      88. Жөнелтушінің жүк көлемін броньдауға берген өтінімі мынадай мәлiметтерді қамтиды:
      1) жүктiң атауы, орын саны, жалпы салмағы мен көлемi;
      2) әрбiр орынның өлшемдерi;
      3) маршруты, рейсі және жөнелту күнi;
      4) тасымал төлеміне кепiлдік беретін құжаттың атауы мен нөмiрi;
      5) тасымалдау мен сақтауда ерекше шарттар немесе сақтық шараларын талап ететiн жүктiң ерекше қасиеттерi.
      89. Егер жөнелтушi сұраған маршрут авиакомпания үшiн қолайсыз болып табылса, онда соңғысының жөнелтушiмен келiсу арқылы өзiнiң ыңғайына қарай таңдайды.
      90. Жөнелтушіні немесе броньдаудың жүргізілгені туралы өтінім ұсынған авиакомпанияны хабардар еткен сәттен бастап авиакомпания жүкті броньдау өтінімін қабылдады деп есептеледі.
      91. Белгiлi бiр рейске броньдау мынадай жағдайларда жарамсыз болады, егер:
      1) жөнелтушi авиакомпанияның актілерімен көзделген сомада және мерзімде авансты төлемесе;
      2) жөнелтушiге жүкті тасымалдау үшін жүкқұжат берiлмесе.
      92. Егер жөнелтушi жүктi белгiленген мерзiмде жеткiзбесе немесе оны дұрыс толтырылмаған құжаттармен жеткiзсе, немесе жүктi жөнелтуге дайындамаса, онда авиакомпания бұл үшiн осы әуежайдан бұрын жасалған броньдауды жоя алады.
      93. Жүктi жеткiзуде мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн авиакомпания алушыға әрбiр мерзiмiн өткiзiп алған тасымал тәулiгi үшiн 5% мөлшерiнде айыппұл, бірақ тасымал үшін 50% артық емес мөлшерде төлейдi.
      94. Авиакомпания жөнелтушiнiң өтiнiшi бойынша ұсынған, жүктi тасымалдау мен броньдауға қатысты байланыс шығындарын, алғашқы броньдауға қатысты байланыс шығындарын есепке алмағанда, жөнелтушi төлейдi.
      95. Жүк мынадай шарттармен әуе тасымалына қабылданады:
      1) жүктi әкету, әкелу немесе транзиті аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымал жүзеге асырылатын елдiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылуға тиiс;
      2) жүктiң габариттерi әуе кемесiнiң және оның бөліктерiнiң багаж-жүк бөлiмiнде еркiн тиелуiн және түсiрiлуiн, орналасуын қамтамасыз етуге тиiс;
      3) рейстiк жолаушы әуе кемелерiнде тасымалдау кезінде жүктiң салмағы мен габариттерi авиакомпанияның ережелерінде белгiленген мөлшерден аспауға тиiс;
      4) жүкке талап етiлетiн құжаттар қоса тiркелуге тиiс;
      5) жүк әуе кемесi үшiн онда орналасқан адамдар мен мүлiкке қауіп-қатер жасамауы және өздерiнiң қасиеттерi бойынша жолаушыларға қолайсыздық жасамауы тиiс.
      96. Салмағы мен габариттерi бойынша белгiленген мөлшерден асатын жүк авиакомпанияның келiсiмiмен ғана тасымалдауға қабылдануы мүмкiн.
      97. Жүк қалыпты жағдайларда тасымалдағанда олардың сақталуы қамтамасыз етiлетiндей, сондай-ақ адамдарға зиян келтiрмейтiндей немесе басқа жүктiң немесе авиакомпанияның мүлкiне зақым тимейтiндей, оның ерекше қасиеттері ескеріле отырып, оралуы тиіс.
      98. Тасымалға жарияланған құнымен тапсырылатын ыдысты немесе орынның оралуын жөнелтуші пломбалауы тиіс.
      Пломбалар стандартты болып, оның цифрлық бедерлері және әрiп белгiлерi болу тиіс. Жүкқұжатында жүкке жасалған пломба туралы белгi қойылады және жөнелтуші пломбасының атауы көрсетiледi.
      99. Тасымалданатын жүктiң әрбiр орнының жөнелту және көлiктiк белгiсi және/немесе жүктi тасымалдаудың ерекше жағдайларын бейнелейтiн арнайы белгiлерi болуы тиіс.
      Таңбалау Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) мен Халықаралық әуе көлiгi қауымдастығының (ИАТА) стандарттары негiзiнде әзірленген авиакомпания ережесіне сәйкес орындалады және онда мынадай мәлiметтер болуы тиіс:
      межелі және жөнелту әуежайларының атауы;
      алушы мен жөнелтушiнiң нақты мекен-жайлары;
      әрбiр орынның брутто массасы.
      100. Жүктi тасымалдауға қабылдау шарттарын сақтамағаны үшiн жөнелтушi жауап бередi. Жөнелтушi авиакомпанияны жүктi әуеде тасымалдау шартынан туындайтын барлық мiндеттемелерден және тиiстi елдердiң қолданыстағы заңдарымен және ережелерiмен тасымалдауға тыйым салынатын заттарды жөнелтушi жүк жөнелтуге енгiзгенi салдарынан туындауы мүмкiн шығыстардан немесе жүк белгiсi, салмағы, орын саны, мекен-жайы, жүктiң сипаттамасы немесе орау сапасы, сондай-ақ кедендiк рұқсаттардың немесе басқа да талап етiлетiн құжаттардың болмауы, кешiгуi немесе дұрыс еместiгi салдарынан болуы мүмкiн шығыстардан босатады.
      101. Авиакомпания, егер жүк осы Қағиданың 95-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, тасымалға қабылдаудан бас тарта алады.
      102. Трансферлік жүкті тасымалдау барлық тасымалдау маршруты бойынша расталған жүк көлемі броньдалғанын алғаннан кейiн ғана жүзеге асырылады.
      103. Трансферлiк жүк жүктi бiр рейстен екiншi рейске беру жөнiндегi барлық рәсімдерді орындау үшін жеткілікті мерзiмде трансфер әуежайына келiп жетуі тиіс.
      104.Халықаралық бағыттарға, iшкi әуежайларға ұшуға ашық Қазақстан Республикасының әуежайлары арқылы жiберiлетiн трансферлiк жүктiң салмағы, габариттерi мен қасиеттерi iшкi желілерде пайдаланылатын әуе кемелерiндегi оларды тасымалдау мүмкiндiктерiне сәйкес келiп, авиакомпания ережесіне, сондай-ақ трансфер әуежайларында оларды сақтау шарттары мен мүмкiндiктерiне жауап беруi тиіс.
      105. Авиакомпания, егер өзгесі жөнелтуші немесе алушымен келісілмесе межелі пунктті өзгертусіз жүкқұжатында көрсетілген маршрут тасымалын өзгертеді.
      106. Егер жүкті жөнелту авиакомпанияға тәуелсіз себептерге байланысты қандай да бір пункте тасымалдың басталған немесе жүргізілу кезінде кешіктірілсе, онда ол жөнелтушіні жүкқұжатта көрсетілген мекен-жай бойынша хабардар етеді, жүкті қоймаға орналастырып, кедендік мекемеге тапсырады, сондай-ақ бұдан кейін жүкті алушының мекен-жайына тасымалдау үшін басқа көлік түріне береді.
      107. Жөнелтушi жүктi әуеде тасымалдау шартынан туындайтын барлық мiндеттемелердi орындау және ережелерді сақтау жағдайында:
      1) жүкті жөнелту немесе межелі пунктiнде қайтып алуға;
      2) жүктi аралық пунктте ұстауға;
      3) жүкқұжатында көрсетiлген алушыны өзгертуге;
      4) жүктiң жөнелту пунктiне қайтарылуын талап етуге тиіс.
      108. Тасымалды басқару құқығы авиакомпанияға жөнелтушіге берген жүкқұжатының бiр данасы көрсетiлгенде ғана жүзеге асырылады. Жүктi басқаруға байланысты барлық нұсқаулар жазбаша түрде ресімделеді.
      Егер жүктi басқару салдарынан алушының аты-жөнi өзгерсе, онда жаңа алушы болып аты жүкқұжатында көрсетiлетiн адам саналады.
      109. Осы тармақта көрсетiлген тасымал шартының кез келген талаптарының өзгеруi жүкқұжатына енгiзiлуi тиiс.
      110. Егер тасымалдау өкімдерін орындау мүмкiн болмаса, авиакомпания бұл өкімді орындаудан бас тартады, ол жөнiнде дереу жөнелтушiні хабардар етеді.
      111. Жүк межелі пунктке келiп жеткен сәттен бастап, алушы авиакомпаниядан, оған жүк пен жүкқұжатының берiлуiн талап ете алады.
      112. Жөнелтушiнiң жүктi басқару құқығы жүк межелі пунктiне келiп, алушы жүктi алғаннан кейiн немесе жүктiң жеткiзiлуiн талап еткеннен кейiн, немесе оның жүктi қабылдағанын дәлелдейтiн өзге де іс қимылдар жасағаннан кейiн тоқтатылады.
      113. Жүк жүкқұжатында көрсетілген алушыға немесе ол уәкілетті еткен тұлғаға беріледі.
      114. Авиакомпания алушыға жүкті тек алғанын растайтын құжаты бойынша және жүкқұжаты мен осы Қағидада көрсетілген барлық шарттарды ол орындағаннан кейін ғана береді.
      115. Алушының жоқ кезінде мемлекеттік органға жүкті беру авиакомпанияның осындай жүкті беруді растайтын құжаттарды жөнелтуші немесе алушыға беру шартымен, оны алушыға беруі болып саналады.
      116. Жүктi адам одан әрi немесе қайта керi тасымалдау жағдайларынан басқа, өзге нұсқаулар жоқ болғанда жүктiң келгенi жөнiнде хабарлама алушыға, немесе жүкқұжатының тиiстi бағанында көрсетiлген адамға, әуе кемесi келгеннен бастап 12 сағат iшiнде, ал тез бұзылатын, қауiптi жүк немесе хайуанаттарға қатысты 3 сағат iшiнде берiлуi тиіс.
      Хабарлама почта немесе басқа да байланыс құралдары арқылы жiберiледi.
      Авиакомпания ондай хабарламаның алынбағаны немесе кешiккенi үшiн жауап бермейдi.
      117. Егер жөнелтушi (алушы) мен авиакомпания арасында жүктi алушының мекен-жайына жеткiзу жөнiнде келiсiм болмаса, онда алушы адам жүктi межелі әуежайдан алуға тиiс.
      118. Егер алушы межелі пунктке келген жүктi алудан бас тартса немесе ала алмаса, онда авиакомпания жүкқұжатында көрсетiлген немесе жүкті алушыға беру мүмкін еместігі туралы хабарланғаннан кейін алынған жөнелтушiнiң өкiмдерiн орындау үшiн барлық шараларды қабылдауға мiндеттi. Егер ондай өкiмдер болмаса немесе орындау мүмкiн болмаса, авиакомпания:
      1) жөнелтушiге алушының жүктi алмағаны және жөнелтушiнiң, одан әрi өкiмiн күту жөнiнде хабарлама жiберуi;
      2) жөнелтушiнiң өкiмi жоқ болған кезде 30 күндік сақтау мерзімі өткен соң жүк қайтарылуы тиіс.

5-тарау. Қорытынды ережелер

      119. Авиакомпания пайдаланылмаған билет, оның бөлiктерi, ақылы багаж түбiртегi бойынша соманы қайтару туралы өтінішті құжаттың жарамдылық мерзімі кезеңінде, бірақ осы қолданыс мерзімі кезеңінен 30 күнтізбелік күн кешіктірмей қабылдайды.
      120. Ақшаны билетте көрсетілген адамға немесе билетке төлеген адамға қайтарылады.
      121. Билетке төлеген, бiрақ билетте көрсетiлген жолаушы болып табылмайтын адам авиакомпаниядан немесе оның агентiнен осы билет бойынша пайдаланылмаған тасымал үшiн ақшаны кiмге қайтаруы тиіс жөнiнде билетте белгi жасауды талап ете алады.
      122. Ақшаны қайтару авиакомпанияға жолаушы купоны (чек) мен билеттiң барлық пайдаланылмаған ұшу купондарын немесе ақылы багаж түбiртегiн ұсыну бойынша ғана соманы қайтару жүргiзiледi.
      123. Жолаушы ұшудан бас тартуға мәжбүр болған кезде мынадай жағдайларда соманы қайтару жүргізіледі:
      1) жолаушының орны броньдалған рейстiң кейiнге қалдырылуы, ауыстырылуы, кiдiртілуi;
      2) жолаушының тасымалдау құжаттарының дұрыс ресімделмеуі; жолаушының жөнелту, межелі немесе жолда тоқтау пункттерi болып табылатын пункттерде ұшу кестесi бойынша аялдауды кейiнге қалдыру;
      3) кестеде көрсетiлген уақытқа сәйкес рейстiң орындалмауы;
      4) қызмет көрсету класын немесе әуе кемесi үлгісін ауыстыру;
      5) бұрын жасалған броньға сәйкес жолаушыға орын тауып берудiң мүмкiн болмауы;
      6) жеке бланкта жазылған рейстердiң түйiсуiн авиакомпанияның қамтамасыз етпеуi;
      7) жолаушының немесе әуе кемесiнде онымен бiрге келе жатқан отбасы мүшесiнiң дәрiгерлiк қорытындымен расталған ауруы немесе өлiмi.
      124. Ұшудан бас тартуға мәжбүр болған кезде жолаушыға төленетiн сомалар авиакомпания ережесімен анықталады.
      125. Ұшудан ерiктi түрде бас тартқан жағдайда, ақша мына тәртiппен қайтарылады:
      1) егер тасымалдау бiрде-бiр учаскеде орындалмаса, онда жолаушыға тарифті қолдану талаптарына сәйкес тасымал үшiн төленген сома қайтарылады;
      2) егер тасымал ішінара орындалған болса, онда барлық тасымал үшін төленген сома мен тарифті пайдалану жағдайларына сәйкес тасымалдың орындалған бөлiгiнiң құны бойынша сома арасындағы айырма қайтарылады.
      126. Соманы қайтару алғашқы тасымал төлемi валютасымен немесе жолаушының өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленедi.
      127. Соманы қайтару бастапқыда авиакомпания немесе оның агенттерiнің авиакомпания ережесіне сәйкес берген билеттер мен ақылы багаж түбіртектері бойынша жүргізіледі.
      128. Соманы қайтару авиакомпания немесе оның агентi берген билеттер мен ақылы багаж түбiртектерi бойынша, алғашқы билет және ақылы багаж түбiртегiн берген елде немесе билет қайтарылатын елдегi авиакомпания өкiлдiгiнде жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады