Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу ережесiн және Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесiн бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 18 тамыздағы N 652 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 15 қыркүйектегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6496 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 2 тамыздағы № 685 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 02.08.2016 № 685 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысына сәйкесБҰЙЫРАМЫН:
      1. Мыналар:
      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу ережесi;
      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Стратегиялық даму департаментi (Б.Т. Төкежанов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі А.Д. Құрманғалиеваға жүктелсін.
      5. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                       Ж. Досқалиев

      «Келiсiлдi»
      Қазақстан Республикасы
      Еңбек және халықты
      әлеуметтiк қорғау министрiнің
      міндетін атқарушы
      __________ Т. Дүйсенова
      2010 жылғы 16 қыркүйек

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау министрiнiң
2010 жылғы 18 тамыздағы 
№ 652 бұйрығына     
1-қосымша         

Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу тәртiбi реттейдi.
      2. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiне сол мамандық бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық нысандарға қарамастан мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары мен басқа да ұйымдардағы жұмыстың уақыты есептеледi.
      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      жұмыс өтілі – қызметкердің еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруға жұмсаған, күнтiзбемен есептелген уақыт.

2. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу тәртібi

      4. Дәрiгерлiк лауазымда жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне жоғары медициналық бiлiмi болған жағдайда дәрiгерлiк, лауазымдарында, оның iшiнде басшылық лауазымдарындағы жұмыс уақыты, сондай-ақ клиникалық практикаға байланысты интернатурада, резидентурада клиникалық ординатурада, аспирантурада, магистратурада, докторантурада оқу, біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өту уақыты есептеледi.
      5. Орта медицина қызметкері лауазымдарында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне орта медицина қызметкерлері немесе фармацевтикалық (зертханашылар үшін) лауазымдарындағы, оның iшiнде денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық және медициналық-әлеуметтiк сараптама комиссиясының хатшысы лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледi.
      6. Провизор лауазымында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне жоғары фармацевтикалық бiлiмi болған кезде фармацевтикалық қызметкерлері лауазымдарындағы, оның iшiнде денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық ету лауазымдарындағы жұмыс уақыты есептеледi.
      7. Орта фармацевтика қызметкері лауазымында жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң мамандықтары бойынша жұмыс өтiлiне орта фармацевтика қызметкері лауазымдарындағы, оның iшiнде басшылық лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледi.
      8. Медициналық емес психолог, зертханашы, энтомолог, зоолог, биолог және басқа да лауазымдарда жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне жоғары оқу орнында алған мамандығы бойынша, оның iшiнде денсаулық сақтау ұйымында басшылық лауазымындағы жұмыс уақыты есептеледi.
      9. Кiшi медицина қызметкерi лауазымында жұмыс iстейтiн тұлғалардың мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне барлық денсаулық сақтау ұйымдарындағы, сондай-ақ медициналық ғылыми ұйымдары мен денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарындағы жұмыс уақыты есептеледi.
      10. Медицина және фармацевтика қызметкерлерi лауазымында жұмыс iстейтiн адамдардың мамандығы бойынша жұмыс өтiлiне осы лауазымдарда жұмыс iстеуге арналған медициналық немесе фармацевтикалық бiлiм талап етiлетiн барлық мекемелердегі, кәсiпорындар мен ұйымдардағы лауазымдар жұмыс уақытына есептеледi, бұл жұмыс iстеген мекеменiң, кәсiпорынның немесе ұйымның тиiстi құжатымен расталады.
      11. Мамандығы бойынша жоғары немесе орта медицина және фармацевтикалық білімі бар мамандардың жұмыс өтiлiне денсаулық жағдайына байланысты өзгерген бұрын алған мамандығы бойынша лауазымдардағы жұмыс уақыты есептеледі.
      12. «Денсаулық сақтау қызметкерлерi лауазымдарының бiлiктiлiк сипаттарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 791 бұйрығына (2009 жылғы 30 қарашада Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5945 тіркелген, 2010 жылғы № 7 Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттiк органдарының актiлер жинағында жарияланған) сәйкес дәрігерлік және провизорлық лауазымдарға жіберілген мамандардың жұмыс өтіліне 2010 жылғы 30 сәуірге дейінгі жұмыс уақыты есептеледі.

3. Денсаулық сақтау ұйымдарының мемлекеттiк қызметшілері болып табылмайтын қызметкерлерінің мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу шарттары

      13. Медицина және фармацевтика қызметкерлері лауазымдарында жұмыс iстейтiн тұлғалардың жұмыс өтiлiне қосымша шарттар мен шектеулерсiз:
      1) жұмыстан заңсыз босатылған жағдайда жұмыста болмаған уақыты;
      2) жөнсіз себептер бойынша қызметiнен босатылған адамдардан басқа, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – КСРО) Қарулы Күштерiндегi, iшкi, шекаралық әскерлерiндегi, азаматтық қорғаныс басқармаларының органдары мен бөлiмдерiндегi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен бұрынғы КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң органдары жүйесiндегi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметiндегi және Қазақстан Республикасының Республикалық ұланындағы офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың мерзiмнен тыс қызмет әскери қызметшiлерiнiң нақты әскери қызмет өткерген уақыты;
      3) мамандығы бойынша мемлекеттік қызметте сәйкес ведомостволарда, Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істеген уақыты;
      4) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі) сәйкес жүктiлiгi мен тууы бойынша демалыс уақыты, сондай-ақ заңнамаға сәйкес жалақысы сақталмайтын бала күтімі бойынша берiлген демалыс уақыты;
      5) медициналық қызметi бойынша шетелге жiберілген жағдайда, егер қызметкер шетелге барар алдында медициналық қызметте жұмыс iстеген болса, халықаралық ұйымдардағы жұмыс уақыты;
      6) егер осы лауазымдар медицина және фармацевтика қызметкері лауазымдарына жатқызылған болса, денсаулық сақтау ұйымына техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асырған және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз еткен қызметкерлер қызметтерiндегi жұмыс уақыты;
      7) егер қызметкер оқуға түскенге дейiн медициналық қызметте жұмыс iстеген және оны бiтiргеннен кейiн медициналық қызметке байланысты жұмысқа қайтып келген болса, жұмыстан қол үзiп даярлау, қайта даярлау және кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi курстарда оқыған уақыты есептеледі.
      14. Қызметтің барлық саласы үшiн лауазымдарға арналған мамандық бойынша жұмыс өтiлiне:
      1) осы Ереженің 13-тармағында көрсетiлген барлық шарттар;
      2) оның еңбек қызметiн өткерген қызмет саласына қарамастан мамандығы, сондай-ақ ұқсас мамандығы бойынша жұмыс өтiлi есептеледi.
      15. Жұмыс өтiлi осы Ережеге сәйкес есептеліп, күнтiзбелiк есептеумен ескерiледi.
      16. Мамандық бойынша жұмыс өтiлi, құрамын денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекiтетін еңбек өтiлiн белгiлеу жөнiндегi ұйымның комиссиясы жұмысқа қабылдағанда белгілейді.
      17. Мамандық бойынша жұмыс өтiлiн белгiлеу туралы комиссияның шешiмi хаттамамен рәсiмделедi. Шешiмнің көшірмесі екi данада жасалады да, бiр данасы ұйымның кадр қызметiне, екiншiсi - ұйымның бухгалтериясына берiледi.
      18. Мамандығы бойынша жұмыс өтілін белгілеуге арналған қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес анықталады.

Қазақстан Республикасы 
Денсаулық сақтау министрiнiң
2010 жылғы 18 тамыздағы
№ 652 бұйрығына    
2-қосымша       

Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу тәртiбiн белгілейдi.
      2. Стационарлары бар денсаулық сақтау ұйымдары медициналық көмектi тәулiк бойы көрсететiн үздiксiз жұмыс режимi бар ұйымдарға жатады.
      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      еңбекке ақы төлеу – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне, сондай-ақ келiсiмдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға және жұмыс берушiнiң актiлерiне сәйкес жұмыс берушiнiң қызметкерге еңбегi үшiн берiлетiн сыйақының мiндеттi төлеуін қамтамасыз етуге байланысты қатынастар жүйесi;
      жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушiнiң актiлерiне және еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындайтын уақыт, сондай-ақ өзге де уақыт кезеңдерi;
      мереке күндерi - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мереке күндерi.

2. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу тәртібі

      4. Медициналық көмектi тәулiктің кез келген уақытында және апта күндері көрсету кезінде стационар жұмысының өзіне тән ерекшелiгiн ескере отырып, бекiтiлген жұмыс кестесiне сәйкес медициналық қызметтері үшiн түнгi уақытта, демалыс және мереке күндері кезекшiлiк белгiленедi.
      Кесте Кодексте белгiленген жұмыс уақыты ұзақтығының талаптары ескерiле отырып құралады.
      5. Медицина қызметкерлерінің еңбегiн ұтымды ұйымдастыру мақсатында ұйым басшысы бар дәрiгерлер мен орта медициналық қызметкерлерінің құрамымен тәулiк бойы көмекті немесе кезекшiлiкті қамтамасыз ету үшiн штат кестесiне қосымша дәрiгерлiк және мейірбикелік лауазымдарын енгiзеді.
      6. Дәрiгерлер, орта медицина қызметкерлері жұмыс уақытының нормасынан артық кезекшiлiк уақытындағы жұмысы үшiн ақы төлеу кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
      7. Мереке және демалыс күндерiндегi кезекшілікке қызметкердiң күндiк (сағаттық) ставкасы негiзге алына отырып, кемiнде екi есе мөлшерде ақы төлеу жүргiзiледi.
      8. Барлық жағдайда түнгi уақыттағы әрбiр жұмыс сағатына (кезекшiлiк) кемiнде бір жарым мөлшерде ақы төленедi (түнгi уақыт болып кешкi сағат 22-ден таңғы 6-ға дейiнгi уақыт есептеледi).

3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерiнiң кезекшiлiгiн ұйымдастыру және еңбекақы төлеу

      9. Дәрiгерлердiң негiзгi қызметi бойынша атқарылатын жұмысының (кезекшiлiк) шарттары кестеге сәйкес негiзгi жұмыс орны бойынша еңбек шартында ескерiледі.
      10. Медицина қызметкеріне, оны демалыс күнi кестеде көзделмеген жұмысқа тартқан кезде, оған кемінде екi есе өтемақы төленедi. Қызметкердiң қалауы бойынша өтемақы демалыс күнiне ауыстырылады.
      11. Демалыс күндері кезекшіліктегі қызметкерлерге кестеге сай кезекпен аптаның әр күндері ұсынылады.
      12. Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрiгерлерi мен орта медицина қызметкерлері үшiн ұйымның түрiне және оның орналасқан орнына қарамастан үйдегi кезекшiлiк енгiзу қарастырылған.
      13. Жұмыс уақытының нормасы шегiнде күндiзгi де, түнгi де уақытта атқарылатын үйдегi кезекшiлiкке жұмсалған уақыт кезекшiлiктiң әрбiр сағатының жарты сағаты ретiнде есептеледi.
      14. Көрсетілген кезекшiлiктi атқаратын қызметкер ұйымға, оқиға орнына, науқастың үйiне шақырылған жағдайда, шақыруға жұмсалған уақытқа денсаулық сақтау қызметкерлерiнiң мереке күндері және түнгi уақыттағы еңбегiне ақы төлеудiң қолданыстағы тәртiбiн сақтай отырып, маманның iс жүзiнде атқарылған жұмыс уақыты үшiн лауазымдық айлықақысы (ставка) есебiнен ақы төленедi.
      15. Осындай тәртiппен тұрақты даярлықтағы медициналық бригадалардың және апаттар, зiлзалалар мен басқа да төтенше жағдайлар кезiнде тiкелей шұғыл медициналық көмек көрсету және құтқару жұмыстары үшiн ұйымдастырылған арнайы тағайындалған көптеген жұмыстар атқаратын медициналық жасақтардың мамандарына үйдегi кезекшiлiкке ақы төлеу жүргiзiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады