Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушылардың таңдау ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 25 шілдедегі № 66 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы Төрағасының 2010 жылғы 21 мамырдағы № 43 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 3 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6323 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 126 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 126 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау үдерісін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 25 шілдедегі№ 66 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4360 тіркелген) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқарушыларды таңдау ережесінде:
      мынадай мазмұндағы 10-3 және 10-4-тармақтармен толықтырылсын:
      «10-3. Мандат - белгілі бір инвестициялық сипаттамалары бар портфель.
      10-4. Мамандандырылған мандат - басқару стильдерін әртараптандыру және сыртқы басқарушылар арасында теріс байланыс орнату мақсатында берілетін мандат.»;
      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «19. Уәкілетті бөлімше осы Ереженің 19-1 және 19-2-тармақтарында белгіленген сыртқы басқарушыларды таңдаудың міндетті критерийлерін ескере отырып, келіп түскен барлық ұсыныстарға салыстырмалы талдау жүргізеді.
      Егер сыртқы басқарушы міндетті критерийлерді қанағаттандырған жағдайда, ұсыныс одан әрі қаралады және осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес бағалау критерийлері бойынша салыстырмалы талдау жүргізіледі.
      Осы Ереженің 19-1 және 19-2-тармақтарында белгіленген критерийлерді қанағаттандырмайтын компания Ұлттық Банк Басқармасының шешімі бойынша сыртқы басқарушы ретінде бекітілуі мүмкін.
      Сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау тәртібі осы Ереженің 3-қосымшасында келтірілген.»;
      мынадай мазмұндағы 19-1 және 19-2-тармақтармен толықтырылсын:
      «19-1. Бір сыртқы басқарушыға берілетін активтердің көлемі 100 миллион АҚШ доллары баламасынан асатын мандаттар үшін міндетті критерийлер:
      1) Қордың активтерін инвестициялау болжанып отырған қаржы құралдарымен кемінде 10 жыл жұмыс тәжірибесі;
      2) басқарудағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 25 (жиырма бес) миллиард АҚШ долларына балама жиынтық активтері болуы тиіс;
      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: қарастырылып отырған мандат түрі бойынша сыртқы басқарушыда клиенттердің кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ долларына балама жиынтық активтері болуы тиіс.
      19-2. Бір сыртқы басқарушыға берілетін активтердің көлемі 100 миллион АҚШ доллары баламасынан аспайтын мамандандырылған мандаттар үшін міндетті критерийлер:
      1) Қордың активтерін инвестициялау болжанып отырған қаржы құралдарымен кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі;
      2) басқарудағы активтердің мөлшері: клиенттердің басқарудағы жиынтық активтерінің мөлшері кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ доллары болуы тиіс балама құралдар мандаттары бойынша сыртқы басқарушыларды қоспағанда, сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 5 (бес) миллиард АҚШ долларына балама жиынтық активтері болуы тиіс;
      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері: қарастырылып отырған мандат түрі бойынша сыртқы басқарушыда клиенттердің кемінде 500 (бес жүз) миллион АҚШ долларына балама жиынтық активтері болуы тиіс.»;
      22-тармақтың үшінші сөйлемі «Әрбір сыртқы басқарушы» деген сөздерден кейін «Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен не» деген сөздермен толықтырылсын;
      24-тармақта «Өкілетті өкіл» деген сөздер «Ұлттық Банк Басқармасы не Өкілетті өкіл» деген сөздермен ауыстырылсын;
      25-тармақ «Уәкілетті бөлімше» деген сөздерден кейін «Ұлттық Банк Басқармасының шешімі не» деген сөздермен толықтырылсын;
      31-1-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні мынадай редакцияда жазылсын:
      «31-1. Осы Тарауда белгіленген талаптар 26-тармақтың 6) тармақшасын қоспағанда, сыртқы транзиттік басқарушы сыртқы транзиттік басқаруды жүзеге асырған кезде Ұлттық Банк және сыртқы транзиттік басқарушы арасында туындайтын қатынастарға қолданылады.»;
      3-қосымшаның атауындағы «ережесі» деген сөз «тәртібі» деген сөзбен ауыстырылсын.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      3. Монетарлық операциялар департаменті (Герасименко Ю.В.):
      1) Заң департаментімен (Өртембаев А.Қ.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жіберсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.А. Әлжановқа жүктелсін.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                         Г. Марченко

      "Келісілді"
      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі
      ______________ Б. Жәмішев
      2010 жылғы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады