Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 48 "Әдiлет органдарының Қазақcтан Республикасының мемлекеттiк органдарын нормативтiк құқықтық актiлердi шығаруды, қолдануды, мемлекеттiк тiркеу мен жариялауды реттейтiн заңнаманы сақтау бойынша тексерулердi жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы" бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі N 113 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 16 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6177 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2013 жылғы 8 қаңтардағы № 6 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің м.а. 08.01.2013  № 6 бұйрығымен.

      «Әдiлет органдары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 18 наурыздағы Заңының 24-бабын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2002 жылғы 3 сәуірдегі № 48 «Әдiлет органдарының Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын нормативтiк құқықтық актiлердi шығаруды, қолдануды, мемлекеттiк тiркеу мен жариялауды реттейтiн заңнаманы сақтау бойынша тексерулердi жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықты бекiту туралы» бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1813 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2002 жыл, № 19, 608-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      кіріспеде:
      «11» деген цифр «14» деген цифрмен ауыстырылсын;
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген, Әдiлет органдарының Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын нормативтiк құқықтық актiлердi шығаруды, қолдануды, мемлекеттiк тiркеу мен жариялауды реттейтiн заңнаманы сақтау бойынша тексерулердi жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықта:
      кіріспеде:
      орыс тілінде өзгеріс енгізілген, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді;
      «басқару» деген сөзден кейін «және өзін-өзі басқару» деген сөздермен толықтырылсын;
      4-тармақ алып тасталсын;
      6-тармақ алып тасталсын;
      7-тармақта «басшылыққа алуға міндетті» деген сөздер «басшылыққа алады» деген сөздермен ауыстырылсын;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Тексерулердiң мiндеттерi:
      1) нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу мен ресми жариялау саласындағы қолданыстағы заңнаманың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету;
      2) мемлекеттiк органның лауазымды адамының Конституцияға не өзге де заң актiлерiне қайшы келетiн, жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және мiндеттерiн, шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мен мемлекеттiң заңды мүдделерiн қозғайтын заңсыз нормативтiк құқықтық акт шығаруы фактiлерiн анықтау және жол бермеу;
      3) күшi жойылған, сот күшi жоқ деп таныған, ресми жарияланбаған не қолданылу күшiн уәкiлеттi органдар тоқтата тұрған, сондай-ақ әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өтпеген нормативтiк құқықтық актiлердi орталық атқарушы, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың лауазымды адамдарының заңсыз қолдануы фактiлерiн анықтау және жол бермеу;
      4) лауазымды адамдармен жалпыға міндетті маңызы бар, жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен мiндеттерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу ережелерiн бұзуын анықтау;
      5) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiн шығару, мемлекеттiк тiркеу және ресми жариялау мәселелері бойынша әдiстемелiк көмек көрсету болып табылады.»;
      9-тармақта «органдарын тексеру - » деген сөздерден кейінгі «аумақтық әдiлет органдарының басшыларына және аумақтық әдiлет органдарының нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлiмдерiне (бұдан әрi - тiркеу бөлiмi)» деген сөздер «аумақтық әдiлет органдарының (бұдан әрi - аумақтық әдiлет органдары) басшыларына» деген сөздермен ауыстырылсын;
      11-тармақта «Қажет болған жағдайда» сөздер алып тасталсын;
      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «12. Тексерулер жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша заңнаманың нормаларын бұзу туралы ақпарат алған кезде әдiлет органдарының бастамашылығы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Yкiметiнiң және Әдiлет министрлiгi басшылығының тапсырмасы бойынша жүргiзiледi.
      Орталық мемлекеттік органдарды тексеру жоспары Қазақстан Республикасы Әділет министрімен (немесе оның міндетін атқарушы тұлғамен) бекітіледі.
      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) деңгейдегі, республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) аудандық жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарын, аудандық (облыстық маңызы бар қалалар), аудандық маңызы бар қалалық, кенттік, ауылдық (селолық) округтер деңгейіндегі жергілікті мемлекеттік басқару органдарын тексеру жоспары облыстар, Алматы және Астана қалалары Әділет департаменттері бастықтарымен (немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалармен) бекітіледі.
      Бұл ретте, аумақтық әділет органдары жергілікті мемлекеттік басқару органында жоспарлы тексеруді осы Нұсқаулықтың 10-тармағына сәйкес жылына бір рет жүргізеді.»;
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Тексерулерді жүргізу үшін:
      1) Департамент қызметкерлерінен құрылатын топтар;
      2) аумақтық әдiлет органдары қызметкерлерінен құрылатын топтар құрылады.»;
      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Тексеру жүргізу үшін шығарылған нөмірі мен күнін, тексерілетін органның атауын, тексеру тобының қатысушыларын, тексеру нысанын, тексеру кезеңін, тексеруді бастау және аяқтау күнін қамтитын әділет органдары бірінші басшысымен (немесе оның міндетін атқарушы тұлғамен) бұйрық шығарылады.
      Тексеру басталғанға дейiн бұйрық және оның көшірмесі толтырылған ақпараттық есепке алу карточкасымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті аумақтық органдарында (бұдан әрі – уәкілетті орган) қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тіркеледі.
      Тексеру әділет органдарымен тексеру жүргізу туралы бұйрық уәкілетті органда тіркелгеннен кейін жүргізеді.
      Тексеруді бастау күні болып тексеру жүргізу туралы бұйрықта көрсетілген күн есептеледі.»;
      17-тармақта:
      екінші және үшінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «Тексеруді тоқтату, тоқтата тұру, жаңғырту, мерзiмiн ұзарту әділет органдарының бірінші басшысымен (немесе оның міндетін атқарушы тұлғамен) жүзеге асырылады.
      Тексеріс мерзімі ұзартылған, не ол тоқтатылған, тоқтата тұрылған, жаңғыртылған, сондай-ақ есептен шығарылған жағдайда (өткізілмеген тексеріс ретінде) тиісті есепке алу карточкасы толтырылады және уәкілетті органға ұсынылады.»;
      18-тармақ мынандай редакцияда жазылсын:
      «18. Тексеру бастаудың алдында тексерушiлер тобы тексерiлетiн органның бірінші басшысына (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға) тексерудi тағайындау туралы бұйрықты ұсынады.»;
      20-тармақтың екінші бөлігі мынандай редакцияда жазылсын:
      «Тексерушi топтардың мiндеттерi мен функцияларын толықтыруды және нақтыландыруды әділет органдарының бірінші басшысымен (немесе оның міндетін атқарушы тұлғамен) жүзеге асырылады.»;
      21-тармақ мынандай редакцияда жазылсын:
      «21. Тексерулердi жүргiзген кезде тексерушiлер:
      1) тексерулердi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдардан қажеттi материалдар мен ақпаратты сұрауға;
      2) мемлекеттiк органдарға заңның бұзылуын жою туралы ұсыныс енгiзуге;
      3) әділет органдары бірінші басшысының (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның) атына әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып отырған тұлғадан түсiніктеме сұрауға құқылы.
      Ескерту: Тексеру барысында үштен артық мемлекеттік тіркеуге, ресми жариялауға жататын нормативтік құқықтық акті анықталған кезде, онда мұндай бұзушылықтар тексерудің әр мәні бойынша жеке-жеке, тексеру қорытындысы бойынша актіге жеке қосымшамен (қосымшалармен) ресімделеді. Бұл ретте, актіде қосымшаға (қосымшаларға) тиісті сілтеме келтіріледі.»;
      22-тармақта:
      1) тармақша алып тасталсын;
      2) тармақшада «жол бермеуге» деген сөздер «жол бермейді» деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) тексеру барысында алынған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер, немесе құпиялы сипаттағы мәліметтерді қамтитын ақпаратты жариялауға жол бермейді.»;
      23-тармақта «қолданылып жүрген заңнамасында» деген сөздер «қолданыстағы заңнама актілерінде» сөздерімен ауыстырылсын;
      24-тармақта «заңнамада белгiленген» деген сөздер «Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңмен белгіленген» сөздерімен ауыстырылсын;
      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «25. Тексеру қорытындысы бойынша ол аяқталған сәттен бастап үш күннен кешіктірмей анықталған кемшіліктерді жою және жұмысты жақсарту бойынша нақты нұсқаулары бар екі данада акт жасалады. Жасалған актілер тексерілген органның бірінші басшысына (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға) танысу және қол қою үшін ұсынылады. Қол қойылғаннан кейін актінің екінші данасы әділет органдарына қайтарылады.»;
      26-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Актіге тексеруші топ қол қояды және тексерілген органның бірінші басшысына (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға) танысу үшін ұсынылады.»;
      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «27. Тексерiлген органның бірінші басшысы (немесе оның міндетін атқарушы тұлға) тарапынан актiге қарсылықтар немесе ескертулер болған жағдайда, өзiнiң қолының алдында ескертпе жасайды және оған негiзделген жазбаша түсiндiрмелер мен ескертулер қоса берiледi.»;
      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «28. Тексерiлген органның бірінші басшысы (немесе оның міндетін атқарушы тұлға) қол қоюдан бас тартқан жағдайда актiде тиiстi жазба жүргiзiледi.»;
      29-тармақта «дұрыстығы» деген сөзді «растығы» деген сөзімен ауыстырылсын;
      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «31. Тексеріс қорытынды бойынша бұзушылық анықталған жағдайда, Әділет министрлігімен және оның аумақтық органдарымен заңнама актілерімен қарастырылған ықпал ету шаралары қабылданады (заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіледі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құрастырылады).»;
      32-тармақ алып тасталсын;
      33-тармақта «тексерушілер» деген сөздерден кейін «дереу» деген сөзбен толықтырылсын;
      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «34. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау және сотқа жiберу «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 30 қаңтардағы кодексiнде және Қазақстан Республикасы Әдiлет министрінің 2002 жылғы 10 маусымдағы № 87 «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердің өндiрiсi жөнiндегi нұсқаулықты бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1882 болып тіркелген) бұйрығында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.».
      2. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрі                             Р. Түсіпбеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады