Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2010 жылғы 1 қыркүйектегі N 554 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 6 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6521 болып енгізілді.

      "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасының" 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 12-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану ережесі бекітілсін.

      2. "Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасының 2007 жылғы 9 ақпандағы № 54 бұйрығының (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде 4563 нөмірмен тіркелген, "Заң газетінде" 2007 жылғы 3 тамызда № 118 (1321)) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Табиғат ресурстарын пайдалану стратегиясы департаменті Қазақстан Республикасы (Омаров Ж. Ы.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министрдің м.а.

Е. Аман


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министірінің м.а.
2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 554
бұйрығымен бекітілген

Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи
аумақтарды пайдалану ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану ережесі "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи ресурстарын пайдалануы мақсатында оларды пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Ереже республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолданылады.

      3. Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи ресурстарын пайдалануына белгіленген күзет режиміне байланысты:

      1) әуесқойлық (спорттық) балық аулау;

      2) қорықтың күзет режимі бар орындарын қоспағанда, осы үшін арнайы бөлінген жерлерде жанама орман пайдалануды (жабайы жемістерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды, дәрі-дәрмектік шөптерді әуесқойлық мақсатта жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру, марал өсіру, бақ шаруашылығы);

      3) арнайы бөлінген учаскелерде шөп шабу мен мал жаюды жүзеге асыру мақсаттарында жол беріледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 04.11.2022 № 685 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалануы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады.

2. Жеке тұлғалардың заңды тұлға мәртебесі бар ерекше
қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалануы

      5. Жеке тұлғалардың әуесқойлық (спорттық) балық аулауға мемлекеттік ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің шектеулі шаруашылық және туристік және рекреациялық қызмет аймақтарында және мемлекеттік табиғи резерваттардың буферлік аймағында жол беріледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 04.11.2022 № 685 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік өңірлік парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар аумағында шөп шабуға және мал жаюға Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында ғана жол беріледі.

      Мемлекеттік табиғи қорықтардың күзет аймақтарының аумағында биологиялық сан алуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгін қамтамасыз ету шеңберiндегi мал жаюға және шөп шабуға, сондай-ақ өзге де қызметке жол беріледі.

      7. Қорықтың күзет режимі орындарын қоспағанда, осы үшін арнайы бөлінген жерлерде жанама орман пайдалану (жабайы жемістерді, жидектерді, саңырауқұлақтарды, дәрі-дәрмектік шөптерді әуесқойлық мақсатта жинау, ара ұялары мен омарталар орналастыру) Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Жеке тұлғалардың заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше
қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалануы

      8. Жеке тұлғалардың мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың аумағын пайдалануы:

      1) Заңының 69-бабына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортына;

      2) Заңының 72-бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимі сақталған жағдайда көрсетілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан жер учаскелерінің нысаналы пайдаланылуына сәйкес айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады