Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Райымбек аудандық мәслихатының 2010 жылғы 19 наурыздағы N 35-177 шешімі. Алматы облысы Райымбек ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 7 сәуірде N 2-15-86 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек ауданы мәслихатының 2012 жылғы 05 қыркүйектегі N 7-47 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Райымбек ауданы мәслихатының 2012.09.05 N 7-47 Шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағы 15) тармақшасына сәйкес Райымбек аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі қосымшаға сәйкес белгіленсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын жүзеге асыру "Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (Х.Зыкаев) жүктелсін.
      3. Райымбек аудандық мәслихатының 2009 жылғы 16 сәуірдегі N23-118 "Табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі 2-15-69, 12.05.2009 жыл, "Хантәңірі" газетінің 22 қазан 2009 жылғы N 41 санында жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы, аудандық
      мәслихаттың хатшысы                        Ұ. Әбек

Райымбек аудандық мәслихатының
2010 жылғы 19 наурыздағы "Тұрғын үй
көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін
белгілеу туралы" N 35-177 шешімімен
бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі (бұдан әрі – Тәртібі) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" N 94 Заңының 97- бабының 2- тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне" және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 512 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне" сәйкес әзірленді және тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеудің тәртібін белгілейді. Тұрғын үй көмегі халықты әлеуметтік қорғаудың бір түрі болып табылады.

1. Негізгі ұғымдар мен анықтамалар

      1. Осы Тәртіпте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      уәкілетті орган – жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Райымбек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      учаскелік комиссия – тұрғын үй көмегін алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын, құрамына атқарушы және құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау салаларының, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен жеке меншік пәтер иелерінің өкілдері кіретін арнаулы комиссия;
      өтініш беруші – тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы атынан өтініш беретін отбасының кәмелетке толған бір мүшесі.
      2. Тұрғын үй көмегі ауданның елді мекендерінде тұрақты тұратын отбасыларға (азаматтарға) нормалар шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің" 1 бөлімінің 2 тармағында көрсетілген коммуналдық қызметтерге ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады және жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді.
      3. Шығыстардың шекті деңгейі отбасының жиынтық табысының 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы

      1. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлеміне белгіленген нормалар шегінде төленген ақы, отбасы жиынтық табысының 10 пайызы үлесінен жоғары болған жағдайда тағайындалады.
      2. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтері) бар немесе тұрғын үйін жалға беруші (қосымша жалға беруші) тұлғалар тұрғын үй көмегін өзі тіркеуде тұрған үйіне ғана алуға құқылы.
      3. Бірінші, екінші топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, сексен жастан асқан адамдардың, үш жасқа дейінгі баланың күтімімен айналысатын тұлғаларды, стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын адамдарды, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті немесе айналасындағы адамдарға қатер төндіретін ауруы бар ауруханалық немесе емханалық емдеуде жүрген азаматтарды бағып-күтумен айналысатындарды қоспағанда, жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, мерзімдік әскери қызметін өткермейтін еңбекке жарамды, бірақ жұмыспен қамту органында жұмыссыз ретінде тіркелмеген мүшелері бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      4. Уәкілетті орган ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналастырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, қоғамдық жұмыстарға қатысуды,, кәсіби даярлаудан, біліктілігін арттыру мен қайта даярлаудан өтуді өз бетімен тоқтатқан жұмыссыздардың отбасы тұрғын үй көмегін алу құқығын алты айға жоғалтады.
      5. Құрамында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында және ішкі істер органдарында жұмыс істейтін медицина, педагог, әлеуметтік және полиция қызметкерлері бар отбасыларына тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      6. Мерзімді әскери қызметтегі, бас бостандығынан айыру орындарындағы және мәжбүрлеп емдеу орындарындағы адамдар отбасы құрамына есептелінбейді.
      7. Тұрғын үй көмегін алу құқығы өтініш беруші қажетті құжаттарын тапсырған тоқсаннан басталады және сол тоқсанға толық төленеді.

3. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш беруші селолық, поселкелік округ әкіміне белгіленген үлгіге сәйкес өтініш береді және ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы N 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің" 2 - бөлімінің 4 - тармағында көрсетілген құжаттарға қоса төмендегі құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің әлеуметтік жеке кодының (ӘЖК), салық төлеушінің тіркеу нөмірінің (СТН) көшірмесі;
      2) әділет басқармасынан немесе селолық, поселкелік округ әкімдігінен өтініш берушінің жеке меншігінде қанша үйі бар екені туралы анықтама;
      3) селолық, поселкелік округ әкімдігінен жеке қосалқы шаруашылығындағы малы және жері туралы анықтама.
      Тұрғын үйдің иесі болып табылмайтын тұлғалар, тұрғын үй иесінің мүдделерін білдіруге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге қатысты сенімхат ұсынуға құқылы.
      Өтініш иесіне құжаттары қабылданғаны жайлы түбіртек беріледі, тағайындалмаған жағдайда себептері көрсетілген хабарлама беріледі.
      2. Тұрғын үй көмегін алуға құқық тоқсан сайын отбасының табысы туралы мәліметтерді бере отырып расталады.
      3. Уәкілетті орган, селолық, поселкелік округтің әкімі құжаттарды қабылдап алғаннан кейін қажеттілігіне қарай әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияларға тапсырады.
      4. Учаскелік комиссия жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша отбасына тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындамау жайлы қорытындыны 5 күнтізбелік күн ішінде селолық, поселкелік округтің әкіміне ұсынады.
      5. Селолық, поселкелік округтің әкімі өтініш берушілердің құжаттарын учаскелік комиссия дайындаған қорытындымен бірге өтініш берушіден құжаттар қабылданғаннан күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті органға тапсырады.
      6. Уәкілетті орган селолық, поселкелік округтің әкімінен құжаттарды қабылдап алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні селолық (поселкелік) округ әкімі арқылы күнтізбелік 5 күн ішінде жазбаша хабардар етеді.
      7. Отбасы құрамында немесе табыстарында өзгеріс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін алушылар 15 күн ішінде уәкілетті органға өзгерістер туралы хабарлауы керек.
      8. Берілген ақпараттың дұрыстығы туралы күмән пайда болған жағдайда, тұрғын үй көмегін тағайындайтын уәкілетті орган немесе учаскелік комиссия отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерлері, табыстары туралы қажетті ақпаратты тиісті орындардан сұратуға және оны тексеруге құқығы бар.
      9. Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда, қайта есептеу олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
      Артық төленген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуы тиіс.
      10. Тұрғын үй көмегіне өтініш білдірген кезде коммуналдық қызмет ақысы үшін берешектері бар отбасыларына, қарыздарына қарамастан есепке тіркелген сәттен бастап ағымды төлемдерді тұрақты төлеу шартымен тұрғын үй жәрдемақылары тағайындалады.
      11. Өтініш беруші уәкілетті органның және оның қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен шешімдеріне наразы болған жағдайда жоғары тұрған уәкілетті органдарға, құқық қорғау органдарына шағымдануға құқылы.

4. Отбасының жиынтық табысын анықтау тәртібі

      1. Тұрғын үйдің меншік иесі немесе жалдаушысы (қосалқы жалдаушысы) болып табылатын отбасының (азаматтың) жиынтық табысын анықтаған кезде осы мекен-жайда тіркелген барлық адамдар отбасы құрамына толық ескеріледі.
      2. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың мынадай түрлерi толық есепке алынады:
      1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын барлық табыс;
      2) кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен, тұрғын үйін (пәтерін) жалға беруден түсетiн табыс;
      3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
      Алименттер, сондай-ақ алимент төлеушiнiң жалақысын қайта есептеуге байланысты алынған алименттiң қосымша сомасы жиынтық табысқа олардың алынған уақыты бойынша есепке алынады.
      Алимент төлеушінің тұрғылықты жерi туралы мәлiметтердiң жоқ болуы себепті алимент өндiрiп алуға мүмкiндiк болмаған жағдайда, тиiстi органдардан алимент төлеушінің iзделуде жүргенi туралы алынған құжаттар қоса берiлсе отбасының жиынтық табысы алимент есепке алынбай есептеледi.
      Жиынтық табыс, егер алимент төлеушi:
      жұмыс iстемейтiн және уәкiлеттi органда жұмыссыз ретiнде тiркелген (анықтамасын ұсынған кезде);
      бас бостандығынан айыру орындарында не уақытша ұстау изоляторында болған (балаларға алимент аударылмайтыны туралы сот орындаушысының немесе түзеу мекемесiнiң бас еркінен айыру орындарында не уақытша ұстау изоляторында болу кезеңі көрсетілген анықтамасын ұсынған кезде);
      туберкулез, психоневрологиялық диспансерлерде (стационарларда), еңбекпен емдеу профилакторийiнде емдеуде жүрген немесе есепте тұрған (анықтамасын ұсынған кезде);
      Қазақстан Республикасы тиiстi келiсiм жасаспаған мемлекеттерге тұрақты тұруға кеткен;
      құзыреттi органның анықтамасымен немесе учаскелiк комиссияның қорытындысымен расталған, спирттi iшiмдiктердi, есiрткi заттарын құмарлықпен салынып пайдалануына байланысты балалары мен басқа да асырауындағыларды ұстаудан жалтарған жағдайда, алиментi есепке алынбай есептеледi.
      Егер ата-анасының арасында неке бұзылмай жұбайлардың бiреуiнен алимент өндiрiп алынса, осы жұбайы отбасымен бiрге тұрған кезде оның табысы жиынтық табыста толық есепке алынады. Жұбайлар бөлек тұрған жағдайда, отбасының жиынтық табысында алимент қана есепке алынады.
      Балалары және басқа да асырауындағылары үшін алынған алимент ұйымдардың аударылған алимент туралы анықтамаларымен және (немесе) почта аударымдарының төленген алимент көлемі туралы түбiртегiмен, сондай-ақ сот органдарының алимент өндiрiп алу туралы шешiмi қоса берiлген жазбаша өтiнiш негiзiнде расталады. Алимент бойынша 3 айдан астам кезеңге берешек пайда болғанда сот орындаушысының алимент бойынша берешектi айқындау туралы қаулысы ұсынылады.
      4) жеке қосалқы шаруашылықтан (мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан) түсетін табыс;
      Жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табыс мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке және он сегіз жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыға қолданылып жүрген нормативтік кәртішкелер негізінде есептелінеді.
      5) өзге де табыс.
      3. Отбасының жиынтық табысына мыналар есепке алынбайды:
      1) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
      2) тұрғын үй көмегi;
      3) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
      4) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      5) есептi кезеңде белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейiнен төмен жалпы сомада көрсетiлген, ақшалай және заттай түрдегi (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек.
      Есептi кезеңде көрсетiлген қайырымдылық көмек облыста есептi кезеңде қалыптасқан ең төмен күнкөрiс деңгейiнен асып түскен жағдайда, көрсетiлген көмек сомасы мен ең төмен күнкөріс деңгейi арасындағы айырма жиынтық табысқа есепке алынады;
      6) жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек.
      Егер жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек мақсатына сай пайдаланылмаса, осы фактi анықталған тоқсандағы жиынтық табыс көрсетілген көмек сомасын ескере отырып есептеледi;
      7) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек;
      8) отбасы мүшелерінің бipeуi осы отбасында тұрмайтын адамдарға төлейтiн алимент;
      9) қорғаншылардың (қамқоршылардың) табысы (қорғауындағы балаларға арналған жәрдемақы тағайындалған кезде);
      10) азаматтардың тегiн немесе жеңiлдiкпен протездеуге бару жолына ақы төлеу;
      11) протездеу уақытында азаматтарды ұстау;
      12) азаматтардың елдi мекеннен тыс жерлерге емделуге тегiн немесе жеңілдiкпен жол жүру құны;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
      дәрілiк препараттар;
      санаторийлiк-курорттық емдеу;
      протездік-ортопедиялық бұйымдар (жасау және жөндеу);
      жүрiп-тұру құралдары (кресло-арбалар) мен мүгедектерге бөлiнген басқа да сауықтыру құралдары;
      тегiн тамақтандыру мен бiлiм беру ұйымдарында бiлiм беру туралы заңнамаға сәйкес көрсетiлетiн көмек;
      14) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi заңнамалық кесiмдермен оралмандарға:
      тұрақты тұратын жерiне жол жүру және мүлкiн жеткiзу (оның iшiнде малын) жөнiндегi шығыстарды өтеуге;
      келген жерiнде тұрғын үй сатып алуға және бiржолғы жәрдемақы төлеуге көзделген қаражат.

5. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде есепке
алынатын, кәсіпкерлік және басқа да қызмет
түрлерінен түсетін табыс

      1. Отбасының кәсiпкерлiктен және басқа да қызмет түрлерiнен түсетін жиынтық табысын есептеу кезiнде:
      1) өнiмдi (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан;
      2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлiктi сату кезiндегi құн өсiмiнен;
      3) шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде және шартты жер үлесi мен мүлiк жарнасынан алынған;
      4) өзiн-өзi жұмыспен қамтудан түскен табыс есепке алынады.
      2. Жекелеген азаматтарда жұмыс iстейтiн адамдар жалақысын шарттың көшiрмесiмен, жалға алушының анықтамасымен немесе өтiнiш негiзiнде растайды.
      Жекелеген азаматтарда шарт жасаспай жұмыс iстейтiн адамдардың жиынтық табысы олардың өтiнiштерi негiзiнде расталады.
      3. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтiнiшпен расталады.
      4. Кәсiпкерлiк қызметпен арнаулы салық режимi жағдайында айналысатын адамдардың табысы бiржолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негiзiнде расталады.
      Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде алынған табысты қоса алғанда, ресми расталмаған табыс әрбiр жұмыс iстеушiге шаққанда ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.

6. Тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегін төлеу ағымдағы тоқсан үшін тоқсанына бір рет жүргізіледі.
      2. Тағайындалған тұрғын үй көмегі бюджет қаражатының түсуіне қарай өтініш берушілердің жеке шоттарына аудару арқылы жүргізіледі.

7. Тұрғын үй көмегін есептеудегі нормативтер

      1. Тұрғын үй көмегі өтініш берушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі. Шоттар болмаған жағдайда, тұрғын үй көмегі нормативтер шегінде тағайындалады.
      2. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормативтер белгіленеді:
      1) Жылу ақысы - 6 тонна көмірді жыл ішінде екі тоқсанға бөліп беру;
      2) газ тұтыну ақысы - 1 айға сыйымдылығы 10,5 кг газы бар 1 кішкене баллон;
      3) электр жүйесін қолдану ақысы:
      1 адамға – 45 киловатт;
      2 адамға – 90 киловатт;
      3 адамға – 135 киловатт,
      4 және одан көп адамнан тұратын отбасына – 150 киловатт.
      4) ауыз су ақысы - белгіленген тиісті нормаларға сәйкес;
      5) телекоммуникация қызметі үшін абоненттік төлем тарифтерінің арттырылуына өтемақы мөлшері қолданылып жүрген тариф пен 2004 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша қалыптасқан тариф (248 теңге) айырмасы ретінде;
      6) күл-қоқыс шығару – белгіленген тиісті нормаға сәйкес.
      3. Тұрғын үй көмегін тағайындап, төлеу үшін "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі ұсынып, аудан әкімінің осы салаға жауапты орынбасары бекіткен коммуналдық қызмет ақысы бағаларының тарифтік нормалары басшылыққа алынады. Бұл тарифтік нормалар баға өзгерістеріне байланысты жыл сайын белгіленіп, бекітіледі.

8. Тұрғын үй көмегін көрсету үшін жауапкершілік

      1. Учаскелік комиссия, уәкілетті орган және уәкілетті ұйым тиісінше тұрғын үй көмегін тағайындауға ұсынудың, тағайындаудың, төлеудің және берудің заңдылығы мен өз уақытында жүргізілуіне, ал өтініш беруші жалған мәліметтер мен жасанды құжаттарды тапсырғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында белгіленген тәртіпке сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады