Жаңаарқа ауданының елді мекендерін көркейту, абаттандыру Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы мәслихатының XXIX сессиясының 2010 жылғы 8 қарашадағы N 29/246 шешімі. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 23 қарашада N 8-12-96 тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы мәслихатының 35 сессиясының 2011 жылғы 28 маусымдағы N 35/308 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы мәслихатының 35 сессиясының 2011.06.28 N 35/308 шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 8 тармақшасына сәйкес Жаңаарқа ауданының мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жаңаарқа ауданының елді мекендерін көркейту, абаттандыру Ережесі бекітілсін.
      2. Жаңаарқа аудандық мәслихатының 2004 жылғы 30 шілдедегі IX сессиясының "Жаңаарқа ауданының аумағында абаттандыру, санитарлық тазалау, тазалықты сақтау және көгалдандыруды ұйымдастырудың қағидасын бекіту туралы" N 9/77 шешімінің (Мемлекеттік тіркеу тізілімінде нормативтік құқықтық актінің тіркелген нөмірі N 1601, "Жаңаарқа" газетінің 2004 жылғы 9 қазандағы N 41 (9064) санында жарияланған), Жаңаарқа аудандық мәслихатының 2005 жылғы 10 қазандағы XX сессиясының "Жаңаарқа ауданының аумағында абатандыру, санитарлық тазалау, тазалықты сақтау және көгалдандыруды ұйымдастырудың қағидасын бекіту туралы" аудандық Мәслихаттың кезектен тыс IX – сессиясының 2004 жылғы 30 шілдедегі N 9/77 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" N 20/167 шешімінің (Мемлекеттік тіркеу тізілімінде нормативтік құқықтық актінің тіркелген нөмірі N 8-12-6, "Жаңаарқа" газетінің 2005 жылғы 29 қазан N 49 (9121) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық Мәслихаттың халықты әлеуметтік қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      4. Осы шешім ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық Мәслихаттың кезектен тыс
      XXIX-шы сессиясының төрағасы               Ж. Қожабекова

      Аудандық Мәслихат хатшысының
      міндетін атқарушы                          Ж. Зайыров

      КЕЛІСІЛДІ:

      Жаңаарқа ауданы
      Атасу кентінің әкімі                       Р. Түсіпов

      Аудандық сәулет,
      құрылыс, қала құрылысы бөлімінің
      бастығы                                    Б. Мұқанов

      Аудандық тұрғын үй-коммуналдық
      шаруашылығы, жолаушылар көлігі
      және автокөлік жолдары
      бөлімінің бастығы                          Б. Пазылов
      2010 жылғы 8 қараша

Жаңаарқа аудандық мәслихатының
2010 жылғы 8 қарашадағы
XXIX сессиясының
N 29/246 шешімімен бекітілген

Жаңаарқа ауданының елді мекендерін көркейту, абаттандыру
Ережесі

1 бөлім. Жалпы ережелер

      1. Ереже көріктендіру саласында бірыңғай және орындалуы міндетті нормалар мен талаптарды белгілейді және Жаңаарқа ауданы елді мекендері аумағындағы жер учаскелерінің, ғимараттардың, құрылыстардың иелері және (немесе) пайдаланушылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар үшін елді мекен аумағын тазалау және күтіп ұстау тәртібін анықтайды.
      2. Ереже Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы "Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексі", 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексі, 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексі, 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңы, 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңы, 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңы, 2006 жылғы 31 қаңтардағы "Жеке кәсіпкерлік туралы" Заңы және басқа да заңнамалық актілер негізінде жасалған.
      Сонымен қатар, Ереже елді мекен аумағын көріктендіру, санитарлық тазалау және күтіп ұстау жағдайына талаптарды анықтайтын Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері, құрылыстық және санитарлық ережелері мен нормалары негізінде әзірленген.
      3. Аумақты көріктендіру және санитарлық күтіп ұстау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру кент, ауылдық округтер әкімдеріне, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мәселелерін қарастыратын Жаңаарқа ауданы әкімдігінің мемлекеттік мекемелеріне, кондоминиум объектісін басқару мақсатында құрылған көп пәтерлі тұрғын үйлердегі үй-жайлар (пәтерлер) иелерінің коммерциялық емес бірлестіктері, кенттің өзін-өзі басқару органдарына, ғимараттар, құрылыстар, жер учаскелері иелерінің және (немесе) жер пайдаланушыларға жүктеледі.

Ереженің негізгі міндеттері:

      - азаматтардың экологиялық және санитарлық – эпидемиологиялық, қоғамдық - әлеуметтік игілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      - мемлекет тарапынан халықтың және келешек ұрпақтың денсаулығына кері әсер етпейтін жайлы қоршаған ортаны сақтау және санитарлық – эпидемиологиялық игілікті қамтамасыз ету принциптерін іске асыру;
      - халық денсаулығы мен санитарлық – эпидемиологиялық әлеуметтік игілікті қорғау.

Ереженің мақсаттары:

      - қысқы және жазғы маусымдарда аумақтарды ұстау және тазалаудың жалпы тәртібін белгілеу;
      - жаяу жүргіншілер мен көліктің қауіпсіз қозғалысы мен тазалықты қамтамасыз ететін жер қазу және тазалау жұмыстарының жалпы талаптарын бекіту;
      - аумақтардың санитарлық ахуалын қамтамасыз етудің жалпы талаптарын бекіту;
      - сыртқы жарықтандыру, жарнама қондырғыларын, көк желектерді, ғимараттарды және басқа елді мекендік инфрақұрылымдарды ұстаудың жалпы тәртібін бекіту;
      - қалалық және кенттік аумақтардың санитарлық ахуалын қамтамасыз ету және абаттандыру мәселелері бойынша анықталған тәртіп бұзушылықтар үшін жауапкершіліктерді, міндеттерді және құқықтарды белгілейді.
      Ереже, меншік түрлеріне, азаматтығына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғаларға, үй иелері мен жер пайдаланушыларға, жалға алушылар мен құрылыс салушыларға қатысты.
      Абаттандыру, санитарлық тазалық, аумақтарды тазалауды ұйымдастыру, оларда тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру және осы мәселелер бойынша өзара іс-қимылды үйлестіру шараларын, аудан әкімі аппаратының лауазымды қызметкерлері, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығының өкілетті органы және басқа өкілетті органдар жүргізеді.

2 бөлім. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар мен түсініктер

      4. Алаңның жаяужол бөлігі – жаяу жүргіншілер қозғалысына арналған алаң кеңістігі және учаскелер, алаңның барлық аумағы (өкілдік және мемориалдық) немесе оның бөлігі (объект маңындағы) арқылы көрсетілуі мүмкін.
      5. Аумақты санитарлық тазалау – қатты тұрмыстық қалдықтарды және ірі көлемді қоқыстарды жинау, шығару және қайта өңдеу (залалсыздандыру).
      6. Бекітілген аумақ – қаланы көріктендіру және санитарлық күтіп ұстау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру кезінде бекітілген аумақ субъектілерінің келісімі бойынша аудан, кент селолық округ әкімдері беретін аумақты көріктендіру паспортында көрсетілген, санитарлық тазалау және жинастыру үшін бөлінген аумақ ауданынан аспайтын алаң бойынша жер учаскесі (аумақты көріктендіру паспортының формасы осы Ережеге қоса ұсынылады).
      1) елді мекен аумағында бекітілген нысандар болып табылатындар:
      көшелер жағындағы бөлінген учаскелер шекарасынан өтпе жол шетімен шектелген аумақ;
      ішкі кварталдық аумақтың учаскелері;
      ауланың ішкі аумағы - шағын сәулет түрлерін, балаларға арналған, кір жаятын, қоқыс жәшіктері орналасқан алаңшаларды, автокөлік тұрақтарын, декоративтік құрылыстарды, үйге кіреберіс жолдарды, аулаға кіреберіс жолдарды орнату үшін пайдаланылатын жерлер (бір аулада бірнеше жер пайдаланушылар болса, онда бекітілген аймақ шекаралары пайдаланылатын аумақ шекараларына сәйкес, немесе тараптардың келісімі бойынша белгіленеді);
      сақтауға және жинақтауға уақытша пайдаланылатын аумақ;
      бөлінген және іргелес аумақ;
      инженерлік желілер қорғалатын аймақтардың аумағы.
      2) жеке, заңды тұлғалар бекітілген аумақтың субъектілері болып табылатындар:
      кондоминиум объектісін басқару мақсатында құрылған көп пәтерлі тұрғын үйлердегі үй-жайлар (пәтерлер) иелерінің коммерциялық емес ұйымдары;
      ғимараттар мен құрылыстардың иелері және (немесе) пайдаланушылары;
      жер учаскелерінің иелері және (немесе) пайдаланушылары.
      7. Бөлінген аумақ – Қазақстан Республикасының жер заңнамасымен белгіленген тәртіпте жеке және заңды тұлғаларға ұсынылған елді мекен аумағының бөлігі.
      8. Ғимараттың қасбеті – ғимараттың немесе құрылыстың сыртқы жағы.
      9. Демалыс аумақтары – халықтың демалу орындарын ұйымдастыруға және жайластыруға арналған, саябақтар және скверлер, су қоймалары, жағажайлар, ландшафт сәулет объектілері, сондай-ақ уақыт өткізетін және сауықтыру мақсатындағы басқа да орындарды қамтитын ортақ пайдалану орындары.
      10. Жасыл көшеттер – жасанды және табиғи ағаш, ағаш-бұта, бұта және шөп өсімдіктері.
      11. Жаяужол аймақтары – серуен және мәдени - тұрмыстық, транзиттік қозғалыс мақсатында халықтың қозғалысы жүзеге асырылатын және белгілі-бір сипаттамалары: көшеден тыс және жер үсті қоғамдық көлік аялдамаларының болуы, қызмет көрсету, тарихи және мәдениет ескерткіштері, демалыс объектілерінің көп шоғырлануы және жаяу жүргіншілер ағынының жоғары жиынтық жиілігі бар кент аумағының учаскелері.
      12. Жер учаскесінің иесі және (немесе) пайдаланушысы – елді мекен шегінде жер учаскесін пайдаланатын жеке және (немесе) заңды тұлға.
      13. Жолдарды күтіп ұстау - жолдың, жол құрылыстарының, жолға бөлінген белдеулердің, жолды жайластыру элементтерінің көліктік-пайдалану жағдайын қолдау, қозғалыс қауіпсіздігі және ұйымдастыру жөніндегі жұмыстардың кешені.
      14. Көгал – шөптер, гүлдер, ағаштар мен бұталарды көшеттеуді қамтитын көріктендірудің жасанды құрылған элементі.
      15. Көріктендіру – жер үстін жабу құралдарын, декоративтік көгалдандыру және суландыру, күрделі емес құрылыстар, шағын сәулет түрлері, сыртқы жарықтандыру, көрнекі ақпарат, жарнама және басқа да құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылатын қалалық ортаның қауіпсіздігін, ыңғайлылығын және көркем мәнерлілігін қамтамасыз етуге бағытталған заңды және жеке тұлғалардың бөлінген аумақ шекарасындағы қызметі. Осы қызмет аумақты жинастыруды, көріктендіру нысандары мен элементтерін пайдалану, санитарлық ұстау, жөндеу және қорғауды ұйымдастыруды көздейді.
      16. Көшелердің санаты - елді мекен жолдарын, көшелерін және өтпежолдарын көлік қозғалысының қарқындылығына және олардың пайдаланылуы мен күтіп ұсталуына қойылатын ерекшеліктерге байланысты жіктеу.
      17. Қатты тұрмыстық қалдықтар (әрі қарай - ҚТҚ) – тұтынудың тұрмыстық қалдықтары, өндіріс немесе тұтыну барысында пайда болған шикізат, материалдар, жартылай өңделген өнім, басқа да бұйымдар немесе өнімдердің қалдықтары, сондай-ақ жапырақтар, бұтақшалар және сыпырындыдан басқа өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан тауарлар (өнімдер).
      18. ҚТҚ және ірі көлемді қоқыстарды қайта өңдеу (зиянсыздандыру) – адамның денсаулығы және қоршаған ортаға зиянды әсерді болдырмау мақсатында мамандандырылған қондырғыларда әр түрлі технологиялық әдістер арқылы ҚТҚ және ірі көлемді қоқыстарды өңдеу.
      19. Өтпе жол - тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға және басқа да ықшамаудандар, кварталдар ішіндегі қалалық құрылыс объектілеріне көлік құралдарының өтуін қамтамасыз ететін жол элементі.
      20. Пайдаланушы – меншік иесі өзінің мүлкін жалдау, жалға алу, шаруашылық жүргізу, жедел басқару және (немесе) заңнамамен немесе шартпен қарастырылған басқа да негіздерде тапсырған тұлға.
      21. Рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі - өндіріс және тұтыну қалдықтарының оларды өздігінен (рұқсат етілмей) тастау (орналастыру) немесе жинау нәтижесінде қалдықтардың жиналуы.
      22. Сұйық тұрмыстық қалдықтар (әрі қарай - СТҚ) – лас сулар және жуындылар.
      23. Сыртқы жарнама және ақпарат құралдары – сыртқы жарнама және ақпаратты тасымалдауға арналған құрылымдар, құрылыстар, техникалық құралдар, көркем элементтер және тасымалдағыштар.
      24. Сыртқы (көрнекі) жарнама - жылжымалы және жылжымайтын объектілерде орналастырылған, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулеріндегі және елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастырылған жарнама.
      25. Сыртқы көріктендіру объектілері – кешенді көріктендіру қызметі жүзеге асырылатын елді мекеннің кез келген аумағы: алаңшалар, аулалар, кварталдар, функционалдық-жоспарлық құрылымдар, аудандар мен ықшамаудандардың аумақтары, тұтас елді мекен, сондай-ақ бірыңғай құрылыстық регламенттеу (қорғалатын аймақтар) немесе көрнекі-кеңістіктік қабылдау (құрылысы бар алаң, іргелес аумағы және құрылысы бар көше) принципі бойынша бөлінетін аумақтар.
      26. Тротуар – жолдың жүру бөлігіне жанасатын немесе одан көгал немесе арық жүйесімен бөлінген, жаяу жүргіншілердің қозғалысына арналған жол элементі.
      27. Шағын сәулеттік түрлер – декоративтік сипаттағы және пайдалануға жарамды сипаттағы объектілер: мүсіндер, субұрқақтар, оймабедерлер, гүлдерге арналған құмыралар, павильондар, шатырлар, орындықтар, жәшіктер, балалардың ойнауына және ересек адамдардың демалуына арналған жабдықтар мен құрылымдар. Шағын сәулеттік түрлерге сонымен қоса: қоғамдық кеңістіктер, демалыс орындары және аулалар аумағында орналасқан демалуға арналған орындықтардың; жазғы кафе, үстел ойындарына арналған алаңшаларда – орындықтар мен үстелдердің әр түрі жатады.
      28. Іргелес аумақ – көріктендіру паспорттарына сәйкес бекітілген жеке және заңды тұлғалардың меншігінде және (немесе) пайдалануындағы сауда, жарнама және басқа объектілерге, ғимарат, құрылыс, құрылыс алаңының қоршауы периметріне және (немесе) жер учаскесінің шекарасына тікелей жанасатын жалпы пайдаланудағы аумақ.
      29. Ірі көлемді қоқыстар (бұдан әрі - ІКҚ) - өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан, өздерінің көлемі бойынша арнаулы қоқыс жинайтын машиналармен тасымалдауға келмейтін қолданыстың және шаруашылық қызметінің қалдықтары.

3 бөлім. Жалпы талаптар

      30. Заңды және жеке тұлғалар және барлық меншік түріндегі тұлғалар бөлінген және белгіленген аумақ шегінде сәулет, санитарлық, экологиялық талаптарға сәйкес өз қаражаттары есебінен тазарту, қажетті жайластыру, сондай-ақ көріктендіру объектілері мен элементтерін күту, күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
      31. Коммуникацияның барлық түрлеріне қызмет көрсететін шаруашылық субъектілері сәйкес коммуникацияларды күтіп ұстауы және уақтылы жөндеуі, жөндеуден кейін бүлінген жабындар мен элементтерді қалпына келтіруі қажет.
      32. Заңды және жеке тұлғалар инженерлік коммуникацияларды төсеу, жөндеу және қайта құруға байланысты жер қазу жұмыстарын тек Жаңаарқа ауданы әкімдігіне ведомстволық бағынышты тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында өкілетті органы берген жазбаша рұқсаты (ордері) болған кезде ғана жүргізе алады. Рұқсат ордер елді мекендегі байланыс, электр қуатымен, сумен, жылумен жабдықтау канализациялық кәріз суларын өткізетін құбырлар жүйесін пайдаланушы кәсіпорындар мен мекемелердің жазбаша келісімі бойынша рәсімделеді. Ордер талаптарын орындамаған жағдайда Жаңаарқа аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі сот шешімімен ордер талаптарын орындатуға және қажет болғанда келтірілген зардаптарды өтеуге еріксіз көндіру шараларын қолданады.
      33. Заңды және жеке тұлғалар асфальт жабынын бүлдірумен байланысты жер жұмыстарын аяқтаған соң бес тәулік ішінде жол жабынын қалпына келтіруі қажет.
      34. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар елді мекеннің автожолдарында орналасқан жарамсыз люктерді, нөсерлік кәріз торларын ауыстыру бойынша, сондай-ақ мүгедектер арбаларының, балалар арбаларының өтуі үшін және жаяу жүргіншілер қолайлылығы үшін жолдан өтетін жерлерде жаяу жүргіншілер тротуарларынан түсетін жолдарды жайғастыру шараларын қабылдау қажет.
      35. Елді мекен аумағында төмендегі жағдайларға жол берілмейді:
      1) көшелер мен (немесе) көлік өтетін бөлікті ластауды болдырмайтын қандай да бір жүк түрлерін оларды мұқият жабусыз көлік құралдарымен тасымалдауға;
      2) объект иесі және (немесе) пайдаланушының келісімінсіз және (немесе) осы мақсаттарға бөлінген жерлерден тыс жерлерде, сонымен қоса Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған белгіленген тәртіпте алынған рұқсатнамалар немесе келісімдерсіз хабарландыруларды, плакаттарды, үндеухаттарды, түрлі ақпараттық материалдарды орналастыруға, жазулар мен графикалық бейнелерді салуға;
      3) автомобиль жолдарының жүру бөлігіне қоқыс, қозғалысқа қауіп келтіретін заттарды тастауға;
      4) ғимараттардың, құрылыстардың және тұрғын үйлердің терезелерінен қоқыс лақтыруға;
      5) аумақты тазалау немесе апатты жағдайларды жою бойынша жұмыстардан басқа сағат 23.00 бастап сағат 6.00 дейін тыныштық пен тәртіпті бұзатын әрекеттерді жасауға;
      6) аулалық және квартал ішілік аумақтардың жасыл аймақтарына, балаларға арналған алаңшаларға, жаяужолдарға және тротуарларға қызметтік және жеке автокөлікті қоюға, енгізуге;
      7) арнайы бөлінген және сәйкес жол белгілерімен және (немесе) таңбалармен белгіленген орындардан тыс белгіленбеген орындарда көлік құралдарын қоюға, жууға және орналастыруға;
      8) көгалдарда, гүлзарларда, балаларға арналған алаңшаларда, кір жаятын алаңшаларда және қоқыс жәшіктері орналасқан алаңшаларға, ғимараттардың аркаларына және скверлеріне түрлі мақсаттағы объектілерді орналастыруға, сонымен қоса автокөлік құралдарын қоюға;
      9) тұрақ үшін арнайы бөлінген орындардан басқа, тұратын жеріне қарамастан бөлшектенген көлік тұрағы, арнайы автокөліктің өтуіне кедергі келтіретін аула аумақтарының өтпежолдарында баған, блок, және басқа да аумақ қоршауларын тұрғызуға және орнатуға.
      36. Кәсіпорындардың шаруашылық қызметінің нәтижесінде пайда болатын өндіріс қалдықтарын жинау және уақытша сақтау осы кәсіпорындардың күшімен осы мақсаттарға арнайы жабдықталған орындарда белгіленген тәртіпте бекітілген өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру лимиттеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      Кәсіпорын аумағында арнайы белгіленген орындардан тыс қалдықтарды жинау және оларды орналастыру лимиттерін асыруға жол берілмейді.
      Өсімдік және басқа да топырақты уақытша жинау тек арнайы бөлінген учаскелерде ғана рұқсат етіледі.
      37. Тұрғын аймақта төмендегі жағдайларға жол берілмейді:
      1) көлік құралдарының толассыз қозғалысына;
      2) өтпе жолдан тыс көлік құралдарының қозғалысы;
      3) оқу жүрісі;
      4) арнайы бөлінген және белгілермен және (немесе) таңбалармен белгіленген орындардан тыс рұқсат етілген салмағы 3,5 тонна артық жүк автомобильдерін, автобустарды қоюға;
      5) дыбыстық белгі беруге, музыка дыбысын қатты қоюға;
      6) қосылған қозғалтқышы бар механикалық көлік құралдарын қоюға.
      Осы тармақтың талаптары аула аумақтарына да қолданылады.

4 бөлім. Елді мекен аумағын тазалау және тазартуды ұйымдастыру, түрлері және тазалауға қойылатын негізгі талаптар

      38. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық - қорғалатын аймақ, аумақтарын тазалауды осы кәсіпорындардың иелері және (немесе) пайдаланушылары жүзеге асырады.
      39. Меншік нысанына тәуелсіз заңды және жеке тұлғалар осы Ережеге және көріктендіру паспорттарына сәйкес белгіленген аумақ шекарасында тазалау, суару, тротуарларға құм себу, қар және қоқыс шығару, суағарлар және сорғыларды тазарту, ағаш бұтақтарын кесіп тәртіпке келтіру (кронирование) жұмыстарын орындауы қажет.
      40. Елді мекенді ағымдағы санитарлық күтіп ұстау және тазалау залалсыздандыру орындары бар қоқыс шығару мамандандырылған кәсіпорындар арқылы жүзеге асырылады және келесі шараларды қамтамасыз етуді көздейді:
      1) елді мекен аумағында қоқыстарды, қалдықтарды жинау және оларды уақтылы шығаруды ұйымдастыру;
      2) елді мекеннің тиісті санитарлық жайластыру жағдайы: тұтыну қалдықтарын жинауға арналған алаңшаларды жоспарлы-тұрақты, ағымдағы тазарту, қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктері (оларды жинау тікелей арнайы автомобильдер арқылы ұйымдастырылған жағдайларды қоспағанда) болуы, нормативтік талаптарға сәйкес қоқыс жәшіктерін ортақ пайдаланудағы орындарға орнату;
      3) елді мекен аумағын тазалау, суару, қоқыстарды жинау, қысқы мезгілде – қарды жинау және шығару, көшелердің өтпе жолдарын және жаяу жүргіншілер тротуарларын тайғаққа қарсы қоспалармен өңдеу, белгіленген және көметін орындарға тұтыну қалдықтарын шығару, өзендерді, бұлақтарды, арналарды, науаларды, нөсерлік кәріздерді және су өткізетін құрылғыларды қоқыстан тазарту;
      4) санитарлық қорғалатын аймақтардың нормативтік шегінде жүйелі түрде аумақты күтіп ұстау бойынша жұмыстарын атқару.
      41. Елді мекендердің аумағын санитарлық тазалау жүйесі тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинау, жою, залалсыздандыру және қайта өңдеуді қамтуы қажет.
      42. Жаңадан құрылыс салынатын учаскелерде ғимаратты пайдалануға енгізетін кезде тазалау жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
      43. Ғимараттар мен құрылыстардың, жеке тұрғын құрылыстардың иелері және (немесе) пайдаланушылары тұрмыстық қалдықтарды шығаруға уақтылы шарт жасауға тиіс.
      Кондоминиум объектісін басқару мақсатында құрылған көп пәтерлі тұрғын үйлердегі үй-жайлардың (пәтерлердің) иелерінің коммерциялық емес бірлестіктері:
      1) қоқыс жинағыштар үшін алаңшаларды жабдықтауға;
      2) азық - түліктік қалдықтарды, көшелік және аулалық қоқыстарды жинауға арналған құрал-саймандармен аула сыпырушыларды қамтамасыз етуге;
      3) қоқыс қабылдаушы камераларды, алаңшаларды, сондай-ақ қалдық жинаушы орындарды жүйелі жуу, залалсыздандыру және дезинфекциялауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға міндетті.
      44. Аумақты тазалауды жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпорындар тұрғын үйлердің, ұйымдардың, мекемелердің аумағынан қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды уақтылы (шарттарға сәйкес) шығаруы қажет.
      45. Аумақтарды тазалау шекараларын анықтау осы Ереже негізінде жүзеге асырылады:
      1) көше - жол желісі, алаңдар, қоғамдық орындар (ортақ пайдаланудағы демалыс орындары, саябақтар, скверлер, аллея бульварлары, тұрақтың соңғы орындары, иесіз жерлер) – мемлекеттік тапсырыс көлемінде Жаңаарқа ауданы әкімдігінің сәйкес бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері – мемлекеттік мекемелермен;
      2) квартал ішілік және басқа аумақтар бойынша тазалау шекарасы кент, селолық округтер әкімдері беретін көріктендіру паспорттарына сәйкес анықталады.

1 тарау. Аумақтарды күзгі-қысқы кезеңде тазалау

      46. Күзгі - қысқы тазалау кезеңі 1 қарашадан бастап 1 сәуірге дейін белгіленеді. Ауа-райы жағдайларының күрт өзгеруі жағдайында (қар, аяз) күзгі-қысқы тазалауды бастау және аяқтау мерзімін сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісі үйлестіреді.
      47. Жапырақ түсетін кезеңде түскен жапырақтарды уақтылы жинау қажет. Жиналған жапырақтар көріктендіру бойынша кәсіпорындармен арнайы бөлінген учаскелерге немесе компостау алаңдарына шығарылуы тиіс.
      Тұрғын құрылыс аумағында, скверлер мен саябақтарда, ҚТҚ үшін контейнерлерде жапырақтарды өртеуге жол берілмейді.
      Жапырақтарды ағаштар мен бұталардың тамыр бөлігіне жинауға, сондай-ақ оларды қоқыс жинайтын алаңшаларда және қоқыс жинайтын контейнерлерде жинақтауға жол берілмейді.
      48. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, қоқыс салатын жәшіктер және шағын сәулет формаларының элементтері, сондай-ақ олардың алдындағы және бүйірлеріндегі кеңістік, оларға кіреберіс жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
      49. Саябақтардағы, орман саябақтарындағы, бақтардағы, скверлердегі, бульварлардағы, аллеялардағы жолдарды тазалау кезінде жасыл желектердің жойылмауын және еріген суды қайтаруды қамтамасыз ету шартымен құрамында химиялық реагенттері жоқ қарды уақытша жинауға арнайы алаң дайындалып, жинауға рұқсат беріледі.
      50. Инженерлік желілерде болған апаттан пайда болған тротуарлар мен жолдың жүру бөлігіндегі мұзды желі иелері және (немесе) пайдаланушылары уатып жинайды.
      51. Мына жағдайларға жол берілмейді:
      1) магистральдің, көшелердің жүру бөлігіне және өтпе жолдарға, тротуарлар мен көгалдарға квартал ішілік өтпе жолдардан, аула аумақтарынан, кәсіпорындар, ұйымдар, құрылыс алаңдарынан, сауда объектілерінен жиналған қарды жылжытуға немесе орнын ауыстыруға;
      2) тротуарларда, жолаушылар тасымалдайтын көліктерге отыру алаңдарында, саябақтарда, скверлерде, аулаларда және басқа жаяу жолдар мен көгалдандырылған аймақтарында көктайғаққа қарсы реагент ретінде сұйық хлорлы кальций пайдалануға;
      3) көгалдарға, гүлзарларға, бұталар және жасыл көшеттерге лас және тұз араласқан қарды, сонымен қатар мұз үйінділерін роторлық лақтыруға және орнын ауыстыруға.
      52. Метеорологиялық қызметтерден күні бұрын жалпы тайғақ болатыны туралы ескерту алған жағдайда, эстакадалардың, көпірлердің жүру бөлігін өңдеу жұмыстары қар жаумай тұрып жүргізіледі.
      53. Жолдың шетінде қар үйінділері қалыптасқан жағдайда тротуарлар мен көгалдарға қардың орнын ауыстыруға жол берілмейді.
      54. Аулаларға кіреберіс, шығу жолдары, квартал ішілік жолдар жүру бөлігінің шетінен бастап механикалық күреу мен сыпырудан кейін бірінші кезекте тазартылуы тиіс.
      55. Көшелерден және өтпе жолдардан қарды шығару екі кезеңде жүзеге асырылады:
      1) жолаушылар тасымалдайтын көлік аялдамаларындағы, жер үстілік жаяу өтпе жолдардағы, көпірлердегі және жол өткелдеріндегі, көпшілік баратын орындардағы (ірі әмбебап дүкендер, базарлар, қонақ үйлер, вокзалдар, театрлар), ауруханалардың аумағына және басқа әлеуметтік маңызды объектілердің кіреберіс жолдардағы бірінші кезекте (таңдаулы) қарды шығару қар жауғаннан кейін 48 сағат ішінде жүзеге асырылады;
      2) соңғы (жаппай) қарды шығару бірінші кезекті шығару аяқталғаннан кейін кезекпен, тапсырыс беруші анықтаған кезектілікке сәйкес шығарылады.
      56. Қар ерігеннен кейін қарды уақытша жинайтын орындар қоқыстан тазаланып, абаттандырылуы тиіс.
      57. Тротуарлар, аула аумақтары және өтпе жолдар қар мен мұздақтан асфальтқа дейін тазартылуы қажет. Мұздақ (көктайғақ) пайда болған жағдайда құм немесе ұсақ қиыршық таспен өңдеу жүргізіледі.
      58. Аулалар аумақтарынан және квартал ішілік өтпе жолдардан тазаланған қарды автокөліктердің еркін өтуіне және жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі жасамайтын орындарға жинауға рұқсат етіледі.
      59. Қар жинау кезінде жасыл көшеттерге зақым келтіруге жол берілмейді.
      60. Аула ішілік аумақтарда қарды жинағанда еріген қар суының ағуын алдын ала ескеру керек.
      61. Қыс мезгілінде ғимарат, құрылыс иелері және (немесе) пайдаланушылары шатырларды мұздан және сүңгілерден уақытылы тазарту жұмыстарын ұйымдастыруы қажет.
      62. Ғимараттың жаяу жүргіншілер аймағына шығатын жақтарындағы шатырын тазарту жұмыстары қар жауғаннан кейін жедел түрде қатерлі учаскелерге қоршау орнату арқылы жүргізілуі керек.
      63. Көше жағына қараған шатырлардан қар мен мұздан жаяу жүргіншілер жолдарына түсіріп тазарту жұмыстары тек күндізгі уақытта жүргізілуі қажет. Шатырдың басқа жақтарынан, сондай-ақ жазық шатырлардан қар ауланың ішкі аумағына түсірілуі керек. Қарды түсірер алдында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау қажет.
      Ғимараттардың (құрылыстардың және құрылғылардың) шатырларынан түскен қарлар, мұздар мен сүңгілер жедел түрде өтпе жолдың шет жағына қарай көшені тазалаушы ұйымдар шығаруы үшін орналастырылады.
      64. Су ағар құбырларға қар, мұз және қоқыстарды тастауға жол берілмейді.

2 тарау. Аумақтарды көктем-жаз кезеңінде тазалау

      65. Жазғы тазалау кезеңі 1 сәуірден бастап 1 қарашаға дейін белгіленеді.
      Ауа-райы жағдайлары күрт өзгерген жағдайда жазғы тазалау мерзімдері өзгеруі мүмкін.
      66. Аула аумақтарын, аула ішіндегі өтпе жолдарды және тротуарларды қоқыстан, шаңнан және ұсақ тұрмыстық қалдықтардан тазалау, оларды жуу, сондай-ақ күні бойы тазалықты сақтауды аумаққа бекітілген субъектілер қамтамасыз етеді.
      67. Аулалар аумақтарын жуу және шланг арқылы суару үшін суару шүмектері әрбір үй маңында жабдықталып, пайдалануға жарамды күйде болуы тиіс.
      68. Күрделі емес құрылыс объектілерінің иелері және (немесе) пайдаланушылары (автотұрақтар, көлік жөндейтін орындар, ангарлар, қоймалық қосымша құрылыстар, ғимараттар, сауда және қызмет көрсету нысандары) бекітілген аумақты санитарлық тазалау және тазарту бойынша келісім-шартқа отыруға немесе оны өз күшімен күн сайын жүргізуі тиіс.
      69. Металл қоршаулар, жол белгілері және жол көрсеткіштері таза болуы тиіс.
      70. Елді мекендердегі жолдардың бөлінген белдеуінде, көгал ретінде орналастырылған бөлу жолағында шөп төсемдерінің биіктігі 15 сантиметрден аспау керек. Әр түрлі қоқыстармен және қалдықтармен жолақты ластауға жол берілмейді.

5 бөлім. Елді мекендерді көгалдандыру, жасыл желектерді күтіп ұстау

      71. Елді мекенді көгалдандыру жұмыстары бекітілген бас құрылыс жобасына сәйкес жоспарланып жүргізіледі. Көшелердегі қоғамдық жерлерде, мемлекеттік меншіктегі көше бөліктерінде отырғызылған ағаштар мен гүлзарлар, газон алаңдарын күтіп ұстау жұмыстарын елді мекеннің әкімдігі бекіткен арнайы мамандандырылған мекемелер атқарады.
      72. Көше бөліктерінде орналасқан ағаштарды жаңа ғимараттар құрылысын, немесе инженерлік коммуникациялар жүргізу үшін кесу, түбірімен алып тастау жұмыстары кент, селолық округ әкімдерінің рұқсатымен ғана атқарылады. Бұл жағдайда жасыл желекке келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысында көрсетілген сомада кент, селолық округ әкімдерінің белгілеген мекемесінің есепшотына аудару арқылы қалпына келтіріледі.

6 бөлім. Қасбеттерді, ғимарат пен құрылыстарды күтіп ұстау

      73. Қаптаманың, сылақтың, фактуралық және боямалы қабаттардың бүлінуі, сылақтағы сызаттар, қаптама, кірпіш және шағын блок төсеменің жіктерінен ерітіндінің боялуы, тұтас жинамалы ғимараттардың жіктеріндегі герметикалық сылақтың бүлінуі, қабырғалардың шығыңқы бөліктеріндегі металл жабынның бүлінуі немесе тозуы, су ағар құбырлардың бүлінуі, дымқыл және тот басқан орындар, су аққан және тұздалған жерлер, жазықтықтың жалпы ластануы, парапеттердің бүлінуі және осыған ұқсас басқа да бүлінулер анықталған жағдайда, ғимарат, құрылыс иелері және (немесе) пайдаланушылары бұл процесстердің одан әрі дамуына жол бермей, оларды жою шараларын атқаруға міндетті.
      74. Егер заңды немесе жеке тұлғалардың меншігінде, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқаруында, басқа да пайдалануда тұрғын емес немесе тұрғын ғимараттарда жеке үй-жайлар болған жағдайда, осы тұлғалар ғимараттың пайдалану ауданына қарай аталған ғимараттардың қасбеттерін жөндеуге өз үлесін қосуға міндетті.
      75. Ғимараттардың қасбеттерін, олардың жекелеген элементтерін қалпына келтіру, жөндеу және қайта жасау жұмыстары белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуі қажет. Қасбеттерде орнатылған ақпараттық, ескерткіш тақтайшалар таза және дұрыс жағдайда болуы қажет.
      76. Кіреберістер, цокол, сөрелер, маңдайшалар, сыртқы жарнама орналастыру құралдары ғимараттың және (немесе) құрылыстың иелері және (немесе) пайдаланушыларымен таза және дұрыс жағдайда ұсталуы қажет.
      77. Төмендегі жағдайларға жол берілмейді:
      1) балкондар мен лоджияларды өздігінен қайта жабдықтауға, терезелер мен балкондардың сыртқы жағына гүлге арналған жәшіктерді орнатуға;
      2) белгіленген тәртіпте берілетін рұқсатсыз ғимараттардың қасбеттерін, олардың құрылымдық элементтерін өздігінен қайта жабдықтауға;
      3) балкондарды қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кедергі келтіретін үй тұрмысына қатысты заттармен (жиһаз, бос сыйымдылықтар) толтыруға;
      4) алдын ала сәулеттік бөліктерді қалпына келтірмей ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне сырлау жұмыстарын жүргізуге;
      5) табиғи немесе жасанды тастармен қапталған қасбеттерді сырлауға.
      78. Қабырғаға бекітілген барлық болат элементтерді жүйелі түрде бояп, тот басудан сақтау қажет. Барлық құбырлардың қабырғалар мен фундамент арқылы өтетін орындарында ашық орындардың болуына жол берілмейді. Ғимарат, құрылыс иелері және (немесе) пайдаланушылары коммуникациялар арқылы өтетін көпіршелерді дұрыс пайдаланып таза күйде ұстауы қажет.
      79. Меншігінде ғимараттар мен құрылыстар бар кәсіпорындардың және ұйымдардың басшылары, ғимараттар мен құрылыстардың иелері және (немесе) пайдаланушылары көрсетілген объектілердің қасбеттерін күтіп ұстауға, аталған нысандарға және олардың жекелеген элементтерін (балкондар, лоджиялар, су ағатын құбырлар) қалпына келтіру, жөндеу және сырлау жұмыстарын уақытында жүргізуді, сонымен қатар қасбеттерде орнатылған ақпараттық, ескерткіш тақтайшалардың тазалығын және дұрыс жағдайда болуын қамтамасыз етуге тиісті.
      80. Дүкендер мен офистердің қала көшелері жағына шығатын сөрелері және қасбеттері жарықпен безендірілуі тиіс.
      81. Ғимараттар мен құрылыстардың түстік шешімі, сондай-ақ олардың қасбеттері құрылысты есепке ала отырып, бірыңғай түстік реңкте орындалуы қажет.

7 бөлім. Тұрғын мақсаттағы аумақты көріктендіру

      82. Тұрғын ғимаратқа жанасатын аумақ абаттандырылуы, көгалдандырылуы, жарықтандырылуы, қоршалуы және аймақтандырылуы қажет, кіреберіс жолдары және жаяу жолдардың қатты жабыны болуы қажет.
      83. Объектілердің құрылыстан және жолдардан бос аумағы абаттандырылуы және көгалдандырылуы қажет.
      84. Ортақ пайдаланудағы көгалдандырылған аумақтар абаттандырылуы және шағын сәулет түрлерімен: субұрқақтар және қауыздар, сатылар, пандустар, тірек қабырғаларымен, шатырлармен, шамдармен жабдықталуы қажет. Шамдардың саны аумақты жарықтандыру нормалары бойынша анықталуы қажет.
      85. Тұрғын кварталдар, ықшамаудандар аумақтарында, сондай-ақ үй маңындағы аумақта келесі тәртіп сақталуы қажет:
      1) көпірше, тротуралар, жаяужол, квартал ішілік өтпе жолдар мен жолдарды дұрыс қалпында ұстау;
      2) аулаларда түрлі шаруашылық және қосалқы құрылыстарды (гараждар, сарайлар, қоймалар) өздігінен салуға және коммуникацияларды (антенналар, электр, телефон кабелдерін) өздігінен орнатуға жол бермеу;
      3) үй маңындағы аумақтарға құрылыс материалдарын үюге жол бермеу;
      4) баланстағы (шаруашылық жүргізудегі немесе жедел және (немесе) басқа басқарудағы) инженерлік желілерді дұрыс жағдайда ұстау, құдықтарды уақтылы қарау және тазалау;
      5) шағын сәулет түрлерін, спортқа, ойынға, балаларға арналған алаңшаларының және шаруашылық алаңшаларының жабдықтарын, қоршаулар мен шарбақтарды дұрыс жағдайда ұстау, олардың сыртқы түрін таза ұстау.

8 бөлім. Елді мекеннің аумағын жарықтандыру

      86. Елді мекен көшелерін жарықтандыру пайдаланушы ұйымдармен ұсталып, сыртқы жарықтандыру қондырғыларымен (бұдан әрі - СЖҚ) қамтамасыз етіледі, оларға мыналар:
      1) электрмен жабдықтау құрылғылары, таратушы желілер;
      2) электр желілерін қорғау және жерлендіру құрылғысы;
      3) басқару құрылғылары;
      4) кронштейндер, тростық аспа тіректері жатады.
      87. СЖҚ күтіп ұстау және қызмет көрсету келесі шараларды қамтиды:
      1) шамдарды тазалау, жарық түсіру деңгейін өлшеу, шамдарды ауыстыру және шамдардағы істен шыққан шашыратқыштарды ауыстыруды қоса есептегенде, ондағы сандық және сапалық көрсеткіштер берілген параметрге сәйкес келуімен СЖҚ техникалық дұрыс жағдайда ұстау;
      2) СЖҚ жұмысының регламенттелген тәртібін қамтамасыз ету, кесте бойынша уақтылы қосу және сөндіруді бақылау, жанбайтын шамдарды, ақауларды анықтау, оларды жедел жою.
      88. Металл тіректер, кронштейндер және СЖҚ элементтері жабу жағдайына қарай боялады.
      89. Жарықтандыру тіректерінде, инженерлік желілерде олардың иелерімен және (немесе) пайдаланушыларымен келісімсіз жарнамалық қалқандар орнатуға жол берілмейді.
      90. Кесте бойынша көшелердің, жолдардың, алаңдардың жаяужол бөліктерінің, жағалаулардың және жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу табиғи жарықтың көлемінің азаюы кезінде кешкі ымырт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі - таңертең 10 люкске дейін беріледі.
      91. Көшелердегі жанбайтын шамдар 10% аспауы қажет, алайда істен шыққан шамдардың бірінен кейін бірі қатар орналасуына жол берілмейді.
      92. Металл бағаналар, кронштейндер мен сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері таза, тот баспай ұсталып, сырлануы қажет. Жанып кеткен шамдарды ауыстыруды тиісті қызметтер оны анықтағаннан кейін 24 сағаттың ішінде ауыстыруы тиіс.
      93. Пайдаланудан шыққан құрамында сынап бар газ санатындағы шамдар - доқалы сынапты шам (ДСШ), металлдық сынаптық йодидтары бар доқалы шам (МСЙДШ), доқалы натрийлі (ДНАТ), люминесцентті шамдарды сақтайтын арнайы орындарда сақталып, одан әрі қайта өңделуі үшін арнайы кәсіпорындарға жеткізілуі қажет. Аталған шамдар түрлерін сыртқы полигон аумағына шығаруға жол берілмейді.
      94. Жарық және электр желілерінің құлаған бағаналарын негізгі магистральдарда кешіктірілмей бағана иесі және (немесе) пайдаланушы шығарады, басқа аумақтарда, сондай-ақ бұзылған бағаналар – 12 сағат ішінде шығарылады.

9 бөлім. Ортақ пайдаланудағы, демалу мақсатындағы аумақты көріктендіру

      95. Саябақтар, скверлер, бульварлар, су қоймалары, жағажайлар, соның ішінде оларда орналасқан тротуарлар, жаяужол аймақтары, сатылық құрылымдарды қамтитын ортақ пайдалану аумақтарын тазалауды осы объектілер қызмет көрсетуде және пайдалануда тұрған ұйымдар мен бекітілген аумақ субъектілері жүзеге асырады.
      96. Ландшафт - демалу аумақтарының шегіндегі алаңшалардың, жол-соқпақ жүйелерінің жабыны тақташалардан, ұсақ тастан және басқа да берік минералды материалдардан, сирек жағдайларда асфальт жабынын қолдануға жол бере отырып, қолданылуы қажет.
      97. Тоғандар мен басқа да су қоймаларының жағажай жолақтары абаттандырылуы қажет. Су қоймаларының сыртқы сулармен ластануына жол бермейтін шараларды қарастыру қажет.
      98. Алаңдарда, саябақтарда, скверлерде, демалыс аймақтарында, халық көп баратын жерлерде, көшелерде, тұрғын үйлердің әрбір кіреберісінің алдында, әкімшілік, қызметтік ғимараттар, сауда объектілеріне кіреберісте, қоғамдық көлік күту аялдамаларында қоқыс салатын жәшіктер орналасуы қажет.
      99. Қоқыс салатын жәшіктер олардың толуына қарай, бірақ күніне бір реттен аз емес мөлшерде тазартылады. Қоқыс салатын жәшіктер олардың ластануына қарай, бірақ аптасына бір реттен аз емес мөлшерде жуылады. Қоғамдық көлік күту аялдамаларында орналасқан қоқыс салатын жәшіктерді аялдаманы тазалауды жүзеге асыратын ұйымдар жуып, тазалайды, ал басқа объектілердің маңында орналасқан қоқыс салатын жәшіктерді көрсетілген объектілердің иелері және (немесе) пайдаланушылары жуып, тазалайды.
      Қоқыс салатын жәшіктерді бояуды иелері және (немесе) пайдаланушылары жылына бір рет (сәуір), сондай-ақ қажеттілігіне қарай немесе сәйкес қызметтердің ұйғарымы бойынша жүзеге асырады.
      100. Көшелер, алаңдар, жағажайлар, саябақтар, скверлер мен аулаларды ластауға жол берілмейді.
      101. Жағажайлар жабылғаннан кейін жағажайды, киім ауыстыратын орындарды, дәретханалар мен жасыл жолақты негізгі тазалау және бос сыйымдылықтарды жуу мен дәретханаларды зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Күндіз ағымдағы тазалау жүргізіледі. Жиналған қалдықтар таңертеңгі 8 сағатқа дейін шығарылуы қажет.
      102. Қоқыс салатын жәшіктер жағажай ауданының 1600 шаршы метріне (бұдан әрі – м2) бір қоқыс салатын жәшіктен кем емес жәшік есебін негізге ала отырып орналастырылуы және жасыл көшеттер жолағынан 3-5 метр қашықтықта және жағажайдан кем дегенде 10 метр қашықтықта орналастыру қажет, олардың ара қашықтығы 40 метрден аспауы тиіс.
      103. Сыйымдылығы 0,75 текше метр (бұдан әрі – м3) жағажай ауданының 3500 - 4000 м2 аумағына бір контейнер есебінен орналасуы қажет.
      104. Жағажайлардың аумақтарында бір орынға 75 адам есебінен қоғамдық дәретханалар орнатылуы қажет, суға шомылатын жерлерге дейінгі ара қашықтығы кем дегенде 50 метр және 200 метрден артық болмауы керек.
      105. Жағажай аумағында ауыз су жеткізілген субұрқақтар орналасуы қажет. Су бұрқақтардың ара қашықтығы 200 метрден аспауы қажет. Субұрқақтардың ағыны жағажайдың жасыл көшеттерін суаруға қолданылуы мүмкін, оларды ағын су қоймаларына жағажай шекарасы бойынша өзен ағысынан 100 метр төмен қашықтықта бұруға болады. Ауыз су ішетін субұрқақтардан суды осы мақсаттарға белгіленбеген орындарға бұруға жол берілмейді.
      106. Ауыз су ішетін субұрқақтар үлгілік немесе арнайы әзірленген жоба бойынша дайындалған болуы мүмкін, олар демалу аймақтарында орналастырылады, сонымен бірге спорттық алаңшаларда орналастыру ұсынылады. Ауыз су ішетін субұрқақ орналасқан орын және оған кіреберіс жер жабынның қатты түрімен жабдықталуы қажет, биіктігі ересек адамдар үшін 90 сантиметрден аспауы, балалар үшін 70 сантиметрден аспауы қажет. Ауыз су ішетін субұрқақтардың кем дегенде біреуі демалыс аймақтарында мүгедектер үшін қол жетімді болуы қажет.
      107. Ашық және жабық түрдегі киім ауыстыратын орындар, киім шешуге арналған павильондар, гардеробтар Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат берілген зарарсыздандыратын ертінділерді қолдана отырып, күн сайын жуылуы керек.
      108. Жағажайға жыл сайын таза құм немесе шағылтас төгілуі қажет.
      109. Құмды жағажайларда аптасына кем дегенде бір рет жиналған қалдықтарды жойып, құмның беткі қабатын механикалық қопсыту қажет. Қопсытылғаннан кейін құм тегістелуі қажет.
      110. Адамдардың суға түсуіне арналған орындарда кір жууға және жануарларды жуындыруға жол берілмейді.
      111. Саябақтардың қоқыс жинағыштарды орнату үшін арналған учаскелері бар шаруашылық аймағы демалушылардың көп жиналатын орындардан (билеу алаңдары, эстрада, субұрқақтар, басты аллеялар, ойын-сауық павильондары) 50 метрден кем емес ара қашықтықта орналасуы қажет.
      112. Қоқыс салатын жәшіктердің санын саябақтың 800 м2 ауданына бір жәшік есебінен анықтау қажет. Басты аллеяларда қоқыс салатын жәшіктердің арақашықтығы 40 метрден аспауы қажет. Әрбір дүкеншенің, дүңгіршектің алдында қоқыс салатын жәшік орнату қажет.
      113. Демалушылар көп жиналатын орындардан алыс орналасқан жерлерде қалдықтарды жинау ыңғайлылығы үшін қалдықтар мен қоқысты уақытша сақтауға арналған аралық жинағыштар орнатылуы керек.
      114. Шаруашылық алаңшалары үшін контейнерлер саны 3 күндік қалдықтардың орташа жиынтығы есебінен анықталуы қажет.
      115. Қоғамдық дәретханалар демалушылар көп жиналатын орындардан 50 метр қашықтықта, 500 адамға бір орын есебінен орнатылуы тиіс. Қоғамдық дәретханалар орналасқан жерлер мен оларға кіру жолдары күндіз және кешкі уақытта көрінетін арнайы сілтемелермен көрсетілуі тиіс.
      116. Қоғамдық дәретханалар қоғамдық ғимараттардың бірінші қабаттарында орналастырылуы мүмкін. Қоғамдық дәретханаларды тұрғын ғимараттарда, балалар, емдеу-сауықтыру, профилактикалық және санитарлық-эпидемиологиялық мекемелердің ғимараттарында орналастырылуға жол берілмейді.
      117. Қоғамдық дәретханаларды елді мекендердің келесі жерлерінде орналастыру қажет:
      1) алаңдарда, көлік күре жолдарында, жаяу жүргіншілер қозғалысы көп көшелерде;
      2) вокзалдар, темір жол станциялары, пристандар, сапаржайлар мен автовокзалдар жанындағы алаңдарда;
      3) елді мекендер сыртында және саябақтарда, скверлерде, бульварларда, жағажайларда, көрмелерде, стадиондарда, адамдардың жаппай демалыс орындарында;
      4) сауда орталықтары, базарлар аумақтарында.
      118. Негізгі тазалауды саябақтар жабылғаннан кейін таңертеңгілік 8-ге дейін жүргізу керек. Күндіз қалдықтар мен құлаған жапырақтарды жинап, ағымдағы жинауды жүргізіп, жасыл көшеттер суарылу керек.
      119. Елді мекен аумағындағы бұлақтар су сапасының талаптарына сәйкес болса және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының оң қорытындысы болған жағдайда, кіреберіс және қатты жабыны бар алаңшамен, бұлақ суын алуға арналған құралмен (науа, құбыр, су ағатын құралдың басқа түрі), су жинайтын тостаған, су бұру жүйесімен жабдықталуы қажет. Табиғи кешеннің ерекше қорғалатын аумақтарында бұлақты жабдықтау үшін жоғарыда көрсетілген қорытындыдан басқа, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың келісімі қажет.
      120. Декоративтік су қоймалары бедер қолданумен немесе тегіс жазықтықта көгалмен, тақташа жабынмен, гүлзарлармен, ағаш-бұта көшеттерімен қоса орналастырылады. Су қоймасының түбін тазалау үшін ыңғайлы болатындай жазық жасау қажет. Түс және жарықпен ресімдеу әдістерін қолдану ұсынылады.

10 бөлім. Елді мекенді көркем және жарнамалық безендіру, шағын сәулет түрлері

      121. Жарық жарнама елді мекен кеңістігінде жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілерін бағдарлауға көмек көрсетуі және жарық құрылымдық міндеттерді шешуге қатысуы қажет. Осындай ақпаратты орналастыру, көлемі, түрі және жарық түстік параметрлері есептік қашықтықтан анық көрінуі және нақты түстік ансамбльге үйлесімді сәйкес келуі, жол қозғалысы ережелеріне қайшы келмеуі, халықтың мекендеу қолайлылығына кедергі келтірмеуі қажет.
      122. Сыртқы жарнама және ақпарат құралдары таза болуы және белгіленген тәртіпте орналасуы қажет. Сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарының мәтіні міндетті түрде қазақ (мемлекеттік) және орыс тілінде жазылуы тиіс. Көрнекі ақпаратың барлық мәтіндері мынандай ретпен орналастырылады: сол жағына немесе жоғары жағына мемлекеттік тілде, оң жағында немесе төменгі жағында орыс тілінде, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады.
      - сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын орналастыру көлік қозғалысы кауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғау жағдайларын және қолданып жүрген нормативтік құқықтық актілері мен стандарттық талаптарды сақтау жағдайында жергілікті ортаның эстетикалық, сәулет, көркемдік сапалары есепке алынып, жүзеге асырылады.
      - сыртқы (көрнекі) жарнаманы жеке меншік иелігіндегі жер аумағында тек қана тиісті жеке меншік объектісі иесінің рұқсатымен ғана орналастырылады.
      - сыртқы (көрнекі) жарнама жалпы кент, ауыл – село көшелерінің эстетикалық түрін бүлдірмеуге тиісті, ол үшін олар арнайы жабдықталған жарнамалар ілінетін жерлерден басқа жерлерге ілінбеуі тиіс.
      123. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің өндірісіне және ресімдеуге пайдаланылатын материалдар сапа, қауіпсіздік және экологияның, ізгілік және моральдің заманауи талаптарына сәйкес келуі және аймақтың табиғи-климаттық жағдайларына, экологиялық және санитарлық-гигиеналық қауіпсіздік нормаларына сәйкес болуы қажет.
      124. Жеке тұрған сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін монтаждау (демонтаждау) кезінде құрылымның іргетасы жер деңгейінде немесе одан төмен деңгейде орналастырылуы қажет. Жақын маңдағы аумақ монтаждаудан (демонтаждау) кейін абаттандырылуы қажет.
      125. Сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат объектілерінің құрылымының жарнамалық-ақпараттық алаңы тәуліктің қараңғы уақытында жарық көзімен жарықтандырылуын қарастыру қажет. Бұған жарықтандыруға техникалық жағынан қиындық келтіретін немесе бастапқыда сәулет жобасымен қарастырылмаған сыртқы (көрнекі) жарнама және ақпарат құралдары (керме-транспаранттар, жалау құрылымдары, маркиза, қызмет көрсетуге арналған жол белгілері және жарық шағылысатын жабыны бар бағыттық бағдарлау белгілері, жеке тұрған үлкен емес ғимараттар мен құрылыстарда және тұрғын ғимараттардың тұрғын емес нысандарында орналастырылған ақпарат) кірмейді.
      126. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің инженерлік - техникалық шешімі объект бекітілетін ғимараттар мен құрылыстар элементтерінің тірек мүмкіндігін есепке алуы, соның нәтижесінде олардың пайдаланушылық сапасының жоғалуына жол бермеуі қажет.
      127. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін күтіп ұстау, соның ішінде оған жанасатын аумақты бес метр радиуста тазалауды сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің иелері жүзеге асыруы қажет.
      128. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің құрамдас бөліктері – іргетасы, "тұғыры" тиесілі эстетикалық түрде болуы қажет. Іргетасы сырлануы (боялуы) қажет, бетон негізі түскен жағдайда "қалпына келтірілуі" қажет. "Тұғыр" таза, боялған және қағаз жарнамалық тасымалдаушылардан тазартылған болуы қажет.
      129. Тұрақты сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін бір немесе одан да көп жақтарында ақпараттық хабарлама (жарнама) болмай пайдалануға жол берілмейді. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріндегі түсі кеткен, жыртылған ақпараттық тасымалдаушылар, сондай-ақ тақырыбы ескірген, соның ішінде әлеуметтік сипаттағы ақпараттық тасымалдаушыларды ауыстыру қажет. Көрсетілген іс-шаралар сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің иесі есебінен жүзеге асырылады.
      130. Жарық жарнамаларды және маңдайшаларды пайдаланатын кәсіпорындар оларды күн сайын қараңғы түскен кезде қосуы және жанып кеткен газ жарық түтіктерді және электр шамдарын уақтылы ауыстырулары қажет.
      131. Жарық жарнамалардың немесе маңдайшалардың жеке белгілерінің жарамсыз жағдайында жарнаманы немесе маңдайшаны сөндіру қажет.
      132. Жарнамалық құрылымдарды монтаждаудан (демонтаждау) кейін жарнама таратушы аумақты немесе орналастыру объектілерін 7 күннен аспайтын мерзімде көріктендіруді қалпына келтіру қажет.
      133. Төмендегі жағдайларға жол берілмейді:
      1) көгалдарға автокөлікті қойып, жарнамалық құрылымдардағы бейнелерді (плакаттарды) ауыстыруға;
      2) жеке меншік иесінің және (немесе) балансұстаушының келісімісіз әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттық хабарламаларды ғимараттарға, қоршауларға, қалалық жолаушылар көліктері аялдамаларына, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және орнатуға.
      134. Бөлінген белдеу шекарасында орналастырылатын көрнекі жарнама, басқа да ақпараттық белгілер және көрсеткіштер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындалуы және орналастырылуы қажет.
      135. Тұрғын құрылыс аумақтары, қоғамдық аймақтар, скверлер, көшелер, бақтар, демалыс алаңшалары шағын сәулет нысандарымен – шатыр, көлеңкелі бастырма, гүлзарлар, сәкілер, қоқыс салатын жәшіктер, субұрқақтар, балалар ойынына, ересектердің демалысына арналған құрылғылар, газет стендтері, қоршаулар, телефон будкалары (бастырмалар), автокөлікті күту павильондарымен жабдықталады.
      136. Қоршаулар, дуалдар салу және орнатуды келесі талаптарды сақтаған жағдайда жүзеге асыруға болады:
      1) кірпіш, бетон (жабық) дуалдармен тек қана өндірістік кәсіпорындарды, арнайы мекемелерді, режимдік объектілерді қоршауға рұқсат етіледі;
      2) биіктігі 2 метрге дейін металл дуал (декоративтік, ашық) немесе жасыл (көшет) қоршау салу көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін, коттедждік қалашықтарды және жеке тұрғын үйлерді қоршау үшін рұқсат етіледі;
      3) биіктігі екі метрден жоғары металл дуалдармен (ашық) оқу орындарын, балаларды тәрбиелеу және емдеу мекемелерін, базарларды, мамандандырылған мекемелерді қоршау үшін рұқсат етіледі;
      4) биіктігі 0,7 метрге дейін жасыл (көшет) қоршаумен коттедждік қалашықтағы жеке тұрғын үйлерді, әкімшілік ғимараттарды, банк мекемелерін, сауық және демалыс орталықтарын және басқа объектілерді (бөлінген аумағының шекарасында) қоршау үшін салуға болады.
      137. Шағын сәулет түрлері тұрақты және мобильді болуы мүмкін, олардың саны және орналасуы аумақтарды көріктендіру паспорттарымен белгіленеді.
      138. Жаңа құрылыс кезінде құрылыс салынатын учаске шегінде шағын сәулет түрлерін жобалау, әзірлеу және орнатуды тапсырыс беруші бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырады.
      139. Шағын сәулет түрлерінің сындарлы шешімдері олардың тұрақтылығын, пайдалану қауіпсіздігін қамсыздандыруы тиіс.
      140. Заңды және жеке тұлғалар - шағын сәулет түрлерінің иелері және (немесе) пайдаланушылары өз есебінен оларды ауыстыру, жөндеу және бояуға тиіс.
      141. Елді мекен аумағында шағын сәулет түрлерін орнату және күтіп ұстау келесі талаптар сақталған кезде жүзеге асырылады:
      1) сыртқы көріктендірудің барлық элементтері, соның ішінде ғимараттардың қасбетін өңдеу бекітілген жобаға және өрт қауіпсіздігі нормаларына сәйкес орындалуы қажет;
      2) құрылыстардың иелері және (немесе) пайдаланушылары келісімсіз көше, алаң, жағажай және қоғамдық орындарға қарайтын ғимараттардың қасбеттерін мерекелік безендіруге құқылы.
      142. Мобильдік және тікелей көгалдандырумен безендіру үшін құрылғылардың келесі түрлері: трельяж, шпалерлер, перголалар, гүлзарлар, құмыралар қолданылады:
      1) трельяж және шпалер – шырмауық немесе тік өсетін өсімдіктерді көгалдандыру үшін торкөз түріндегі жеңіл ағаш немесе металл құрылымдар, жайлы демалыс бұрыштарын, күннен қорғаныш, алаңшаларды, техникалық құрылғылар мен құрылыстарды қоршау үшін пайдаланылуы мүмкін;
      2) пергола – шатыр, галерея немесе бастырма үлгісіндегі ағаштан немесе металлдан жасалған жеңіл торлы құрылым, "жасыл тоннель", алаңшалар немесе сәулет объектілері арасында өткел ретінде пайдаланылады;
      3) гүлзарлар, құмыралар – гүл отырғызылатын топырағы бар шағын сыйымдылықтар.
      143. Орындықтарды іргетастың немесе жабынның қатты түрлеріне орнату көзделуге тиіс. Демалыс аймақтарында, орман-саябақтарда, балаларға арналған алаңшаларда орындықтарды жабынның "жұмсақ" түріне орнатуға болады. Іргетасы болған кезде оның бөліктері жер бетіне шығып тұрмауы қажет. Ересек адамның демалуы үшін орындықтың биіктігі жабын деңгейінен отыру жазықтығының деңгейіне дейін 420-480 миллиметр шамасында болуы қажет. Демалу үшін орындықтардың үстін түрлі суға төзімді өңдеумен (лайықтысы – сіңіре өңдеу) ағаштан жасау ұсынылады.
      144. Қоғамдық, тұрғын, демалыс мақсаттарындағы аумақтарда таксофондар орнату кезінде оларды электр жарығымен жарықтандыруды қарастыру қажет. Таксофондарды орналастыру орындарын телефон кәрізі арнасы (құбыр) және электр жарығымен жарықтандыру арнасы (құбыр) құрылғыларының қосылу орнына неғұрлым жақын жерге жобалау керек. Сонымен қоса, таксофондардың біреуінен кем емес мөлшерде (немесе әр қатардағы біреуі) тиын қабылдағыш тесігінің деңгейі жабын деңгейінен 1,3 метр биіктікте орналастыру қажет. Пошта жәшігінің қабылдау тесігінің деңгейі жабын деңгейінен 1,3 метр биіктікте орналастыру ұсынылады.

11 бөлім. Базарлардың аумағын күтіп ұстауға қойылатын талаптар

      145. Базарды ұйымдастыру кезінде міндетті түрде өртке қарсы ережелер, сәулет, құрылыс, ветеринариялық, экологиялық және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да талаптар сақталуы қажет, базарлар аумақтары асфальттық жабынмен өңделуі керек.
      146. Базар аумағында орналасқан құрылыстар қауіпсіздік, ветеринариялық, санитарлық, өртке қарсы ережелер және сәйкес профильдегі (үлгідегі) объектілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет.
      147. Базар аумағында құрылыстар мен жабдықтарды орналастыру тұтынушылардың сауда орындарына еркін қол жетімділігін, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және апатты немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл көшіру мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет.
      148. Базардың санитарлық жағдайы санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау органдары мен мекемелері бекіткен талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      149. Базар аумағында көрінетін жерлерге барлық қажетті объектілерді көрсете отырып, "Базар жоспары" орналастырылады: сауда қатарлары, анықтамалық бюро, зертханалар, сантораптар, бақылау таразылары, тәртіп сақтау органдарының бөлмесі.
      150. Базардың аумағы сауда қатарларына нақты азық-түлік орындарына, бақылау таразыларына, автобус аялдамаларына, шығу есіктеріне бағыттайтын көрсеткіштермен жабдықталады.
      151. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары мен мекемелері рұқсат еткен материалдардан дайындалған ыдыста, тауарлық жанасу принциптерін сақтай отырып, өнімдерді жермен тікелей жанасудан сақтау жолымен жүзеге асырылады.
      152. Базарларда ветеринарлық - санитарлық сараптама өткізу міндетті болып саналады. Жануарлар өнімдерін және шикізаттарын ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізбей сатуға жол берілмейді.

12 бөлім. Қалдықтар мен қоқыстарды жинау, сақтау, шығару және өңдеу

      153. Жоспарлық - жүйелі тазалау қалдықтарды жоюды жүзеге асыратын ұйым және жеке және заңды тұлғалардың арасындағы келісім-кестелер бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
      154. Қалдықтарды полигонға шығарған кезде автомашинаның әр рейсі полигон әкімшілігінің жол парағында белгіленуі қажет.
      155. Қалдықтарды шығару 7 сағаттан ерте емес және 23 сағаттан кеш емес уақытта жүзеге асырылуы тиіс.
      156. Қатты және сұйық тұрмыстық қалдықтарды зиянсыздандыру қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес келетін арнайы құрылыстарда (қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон, ассенизация алаңдары, жер жырту алаңдары, мал қорымдары, кәріз құрылымдарының жүйесі) жүргізілуі қажет.
      157. Қалдықтарды осы мақсаттарға арналмаған басқа аумақтарға шығаруға, сонымен қоса ауыл шаруашылық даласында көмуге жол берілмейді.
      158. Үй иеліктері, ұйымдар, мәдени - көпшілік мекемелердің аумақтарында, демалыс аймақтарында көлік өтуі үшін өтпе жолдары бар қоқыс және қалдық жинауға арналған контейнерлер орнататын арнайы алаңшалар бөлінуі қажет. Алаңшаның су өтпейтін жабыны және үш жағынан бұталардан құралған тұтас қоршауы болуы қажет.
      159. Контейнерлерді орнатуға арналған алаңшалар тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, барлық түрдегі ұйымдардан, спорт алаңшаларынан және халықтың демалу орындарынан 25 метрден кем емес және 100 метрден артық емес қашықтықта орналасуы қажет. Алаңшалардың көлемі 5 контейнерден кем емес контейнер қоюға арналуы қажет. Контейнерлерден алаңшаның шетіне дейінгі арақашықтығы 1 метрден кем болмауы қажет.
      160. Аула дәретханаларынан, контейнер алаңшаларынан, бекітілген арақашықтықты сақтау мүмкін болмайтын құрылысы салынған аудандарда осы ара қашықтықты өкілетті орган сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-пайдалану ұйымы қызметкерлерінің, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық органы маманының қатысуларымен комиссия белгілейді.
      161. Орнатылатын қоқыс жинағыштар (контейнерлер) санын анықтау үшін қоқыс жинағыштарды пайдаланатын халық саны, қалдықтардың жиналу нормалары, оларды сақтау мерзімдерін есепке ала отырып анықталуы қажет. Қоқыс жинағыштардың есептік көлемі ең көп жиналатын кезеңдегі қалдықтардың нақты жиналу көлеміне сәйкес келуі қажет.
      162. Қоқыс жинағыштарда (контейнерлерде) жылдың суық мезгілінде қалдықтарды сақтау мерзімі (0 және Цельсия бойынша төмен градус температурада) үш тәуліктен артық болмауы, жылы кезеңде (плюс температурада) тәуліктен артық емес мерзімде шығарылуы қажет.
      163. ҚТҚ жинау үшін жақсы жабдықталған тұрғын үй қорында стандартты контейнерлер (0,75 м2), жеке үй иеліктерінде қақпақтары бар түрлі сыйымдылықтағы құрылымдар (ағаш, металл және пластикалық) қолдану қажет.
      164. Жаз уақытында металл контейнерлер арнайы орындарда 10 күнде бір реттен аспай (ауысымсыз жүйеде) және әр төгілген кезде (ауысымды жүйеде) жуылуы қажет.
      165. Екінші реттік шикізаттарды (тоқыма, банкалар, шөлмектер) контейнерлерден, мамандандырылған көліктен таңдап алуға жол берілмейді.
      166. 5 немесе одан да жоғары қабаттары бар жаңадан салынатын тұрғын үйлерде қоқыс тастайтын құбырлар орнатылуы қажет.
      167. Қоқыс қабылдаушы камераға кіреберіс ғимарат пен басқа да үй - жайлардың кіреберісінен басқа болу қажет. Қоқыс қабылдаушы камерада бір тәуліктен кем емес мерзімге контейнерлер қоры болуы қажет.
      168. Қоқыс жинауға арналған камераның (қоқыс қабылдаушы камера) көлемі 2 метрден 1,5 метрге кем болмауы қажет. Камераға баратын дәліздің ені 1,3 метрден кем емес, биіктігі 1,95 метрден кем болмауы қажет. Еден асфальталған кіреберіс деңгейімен бір деңгейде орнатылуы қажет. Қоқыс қабылдаушы камераның еденіне тұрмыстық қалдықтарды тастауға жол берілмейді. Қалдықтары бар сыйымдылықтарды алдын ала (бір сағаттан бұрын) арнайы автокөлік келгенге дейін камераның сыртына шығаруға жол берілмейді.
      169. Баспалдақ торларындағы қоқыс қабылдау құбырларының тиеу клапандарының қақпақтары резеңке төсемдермен жабдықталып тығыз жабылуы қажет. Қоқыс қабылдағыштар апта сайын тазартылып, залалсыздандырылуы қажет, ол үшін діңгектер сәйкес құрылғылармен жабдықталады.
      170. Қоқыс қабылдау құбырларын залалсыздандыруды осы жұмыстарды жүргізуге лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады. Залалсыздандыру үшін Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат берілген заттар пайдаланылады.
      171. Кәріз жүйесі жоқ үй иеліктерінде сұйық қалдықтарды жинау үшін су өтпейтін, қатты фракцияларды бөлу үшін торы және қақпағы бар жер бетіндегі бөлігімен шұңқырлар жабдықталуы қажет. Аулалық дәретханалар болған кезде шұңқыр ортақ болуы мүмкін.
      172. Кәріз жүйесі жоқ аулалық және қоғамдық дәретханалар тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балаларға арналған алаңшалар мен халықтың демалу орындарынан 25 метрден кем емес қашықтықта орналасуы қажет.
      173. Орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жағдайында аулалық дәретханалар құдықтар мен бұлақтардан 50 метрден кем емес қашықтықта орналасуы қажет.
      174. Аулалық дәретханалардың жер бетіндегі бөлігі және шұңқыры болуы қажет. Жер бетіндегі бөлігі тығыз орналасқан материалдардан (тақтай, кірпіш, блоктар) құрылуы қажет. Шұңқыр су өтпейтін болуы қажет. Шұңқырдың тереңдігі жер асты суларының деңгейіне байланысты, бірақ 3 метрден артық болмауы қажет. Шұңқырды жер бетіне 0,35 метрге дейін ғана толтыруға жол беріледі. Шұңқыр толтырылуына қарай, бірақ жарты жылда бір реттен кем емес мерзімде тазаланады.
      175. Аулалық дәретханаларды тазалау күнделікті жүзеге асырылады.
      Аулалық дәретханалардың жер бетіндегі бөлігі кеміргіштер мен жәндіктерді өткізбейтіндей болуы қажет. Кәріз жүйесі жоқ аулалық дәретханалар және шұңқырлар 10 күнде бір рет зарарсыздандырылуы қажет.
      176. Жұқпалы және туберкулезге қарсы ауруханалық ұйымдарда азық-түлік қалдықтарын жинауға жол берілмейді.
      177. Сауда және қоғамдық тамақтану объектілерінде азық - түлік қалдықтарын уақытша сақтау тоңазытқыш камераларында немесе басқа да салқындататын үй-жайларда жүзеге асырылуы қажет.
      178. Азық-түлік қалдықтарына арналған жинау құралдары күн сайын жуу құралдарымен жуылып және 10 күнде бір рет залалсыздандырылуы қажет.

13 бөлім. Құрылыс және монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде көріктендіру талаптары

      179. Құрылыстың барлық мерзімінде жүргізілетін жұмыстар қоршаған орта, аумақ, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құрылыс алаңшасында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құрылыс алаңшасына жанасатын аумақта тәртіп сақтау бойынша аудан әкімінің талаптарын орындауды қамтамасыз етуі қажет.
      180. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанға дейін құрылыс алаңы және жұмыстардың қауіпті аймақтары қоршалуы қажет.
      181. Алаңға кіреберісте объектінің, құрылыс салушының (тапсырыс берушінің), мердігердің (бас мердігердің) атауы, объект бойынша жауапты жұмыс өндірушісінің аты-жөні, лауазымы және телефоны көрсетіліп, ақпараттық қалқандар орнатылуы қажет.
      182. Жауапты жұмыс өндірушісінің атауы және телефоны құрылыс алаңдарынан тыс орындардың қоршауындағы, мобильді ғимараттар мен құрылыстар, жабдықтардың ірі көлемді элементтері, кабель барабандары қалқандарда көрсетілуі тиіс.
      183. Қажеттілік жағдайында жергілікті атқарушы органның талабы бойынша құрылыс алаңы қоқыс жинауға арналған бункерлер және жабдықтармен, сондай-ақ шығу орындарында көлік құралдарының дөңгелектерін тазалау пункттерімен, ал желілік объектілерде - жергілікті атқарушы органдар көрсеткен орындарда жабдықталуы қажет.
      184. Құрылыстың жоспарымен қарастырылған көшелерді жабу, көлік қозғалысын шектеу, қоғамдық көлік қозғалысын өзгерту бойынша шараларды жұмыстарды орындаушы жұмыс басталар алдында жол полициясымен және кент, селолық округ әкімдерімен келісуі қажет. Шектеулерде қажеттілік аяқталғаннан кейін көрсетілген органдар хабарландырылуы қажет.
      185. Құрылыс алаңына енгізілмеген белгілі-бір аумақтарды құрылыс мұқтаждықтары үшін уақытша пайдалану қажеттілігі кезінде пайдалану режимі, қорғау (қажеттілігіне орай) және осы аумақтарды тазалау осы аумақтардың иелері және (немесе) пайдаланушыларының келісімімен анықталады (қоғамдық аумақтар үшін - жергілікті атқарушы органмен).
      186. Құрылыс жүргізілетін барлық мерзімде жұмыстарды орындаушы алаңға қойылатын еңбекті қорғау, қоршаған ортаны қорғау, құрылыс жұмыстарының қоршаған аумақ және халық үшін қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, сондай-ақ осы нормалармен, қолданыстағы басқа нормативтік құжаттармен құрылысқа келісу талаптарымен белгіленген әкімшілік сипаттағы түрлі талаптарды орындауға жауапты болады.
      187. Құрылыс жүргізілетін барлық мерзімде жұмыстарды орындаушы уақытша инженерлік желілер, жолдар және көліктік құрылыстар, қойма алаңдары, тұрмыстық және барлық қатысушылар үшін ортақ пайдаланудағы басқа да уақытша ғимараттар мен құрылыстарды жайластыру, пайдалану, дамыту және жоюды, сондай-ақ егер басқасы құрылысқа келісу шарттарымен немесе құрылысқа қатысушылар арасындағы келісіммен қарастырылмаса, алаң аумағындағы жерлерді қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.
      188. Жұмыстарды орындаушы бекітілген аумақтың құрылыс алаңы аумағын тазалауды қамтамасыз етуі қажет. Тұрмыстық және құрылыс қоқысы, сондай-ақ қар кент және село әкімдері бекіткен тәртіпте және мерзімдерде уақтылы шығарылуы тиіс.
      189. Селитебтік аумақтарда құрылыс - монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде қалдықтар мен қоқысты тазалағанда жабық ыдыстар мен бункер-жинауыштарды қолданбай, оларды ғимараттар мен құрылыстардың қабаттарынан тастауға жол берілмейді.
      190. Жұмыстар орындалғаннан кейін аумақты, әдетте бір ай мерзімде (жұмыс көлеміне байланысты) аумақ абаттандырылуын кешенді қалпына келтіру, соның ішінде жол жабынын, тротуарларды, жиектастарды және көгалдандыру элементтерін кешенді көріктендіру жұмыстары орындалуы қажет.
      191. Қалпына келтірілген аумақ құрылыс немесе қатыстырылған жөндеу ұйымынан оны пайдалануға жауапты ұйыммен акт бойынша қабылданады.
      192. Жұмысты алты айдан артық мерзімге тоқтату немесе тоқтата тұру қажеттілігі кезінде құрылыс салушы (тапсырыс беруші) объектіні консервациялауды (оны және құрылыс үшін қолданылған аумақты халық пен қоршаған орта үшін объектінің қауіпсіздігін және негізгі құрылымдардың беріктігі, тұрақтылығы, сақталуын қамтамасыз ететін жағдайға келтіру) қамтамасыз етуі қажет.
      193. Егер ғимараттың немесе құрылыстың пайдаланылуы тоқтатылса, халыққа және қоршаған ортаға қауіп келтіретін жағдайларға жол бермейтін шаралар қабылдануы қажет (коммуникациялар сөндіріліп, сыйымдылықтар босатылуы, қауіпті және улағыш заттар жойылуы, тұрақсыз құрылымдар бекітілуі немесе бұзылуы) осы ғимаратқа немесе құрылысқа жануарлар мен адамдардың рұқсатсыз кіруіне жол бермейтін шаралар қабылдануы қажет.

14 бөлім. Автомобиль жолдарын және көлік инфрақұрылымы объектілерін көріктендіру және күтіп ұстау

      194. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары орналасқан жерлер мемлекеттік меншікке тиесілі, олар бөлінбейтін деп саналады және жеке меншікке тапсырылмайды. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары жерлерінде осы жерлерді пайдалану үшін белгіленген келісім тәртібі бұзыла отырып, салынған кез-келген құрылыстар заңсыз деп танылып, өздігінен құрылыс салған тұлға немесе оның қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында қарастырылған жағдайдан басқа заңмен белгіленген тәртіпте бұзылуы тиіс.
      195. Жол маңындағы жолақтар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау, жол қозғалысы талаптарын, сондай-ақ жол инфрақұрылымы объектілерін қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, орналастыруды жүзеге асыру мүмкіндігін есепке ала отырып, орналастырылуы қажет.
      196. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының жол маңындағы жолақтарында, жол қызметі объектілері мен жол сервисі объектілерін қоспағанда, күрделі құрылыс жасауға жол берілмейді.
      197. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының жол маңындағы жолақтарындағы кіреберіс (өтпе жол, жанаспа жол) және басқа объектілерді жайластыру, жөндеу және күтіп ұстау бойынша шығындарды осы объектілердің иелері және (немесе) пайдаланушылары көтереді.
      198. Аялдама павильондары және аялдама кешендерінің иелері осы құрылыстарды дұрыс жағдайда ұстауға, қажеттілігіне орай оларды қалпына келтіру бойынша шараларды қабылдауы қажет.
      199. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол қозғалысы қауіпсіздігін, жолдың және онда орналасқан құрылыстардың сақталуын, сондай-ақ қоршаған ортаны ластауға жол бермейтіндей жағдайда пайдалануы қажет.
      200. Жол жабынын, жер қабатын, көпірлер, өтпе жолдар, су құбырлары құрылымдарын, автопавильондар, жол белгілері, жол маңайындағы көшеттер, қорғаныс құрылғылары және автомобиль жолдарын жайластыратын элементтердің бүлінуіне жол берген автомобиль жолдарын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жауапкершілікте болады.
      201. Пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте автомобиль жолдарына және жол құрылыстарына тигізген зиянның орнын толтырады.
      202. Жол жиегінде, тротуарлар мен жаяужолдарда, ал елді мекендерде сонымен қоса жүру бөлігінен басқа жерлерде көлік құралдарының қозғалысы рұқсат етілмейді. Жол-пайдалану және коммуналдық қызмет машиналарының қозғалысы, сондай-ақ тікелей жол жиегінде, тротуарлар мен жаяужолдарда орналасқан объектілерге, өтудің басқа мүмкіндігі болмаған жағдайда, жүк таситын көлік құралдарына қысқа жол бойынша өтуге жол беріледі. Осы жағдайда қауіпсіздік қамтамасыз етілуі қажет.

1 тарау. Жолдарды күтіп ұстау

      203. Нөсерлік кәріз жүйесі жоқ көшелердің жүру бөлігі сыпыру-тазалау машиналарымен тазартылуы қажет.
      204. Жол жабынын жолдың жиегінде жиналатын қоқыстардың су ағынымен жасыл көшеттер жолағына немесе тротуарға шықпайтындай етіп жуу керек.

2 тарау. Жолдарды қысқы тазалау

      205. Елді мекендердің көшелерінің өтпе жолдары мен кіру жолдарын қыста жинау жұмыстары осы Ереже талаптарына, жұмыс технологияларын, техникалық құралдар мен тайғаққа қарсы қолданылатын қоспаларды анықтайтын регламенттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
      206. Елді мекен аумағын тазалауға жауапты ұйымдар (тапсырыс берушілер қызметі және мердігерлік ұйымдар) 1 қазанға дейін тайғаққа қарсы қолданылатын материалдарды қажетті мөлшерде тасып жеткізуі, дайындауы және жинауы керек.
      207. Көшенің жүру бөлігінің жиегіндегі қарды жинауды және тасып шығаруды осы көшенің жүру бөлігін және өтпе жолдарды тазалауға жауапты кәсіпорын жүзеге асырады.
      208. Көшелердің көлік жүретін бөлігін және өтпе жолдарды, тротуарлар мен аула аумақтарын тазалау жұмыстарының технологиясы және тәртіптері ауа райы жағдайына қарамастан, көліктердің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет болмауы тиіс.
      209. Қысқы тазалаудың бірінші кезектегі операцияларына:
      1) жолдардың жүру бөлігін тайғаққа қарсы материалдармен өңдеу;
      2) қарды күреу және сыпыру;
      3) қар үйіндісін тасып шығару үшін жинастыру;
      4) жол тораптарын, жолаушылар тасымалдайтын көлік аялдамаларын, әкімдік және қоғамдық ғимараттардың кірме жолдарын, аулалардан шығатын жолдарды қар үйіндісінен тазарту жұмыстары жатады.
      210. Екінші кезектегі операцияға:
      1) қарды шығару (тасу);
      2) қар шығарылғаннан кейін жол жиегін тазарту;
      3) мұзды уату және қар-мұздан құралған үйіндіні шығару.
      211. Жолдарының жүру бөлігін тайғаққа қарсы материалдармен хлоридтерді бекітуге жеткілікті қар қабаты пайда болуы үшін қар жауа бастағаннан кейін 20-40 минутта өңдеу қажет.
      212. Қар жауа бастағаннан кейін ең алдымен көлік бағыты үшін неғұрлым қауіпті магистральдар және көшелер учаскелері - тік түсетін және көтерілетін жолдар, көпірлер, эстакадалар, тоннельдер, жол тораптары және қоғамдық көлік аялдамалары, сондай-ақ шұғыл тежелу қажет болатын және тағы басқа жерлер тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді.
      213. Көлік қозғалысы үшін ең қауіпті орындарды өңдеу аяқталғаннан кейін көлік жүретін бөлікті тайғаққа қарсы материалдармен толық өңдеу қажет. Бұл операция алдымен жиектегі тастан бастап жолаушылар тасымалдайтын көлік қозғалысы бағытына дейін жүргізіледі.
      Жол тазалаушы кәсіпорынға бекітілген барлық аумақты тайғаққа қарсы материалдармен толық өңдеу уақыты - қар жауа бастағаннан кейінгі төрт сағаттан аспауы қажет.
      214. Технологиялық циклда "шашу-сыпыру" үлестері екеуі де тең болуы керек (реагенттермен өңделінген аудандардың саны сыпырылған аудандар санына тең болуы тиіс).
      215. Жаңадан түскен 5 сантиметр нығыздалмаған қарға тең болатын қар жол төсемінен 2,5-3,0 сантиметрге биік болса, жолдың жүру бөлігіне механикаландырылған сыпыру жүргізіледі.
      216. Қар ұзақ жауса, механикаландырылған сыпырудың циклы қар жаңадан әрбір 5 сантиметрлік биіктікте түскен сайын жүзеге асырылады.
      217. Бір кәсіпорын қызмет көрсететін жағдайда барлық көшелерді және өтпе жолдарды қажетіне қарай бір рет тазалау уақыты төрт сағаттан аспау керек.
      218. Қар тоқтаусыз жауса технологиялық циклдың саны (шашу - сыпыру) үш реттен кем емес мөлшерде жасалып, қажеттігіне қарай қайталануы керек.
      219. Қар аяқталғаннан кейін жол төсемдеріне соңғы сыпыру жұмысы жүргізіледі.
      220. Жолдың жүру бөлігі механикаландырылған сыпырудан кейін оның көлденең бойына қар және мұз қалдықтарынан тазалануы тиіс.
      221. Көшелердің жүру бөлігінен және өтпе жолдардан, сонымен қатар тротуарлардан тазаланған қар көшелердің жүру бөлігінің және өтпе жолдардың шетіне қарды уақытша жинау үшін ығыстырылады.
      222. Бір жақты көлік қозғалысы бар көшелер мен өтпе жолдардан, оның ішінде гүлзарлар, көгалдар және бетонды блоктар, аймақтар түрінде бөлінетін жолақтары бар магистральдар жағынан қар сыпыруды бастап, қыс бойы тұрақты түрде жиектасқа дейін қардан және мұздан тазалануы тиіс.
      223. Қар үйіндісін уақытша жинау кезінде және жылымықта еріген сулардың ағуы үшін жолдың жиек тастарындағы еріген су ағатын шұңқырлар тазаланып, жиектегі таспен қар үйіндісі арасында көлденеңі 0,5 метрден кем емес ара қашықтық болуы керек. Нөсер суларын қабылдаушыларға қар үйінділерін жинауға жол берілмейді.
      224. Жолаушылар тасымалдайтын көлік аялдамалары және жер үсті жаяу өтпе жолдары қар үйінділерінен тазартылып, жол салынуы керек:
      1) аялдамаларда: 30 метрден 50 метрге дейін;
      2) белгісі бар өтпе жолдарда - белгінің көлеміне қарай, ал белгісі жоқ жерде - 5 метрден кем емес.
      225. Қар тасушы көліктің әрбір өтуінен кейін жол жиегіндегі және жиектас төсемдеріндегі қар қалдығынан және мұздан тазарту, одан кейін шығару операциясы өткізіледі.
      226. Көшелерден және өтпежолдардан қарды арнайы дайындалған алаңдар – қар үйетін орындарға шығару қажет. Белгіленген тәртіппен келісілмеген орындарға қар шығаруға жол берілмейді.
      227. Қар үйіндісін жинауға тиым салынады:
      1) барлық бір деңгейдегі жолдардың, көшелердің және өтпе жолдардың тоғысуында және теміржол өтетін үшбұрышты аймақ көрінетін жерлердің маңына;
      2) жаяу жүргіншілер өтпе жолдарына 5 метр жақын жерде;
      3) қоғамдық көлік аялдамаларына 20 метр жақын жерде;
      4) көліктік қоршаулармен немесе биік жиектастармен қоршалған жолдардың учаскелерінде;
      5) тротуарларда.

3 тарау. Жолдарды жазғы жөндеу

      228. Жолдың жүру бөлігі барлық ластану түрлерінен толық тазалануы және жуылуы тиіс.
      Реттеуші сызық болып табылатын осьтік, резервтік жолақтар құмнан және әртүрлі ұсақ қоқымнан тұрақты тазаланып тұруы тиіс.
      229. Екі метрлік жол жиегіндегі аймақ және ернеуі, сондай-ақ тротуарлар және онда орналасқан жолаушылар тасымалдайтын көлік аялдамаларының алаңы топырақ-құмды қоқымдардан және әртүрлі қоқыстардан толық тазалануы және жуылуы тиіс.
      230. Жолдың жағасы қоқыстардан таза болуы тиіс.
      231. Темір-бетоннан құралған бөлу жолақтарының үсті құмнан, батпақтан және ұсақ қоқыстардан тұрақты тазаланып тұруы тиіс.
      232. Ыстық күндері (ауа температурасы Цельсия бойынша 25 жоғары болса) жолдардың төсемдерін сулау 12 сағатта 16 сағатқа дейінгі мезгілде жүргізіледі.
      233. Жолдың жүру бөлігін жуған кезде лайлы суды және қоқысты тротуарларға, көгалдарға, жолаушылар тасымалдайтын көлік аялдамаларының павильондарына, жақын жерде орналасқан ғимараттардың, сауда нысандарының қасбеттеріне орындарға шашыратуға жол берілмейді.
      234. Магистральдардың, көшелердің жүру бөлігінің жолдық төсемдерін және өтпе жолдарды жуу түнгі (23 сағаттан 7 сағатқа дейін) және қажетіне қарай күндізгі уақытта да жүргізіледі.
      235. Жолдық төсемдерді (осьтік және резервті жолақты) магистральдарды, көшелерді және өтпе жолдарды алдын ала дымқылдап сыпыру күндізгі уақытта 8 сағаттан 21 сағатқа дейін, ал қатты қарқындағы көлік қозғалысы бар магистральдарда және көшелерде түнгі мезгілде жүзеге асырылады.

4 тарау. Бөлінген белдеуге іргелес аумақтар

      236. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінің жерлері жол органдарының немесе жалдаушы ұйымдардың иелігінде немесе пайдалануында болады және автомобиль жолдарын дамыту, көріктендіру және жол сервисі объектілерін орналастыруға арналған.
      Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінде сәйкес жол органдарының келісімінсіз жұмыс жүргізуге немесе қандай да бір құрылыстарды орналастыруға жол берілмейді.
      237. Сауда, қоғамдық тамақтану объектілері және сервис объектілерін, сондай-ақ олардың жарнамасын ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінде жол органдарының немесе жалдаушы ұйымдардың келісімі бойынша сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер шегінде жергілікті атқарушы органдар анықтаған орындарда орналастыруға болады.
      238. Ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулерінде сервис, жарнама объектілерін орналастыру және бөлінген белдеулерін пайдалануға ақы алу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      239. Аумақтары автомобиль жолдарына жанасатын жер учаскелерінің иелері және (немесе) пайдаланушылары және жер пайдаланушылар, міндетті:
      1) жол органдарымен ортақ пайдаланудағы жолдарға жанасатын жолдар және өтпе жолдар құрылысына келісім алуға;
      2) ортақ пайдаланудағы жолдарға жанасу жерлерін және оларға кіреберістерді техникалық дұрыс және сәйкес санитарлық жағдайда ұстау, қоқыс, ластық және қардан тазалауға;
      3) қозғалыс қауіпсіздігін нашарлататын және көруді қиындататын жол маңындағы жолақта материалдар мен құрылымдарды жинауға жол бермеуге.

15 бөлім. Жер асты және жер үсті коммуникацияларын көріктендіру және күтіп ұстау

      240. Магистральдік коммуникациялар, инженерлік инфрақұрылымның негізгі құрылыстарының жобалық құжаттамасын әзірлеу, құрылыс, пайдалану және кейіннен қайта өңдеу кезінде, сондай-ақ аумақты инженерлік дайындау бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде көршілес аумақтардың мүдделерін есепке алатын және халыққа және аумаққа қауіп келтіретін (зиянды) процесстер мен құбылыстардың әсер етуіне жол бермейтін шешімдер қабылдануы қажет.
      241. Республикалық, аумақ аралық және аймақтық инженерлік және көлік жүйелерінің бекітілген сұлбасы жобалық (жобалық-сметалық) құжаттаманы әзірлеуге, сондай-ақ елді мекендерді жайластыруға және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін дамытуға (дамуға қатысты) бағытталған қызметке негіз бола алады.
      242. Жер учаскелерін құрылыс үшін иелері және (немесе) пайдаланушыларының қолдануы (коммуникация төсеу, аумақты инженерлік дайындау, көріктендіру, көгалдандыру және учаскені жайластырудың басқа да түрлері) заңнамамен белгіленген тәртіпте бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес және нысаналық мақсатын немесе сервитут, аумақты аймақтандыру, қызыл сызықтар және құрылысты реттеу сызықтары, құрылыс салу және пайдалану ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.
      243. Магистральдарда, алаңдарда, көшелерде, жаяужолдарда, балаларға арналған алаңшаларда, спорттық алаңшаларда, контейнер алаңшаларында және инженерлік коммуникациялардың үстіндегі жерлерде, және желдету шахталарының қорғалатын аймақтарында, сондай-ақ аула ішілік жолдарда және тоқтауға арналған "қалташаларда", көгалдандырылған аумақтарда және осы мақсаттарға бөлінбеген орындарда металл тенттер, "ұлутас", "пенал" гараждарын, автомобильдерге арналған басқа да пана болатын жерлерді орналастыруға жол берілмейді.
      244. Су желілерінің қоқыспен бітеліп қалуын болдырмау үшін су ағатын коллекторларға, жауынқабылдайтын құдықтарға және арық жүйесіне сыпырындыны және тұрмыстық қоқыстарды тастауға жол берілмейді.
      245. Аудандық су желілерінің нөсер суларын қабылдайтын және байқау құдықтарына профилактикалық тексеруді және оларды жинауды бекітілген кесте бойынша, бірақ айына бір реттен кем емес мөлшерде мамандандырылған кәсіпорындар немесе балансында осы құрылғылар болатын басқа да ұйымдар жүргізеді.
      246. Нөсер суларын қабылдайтын құдықтардың торлары үнемі жұмысқа жарамды жағдайда болуы керек. Торлардың және құдықтардың өткізу қабілетін шектейтін бітелуге, лайлануға жол берілмейді.
      247. Жер асты инженерлік коммуникацияларының иелері және (немесе) пайдаланушылары:
      1) жер асты коммуникацияларын күтіп ұстауға және жөндеуге, сонымен қатар уақтылы құдықтар мен коллекторларды тазалауға жауапты болады;
      2) жолдардың төсемдерімен, тротуарлармен, көгалдармен және құдықтардың люктарымен бір деңгейде, қалыпты жағдайда ұстауды, сонымен қатар коммуникациялардың қанағаттанарлықсыз жағдайынан пайда болған жолдардың бұзылған шегінде төсемдерін қалпына келтіріп жөндеуді қамтамасыз етеді (өз қаржыларымен немесе мамандарылған мекемелермен келісім шартқа отыру негізінде);
      3) құдықтардың люктарының бар болуын және қалыпты жағдайда болуын бақылау және оларды уақытында ауыстыруға және болмаған немесе жоғалған кезде (тәулік ішінде) қалпына келтіруді жүзеге асырады;
      4) коммуникацияның жұмысын реттеумен байланысты апатты жоюды тәулік ішінде қамтамасыз етеді (қар үйінділері, мұз, лай, сұйықтықтар).
      248. Жер үсті инженерлік құрылғыларының иелері және (немесе) пайдаланушылары инженерлік желілердің қорғалатын аймағының шекарасындағы іргелес аумақтың санитарлық жағдайына жауапты болады.

16 бөлім. Ережені бұзғаны үшін жауапкершілік

      249. Осы Ережені бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына және 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес жауапқа тартылады.
      250. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес осы Ережені бұзған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту келтірген материалдық зиянының орнын толтырудан, осы Ережеде қарастырылған талаптарды орындаудан және жіберілген жөнсіздіктерді жоюдан босатпайды.

Жаңаарқа ауданының елді мекендерін
көркейту, абаттандыру
Ережелеріне қосымша

      Көріктендіру ПАСПОРТЫ______________________________
                          (жеке немесе заңды тұлғаның аты)

__________________________________
(орналасқан мекен-жайы)

__________________________________
    (заңды мекен-жайы, телефон)

Жаңаарқа ауданы ___________________ селолық (кент) округі

      1. Басшының аты-жөні
____________________________________________________________________
                          (СТН)
____________________________________________________________________
      2. ҚТҚ шығаруға келісім-шарт (нөмірі, датасы)_________________
      3. Бөлінген және бекітілген аумақтардағы қатты жабынның ауданы, м2
_________________________________________________________________
      4. Бөлінген және бекітілген аумақтардағы газондардың ауданы, м2
__________________________________________________________________
      5. Бөлінген және бекітілген аумақтардағы ағаштар, бұталар саны, (дана)_______________________________________________________________
      6. Бөлінген аумақтардағы кіші сәулеттік формалардың болуы, (дана)_______________________________________________________________
      7. Аула тазалаушылардың болуы (адам саны) немесе аумақты тазалауға келісім N ________________________________________________
      Осы паспортта көрсетілген деректер өзгерген жағдайда заңды тұлғаның басшысы, (жеке тұлға) _____________ аудан әкімінің аппаратын хабардар етіп, жаңартылған аумақты тазалау және күтіп ұстау көріктендіру паспортын алады.

      М.О.                         __________________________ Т.Ә.Е.
                         (заңды тұлға басшысының, жеке тұлғаның қолы)

"__"_______________20___жылы берілді

Кент әкімі_____________ Т.Ә.Е.____________________________
               М.О.                    (қолы)

бекітілген аумақтың СХЕМАСЫ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады